Импорты мен экспорты лицензияланатын тауарлардың тiзбесiн бiрiздендiре отырып, тауарлардың импорты мен экспортын лицензиялаудың бiрыңғай ережесi туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 мамырдағы N 407 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Импорты мен экспорты лицензияланатын тауарлардың тiзбесiн бiрiздендiре отырып, тауарлардың импорты мен экспортын лицензиялаудың бiрыңғай ережесi туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Импорты мен экспорты лицензияланатын тауарлардың тiзбесiн бiрiздендiре отырып, тауарлардың импорты мен экспортын лицензиялаудың бiрыңғай ережесi туралы келiсiмге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Импорты мен экспорты лицензияланатын тауарлардың
тiзбесiн бiрiздендiре отырып, тауарлардың импорты мен
экспортын лицензиялаудың бiрыңғай ережелерi туралы
келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi
      келiсiлген сыртқы сауда саясатын кемсiтпеушiлiк, жариялылық және өзара пайда қағидаттарында жүргiзуге ұмтыла отырып,
      халықаралық сауданың жалпы танылған нормалары мен ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      мына төмендегi туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мұнда пайдаланылатын терминдердiң мынадай мағыналары бар:
      "автоматты лицензиялау (қадағалау)" - лицензия (рұқсат) беру арқылы тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортының және (немесе) экспортының мониторингi (серпiнi) мақсатында белгiленген уақытша шара;
      "сыртқы сауда қызметi" - тауарлармен, қызметтермен, ақпаратпен және зияткерлiк меншiкпен сыртқы сауда саласындағы мәмiлелердi жүзеге асыру жөнiндегi қызмет;
      "бас лицензия" - Тараптың шешiмi негiзiнде сыртқы сауда қызметiнiң қатысушысына берiлетiн және лицензияда белгiленген санда лицензияланатын тауардың жекелеген түрiнiң импортына немесе экспортына құқық беретiн лицензия;
      "тауарлардың бiрыңғай тiзбесi" - Тараптармен келiсiм бойынша Комиссия бекiткен және Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң (бұдан әрi - БЭК) аумағында қолданылатын импорттың және (немесе) экспорттың лицензиялануына жататын тауарлардың номенклатурасы;
      "тауарлар импорты" - керi әкету туралы мiндеттемесiз Тарап мемлекетiнiң кеден аумағына тауарлар әкелу;
      "айрықша лицензия" - жекелеген тауар түрiнiң импортына немесе экспортына айрықша құқық беретiн лицензия;
      "Комиссия" - БЭК комиссиясы;
      "лицензия (рұқсат)" - тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортын және (немесе) экспортын жүзеге асыру құқығына арналған арнайы құжат;
      "тауарлардың импорты мен экспортын лицензиялау (автоматты емес лицензиялау)" - Тарап мемлекетiнiң уәкiлеттi органы тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортына немесе экспортына рұқсат беретiн құжатты (лицензияны) беруi нысанында жүзеге асыратын сыртқы сауда операцияларын реттеудiң әкiмшiлiк рәсiмi;
      "бiр жолғы лицензия" - мәнi лицензияланатын тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмiлесiнiң негiзiнде сыртқы сауда қызметiнiң қатысушысына берiлетiн және белгiлi санда осы тауардың импортына немесе экспортына құқық беретiн лицензия;
      "тауар" - кез келген жылжымалы мүлiк (энергияның барлық түрлерiн қоса алғанда) және жылжымайтын мүлiкке жатқызылған әуе, теңiз кемелерi, iшкi жүзу және аралас жүзу (өзен - теңiз) кемелерi мен сыртқы сауда қызметiнiң мәнi болып табылатын ғарыш объектiлерi; халықаралық тасымалдау туралы шарт бойынша пайдаланылатын көлiк құралдары тауар болып табылмайды;
      "сыртқы сауда қызметiне қатысушылар" - Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, Тарап мемлекетiнiң азаматтары болып табылатын Тарап мемлекетiнiң аумағында тұрақты немесе басымдықты тұрғылықты жерi бар немесе Тарап мемлекетiнде тұрақты тұруға құқығы бар не Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жеке кәсiпкерлер ретiнде тiркелген жеке тұлғалар;
      "тауарлар экспорты" - керi әкелу туралы мiндеттемесiз Тарап мемлекетiнiң кеден аумағынан тауарларды әкету.

2-бап

      Осы Келiсiм Тауарлардың импортын және (немесе) экспортын лицензиялаудың бiрыңғай ережесiн айқындайды.
      Осы Келiсiмнiң қолданылуы экспорттық бақылауға жататын тауарлардың, экспортына және (немесе) импортына, қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ әскери мақсаттағы өзге де өнiмнiң экспорты мен импортына таралмайды.
      Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтары Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес айқындалады.

3-бап

      Тараптар сыртқы сауда қызметiне қатысушылар үшiн тең жағдай жасауда көрiнiс беретiн тауарлардың импорты мен экспортын лицензиялаудың кемсiтпеушiлiк рәсiмiн қамтамасыз етедi.

4-бап

      1. Тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортын және (немесе) экспортын автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) мынадай қағидаттар сақталған кезде жүзеге асырылады:
      лицензия (рұқсат) алу рәсiмi тауарлардың экспортын және (немесе) импортын шектемеу үшiн барынша оңайлатылуға тиiс;
      лицензия (рұқсат) импортына және (немесе) экспортына квоталар немесе басқа да шектеулер белгiленбеген тауарларды қоспағанда, Тарап мемлекетiнiң уәкiлеттi органына (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) берiлген жазбаша жүгiнiмдерi негiзiнде сыртқы сауда қызметiнiң кез келген қатысушыларына шектеусiз берiледi;
      лицензия (рұқсат) беру туралы жүгiнiм тауарларды кедендiк ресiмдеуге дейiн кез келген жұмыс күнiнде берiлуi мүмкiн.
      2. Автоматты лицензиялау (қадағалау) уәкiлеттi органның тауарлардың импортына және (немесе) экспортына лицензия (рұқсат) беру жолымен жүзеге асырылады.
      Лицензия (рұқсат) оларға қатысты автоматты лицензиялау (қадағалау) енгiзiлген тауардың жекелеген түрiне тауардың саны мен құнын, сондай-ақ сыртқы сауда қызметiне қатысушылар туралы мәлiметтердi көрсете отырып, арнайы, қолдан жасаудан қорғалған қағазда дайындалған бланкiде ресiмделедi.
      Тауарлардың импортына және (немесе) экспортына лицензия (рұқсат) беру тәртiбiн, сондай-ақ лицензия (рұқсат) алу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн уәкiлеттi орган Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес белгiлейдi.
      Берiлген лицензияға (рұқсатқа) өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi. 
      Лицензия (рұқсат) өтiнiм берiлген күннен бастап 10 жұмыс күнiне дейiнгi мерзiмде берiлуге тиiс.
      Сыртқы сауда қызметiне қатысушыға лицензияның (рұқсаттың) түпнұсқасы берiледi.
      Берiлген лицензия (рұқсат) басқа адамға берiлмейдi және лицензия (рұқсат) иесiнде сақталады.

5-бап

      1. Тауарлардың импортын және (немесе) экспортын лицензиялау (автоматты емес лицензиялау) мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
      тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортына және (немесе) экспортына уақытша сандық және басқа да шектеулер енгiзу;
      мемлекеттiң қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкiне, мемлекеттiк немесе муниципалдық мүлiкке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсiмдiктердiң тiршiлiгiне немесе саулығына қолайсыз әсер етуi мүмкiн тауарлардың импортына және (немесе) экспортына рұқсат беру тәртiбiн белгiлеу;
      егер бұл Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында көзделген болса, тауарлардың импортына және (немесе) экспортына айрықша құқық беру;
      Тараптар мемлекеттерiнiң халықаралық мiндеттемелерiн орындау.
      Тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импорты және (немесе) экспорты уәкiлеттi орган беретiн лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекетiнiң заңнамасында белгiленген талаптарды орындайтын сыртқы сауда қызметiне қатысушылар лицензия беру туралы өтiнiшпен жүгiнудiң және мұндай өтiнiштi қараудың тең құқықтарына ие.
      2. Егер Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында өзгеше көзделмесе, тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортына және (немесе) экспортына бiр жолғы, бас және айрықша лицензиялар ресiмделуi мүмкiн.
      Егер Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында өзгеше көзделмесе, бiр жолғы лицензияның қолданылу ол берiлген күннен бастап бiр жылдан аспауға тиiс, ал оларға қатысты сандық шектеулер енгiзiлген тауарлар үшiн ағымдағы күнтiзбелiк жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
      Егер Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында өзгеше көзделмесе, бас лицензияның қолдан мерзiмi ол берiлген күннен бастап бiр жылдан аспауға тиiс, ал оларға қатысты сандық шектеулер енгiзiлген тауарлар үшiн ағымдағы күнтiзбелiк жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
      3. Тауарлардың жекелеген түрлерiнiң импортына және (немесе) экспортына айрықша құқық берiлген сыртқы сауда қызметiнiң қатысушылары, сондай-ақ тауарлардың өздерi Тарап мемлекетiнiң заңнамасымен айқындалады.
      4. Тауарлардың импортына және (немесе) экспортына лицензия (рұқсат) беру тәртiбiн, сондай-ақ лицензия (рұқсат) алу үшiн қажет құжаттардың тiзбесiн Тараптар мемлекеттерiнiң қолданыстағы заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      5. Егер Тараптар мемлекеттерінiң заңнамасында өзгеше көзделмесе, лицензия беру немесе лицензия беруден бас тарту туралы шешiмдi уәкiлеттi орган сыртқы сауда қызметiнiң қатысушысы берген құжаттарды зерделеу негiзiнде құжаттар берiлген күннен бастап 30 күнтiзбелiк күнге дейiнгi мерзiмде қабылдайды.
      6. Заңды тұлға ретiнде тiркелген сыртқы сауда қызметiне қатысушының құрылтай құжаттарына өзгерiстер енгiзiлген (ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы не оның орналасқан орны өзгерген) немесе жеке тұлға болып табылатын сыртқы сауда қызметiне қатысушының паспорттық және (немесе) өзге деректерi өзгерген жағдайда лицензиат 15 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей көрсетiлген өзгерiстердi растайтын жаңа өтiнiш пен құжаттары қоса бере отырып, лицензияны қайта ресiмдеуге өтiнiшпен жүгiнуге тиiс.
      Лицензияны қайта ресiмдеу туралы шешiм сыртқы сауда қызметiне қатысушының құжаттары тiркелген күннен бастап 10 жұмыс күнiне дейінгi мерзiмде қабылданады.
      7. Берiлген лицензияға өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
      8. Сыртқы сауда қызметiне қатысушыға лицензия беруден мынадай жағдайларда бас тартылуы мүмкiн:
      берiлген құжаттарда дұрыс емес ақпараттың болуы;
      квотаның таусылуы (квоталанатын тауарларға лицензия ресiмделетiн жағдайда).
      Лицензия беруден бас тарту туралы шешiм уәждi негiздеменi қамтуға және мүдделi сыртқы сауда қызметiне қатысушыға жазбаша нысанда берiлуге тиiс.
      9. Лицензияның қолдануын тоқтата тұру немесе оны жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда қабылдайды:
      лицензиаттың тиiстi жүгiнiмдi ұсынуы;
      лицензия алу үшiн дұрыс емес мәлiметтердi немесе деректердi беру;
      лицензияны жоғалту;
      егер қызметтiң мұндай түрi тауардың импортымен және (немесе) экспортымен байланысты болса, қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыруға арналған лицензияны керi қайтарып алу.
      10. Лицензияның қолдануын тоқтата тұру немесе оны жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган ол қабылданғаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде жазбаша нысанда мұндай шешiм қабылдауға әкеп соққан себептердi көрсете отырып, лицензиатқа және кеден органдарына жiбередi.
      Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған себептер жойылғаннан кейiн лицензия қайта жаңартылады. Уәкiлеттi орган тиiстi шешiм қабылдағаннан кейiн лицензияның күшi жаңартылған болып саналады, бұл үш жұмыс күнi iшiнде лицензиатқа және кеден органдарына жiберiледi.
      11. Лицензия заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайды қоса алғанда, басқа тұлғаға берiлмейдi және лицензиатта сақталады.
      12. Лицензия лицензияланатын тауарларды кедендiк ресiмдеу өндiрiсi үшiн қажеттi құжаттардың бiрi болып табылады.
      Лицензияның түпнұсқасы және оның лицензиат куәландырған көшірмесi тауарды кедендiк ресiмдеу кезiнде кеден органына берiледi және лицензияланатын тауарды Тараптар мемлекетiнiң кедендiк шекарасынан өткiзу үшiн негiз болып табылады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық ресми басылымдарда лицензиялау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi жариялайды.
      Лицензиялау рәсiмiн белгiлейтiн немесе бұл рәсiмге өзгерiстер енгiзетiн Тарап ұлттық ресми басылымдарда жарияланғаннан кейiн 10 күнтiзбелiк күн iшiнде бұл туралы басқа Тараптарды және Комиссияны хабардар етедi.

7-бап

      1. Тараптар осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап 30 күнтiзбелiк күн iшiнде Комиссияға импорты және (немесе) экспорты лицензияланатын тауарлардың тiзбесiн және оларды бiрiздендiру жөнiндегi ұсыныстарды жiбередi.
      2. Осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап 6 ай iшiнде Комиссия Тараптармен келiсiм бойынша тауарлардың бiрыңғай тiзбесiн қалыптастырады.
      3. Тараптар жылына кемiнде екi рет Комиссияға бiрыңғай тiзбеге, әдетте оны қысқарту жолымен өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсыныстар жiбередi.

8-бап

      Тараптар арасындағы осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында консультациялар және келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
      Келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда тараптардың кез келгенi дауды БЭК шеңберiнде дауларды шешу жөнiндегi органға шешуге бере алады.

9-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.

10-бап

      2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмнiң мақсаттары мен қағидаттарын бөлiсетiн кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады. Осы Келiсiмге қосылу шарттары Тараптар мен қосылатын мемлекет арасында жасалатын келiсiмде айқындалады.

11-бап

      Осы Келiсiм қажеттi мемлекетшiлiк рәсiмдер өткiзiлгеннен кейiн ___________ 200__ жылғы "____" ________ қол қойылған Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру жөнiндегi халықаралық шарттардың күшiне ену тәртiбi туралы хаттамада көзделген тәртiппен күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады. Кез келген Тарап осы Келiсiмге қатысуын Депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып тоқтата алады. Мұндай Тарап үшiн осы Келiсiмнiң қолданылуы Депозитарий жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап 12 ай өткеннен кейiн тоқтатылады.
      Осы Келiсiмге сәйкес алынған ақпаратты қорғау жөнiндегi мiндеттемелер оның қолданылуының тоқтатылғанына немесе одан қандай да бiр Тараптың шыққанына қарамастан күшiнде қалады.
      2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмнiң 4-бабына сәйкес бiрыңғай реттеушi орган құрылған және оған өкiлеттiктер берiлген сәтке дейiн Қазақстан Республикасы осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылады.
      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, Тараптардың бiреуi осы Келiсiмнен шыққан жағдайда ол осы Тарап үшiн осы Келiсiмнiң қолданылу кезеңiнде туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелердi осы Тарап толық реттегенге дейiн қолданылуын жалғастырады.

      200__ жылғы "___"________ ________ қаласында орыс тiлiндегi бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады, ол Тараптардың әрқайсысына куәландырылған көшiрменi жiбередi.

      Беларусь Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн

      Украинаның Министрлер
      Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады