Әскери қызметшiлерге 1997 - 1998 жылдар кезеңi үшiн олардың әскери қызметiн өткеру жерi бойынша сыйлықақы төлемдерiн төлеу ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 ақпандағы N 120 Қаулысы

      "2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңының 11-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Әскери қызметшiлерге 1997-1998 жылдар кезеңi үшiн олардың әскери қызметiн өткеру жерi бойынша сыйлықақы төлемдерiн төлеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң       
2006 жылғы 23 ақпандағы
N 120 қаулысымен   
бекiтiлген      

  Әскери қызметшiлерге 1997-1998 жылдар кезеңi үшiн олардың
әскери қызметiн өткеру жерi бойынша сыйлықақы төлемдерiн
төлеу ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне (бұдан әрi - әскери қызметшiлер) (мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi мен оқу бөлiмдерiнде (орталықтарында), орта немесе жоғары әскери оқу орындарында оқитын курсанттардан басқа) 1997-1998 жылдар кезеңi үшiн олардың әскери қызметiн өткеру жерi бойынша сыйлықақы төлемдерiн төлеу тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Сыйлықақы төлеу 1997-1998 жылдар кезеңiнде әскери қызмет өткерген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары (бұдан әрi - әскери бөлiм (мекеме) әскери бөлiмдерiнiң (мекемелерiнiң) әскери қызметшiлерiне төлеу сәтiнде қызмет өткеру жерi бойынша, ал әскери қызметтен босатылған әскери қызметшiлерге - соңғы әскери қызметiн өткеру жерi бойынша немесе осы ережемен айқындалған тәртiппен жүргiзiледi.
      Көрсетiлген кезеңде басқа мемлекеттiк органдардың жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында профессор-оқытушылар құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткерген әскери қызметшiлерге сыйлықақы төлеудi осы ережеде белгiленген тәртiппен осы мекемелер жүргiзедi.

      3. Сыйлықақы төлемдерiне құқығы бар әскери қызметшiлердi есепке алуды мыналар жүзеге асырады:
      1) 1997 жылғы 1 сәуiрден бастап әскери қызмет өткеру жерiн ауыстырмағандарды - әскери бөлiмнiң (мекеменiң) қолбасшылығы;
      2) 1997 жылғы 1 сәуiрден бастап әскери қызмет өткеру жерiн ауыстырғандарды - олар әскери қызмет өткерiп жүрген әскери бөлiмнiң (мекеменiң) комиссиясы (бұдан әрi - комиссия);
      3) әскери қызметтен босатылғандарды - әскери қызметтi соңғы өткеру орны бойынша әскери бөлiмнiң (мекеменiң) комиссиясы немесе олар әскери қызмет өткерген мемлекеттiк органның басшысы айқындаған әскери бөлiмде (мекемеде).
      Комиссия құрамы әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) бұйрығымен бекiтiледi және өзiне мiндеттi түрде кадр, қаржы, заң қызметтерiнiң өкiлдерiн қамтуға тиiс. Комиссия мүшелерiнiң саны кемiнде бес адамды құрауы тиiс. Комиссияның төрағасы болып әскери бөлiм (мекеме) командирi (бастығы) орынбасарларының бiрi тағайындалады.

  2. Әскери қызметшiлерге сыйлықақы төлемдерiн төлеу тәртiбi

      4. 1997 жылғы 1 сәуiрден бастап әскери қызмет өткеру жерiн ауыстырмаған әскери қызметшiлерге сыйлықақы төлемдерiн төлеу үшiн әскери бөлiмнiң (мекеменiң) қолбасшылығы тиесiлi соманы аудару үшiн екiншi деңгейдегi банктегi шоттардың нөмiрлерiн, салық төлеушiлердiң тiркеу нөмiрлерiн (бұдан әрi - СТН) салыстыруды жүргiзедi, сондай-ақ комиссиясымен бiрлесiп әскери қызметшiнiң сыйлықақы алуға құқығының болуын айқындайды. Салыстырудың нәтижелерi бойынша әскери бөлiмнiң (мекеменiң) қаржы органы (бұдан әрi - қаржы органы) әскери бөлiм (мекеме) қолбасшылығының тиiстi бұйрығы негiзiнде әскери қызметшiлердiң шоттарына сыйлықақы төлемдерiн есептеудi және аударуды белгiленген тәртiппен жүргiзедi.

      5. Әскери бөлiмдi (мекеменi) жойған, таратқан немесе қайта ұйымдастырған, әскери қызметшiнi басқа бөлiмге ауыстырған жағдайда әскери қызметшi жаңа қызмет орны бойынша комиссияға жазбаша түрде өтiнiш жасайды.
      Әскери қызметшiнi әскери қызмет өткеру үшiн басқа мемлекеттiк органға ауыстырған жағдайда әскери қызметшi 1997-1998 жылдар кезеңiнде ол әскери қызмет өткерген әскери бөлiмнiң (мекеменiң) комиссиясына жазбаша түрде өтiнiш жасайды.
      Әскери бөлiмдi (мекеменi) жойған, таратқан немесе қайта ұйымдастырған жағдайда әскери қызметтен босатылған әскери қызметшi 1997-1998 жылдарда ол әскери қызмет өткерген мемлекеттiк органның басшысы айқындаған комиссияға жазбаша түрде өтiнiш жасайды.

      6. Сыйлықақы төлеу мүмкiндiгiн қарау үшiн әскери бөлiмнiң (мекеменiң) тиiстi құрылымдық бөлiмшесi немесе әскери қызметшi комиссияға мынадай құжаттар тiзбесiн ұсынады:
      1) әскери қызметшiнiң жеке басын куәландыратын құжаттардың көшiрмесiн;
      2) осы бөлiмде әскери қызмет өткерген кезеңiн растайтын кадр органының анықтамасын;
      3) тиесiлi төлемнiң мөлшерi туралы қаржы органының анықтамасын не мұрағаттан ақшалай үлестiң мөлшерi туралы анықтаманы;
      4) көрсетiлген кезең үшiн көтермелеу мен жазалауларды есепке алу карточкасының көшiрмесiн немесе үзiндiсiн, не сыйлықақы беру мүмкiндiгi туралы бөлiм қолбасшылығынан анықтаманы;
      5) сыйлықақы төлеу бойынша төлемдердiң болмағаны туралы анықтаманың немесе осы мәселе бойынша бұрынғы да, жаңа әскери қызмет өткеру орны бойынша да сот шешiмiнiң (атқарушы парағының) болуы;
      6) СТН көшiрмесiн, сыйлықақы төлемдерiн аудару үшiн шот нөмiрiн.

      7. Комиссия қарауға ұсынылған құжаттарға тексеру жүргiзедi және мыналарды айқындайды:
      1) әскери қызметшiнiң сыйлықақы алуға құқығының болуын;
      2) әскери қызметшiнiң сыйлықақы алуға құқығы бар кезеңдi;
      3) сыйлықақы төлемдерiнiң есептелуге тиесiлi сомасының мөлшерiн.

      8. Әскери қызметшiге сыйлықақы төлеудiң негiздiлiгiн тексеру кезiнде комиссия онда тәртiптiк жазаның болуын, бөлiмнiң жеке құрамының тiзiмiне енгiзiлген кезеңiн, командирдiң сыйлықақы мөлшерiн төмендету туралы шешiмiнiң болуын және осы кезеңде әскери қызметшiнi сыйлықақыдан айыру немесе оны азайту үшiн негiз болуы мүмкiн өзге де себептердi қарайды.
      Әскери қызметшiде тәртiптiк жаза немесе сыйлықақы мөлшерiн азайту туралы командирдiң шешiмi болған кезде жаза қолданылған кезең үшiн сыйлықақы есептеу жүргiзiлмейдi.

      9. Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелерi бойынша комиссия хаттамалық шешiм қабылдайды, ол әскери бөлiм (мекеме) қолбасшылығының тиiстi бұйрығымен бекiтiледi және төлеудi жүзеге асыру үшiн қаржы органына жiберiледi.

      10. Сыйлықақы төлемдерiнiң мөлшерiн айқындау және сомасын есептеу мынадай қосымша ақы мен үстемеақы түрлерi ескерiле отырып, жылына ақшалай үлесiнiң төрт жалақысы есебi тұрғысында жүргiзiледi:
      1) бiлiктiлiк сыныбы үшiн;
      2) еңбек сiңiрген жылдары үшiн;
      3) аудандық коэффициенттер;
      4) шөл дала, сусыз және биiк таулы жер үшiн коэффициенттер.
      Ақшалай үлес жалақысының, қосымша ақы мен үстемеақының мөлшерi 1997-1998 жылдар кезеңiнде қолданылған әскери қызметшiлердi ақшалай үлеспен қамтамасыз ету нормалары бойынша айқындалады.

      11. Есептiк кезеңде (айда) толық қызмет өткермеген әскери қызметшiлерге сыйлықақы төлеу осы кезеңде нақты қызмет өткерген уақытына жүргiзiледi. Әскери қызметшiге сыйлықақы төлеуге құқық туындаған кезеңдi есептеу оның әскери лауазымды орындауға кiрiскен күнiнен бастап, оны бөлiмнiң жеке құрамы тiзiмiнен шығарған сәтке дейiн жүргiзiледi.

      12. Екi есе төлемдерге жол бермеу мақсатында мемлекеттiк органның қаржы-экономикалық қамтамасыз ету жөнiндегi орталық құрылымдық бөлiмшесi оның қызметiне жүргiзiлген сыйлықақы төлемдерiн есептеудiң заңдылығына тексеру жүргiзуі, сондай-ақ комиссиядан осы жұмысқа қатысты өзге де ақпаратты сұратуы мүмкiн.

  3. Қорытынды ережелер

      13. Басқа мемлекеттiк органдарға әскери қызмет өткеру үшiн ауыстырылған әскери қызметшiлерге сыйлықақы төлемдерiн есептеу бұрынғы әскери қызмет өткеру орны бойынша осы ережеде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

      14. Сыйлықақы төлеудi негiзсiз жүзеге асырғаны үшiн лауазымды адамдардың жауапкершілігi Қазақстан Республикасының қолданылып  жүрген заңнамасына сәйкес айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады