Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 сәуірдегі N 245 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiліп отырған 2005 жылғы 18 қарашада Киев қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украинаның Министрлер
Кабинетi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

(2006 жылғы 27 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi (бұдан әрi - Тараптар),
      1994 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарттың мақсаттары мен қағидаттарына өздерiнiң адалдықтарын растай отырып, 
      1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң мемлекетаралық құпияларды сақтауды бiрлесiп қамтамасыз ету туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерiнiң өзара құрметiне, сенiмiне және мүдделерiн ескеруге негiзделген өзара тиiмдi ұзақ мерзiмдi ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
      Тараптар мемлекеттерiнiң қорғаныс қабiлетiн нығайту қажеттілігiне сүйене отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту және реттеу болып табылады.

  2-бап

      Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларының ережелерiне негізделген, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық қауiпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiн ғылыми, өндiрiстiк және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы келiсiлген iс-қимыл ретiнде қарастырады.

  3-бап

      Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      1) Тараптар мемлекеттерiнiң қарулы күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары үшiн келiсiлген әзiрлемелердi, қару-жарақты, әскери техника мен басқа да материалдық құралдарды өндiрудi, жаңғыртуды және жөндеудi, қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi үлгiлерiн, жеке қорғанудың арнайы құралдарын жаңғырту және олардың жаңа түрлерiн игеру мақсатында қорғаныс өнеркәсiбi кешенiнiң қолда бар жөндеу кәсiпорындарын бiрлесiп ұтымды пайдалану жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
      2) Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес бекiтiлген тiзбелер бойынша қару-жарақтың, әскери техниканың, қосалқы бөлшектердiң, техникалық құжаттаманың және әскери-техникалық мүлiктiң жеткiзiлiмдерi;
      3) қару-жарақты, әскери техниканы және басқа да материалдық құралдарды бiрлесiп құруға және өндiруге қатысатын кәсiпорындар мен ұйымдардың өндiрiстiк және жұмылдыру әлеуеттерiн, ғылыми- эксперименталдық базасын сақтау және дамыту;
      4) осы Келiсiмнiң мақсаттарына сәйкес бiр Тараптың басқа Тарапқа шарттық негізде немесе бiрлесiп iргелi, iзденiстiк және қолданбалы зерттеулер, перспективалық ғылыми-техникалық және технологиялық әзiрлемелер, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзу;
      5) қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау және бiрiздендiру, Тараптар мемлекеттерiнiң қарулы күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын метрологиялық қамтамасыз ету саласындағы өзара iс-қимыл;
      6) қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлiк әзiрлiк жағдайында ұстаудағы өзара iс-қимыл;
      7) жауынгерлiк пайдалануға жарамсыз қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату жөнiндегi жұмыстарды бiрлесiп жүргiзу;
      8) қару-жарақты, әскери техниканы өткiзу (сату), әскери және арнайы мақсаттағы қызмет көрсетулер саласындағы ынтымақтастық;
      9) бiр Тараптың екiншi Тарап мемлекетiнiң әскери және өндiрiстiк инфрақұрылымының элементтерiн, жұмыс iстеп тұрған және жаңадан құрылған полигондарының, ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларының мүмкiндiктерiн пайдалануы немесе осы Келiсiмге сәйкес оларды шарттық негiзде бiрлесiп пайдалануы;
      10) әскери топогеодезия саласындағы ынтымақтастық;
      11) әскери-техникалық кадрлар мен мамандарды даярлау және оқыту;
      12) әскерлердi басқару және техникалық қамтамасыз ету процестерiн - басқаруды автоматтандыру кезiнде қолданылатын немесе қолдануға жоспарланатын перспективалық ақпараттық технологиялардың бiрiздендiрiлген бағдарламалары мен техникалық құралдарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық.
      Осы Келiсiм шеңберiндегi қаржылық мiндеттемелерге байланысты Тараптар арасындағы қатынастар жекелеген шарттармен реттеледi.

  4-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi уәкiлеттi органдары мыналар болып табылады:
      қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгі, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi;
      украиналық тараптан - Украина Қорғаныс министрлiгi, Украина Өнеркәсiптiк саясат министрлiгi.
      Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi үкiметаралық қазақстан-украина бiрлескен комиссиясын (бұдан әрi - Комиссия) құратын болады.
      Комиссия Тараптар белгiлеген мерзiм iшiнде өз қызметi туралы Тараптармен бекiтiлетiн Ереженi әзiрлейдi.

  5-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      Тараптар мемлекеттерi уәкiлеттi органдарының арасында халықаралық шарттар жасасу, әскери-техникалық бағдарламалар әзiрлеу;
      хаттамаларды ресiмдей отырып, Комиссия мен оның жұмыс органдарының отырыстарын өткiзу;
      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерi уәкiлеттi органдары және/немесе кәсiпорындары мен ұйымдары арасында шарттар (келiсiм-шарттар) жасасу;
      әскери-техникалық ынтымақтастықтың нақты мәселелерi бойынша консультациялар өткiзу, мамандар шақыру, тәжiрибе және ақпарат алмасу.

  6-бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде өнiмдердiң жеткiзiлiмiн, жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетудi кәсiпорындар мен ұйымдар Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары арқылы шарттық негiзде Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.
      Жеткiзiлiмнiң көлемi мен тәртiбi, жұмыстар жүргiзу мен қызметтер көрсету жекелеген шарттармен (келiсiм-шарттармен) реттелетiн болады.
      Шарттар (келiсiм-шарттар) бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн жауапкершiлiктi оларды жасасқан субъектiлер көтередi.

  7-бап

      Тараптар жасалған шарттарға және Тараптар мемлекеттерiнiң әскери өкiлдiктерiне берiлген өкiлеттiлiктерге сәйкес өз мемлекеттерiнiң кәсiпорындарында Тараптар мемлекеттерiнiң қолданылып жүрген техникалық және нормативтiк құжаттамаларына сәйкес әскери мақсаттағы және осы өнiмге жинақтаушы өнiмдердi қабылдауды жүзеге асырады және қабылдау нәтижелерiн өзара таниды.

  8-бап

      Тараптар құпия ақпараттарды өзара қорғау туралы үкiметаралық келiсiм күшiне енгеннен кейiн ғана құпия ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

  9-бап

      Тараптар зияткерлiк меншiк құқығын тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      Тараптардың бiр де бiрi берушi Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз қару-жарақты, әскери техниканы немесе оларды өндiру жөнiндегi техникалық құжаттаманы, берушi Тараптан алынған немесе осы Келiсiмнiң шеңберiнде бiрлесiп құрылған әскери-техникалық саладағы тәжiрибелiк және конструкторлық жұмыстар жөнiндегi ақпаратты үшiншi тарапқа сатпайды және бермейдi.
      Ақпарат алмасу және зияткерлiк меншiк құқығын қорғау мәселелерi жеке Келiсiмде реттелетiн болады. Осындай Келiсiм жасалғанға дейiн ақпарат алмасу және зияткерлiк меншiк құқығын қорғау мәселелерi әрбiр жеке шартпен (келiсiм-шартпен) реттелетiн болады.

  10-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

  11-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру және қолдану жөнiнде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар жолымен шешетiн болады.

  12-бап

      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрде бiрi кезектi бес жылдық мерзiм аяқталардан кем дегенде алты ай бұрын оның қолданыста болуын тоқтату ниетi туралы дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тарапқа жазбаша хабарламаса, осы мерзiм келесi бес жылдық мерзiмдерге өздiгiнен ұзартылатын болады.
      Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне ену үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiмнiң қолданыста болуының тоқтатылуы оларға қатысты өзгеше жазбаша уағдаластық болғаннан басқа жағдайларда, бұдан бұрын осы Келiсiмнiң шеңберiнде басталған бағдарламалар мен жобалар шарттарының (келiсiм-шарттарының) орындалуына әсер етпейдi.
      Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнiң 9-бабының ережелерiн сақтауды жалғастырады.
      1994 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Үкiметi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап өз күшiн тоқтатады.
      2005 жылғы 18 қарашада Киев қаласында екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, украин және орыс тiлдерiнде жасалды және барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының           Украинаның Министрлер
         Yкiметi үшiн                         Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады