Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Тәжiкстан Республикасының шекара әскерлерi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазқстан Республикасының Үкіметінің 2006 жылғы 20 шілдеде N 693 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      l. Қоса берiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Тәжiкстан Республикасының шекара әскерлерi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Амангелдi Смағұлұлы Шабдарбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжікстан Республикасының Үкiметi арасындағы Тәжiкстан Республикасының шекара әскерлерi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi. 

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Тәжiкстан
Республикасының Yкiметi арасындағы Тәжiкстан Республикасының
шекара әскерлерi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Yкiметi достық қатынастарды дамыту және нығайту ниетiн негiзге ала отырып, сыртқы шекаралар қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы ықпалдасу процестерiн жолға қоюға және тереңдетуге ұмтыла отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын сенiмдi күзету үшiн шекара әскерлерiнiң кәсiби даярланған әскери кадрларының шешушi мәнiн ұғына отырып,
      1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерi үшiн әскери кадрларды даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттырудағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң 1-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегi туралы келiстi:

  1-бап

      Қазақстан Тарабы Тәжiкстан Тарабының Шекара әскерлерiнiң әскери қызметшiлерiн мына: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 103 мекен-жайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Әскери институтына (бұдан әрi -- ҰҚК Әскери институты) ҰҚК төрағасы бекiткен штат саны лимитiнiң және ҰҚК Әскери институтын ұстауға бөлiнген қаражаттың шегiнде шарттасқан санда Тараптар жыл сайын келiсетiн мамандықтар бойынша және мерзiмге оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiм-шарттармен ресiмделедi.

  2-бап

      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуы үшiн жауапты өкiлеттi органдары:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
      Тәжiкстан Тарапынан - Тәжiкстан Республикасының Мемлекеттiк шекараны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi болып табылады.
      Жоғарыда аталған өкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етiлетiн болады.

  3-бап

      Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Тәжiкстан Тарабының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан Тарабының ұсынымдары мен мүмкiндiктерiне сәйкес жүргiзiледi. Өтiнiмдер оқу басталғанға дейiнгi 6 айдан кешiктiрiлмей жiберiледi. Өтiнiмдерде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке үмiткерлер саны, оқуға үмiткерлердiң жалпы бiлiм деңгейi көрсетiледi.
      Тәжiкстан Тарабы ҰҚК Әскери институтында оқуға үмiткерлердi iрiктеудi жыл сайын Қазақстан Тарабы бекiтетiн квотаға сәйкес жүзеге асырады. Оқуға түсетiн жылы жасы 17-ден 23-ке дейiнгi үмiткерлердiң толық орта бiлiмi болуға тиiс.

  4-бап

      Тәжiкстан Тарабы белгiленген тәртiппен кәсiби iрiктеудi, медициналық куәландыруды, Тәжiкстан Тарабы белгiлеген бағдарлама бойынша қабылдау емтихандарын өткiзудi жүзеге асырады және әскери қызметшiлердi ҰҚК Әскери институтына оқуға алдын ала белгiленген мерзiмде жiбередi. Кәсiби iрiктеуге (емтихандарға) Қазақстан Тарабының өкiлдерi қатысуы мүмкiн. Yмiткерлер қорытынды медициналық куәландыруды ҰҚК Әскери институтында өтедi.
      Оқыту Қазақстан Республикасының жоғары әскери оқу орындарында қабылданған қолданыстағы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес орыс тiлiнде жүргiзiледi.

  5-бап

      Тәжiкстан Тарабы оқу басталғанға дейiн 1 ай бұрын Қазақстан Тарабының мекен-жайына (орыс тiлiнде): әскери атағын, тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, жалпы бiлiмiн, болжанатын мамандығын көрсете отырып, әскери қызметшiлер тiзiмiнiң екi данасын;
      оқуға үмiткерлердiң: кәсiби iрiктеудiң және медициналық куәландырудың нәтижелерiн, мемлекеттiк құпияға жатқызылған мәлiметтердi алуға (беруге) құқығының болуы туралы қорытындыны және толық орта бiлiмi туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн қамтитын жеке iс қағаздарын жiбередi. Оқу аяқталғаннан кейiн жеке iс Тәжiкстан Тарабына қайта жiберiледi.
      Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерi оқуға белгiленген тәртiппен оқу жылының басталуына қарай келедi, оларда:
      Тәжiкстан Республикасы азаматының шетелдiк паспорты;
      бiлiмi туралы, оқыған пәндерi мен олар бойынша алған бағалары туралы құжаттардың түпнұсқалары мен көшiрмелерi;
      жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру ведомосiнен үзiндi көшiрме;
      медициналық кiтапша және 3 айдан аспаған мерзiмдегi денсаулық жағдайы туралы тексерiлген медициналық қорытынды;
      әскери нысандағы киiмде түскен 4,5 x 3,5 мөлшерiндегi бес фотосуретi;
      мемлекеттiк құпияға рұқсаттың тиiстi нысаны болуы қажет.
      Барлық құжаттар орыс тiлiнде ресiмделген және нотариалды куәландырылған болуға тиiс.
      Тәжiкстан Тарабы үмiткерлердiң белгiленген мерзiмде оқуға келуiн қамтамасыз етедi.
      Егер үмiткерлер ҰҚК Әскери институтына оқуға белгiленген мерзiмнен кейiн 10 күн iшiнде келмеген жағдайда, олар оқуға жiберiлмейдi.
      Тәжiкстан Тарабы оқуға жiберген кезде Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерi арасынан ұлттық топтың жетекшiсiн тағайындайды, ол ҰҚК Әскери институтындағы оның өкiлi болып табылады.

  6-бап

      ҰҚК Әскери институтында оқитын Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiне оқу жоспарларына сәйкес жыл сайын жазда ұзақтығы 30 тәулiк кезектi демалыс және ұзақтығы 14 тәулiк қысқы каникул демалысы берiледi.

  7-бап

      Қазақстан Тарабы Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiн ҰҚК Әскери институтында: Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында уақытша тiркеумен;
      ақшалай үлеспен;
      заттай мүлiкпен;
      тұрғын үй-жайлармен (жатақханалармен);
      үш мезгiлдiк тамақпен;
      оқытушылар құрамымен, оқу құралдарымен, оқу-сыныптық керек-жарақтармен, зертханалық жабдықпен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрiлермен, практикалық оқудың техникалық құралдарымен;
      шығыс материалдарымен және арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу процесiне қажеттi басқа жабдықпен;
      оқу процесiне қажеттi кiтапханаларды, оқу және спорт залдарын және басқа үй-жайларды пайдалану құқығымен; 
      госпитальға жатқызуды және дәрi-дәрмектер берудi қоса алғанда, медициналық қызмет көрсетумен;
      оқу мақсаттары үшiн көлiкпен;
      киiм-кешекпен, сондай-ақ Қазақстан Тарабы әскери қызметшiлерiнiң қазiргi санаттарына арналған нормалар бойынша техникамен жұмыс iстеуге арналған арнайы киiммен қамтамасыз етедi.
      Арнайы киiм уақытша пайдалануға берiледi және оқу аяқталғаннан кейiн ол алған орнына қайтарылуға тиiс.

  8-бап

      Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiн ақшалай үлеспен, киiм- кешекпен, тамақпен және тұрғын үй-жайлармен (жатақханамен) қамтамасыз етудi, сондай-ақ оқуға байланысты шығыстарды Қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгіленген нормалар бойынша Қазақстан Тарабы жүзеге асырады.
      Тәжiкстан Тарабы әскери қызметшiлерiнiң жол жүруiне, олардың багажын әскери қызметiн өткеру орнынан (тұратын жерiнен) оқитын жерiне дейiн алып жүруге ақы төлеудi Тәжiкстан Тарабы жүзеге асырады. Олардың багажын оқитын жерiнен әскери қызметiн өткеру орнына (тұратын жерiне) алып жүруге, кезектi каникулдық және жеке басының жағдайлары бойынша демалыстарда, Тәжiкстан Республикасына тағлымдамаға (практикаға), ҰҚК Әскери институтынан шығарылған жағдайда Тәжiкстан Республикасының аумағына оралу және оқу аяқталғаннан кейiн қызмет орнына қайту кезiнде жол жүруiне ақы төлеудi кейiннен Тәжiкстан Тарабына төлеу үшiн шоттар ұсына отырып, Қазақстан Тарабы жүзеге асырады.
      Егер Тәжiкстан Тарабына шот ұсынылғаннан кейiн бiр ай iшiнде Қазақстандық Тараптың жеке шотына ақша қаражаты келiп түспеген жағдайда, онда Қазақстандық Тарап осы Келiсiмнiң 7-бабының қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.

  9-бап

      Тәжiкстан Тарабы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан Қазақстандық Тарапты мүлiктерi бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты шығындарды негiзге ала отырып, Тәжiкстан Тарабы оның жөндеу немесе ауыстыру құнын төлейдi.
      Тәжiкстан Тарабы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан Қазақстандық Тараптың мүлiктерi жоғалған жағдайда, оның құнын Қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттарына сәйкес анықталған мөлшерде
      Тәжiкстан Тарабы өтейдi.
      Бұзылған мүлiктердi жөндеу немесе ауыстыру құнын төлеудi, сондай-ақ жоғалған мүлiктiң құнын өтеудi Қазақстандық Тарап Тәжiкстан Тарабы өкiлiне тиiстi шоттарды берген күннен бастап 2 ай iшiнде Тәжiкстан Тарабы жүргiзедi. Шоттар Тараптардың өкiлдерi қол қойып, расталған актiлер негiзiнде ресiмделедi.

  10-бап

      ҰҚК Әскери институтында оқып жүрген Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында шетелдiк азаматтар үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.
      Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, әскери қызметтi өткерудi регламенттейтiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жалпы әскери жарғыларын, сондай-ақ ҰҚК Әскери институтындағы iшкi тәртiптi және оқу процесiн сақтауға мiндеттi.
      ҰҚК Әскери институтында оқитын және жоғарыда аталған талаптарды бұзған, сондай-ақ Тәжiкстан Тарабының шешiмi бойынша керi шақырылған әскери қызметшiлер ҰҚК Әскери институтынан шығарылады және Тәжiкстан Республикасына жiберiледi.

  11-бап

      Әскери қызметшiнiң одан әрi оқуына кедергi келтiретiн ауырып қалған кезiнде ол әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiледi. Әскери-дәрiгерлiк комиссия ауырған әскери қызметшiнiң одан әрi оқуға жарамсыздығы туралы шешiм қабылдаған жағдайда ол ҰҚК Әскери институтынан шығарылады және Тәжiкстан Тарапының қарамағына жiберiледi.
      Тәжiкстан Республикасының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының аумағында қайтыс болған (қазаға ұшыраған) жағдайда Тәжiкстан Тарабы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның мәйiтiн Тәжiкстан Республикасына жiберудi өз есебiнен қамтамасыз етедi. Қазақстан Тарабы Тәжiкстан Тарабының өтiнiшi бойынша қажетті жәрдем көрсетедi.
      Қазақстан Тарабы барлық жағдайларда Тәжiкстан Тарабын оқып жүрген адамның қайтыс болғаны туралы дереу хабардар етедi, ал қайтыс болу себептерiн Қазақстан Тарабының құзыреттi органдары анықтайтын болады.

  12-бап

      Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерi Тәжiкстан Республикасының әскери құрамаларында және бөлiмдерiнде әскери тағлымдамадан өтедi. Тағлымдаманың жоспары, мерзiмi және орны жұмыс тәртiбiмен анықталады.
      Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiн кезектi және каникулдық демалыстарға жiберу әскери тағылымдама аяқталғаннан кейiн ҰҚК Әскери институтына қайта жiберiлмей, бiрден жүзеге асырылады.
      Талап етiлетiн көлемде оқу бағдарламасын меңгерген, емтихан тапсырған және диплом жобасын қорғаған әскери қызметшiлерге алған мамандығына сәйкес бiлiктiлiк берiледi, бекiтiлген үлгiдегi дипломдар мен омырау белгiлерi тапсырылады.
      ҰҚК Әскери институтында оқып жүрген Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiне алғашқы офицерлiк атақ беру Тәжiкстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарабының келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

  13-бап

      Оқуды аяқтаған Тәжiкстан Тарабы әскери қызметшiлерiнiң жұмыс дәптерлерi және диплом жобалары Тәжiкстан Тарабының сұрауы негiзiнде бекiтiлген тәртiппен Тәжiкстан Республикасына жiберiледi.

  14-бап

      Қазақстан Тарабы Тәжiкстан Тарабының әскери қызметшiлерiн осы Келiсiмнiң шеңберiндегi құпия және өте құпия ақпаратпен жұмыс iстеу және оларды қолдану ережелерiмен таныстырады, осы фактiнi жазбаша куәландырады және бұл мәлiметтердi жария етпеу туралы қолхат алады.

  15-бап

      Тәжiкстан Тарабы Тәжiкстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген тәртiппен осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және жс құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етедi және оларға Тәжiкстан Республикасының құпия және өте құпия мәлiметтерiн қорғау үшiн қолданылатындай шараларды қолданады.
      Алынған мәлiметтер Қазақстандық Тараптың айдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа берiлмейдi. 

  16-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өтe құпия ақпаратты рұқсатсыз таратуға және жариялауға жол берген не өзге фе қы"мыс жасаған Тәжiкстан Тарабының ҰҚК Әскери институтында оқып жатқан әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.

  17-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалар түрiнде ресімделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiмдi орындау кезiнде туындайтын барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешедi.

  18-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгіленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бірі басқа Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы тиiстi хабарламасын алған күнiнен кейiн алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
      Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның негізінде жасалған келiсiм-шарттар Тараптар олар бойынша мiндеттемелерін орындағанға дейiн қолданыста болады. 2006 жылғы "___"_____ ________ қаласында қазақ, тәжiк және орыс тiлдерiнде әрқайсысы екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күрiш бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн талқылау кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады. 

Қазақстан Республикасының                 Тәжікстан Республикасының 
   Үкіметі үшін                                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады