Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Хорватия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 615 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Хорватия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi Асқар Ұзақбайұлы Маминге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Хорватия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2006 жылғы 30 маусымдағы
N 615 қаулысымен  
мақұлданды     

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Хорватия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Хорватия Республикасының Yкiметi,
      екi ел арасындағы сауда және экономикалық қатынастарды дамытуға үлес қосуға ниет бiлдiре отырып,
      нарықтық экономика шеңберiнде автомобиль көлiгi саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға толық шешiмділікте бола отырып,
      қоршаған ортаны және адамдарды қорғау, энергияны тиiмдi пайдалану, жол қауiпсiздiгi және жүргiзушiлердiң еңбек жағдайын жақсарту мәселелерiне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
      көлiктегi интермодальдықты дамытуға бағыт алып,
      автомобиль көлiгiн дамытудың қандай өзара пайда әкелетiнiн ұғына отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

I. Жалпы ережелер
1-бап. Қолдану саласы

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы, олардың мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы транзитпен, сондай-ақ үшiншi елдерге/елдерден Тараптар мемлекеттерi бiрiнiң аумағында құрылған тасымалдаушылар жүзеге асыратын жүктер мен жолаушылардың автомобиль тасымалдарына қатысты қолданылады.
      Осы Келiсiм Тараптардың басқа да халықаралық шарттық мiндеттемелерiнен туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

2-бап. Айқындамалар

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын терминдердiң мынадай мәндерi бар:
      1. "Тасымалдаушы" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында құрылған және жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалдарын жүзеге асыруға құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға.
      2. "Көлiк құралы" - автомобиль, тiркемесi бар автомобиль, автомобиль тартқышы немесе жартылай тiркемесi бар автомобиль тартқышы, олардың iшiнен, ең болмағанда автомобиль немесе автомобиль-тартқыш Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнде тiркелген және, ол жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалы үшiн ғана пайдаланылады және соған арналады.
      3. "Тасымал" - егер тiптi көлiк құралы, тiркеме немесе жартылай тiркеме жолдың бiр бөлiгiнде поезбен немесе кемемен тасымалданса да, жүгi бар немесе жүксiз көлiк құралының жол жүруi.
      4. "Каботаж" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң тасымалдаушысы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы шегiндегi екi пункт арасында жүзеге асыратын жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалы.
      5. "Тарап мемлекетiнiң аумағы" - Қазақстан Республикасының аумағы және Хорватия Республикасының аумағы.
      6. "Құрған ел" - шегiнде тасымалдаушы және көлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағы.
      7. "Болу елi" - тасымалдаушы сол аумақта құрылмай тасымалды жүзеге асыратын және оның көлiк құралы да осы аумақта тiркелмеген Тарап мемлекетiнiң аумағы.
      8. "Автобус" - Тараптардың бiрi мемлекетiнiң аумағында тiркелген, өзiнiң Конструкциясы мен жабдықталуы бойынша жолаушыларды тасымалдау үшiн жарамды және оған арналған, жүргiзушiнiң орнынан басқа тағы сегiз отырғызу орны бар көлiк құралы.
      9. "Тұрақты жолаушылар тасымалы" - белгiлi бiр бағдар бойынша, алдын ала белгiленген және жарияланған қозғалыс кестесi мен тасымал үшiн тарифтерге сәйкес жолаушылар тасымалданатын тасымалдар. Осындай тасымалдар процесiнде жолаушылар алдын ала белгiленген аялдамаларда отыра және шыға алады.
      10. "Жолаушылардың қайықты тасымалы" - жолаушылардың алдын ала құрылған топтарын тура және керi бағыттарда жөнелтудiң белгiленген орнынан барудың белгiленген орнына қайталанатын рейстер арқылы тасымалданатын тасымалдар. Тура бағытта жол жүрудi орындайтын жолаушылардан тұратын әрбiр топ жөнелту орнына келесi керi рейспен тасымалданады. Жол жүру басталатын орын және жол жүру аяқталатын орын деп әрбiр жағдайда, 50 км радиусындағы жақын жерлермен бiрге тиiсiнше жөнелту орны және бару орны түсiнiледi.
      Қайықты тасымалдар сериясындағы алғашқы керi қайту рейсi және тура бағыттағы соңғы рейс бос түрде орындалады.
      11. "Тұрақты емес жолаушылар тасымалы" - тұрақты жолаушылар тасымалы анықтамасына да, қайықты тасымал анықтамасына да жатпайтын тасымалдар. Тасымалдардың жиiлiгi немесе саны олардың тұрақты емес тасымалдар ретiндегi жiктелуiне әсер етпейдi.
      12. "Бақылау құжаты" - Осы Келiсiмнiң 14-бабында аталған Бiрлескен комиссиямен келiсiлген үлгiге сәйкес келетiн автобустарға арналған жол парағы.
      13. "Рұқсат" - Тараптардың құзыреттi органдары беретiн, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген көлiк құралдарына рұқсатты берген Тарап мемлекетiнiң аумағына немесе аумағы арқылы жол жүрудi жүзеге асыруға құқық/мүмкiндiк беретiн құжат.
      14. "Транзит" - бір Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген көлiк құралымен екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы жолаушыларды және/немесе жүктердi тасымалдау.
      15. "Қауiптi жүк" - оларға тән қасиеттерге және ерекшелiктерге байланысты тасымалдау, тиеу, түсiру және сақтау кезiнде техникалық құралдардың, жабдықтың, ғимараттар мен құрылыстардың бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауыруына және қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн жүк.

II. Жолаушылар тасымалы
3-бап. Тұрақты тасымалдар

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен тұрақты жолаушылар тасымалы Тараптардың құзыреттi органдары беретiн рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Рұқсатқа өтiнiм тасымалдаушы құрылған мемлекеттегi құзыреттi органға берiлуге тиiс, ол екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына жiберiледi. Егер құзыреттi орган өтiнiмдi мақұлдаса, рұқсат тасымалдаушыны құрған мемлекеттiң құзыреттi органына жiберiледi.
      3. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия өтiнiм қандай нысанда берiлуге тиiстiгiн және бұл ретте қандай қосымша құжаттар талап етiлетiнiн шешедi.
      4. Рұқсаттарды Тараптардың құзыреттi органдары өзара келiсiм бойынша бередi.
      5. Рұқсатты беру немесе беруден бас тарту шешiмi үш ай iшiнде қабылданады.
      6. Рұқсатты қолданудың ең көп мерзiмi - бес жыл. Олар көлiк құралдары қанағаттандыруы тиiс экологиялық стандарттар мен қауiпсiздiк нормаларын қоса алғанда, тасымалдау шарттарын белгiлейдi.
      7. Тасымалдау шарттарын өзгерту және тасымалдарды тоқтату мәселелерi осы баптың 2 және 3-параграфында көзделген рәсiмге сәйкес шешiледi.
      8. Егер тасымалдауға қажеттiлiк болмаса, тасымалдаушы, оған дейiн үш ай бұрын рұқсат берген құзыреттi органдарға және клиенттерге хабарлама жiбере отырып, оны тоқтата алады.

4-бап. Тұрақты емес және қайықты тасымалдар

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы және олардың аумақтары арқылы транзитпен тұрақты емес және қайықты жолаушылар тасымалдары Тараптардың құзыреттi органдары беретiн рұқсаттар жүйесiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
      Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия тасымалдарды жүзеге асыратын осы бапта келiсiлген көлiк құралдары жауап беруi тиiс техникалық, экологиялық стандарттарға және қауiпсiздiк стандарттарына қойылатын талаптарды келiседi.
      2. Осы баптың 1-параграфына ерекшелiк ретiнде төменде санамаланған тасымалдар болу елiнiң аумағында рұқсаттарды талап етпейдi:
      а) "жабық есiкпен" жол жүру, яғни жөнелту пунктiнен басталатын және аяқталатын жол жүрудiң барлық уақытында бiр автокөлiктi пайдаланумен, сол жолаушылармен тасымал;
      б) жолаушыларды екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жөнелту мемлекетiнiң аумағына бос қайтып келе жатқан автокөлiк құралымен тасымалдау;
      в) жолаушыларды екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына нақ осы тасымалдаушының алдын ала әкелуi шартымен, оларды құрылған Тарап мемлекетiнiң аумағына тасымалдау үшiн жолаушыларды жинау мақсатында екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жолаушыларсыз жол жүру.
      3. Тиiстi рұқсат берiлетiн жағдайларды қоспағанда, рұқсатты талап етпейтiн рейске қосымша жолаушыларды отырғызуға тыйым салынады. 
      Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия тұрақты емес жолаушылар тасымалдарының басқа да санаттарына рұқсат беру жүйесiнен босатуға бастамашылық жасауы мүмкiн.
      4. Рұқсатқа өтiнiм болу елiнiң құзыреттi органдарына берiлуге тиiс.
      Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия өтiнiм қандай нысанда берiлуге тиiстiгiн және бап ретте қандай қосымша құжаттар талап етiлетiнiн шешедi.
      5. Рұқсатты талап етпейтiн және автобустармен жүзеге асырылатын тұрақты емес тасымалдар бақылау құжатымен қамтамасыз етiлу тиiс. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия бақылау құжатын пайдалану шарттарын және оның мазмұнын белгiлейдi.

5-бап. Жолаушылар тасымалдары үшiн жалпы ережелер

      1. Рұқсаттарды басқа тасымалдаушыларға беруге тыйым салынады.
      2. Жолаушыларды каботаждық тасымалдауды жүзеге асыруға тыйым салынады.

III. Жүк тасымалдары
6-бап. Рұқсат беру жүйесi

      Тараптардың бiрi мемлекетiнiң аумағында құрылған тасымалдаушылар рұқсат беру жүйесi бойынша:
      а) екi Тарап мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы тасымалдарды;
      б) транзиттiк тасымалдарды;
      в) егер бағдар көлiк құралы тiркелген елдiң аумағы арқылы өтсе, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы пункт пен үшiншi елдiң аумағындағы пункт арасындағы тасымалдарды жүзеге асыра алады.
      2. Егер бағдар тiркеу елiнiң аумағы арқылы өтпесе, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы пункт пен үшiншi елдiң аумағындағы пункт арасындағы тасымалдар арнайы рұқсатпен жүзеге асырылады.
      3. Жүктердiң каботаждық тасымалдарына болу елiнде берiлген арнайы рұқсатпен ғана рұқсат етiледi.
      4. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия рұқсаттардың басқа да түрлерiн белгiлейдi. Қажет болған кезде ол тасымалдарды рұқсатсыз жүзеге асыру туралы ұсыныс беруi мүмкiн.

7-бап. Рұқсатты талап етпейтiн тасымалдар

      1. Осы Келiсiмнiң 6-бабында аталған рұқсаттар мыналар үшiн талап етiлмейдi:
      а) тiркемелердi қоса алғанда, жүкпен жалпы рұқсат етiлген салмағы (ЖЖРС) 6 тоннадан аспайтын немесе тiркемелердi қоса алғанда жол берiлетiн пайдалы жүктемесi 3,5 тоннадан аспайтын көлiк құралымен тасымалдар;
      б) егер тасымалдау шарттары өзгерген жағдайда, әуежайларға жеткiзiлетiн жүктердi тұрақты емес тасымалдау;
      в) зақымдалған және iстен шыққан көлiк құралдарын тасымалдау және жөндеу автокөлiк құралдарының қозғалысы;
      г) басқа елде зақымдалған немесе iстен шыққан басқа жүк автокөлiк құралын ауыстыру үшiн бос жүк автокөлiк құралының қозғалысы және бос жөнделген автокөлiк құралының қайта оралуы;
      д) шұғыл жағдайларда, атап айтқанда, табиғи апаттарда көмек көрсету үшiн арналған дәрi-дәрмектердi, медициналық жабдық пен жарақты тасымалдау, сондай-ақ гуманитарлық көмек;
      e) жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған заттарды және өнер туындыларын тасымалдау;
      ж) театр, музыкалық, кинематографиялық, спорт және цирк қойылымдары мен көрмелер, сондай-ақ радиохабарларды, кино және теледидар түсiрiмдерiн жазу үшiн коммерциялық емес мақсатта керек-жарақтарды, жабдық пен жануарларды тасымалдау;
      з) қайтыс болғандардың денесi мен мәйiтiн тасымалдау;
      и) почта тасымалдары.
      2. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия қажет болғанда рұқсатты талап етпейтiн тасымалдар тiзiмiн кеңейтуге бастамашылық жасау мүмкiн.

8-бап. Жүк тасымалдары үшiн жалпы ережелер

      1. Екi Тараптың құзыреттi органдары жыл сайын рұқсат бланкiлерiнiң келiсiлген санымен әрбiр жыл алмасады.
      Жүктердi тасымалдауға арналған рұқсаттар келесi күнтiзбелiк жылдың 31 қаңтарына дейiн күшiнде болады.
      2. Рұқсаттарды басқа тасымалдаушыларға беруге тыйым салынады.
      3. Рұқсат бiр ғана көлiк құралына пайдаланылуы мүмкiн. Автомобиль көлiк құралдарын құрастыру үшiн рұқсат беру және рұқсат талап етiлмейтiн жағдайларды айқындау үшiн айқындауыш фактор болып табылады.
      4. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия рұқсаттардың квотасын, санатын және оларды пайдаланудың одан арғы шарттарын белгiлейдi.

IV. Жалпы ережелер
9-бап. Салықтар мен баждар

      1. Жүктердiң, жолаушылар мен багаждың халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын және Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында уақытша болатын көлiк құралдары осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес көлiк құралына иелiк етуге, оны тiркеу мен басқаруға қатысты барлық баждардан босатылады.
      2. Көлiк құралының жұмыс iстеуiне арналған көлiк құралына өндiрушi орнатқан кәдiмгi бактағы жанар май (жүк көлiк құралдары үшiн 200 литрден аспайтын және автобустар үшiн 600 литрден аспайтын), сондай-ақ жағар май материалдары мен қосалқы бөлшектер болу елiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес барлық кедендiк баждардан босатылады.
      Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер елден шығарылуға тиiс, ал ауыстырылған бөлшектер шығарылуға немесе тиiстi Тараптың кеден өкiлдерiнiң қатысуымен жойылуға тиiс.
      3. Осы Келiсiмнiң шарттары бойынша жүзеге асырылатын тасымалдар үшiн болу елiнде автожол желiсiн немесе көпiрлердi пайдаланғаны үшiн алынатын жол алымдары, төлемдер мен басқа да баждар алынады. Баждар мен басқа да алымдар кемсiтусiз негiзде екi Тарап елдерiнiң тасымалдаушыларынан алынады.

       10-бап. Салмақтық өлшемдер мен көлемдер

      1. Автокөлiк құралдарының жол берiлетiн ең ауыр салмағы, оське жүктемесi және көлемдерi тiркеу құжаттарында көрсетiлген өлшемдерден, сондай-ақ болу елiнде қолданылатын жол берiлетiн ең көп шектерден аспауға тиiс.
      2. Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүгi бар көлiк құралдарын болу елiнде пайдалану алдын ала өтiнiм берiлген арнайы рұқсатпен ғана рұқсат етiледi.

11-бап. Жабдық және басқа да сипаттамалар

      1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдары, енгізiлген түзетулердi ескерумен, 1957 жылғы 30 қыркүйектегi Қауiптi жүктердiң халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келiсiмнiң (ҚЖТТШ) талаптарына сәйкес жарақталуға және жабдықталуға тиiс.
      2. Көлiк құралдары экипаждарының жұмыс режимi мен демалысын бақылау үшiн пайдаланылатын жабдық, енгiзiлген түзетулердi ескерумен, 1970 жылғы 1 шiлдедегi Халықаралық автомобиль тасымалдарын орындайтын көлiк құралдары экипаждарының жұмысына қатысты еуропалық келiсiмнiң (ЕСТР) ережелерiне сәйкес болуға тиiс.
      3. Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде қауiпсiздiктiң және атмосфераға тастандылардың стандарттарына жауап беретiн автокөлiк құралдарын пайдалануға ықпал етуге мiндеттенедi.

12-бап. Бақылау

      Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес рұқсаттар, бақылау және өзге де құжаттар, сондай-ақ көлiк жүк қағазы, жол парақтары, сақтандыру сертификаттары, оқығаны туралы сертификаттар және Тараптардың мемлекеттерi қол қойған халықаралық келiсiмдерге және/немесе Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес талап етiлетiн барлық өзге де құжаттар көлiк құралында болуға тиiс және уәкiлеттi тұлғалардың талабы бойынша көрсетiлуге тиiс.

13-бап. Тасымалдаушылардың мiндеттемелерi
мен бұзушылықтары

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары және олардың көлiк құралдарының экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында бола отырып, осы елде қолданылатын ұлттық заңнаманы сақтауға тиiс.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған жағдайда аумағында бұзушылық болған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары өз елiнiң процессуалдық iс-әрекетiне залалсыз, бұл туралы екiншi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайтын осы мемлекеттiң құзыреттi органдарын хабардар етедi. Ерекше күрделi жағдайларда болу елiнiң құзыреттi органдары тасымалдаушы құрылған елдiң құзыреттi органдарының шешiмiн күте отырып, бұзушылық жасаған тасымалдаушыға өз елiнiң аумағына кiруге уақытша тыйым салуы мүмкiн. Екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiр-бiрiн қабылданған шешiмдер туралы хабардар етедi.

14-бап. Бiрлескен комиссия

      Тараптар мемлекеттерi осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау және туындайтын даулы мәселелердi шешу үшiн Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының өкiлдерiнен тұратын Бiрлескен комиссияны құрады.

15-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмдi қолдану жөнiндегi құзыреттi органдары:
      Қазақстан Республикасында: Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi;
      Хорватия Республикасында: Теңiз, туризм, көлiк және даму министрлiгi.
      Осы бапта көрсетiлген құзыреттi органдар өзгерген жағдайда құзыреттi органдардың атаулары екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.

V. Қорытынды ережелер
Келiсiмнiң күшiне енуi және қолданылу мерзiмi,
сондай-ақ оған өзгерiстер енгiзу

16-бап

      Осы Келiсiмге екiжақты келiсiм бойынша дипломатиялық арналар бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

17-бап

      1. Осы Келiсiм Тараптардың осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар бойынша алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және бiр Тарап екiншi Тараптың оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап үш ай өткенге дейiн күшiнде болады.
      Осыны растау үшiн тиiсiнше өкiлеттiк берiлген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.
      200___ жылғы "_" ________ _________________________ қаласында әрқайсысы қазақ, хорват, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының       Хорватия Республикасының
            Yкiметi үшiн                   Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады