"Қазақстан Республикасының Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келiсiмге қосылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 23 шілдедегі N 772 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келiсiмге қосылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Халықаралық әуе қатынастарындағы
транзит туралы келiсiмге қосылуы туралы

      Қазақстан Республикасы 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода жасалған Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келiсiмге қосылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит
туралы келiсiм
Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған

      Осы Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келiсiмге қол қойған және қабылдаған мемлекеттер, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшелерi бола отырып, төмендегілер туралы хабарлайды:

1-бап
1-бөлiм

      Әрбiр Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттерге халықаралық тұрақты қатынастарға қатысты мынадай әуе еркiндiктерiн:
      1) оның аумағы арқылы қонбастан ұшып өту артықшылығын;
      2) коммерциялық емес мақсаттарда қону артықшылығын ұсынады.

      Осы тарауда көзделген артықшылықтар қандай да болмасын халықаралық әуе қатынастарын қоспағанда, әскери мақсаттарда пайдаланылатын әуежайларға қатысты қолданылмайды. Белсендi әскери қимылдар жүрiп жатқан немесе әскери басқыншылық болған аудандарда, сондай-ақ соғыс кезiнде осындай артықшылықтарды осындай аудандарға апаратын жабдықтау жолдарында жүзеге асыру құзiретті әскери билiк орындарының мақұлдауына жатады.

2-бөлiм

      Жоғарыда аталған артықшылықтарды жүзеге асыру Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келiсiмнiң ережелерiне сәйкес және ол Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның ережелерiне сәйкес күшiне енгеннен кейiн жүргiзiледi.

3-бөлiм

      Екiншi Уағдаласушы мемлекеттiң авиакәсiпорындарына коммерциялық емес мақсатта қону артықшылығын ұсынған Уағдаласушы мемлекет осындай қонулар жүргiзiлетiн пункттерде осы авиакәсiпорындардың орынды коммерциялық қызмет көрсетудi қамтамасыз етуiн талап ете алады.
      Мұндай талап бiр маршрутта iс-әрекет жасайтын авиакәсiпорындар арасындағы қандай да болмасын кемсiтушiлiкке жол бермейдi, әуе кемесiнiң сыйымдылығын ескередi және тиiстi халықаралық әуе қатынастарын қалыпты пайдалануға, не кез келген Уағдаласушы мемлекеттiң құқықтарының және мiндеттемелерiнiң жүзеге асырылуына зиян келтiрмейтiндей етiп жүзеге асырылады.

4-бөлiм

      Әрбiр Уағдаласушы мемлекет осы Келiсiмнiң ережелерiн ескере отырып:
      1) өз аумағының шегiнде кез келген халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыру үшiн маршрутты және кез келген осындай қатынаста пайдаланылуы мүмкiн әуежайды белгiлей алады;
      2) осындай әуежайлар мен басқа құралдарды пайдаланғаны үшiн кез келген осындай қатынастарда әдiлеттi және ынсапты алымдар ала алады немесе алымдар алуға рұқсат бере алады, егер мүдделi Уағдаласушы Мемлекеттiң ұсынуы бойынша әуежайларды және басқа да құралдарды пайдаланғаны үшiн алынатын алымдарды жоғарыда аталған Конвенцияға сәйкес құрылатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Кеңесi қарауға жататын, ал ол мүдделi мемлекеттің немесе мемлекеттердiң қарауына осылар бойынша баяндамалар мен кепiлдемелер ұсынатын жағдайда, осы алымдар осындай халықаралық әуе қатынастарына тартылған ұлттық әуе кемелерiнiң осындай әуежайларды және басқа да құралдарды пайдаланғаны үшiн алынатын алымдарынан жоғары болмайды.

5-бөлiм

      Әрбiр Уағдаласушы мемлекет, егер ол басым иелiк етудi және тиiмдi бақылауды Уағдаласушы мемлекеттің азаматтары жүзеге асыратындығына сенiмсiз болған кез келген жағдайда, не осындай авиакөлiк кәсiпорыны өз аумағының үстiнен ұшатын мемлекеттің құқықтарын сақтамаған жағдайда, не ол осы Келiсiм бойынша өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, екiншi мемлекеттiң авиакөлiк кәсiпорнына берiлетiн куәлiктi немесе рұқсатты беруден бас тарту немесе жою құқығын сақтайды.

2-бап
1-бөлiм

      Екiнші Уағдаласушы мемлекеттiң осы Келiсiм бойынша iс-әрекеттерi оған әдiлетсiз және қиын жағдай туғызды деп санаған кез келген Уағдаласушы мемлекет Кеңестен осы жағдайды тексерудi сұрай алады. Осыдан кейiн Кеңес бұл мәселенi қарайды және мүдделi мемлекеттермен консультациялар жүргізедi. Егер осындай консультация қиыншылықты шешпейтiн болса, Кеңес мүдделi Уағдаласушы мемлекеттерге тиiсті қорытындылар мен кепiлдемелер ұсына алады. Егер осыдан кейiн мүдделi Уағдаласушы мемлекет Кеңестiң пiкiрi бойынша тиiсті негiздемесiз жағдайды түзететiн қажеттi шараларды қабылдамаған болса, Кеңес жоғарыда аталған Ұйымның Ассамблеясына осындай Уағдаласушы мемлекетті мұндай шараларды қабылдағанға дейiн осы Келiсiмге сәйкес өз құқықтары мен артықшылықтарынан уақытша айыру жөнiнде кепілдеме бере алады. Ассамблея дауыстардың үштен екiсiмен өзi қажет деп санайтын уақыт мерзiмiне, не Кеңес осы мемлекет жағдайды түзететiн шаралар қабылдады деп санағанға дейiн осы Уағдаласушы мемлекеттi осылайша құқықтары мен артықшылықтарынан айыруы мүмкiн.

2-бөлiм

      Егер осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты екi немесе одан артық Уағдаласушы мемлекеттердiң арасындағы қандай да болмасын келiспеушілiктер келiссөздер жүргiзу жолымен реттелуi мүмкiн болмаса, жоғарыда аталған Конвенцияның ХYIІІ тарауының ережелерi онда осы Конвенцияны түсiндiруге немесе қолдануға байланысты кез келген келiспеушілiкке қатысты көзделгендей етiп қолданылады.

3-бап

      Осы Келiсiм жоғарыда аталған Конвенция қолданыста болғанға дейiн күшiнде қалады, алайда, кез келген Уағдаласушы мемлекет - осы Келiсiмнiң Тарабы - бiр жыл бұрын Америка Құрама Штаттарының Үкiметiне хабардар ету арқылы оның күшiн жоя алуы шартында, аталған Yкiмет шұғыл түрде барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттерге осындай хабарлама және Келiсiмнен шығу туралы хабарлайды.

4-бап

      Жоғарыда аталған Конвенция күшіне енгенге дейiн 2-баптың 2-бөлiміндегі және 5-баптағы сiлтемелерден басқа, осында мазмұндалған оған жасалған барлық сiлтемелер 1944 жылғы 7 желтоқсанда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келiсiмге сiлтемелер ретiнде қаралады, ал Халықаралық азаматтық авиация ұйымына, Ассамблеяға және Кеңеске сiлтемелер тиiсiнше Уақытша халықаралық азаматтық авиация ұйымына, Уақытша Ассамблеяға және Уақытша Кеңеске сiлтемелер ретiнде қаралады.

5-бап

      Осы Келiсiмнің мақсаттары үшін "аумақ" жоғарыда аталған Конвенцияның 2-бабында айтылғандай анықталады.

6-бап

      Келiсiмдi қабылдаған және оған қол қойған мемлекеттер Чикагода 1944 жылғы 1 қарашада шақырылған Халықаралық азаматтық авиация жөнiндегi конференцияның төменде қол қоюшы делегаттары Келiсiмге атынан қол қойған үкiметтердiң әрқайсысы оның атынан қойылған қолдың бұл үкiметтiң Келiсiмдi және ол үшiн мiндеттемелердi қабылдағанын бiлдiре ме дегенi туралы Америка Құрама Штаттары Үкiметiн мүмкiн болар қысқа мерзiмде хабардар ететiндiгiн ескере отырып, осы Келiсiмге өз қолдарын қойды.
      Кез келген мемлекет - Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшесi, Құрама Штаттарының Үкiметiне осы Келiсiмдi қабылдағаны туралы хабарлама жiбере отырып, осы Келiсiмдi ол үшiн мiндеттеме ретiнде қабылдай алады және осындай қабылдау бұл үкiметтің осындай хабарламаны алған күнiнен бастап күшіне енедi.
      Осы Келiсiм Уағдаласушы мемлекеттердiң арасында олардың әрқайсысы оны қабылдаған күнiнен бастап күшiне енедi. Кейiнiрек ол Құрама Штаттарының Үкiметiне оны қабылдағаны жөнiнде хабарлаған әрбiр басқа мемлекет үшiн бұл үкiметтiң осындай хабарламаны алған күнiнен бастап мiндеттi болады. Құрама Штаттарының Үкiметi осы Келiсiмге қол қойған және қабылдаған барлық мемлекеттердi Келiсiм қабылданған барлық күндер мен оны қабылдаған әрбiр мемлекет үшiн күшiне енген күні туралы хабардар етедi.
      Осыны куәландыра отырып, төменде қол қойғандар, тиiстi түрде уәкiлеттендiрілген өкiлдер өздерiнiң тиiстi үкiметтерiнiң атынан олардың тиiстi қолтаңбасына қарама қарсы көрсетiлген күндерде осы Келiсiмге қол қойды.
      Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда ағылшын тілiнде жасалды. Ағылшын, француз және испан тiлдерiнде жасалған мәтiндердiң әрқайсысының күшi бiрдей; Вашингтонда, Колумбия округында қол қою үшiн ашылады. Екi мәтiн де Америка Құрама Штаттары Үкiметiнiң мұрағатына сақтауға тапсырылады, ал расталған көшiрмелерiн бұл Үкiмет осы Келiсiмге қол қоюы мүмкiн немесе қабылдай алуы мүмкiн барлық мемлекеттердiң үкiметтерiне жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады