"Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар мен өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 18 ақпандағы N 106 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар мен өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк
басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар мен өзгерiс енгiзу туралы

       1-бап.  "Қазақстан Республикасындағы жергiліктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 3, 17-құжат; N 9, 86-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 10, 103-құжат; 2004 ж., N 10, 56-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 142-құжат; N 24, 144-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерiс енгiзiлсiн:
      9-бап "депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбi," деген сөздерден кейiн "мәслихаттағы депутаттық фракциялар мен топтардың өкiлеттiктерi, ұйымдастырылуы мен қызметi, олардың жұмысын қамтамасыз ету," деген сөздермен толықтырылсын;
      21-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) заңда белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң фракциялары мен депутаттық топтары түрiнде депутаттық бiрлестiктер құруға;";
      мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
      "22-1-бап. Мәслихаттардағы депутаттық бiрлестiктер
      1. Мәслихат депутаттары саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер фракциялары түрiнде депутаттық бiрлестiктер, депутаттық топтар құруға құқылы. Сессияның, тексеру комиссиясының төрағалары және мәслихат хатшысы депутаттық бiрлестiктерге кiре алмайды.
      2. Фракция - заңда белгіленген тәртiппен тiркелген саяси партияны немесе өзге де қоғамдық бiрлестiктi бiлдiретiн депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиiстi саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бiрлестiктiң мүдделерiн бiлдiру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемiнде бес депутатын бiрiктiруге тиiс. Депутаттың тек бiр ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
      3. Депутаттық топ - депутаттардың сайлау округтерiнде өз өкiлеттiктерiн, бiрлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бiрлестiгi. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемiнде бес депутаты болуға тиiс.
      4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тiркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келiп тiркелу тәртiбiмен жүргiзiледi және тек ақпаратты сипатта болады.
      5. Мәслихаттағы депутаттық фракциялар мен топтардың өкiлеттiктерi, ұйымдастырылуы мен қызметi, олардың жұмысын қамтамасыз ету мәслихат регламентiнде белгiленедi.".

       2-бап.  Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады