Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Тәжiкстан
Республикасының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль
қатынасы туралы келiсiмдi ратификациялау туралы
2006 жылғы 4 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Yкіметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Тәжiкстан Республикасының Yкiметi арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi,
Тараптар мемлекеттерi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып,
екi мемлекет арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
Осы Келiсiмге сәйкес Тараптар мемлекеттерi арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде тiркелген автокөлiк құралдарымен үшiншi елдерге (елдерден) жолаушы мен жүк тасымалдары жүзеге асырылады.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мақсатында төмендегi терминдер мыналарды бiлдiредi:
а) "құзыреттi органдар":
- Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi,
6, 10 және 15-баптарға қатысты - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiмен бiрлесiп.
11 және 12-баптарға қатысты - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп.
- Тәжiк Тарапынан - Тәжiкстан Республикасы Көлiк министрлiгi,
6, 7, 8, 10 және 15-баптарға қатысты - Тәжiкстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiмен бiрлесiп.
Жоғарыда аталған құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етiлетiн болады;
б) "тасымалдаушы" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және оның ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға рұқсат берiлген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
в) "автокөлiк құралы":
- жүктердi тасымалдау кезiнде - жүк автомобилi, тiркемесi бар жүк автомобилi, автомобиль тартқыш немесе жартылай тiркемесi бар автомобиль тартқыш,
- жолаушыларды тасымалдау кезiнде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргiзушi орнын қоса алғанда, отыруға арналған 9-дан артық орны бар автокөлiк құралы, багажды тасымалдауға арналған тiркемесi болуы мүмкiн,
меншiк құқығында не жалға алу шарты немесе лизинг негiзiнде тасымалдаушының басқаруында болатын;
г) "рұқсат" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң құзыреттi органы беретiн, Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүрiп өтуiне құқық беретiн құжат;
д) "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген бағыттар, кесте, тарифтер, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүргiзетiн аялдама пункттерi бойынша жүзеге асырылатын жолаушыларды автобуспен тасымалдау;
е) "жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау" - "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" анықтамасына кiрмейтiн, жолаушыларды автобустармен тасымалдау.
1. Жолаушыларды екi жақты және транзиттiк қатынаста автобустармен тұрақты тасымалдау Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бағыты олардың мемлекеттерiнiң аумағы бойынша өтетiн учаскесiне берген рұқсаттарының негiзiнде жүзеге асырылады.
Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары рұқсаттың шарттары мен қолдану мерзiмiн, кестенi, тарифтердi, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүзеге асыратын аялдама пункттерiн, оның iшiнде Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiн көрсете отырып, бағыт схемасын уағдаластық негiзде жазбаша нысанда келiседi.
2. Белгiленген бағыттарға сәйкес жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру құқығын куәландыратын рұқсатты алуға арналған өтiнiм Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына жiберiледi.
3. Өтiнiм мен рұқсаттың мазмұнын, нысанын Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары белгiлейдi.
1. Жолаушыларды екi жақты және транзиттiк қатынаста Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген автобустармен тұрақты емес тасымалдау осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар бойынша жүзеге асырылады.
2. Жолаушыларды екi жақты және транзиттiк қатынаста автобустармен тұрақты емес тасымалдау, бiр ғана құрамдағы жолаушылар тобы бiр автобуспен тасымалданғанда, рұқсаттарсыз жүзеге асырылады, бұл ретте:
а) сапар автобус тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында басталады және аяқталады;
б) сапар автобус тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып, автобустың осы аумақтан бос кетуi шартымен, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында аяқталады.
3. Сондай-ақ, рұқсаттар:
а) сол тасымалдаушының жолаушылар тобын бастапқы жөнелту пунктiне осы топ бұрын жеткiзiлген екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы пункттен керi тасымалдауы мақсатында (осы баптың 2-тармағының "б" тармақшасында көрсетiлген жағдайда) бос автобустардың кiруi үшiн;
б) сынған автобусты басқа автобуспен ауыстырған кезде талап етiлмейдi.
4. Осы баптың 2-тармағы және 3-тармақтың а) тармақшасында көрсетiлген жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауды орындау кезде автобустың жүргiзушiсiнде Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген арнайы нысан бойынша жасалған жолаушылардың тiзiмi болуы тиiс.
Тараптар мемлекеттерiнiң арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жүктердi автокөлiк құралдарымен тасымалдау, сондай-ақ үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдау рұқсат алмай жүзеге асырылады.
1. Осы Келiсiмде көзделген тасымалдарды, өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат берiлген тасымалдаушылар ғана орындауы мүмкiн.
2. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы тиiс. Жүк автомобильдерiнде немесе автомобиль тартқыштарында тиiсiнше Қазақстан Республикасының немесе Тәжiкстан Республикасының тiркеу және айырым белгiлерi болған кезде, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа елдердiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы мүмкiн.
Осы Келiсiмде көзделген тасымалдарды жүзеге асыру үшiн, егер автокөлiк құралының көлемi, жалпы салмағы немесе оське түсетiн жүктемесi осы екiншi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген нормалардан асып кетсе (ауыр салмақты және iрi көлемдi), тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуға тиiс.
Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде Тараптар, қатысушылары өз мемлекеттерi болып табылатын халықаралық шарттардың барлық талаптарының, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс.
Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысына екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушы немесе жүк тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етiлмейдi.
1. Автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде өздерi басқаратын автокөлiк құралдарының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiктерi және автокөлiк құралының ұлттық тiркеу құжаттары болуға тиiс.
2. Осы Келiсiмге сәйкес талап етiлетiн рұқсат пен басқа да құжаттар автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде болуы және Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының талабы бойынша көрсетiлуi тиiс.
Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң тасымалдаушылары осы Келiсiмнiң негiзiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүзеге асыратын жолаушы мен жүк тасымалдары, сондай-ақ осы тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдары, ақылы жолдарды, сондай-ақ ақылы көпiрлер мен тоннельдердi пайдаланғаны үшiн алымдарды қоспағанда, егер осындай алымдар мен төлемдер өндiрiп алынуға жатса (оның iшiнде осы екiншi Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушыларынан), жолдарды пайдалануға немесе күтiп ұстауға, автокөлiк құралдарын иеленуге немесе пайдалануға байланысты алымдар мен салықтардан босатылады.
1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн:
а) автокөлiк құралының тиiстi моделi үшiн көзделген, техникалық және конструкциялық жағынан қозғалтқыштың қоректену жүйесiмен байланысқан негiзгi сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жүк автокөлiк құралдарындағы немесе арнайы контейнерлердегi рефрижераторлық немесе басқа қондырғының әрқайсысына екi жүз литр мөлшерiндегi қосымша жанармай;
б) тасымалдау кезiнде тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
в) халықаралық тасымалды орындау кезiнде автокөлiк құралының жарамсыздығы туындаған жағдайда оны жөндеу үшiн қажеттi уақытша әкелiнген агрегаттар, қосалқы бөлшектер және құрал-саймандар кедендiк алымдар мен баждардан босатылады.
2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар Тарап мемлекетiнен керi әкетiлуге жатады, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер керi әкетiлуге немесе аумағында осы қосалқы бөлшектерге қатысты кедендiк режимдi өзгерту болған Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес өзге кедендiк режимге орналастырылуға тиiс.
Осы Келiсiмнiң негiзiнде жүзеге асырылатын жолаушы мен жүк тасымалдары автокөлiк құралдары иелерiнiң үшiншi тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруы шартымен жүзеге асырылады.
Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбiр автокөлiк құралын алдын ала сақтандыруға мiндеттi.
Жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды тасымалдау, жолаушыларды тұрақты тасымалдау кезiнде, сондай-ақ дүлей зiлзалалардың, авариялар мен апаттардың зардаптарын жоюға қажеттi жүктердi, жануарлар мен тез бұзылатын жүктердi тасымалдау кезiнде шекаралық, көлiктiк және санитарлық бақылау мен кедендiк ресiмдеу жүргiзу бiрiншi кезекте жүзеге асырылады.
1. Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары осы Келiсiмнiң ережелерiн, сондай-ақ ұлттық заңнаманы, оның iшiнде аумағында автокөлiк құралы тұрған екiншi Тарап мемлекетiнiң жол қозғалысы ережелерiн сақтауға мiндеттi.
2. Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында жол берiлген осы Келiсiмнiң қандай да бiр ережесiн бұзушылық жағдайында, автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органының өтiнiшi бойынша осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық шаралар мен санкцияларды қабылдайды.
Қабылданған шаралар туралы ақпарат осы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына жiберiледi.
3. Осы баптың ережелерi, аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделген санкцияларды Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушыларына қолдануды жоққа шығармайды.
Осы Келiсiммен, сондай-ақ екi Тарап та қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Тараптардың әрқайсысының мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес шешiледi.
1. Осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң iске асырылуына ықпал ететiн өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларының барлық өзгерiстерi туралы өзара ақпаратпен алмасады.
2. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер және консультациялар жолымен шешедi.
Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру және халықаралық автомобиль тасымалдары саласында туындайтын мәселелердi шешу үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары деңгейiнде кездесулер өткiзедi.
Кездесулер, оларды өткiзу болжанған күннен кемiнде бiр ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жiберiлетiн Тараптардың бiрiнiң ұсынысы бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында кезекпен өткiзiледi. Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi шығыстарды Тараптардың әрқайсысы дербес көтередi.
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге, оның ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 21-бабында көзделген тәртiппен күшiне енетiн жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Осы Келiсiм Тараптардың олар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшін қажетті мемлекетшілік рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тараптың осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
2006 жылғы "4" мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, тәжiк және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, орыс тiлiндегi мәтiн негiзге алынатын болады.
Қазақстан Республикасының Тәжiкстан Республикасының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн