"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (жаңа редакция) жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қаңтардағы N 30 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (жаңа редакция) жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

ЖОБА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
"ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАР ТУРАЛЫ"

      Осы Заң ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы бар және Қазақстан Республикасының ұлттық игiлiгi болып табылатын, сондай-ақ ұлттық, аймақтық және дүниежүзiлiк экологиялық желiнiң аса маңызды компонентi қызметiн атқаратын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн құрудың, кеңейтудiң, қорғаудың, қалпына келтiрудiң және орнықты пайдаланудың құқықтық негiздерiн айқындайды.

1-БӨЛIМ. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
               Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасы  Конституциясының  ережелерiне негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер, су, орман және өзге де табиғи ресурстарын пайдалану кезiнде туындайтын қатынастар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамамен қандай дәрежеде реттелмеген болса, осы қатынастар сондай дәрежеде Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледi.
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру, олардың жұмыс iстеуi және оларды пайдалану саласындағы мүлiктiк қатынастар, егер осы Заңмен өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының азаматтық, салық және бюджет заңнамаларымен реттеледi.
      4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңда айтылғандардан өзге ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      Осы Заң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және оларды басқару, олармен байланысты экологиялық желi элементтерiн қалыптастыру, бiрегей және кәдiмгi табиғи ландшафтарды, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн, олардың генетикалық қорын қорғау, осы аумақтарды ғылыми, экологиялық-ағартушылық, рекреациялық, туристiк және әлеуметтiк-экономикалық мақсаттарда пайдалану саласындағы қатынастарды реттейдi.

       3-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
            Қазақстан Республикасы заңнамасының принциптерi

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мынадай:
      биологиялық әралуандықты, бiрегей және кәдiмгi ландшафтарды сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн экологиялық желiнiң базалық компонентi ретiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн дамыту;
      мемлекеттiк табиғи-қорық қоры мен табиғи экологиялық желiлердi сақтау;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерiн ең алдымен ғылымды, мәдениеттi, оқу-ағартуды, бiлiм берудi, туризмдi дамыту мақсаттарында пайдалану;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, олардың табиғи кешендерi мен объектiлерiн пайдаланудың ақылы болуы;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзғаны үшiн жауапкершiлiк;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласына азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуы;
      ерекше қорғанатын табиғи аумақтар саласындағы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
      халықаралық құқық негiзiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, биологиялық сан алуандықты сақтау мен зерттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптерiне негiзделедi.

       4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) биологиялық ресурстар - адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар экологиялық жүйелердiң генетикалық ресурстары, ағзалары немесе олардың бөлiктерi, таралымдары немесе кез-келген басқа биотикалық компоненттерi;
      2) мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғи эталондар, уникумдар мен реликтер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, оқу-ағарту, бiлiм беру, туризм және рекреация нысаны ретiнде айырықша экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар мемлекеттiк қорғауға алынған қоршаған ортаны қорғау объектiлерiнiң жиынтығы;
      3) интродукция - өсiмдiктер мен жануарлардың жаңа түрлерiн олар мекендейтiн ортадан тысқары жерлерге әдейi немесе кездейсоқ апару;
      4) табиғат жылнамасы - мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар және мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар ғылыми бөлiмшелерінің мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiнiң жай-күйiне бiрiңғай әдiстеме бойынша жүзеге асыратын жүйелi байқаулар мәлiметтерiнiң жиынтығы;
      5) мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар геологиялық, гидрогеологиялық, зоологиялық, ботаникалық және ландшафтық объектiлер мен олардың кешендерi, жануарлар мен өсiмдiктердiң жекелеген түрлерi (таралымдары) (соның iшiнде Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және жойылып кету қатерi төнген түрлерi);
      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақ - айырықша күзет режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендер мен объектiлердi қамтитын жер, су объектiлерiнiң және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiнiң учаскелерi;
      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерi - айырықша күзетiлуге жататын биологиялық әралуандық пен жансыз табиғат объектiлерiнiң жиынтығы;
      8) табиғат қорғау мекемесi - заңды тұлғалар болып табылатын және мемлекеттiк мекеме нысанында құрылатын мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары, мемлекеттiк ботаникалық бақтар және мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар;
      9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi - өздерiнде барлық географиялық аймақтардың табиғи кешендерiнiң тән өкiлдiгiн қамтамасыз ететiн санаттары мен түрлерi әралуан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жиынтығы;
      10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      11) табиғи кешендердi орнықты пайдалану - табиғи кешендердiң биологиялық ресурстарын ұзақ мерзiмдi перспективада биологиялық әралуандықтың сарқылмауына душар етпейтiндей жолмен және қарқынмен пайдалану;
      12) экологиялық желi - өзара және қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлерiмен экологиялық дәлiздермен байланысқан және өңiрдiң табиғи, тарихи-мәдени және әлеуметтiк-экономикалық ерекшелiктерiн ескере отырып ұйымдастырылған санаттары мен түрлерi әралуан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кешенi;
      13) экологиялық дәлiз - тiрi табиғат объектiлерiнiң табиғи қоныс аударуын (таралуын) қамтамасыз ету және биологиялық әралуандықты сақтау үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды өзара және қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлерiмен қосатын қорғалатын жер және су объектiлерiн қамтитын экологиялық желiнiң бiр бөлiгi.

2-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы қатынастардың объектiлерi мен субъектiлерi

       5-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
             қатынастардың объектiлерi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерi, соның iшiнде жерлерi, сондай-ақ осы жерлерде және басқа санаттардағы жерлерде орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар объектiлерi болып табылады.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерi осы Заңмен белгіленген тәртiппен шаруашылық пайдаланудан толық немесе iшiнара, мерзiмсiз түрде немесе белгiлi бiр уақытқа алынып, олардың айырықша экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы ескерiле отырып ақылы негiзде пайдаланылады.

       6-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарының, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтардың және мемлекеттік табиғат ескерткiштерiнiң жерлерi жатады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік хайуанаттар саябақтарын, мемлекеттiк ботаникалық бақтар, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар және мемлекеттік табиғат ескерткiштерiн құру кезiнде жер учаскелерi басқа санаттардағы жерлер құрамынан бөлiнiп, оларды осы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларынан алу жолымен ерекше қорғалатын. табиғи аумақтар жерлерінің санатына ауыстырылады.
      3. Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың, мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар күзет аймақтарының жер учаскелерi оларды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санаттарын өзгертпей басқа жер санаттарының құрамында бөлiнедi.
       Мемлекеттiк табиғи қорықтар мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және олардың экологиялық жүйелерiн қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез-келген қызметке осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағы шегiнде шектеу жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiне ауыртпашылық болып енгізiледi және жерге орналастыру құжаттарында ескертедi.
      4. Жер учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң санатына жатқызу туралы шешiмдi:
      республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн - уәкiлетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      жергілiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн - уәкiлеттi органмен келiсе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар қабылдайды.
      Мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақ құрылған жағдайда осы жерлердiң учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң санатына жатқызу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік орман қорының жерлерiн ауыстыру туралы шешiмiнiң негiзiнде облыстық атқарушы органдар қабылдайды.
      5. Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарын, мемлекеттiк ботаникалық бақтар, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн құру және кеңейту үшiн жер учаскелерiн алу Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       7-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң
             құқықтық режимi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi орналасқан жерлердiң басқа санаттарындағы жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкте болады және жекешелендiруге жатпайды.
      2. Осы Заңның 17-бабының 6-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн алуға, сондай-ақ оларды басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға жол берiлмейдi.
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiнде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн кез-келген қызметке тыйым салынады.

       8-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
             қатынастар субъектiлерi

      Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өздерiнiң құзыретiне сәйкес жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар субъектiлерi болып табылады.

3-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау

      9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар
             жүйесi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында мемлекеттiк басқару мен бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган, жер, су және орман ресурстарын қорғау және басқару, геология және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесi, ғылым және бiлiм саласындағы орталық атқарушы органдар және осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге заңдарымен айқындалған өздерiнiң құзыретi мен өкiлеттiгi шеңберiнде облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкiлдiк және атқарушы органдар жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

       10-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және оны iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн иелену, пайдалану және иелiк ету құқықтарын жүзеге асырады;
      3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбелерін бекiтедi;
      4) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбелерiн бекiтедi;
      5) уәкiлеттi органның ұсынымы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларын бекiтедi;
      6) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және кеңейтуге байланысты жағдайларда барлық санаттағы жерлерден жер учаскелерiн беру және алу, соның iшiнде сатып алу жолымен беру және алу туралы шешiмдер қабылдайды;
      7) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту туралы шешiмдер қабылдайды;
      8) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргiзу тәртiбiн айқындайды;
      9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

       10-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiредi;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастырады және оны iске асыруды қамтамасыз етедi;
      3) осы Заңмен көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзушылық келтiрген залалдың мөлшерiн есептеу әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      5) заңды тұлға мәртебесi бар республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiтедi;
      6) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйi, оларды қорғау, пайдалану және қаржыландыру мәселелерi бойынша жергiлiктi және орталық атқарушы органдардың есептерiн қарайды;
      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi;
      8) уәкiлеттi органның қарауындағы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi әзiрлеудi ұйымдастырады;
      9) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негiзiнде республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi бекiтедi, сондай-ақ жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi келiседi;
      10) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтауды түзету жобаларын бекiтедi;
      11) Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерi тiзбесiнiң жобасын, сондай-ақ республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      12) республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын тiркейдi;
      13) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлеудi ұйымдастырады және оларды бекiтедi, өзiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылықты жүзеге асырады, оларда табиғат қорғау және қалпына келтiру іс-шаралары, ғылыми зерттеулер жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
      14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргiзедi;
      15) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбелерiн келiседi;
      16) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, олардың қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      17) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырады;
      18) нысандық киiм (погонсыз) үлгiлерiн, оны киiп жүру тәртiбiн және табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк инспекторларын онымен қамтамасыз етi нормаларын әзiрлейдi және бекiтедi;
      19) биологиялық әралуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық желiлердi дамыту саласында шет елдердiң мемлекеттiк табиғат қорғау органдарымен, халықаралық табиғат қорғау және ғылыми ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      12-бап. Жер, су және орман ресурстарын басқару, геология
              және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесi,
              ғылым
              және бiлiм саласындағы орталық атқарушы
              органдардың құзыретi

      Жер, су және орман ресурстарын басқару, геология, жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесi, ғылым және бiлiм саласындағы орталық атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шеңберiнде:
      1) мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және оларды уәкiлеттi органға бередi;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және өздерiнiң қарауындағы осындай аумақтарды кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi заңнамамен белгiленген тәртiппен әзiрлеудi ұйымдастырады, оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама өткiзiлуiн қамтамасыз етедi және оларды бекiтуге уәкiлеттi органға енгiзедi;
      3) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекiтедi, олардың уәкiлеттi органда тiркелуiн қамтамасыз етедi;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлеудi ұйымдастырады және оларды уәкiлеттi органмен келiсе отырып бекiтедi, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылықты жүзеге асырады, оларда табиғат қорғау және қалпына келтiру iс-шараларының, ғылыми зерттеулердiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысады;
      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен өздерiнiң қарауындағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерiнiң жай-күйiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.

       13-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкiлдiк және атқарушы органдардың құзыретi

      1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкiлдiк органдар өздерiнiң құзыретi шеңберiнде:
      1) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және олардың жұмыс iстеуiне жұмсалатын шығындарды жергiлiктi бюджеттер құрамында бекiтедi;
      2) өздерiнiң қарауындағы жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйi мен олардың қызметi туралы атқарушы органдар басшыларының есептерiн, соның iшiнде мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтау мәселелерi бойынша есептерiн тыңдайды.
      2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шеңберiнде:
      1) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi мен республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде уәкiлеттi органға ұсыныстар енгiзедi;
      2) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың және кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама өткiзiлуiн қамтамасыз етедi;
      3) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн бекiтедi;
      4) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
      5) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтауды түзету жобаларын бекiтедi;
      6) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi, оларда табиғат қорғау және қалпына келтiру iс-шараларының, ғылыми зерттеулердiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
      7) заңды тұлға мәртебесiн алған жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiтедi;
      8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргізуге қатысады;
      9) уәкілетті органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекiтедi және паспорттарды тіркеуге уәкiлеттi органға бередi;
      10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрiн құру үшiн жерлер қалдыру жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
      11) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтары шегiнде осы аумақтарын экологиялық жүйелерiнiң, экологиялық дәлiздердiң, оларды қорғау және пайдалану режимiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн қызметтi шектеп, осындай аймақтар белгiлеу жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
      12) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және өздерiнiң қарауындағы мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.

       14-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
              мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi және оны
              ұйымдастыру

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау мен пайдалануды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды және лауазымды тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы сақтауды, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтау мен жоюды, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiн қорғау мен пайдалану ережелерiн сақтауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды өздерiнiң құзыретi шегінде мыналар жүзеге асырады:
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган;
      жер, су және орман ресурстарын басқару, геология және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесi, ғылым және бiлiм саласындағы орталық атқарушы органдар;
      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар.
      3. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      4-тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ерекше
               қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
               құқықтары мен мiндеттерi

       15-бап. Азаматтардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
              саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Азаматтардың:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды уәкiлеттi орган белгiлеген ережелерге сәйкес пайдалануға;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру мен кеңейту және экологиялық желiлердi қалыптастыру жөнiнде уәкiлеттi органға ұсыныстар енгiзуге;
      3) табиғат қорғау мекемелерiнiң әкiмшiлiктерiмен бiрлесiп табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларға қатысуға;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларының қызметiне қатысуға;
      5) тиiстi мемлекеттiк органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлердiң жай-күйi мен олардың жұмыс iстеу мәселелерiне қатысты қажеттi ақпарат сұратуға және алуға құқығы бар.
      2. Азаматтар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн, табиғи және тарихи-мәдени мұраны қастерлеуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға мiндеттi.

       16-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қоғамдық бiрлестiктердiң:
      1) уәкiлеттi органға ұсыныстар енгiзуге және мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн дамыту бағдарламаларын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердi дайындауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысуға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлер саласындағы бағдарламалар мен жобаларға қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзуге;
      3) табиғат қорғау мекемелерiнiң әкiмшiлiктерiмен арадағы шарт бойынша мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi iс-шараларға қатысуға;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларын құруға;
      5) тиiстi мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлердiң жұмыс iстеу, оларды қорғау және пайдалану мәселелерiне қатысты қажеттi ақпарат сұратуға және алуға;
      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми-техникалық кеңестерiнiң жұмысына қатысуға құқығы бар.
      2. Қоғамдық бiрлестiктер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы өздерiнiң қызметiн қоғамдық бiрлестiктер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.

       5-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру

       17-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары мен түрлерi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар санаттарға жатады.
      2. Құру мақсаттарына және күзет режимiне байланысты республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мынадай түрлерi бөлiп алынады:
      1) мемлекеттiк табиғи қорықтар;
      2) мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар;
      3) мемлекеттiк табиғи резерваттар;
      4) мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары;
      5) мемлекеттiк ботаникалық бақтар;
      6) мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар;
      7) мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi;
      8) мемлекеттiк табиғи қаумалдар;
      9) мемлекеттік қорық аймақтары.
      3. Құру мақсаттарына және күзет режимiне байланысты жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мынадай түрлерi бөлiп алынады:
      1) мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар;
      2) мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары;
      3) мемлекеттiк ботаникалық бақтар;
      4) мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар;
      5) мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi;
      6) мемлекеттік табиғи қаумалдар.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
      5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды республикалық маңызы бар санатқа жатқызуды уәкiлеттi органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкiлетті органмен келiсе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар жүргiзедi.
      6. Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесiн төмендетуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн алып қоюға душар ететiн бiр түрден басқа түрге ауыстыру, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жұмыс iстеуiн тоқтатуға душар ететiн олардың жер учаскелерiн басқа санаттар жерлерiне ауыстыру табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан оның айырықша құндылығы мен бiрегейлiгi сипатының iшiнара немесе толық жоғалуына байланысты төтенше жағдайларда жүргiзiледi.
      Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты бiр түрден басқа түрге ауыстыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн алу, сондай-ақ олардың жұмыс iстеуiн тоқтатуға душар ететiн олардың жер учаскелерiн басқа санаттар жерлерiне ауыстыру туралы шешiмдi жаратылыстану-ғылыми негiздемеге жасалған мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізiнде:
      республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкiлеттi органның ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      жергілiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкiлеттi органмен келiсе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар қабылдайды.

       18-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ұйымдық нысаны және құқықтық жағдайы

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары, мемлекеттiк ботаникалық бақтар және мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік мекеме нысанында құрылады.
      2. Табиғат қорғау мекемелерiне жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiледi.
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар, құрылыстар, тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерi табиғат қорғау мекемелерiне жедел басқару құқығымен берiледi.
      4. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк қорық аймақтарының заңды тұлға мәртебесi болмайды және мемлекет қорғауында болады.
      Заңды тұлғалар болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттiк меншiктегi жылжымайтын мүлiк объектiлерiн (үй-жайдарды, құрылыстарды, тарихи-мәдени және басқа да объектiлердi) жедел басқару құқығы соларға бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерiне және/немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қарауында болатын мемлекеттік органдарға берiледi.
      5. Табиғат қорғау мекемесiн қайта ұйымдастыру немесе тарату осы Заңын 16-бабының 6-тармағында көрсетiлген жағдайларда Қазақстан Республикасының Азаматтық заңнамасымен белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
      6. Жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың негізiнде мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар құру кезiнде осы мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдар республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбелерiнен алып тасталуға жатады.

       19-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттiк
              ұлттық
              табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи
              резерваттардың және 
              мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың күзет
              аймақтары
      1. Жайсыз сыртқы әсерлерден айырықша күзету мен қорғауды қамтамасыз ету қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың айналасында күзет аймақтары белгiленiп, осы аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез-келген қызметке тыйым салынады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың күзет аймақтарының аумағында табиғат пайдалану мөлшерi, шекарасы, режимдерi және тәртiбi оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiмен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңнамасына облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгіленедi.
      Бұл орайда күзет аймағының енi екi километрден кем болмауға тиiс және меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгіленiп, бағдар ұстану үшiн арнайы белгiлер қойылады.

       20-бап. Табиғат қорғау мекемелерiнiң рәмiздерi

      1. Табиғат қорғау мекемелерiнiң уәкiлеттi орган бекiтетiн өздерiнiң рәмiздерi (эмблемасы мен жалауы) болады.
      Табиғат қорғау мекемелерiнiң рәмiздерiн әзiрлеу және пайдалану тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Табиғат қорғау мекемелерi өздерiнiң рәмiздерiн пайдаланудың төтенше құқығына ие болады және оларды жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде пайдалануға рұқсат етуi мүмкiн.

       21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру
              немесе кеңейту

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру немесе кеңейту туралы шешiм экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердiң негiзiнде қабылданады.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiнiң жобаларын әзiрлеудi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-iздестiру) ұйымдары екi кезеңде жүргiзедi.
      2. Бiрiншi кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми негiздемесi (бұдан әрi - жаратылыстану-ғылыми негiздеме) әзiрленедi, онымен:
      1) аумақтың табиғи кешендерiнiң және онда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң бiрегейлiгi, маңыздылығы және оған тән қасиетi;
      2) зерттелiп отырған аумақтағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың жай-күйiн бағалау;
      3) аумақтың мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiнiң жай-күйi және оларды сақтау жөнiндегi тәуекелдер, қатерлер және оларды қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi шаралар;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрi;
      5) ұсынылатын шекарасы, алқабы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және оларды қорғау мен пайдаланудың режимдерi айқындалады.
      3. Екiншi кезеңде уәкiлеттi орган бекiткен немесе онымен келiсiлген жаратылыстану-ғылыми негiздеменiң негiзiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе оны кеңейтудiң техникалық-экономикалық негiздемесi (бұдан әрi - техникалық-экономикалық негіздеме) әзiрленедi, ол:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған оның жерлерiн бөлудiң жерге орналастыру жобасын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алынатын (сатып алынатын) меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң санаттары мен алқаптарын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алынбай-ақ қосылатын меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң санаттары мен алқаптарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен алқаптарын;
      2) меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн сатып алуға және/немесе оларды алу жөнiндегi залалдарды өтеуге, күзет аймақтарында шаруашылық қызметтi шектеуге байланысты, сондай-ақ жерлердi алмай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жағдайларында жұмсалатын шығындарды;
      3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтiп ұстауға, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды орындауға жұмсалған шығындарды;
      4) рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындап алып, аумақты функционалдық аймақтауды, күзет режимiн және осы аймақтар шегiнде табиғи кешендердi реттелмелi туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын, оның инфрақұрылымын, туристiк соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлiкке арналған тұрақтарды, кемпингтердi, шатырлы лагерьлердi, мейманханаларды, мотельдердi, туристiк базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi, құбырларды, электр және байланыс желiлерiн, жолдарды қамтиды.
      4. Техникалық-экономикалық негiздеме жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдармен, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның аумақтық органдарымен келiсiледi және осы Заңмен белгiленген тәртiппен бекiтiледi.

       22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен
              экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары экологиялық желiлердi қалыптастыру және олардың жұмыс iстеуi принциптерiнiң негiзiнде әрбiр табиғи аймақ шегiнде олардың оңтайлы алқабы деңгейiне дейiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi қалыптастырудың мемлекет жоспарлап отырған кезеңдерiн айқындайтын негiзгi құжаттар болып табылады.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары мүдделi мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, оларды әзiрлеуге мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-iздестiру) ұйымдарын тарта отырып, 10 жылға дейiнгi мерзiмге уәкiлетті орган әзiрлейдi.

       23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру
              және кеңейту үшiн жер қалдыру

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларына және бекiтiлген жаратылыстану-ғылыми негiздемелерге сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн қалдыру туралы шешiмдер қабылдайды.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн жер қалдыру жер пайдаланушылар мен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен жердi алмай-ақ жүргiзiледi.
      Белгiленген тәртiппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң құрамына бергенге дейiн қалдырылған жерлердi бұрынғы мемлекеттік немесе мемлекеттiк емес жердi пайдаланушылар мен жер учаскелерiнiң меншiк иелерi пайдаланады, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
      3. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қалдырылатын аумақтағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметi ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру туралы шешiм қабылданғанға дейiн шектелуi мүмкiн. Бұл орайда жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың қалдырылатын учаскелердегi шаруашылық қызметiн шектеуге байланысты орын алған ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндiрiстерiнiң залалдарына өтемақы алуға құқығы бар.
      4. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға арналған қалдырылатын учаскелердегi шаруашылық қызметтi шектеуге байланысты орын алған залалдарды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға өтеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен республикалық бюджет есебiнен, жергiлiктi маңызы бар осындай аумақтар үшiн - жергiлiктi бюджеттер есебiнен жүргiзiледi.
      5. Қалалар шекараларының шегiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру кезiнде жер қалдыру белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларды ескере отырып не қолданыстағы бас жоспарларға, қала салу регламенттерiне және базалық деңгейдiң мемлекеттiк қала салу кадастрына қажеттi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiле отырып жүзеге асырылады.

       24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты

      1. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттiк органдар әрбiр осындай аумақ бойынша белгiленген үлгiдегi паспорт толтырады және оны уәкiлеттi органда тiркейдi.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортын әзiрлеу және тiркеу (қайта тiркеу) тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың түрi мен санаты көрсетiлiп, оның атауы;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрған немесе кеңейткен мемлекеттiк орган актiсiнiң атауы, нөмiрi және қабылданған күнi;
      3) қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттiк органның атауы;
      4) заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген ұйымның атауы;                       
      5) карта-схемасымен, шекарасының сипаттамасымен, географиялық координаттарымен, оның аумағымен және күзет аймағымен бiрге ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан жерi;
      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сандық және сапалық сипаттамасымен бірге олардың тiзбесi;
      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтары және олардың күзет режимдерi, жерлердiң аралас меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, олардың күзет аймағында табиғат пайдалану жөнiндегi мiндеттемелерi мен ауыртпашылықтары туралы мәлiметтер;
      8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтiң рұқсат етiлген және тыйым салынған түрлерi, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлерiне шектеулер;
      9) келiп көру ережесi, жұмыс режимi, рекреациялық жүктеме (туристер қабылдау мөлшерi) көрсетiледi.
      3. Табиғат қорғау мекемесi паспортының даналары табиғат қорғау мекемесiнде, осы табиғат қорғау мекемесi қарауында болатын мемлекеттiк органда және уәкiлеттi органда болады.
      Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi, мемлекеттiк табиғи қаумалдар, мемлекеттік қорық аймақтары паспорттарының даналары осы Заңның 28-бабымен айқындалған тәртiпке сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың осы аталған түрлерiн қорғау бекiтiп берiлген ұйымда, осы ұйым қарауында болатын мемлекеттiк органда және уәкiлеттi органда сақталады.
      4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың нысаналы мақсаты өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған, кеңейтiлген жағдайларда оның паспорты қайта тiркеуден өткiзiледi.

       25-бап. Табиғат қорғау мекемесiн басқару жоспары

      1. Табиғат қорғау мекемелерi өздерiнiң қызметiн мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда олар қарауында болатын мемлекеттік орган бекiтетiн басқару жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
      Табиғат қорғау мекемесiн басқару жоспары уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес бесжылдық кезеңге жасалады.
      2. Табиғат қорғау мекемесiн басқару жоспары:
      1) табиғи және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың осының алдындағы кезеңдегi өзгерiстерiне жасалған талдауды;
      2) табиғат қорғау мекемесiнiң осының алдындағы кезеңдегi қызметiне берiлген бағаны;
      3) табиғат қорғау мекемесiнiң осыдан кейiнгі кезеңдегi табиғат қорғау, ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық қызметiнiң әрбiр түрi бойынша iс-шараларды;
      4) мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн - өткен кезеңде орман шаруашылығын жүргiзудiң және орман пайдаланудың кешендi бағасы берiлетiн және алдағы кезеңге арналған осы орман учаскелерiн күзету, қорғау, молықтыру және оларға күтiм жасау жөнiндегi iс-шаралар әзiрленетiн бөлiмдi;
      5) басқару құрылымын, нормативтiк-құқықтық базаны жетiлдiру, кадрлармен қамтамасыз ету және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, жергiлiкті халықпен және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарымен бiрлесiп iс-қимыл жасау арқылы басқару жоспарын iске асыру тетiктерiн қамтиды.
      3. Табиғат қорғау мекемесiн басқару жоспарын әзiрлеудi ол қарауында болатын мемлекеттiк орган қамтамасыз етедi.

       26-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
              мемлекеттік кадастры

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры осы аумақтардың құқықтық мәртебесi, олардың орналасқан жерi, мөлшерi мен шекарасы, географиялық координаттары, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сандық және сапалық сипаттамасы, экологиялық, ғылыми, мәдени, рекреациялық құндылығы, күзет режимдерi, нысаналы пайдаланылуы және рұқсат етiлген қызмет түрлерi туралы мәлiметтер жүйесiн қамтиды.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттiк кадастрының деректерi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн дамыту, экологиялық желiнi қалыптастыру бағдарламаларын әзiрлеуге негiз болып табылады және биологиялық сан алуандықты, бiрегей табиғи ландшафтарды сақтауды ескере отырып, жерлердi ұтымды пайдалану мен өңiрлердiң өндiргiш күштерін орналастыруды жоспарлау кезiнде пайдаланылады.
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      6-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк
               табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен
               объектiлерiн қорғау, ерекше қорғалатын табиғи
               аумақтардың күзет қызметi мемлекеттiк
               инспекторларының құқықтық мәртебесi

       27-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
              мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи
              кешендерi мен объектiлерiн қорғау режимдерi

      1. Түрiне және функционалдық аймақталуына байланысты бүкiл ерекше қорғалатын табиғи аумақта немесе оның арнайы бөлiнген аймақтары мен учаскелерiнде мынадай күзет режимдерi енгiзiледi:
      1) кез-келген шаруашылық қызметке, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiнiң табиғи жай-күйiн бұзатын өзге қызметке тыйым салуды көздейтiн қорық режимi;
      2) шаруашылық және өзге қызметтiң жекелеген түрлерiне белгiлi бiр мерзiмге немесе онсыз маусымдар бойынша толық тыйым салуды немесе шектеудi көздейтiн қаумалдық режим;
      3) табиғи кешендердi шектеулi пайдалануды, сондай-ақ жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметтiң дәстүрлi түрлерiн мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiне зиянды әсер етпейтiн тәсiлдермен және әдiстермен жүргiзуiн көздейтiн шаруашылық қызметтің реттелмелi режимi.

       28-бап. Табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттік
              табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен
              объектiлерiн қорғау

      1. Табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектілерiн қорғауды олардың штатына енетiн күзет қызметiнiң мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады.
      2. Табиғат қорғау мекемелерiнiң басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлар және бас мемлекеттiк инспекторлардың орынбасарлары болып табылады.
      Табиғат қорғау мекемелерiнiң табиғи кешендердi қорғау мәселелерiмен айналысатын құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары лауазымы бойынша аға мемлекеттік инспекторлар болып табылады, осы бөлiмшелердiң мамандары, сондай-ақ ғылыми қызметкерлердi қоса алғанда, басқа бөлiмшелердiң басшылары мен мамандары лауазымы бойынша табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
      Осы бапта көрсетiлген лауазымды тұлғаларға қойылатын бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.

       29-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң,
              мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк
              қорық аймақтарының мемлекеттік табиғи-қорық
              қорының табиғи кешендерi мен объектілерiн қорғау

      1. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк қорық аймақтарының мемлекеттiк табиғи-қорық қорының мемлекеттік орман қорының жерлерiнде және оларға iргелес жерлерде орналасқан табиғи кешендерi мен объектiлерiн қорғауды мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметтерi, жерлердiң басқа санаттағы жерлерiнде - табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи қаумалдарды және мемлекеттік қорық аймақтарын қорғау мақсатында оларды мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемелерiне, табиғат қорғау мекемелерiне бекiтiп беру уәкiлеттi органның, өздерiнiң құзыретi шегiнде облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен жүргiзiледі.

       30-бап. Табиғат қорғау мекемелерi мемлекеттiк инспекторларының құқықтары мен актiлерi

      1. Табиғат қорғау мекемелерi мемлекеттiк инспекторларының оларды аумағы мен күзет аймақтарының шекарасында:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүрген адамдардан осында болу құқығына берiлген рұқсатты тексеруге;
      2) табиғат қорғау мекемесiнiң, оның күзет аймағының аумағында орналасқан жеке және заңды тұлғалардың жүзеге асырып жатқан табиғат пайдаланудың, шаруашылық және өзге қызметтiң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, орман заңнамасының талаптарына сәйкес келуiн тексеру үшiн олардың кез-келген объектiлерiнде тосқауылсыз болуға;
      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен тоқтата тұруға немесе тоқтату туралы сот органдарына ұсыныстар енгiзуге;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзу салдарынан келтiрiлген нұқсанның мөлшерiн анықтауға және осының негiзiнде кiнәлi тұлғаларға осы нұқсанды ерiктi түрде өтеу туралы талап қоюға не сотқа талап-арыз беруге;
      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайларда осы Заңмен көзделген мемлекеттiк инспекторлардың актерлерiн жасауға және шаралар қолдану үшiн тиiстi органдарға жiберуге;
      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта, оның күзет аймағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзған адамдарды ұстауға және осы тәртiп бұзушыларды құқық қорғау органдарына жеткiзуге;
      8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың, оның күзет аймағының аумағында көлiк және су жүзу құралдарын тоқтатуға, оларға тексеру жүргiзуге;
      9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылардан атыс қаруын, заңсыз олжаланған өнiмдi және оны олжалау құралын, көлiк құралдарын алып қоюға және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен олардың бұдан былай кiмге тиесiлi болатыны мәселесiн шешуге;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен арнайы құралдар мен қызмет қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiлеген тәртiппен нысанды киiм (погонсыз) киiп жүруге құқығы бар.
      2. Табиғат қорғау мекемелерi мемлекеттiк инспекторларының iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) және олардың шешiмдерiне жоғары тұрған мемлекеттік органдарға немесе сотқа шағым айтылуы мүмкiн.
      3. Табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк инспекторлары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген тәртiппен нысанды киiммен (погонсыз), арнайы құралдармен және қызметтiк қарумен қамтамасыз етіледi.
      4. Табиғат қорғау мекемелерiнiң мемлекеттiк инспекторлары өздерiнiң құзыретiне сәйкес мынадай актiлер шығарады:
      1) хаттамалар:
      әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы;
      сот шешiм шығарғанға дейiн уақытша сақтау үшiн атыс қаруын, олжалау құралдарын және заңсыз олжаланған өнiмдi, көлiк және суда жүзу құралдарын алып қою туралы;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы, орман заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы нұсқаулықтар.

      7-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
               қаржыландыру жүйесi

      31-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру
              көздерi

            
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру:
      1) республикалық бюджеттiң қаражаты;
      2) табиғат қорғау мекемелерiнiң қаражаты;
      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларының гранттары, қаражаты, заңды және жеке тұлғалардың ерiкті жарналары және қайырымдылық қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

       32-бап. Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын
              табиғи аумақтарды дамыту және күтiп ұстау
              жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру

      Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан дамыту және күтiп ұстау жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру олардың санаттарына байланысты:
      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларын; осы аумақтарды құру мен кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту кезiнде, сондай-ақ осы аумақтарды құру және кеңейту үшiн жер қалдыру кезiнде жер учаскесiн алуға байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды жабу және залалдарды өтеу;
      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарында меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн шектеу жөнiндегi шығындарды жабу және залалдарды өтеу;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбелерiн жүргiзу;
      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен оның күзет аймағының шекарасын жергiлiктi жерде бөлу жөнiнде жұмыстар жүргiзу;
      6) әкiмшiлiк-шаруашылық, ғылыми, ақпараттық-ағартушылық, рекреациялық және туристiк мақсаттағы объектiлер мен құрылыстар салу және қайта жаңарту;
      7) штат санын ұстау;
      8) мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау және қалпына келтiру;
      9) ғылыми, экологиялық-ағартушылық, оқу, туристiк және рекреациялық қызмет жүргiзу жөнiндегi iс-шараларға бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

       33-бап. Заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын
      табиғи аумақтардың мемлекеттiк табиғи-қорық қоры
      объектiлерiн қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi
      iс-шараларды қаржыландыру

      Заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыруды оларға бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерi, орман шаруашылығының мемлекеттiк мекемелерi өздерiне осы мақсаттарға бөлiнетiн бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырады.

       34-бап. Табиғат қорғау мекемелерiнің қаражаты

      1. Табиғат қорғау мекемелерiнiң қаражаты олардың қызмет бағыты мен күзет режимiне байланысты олардың негiзгi қызметiне жатпайтын, ақысы мiндеттi сипатта болмайтын әрi жеке және заңды тұлғалармен арадағы келiсiм бойынша айқындалатын мынадай тауарларды (жұмыстар мен қызметтердi) өткiзу:
      1) жеке және заңды тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерiн оқу, туристiк және рекреациялық мақсаттарда пайдалануы кезiнде оларға ақылы қызметтер көрсету, соның iшiнде:
      оқушылар мен студенттердiң оқу экскурсиялары мен сабақтарын, өндiрiстiк практикаларын, қорық iсi, қоршаған ортаны қорғау, орнықты табиғат пайдалану саласында ғылыми кадрлар даярлауды, мамандарды қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру мен өткiзу;
      туристiк соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлiк тұрақтарын, кемпингтер, шатырлы лагерьлер немесе оларды орналастыратын орындар; мейманханалар, мотельдер, туристiк базалар, қоғамдық тамақтандыру, сауда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқаруындағы басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер немесе оларды орналастыратын орындар беру; ерекше қорғалатын табиғи аумақта құбырлар, электр қуатын беру және байланыс желiлерiн, жолдар (жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан басқа) орналастыру жөнiнде қызметтер көрсету; туристік құрал-жабдықтар беру;
      әуесқойлық (спорттық) аң және балық аулауды өткiзу;
      мемлекеттiк табиғи-қорық қоры, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектiлерiнде, табиғат мұражайларында және жанды табиғат мүйiстерiнде болу және оларды зерделеу кезiнде жолсерiктер, экскурсия ұйымдастырушылар, жол нұсқаушылар мен аудармашылар қызметтерiн көрсету, кино, бейне және фото таспаларына түсiру;
      пайдалануға берiлген аумақтар мен объектiлердi санитарлық тазарту және көркейту жөнiнде, сондай-ақ бөтен ұйымдардың аумақтарын көркейту және көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргiзу жөнiнде қызметтер;
      қоғамдық тамақтандыру объектiлерi үшiн өнiм өндiру жөнiнде қызметтер;
      көлiк қызметтерiн көрсету;
      2) шектеулi шаруашылық қызметiнен, соның iшiнде:
      кәдесый өнiмдерiн өндiруден;
      аралық мақсатта пайдалану және басқа да мақсаттарда ағаш кесуден тауарлар, олардан алынған сүректi өңдеу өнiмдерiн өткiзуден;
      жанама орман пайдаланудан және оны өңдеу өнiмдерiнен;
      көшет материалын өсiруден түсетiн табыстар;
      шектеулi шаруашылық қызмет тауарларын өткiзуден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жерлерде қорғаныштық және көгалдандыру екпелерiн құрудан;
      балық шабақтарын өсiруден;
      жеке және заңды тұлғалармен рекреациялық, туристiк және шектеулi шаруашылық мақсаттарда жасалатын бiрлескен қызмет туралы шарттар бойынша өнiм өндiруден және қызмет көрсетуден алынған табыстар;
      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәмiздерiн пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы;
      4) баспа, кәдесый және басқа да көбейтiлген өнiм өндiруден алынған табыстар;
      5) заңды және жеке тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырымдылық қаражаты есебiнен қалыптасады.
      2. Табиғат қорғау мекемелерiнiң өздерiнiң қарауында қалатын олардың тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткiзуiнен алынған ақша Бюджет кодексiне сәйкес және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен пайдаланылады.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызмет түрлерiнен табыс табу мақсатыңда табиғат қорғау мекемелерi мемлекеттiк сатып алу бойынша конкурстарға қатыса алады.

       8-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
               халықаралық ынтымақтастық

       35-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
              халықаралық ынтымақтастық

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

       2-БӨЛIМ. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН
               ТҮРЛЕРIН, МЕМЛЕКЕТТIК ТАБИҒИ-ҚОРЫҚ ҚОРЫ
               ОБЪЕКТIЛЕРIН ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕЛIГЕ ЕНЕТIН
               ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ,
               ҚОРҒАУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIНIҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

       9-тарау. Мемлекеттiк табиғи қорықтар

       36-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтар ұғымы және
              олардың негiзгi қызметi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорық - табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметiнiң мақсаты өзiнiң аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiн, өсiмдiктер мен жануарлардың жекелеген түрлерi мен қауымдастықтарын, әдеттегi және бiрегей экологиялық жүйелердi сақтау мен зерттеу және оларды қалпына келтiру болып табылады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың негiзгi қызметiне:
      1) мемлекеттiк табиғи қорық пен оның күзет аймағының биологиялық сан алуандығын қорғау және қалпына келтiру режимiн қамтамасыз ету;
      2) табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса алғанда, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерiн, объектiлерiн зерделеу және олардың мониторингі жөнiнде ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу;
      3) экологиялық-ағартушылық қызмет жүргiзу;
      4) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер етуi мүмкiн шаруашылық және өзге объектiлердi орналастыру жобалары мен сызбаларының мемлекеттiк экологиялық сараптамасына қатысу;
      5) мемлекеттік табиғи қорық пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми және шектеулi туристiк мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.

       37-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтың бүкiл аумағында қорықтық күзет режимi белгiленедi, ол бойынша:
      1) аумақтың гидрологиялық режимiн өзгертетiн iс-әрекеттерге;
      2) мемлекеттік табиғи қорықтың жұмыс iстеуiмен байланысты емес үй-жайлар, құрылыстар, жолдар, құбырлар, электр желiлерiн және басқа да коммуникациялар мен объектiлер салуға;
      3) геологиялық-барлау жұмыстарына және пайдалы қазбалар өндiруге;
      4) топырақ қабатын бүлдiруге, минералдар шығымын бұзуға және тау жыныстарын жалаңаштауға;
      5) санитарлық мақсатта ағаш кесудi және күтiм жасау мақсатында ағаш кесудi қоса есептегенде орман пайдаланудың барлық түрлерiне, тағамдық, дәрi-дәрмектiк және техникалық өсiмдiктер, гүлдер, тұқымдар дайындауға, шөп шабуға, мал жаюға және өсiмдiктер қабатының бұзылуына әкеп соғатын өсiмдiктер дүниесiн пайдаланудың басқа түрлерiне;
      6) мемлекеттiк табиғи қорықтың күзет аймағында тұратын жергiлiктi халықтың мұқтажы үшiн арнайы бөлiнген учаскелерде уәкiлетті орган белгiлеген тәртiппен рұқсат етiлетiн әуесқойлық балық аулауды қоспағанда, аң аулау мен балық аулауға;
      7) жануарларды аулауға және жойып жiберуге, олардың мекендеу ортасы мен жағдайларын бұзуға;
      8) жануарлар мен өсiмдiктердiң жаңа түрлерiн жерсiндiруге, жануарлардың жекелеген түрлерiнiң санын жерлердiң табиғи сыйымдылығы бойынша жол берiлетін мөлшерден артық көбейтуге;
      9) мемлекеттiк табиғи қорықтың коллекцияларын қалыптастыруды қоспағанда, коллекциялық материалдар жинауға;
      10) зиянкестермен, өсiмдiктер мен жануарлардың ауруларымен күрестiң, сондай-ақ жануарлар санын реттеу үшiн химиялық және биологиялық әдiстердi қолдануға;
      11) үй жануарларын айдап өтуге;
      12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген нормадан асып түсетiн жасанды жолмен жасалатын у-шуға және өзге де дыбыстық әсерлерге;
      13) егер қызмет қорғалатын ландшафтардың табиғи көрiнiсiн өзгертуi немесе экологиялық жүйелердiң орнықтылығын бұзуы не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндiруi мүмкiн болса, осындай қызметке тыйым салынады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумағында орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзуге жол берiледi.
      3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында олардың қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтардың немесе қарауында осы мемлекеттiк табиғат-қорықтар бар мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi және уәкілеттi тұлғалары болып табылмайтын лауазымды тұлғалардың болуына осы органдардың немесе мемлекеттiк табиғи қорықтар дирекцияларының рұқсаттары болған кезде ғана жол берiледi.
      4. Қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде тұратын белгiлi бiр дiнге сенушiлердiң құрмет тұтатын жерлерге (құлшылық ету орындары) қорық аумағы арқылы өтетiн жолдармен баруын қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтың әкiмшiлiгi тиiстi дiни бiрлестiкпен келiсiм бойынша мемлекеттiк табиғи қорық инспекторларының бастап жүруiмен осы орындарға топталып баруға немесе осы орындарға топталып жақын келуге тегiн және арнайы рұқсатсыз рұқсат етуi мүмкiн.

       38-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми қызметтi
              ұйымдастыру мен жүргізу тәртiбi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми қызмет мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiн зерттеу жөнiнде тұрақты байқаулар, Табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса есептегенде табиғи процестердiң мониторингiн ұйымдастыру, сондай-ақ биологиялық сан алуандықты сақтаудың және мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiн қалпына келтiрудiң ғылыми негiздерi мен әдiстерiн әзiрлеу жолымен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу үшiн қажеттi үй-жайлармен және жабдықтармен қамтамасыз етiлетiн ғылыми қызметкерлердiң тиiстi штаты бар ғылыми құрылымдық бөлiмшелер қалыптастырылады.
      3. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың ғылыми бөлiмшелерi осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ғылыми зерттеулерден басқа сондай-ақ ғылым және бiлiм саласындағы орталық атқарушы органмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган бекiткен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына сәйкес ғылыми зерттеулер жүргiзуi мүмкiн.
      4. Бөтен ғылыми ұйымдар мен жекелеген ғалымдар мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумақтарында уәкiлеттi органмен келiсе отырып мемлекеттiк табиғи қорықтың әкiмшiлiгімен шарттық негiзде ғылыми зерттеулер жүргiзе алады.
      5. Ғылыми зерттеулердiң жоспарларын, ғылыми қызметкерлердiң есептерiн қарау және бекiту үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми-техникалық кеңестер құрылады, олардың құрамына басқа ұйымдардың ғылыми қызметкерлерi мен мамандары кiре алады.
      6. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың ғылыми қорлары мерзiмсiз сақталуға жатады.
      7. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың өздерiнiң ғылыми еңбектерiн басып шығаруға құқығы бар.
      8. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумағында ғылыми жұмыстарды жоспарлау мен жүргiзу жануарларды алаңдататын, күйзелтетiн, өлiм-жiтiмге ұшырататын және өсiмдiктердi, соның iшiнде Қазақстанның Қызыл кiтабына енгiзiлген түрлерiн жойып жiберетiн зерттеулердiң адамгершiлiкке жат, қатыгез әдiстерiн қолданбай жүзеге асырылуға тиiс.

       39-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметi:
      қорықтардың биологиялық сан алуандықты сақтау функцияларын орындауының қажеттi шарты ретiнде қорық iсi идеяларын халықтың қалың топтарының қолдауын қамтамасыз ету;
      экологиялық мәдениеттi қалыптастыру мен дамыту мақсаттарында жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда экологиялық-ағартушылық шараларын жүргiзу үшiн мұражайлар, экспозициялар, көрсету учаскелерi және басқа да қажет объектiлер құрылуы мүмкiн.
      3. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ерекше құнды экологиялық жүйелер мен объектiлердi қамтымайтын арнайы бөлiнген учаскелерде уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен реттелмелi экологиялық (мәдени-танымдық) туризм өткiзу үшiн экскурсиялық соқпақтар мен маршруттар құруға жол берiледi.
      4. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметi олардың штаттағы мамандарымен, сондай-ақ сырттан тартылатын мамандармен және қоғамдық ұйымдармен қамтамасыз етiледi.

       40-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарының режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында:
      1) жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;
      2) мемлекеттiк табиғи қорығының экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн кәсiпорындар, құрылыстар және басқа да объектiлер орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;
      3) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн зәрлi улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;
      4) атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
      5) пайдалы қазбалар өндiруге;
      6) аң аулауға;
      7) радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;
      8) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiнiң гидрологиялық режимiн өзгертетiн қызметке (плотиналар, бөгеттер, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға душар ететiн басқа да объектiлер салуға);
      9) жабайы жануарлар мен жабайы өсетiн өсiмдiктердiң жат түрлерiн жерсiндiруге;
      10) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн басқа қызметке тыйым салынады.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында қорықтың экологиялық жүйелерiнiң жай-күйiне терiс әсер етпейтiн шаруашылық қызметтiң мынадай әртүрлi нысандары жүзеге асырылуы мүмкiн:
      1) орман шаруашылығы қызметi;
      2) дәстүрлi жер пайдалану және биологиялық сан алуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгін қамтамасыз ету шеңберiндегi өзге қызмет;
      3) рекреациялық қызмет және туризм;
      4) минералдық суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
      5) кәсiпшiлiк және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
      6) орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жерде және авиациялық жұмыстар жүргiзу;
      7) бүлiнген жерлердi рекультивациялау;
      8) орман және өзге өсiмдiк қауымдастықтарын қалпына келтiру;
      9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтiру;
      10) жер учаскелерiн туристер болатын жерлердi көркейту, өсiмдiктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетiн және құрып бара жатқан түрлерiн өсiруге жасанды жолмен көбейту, өсiру, өндiру үшiн питомниктер салу, мемлекеттiк табиғи қорық қызметкерлерiнiң тұруы үшiн қызмет үй-жайларын (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер телiмдерiн беру үшiн пайдалану.
      3. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында 2-тармақта көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi объектiлерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құндылықты құрайтын учаскелердiң, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорық қорының өзге объектiлерiнiң қол сұқпаушылық сипаты қамтамасыз етiлуге тиiс.
      4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында жер учаскелерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн шектеу облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.

       10-тарау. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар және
                мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар

       41-бап. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ұғымы және
              олардың негізгi қызметi

      1. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақ - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорығының бiрегей табиғи кешендерi мен объектiлерiнiң биологиялық және ландшафтық сан алуандығын сақтауға, оларды табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристiк және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың негiзгі қызметiне:
      1) мемлекеттiк табиғи-қорық қорығының табиғи кешендерiн, бiрегей және эталондық табиғи учаскелерiн, объектiлерiн, табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтау;
      2) мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ пен оның күзет аймағының күзет режимiн қамтамасыз ету;
      3) экологиялық ағартушылық;
      4) биологиялық сан алуандықты сақтаудың ғылыми әдiстерiн әзiрлеу;
      5) Табиғат жылнамасы бағдарламасы бойынша экологиялық жүйелер мен жекелеген табиғи объектiлердiң мониторингiн жүргізу;
      6) мемлекеттiк табиғи-қорық қорығының бүлiнген табиғи кешендерiн, объектiлерiн, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қалпына келтiру;
      7) мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақ пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми, рекреациялық, туристiк  және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.

       42-бап. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар аумағын
              аумақтау, оны күзету және пайдалану режимi

      1. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар аумағында мынадай:
      1) қорық режимi;
      2) экологиялық тұрақтану;
      3) туристiк және рекреациялық қызмет;
      4) шектеулi шаруашылық қызмет аймақтары бөлектенедi.
      2. Қорық режимi аймағында кез-келген шаруашылық қызметке және мемлекеттік табиғат-қорық қорығының аумағын рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 36-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттiк табиғи қорығының режимiне сәйкес келетiн қорықтық күзет режимi белгiленедi.
      3. Қатаң түрде реттелiп отыратын экологиялық туризмдi және мемлекеттiк табиғи-қорық қорығының бүлiнген табиғи кешендерi мен объектiлерiн қалпына келтiру жөнiнде iс-шаралар жүргiзудi қоспағанда, экологиялық тұрақтану аймағында шаруашылық және рекреациялық қызметке тыйым салынып, қорықтық күзет режимi белгiленедi.
      4. Туристiк және рекреациялық қызмет аймағы мемлекеттiк ұлттық табиғи саябаққа келушiлердiң реттелмелi қысқа мерзiмдi демалысы мен ұзақ мерзiмдi демалысы учаскелерiне бөлiнедi.
      Туристiк және рекреациялық қызмет аймағында мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектілерін сақтауды қамтамасыз ететiн тапсырыстық күзет режимi белгiленедi, оның аумағында реттелмелi туристiк және рекреациялық пайдалануға (аң аулаудан басқа), соның iшiнде рекреациялық жүктемелер нормаларын ескере отырып туристiк маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын құруды ұйымдастыруға жол берiледi.
      5. Шектеулi шаруашылық қызмет аймағында әкiмшілік-шаруашылық мақсаттағы объектiлер орналастырылады, әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулауды ұйымдастыруды қоса есептегенде, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақты күзету және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, оның келушілерiне қызмет көрсету үшiн қажет шаруашылық қызмет жүргізiледi, рекреациялық орталықтар, мейманханалар, кемпингтер, мұражайлар және туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн салу және оларды пайдалану жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың барлық аймақтарында оны басқару жоспарында көзделген қорғаныштық және қалпына келтiру iс-шаралары жүргiзiледi.
      7. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарда осы Заңның 37 және 38-баптарымен мемлекеттiк табиғи қорықтар үшiн көзделген тәртiппен ғылыми және экологиялық-ағартушылық қызмет жүзеге асырылады.

       43-бап. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың туристiк және рекреациялық қызметiнiң ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың аумақтарында реттелмелi туризм мен рекреацияны туристiк операторлық қызметке лицензиясы болған жағдайда уәкілеттi орган бекiтетiн ережелерге сәйкес:
      тiкелей мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар;
      заңды тұлғалар мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтармен жасалатын реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға табиғат қорғау мекемесi беретiн рұқсаттың және/немесе шарттардың негiзiнде жүзеге асырады. Аталған рұқсаттар және/немесе шарттар қарауында мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар бар мемлекеттік органдарда келiсiп алынуға жатады.
      2. Реттелмелi туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар жалға алу шартының негiзiнде туристік, рекреациялық және шектеуіш шаруашылық қызмет аймақтарында заңды тұлғаларға жер учаскелерiн, оларда орналасқан туристiк маршруттарды, соқпақтарды, демалу алаңқайларын, тамашалау алаңдарын, үй-жайлар мен құрылыстарды бере алады.
      Жер учаскелерiн жалға алу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелуге жатады.
      3. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар аумағында реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн жер учаскелерiн, туристiк маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайларын, тамашалау алаңдарын, үй-жайлар мен құрылыстарды жалға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ережелермен айқындалады.

       44-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың шектеулi
              шаруашылық қызметiнiң ерекшелiктерi

      1. Шектеулi шаруашылық қызметi аймағында мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
      1) жанама орман пайдалану (шектеулi мал жаю, шөп шабу, саңырауқұлақтарды, жемiстер мен жидектердi әуесқойлық мақсатта жинау);
      2) шектеулi дәстүрлi пайдалану алаңдарында ағаш және бұта тұқымдарының екпе материалдарын, дәрi-дәрмектiк шөптер және басқа да өсiмдiктер өсiру;
      3) өтпелi мақсатта ағаш кесудi қоспағанда, санитарлық мақсатта ағаш кесудi, күтiм жасау мақсатында ағаш кесудi жүргiзу және бұл орайда алынған сүректi өңдеу;
      4) кәдесыйлар, шағын және халықтық кәсiпшiлiктер өнiмдерiн өндiру;
      5) абориген түрлердiң балық шабақтары мен тауарлы балығын өсiру;
      6) жылжымалы омарта павильондары пайдаланылатын көшпелi омарташылық;
      7) әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулау.
      2. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың шектеулi шаруашылық қызметi мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтауды және қалпына келтiрудi ескере отырып және өздерi қарауында болатын мемлекеттiк органдардың тиiстi рұқсаттары бойынша жүзеге асырылады.

       45-бап. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың күзет
              аймақтарының режимi

      1. Мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтың күзет аймағында:
      табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететiн жер пайдаланушылардың дәстүрлi шаруашылық қызметiнiң негiзгi түрлерiне рұқсат етiледі;
      осы Заңның 40-бабының 1-3-тармақтарымен белгiленген мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтың экологиялық жүйелерiне терiс әсер ететiн табиғат пайдалану мен шаруашылық қызмет түрлерiнiң түрлерiне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
      2. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың күзет аймағындағы шаруашылық қызметiне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.

       46-бап. Мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар

      1. Мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақ нақ сол мақсаттарды алға қоятын және нақ сол мiндеттердi орындайтын режимi бар, бiрақ табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi берiлген жергіліктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтың нұсқасы болып табылады.
      2. Мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтарда осы Заңның 42 және 45-баптарымен белгіленген тәртiппен мемлекеттiк табиғи-қорық қоры табиғи кешендерiнiң, объектiлерiнiң, табиғи және тарихи-мәдени мұраның нақ сондай күзет аймақтары бөлiнедi және нақ сондай режимi белгіленедi.
      3. Мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар осы Заңның 42-45-баптарымен мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар үшiн көзделген тәртiппен пайдаланылады.

      11-тарау. Мемлекеттiк табиғи резерваттар

       47-бап. Мемлекеттiк табиғи резерваттар ұғымы,
              негiзгi қызметi және оларды аймақтау

      1. Мемлекеттiк табиғи резерват - табиғи кешендердiң биологиялық сан алуандығын және олармен байланысты табиғи және тарихи-мәдени объектiлердi қорғауға, қалпына келтiруге және сақтауға арналған жердегi және судағы экологиялық жүйелердi қамтитын табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Мемлекеттiк табиғи резерваттардың негiзгі қызметiне:
      1) биологиялық және ландшафтық сан алуандықты, табиғи экологиялық жүйелерді сақтау және қалпына келтiру;
      2) мемлекеттік табиғи резерваттың күзет режимiн қамтамасыз ету;
      3) табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық-экономикалық принципi негiзiнде аумақтың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау;
      4) аумақты қорғау және орнықты дамыту, сондай-ақ экологиялық ағартушылық және тәрбие беру мақсаттарында зерттеулер мен мониторинг өткiзу;
      5) мемлекеттік табиғи резерват пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағарту, ғылыми, рекреациялық, туристiк және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
      3. Мемлекеттiк табиғи резерваттың аумағы мынадай қорғау мен пайдалану режимдерi әртүрлi аймақтарға бөлiнедi:
      1) қорық режимi аймағы (ұйытқы аймақ) - осы мақсаттарға қол жеткiзу үшiн көлемi жеткiлiктi, генетикалық ресурстарды, биологиялық сан алуандықты, экологиялық жүйелер мен ландшафтарды ұзақ мерзiмдi сақтауға арналған;
      2) аралық аймақ - экологиялық бағдар ұстанған шаруашылық қызметтi жүргiзу және биологиялық ресурстарды орнықты түрде молықтыру үшiн пайдаланылатын аумақ учаскесi.

       48-бап. Мемлекеттiк табиғи резерваттың қорық режимiнiң
              аймақ режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи резерваттың қорық режимiнiң аймағында, табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса алғанда, табиғи ортаның жай-күйiне ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргiзiледi; экологиялық-ағартушылық iс-шаралар жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимiнiң аймағында кез-келген шаруашылық қызметке және аумақты рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 37-бабының 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік табиғи қорық режимiне сәйкес келетiн қорықтық күзет режимi белгіленедi.

       49-бап. Мемлекеттiк табиғи резерваттың аралық аймақ режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи резерваттың аралық аймағында шектелетiн, реттелетiн және ұйытқы аймағының экологиялық жүйелерiне терiс әсер етпейтiн мынадай әртүрлі қызмет нысандары жүзеге асырылуы мүмкiн:
      ғылыми зерттеулер және мамандар оқыту және даярлау орталықтарын ұйымдастыру;
      қоршаған орта мониторингi және экологиялық жүйелердiң өзгеруiн бақылау;
      орман шаруашылығы қызметi, өртке қарсы iс-шаралар және орман алаптарын қорғау;
      ұйытқының биологиялық сан алуандығын ұзақ мерзiмдi сақтауды және оның зақымданбауын және тұтастай алғанда мемлекеттік табиғи резерваттың экологиялық жүйелерiнiң орнықтылығын қамтамасыз ету шеңберiнде дәстүрлi жер пайдалану;
      биологиялық және ландшафтық сан алуандықты, табиғи экологиялық жүйелердi қалпына келтiру жөнiндегі iс-шараларды кеңiнен жүргiзу;
      уәкiлетті орган бекiткен рекреациялық жүктемеге (туристер қабылдау мүмкiндiгiне сәйкес) бақыланып және реттелiп отыратын рекреациялық пайдалану, туризм;
      минералды сулар мен шипалы ресурстарды пайдалану;
      экологиялық ағартушылық, оқыту бағдарламаларын жүргiзу, көрсету учаскелерiн және экологиялық тұрғыдан алғанда жанашырлықпен табиғат пайдалану менеджментiн ұйымдастыру.
      2. Мемлекеттiк табиғи резерваттың аралық аймағында ұйытқы аймағының экологиялық жүйесiнiң жай-күйiне терiс әсер етуi мүмкiн қызметке, атап айтқанда:
      жаңа елдi мекендер құруға;
      өнеркәсiп объектiлерiн орналастыруға және пайдалануға;
      өндiрiстiк объектiлер салуға және пайдалануға;
      геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзуге және пайдалы қазбалар игеруге;
      басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге;
      өсiмдiктер мен жануарлардың жаңа түрлерiн жерсiндiруге;
      ұйытқы аймақ пен аралық аймақ аумағының гидрологиялық режимiн өзгертетiн әрекеттерге;
      ұйытқы аймақтың экологиялық жүйесiне әсер етуi мүмкiн өзге де қызметке тыйым салынады.
      3. Мемлекеттiк табиғи резерваттарда осы Заңның 38 және 39-баптарымен белгiленген тәртiппен ғылыми және экологиялық-ағарту қызметi жүзеге асырылады.

       50-бап. Мемлекеттiк табиғи резерваттардың
              күзет аймақтарының режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи резерваттың күзет аймағында:
      табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететiн жер пайдаланушылардың дәстүрлi шаруашылық қызметiнiң негiзгi түрлерiне рұқсат етiледi;
      осы Заңның 40-бабының 1-3-тармақтарымен белгiленген мемлекеттiк табиғи резерваттың экологиялық жүйелерiне терiс әсер ететiн табиғат пайдалану мен шаруашылық қызмет түрлерiне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
      2. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың мемлекеттiк табиғи резерваттың күзет аймағындағы шаруашылық қызметiне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.

      12-тарау. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары

       51-бап. Мемлекеттiк хайуанаттар саябағы ұғымы және оның
              мiндеттерi

      1. Мемлекеттiк хайуанаттар саябағы - мәдени-ағарту, ғылыми, оқу және табиғат қорғау қызметiне, тектiк қорды сақтауға және әдеттегi, сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген түрлерiн жасанды орта жағдайында өсiруге арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарының негiзгi қызметiне Қазақстанның жануарлар дүниесiн сақтаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың, дүниежүзiлiк маңызы бар Қазақстан фаунасының ресурстарын игерудiң ғылыми негiздерiн әзiрлеу жатады.

       52-бап. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарын аймақтау
              және оларды күзету ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарында мынадай:
      1) экспозициялық - жануарларды бағуға және өсiруге, сондай-ақ келушiлердiң келуiне;
      2) ғылыми - ғылыми зерттеулер жүргiзуге;
      3) қоғамдық - келушiлерге қызмет көрсетуге арналған;
      4) әкiмшiлiк және өндiрiстiк-шаруашылық аймақтар бөлiнедi.
      2. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында олардың мiндеттерiн орындаумен байланысты емес және оларда күтiп-бағылатын жануарлардың өлiм-жiтiмiне әкеп соғуы мүмкiн кез-келген әрекетке тыйым салынады. 

       53-бап. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарында жануарлар өсiру

      1. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары отандық және дүниежүзiлiк фаунадан жануарлар коллекцияларын қалыптастырады және олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары Жойылып кету қатерi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдерi мен талаптарын сақтай отырып, белгiленген тәртiппен жануарлармен импорттық және экспорттық операцияларды, оларды хайуанаттар бағытындағы басқа мекемелермен айырбастауды жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарында ветеринариялық және зоотехникалық қызметтер, сирек кездесетiн және жойылып кету қатерi төнген жануарлар түрлерiн өсiруге арналған питомниктер құрылады.

       54-бап. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарын
              пайдалану ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
      2. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарында жануарларды, соның iшiнде Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізiлген жануарларды қамауда немесе жартылай қамау жағдайларында ұстау және өсiру саласында ғылыми зерттеулер жүргізiледi.
      3. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтары ғылыми деректер банктерiн, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кiтапханалар мен мұрағаттар құра алады, ғылыми, ғылыми-көпшiлiк және осы мекемелердiң қызметi мәселелерi бойынша басқа да әдебиет шығаруы мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарының қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, хайуанаттар дүкендерi және осы мекемелердiң бағытына сәйкес келетiн, бiрақ олардың негiзгi қызметiне жатпайтын шаруашылық қызметi үшiн қажет басқа да объектiлерi болуы мүмкiн.

      13-тарау. Мемлекеттiк ботаникалық бақтар

       55-бап. Мемлекеттiк ботаникалық бақ ұғымы және
              оның негiзгi қызметi

      1. Мемлекеттiк ботаникалық бақ - өсiмдiктер дүниесiн, соның iшiнде өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және жойылып кету қатерi төнген өсiмдiктер түрлерiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген түрлерiн қорғау, молықтыру және пайдалану жөнiнде зерттеулер мен ғылыми талдамалар өткiзуге арналған табиғат қорғау және ғылыми мекемелер мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Мемлекеттік ботаникалық бақтардың негiзгi қызметiне Қазақстанның өсiмдiктер дүниесiн сақтаудың, молықтырудың және пайдаланудың, дүниежүзiлiк маңызы бар Қазақстанның флора ресурстарын игерудiң ғылыми негiздерiн әзiрлеу жатады.

       56-бап. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарды аймақтау және
              оларды күзетудiң ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарда мынадай:
      1) экспозициялық - өсiмдiктердi өсiруге және келушiлердiң келуiне;
      2) ғылыми - өсiмдiктердiң тектiк қорының коллекцияларына ғылыми зерттеулер жүргізуге және оларды сақтауға;
      3) қоғамдық - келушiлерге қызмет көрсетуге арналған;
      4) әкiмшiлiк және өндiрiстiк-шаруашылық аймақтар бөлiнедi.
      2. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда олардың мiндеттерiн орындаумен байланысты емес және оларда өсiрiлетiн өсiмдiктердiң құрып кетуiне душар етуi мүмкiн кез-келген әрекетке тыйым салынады.

       57-бап. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарда өсiмдiктер өсiру

      1. Мемлекеттiк ботаникалық бақтар табиғи, мәдени отандық және дүниежүзiлік флора өсiмдiктерiнiң коллекцияларын қалыптастырады және олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк ботаникалық бақтар жойылып кету қатерi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсiмдерi мен талаптарын сақтай отырып, өсiмдiктермен импорттық және экспорттық операцияларды, оларды ботаника бағытындағы басқа мекемелермен айырбастауды жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарда коллекциялық және эксперименталдық учаскелер, гербарийлер, питомниктер және тұқым қорлары құрылады.

       58-бап. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарды
              пайдалану ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк ботаникалық бақтар белгіленген тәртiппен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
      2. Мемлекеттiк ботаникалық бақтарда табиғи, мәдени, отандық және дүниежүзiлiк флораны жерсiндiру және оның селекциясы жөнiнде, сондай-ақ Қазақстан өсiмдiктерiнiң сан алуандығын зерттеу, сақтау және тиiмдi пайдалану жөнiнде ғылыми зерттеулер жүргiзiледi.
      Өсiмдiктердiң коллекциялық қорларын қалыптастыру, сақтау, пайдалану жөнiндегi ғылыми зерттеулер коллекциялық қорлар өсiрудi қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттiк тапсырыстар негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік ботаникалық бақтар ғылыми деректер банктерiн, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кiтапханалар мен мұрағаттар құра алады, ғылыми, ғылыми-көпшiлiк және осы мекемелердiң қызметi мәселелерi бойынша басқа да әдебиет шығаруы мүмкiн.
      4. Мемлекеттік ботаникалық бақтар орман, бақ-парк, ауыл шаруашылығына және басқа салаларға енгiзу мақсатымен ұсынылған жерсiндiрiлген өсiмдiктер мен олардың репродукцияларын өндiрiстік сынақтан өткiзу үшiн шаруашылық экспериментальдық базалар құра алады.
      5. Мемлекеттiк ботаникалық бақтардың қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, өсiмдiктер сататын мамандандырылған дүкендерi және осы мекемелердiң бағытына сәйкес келетiн, бiрақ олардың негізгi қызметiне жатпайтын шаруашылық қызмет үшiн қажет басқа да объектiлерi болуы мүмкiн.

      14-тарау. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар

       59-бап. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақ ұғымы және оның негiзгi қызметi

      1. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақ - ағаш және бұта тұқымдарын қорғауға, молықтыруға және пайдалануға арналған аймақтар бойынша белгiленген күзет режимдерi бар табиғат қорғау және ғылыми мекемелер мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақтардың негізгі қызметiне Қазақстанның өсiмдiктер дүниесiн сақтау, молықтыру және пайдалану, дүниежүзiлiк маңызы бар Қазақстан флорасының ресурстарын игеру жатады.

       60-бап. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақтарды аймақтау,
              оларды күзету және пайдалану ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақтарда мақсаты мен күзет режимдерi ескерiле отырып, мемлекеттік ботаникалық бақтардағыдай аймақтар бөлiнедi.
      2. Мемлекеттiк дендрологиялық саябақтар мемлекеттік ботаникалық бақтар сияқты тәртiппен және шарттармен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.

       15-тарау. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi

       61-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi ұғымы

      Мемлекеттік табиғат ескерткiшi - экологиялық, ғылыми, мәдени және эстетикалық тұрғыдан алғанда жекелеген бiрегей, орны толмайтын, құнды табиғи кешендердi, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне жатқызылған шығу тегі табиғи және жасанды объектiлердi қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.

       62-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн құру тәртiбi

      1. Осы Заңның 15-бабына сәйкес маңыздылығына байланысты мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жекелеген түрлерi, басқа да табиғи объектiлер мен кешендер республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi болып жарияланады.
      2. Республикалық және жергiлiкті маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарының шекарасы мен күзет режимiн облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар бекiтедi.
      3. Республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi мен олардың аумақтары қарауына тапсырылған тұлғалардың күзетуiне берудi уәкiлеттi орган, ал жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн - оларды ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа түрлерiнiң аумағында орналасқан мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi солардың құрамында ескерiледi.

       63-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткiштерi аумақтарының
              күзет режимi

      1. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң аумақтарында мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi сақталуының бұзылуына әкеп соғатын кез-келген қызметке тыйым салынып, мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимiне сәйкес келетiн қорықтық күзет режимi белгiленедi.
      2. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн күзету осы Заңның 28-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

       16-тарау. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар

       64-бап. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар ұғымы
              және олардың түрлерi

      1. Мемлекеттiк табиғи қаумал - мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бiр немесе бiрнеше объектiсiн сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтiң тапсырыстық режимi немесе реттелмелi режимi белгiленген ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
      2. Өздерiнiң функционалдық мақсаты бойынша мемлекеттiк табиғи қаумалдар мындай түрлерге бөлiнуi мүмкiн:
      кешендiк - ерекше құнды табиғи кешендердi сақтау және қалпына келтiру үшiн;
      биологиялық (ботаникалық, зоологиялық) - өсiмдiктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерiн сақтау және қалпына келтiру үшiн;
      палеонтологиялық - жануарлардың, өсiмдiктердiң және олардың жиынтықтарының қазып алынған қалдықтарын сақтау үшiн;
      гидрологиялық (батпақты, көлдi, өзендi) - сулы-батпақты жерлердiң құнды объектілерi мен кешендерiн сақтау үшiн;
      геоморфологиялық - сирек кездесетiн және бiрегей табиғи рельеф нысандарын сақтау үшiн;
      геологиялық және минералогиялық - сирек кездесетiн геологиялық және минералогиялық түзiлiмдердi сақтау үшiн;
      топырақтық - топырақтың әдеттегі және сирек кездесетiн түрлерiн сақтау үшiн.

       65-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар құрудың ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен пайдаланушыларынан барлық санаттағы жер учаскелерiн алмай-ақ осы учаскелерде жарияланады.
      Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мемлекеттiк табиғи қаумал орналасқан жер учаскесiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге мiндетті.
      Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың мемлекеттiк табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметiн шектеу Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен көздеген тәртiппен облыстық атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.
      2. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар жұмыс iстеу мерзiмi көрсетiлмей (мерзiмсiз), 10  жылдан астам уақытқа (ұзақ мерзiмдi) немесе 10 жылдан аз уақытқа (қысқа мерзiмдi) құрылады.
      3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерi, орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелерi осы Заңның 28-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерiнiң күшiмен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының оларда орналасқан объектiлерiн күзету және қалпына келтiру жөнiнде iс-шаралар ұйымдастырады.

       66-бап. Мемлекеттiк табиғи қаумалдардың күзет режимi
              мен оларды пайдаланудың ерекшелiктерi

      1. Егер кез-келген қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтауға қатер төндiрсе немесе оларды молықтыруды нашарлатып жiберсе, мемлекеттiк табиғи қаумалдарда мұндай қызметке тыйым салынады, атап айтқанда олар:
      кешендi мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - табиғи кешендердi сақтауға қатер төндiретiн шаруашылық қызмет, өсiмдiктер мен жануарлардың тегi бөтен түрлерiн жерсiндiру;
      зоологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - жануарлардың өлiм-жiтімiн туғызған немесе туғызуы мүмкiн басқа да әрекеттермен бiрдей дәрежеде аң аулау, балық аулау, кез-келген тәсiлдермен және құралдармен жабайы жануарларды олжалау, өсiмдiктер мен жануарлардың тегi бөтен түрлерiн жерсiндiру, ұяларды, iндердi, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдiру, жұмыртқа жинау;
      ботаникалық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - өсiмдiктердiң бүлiнуiн және жойылуын туғызған немесе туғызуы мүмкiн басқа да әрекеттермен бiрдей дәрежеде мал жаю, шөп шабу, ағаш кесудiң барлық түрлерi, гүлдер жинау, өсiмдiктердiң тамырларын, түйнектерiн және жуашығын қазып алу, от жағу, көлiк құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келiп кiруi және жүруi, өсiмдiктер мен жануарлардың тегі бөтен түрлерiн жерсiндiру;
      гидрогеологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндiру, үңгiрлердi бүлдiру, жер қазу жұмыстарын жүргiзу, табиғи гидрологиялық режимдi өзгертуi мүмкiн әрекеттер, мемлекеттiк табиғи қаумалдың табиғи компоненттерiн бүлдiруге немесе қиратуға байланысты iзденiстер мен ғылыми зерттеулер.
      2. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар режимiнiң ерекшелiктерi осы Заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес бекiтiлетiн паспортпен айқындалады.
      3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар осы Заңға сәйкес ғылыми, экологиялық-ағарту, туристiк, оқу және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн.
      Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар мемлекеттік табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметтi белгiленген шектеулердi сақтай отырып жүзеге асыра алады.

      17-тарау. Мемлекеттiк қорық аймақтары

       67-бап. Мемлекеттiк қорық аймағының ұғымы,
              мақсаттары мен мiндеттерi

      Мемлекеттік қорық аймағы - мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк табиғи резерваттар үшiн қалдырылған жер учаскелерi мен су айдындарында мемлекеттiк табиғи қорық қорының объектiлерiн сақтауға және/немесе биологиялық сан алуандықты сақтауға және қалпына келтiруге арналған теңдестiрiлген күзет режимдерi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.

     68-боп. Мемлекеттік қорық аймақтарын құру тәртібі 

      1. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды жер учаскелерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алмай, барлық санаттағы жер учаскелерiнде жарияланады.
      Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мемлекеттiк қорық аймағы орналасқан жер учаскесiн шектеулi түрде мақсатты пайдалану құқығын қамтамасыз етуге мiндетті.
      2. Мемлекеттiк қорық аймақтары бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерi, мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемелерi оларда орналасқан мемлекеттік табиғи қорық қорының объектiлерiн осы Заңның 28-бабымен белгiленген тәртiппен арнайы күзет қызметiнiң күштерiмен қорғау және қалпына келтiру жөнiнде iс-шаралар ұйымдастырады.

       69-бап. Мемлекеттiк қорық аймақтарын күзету және
              пайдалану ерекшелiктерi

      1. Егер кез-келген қызмет күзетiлетiн ландшафтардың табиғи келбетiн өзгертуi немесе экологиялық жүйелердiң тұрақтылығын бұзуы мүмкiн болса не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндiрсе, мемлекеттік қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
      2. Мемлекеттік қорық аймақтарында қорықтық және қаумалдық режимдi, сондай-ақ шаруашылық қызметтiң реттелмелi режимдi учаскелерi бөлiнедi.
      3. Мемлекеттiк қорық аймақтары оларды күзету режимдерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк қорық аймақтарында жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн шектеудi уәкiлеттi орган айқындап, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       18-тарау. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi

       70-бап. Мемлекеттiк орман қорының айырықша құнды екпелерi

      1. Мемлекеттiк орман қорының айырықша құнды екпелерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгiзiлуi не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуi мүмкiн айырықша құнды орман алқаптары, орман жемiсi екпелерi, тоғайлы және субальпiлiк орман алқаптары жатады:
      генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
      жаңғақ кәсiпшiлiгі аймақтары;
      субальпілік ормандар.
      2. Мемлекеттiк орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерiнде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзетудiң және пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимi белгiленедi.

       71-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер

      1. Өсiмдiктердiң немесе жануарлардың сирек кездесетiн, нәзiк немесе жойылып бара жатқан түрлерiнiң немесе қосымша түрлерiнiң, ең алдымен халықаралық ресурс болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетiн құстардың едәуiр дәрежеде жиынтық мөлшерiнiң резерваттары қызметiн атқаратын теңiз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендерi халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер болып табылады.
      2. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарға, мемлекеттiк табиғи резерваттарға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлерiне енгізiледi.
      3. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлерде осы Заңға және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес негiзiнен суда жүзетiн құстар мекендейтiн жерлердi күзетудi және қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн шаруашылық қызметтiң қорықтық және қаумалдық режимдерi немесе реттелмелi режимi белгiленедi.

       72-бап. Бiрегей табиғи су объектiлерi немесе олардың
              учаскелерi

      1. Бiрегей табиғи су объектiлерiне немесе олардың учаскелерiне теңiздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетiндегі су объектiлерi немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөлiктерi жатады.
      2. Бiрегей табиғи су объектiлерi немесе олардың учаскелерi олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң құрамына енгiзiледi, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерi құрылуы мүмкiн.
      3. Бiрегей табиғи су объектiлерiнде немесе олардың учаскелерiнде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететiн қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелi су пайдалану режимдерi белгiленедi.

       73-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және
             рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерi

      1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
      геологиялық объектiлер - тіреуiш немесе айырықша тiлiктер, айырықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетiн табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
      геоморфологиялық объектiлер - рельефтiң пайда болу процестерiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгірлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтiң басқа нысандары;
      гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек қасиеттермен ерекшеленетiн жер астындағы сулар және олардың жер бетiне шығатын жолдары;
      жартастағы суреттерi, ертеде кен өндiрiлген жерлерi және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.
      2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерiнде осы Заңға және жер қойнауын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiнiң сақталуына қатер төндiретiн кез-келген қызметке тыйым салынады.

       74-бап. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi

      1. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      2. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
      3. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң өлiм-жiтiмiне, санының қысқаруына немесе олар мекендейтiн ортаның бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттерге жол берiлмейдi.
      4. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң таралымын қалпына келтiру мақсаттары үшiн оларды олжалауға (аулауға, жинауға) мамандандырылған питомниктерде өсiрiп, кейiннен мекендейтiн ортасына шығару (алып барып шығару) үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша ерекшелiк жағдайларда жол берiледi.

       75-бап. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерi

      1. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiне ғылыми ынта туғызатын және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар бiрегей қасиеттерiмен (шығу тегiнiң тарихымен, өмiр ұзақтығымен, дiңiнiң, ұшарбасының пiшiмiмен және көлемiмен, гүлдерiнiң, жемiстерiнiң және тұқымдарының мөлшерiмен, басқа қасиеттерiмен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсiмдiктердiң табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетiн дара даналары және/немесе жекелеген топтары жатады.
      2. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi ретiнде бөлiп алу жерге орналастыру, орман орналастыру, қала салу жұмыстары кезiнде жүргiзiледi.
      3. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерi болып жарияланған ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

      19-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен
                байланысты экологиялық желi элементтерi

       76-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен байланысты экологиялық желi элементтерi ұғымы

      1. Өздерiнiң экологиялық жүйелерiнiң жай-күйi және өздерiнiң орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық сан алуандығын сақтауды қамтамасыз ететiн кеңiстік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су бетi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгi учаскелерінің жиынтығын білдiретiн табиғи кешендер экологиялық желi элементтерi болып табылады.
      2. Экологиялық желi элементтерiне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелерi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетiлетiн аймақтары, экологиялық дәлiздер, мемлекеттiк орман қоры, су қорғау аймақтары және су объектілерiнiң алаптары және басқа да қорғалатын табиғи объектілердің учаскелерi, соның iшiнде аң аулау алқаптары жатады.
      3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелерiн, мемлекеттiк орман қорын, су қорғау аймақтары және су объектiлерiнiң алаптарын, аң аулау алқаптарын белгiлеу және пайдалану тәртiбi арнайы заңнамамен реттеледi.

       77-бап. Экологиялық дәлiздер

     1. Экологиялық дәлiздер мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектілерiн, биологиялық сан алуандықты сақтау, қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтiн жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетiн өсiмдiктердiң таралу жолдарын қорғау мақсаттарында экологиялық желiнiң ерекше қорғалатын аумақтары мен басқа да элементтерi арасында кеңiстiк байланысты қамтамасыз ету үшiн құрылады.
      2. Экологиялық дәлiздер учаскелерiнде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтiн жерлерiнде олардың, қоныс аудару кезеңдерiнде олардың жүрiп өтетiн жолдарының сақталуын, жабайы өсiмдiктер өсетiн жерлердiң сақталуын қамтамасыз ететiн осы жерлердi пайдаланудың реттелмелi режимi белгiленедi.
      3. Экологиялық дәлiздердiң шекаралары мен алаңдарын, олардың күзет режимiн уәкiлетті органның ұсынымы бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар айқындайды.
      4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың аймақаралық схемалары, қала салуды жоспарлаудың кешендi схемалары және экологиялық дәлiздердiң аумағын қозғайтын өзге де қала салу құжаттамасы уәкiлеттi органмен келiсуге жатады.

      20-тарау. Қорытынды ережелер

       78-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзу келтiрген зиянды өтеу

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне нұқсан келтiрген заңды және жеке тұлғалар табиғат қорғау мекемелерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қалпына келтiруге жұмсалған шығындар мөлшерiнде зиянды келтiрiлген залалдарды ескере отырып, толық көлемiнде өтеуге мiндетті.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы, Қазақстан Республикасының өзге табиғат қорғау заңнамасын бұзу келтiрген зиянды өтеу ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи қорық қорын қалпына келтiруге жұмсалған нақты шығындар мөлшерiнде келтiрiлген нұқсандарды ескере отырып ерiктi түрде немесе сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.

       79-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

       80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңмен қолданысқа енгізiлетiн 29-бабын қоспағанда, ресми түрде жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.
      2. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 1997 жылғы 16 шiлдедегі Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 жыл, N 17-18, 215-құжат; 1999 жыл, N 11, 357-құжат; 2001 жыл, N 3, 20-құжат; N 24, 338-құжат; 2004 жыл, N 10, 37-құжат; N 24, 142-құжат) күшiн жойды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады