Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "Federal Express Corporation" арасындағы Халықаралық әуе жүк тасымалдары туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi Асқар Ұзақбайұлы Маминге Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "Federal Express Corporation" арасындағы Халықаралық әуе жүк тасымалдары туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен
"Federal Express Corporation"
арасындағы халықаралық әуе тасымалдары туралы келісім
Осы келiсiм 200__жылғы _______ _______ Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттары, Делавэр штатының заңдарына сәйкес ұйымдастырылған және жұмыс iстейтiн, Америка Құрама Штаттары, Теннеси штаты, Мемфис қаласында штаб-пәтерi бар Federal Express Corporation корпорациясы (бұдан әрi - "Федекс Экспресс") арасында жасалды және күшiне ендi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi өз аумағы мен әлемнiң басқа елдерiнiң аумақтары арасындағы әуе тасымалын кеңейтудiң экономикалық артықшылығын мойындай отырып, "Федекс Экспресстi" Қазақстан Республикасындағы пунктке (пункттерге), пункттен (пункттерден) және пункт (пункттер) арқылы әуе жүк тасымалдарын орындауға тартуды қалайтындықтан; және
"Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасындағы пунктке (пункттерге), пункттен (пункттерден) және пункт (пункттер) арқылы әуе жүк тасымалдарын орындауды қалайтындықтан,
осы келiсiмнiң ережелерiн назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "Федекс Экспресс" (бұдан әрi - Тараптар) төмендегiлер туралы келiседi.
1-бап
Айқындамалар
Егер өзгеше айқындама келiсiлмесе, онда осы келiсiм мақсатында онда қолданылатын терминдерге мынадай маңыз берiлдi:
1. "Авиациялық билiк орындары" терминi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң Азаматтық авиация комитетiн бiлдiредi.
2. "Келiсiм" терминi осы келiсiмдi және оған кез келген түзетулердi бiлдiредi.
3. "Әуе тасымалдары" терминi әуе кемелерiмен бөлек немесе бiрлесiп, сыйақы үшiн немесе жалға алу бойынша жүктi және почтаны қоғамдық тасымалдауды бiлдiредi.
4. "Конвенция" терминi 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қою үшiн ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияны бiлдiредi және:
1) Конвенцияның 94(а)-бабына сәйкес күшiне енген және Қазақстан Республикасының Парламентi мен Америка Құрама Штаттарының Үкiметi ратификациялаған кез келген түзетудi, және
2) осындай қосымша немесе түзету кез келген берiлген уақытта Қазақстан Республикасының Yкiметiне де, Америка Құрама Штаттарының Үкiметiне де қатысты күшiнде болуы шартымен, Конвенцияның 90-бабына сәйкес қабылданған кез келген қосымшаны немесе кез келген түзетудi қамтиды.
5. "Халықаралық әуе жүк тасымалы" терминi оларды орындау кезiнде, тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болған немесе болмағандығына қарамастан, жөнелту және бару пункттерi:
екi мемлекеттiң аумағында; немесе
егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекеттiң аумағында орналасатын әуе жүк тасымалдарын бiлдiредi.
6. "Тариф" терминi жүктi немесе почтаны әуе арқылы тасымалдағаны үшiн "Федекс Экспресс", соның iшiнде оның өкiлдерi алатын кез келген тарифтiк ставканы немесе алымды, сондай-ақ осындай тарифтiк ставкалардың немесе алымдардың болуын белгiлейтiн шарттарды бiлдiредi.
7. "Коммерциялық емес мақсаттармен аялдау" терминi әуе тасымалдары барысында жүктi және/немесе почтаны бортқа қабылдаудан немесе түсiруден өзге кез келген мақсатта қонуды бiлдiредi.
8. "Коммерциялық мақсаттармен аялдау" терминi әуе тасымалдары барысында жүктi және/немесе почтаны бортқа қабылдау немесе түсiру мақсатында қонуды бiлдiредi.
9. "Аумақ" терминi Қазақстан Республикасының егемендiгiндегi, юрисдикциясындағы құрлық аумақтарын және оларға жақын орналасқан аумақтық суларды бiлдiредi.
10. "Пайдаланғаны үшiн алым" терминi авиакомпаниялардан оларға әуежай жабдығы мен қызметтерiн, аэронавигациялық жабдықты немесе қызметтердi, не қажеттi қызметтер мен жабдықты қоса алғанда, ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жабдықты немесе қызметтердi ұсынғаны үшiн алынатын алымдарды бiлдiредi.
2-бап
Құқықтар беру
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi халықаралық әуе жүк тасымалдарын орындау үшiн "Федекс Экспресске" мынадай құқықтарды бередi:
1) өз мемлекетiнiң аумағы арқылы қонусыз ұшып өту;
2) өз мемлекетiнiң аумағына коммерциялық емес мақсаттармен қону; және
3) Қазақстан Республикасы мен әлемнiң кез келген басқа елiндегi кез келген пункттiң немесе кез келген пункттердiң арасында халықаралық әуе жүк тасымалдарын жүзеге асыру.
2. Осы бапта ешнәрсе де "Федекс Экспресске" Қазақстан Республикасы аумағындағы басқа пунктке ақылы түрде жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасының аумағы шегiнде жүктi немесе почтаны бортқа алу құқығын бермейдi.
3. Дирекциялық немесе географиялық шектеусiз және тасымалдарды орындауға арналған құқығын жоғалтпай, "Федекс Экспресс" кез келген немесе барлық рейстерде және өзiнiң қалауы бойынша осы Келiсiмде осылар көзделген кез келген жағдайда, мыналарды орындай алады:
1) кез келген бiр бағытта немесе екi бағытта ұшуларды орындауды;
2) рейстердiң әр түрлi нөмiрлерiн әуе кемесiнiң бiр операциясына бiрiктiрудi;
3) жақын, аралық және алыс пункттерге және Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттерге кез келген үйлесiмде және кез келген дәйектiлiкте қызмет көрсетудi;
4) Қазақстан Республикасының аумағы шегiнде де, одан тысқары да халықаралық әуежай мәртебесiне ие кез келген пункттерде аялдауды;
5) кез келген пункттегi немесе кез келген пункттердегi аялдамаларға тоқтамай өтудi;
6) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк тасымалдарды жүзеге асыруды;
7) бағыттардың кез келген пунктiнде өзiнiң кез келген әуе кемесiнен өзiнiң басқа кез келген әуе кемесiне тасымалдарды берудi;
8) Қазақстан Республикасынан шығарылатын тасымалдарды басқа елден немесе басқа елдерден шығарылатын тасымалдармен бiр әуе кемесiнде бiрiктiрудi;
9) әуе кемесiн немесе рейс нөмiрiн ауыстырып немесе ауыстырмай кез келген елдегi кез келген пункттiң жанындағы пункттерге қызмет көрсетудi және осындай қызметтерiн тiкелей әуе қатынасы ретiнде жұртшылыққа жариялы түрде ұсынуды және жарнамалауды;
10) жоғарыда аталған бағыттардың кез келген учаскесiнде немесе кез келген учаскелерiнде бағыттың кез келген пунктiндегi, пайдаланылатын әуе кемесiнiң үлгiсiндегi немесе нөмiрiндегi өзгерiстерге қатысты шектеусiз әуе жүк тасымалдарын орындауды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген әуе кеңiстiгiн пайдаланудағы артықшылықтарды қоспағанда кез келген басқа елдiң кез келген авиакомпаниясы пайдалана алатын Қазақстан Республикасының аумағы үстiндегi кез келген әуе жолын немесе бағытын пайдалануды және қосымша немесе баламалы әуе жолдарын және бағыттарды пайдалануға рұқсат сұрай алады. Осындай сұрау салулар авиациялық билiк орындарына қарауға жiберiледi.
3-бап
Тағайындау
"Федекс Экспресстен" ұшуларды орындауға және әуе кемелерiне жерде қызмет көрсетуге құқықтар беру үшiн ұйғарылған нысанда және тәсiлде жасалған өтiнiмдердi алысымен авиациялық билiк орындары заңнамада белгiленген тәртiпке сәйкес тиiстi рұқсаттарды, сертификаттарды және лицензияларды бередi.
4-бап
Заңдарды қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағына келгенде, онда болғанда немесе мемлекеттiң аумағынан кеткенде "Федекс Экспресс" әуе кемелерiн пайдалануға және олардың навигациясына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде, онда болғанда немесе аттанғанда, әуе кемесiндегi экипаждың немесе жүктiң (кiруге, авиациялық қауiпсiздiкке, көшiп келуге, паспорттарға, кедендiк және санитарлық рәсiмдерге қатысты ережелердi немесе почта жағдайында, почтаға қатысты ережелердi қоса алғанда) Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдануын, келуiн немесе одан жөнелтiлуiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын "Федекс Экспресс" сақтайды немесе оның атынан сақталады.
5-бап
Қауiпсiздiк
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы келiсiмде көзделген халықаралық әуе жүк тасымалдарын жүзеге асыру мақсаттары үшiн Америка Құрама Штаттарының Үкiметi берген немесе таныған және күшi жойылмаған ұшу жарамдылығы сертификаттарын, ұшу бiлiктiлiгi сертификаттарын және куәлiктерiн мұндай сертификаттарға немесе куәлiктерге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы, Конвенция қоятын ең аз стандарттарға сәйкес келуi немесе олардан артық болуы шартымен жарамды деп таниды.
2. "Федекс Экспресс" авиациялық құралдарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген қауiпсiздiк ережелерiне қатысты мәселелер бойынша консультациялар сұрай алады.
6-бап
Авиациялық қауiпсiздiк
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi халықаралық құқыққа сай өзiнiң құқықтары мен мiндеттемелерiне сәйкес оның азаматтық авиация қауiпсiздiгiн заңсыз араласу актiлерiнен қорғау мiндеттемелерi осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатындығын растайды. Қазақстан Республикасының Үкiметi халықаралық құқыққа сай өзiнiң құқықтары мен мiндеттемелерiнiң жалпы сипатын шектеместен, атап айтқанда, 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода қабылданған Әуе кемесiнiң бортында жасалған қылмыстар және кейбiр басқа да әрекеттер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қабылданған Әуе кемелерiн заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияның, 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қабылданған Азаматтық авиацияның қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерге қарсы күрес туралы конвенцияның және 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қабылданған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететiн әуежайларда күш көрсетудiң заңсыз актiлерiне қарсы күрес туралы хаттаманың ережелерiне сәйкес әрекет етедi.
2. Талап бойынша Тараптар азаматтық әуе кемелерiн заңсыз басып алу әрекеттерiнiң және осындай әуе кемелерi мен экипаждардың, сондай-ақ әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауiпсiздiгiн бұзатын басқа да заңсыз әрекеттердiң алдын алу үшiн және азаматтық аэронавигацияның авиациялық қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған басқа да кез келген қауiптi жою үшiн бiр-бiрiне барлық қажеттi көмектi ұсынады.
3. Осы Келiсiмге сәйкес "Федекс Экспресс" жүзеге асыратын әуе тасымалдарына қатысты Қазақстан Республикасының Yкiметi авиациялық қауiпсiздiк ережелерiне және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгiленген және Конвенцияға Қосымша ретiнде ресiмделген тиiстi ұсынылатын практикаға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етедi.
4. "Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасының аумағына кiру, кету және болу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген авиациялық қауiпсiздiк ережесiн сақтауға келiседi.
5. Қазақстан Республикасының Үкiметi тиеуге дейiн және тиеу уақытында әуе кемесiн қорғау және экипажды, олардың жүгi мен қол жүгiн, сондай-ақ жүктi және борттық қорларды тексеру үшiн барабар шараларды қабылдауға келiседi. Бұдан басқа, әрбiр Тарап нақты қауiптi жою мақсатында авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң айрықша шараларына қатысты екiншi Тараптың кез келген сұрауына оң қарайды.
6. Әуе кемесiн заңсыз басып алу жанжалы немесе жанжал қаупi төнген немесе экипаждың, әуе кемесiнiң, әуежайлардың немесе аэронавигациялық құралдардың қауiпсiздiгiн бұзатын басқа да заңсыз iс-әрекеттер жағдайында Тараптар байланысты орнатуға ықпал ете отырып және осындай жанжалдарды немесе олардың қаупiн жылдам және қауiпсiз жою үшiн өзге де тиiстi шараларды қабылдай отырып, бiр-бiрiне көмектеседi.
7. Егер Тараптың осы бапқа сәйкес авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша екiншi Тараптың барабар шаралар қабылдамағандығына қисынды негiздемесi бар болса, ол екiншi Тараппен шұғыл консультация өткiзудi талап етуi мүмкiн және Тараптар осы мәселенi тез шешуге адал ниетпен ұмтылады.
7-бап
Коммерциялық мүмкiндiктер
1. "Федекс Экспресстiң" Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық әуе жүк тасымалдарын жарнамалау және iске асыру үшiн өз офистерiн ашуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының кiрудi, болуды және жалға алу бойынша жұмысты реттейтiн заңнамасына сәйкес "Федекс Экспресстiң" Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық әуе жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшiн қажеттi басқарушы, сауда, техникалық, пайдалану және өзге де мамандар штатын әкелуге және ұстауға құқығы бар.
3. "Федекс Экспресстiң" Қазақстан Республикасының аумағында өзiнiң жердегi қызмет көрсетудi ("өзiне өзi қызмет көрсету") қамтамасыз етуге немесе өз қалауы бойынша iшiнара не толық қамтамасыз ету үшiн осындай қызметтердi бәсекелес жеткiзушiлердiң бiрiн таңдауға құқығы бар. Бұл құқықтар әуежай қауiпсiздiгi пайымымен байланысты табиғи кедергiлермен ғана шектеледi. Егер осындай пайымдаулар өзiне өзi қызмет ету мүмкiндiгiн болдырмаса, "Федекс Экспресске" жердегi қызмет көрсету басқа авиакомпанияларға ұсынылған шарттарда берiледi; ақы төлеу ұсынылған қызметтер құнына негiзделедi және осындай қызмет көрсету қызметтердiң сипаты мен сапасы бойынша өзiне өзi қызмет көрсетумен мүмкiндiгiнше салыстырмалы болуы тиiс.
4. "Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық әуе жүк тасымалдарын тiкелей және өз қалауы бойынша өзiнiң агенттерi арқылы сатумен айналыса алады. "Федекс Экспресстiң" осындай тасымалдарды сатуға құқығы бар, ал кез келген тұлға осындай тасымалдарды Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен немесе валюталық реттеу саласындағы ұлттық заңнамаға сәйкес еркiн айналымдағы шетел валютасымен төлей отырып, сатып алуы мүмкiн.
5. "Федекс Экспресстiң" Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қызметiнен түскен кiрiстi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiлуi қажет төлемдердi шегере отырып, айырбастауға және өз елiне аударуға құқығы бар.
6. "Федекс Экспресске" Қазақстан Республикасының аумағында отын сатып алуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында жүргiзiлетiн оның шығыстарын ұлттық валютамен төлеуге рұқсат етiледi. "Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасының аумағындағы осындай шығыстарды валюталық реттеу саласындағы ұлттық заңнамаға сәйкес, өз қалауы бойынша, еркiн айналымдағы шетел валютасымен төлеуi мүмкiн.
7. Жоғарыда, 2-бапта сипатталған бағыттарда уәкiлеттi әуе тасымалдарын орындай отырып немесе орындауды ұсына отырып, "Федекс Экспресс", осындай шартқа қатысушылардың барлығының (бiрiншiден) тиiстi өкiлеттiктерi бар болғанда және (екiншiден) осындай шарттарға әдетте қойылатын талаптарды қанағаттандыруы шартымен:
1) кез келген елдiң авиакомпаниясымен немесе авиакомпанияларымен,
2) кез келген елдiң жердегi тасымалдарды жеткiзушiсiмен, ынтымақтастық туралы маркетингтiк келiсiмдер, мысалы ұдайы броньдау орындары, кодтарды бiрлесiп пайдалану немесе жалға алу туралы шарт жасасуы мүмкiн, бiрақ оған мiндеттi емес.
8. Осы келiсiмнiң кез келген басқа ережелерiне қарамастан "Федекс Экспресске" халықаралық әуе жүк тасымалдарына байланысты барлық әуежайларға немесе барлық әуежайлардан кедендiк құралдармен жүктi жеткiзудi қоса алғанда және бұл мүмкiн болған жерде қолданылатын заңнамаға сәйкес кеденде қалдырылған жүктi тасымалдау құқығын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы немесе үшiншi елдердегi кез келген пунктке дейiн немесе пункттен кез келген жер үстi тасымалдарын шектеусiз пайдалануға рұқсат етiледi. Жердегi, сондай-ақ әуедегi тасымалдар барысында осындай жүктiң әуежайлардағы кедендiк өңдеуге және кедендiк тексеру құралдарына рұқсаты болады. "Федекс Экспресс" өзiнiң жер үстi тасымалдарын өз қалауы бойынша өзi жүзеге асыруы мүмкiн немесе басқа авиакомпаниялар мен әуе жүк тасымалдарын жанама жеткiзушiлер жүзеге асыратын жер үстi тасымалдарын қоса алғанда, жердегi басқа тасымалдаушылармен келiсiм бойынша оларды қамтамасыз етуi мүмкiн. Осындай тасымалдармен байланысты фактiлерге қатысты жүк жөнелтушiнiң жаңылмауы шартымен, осындай құрамдастырылған жүк тасымалдары әуе және жер үстi бiрлескен тасымалдар үшiн бiрыңғай толассыз тариф бойынша ұсынылауы мүмкiн.
9. Осы келiсiмнiң кез келген басқа ережелерiне қарамастан, "Федекс Экспресс" жүзеге асыратын халықаралық әуе жүк тасымалдары шеңберiнде қозғалатын және Қазақстан Республикасының аумағын бiр үшiншi елден екiншiсiне барар жолда кесiп өтетiн жүк, егер осындай жүк қандай да бiр әуе кемесiнiң бортында қалатын немесе осындай транзиттiк тасымал барысында бiр әуе кемесiнен екiншiсiне қайта тиелетiн болса, кедендiк рәсiмдерге жатпайды (құжаттық ресiмделуге, тексеруге немесе нысандылықтарға). Жоғарыда айтылғанның жалпы мағынасын шектеусiз транзиттiк жүк Қазақстан Республикасының аумағы шегiнде төтесiнен бiр әуе кемесiнен басқасына, осындай әуе кемелерi әуежай рампасында тұрақта тұрғанда, осындай жүктi қоймаға және қоймадан немесе әуежайдағы жүктердi өңдеу жөнiндегi басқа орталықтан жылжытпастан, жылжытылуы мүмкiн.
8-бап
Кедендiк төлемдер мен салықтар
Кедендiк төлемдер мен салықтарды өндiрiп алу Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Чикаго қаласында 1944 жылы 7 желтоқсанда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
Пайдаланғаны үшiн алымдар
1. Алымдар үшiн жауапты билiк орындары немесе Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары "Федекс Экспресске" салуы мүмкiн пайдаланғаны үшiн салықтар әдiл, негiзделген, әдiлетсiз кемсiтушiлiктен бос және пайдаланушылар санаттары арасында тең бөлiнуi тиiс. Кез келген жағдайда пайдаланғаны үшiн кез келген осындай алымдар "Федекс Экспресстен" осындай алымдар есептелген күнге жай-күйi бойынша кез келген басқа авиакомпания үшiн қолайлы болатын жағдайдан кем түспейтiн шарттарда өндiрiп алынады.
2. Пайдаланғаны үшiн алымдар "Федекс Экспресске" Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес белгiленген әуежайлар мен аэронавигация қызметтерiне арналған алымдар ставкасы және бағалар мөлшерi бойынша салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi алымдарға жауапты билiк органдары немесе оның мемлекетiнiң аумағындағы уәкiлеттi органдар мен "Федекс Экспресс" арасындағы консультацияларды қолдайды және осы баптың 1 және 2 параграфтарының қағидаттарына сәйкес алымдардың негiзделгендiгiн ұқыпты талдау үшiн қажет болған кезде, алымдар үшiн жауапты билiк органдары немесе органдар мен "Федекс Экспресс" арасындағы осындай ақпаратпен алмасуды қолдайды. Қазақстан Республикасының Үкiметi алымдар үшiн жауапты билiк орындарын "Федекс Экспресске" пайдаланғаны үшiн алымдарды өзгертуi жөнiндегi кез келген ұсыныс туралы "Федекс Экспресске" осы өзгерiстер енгiзiлгенге дейiн өз пiкiрiн айтуға мүмкiндiк беру үшiн негiзделген хабарлама жiберуге түрткi болады.
10-бап
Адал бәсекелестiк
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресске" осы Келiсiммен реттелетiн халықаралық әуе жүк тасымалдарында әдiл және тең бәсекелесуге мүмкiндiк бередi.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресске" рыноктағы коммерциялық пайымдауларды негiзге ала отырып, ол ұсынатын халықаралық әуе жүк тасымалдарының жиiлiгi мен көлемiн белгiлеу құқығын бередi. Осы құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасының авиациялық билiк орындары мұны кедендiк, техникалық, пайдалану немесе экологиялық себептер талап етуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, тасымалдар көлемiн, жиiлiгiн, немесе қызметтердiң тұрақтылығын, немесе "Федекс Экспресс" пайдаланатын әуе кемелерiнiң үлгiсiн (үлгiлерiн) шектемейдi. Жоғарыда айтылған жағдайға қарамастан, "Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасының авиациялық билiк орындарын ол ұсынатын халықаралық әуе жүк тасымалдарының жиiлiгi мен көлемi туралы хабардар етедi.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресске" артықшылық құқықты ұсыну туралы мiндеттеменi, тиелiм деңгейi үшiн төлемдi, тыйым салудың жоқтығы үшiн сыйақыны немесе осы Келiсiмнiң мақсаттарына үйлеспейтiндей көлемге, жиiлiкке немесе әуе тасымалдарына қатысты кез келген басқа талапты жүктемейдi.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресстен" навигация кезеңiнде ұшуды орындау кестесiн (өтiнiшiн) ұсынуды талап етедi, бiрақ осы баптың 2-параграфында көзделген бiртектi шарттарды енгiзу үшiн кемсiтушiлiксiз негiзде талап етiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, ұшу кестелерiн немесе жұмыс жоспарларын бекiтуге ұсынуды талап етпейдi. Егер Қазақстан Республикасының Үкiметi жоғарыда аталған құжаттарды ақпараттық мақсатта ұсынуды талап етсе, онда ол "Федекс Экспресстiң" өзiнiң және "Федекс Экспресс" делдалдарының әуе тасымалдарының талаптары мен рәсiмдерiн орындаудағы төрешiлдiк қиындықтарын барынша азайтады. Жоғарыда айтылғанға қарамастан, "Федекс Экспресс" өзiнiң әуе қозғалысына бақылау жасау жөнiндегi барлық әдеттегi рәсiмдердi және алдын ала хабарлауға қатысты аэронавигациялық рәсiмдердi сақтайтынын растайды.
11-бап
Тарифтердi белгiлеу
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресске" рыноктағы коммерциялық пайымдауларды негiзге ала отырып, халықаралық әуе жүк тасымалдарының тарифтерiн белгiлеуге рұқсат етедi.
2. "Федекс Экспресс" Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан Республикасынан орындалатын халықаралық әуе жүк тасымалдары тарифтерiн авиациялық билiк орындарына ұсынуға тиiс емес. Жоғарыда айтылғанға қарамастан, "Федекс Экспресс" талап бойынша осы авиациялық билiк орындарына қолайлы болатын тәсiлде және нысанда авиациялық билiк орындарының өткен, ағымдағы және жоспарланып отырған тарифтер туралы ақпаратқа кiдiрiссiз қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Федекс Экспресстiң" меншiктi авиажелiлерiндегi немесе бiрнеше компаниялар үшiн ортақ авиажелiлердегi тасымалдарды қоса алғанда, халықаралық әуе жүк тасымалдары үшiн өндiрiп алуға ұсынып отырған немесе өндiрiп алатын жаңа тарифтердi енгiзуге немесе ескi тарифтердi сақтауына кедергi жасайтын бiржақты шараларды қабылдамайды.
12-бап
Консультациялар
Тараптардың кез келгенi кез келген уақытта осы келiсiммен байланысты консультациялар жүргiзудi талап ете алады. Мұндай консультациялар мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде, бiрақ егер өзгеше уағдаласушылықтар болмаса, екiншi Тараптың консультациялар өткiзу туралы талабын алғаннан кейiн 60 күннен кешiктiрмей басталады.
13-бап
Дауларды реттеу
Осы келiсiмге байланысты ресми консультациялардың бiрiншi кезеңi барысында шешiлмеген кез келген дау Қазақстан Республикасының сот органдарына қарауға берiледi. Қолданылатын материалдық және процессуалдық құқық деп Қазақстан Республикасының заңнамасы танылады.
14-бап
Егемен мемлекеттiң иммунитетiнен бас тарту
Осы келiсiм мәнiнiң коммерциялық сипатын мойындай отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi осымен өзiнiң басқа жағдайларда ие болуы мүмкiн қандай да болмасын егемен мемлекеттiң иммунитетi құқығын пайдаланудан бұлтартпай, шартсыз және керi қайтарусыз бас тартады, және егемен мемлекеттiң иммунитетiне, мемлекеттiк билiк актiсiне немесе кез келген басқа ұқсас заң доктринасына немесе теориясына негiзделген осы Келiсiмдi немесе осы Келiсiмге байланысты немесе басқа мақсаттарға қабылданған қандай да болмасын қаулыларды мәжбүрлеп орындату үшiн жүргiзiлетiн кез келген төрелiк сотта iс қарауда немесе басқа заң рәсiмдерiнде өзiн немесе өзiнiң қандай да болмасын активтерiн қорғауға қадам жасамауға келiседi.
15-бап
Қолданылатын құқық
Осы келiсiмнiң түсiндiрiлуi мен орындалуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
16-бап
Күшiне енуi
Осы келiсiм қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi, белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiреуi осы келiсiмнiң күшiн тоқтату ниетi туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап бiр жыл өткенге дейiн күшiнде қалады.
ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАНДАРДЫ РАСТАУ ҮШIН, оған қажеттi өкiлеттiктерi бар төменде қол қоюшылар, осы келiсiмге қол қойды.
200__жылғы "__"________ __________ қаласында қол қойылды, екi данада, әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде немесе қолдануда келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Federal Express Corporation
Yкiметi үшiн: үшiн: