Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралары саласында келiсiлген саясатты жүргiзу туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 маусымдағы N 507 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң техникалық реттеу санитарлық және фитосанитарлық шаралары саласында келiсiлген саясатты жүргiзу туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралары саласында келiсiлген саясатты жүргiзу туралы келiсiмге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Бiртұтас экономикалық кеңістiктiң техникалық реттеу,
санитарлық және фитосанитарлық шаралары саласындағы
келiсiлген саясатты жүргiзу туралы
келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi және Украинаның Министрлер Кабинетi;
      тауарлардың еркiн қозғалысын қамтамасыз ететiн бiрыңғай қағидаттарға негiзделе отырып;
      2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi құру туралы келiсiмде көзделген интеграциялық процестердi тереңдету мақсатында;
      техникалық реттеу, санитарлық (оның iшiнде, ветеринарлық) және фитосанитарлық шаралар (бұдан әрi - санитарлық және фитосанитарлық шарлар) саласындағы келiсiлген саясатты жүргiзудiң орындылығын тани отырып;
      1994 жылғы 15 сәуiрдегi Көп жақты сауда келiссөздерiнiң Уругвай раундында қабылданған Саудадағы техникалық кедергiлер жөнiндегi келiсiмнiң және Дүниежүзiлiк сауда ұйымының санитарлық және фитосанитарлық шаралары жөнiндегi келiсiмнiң ережелерi мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып;
      саудадағы техникалық кедергiлердi жоюға, оған санитарлық және фитосанитарлық шаралардың терiс әсер етуiн барынша төмендетуге тырыса отырып;
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      аккредиттеу - нәтижесi сәйкестiктi бағалаудың (растаудың) белгiлi бiр саласындағы жұмысты орындауға сәйкестiктi бағалау (растау) жөнiндегi органның (зертхананың) құзiреттiлiгiн аккредиттеу жөнiндегi органның ресми тануы болып табылатын қызмет;
      қауiпсiздiк - олардың салдарларын ескере отырып, зиян шектiру және/немесе залал келтiру мүмкiндiгiне байланысты жол берiлмейтiн қауiп-қатердiң болмауы;
      мемлекеттiк бақылау (қадағалау) - техникалық регламенттердiң, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың талаптарын жеке немесе заңды тұлғаның орындауын уәкiлеттi мемлекеттiк органның (органдардың) тексеруi және тексеру нәтижелерi бойынша шаралар қабылдау;
      Тараптар мемлекеттерiнiң нарығына өнiмнiң енуiнiң (айналымының) бiрыңғай белгiсi (бұдан әрi - БЭК Белгiсi) - айналымға шығарылған өнiмнiң Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкестiгi туралы хабарландыратын Тараптардың мемлекеттерi қабылдаған бiрыңғай белгiлеу;
      консенсус - қағидатты мәселелер бойынша келiспеушiлiктердiң болмауымен сипатталатын стандартты әзiрлеуге қатысушылардың жалпы келiсiмi;
      мемлекетаралық стандарт - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекетаралық кеңесi немесе Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының құрылыстағы стандарттау және техникалық нормалау жөнiндегi мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссиясы қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделi тұлғаларға қол жетiмдi стандарт;
      халықаралық стандарт - стандарттаумен айналысатын халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделi тұлғаларға қол жетiмдi стандарт;
      ұлттық (мемлекеттiк) стандарт - Тарап мемлекетiнiң стандарттау жөнiндегi ұлттық органы қабылдаған (бекiткен) және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделi тұлғаларға қол жетiмдi стандарт;
      ұлттық техникалық регламент (Тарап мемлекетiнiң техникалық регламентi) - осы мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен Тарап мемлекетiнiң нормативтiк құқықтық келiсiмi нысанында қабылданған (бекiтiлген) техникалық регламент;
      сәйкестiктi бағалау - өнiмге немесе өзге де объектiлерге қойылатын талаптардың сақталуын тiкелей немесе жанама айқындау;
      сәйкестiктi растау - өнiмнiң немесе өзге де объектiлердiң, өндiрiс процестерiнiң, өнiмдi пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлiкпен тасу), сату мен кәдеге жаратудың, жұмыстарды орындаудың техникалық регламенттердiң, стандарттардың талаптарына және өнiмнiң сипаты басқа құжаттарға бар және олармен байланысты процестерге сәйкестiгiн құжатты түрде куәландыру және оның ерiктi немесе мiндеттi сипаты болуы мүмкiн;
      өнiм - материалдық-заттай нысанда берiлген әрi шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрi пайдалануға арналған қызмет нәтижесi;
      өңiрлiк стандарт - стандарттаумен айналысатын өңiрлiк ұйым қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделi тұлғаларға қол жетiмдi стандарт;
      қауiп-қатер - зиян келтiру қатерiнiң және адам өмiрi, денсаулығы, жануарлар мен өсiмдiктер, мүлiк пен қоршаған орта үшiн осы зиянның салдарларының үйлесiмдiлiгi;
      санитарлық және фитосанитарлық шара - Тараптар мемлекеттерi аумағының шегiнде:
      тамақ өнiмдерiндегi, сусындардағы, жемдегi және басқа да өнiмдегi қоспалардан, ластаушы заттардан, токсиндерден немесе ауру тудыратын организмдерден туындайтын қауiп-қатерлерден адамның өмiрiн немесе денсаулығын немесе жануарларды қорғау үшiн;
      зиянкестердiң, арамшөптердiң, жануарлар мен өсiмдiктер ауруларының, ауру тасушы организмдердiң немесе ауру тудыратын организмдердiң енуiне, тамыр жаюына немесе таралуына байланысты туындайтын қауiп-қатерлерден жануарлардың өмiрiн немесе саулығын немесе өсiмдiктердi қорғау үшiн;
      жануарлар, өсiмдiктер таситын ауруларға немесе олардан жасалатын өнiмге байланысты немесе зиянкестердiң, өсiмдiктер ауруларының және арамшөптердiң енуiне, тамыр жаюына немесе таралуына байланысты туындайтын қауiп-қатерлерден адамдардың өмiрiн немесе денсаулығын қорғау үшiн;
      зиянкестердiң, өсiмдiктер мен арамшөптердiң ауруларының, ауру тудыратын организмдердiң, оның iшiнде өнiммен, жүктермен, материалдармен, көлiк құралдарымен олардың берiлуi немесе жануарлардың және (немесе) өсiмдiктердiң таратуы жағдайында енуiмен, тамыр жаюымен немесе таралуымен келтiрiлетiн басқа да зиянның алдын алу немесе шектеу үшiн қолданылатын кез келген шара;
      стандарт - ерiктi көп жолғы пайдалану мақсатында өнiм сипаттамасы, жүзеге асыру ережесi мен өнiмдi өндiру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлiкпен тасу), сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау процестерiнiң сипаттамалары белгiленетiн консенсус негiзiнде әзiрленген құжат;
      техникалық регламент - өнiмнiң немесе онымен байланысты өндiру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлiкпен тасу), сату және кәдеге жарату процестерiнiң мiндеттi сипаттамасын белгiлейтiн құжат, сондай-ақ өнiмнiң терминологиясына, оралуына, таңбалануына немесе этикеттелуiне, сәйкестiктi бағалау (растау) рәсiмдерiне қойылған мiндеттi талаптарды қамтуы немесе айрықша тұруы мүмкiн;
      Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң техникалық регламентi (бұдан әрi - БЭК техникалық регламентi) - Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң шеңберiнде халықаралық шартпен қабылданған техникалық регламент;
      техникалық реттеу - Тарап мемлекетiнiң заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын техникалық регламенттердi, стандарттарды, сәйкестiктi бағалауды (растауды), мемлекеттiк бақылауды (қадағалауды) әзiрлеу және қолдану саласындағы құқықтық және нормативтiк реттеу.

2-бап

      Тараптар мынадай мақсатпен техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы бiрыңғай келiсiлген саясатты жүргiзедi:
      тауарлардың еркiн қозғалысы үшiн жағдайлар жасау;
      Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасын үйлестiру;
      өзара қарым-қатынастардың, оның iшінде осы Келiсiмнiң қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттерге қатысты бiрыңғай қағидаттарды қалыптастыру;
      Тараптар мемлекеттерiнiң аумағын санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қорғаудың қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету үшiн техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды әзiрлеу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудiң бiрыңғай ережесiн қабылдау;
      адамның өмiрi мен денсаулығы, мүлiк қауiпсiздiгiн, жануарлар мен өсiмдiктер әлемiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн өнiмге қойылатын бiрыңғай мiндеттi талаптарды белгiлеу;
      сәйкестiктi бағалаудың (растаудың) стандарттарын, ережелерi мен рәсiмдерiн үйлестiру;
      БЭК-тiң техникалық регламенттерiнiң талаптарына өнiмнiң немесе онымен байланысты өндiру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлiкпен тасу), сату және кәдеге жарату процестерiнiң сәйкестiгiн бағалау кезiндегi бақылау мен сынақтардың әзiрленетiн және қолданылатын әдiстерiн бiрегейлі ендiру;
      адамдар мен жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының таралуын болдырмау және Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарын iндет пен эпизотиялардан қорғау;
      Тарап мемлекетiнiң бiреуiнен аумағынан Тараптардың басқа мемлекеттерiнiң аумағына карантиндiк зиянкестердiң, өсiмдiктер ауруларының және арамшөптердiң таралуын болдырмау.

3-бап

      Тараптар:
      Тараптардың барлық мемлекеттерi қосылған мемлекетаралық стандарттарды;
      мұндай құжаттар техникалық реттеу мақсаттарын орындау үшiн, оның iшiнде климаттық, географиялық факторларға немесе технологиялық проблемаларға байланысты тиiмсiз немесе жарамсыз жағдайларды қоспағанда, санитарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша халықаралық, өңiрлiк стандарттарға, нұсқамаларға және/немесе ұсынымдарға ұқсас ұлттық (мемлекеттiк) стандарттарды;
      физикалық шамалар бiрлiгiнiң ұлттық (мемлекеттiк) эталондарын;
      Тараптар мемлекеттерiнде аккредиттелген сертификаттау (сәйкестiктi бағалау/растау) жөнiндегi органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын);
      жеке Келiсiмдерге сәйкес белгiленген сәйкестiктi бағалау (аккредиттеу, сәйкестiктi растау) ережесiн, рәсiмдерi мен нәтижелерiн;
      мемлекеттiк бақылаудың (қадағалаудың) нәтижелерiн;
      жеке Келiсiмде көзделген техникалық реттеу саласындағы ұлттық ақпараттық орталықтарды таниды.

4-бап

      Техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды үйлестiрудi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес БЭК-тiң Комиссиясы жүзеге асырады.
      Санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы жұмыстарды үйлестiру жеке Келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      Өзара iс-қимыл мақсатында Тараптардың әрқайсысы техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыратын және/немесе үйлестiретiн мемлекеттiк басқару органдарын айқындайды (тағайындайды).
      Тараптар көрсетiлген органдар туралы бiрiн-бiрi және БЭК-тiң Комиссиясын хабардар етедi.

6-бап

      БЭК-тiң техникалық регламенттерiн мiндеттi қолдану техникалық реттеу саласындағы Тараптардың келiсiлген саясатының негiзi болып табылады.
      БЭК-тiң техникалық регламенттерi БЭК нарығында өнiмнiң еркiн айналымын қамтамасыз ету, адамның өмiрi мен денсаулығын, мүлiктi қорғау, жануарлар мен өсiмдiктер әлемiн және қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды (сатып алушыларды) адастыруға алып келетiн iс-әрекеттердiң алдын алу үшiн техникалық реттеу саласындағы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасын үйлестiру мақсатында қабылданады және өзара сауда үшiн кедергiлер жасамауы тиiс. Өзге мақсатта БЭК-тiң техникалық регламенттерiн қабылдауға жол берiлмейдi.

7-бап

      БЭК-тiң техникалық регламенттерi Тараптардың барлық мемлекеттерi үшiн мiндеттi болып табылады және Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында көзделген тәртiппен олардың аумақтарында енгiзуге жатады.
      БЭК-тiң техникалық регламентiн әзiрлеу, қабылдау тәртiбi жеке Келiсiммен айқындалады.
      БЭК-тiң техникалық регламенттерi болмаған кезде Тараптар БЭК-тiң парағына қатысушылар үшiн саудада техникалық кедергiлердi жасамауға тырысады.

8-бап

      БЭК-тiң техникалық регламенттерi қолданылатын өнiм, егер Тараптар мемлекеттерiнiң кез келгенiнiң аумағында сәйкестiктi бағалаудың (растаудың) белгiленген рәсiмдерiн өткен болса, БЭК нарығына айналымға жiберiледi.
      Сәйкестiктi бағалау (растау) ережелерi мен рәсiмдерiн қолдану тәртiбi жеке Келiсiммен белгiленедi.
      Тараптар үшiншi елдерден жеткiзiлетiн өнiмдi қоспағанда, БЭК-тiң техникалық регламентiнде бар өнiмге және сәйкестiктi бағалау (растау) рәсiмдерiне қатысты қойылатын қосымша талаптарды көрсетпей-ақ, өз мемлекеттерiнiң аумақтарында БЭК-тiң техникалық регламенттерiне сәйкес келетiн өнiмнiң айналымын қамтамасыз етедi.
      Үшiншi елдерден Тараптар мемлекеттерiнiң нарықтарына жеткiзiлетiн өнiмдердi жiберудiң ерекшелiктерi жеке Келiсiммен белгiленедi.
      Бұл ретте Тараптардың мемлекеттiк бақылау (қадағалау) жүргiзу, оның iшiнде санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану бөлiгiндегi құқықтары шектелмейдi.
      Тараптардың мемлекеттерi БЭК-тiң техникалық регламенттерiнiң ережелерiне сәйкес келетiн айналымға шығарылатын өнiмге қатысты БЭК-тiң Белгiсiн қолдануды қамтамасыз етедi.
      БЭК Белгiсiн қолдану тәртiбi жеке Келiсiммен белгiленедi.

9-бап

      Тараптардың барлық мемлекеттерi қосылған мемлекетаралық стандарттар, ал олар жоқ болған кезде - өзара келiсiм бойынша Тараптардың ұлттық (мемлекеттiк) стандарттары өнiмнiң БЭК техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкестiгiн растау үшiн ерiктi негiзде қолданылады.

10-бап

      Тараптар ұлттық стандарттарды үйлестiруге және мына қағидаттарды:
      стандарттарды ерiктi қолдануды;
      стандарттарды әзiрлеудiң ашықтығы мен жариялылық процестерiн;
      консенсусқа қол жеткiзудi;
      ұлттық (мемлекеттiк) стандарттардың, оларды әзiрлеу, қабылдау (бекiту) және жариялау туралы ақпараттың қол жетiмдiлiгiн;
      мұндай құжаттар техникалық реттеу мақсаттарын орындау үшiн, оның iшiнде климаттық, географиялық факторларға немесе технологиялық проблемаларға байланысты тиiмсiз немесе жарамсыз болатын жағдайларды қоспағанда, ұлттық (мемлекеттiк) стандарттарды әзiрлеудiң негiздерi ретiнде халықаралық стандарттарды қолдануды;
      БЭК-тiң техникалық регламанттерiне қайшы келетiн стандарттарды қабылдауға (бекiтуге) жол бермеушiлiктi қамтамасыз етуге ұмтылады.
      Тараптар стандарттау жөнiндегi, оның iшiнде әзiрленетiн және қолданыстағы ұлттық (мемлекеттiк) стандарттар туралы ақпаратпен алмасады және осы саладағы өз қызметiн үйлестiредi.
      Тараптар стандарттау саласындағы ұстанымын жақындатуға және олардың стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйымдарға қатысуына қатысты өз мемлекеттерiнiң ұстанымдарын келiсуге бағытталған консультациялар жүргiзуге жәрдемдеседi.

11-бап

      Тараптар кез келген санитарлық және фитосанитарлық шараларды тек жеткiлiктi ғылыми негiздемесi бар қағидаттарға, сондай-ақ халықаралық, өңiрлiк стандарттарға осы Келiсiмнiң 3-бабының 4-абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйғарымдарға және/немесе ұсынымдарға негiздей отырып, адам өмiрiн немесе денсаулығын, жануарларды немесе өсiмдiктердi қорғау үшiн қажеттi дәрежеде қолдануды қамтамасыз етедi.
      Егер санитарлық және фитосанитарлық шараларды дереу қолдану санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қорғау мақсаттары үшiн қажет, ал тиiстi ғылыми негiздеме жеткiлiксiз немесе оны қажеттi мерзiмде ұсыну мүмкiн болмаған жағдайда өнiмнiң белгiлi бiр түрлерiне қатысты санитарлық және/немесе фитосанитарлық шараларды әрбiр Тарап қолда бар ақпарат, оның iшiнде тиiстi халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттерден алынған ақпарат, басқа мемлекеттер қолданатын тиiстi шаралар туралы ақпарат немесе өзге де ақпарат негiзiнде қолдануы мүмкiн.
      Тараптардың санитарлық және фитосанитарлық шаралары өнiмге, оны өңдеу және өндiру, тасымалдау (көлiкпен тасу) мен сақтау әдiстерiне, сынау, инспекциялау, сәйкестiгiн растау рәсiмдерiне қойылатын талаптарды; карантиндiк ережелердi, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктердi тасымалдауға байланысты, жануарлар мен өсiмдiктердi тасымалдау кезiнде олардың өмiрiн немесе саулығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi талаптарды, сондай-ақ сынамаларды iрiктеудiң әдiстерi мен рәсiмдерiн, қауiп-қатерлердi зерттеу мен бағалау әдiстерiн, өзге де талаптарды көздейдi.
      Тараптар мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде бiрiн-бiрi өздерiнiң санитарлық және фитосанитарлық шаралары мен олардың өзгерiстерi туралы ресми түрде хабардар етедi.

12-бап

      Адам өмiрi мен денсаулығы, жануарлар немесе өсiмдiктер үшiн қауiп-қатерлердi бағалаудың тиiстi жағдаяты Тараптардың санитарлық және фитосанитарлық шараларының негiзi болуы тиiс. Қауiп-қатер дәрежесiн бағалау кезiнде халықаралық стандарттардың ережелерi, халықаралық ұйымдардың ұсынымдары және/немесе ұйғарымдары, адамның жұқпалы ауруларын, зиянкестердiң, арамшөптердiң, жануарлар мен өсiмдiктер ауруларының таралушылығы, залал келтiру мүмкiндiгiмен байланысты экологиялық жағдайлар, экономикалық салдарлар, келтiрiлетiн залалды болдырмауға арналған шығыстар мөлшерi, сондай-ақ зиянкестермен, арамшөптермен, жануарлардың және өсiмдiктердiң ауруларына қарсы күресу жөнiнде жеткiзушiлер қабылдайтын шаралар назарға алынады.
      Көрсетiлген шаралар Тарапқа Тараптар мемлекеттерiнiң кез келгенiнiң заңнамасында көзделген деңгейден кем емес қауiпсiздiк деңгейiн қамтамасыз етуi тиiс.
      Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану тәртiбi жекелеген Келiсiмдермен белгiленедi.

13-бап

      Тараптар БЭК-тiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құруға қатысады.
      Техникалық реттеу саласындағы БЭК-тiң ақпараттық жүйесiн құру және жұмыс iстеу тәртiбi жеке Келiсiммен айқындалады.
      Тараптар өз мемлекеттерiнде техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ұлттық ақпараттық орталықтар құрады (тағайындайды), олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асырады және БЭК-тiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiне деректер бередi.

14-бап

      БЭК-тiң техникалық регламенттерi талаптарының сақталуын мемлекеттiк бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес өнiмнiң Тараптар мемлекеттерiнiң нарықтарында айналымы сатысында жүзеге асырылады.

15-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы консультациялар және келiссөздер жолымен шешiледi.
      Келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда Тараптардың кез келгенi дауды Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде дауларды шешу жөнiндегi органға шешуге бере алады.

16-бап

      Осы Келiсiмге ескертпелерге жол берiлмейдi.

17-бап

      Кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады.
      Осы Келiсiмге қосылу шарттары осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер мен қосылушы мемлекет арасында жасалатын халықаралық шартта айқындалады.

18-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

19-бап

      Осы Келiсiмнiң күшiне ену және одан шығу тәртiбi Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру жөнiндегi халықаралық шарттардың күшiне ену және олардан шығу тәртiбi туралы Хаттамамен белгiленедi.

      200___ жылғы "___"____________ _________қаласында бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң Комиссиясына Депозитарийдiң функциялары берiлгенге дейiн Қазақстан Республикасы осы Келiсiмнiң Депозитарийi болып табылады.
      Депозитарий осы Келiсiмге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшiрмесiн жiбередi.

      Беларусь Республикасының                Ресей Федерациясының
         Yкiметi үшiн                              Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының               Украинаның Министрлер
          Үкiметi үшiн                             Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады