Маңызды стратегиялық мәнi бар мемлекеттiк сатып алу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымдағы N 630 Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2004 жылғы 6 желтоқсандағы N 1272  қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылдануының 10 жылдығын мерекелеу iс-шараларының жоспарын icкe асыру мақсатында, сондай-ақ "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының  21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Мыналар сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар қызметтердi берушiлер болып белгіленсiн:
      1) "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерейтой медальдерi мен естелiк белгiлерiн дайындау бойынша "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан теңге сарайы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны;
      2) "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерейтой медальдерiне куәлiктер бланкiлерiн дайындау бойынша Қазақстан Республикасы Президентi іс басқармасының "Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi мен Үкiметiнің әкiмшiлiк ғимараттар дирекциясы" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны.

      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс басқармасы (келiсiм бойынша) заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдiң және мемлекеттiк органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғамен 31470000 (отыз бiр миллион төрт жүз жетпiс мың) теңге сомасына және осы қаулының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген заңды тұлғамен 1000000 (бiр миллион) теңге сомасына мемлекеттiк сатып алу туралы шарттар жасасуды;
      2) сатып алу үшiн осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімдi жұмсау қағидатын сақтауды;
      3) осы қаулыдан туындайтын қажетті шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады