"Ойыншықтардың қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы N 722 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Ойыншықтардың қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

 Ойыншықтардың қауiпсiздiгi туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы аумағында адамның өмiрiн, денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау мен тұтынушылар мүдделерiн қорғаудың кепiлдiгi үшiн ойыншықтар қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Негiзгi ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) ойыншық материалы - қатынасу үшiн қол жетiмдi оларды дайындау кезiнде пайдаланылатын, ойыншықтардың құрамдас бөлiктерi;
      2) ойыншықтар - балалардың тек ойын мақсатында пайдалануына дәл арналған бұйымдар;
      3) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган - берiлген өкiлеттiлер шегiнде ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      4) ойыншықты терiс пайдалану - ойыншықты дайындаушы көздемеген шарттар немесе мақсаттарда пайдалану;
      5) өнiмдi Қазақстан Республикасының нарығында орналастыратын тұлға - ойыншықты Қазақстан Республикасының аумағында өткізетiн немесе тегiн тарататын жеке немесе заңды тұлға;
      6) пайдаланушы - ойыншықты тiкелей пайдаланатын тұлға;
      7) психологиялық-педагогикалық сараптама - ойыншықтарды балалардың рухани-эмоционалдық саулығын сақтау мәніне зерттеу және талдау жүргiзу;
      8) тұтынушы - ойыншықты сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
      9) функционалдық ойыншық - сол мақсаттағы және сол функцияларды орындауды қайталайтын ересектер пайдаланатын бұйымдардың немесе құрылғылардың кiшiрейтiлген ауқымдағы моделі болып табылатын ойыншық;
      10) химиялық ойыншық - ойын процесі химиялық реакциямен байланысты ойыншық;
      11) электр ойыншығы - кем дегенде бір функциясы электрмен байланысты болатын ойыншық.

2-бап. Қазақстан Республикасының ойыншықтар қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ойыншықтар қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгендегiден өзге ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең аз қажеттi талаптарды айқындау, белгiлеу, қолдану және орындау, сондай-ақ тұтынушылардың мүдделерiн қорғау және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заң реттейтiн объектiлерге мыналарды:
      1) жаңа жылдық шырша әшекейлерiн қоса алғанда (жасанды шыршалар, олардың керек-жарағы, электрлiк шырақтар) мерекелiк ойыншықтарды;
      2) ойын алаңдарында ұжымдық пайдалануға арналған жабдықтар мен керек-жарақтарды;
      3) пайда табу мақсатымен қоғамдық орындарда орнатылған ойыншықтарды;
      4) ойыншық бу двигательдердi, iштен жану двигательдерi бар тетiктердi;
      5) мамандарға арналған 500 астам компоненттерi бар басқатырғыштар немесе суретi жоқ басқатырғыштарды;
      6) пневматикалық қару-жарақты;
      7) ойын садақ, лақтырылатын заттар мен катапульттердi;
      8) металдан жасалған ұшы бар нысанаға лақтыруға арналған жебелердi;
      9) балаларға арналған әшекейлiк бұйымдарды;
      10) ойыншықтарда пайдалану үшiн арнайы құрастырылған, соғатын капсюльдердi қоспағанда, соғатын капсюльдердi қамтитын фейерверктердi;
      11) үй-тұрмыс заттарын қайталайтын 24 вольттан жоғары атаулы кернеуде жұмыс iстейтiн электр пештерi мен басқа да бұйымдарды;
      12) ересек адамның бақылауымен оқу процесiнде пайдаланылатын қыздырғыш элементтерi бар бұйымдарды;
      13) 24 вольттан жоғары атаулы кернеуде жұмыс iстейтiн бейне мониторларға қосылған бейне ойыншықтарды;
      14) бала емiзiктерi және бос емiзiктердi;
      15) ересек коллекционерлерге арналған егжей-тегжейлi әзiрленген кiшiрейтiлген моделдердi;
      16) спорттық жабдықтарды, спорттық және жол (серуендеу) велосипедтерiн, үлкен тереңдiкте қолдануға арналған навигациялық жарақтарды;
      17) фольклорлық және сәндiк сипаттағы қуыршақтар мен ересек коллекционерлерге арналған осындай бұйымдарды қоспағанда Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн ойыншықтардың барлық түрлерi жатады.

2-тарау. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы
мемлекеттiк реттеу

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ойыншықтардың
қауiпсiздiгi саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
      1) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      2) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiту.

5-бап. Мемлекеттiк органдардың ойыншықтардың
қауiпсiздiгi саласындағы құзыретi

      1. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның құзiретiне мыналар жатады:
      1) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыру;
      2) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласында халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасын бiлдiру;
      3) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласында техникалық регламенттер әзiрлеу.
      2. Техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар жатады:
      1) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi келiсу;
      2) ойыншықтардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен белгiленген құзыретi шегiнде ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласында техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгiн бақылау;
      3) сәйкестiк белгiсiнiң кескiнiн, оған қойылатын техникалық талаптар мен таңбалау тәртiбiн әзiрлеу және бекiту.
      3. Халықтың санитарлық-эпидимиологиялық саулығы саласындағы уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар жатады:
      1) ойыншықтардың қауiпсiздiгi жөнiндегi санитарлық-эпидемиологиялық ережелердi және нормаларды, гигиеналық нормативтердi әзiрлеу;
      2) адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiптi ойыншықтарды сатуға жол бермеу жөнiндегi шараларды анықтау және әзiрлеу мақсатында тұтыну нарығына бақылауды және мониторингтi жүзеге асыру;
      3) ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк-техникалық актiлердi келiсу.
      4. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi органның құзiретiне ойыншықтардың психологиялық-педагогикалық сараптамасын жүргiзу тәртiбiн бекiту жатады.

6-бап. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы
мемлекеттiк бақылау

      1. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер түрiнде жүзеге асырылады.
      2. Жоспарлы тексеру жылына кемiнде бiр рет жүргiзiледi.
      3. Жоспардан тыс тексеру Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ бұрын анықталған бұзушылықтар мәнiнде жүргiзiледi.
      4. Ойыншықтардың қауiпсiздiгiн тексеру екi кезеңде жүргізiледi:
      1) құжатты тексеру;
      2) қатерлердi бағалауды тексеру.
      5. Ойыншықтардың қауiпсiздiгiн құжатты тексеру мынадай:
      1) ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы осы Заңның талаптарымен, техникалық регламенттермен тұтынушылар үшiн ақпараттың растығын тексеру;
      2) ойыншықтардың қауiпсiздiгін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға ойыншықтардың сәйкестiгiн растайтын құжаттағы ақпараттың сәйкестiгiн тексеру жолымен жүзеге асырылады.
      6. Уәкiлеттi органдар қатерлердi бағалауды тексеру кезiнде өз құзыретi шегiнде сынақтарды (зерттеулердi) жүргiзу үшiн ойыншықтардың iрiктелiп алынған үлгiлерiн аттестатталған және аккредиттелген зертханаға (орталықтарға) жiбередi.
      7. Ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк орган қатерлердi бағалау бағдарламасын әзiрлейдi.
      8. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органдар егер:
      1) олардың мақсатына сәйкес пайдаланылатын ойыншықтар адамның өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қауiп төндiруi мүмкiн;
      2) таңбалауда немесе iлеспе құжаттамада көрсетiлген ақпарат тұтынушыны адастыруға алып келетiн;
      3) ойыншықтар қойылатын психологиялық-педагогикалық талаптарға сәйкес келмейтiн;
      4) ойыншықтар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн жағдайда ойыншықтарды нарықтан алып қою және нарыққа олардың жеткiзiлуiне тыйым салу үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды.
      9. Уәкiлеттi органдардың лауазымды адамдары мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзген кезде өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда және құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсiздiктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Уәкiлеттi органдар құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы бiр ай iшiнде хабарлауға мiндеттi.

3-тарау. Ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету жөнiндегi талаптар

7-бап. Қазақстан Республикасының рыногындағы айналым
кезiнде ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
жөнiндегi жалпы талаптар

      1. Осы Заңның күшi қолданылатын ойыншықтар ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы осы Заңмен және техникалық регламенттермен белгiленген адамның өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн ең аз қажеттi талаптарға сәйкес келуi тиiс.
      2. Ойыншықтар егер, оларды мақсатқа сай пайдалану кезiнде:
      1) адамның денсаулығы мен өмiрiне, сондай-ақ қоршаған ортаға қатер төндiрмеген;
      2) баланың рухани-эмоциялық саулығын сақтаған;
      3) тұтынушыларды ойыншықтардың мақсатына қатысты адастыруға алып келмейтiн жағдайда ғана ойыншықтар Қазақстан Республикасының рыногына орналастырылуы мүмкiн.
      3. Ойыншықтарды рынок айналымына енгiзу алдында сәйкестік сертификатын алған және Қазақстан Республикасының рыногына өнімді орналастыратын тұлға ойыншықтарға (орамға) сәйкестiк белгісiн түсiруге мiндеттi.
      4. Барлық ойыншықтардың мынадай ақпараттан тұратын таңбалауы болуы тиiс:
      1) дайындаушының және/немесе оның тауарлық белгісінің атауы;
      2) бұйымның атауы;
      3) пайдаланудың мақсаты мен шартының негiзгi көрсеткіштері;
      4) дайындау күнi;
      5) тауардың шыққан елi.
      5. Таңбалаудың барлық белгiлерi пайдалану жөніндегі нұсқаулықта түсіндірілуі тиіс.
      6. Қазақстан Республикасы нарықтарында ойыншықтарды орналастыратын тұлға:
      1) ойыншықтарды сату кезiнде тұтынушы болу мүмкiн қатердi бағалау және оларға тиiстi қауiпсiздiк шараларын қолдану үшiн тұтынушыны пайдалану құжаттамамен және мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi басқа қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етуге;
      2) ойыншықтарды сату, өткiзу немесе ақысыз тарату кезiнде iшiнара бақылау жүргiзуге, шағымдарды тексеруге, осы тұтыну заттарын өткiзу кезiнде iс-әрекет тәртiбi туралы сатушыларға хабарлауға;
      3) ойыншықты пайдаланушылардың қауiпсiздiгiне ықтимал қатердi анықтау жағдайында пайдаланушыны уақытылы және тиiмдi ескертудi қамтамасыз етуге, ал қажеттiлiк кезiнде тiптi оларды тұтынушылардан (пайдаланушылардан) қайтарып алу мен сараптама жүргiзуге дейiн қауiпсiздiктiң қатерiн жоюға бағытталған қажеттi iс-шараларды жүргiзуге;
      4) таратылып қойған ойыншықтардың қауiпсiздiк талаптары бұзылғандығы және оларды жою жөнiндегi олар қабылдаған шаралар туралы тиiстi бақылау органдарына сөзсiз хабарлауға;
      5) егер, белгiленген қауiпсiздiк талаптарына ойыншықтардың сәйкессiздiгi туралы ақпарат бар болса ойыншықтарды сатуды тоқтатуға мiндеттi.
      7. Ойыншықтар психологиялық-педагогикалық талаптарға сәйкес болуы тиiс. Ойыншықты аталған талаптарға сәйкес келмейдi деп тану үшiн психологиялық-педагогикалық сараптаманың қорытындысы негiз болады.

8-бап. Ойыншықтарға қойылатын қауiпсiздiктiң жалпы талаптары

      1. Ойыншықтарды пайдаланушылар ойыншықтардың конструкциялық және өзге де кемшiлiктерi нәтижесiнде денсаулыққа зиян келтiру немесе жарақат алу қатерiнен қорғалуы тиiс. Ойыншықтарды дайындаудың конструкциясы мен технологиясы мақсатына сәйкес оларды қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз етуi тиiс.
      2. Оның функциясын және негiзгi сипаттамалары мен ерекшелiктерiн өзгертпестен конструкцияны өзгерту арқылы толық жойылуы мүмкiн емес ойыншықтарды пайдаланумен байланысты қауiп-қатерлердiң алдын алу үшiн ойыншықтарды пайдаланушылардың ең төмен пайдалану жылын көрсету және ересектердiң бақылауымен ғана ойыншықтарды пайдалану қажеттiлiгiн көрсету қажет.
      3. Ойыншықтар мен олардың бөлшектерi, сондай-ақ бөлшек саудаға арналған олардың орамасы қылғынудың мүмкiн болатын ең аз қауiп-қатерiнен тұруы тиiс.
      4. Ойыншықтар мыналарға:
      1) жауығушылық iс-әрекетке;
      2) қаталдық көрiнiсiне;
      3) өнегесiз iс-әрекеттер мен күш қолдануға;
      4) баланың жас құзiретiнiң шеңберiнен шығатын сексуалдық проблемаларға терiс қызығушылыққа;
      5) балалар мен ересектердiң нәсiлдiк ерекшелiгi мен физикалық кемшiлiктерiне терiс қарым-қатынасқа итермелеуге тиiс емес.

9-бап. Ойыншықтардың механикалық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi талаптары

      Механикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында ойыншықтарға мынадай талаптар қойылады:
      1) ойыншықтар және оның бөлшектерi, сондай-ақ, қозғалмайтын ойыншықтар жағдайында олардың тiрегi егер, бұл дене жарақатына алып келуi мүмкiн пайдалану уақытында олар ұшырауы мүмкiн жүктеменi бұза отырмай, көтеретiндей жеткiлiктi механикалық сенiмдiлiк пен берiктiкке ие болуы тиiс;
      2) ойыншықтардың бөлшектерiн бiрiктiру үшiн шеттерi, дөңестерi, баулары, сымдары мен жарақтары олармен қатынасқа түсу нәтижесiнде дене жарақатының қатерi ең аз мөлшерге дейiн қысқартылатындай етiп жасалуы және дайындалуы тиiс;
      3) ойыншықтар ойыншықтардың бөлшектерiнiң қозғалысы салдарынан туындауы мүмкiн дене жарақатының қатерiн ең аз мөлшерiне жеткiзетiндей етiп құрастырылуы тиiс;
      4) ойыншықтар мен олардың компоненттер, сондай-ақ жасы 3 жасқа жетпеген балалардың пайдалануына арналған ойыншықтардың бөлiнiп алынатын бөлiктерi оларды жұтуға болмайтындай көлемде болуы тиiс;
      5) баланы ұстап тұруға арналған ойыншықтар ойыншықтардың механикалық бұзылулардың салдарынан баланың суға кету қатерiн мүмкiндiгiнше, қысқартатын етiп құрастырылуы және дайындалуы тиiс;
      6) пайдаланушы iшiне кiре алатын, жабық кеңiстiктi бiлдiретiн ойыншықтар герметикалық болуы тиiс емес және ойыншықтан еркiн шығу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс;
      7) механикалық қозғалысқа арналған ойыншық пайдалануы пайдаланушының құлау немесе дене жарақатымен сүйемелденбейтiн тиiстi дамитын кинетикалық энергиясының тежегiш жүйесi болуы тиiс;
      8) снарядтың нысаны мен композициясы, сондай-ақ ойыншықтан ату кезiнде ол дамытатын кинетикалық энергия пайдаланушыны немесе үшiншi тұлғалардың дене жарақатының қауіп-қатерiне ұшыратпауы тиiс;
      9) ойыншықтың iшiндегi сұйықтық пен газдар ағып кету жағдайында, пайдаланушының немесе үшiншi тұлғамен ықтимал дене жарақатын алуы кезiндегi температураға және/немесе қысымға жетпеуi тиіс.

10-бап. Ойыншықтардың өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету жөнiндегi талаптары

      Ойыншықтардың өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында мынадай талаптар белгiленедi:
      1) ойыншықтарда қауiптi тұтанғыштық элементi болмауы тиiс;
      2) олардың iс-әрекетi үшiн қажеттi қауiптi заттардан немесе препараттардан тұратын ойыншықтар (макеттердi жинауға, пластмассалық немесе керамикалық құймаларды дайындауға арналған материалдар, эмальдауға, фотосуретпен немесе осындай жұмыстармен айналысуға арналған жабдық) ұшып кететiн жанбайтын компоненттердiң ұшып кетуi салдарынан тұтануы мүмкiн заттар немесе препараттардан тұруы тиiс емес;
      3) осы Заңның 3-бабының 2-тармағындағы 10) тармақшада көрсетiлген соққы капсюлдерiнен басқа ойыншықтар өрт қауiптi болмауы және ойыншықты мақсатты емес пайдалану кезiндегi өрт қауiптi болатын элементтерден немесе заттардан тұрмауы тиiс;
      4) химиялық реакциялар, тотықтандырғыш заттарымен қыздыру немесе араластыру нәтижесінде жарылғыш қоспаларды құрауы мүмкiн заттардан немесе препараттардан, сондай-ақ ауада тұтанатын және ауамен буда жанатын немесе өрт қауiптi қоспалар құруға қабiлеттi ұшатын компоненттерден тұруы тиiс емес.

11-бап. Ойыншықтардың химиялық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi талаптары

      Ойыншықтардың химиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында мынадай талаптар белгiленедi:
      1) ойыншықтар оларды пайдалану кезiнде адамның ағзасына химиялық заттардың әсер етуi салдарынан оның өмiрi мен денсаулығына қатердi болдырмайтындай жолмен жобалануы және дайындалуы тиiс;
      2) ойыншықтан бөлiнетiн және ойыншықпен қатынасқа түсу кезiнде жинақталатын адам ағзасындағы денсаулық үшiн зиянды химиялық заттар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы уәкiлеттi орган рұқсат еткен миграция деңгейiнде рұқсат етiлген санынан аспауы тиiс.

12-бап. Ойыншықтардың электр қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету жөнiндегi талаптары

      Ойыншықтардың электр қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында мынадай талаптар қойылады:
      1) балалар ойыншықтарына арналған, сондай-ақ ойыншықтардың жекелеген бөлшектерiне қоректендiру көздерiнiң атаулы кернеуi 24 вольттан аспауы тиiс;
      2) электр көзiмен жанасқан кезде электр тогымен соққы беруi мүмкiн ойыншықтардың бөлшектерi, сондай-ақ ойыншықтың бөлшектерiне тоқ жiберетiн кабельдер, сымдар немесе өткiзгiштер оқшауланған және механикалық қорғалған болуы тиiс;
      3) электр ойыншықтары, оның барлық барынша қызатын бөлiктерiн ұстаған кезде күйдiруден қорғау кепiлдiгiн бере алтындай жобалануы және дайындалуы тиiс.

13-бап. Ойыншықтардың биологиялық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi талаптары

      Ойыншықтарды дайындау үшiн биологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында не таза күйiнде, не бiрiктiрiлген күйiнде немесе қоспа түрiндегi пайдалануға тыйым салынған заттары жоқ таза және инфекцияланбаған шикiзат пен материалдар пайдаланылуы тиiс. Қолданылатын шикiзат пен материалдарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардан алынған оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар болуы тиiс.

14-бап. Ойыншықтардың радиациялық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi талаптары

      Радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында ойыншықтарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген радиациялық қауiпсiздiктiң рұқсат етiлген нормаларынан асатын радиоактивтiк элементтерi немесе заттары болмауы тиiс.

15-бап. Тұтынушыға арналған ақпаратқа қойылатын талаптар

      1. Ойыншықты тұтынушыға арналған ақпаратта мынадай деректер мiндеттi тәртiпте болуы тиiс:
      1) өнiмнiң аты;
      2) заңды мекен-жайын көрсете отырып, Қазақстан Республикасының нарықтары өнiмдi орналастыратын дайындаушының және/немесе тұлғаның толық аты;
      3) ойыншықтың фукционалдық мақсаты немесе оның қолданылу аясы;
      4) негiзгi тұтынушылық қасиеттерi және/немесе сипаттамасы;
      5) сәйкестiк белгiсi;
      6) пайдалану жөнiндегi нұсқаулық;
      7) ойыншықты пайдалану және жасына шек қою кезінде болуы мүмкiн қауiп-қатерлер туралы ескерту.
      2. 3 жастан кiшi балаларға арналмағандардан басқа ойыншықтарға берілетін ақпаратта жасына шек қоюды енгізу қажеттілігі түсіндірілуі тиіс.
      3. Шаналар, аспалы әткеншектер, сақиналар, трапециялар, арқандар және гимнастикалық снарядтардың аспалары үшiн рамаға бекiтiлген сол тәрiздi құралдар снарядтардың неғұрлым жауапты бөлiктерiн (аспалары, еденге бекiту, баулары, түйме iлгектерi) мерзiмдiк тексеру және күту бойынша дұрыс құрастырмаған кезде қауiп төндiруi мүмкiн элементтерiн көрсете отырып, кешендi монтаждау жөнiндегі нұсқаулықпен сүйемелденуi тиiс.
      4. Функционалдық ойыншықтарда кiшiрейтiлген моделi немесе имитациясы ойыншық болып табылатын аспап немесе бұйымды қолданудың қатерiне ұқсас қауiп-қатерлердi көрсете отырып, ойыншықты тек ересектердiң қарауымен пайдалану мүмкiн екендiгi туралы, сондай-ақ ойыншықтарды балалардың қолы жетпейтiн орындарда сақтау шарттары туралы ақпараты бар ескерту жазбасы болуы тиiс.
      5. Химиялық ойыншықтар оларда бар қауiптi заттар, әлеуеттi қауiп-қатерлер мен қажеттi сақтық шаралары, ойыншықты балалардың қолы жетпейтiн орындарда сақтау шарттары туралы, сондай-ақ ойыншықтарды пайдалану кезiнде жарақат алған жағдайда алғашқы жәрдем көрсету жөнiндегi шаралар туралы ақпаратпен сүйемелденуi тиiс.
      6. Роликтi конькилер мен скейттер мұндай ойыншықтарды қорғану керек-жарағымен бiрге пайдалану қажеттiлiгiн көрсететiн және құлау немесе қақтығысу салдарынан болатын қайғылы жағдайларды болдырмау үшiн ойыншықты пайдалану кезiнде сақтық шаралары туралы ақпаратпен сүйемелденуі тиiс.
      7. Суда ойнауға арналған ойыншықтар ойыншықты таяз суларда үлкендердiң қарауымен пайдалану туралы ақпаратпен жарақталған болуы тиiс.
      8. Тұтынушыға арналған ақпарат нақты ойыншықты сүйемелдейтiн немесе ойыншыққа тiкелей немесе оның орамасына (тұтынушылық ыдысқа) таңбалау түрiнде түсiрiлуi мүмкiн мәтiндiк құжаттама (паспорт, заттаңбалар, жапсырмалар, пайдалану жөнiндегi нұсқаулық және т.6) түрiнде берiлуi мүмкiн.
      9. Тұтынушыға арналған ақпарат мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде берiлуi тиiс. Егер қысқарған сөздер өнiмдi рынокта орналастыратын дайындаушыны немесе тұтынушыны бiрегейлендiруге мүмкiндiк берсе, ақпараттың бiр бөлiгi қысқаруы мүмкiн.
      10. Өнiмнiң мәлімденген ақпаратқа сәйкестiгi өнiмдi нарықта орналастыратын дайындаушы немесе тұлға үшiн мiндеттi талап болып табылады.

16-бап. Сәйкестiктi растау

      1. Ойыншықтардың қауiпсiздiгi сәйкестiгiн растау техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Шетел мемлекетi берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеудiң мемлекеттiк жүйесiнде оны таныған жағдайда Қазақстан Республикасында күшi бар деп есептеледi.

4-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

17-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiк тартады.

18-бап. Өтпелi ережелер

      1. Адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін ойыншықтардың қауiпсiздiгi талаптарын белгiлейтiн тиiстi техникалық регламенттер және олармен үйлестiрiлген стандарттар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және осы Заңға қайшы емес бөлiгiнде стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Техникалық регламенттер және олармен үйлестiрiлген стандарттарды қолданысқа енгiзуiне қарай қайталайтын немесе оларға сәйкес келмейтiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер мен өзге де нормативтiк актiлер жоюға жатады.
      2. Осы Заң күшiне енгенге дейiн Қазақстан Республикасының рыногында орналастырылған ойыншықтар үшiн олардың сәйкестiгiн растайтын құжаттар оларда көрсетiлген қолданылу мерзiмiнiң iшiнде күшiн сақтайды.
      3. Осы Заң күшiне енгеннен кейiн пайдалануға берiлген және сәйкестiктi мiндеттi растауға жататын ойыншықтар үшiн осы Заң күшiне өткеннен кейiн Қазақстан Республикасының аумағына еркiн айналымға қайта түсуi кезiнде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сай сәйкестiктi мiндеттi растау жүргiзiлуi тиiс.

19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады