"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 тамыздағы N 729 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне
зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгiзу туралы

       1-бап.  Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. 1999 жылғы 1 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiне (Ерекше бөлiм) (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 16-17, 642-құжат; N 23, 929-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 10, 102-құжат; 2003 ж., N 1-2, 7-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 14, 103-құжат; N 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., N 3-4, 16-құжат; N 5, 25-құжат; N 6, 42-құжат; N 16, 91-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 4, 24, 25-құжаттар; N 8, 45-құжат; 2006 жылғы 27 маусымда "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 29 маусымда "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 22 маусымдағы Заңы; 2006 жылғы 18 шiлдеде "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 18 шiлдеде "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне өзара сақтандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңы):
      1) 991-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Өнертабысқа құқық инновациялық патентпен немесе патентпен, ал пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар патентпен қорғалады.";
      5-тармақта "Алдын ала" деген сөздер "Инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2) 993-баптың тақырыбы мен мәтiнiнде "алдын ала", "алдын ала берiлетiн" деген сөздер тиiсiнше "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      3) 994-баптың 2-тармағында "патентке" деген сөз "қорғау құжатына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 996-бапта "алдын ала берiлетiн" деген сөздер "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      5) 998-бапта:
      тақырыпта "Алдын ала" деген сөздер "Инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Қазақстан Республикасы аумағында уәкiлеттi орган берген өнертабысқа инновациялық патент, патент, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге патент қолданылады.";
      3-тармақта:
      "алдын ала патент пен" деген сөздер алып тасталсын;
      "өнертабысқа" деген сөзден кейiн "және өнеркәсiптiк үлгiге арналған патент, пайдалы модельге" деген сөздер "инновациялық патент пен патент, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) 999-бапта:
      тақырыпта "Алдын ала берiлетiн" деген сөздер "Инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      1-тармақта:
      "Алдын ала берiлетiн", "алдын ала берiлетiн" деген сөздер тиiсiнше "Инновациялық", "инновациялық" деген сөздермен ауыстырылсын;
      1) тармақшада:
      "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "үш" деген сөз "екi" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4) тармақша алып тасталсын;
      2-тармақта "тек патент берiлгеннен кейiн ғана" деген сөздер "инновациялық патент немесе патент берiлгеннен кейiн" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) 1000-баптың мәтiнiнде "Алдын ала", "алдын ала" деген сөздер тиiсiнше "Инновациялық", "инновациялық" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) 1003-бапта:
      тақырыпта "Алдын ала" деген сөздер "Инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "патенттi бұзу" деген сөздер "инновациялық патенттi және патенттi бұзу" деген сөздермен ауыстырылсын;
      9) 1004-баптың 2-тармағында "алдын ала" деген сөздер "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2. 2001 жылғы 12 маусымдағы "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының  Кодексiне  (Салық кодексi) (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 11-12, 168-құжат; 2002 ж., N 6, 73, 75-құжаттар; N 19-20, 171-құжат; 2003 ж., N 1-2, 6-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 133, 139-құжаттар; N 21-22, 160-құжат; N 24, 178-құжат; 2004 ж., N 5, 30-құжат; N 14, 82-құжат; N 20, 116-құжат; N 23, 140, 142-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; N 21-22, 86, 87-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 1, 4, 5-құжаттар; N 3, 22-құжат, N 4, 24-құжат; N 8, 45, 46-құжаттар; N 10, 52-құжат; 2006 жылғы 27 маусымда "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 29 маусымда "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 22 маусымдағы Заңы; 2006 жылғы 7 шiлдеде "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 7 шiлдеде "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау мәселелерi бойынша толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңы; 2006 жылғы 14 шiлдеде "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 14 шiлдеде "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне салық салу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңы; 2006 жылғы 19 шілдеде "Егемен Қазақстан" және 2006 жылғы 19 шiлдеде "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және орман шаруашылығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңы):
      1) 499-1-баптың 1) тармақшасында "алдын ала" деген сөздер "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2) 507-баптың 2-тармағының 12) тармақшасында "алдын ала" деген сөздер "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3. "Taуap таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы" 1999 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 21, 776-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат):
      1) 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "2-1) тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп танудың тәртiбiн анықтау;
      2-2) тауар шығарылған жерлердiң атауын тiркеудiң және (немесе) тауар шығарылған жерлердiң атауын пайдалануға құқық берудiң тәртiбiн анықтау;";
      2) 17-бапта "үш жыл" деген сөздер "бiр жыл" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) 29-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Өтiнiмдердi жасауға, рәсiмдеуге және қарауға қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.".

      4. "Қазақстан Республикасының патент заңы" туралы 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 20, 718-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат):
      1) 1-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) қорғау құжаттары - осы Заңға сәйкес өнертабыстарға берiлген инновациялық патенттер және патенттер, өнеркәсiп үлгiлерi мен пайдалы модельдерге берiлген патенттер;";
      2) 5-бапта:
      1, 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Өнертабысқа құқық инновациялық патентпен немесе патентпен, ал пайдалы модель мен өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар патентпен қорғалады.
      2. Өнертабысқа инновациялық патент өнертабысқа инновациялық патент беруге арналған өтiнiмге сараптама өткiзiлгеннен кейiн берiледi. Пайдалы модельге патент пайдалы модельге патент беруге арналған өтiнiмге өткiзiлген сараптаманың нәтижесi бойынша берiледi.
      Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiмге үстiрт сараптама және мәнi бойынша сараптама өткiзiлгеннен кейiн берiледi.
      Инновациялық патент пен патент өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басымдықты, авторлықты және ерекше құқықты куәландырады.";
      3-тармақта:
      бiрiншi бөлiкте:
      "алдын ала" деген сөздер "инновациялық" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "бec" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "үш" деген сөз "екi" деген сөзбен ауыстырылсын;
      бесiншi бөлiк алып тасталсын;
      4-тармақта "өнеркәсiптiк үлгiге қорғау құжатымен" деген сөздер "өнеркәсiптiк үлгiге патентпен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) 6-бапта:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Өнiмге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң штамына, өсiмдiктердiң немесе хайуанаттардың жасушаларының өсiндiлерiне), тәсiлге (материалдық құралдардың көмегiмен материалдық объектiге iс-әрекеттi жүзеге асыру процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе тәсiлдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын, кез келген саладағы техникалық шешiмдер өнертабыс ретiнде қорғалады.";
      3-тармақтың 4) тармақшасы ", ойындарды жүргiзу" деген сөздермен толықтырылсын;
      4) 13-баптың 2-тармағында "өнертабысқа, өнеркәсiп үлгiсiне, пайдалы модельге алдын ала патент беру туралы" деген сөздер "өнертабысқа инновациялық патент, патент, өнеркәсiп үлгiсiне патент немесе пайдалы модельге патент беру туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 16-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Уәкiлеттi орган және сараптама жасау ұйымы, өтiнiм берушiнiң өтiнiшi немесе рұқсаты не қылмыстық қудалау органдарының немесе соттың талабы болған жағдайларды қоспағанда, қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер жарияланғанға дейiн үшiншi тұлғаларға өтiнiмге қол жеткiзуге рұқсат бермеуге тиiс.";
      6) 17-бапта:
      2-тармақта:
      бiрiншi бөлiкте:
      "өтiнiмге" деген сөз "өтiнiмде мынадай құжаттар болуға тиiс" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) өнертабыстың объектiсiн анықтайтын және оның мәнiн бiлдiретiн өнертабыстың формуласы. Формула анық, нақты және сипаттамаға негiзделуi тиiс;";
      7) тармақша алып тасталсын;
      екiншi бөлiкте "өтiнiм беруге" деген сөздерден кейiн ", сонымен бiрге үстiрт сараптама жасауға" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Өнертабысқа өтiнiм берiлген күн сараптама жасау ұйымына осы баптың 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көрсетiлген өтiнiм құжаттары түскен күнi бойынша белгiленедi, ал егер көрсетiлген құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, онда тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетiлiп белгiленедi.";
      4-тармақта "жасау мен ресiмдеуге" деген сөздер "жасауға, ресiмдеуге және қарауға" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) 18-бапта:
      тақырыпта және 1, 3-тармақтарда "қорғау құжатын" деген сөздер "патент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2-тармақтың 1) тармақшасында "қорғау құжаты", "қорғау құжатын" деген сөздер "патент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4-тармақта "жасау мен ресiмдеу" деген сөздер "жасау, ресiмдеу және қарау" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) 19-бапта:
      тақырыпта және 1-тармақта "қорғау құжатын" деген сөздер "патент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2-тармақта:
      1) тармақшада "қорғау құжаты", "қорғау құжатын" деген сөздер "патент" деген сөзбен ауыстырылсын;
      3) тармақша алып тасталсын;
      4-тармақта "жасау мен ресiмдеу" деген сөздер "жасау, ресiмдеу және қарау" деген сөздермен ауыстырылсын;
      9) 21-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Өтiнiм берушiнiң өнертабысқа, пайдалы модельге немесе өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм құжаттарына осы өтiнiм бойынша қорғау құжатын беру туралы шешiм не қорғау құжатын беруден бас тарту туралы шешiм қабылданғанға дейiн өнертабыстың, пайдалы модельдiң немесе өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертпей түзетулер мен нақтылаулар енгiзуге құқығы бар.";
      10) 22-бапта:
      тақырыпта "Өнертабысқа" деген сөзден кейiн "патент беруге арналған" деген сөздермен толықтырылсын;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар-жоғы және оларға белгiленген талаптардың сақталуы тексерiледi, өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларының талаптарын және осы құжаттарға қойылған талаптарды қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге ол туралы хабарлайды және жетiспеген және/немесе түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсыруды ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған және/немесе түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып саналады, бұл туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.";
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Өнертабысқа патент беруге өтiнiм берiлген күн белгiлегеннен кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша үстiрт сараптама жасайды.
      Ycтipт сараптама жасау барысында осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бар-жоғы және оларға белгiленген талаптардың сақталуы тексерiледi.";
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Yстiрт сараптама аяқталғаннан кейiн өтiнiм берушiге оның нәтижесi туралы хабарланады.";
      6-тармақ алып тасталсын;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Үстiрт сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
      Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама ұсынылған өтiнiмдi өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндігін белгiлеудi, техника деңгейiн анықтау үшiн мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген объектiнiң (объектiлердiң) өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және осы Заңның 6-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкестiгiне тексеру жүргiзудi қамтиды, және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленген жағдайда жүзеге асырылады.
      Мәнi бойынша сараптамаға ақы төлеу үстiрт сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгендiгiн растайтын құжатты берген жағдайда жүргiзiледi.
      Мәнi бойынша сараптамаға ақы төленбеген жағдайда өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.";
      9-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнертабысқа патент беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.";
      10-тармақтың екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы мына жағдайларда берiледi:
      1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiге қатысты болса;
      2) егер өтiнiм берушi ол ұсынылған формула өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлердi қамтитыны, немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсыныстармен де сипатталса, немесе бiрлiк талаптарының бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмеген туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе берiледi.";
      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "11. Өтiнiм берушi өтiнiм қаралуының кез келген сатысында, сараптама жасау ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн инновациялық патент беру туралы өтiнiш бере алады. Бұл жағдайда сараптама осы Заңның 22-1-бабына сәйкес жүргiзiледi.";
      13-тармақта "5-10" деген сандар "4, 7, 8, 10" деген сандармен ауыстырылсын;
      11) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:

      "22-1-бап. Өнертабысқа инновациялық патент беруге арналған
                 өтiнiмге сараптама

      1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар-жоғы тексерiледi, өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларының талаптарын қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге ол туралы хабарлайды және жетiспеген құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсыруды ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда, өтiнiм берiлмеген болып саналады, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
      Өнертабысқа инновациялық патент беруге өтiнiм берiлген күн анықталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша сараптама жасайды, оның процесiнде осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың болуы, оларға қойылатын талаптардың сақталуы, өнертабыс бiрлiгi талабының сақталуы тексерiледi, өтiнiм берiлген шешiм өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiге жататыны не жатпайтыны туралы мәселе қаралады, сондай-ақ басымдық күнi белгiленедi және өтiнiм берiлген шешiмнiң Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде берiлген патенттерге, жарияланған еуразиялық өтiнiмдерге, қаралатын өтiнiмнiң басымдығы күнiне дейiн сараптама жасау ұйымына берiлген басқа өтiнiм берушiлердiң қайтару сұратылмаған өтiнiмдерiне қатысты жергiлiктi жаңалығы, сондай-ақ өнеркәсiптiк қолданылуы тексерiледi.
      2. Егер өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес өтiнiм берушi қосымша материалдар ұсынса, сараптама процесiнде олардың өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiндiгi тексерiледi.
      Қосымша материалдар, егер олар өнертабыс формуласына енгiзуге жататын және өтiнiмнiң алғашқы материалдарында болмаған белгiлердi қамтитын болса, өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және өтiнiм берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, ол туралы өтiнiм берушiге хабарланады.
      3. Құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
      Егер, өтiнiм берушi көрсетiлген мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi тапсырмаса, өтiнiм керi қайтарып алынған болып саналады.
      4. Өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзыла отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге оған тиiстi хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм iшiнде өнертабыстың қайсысы қаралуы тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайда, өтiнiм құжаттарына нақтылаулар енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлiнген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Бөлiнген өтiнiмдердiң басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.
      Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылуы туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса, және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген объектi, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар қаралады.
      5. Егер сараптама нәтижесiнде өтiнiм өнертабыстар ретiнде қорғалатын объектiлерге қатысты, құжаттар белгiленген талаптарға сәйкес екенi, және өтiнiм осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi жаңалық және өнеркәсiптiк қолдану шартына жауап беретiн ұсынысты сипаттайтыны анықталса, инновациялық патентке өтiнiм берушiмен келiсiлген формуламен сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы берiледi.
      Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнертабысқа инновациялық патент беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      6. Сараптама жасау ұйымының инновациялық патентке терiс қорытындысы:
      1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiге қатысты болса;
      2) егер өтiнiм берушi ол ұсынған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлердiң қамтитыны немесе басқа өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiге жатпайтын ұсынысты сипаттайтын болса, немесе соған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе;
      3) егер өтiнiм осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi жаңалық пен өнеркәсiптiк қолдану шарттарына жауап бермейтiн ұсынысты қамтыса берiледi.
      Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап алты ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты ол түскен күннен бастап екi ай мерзiмде апелляциялық кеңес қарауға тиiс.
      7. Өтiнiм берушi өтiнiм қаралуының кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленушi және үшiншi тұлғалар инновациялық патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн техника деңгейiн анықтау үшiн ақпараттық iздестiру өткiзу туралы өтiнiш жасай алады, онымен салыстыра отырып өнертабыстың патент қабiлеттiлiгiн бағалауды жүзеге асыру мүмкiн болады. Осы Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес өнертабыстар болып танылмайтын объектiлерге қатысты сараптама жасау ұйымы ақпараттық iздестiру жүргiзбейдi, бұл туралы ақпараттық iздестiру туралы өтiнiш берушi адам хабарланады.
      8. Инновациялық патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн, бiрақ осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес инновациялық патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту жағдайында өтiнiм берiлген күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей берiлетiн өтiнiм берушiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi. Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама мәнi бойынша өтiнiмге сараптамаға ақы төленген жағдайда, сондай-ақ егер өтiнiштi өтiнiм берушi жасаған болса, инновациялық патенттi күшiнде ұстап тұрған кезде жүзеге асырылады.
      Мәнi бойынша сараптама осы Заңның 22-бабының 7, 8, 9, 10, 13-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.";
      12) 23-бапта:
      тақырыпта "пайдалы" деген сөзден кейiн "модельге патент беру" деген сөздермен толықтырылсын;
      1-тармақ мынадай мазмұнда жазылсын:
      "1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 18-бабы 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында көзделген құжаттардың бар-жоғы тексерiледi, өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 18-бабы 2-тармағының 1)-4) тармақшаларының талаптарын қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге ол туралы хабарлайды және жетiспеген құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсыруды ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып саналады, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
      Сараптама жүргiзу барысында 18-баптың 2-тармағында көзделген қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiмнiң басымдық күнi, мәлiмделген ұсынысты пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, пайдалы модельдiң бiрлiгi тексерiледi.
      Мәлiмделген пайдалы модельдiң осы Заңның 7-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiлiк талаптарына сәйкестiгiн тексеру жүзеге асырылмайды. Патент өтiнiм берушiнiң тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.";
      2-тармақта:
      "ресми" деген сөздер алып тасталсын;
      екiншi бөлiкте "патентке" деген сөз "пайдалы модельге патент беруге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган пайдалы модельге патент беру не оны беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.";
      3-тармақтың бiрiншi бөлiгiнде "ресми" деген сөз алып тасталсын;
      13) 24-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-бап. Өнеркәсiп үлгiсi өтiнiмiне сараптама

      1. Өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымы үстiрт сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
      2. Үстiрт сараптама жасау барысында осы Заңның 19-бабы 2-тармағының 1), 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар-жоғы тексерiледi, өтiнiм берiлген күнi мен басымдық күнi анықталады.
      Құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып өнеркәсiптiк үлгiге берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
      Егер өтiнiм берушi белгiленген мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi ұсынбаса, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
      Өнеркәсiптiк үлгiге берiлген өтiнiмге осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс ету кезiнде олардың өтiнiм берiлген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертпейтiнi тексерiледi.
      Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
      Үстiрт сараптама аяқталғаннан кейiн, үстiрт сараптаманың нәтижесi туралы өтiнiм берушiге хабарланады.
      3. Yстiрт сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
      Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама өтiнiм берiлген ұсыныстың өнеркәсiп үлгiсi ретiнде қорғалатын объектіге жатқызылуы мүмкiндiгiн анықтауды, көркемдiк-конструкторлық шешiм деңгейiн анықтау үшiн өтiнiм берiлген өнеркәсiп үлгiсiне қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген шешiмнiң осы Заңның 8-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкес келетiнiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенiн растайтын құжат ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады.
      Өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенi туралы құжат үстiрт сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына ұсынылады.
      4. Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден сараптама жасау оларсыз мүмкiн болмай тұрған қосымша материалдарды, олардың iшiнде маңызды белгiлердiң өзгертiлген тiзiмiн сұратуға құқылы.
      Қосымша материалдар, сараптама жүргiзу ұйымының сұратуы бойынша, өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнi өзгертiлместен сұрату жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде ұсынылуы тиiс.
      Өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертетiн бөлiкте, қосымша материалдарға осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiп қолданылады. Егер өтiнiм берушi белгiленген мерзiмде сұратылған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi ұсынбаса, өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi.
      5. Егер өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жасау нәтижесiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушi сұрап отырған құқықтық қорғау көлемiндегi өтiнiм берiлген ұсыныс осы Заңның 8-бабында анықталған өнеркәсiптiк үлгiнiң патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келетiнiн анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгiленген басымдықты көрсете отырып, өтiнiм берушiмен келiсiлген маңызды белгiлер жиынтығымен қоса патентке оң қорытынды бередi.
      Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнеркәсiп үлгiсiне патент беру туралы не патент беруден бас тарту шешiм шығарады.
      6. Өтiнiм берiлген өнеркәсiптiк үлгi өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнеркәсiп үлгiсiнiң патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
      Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы, сондай-ақ егер өтiнiм өнеркәсiп үлгiсi ретiнде қорғалмайтын объектiге жататын болса, егер өтiнiм берушi ұсынған маңызды белгiлер жиынтығы өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлердi қамтитыны немесе өнеркәсiп үлгiсi ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнеркәсiп үлгiсi ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсыныстармен де сипатталса, немесе бiрлiк талаптарының бұзылуына байланысты қарау қаралмағаны туралы хабарламадан кейiн маңызды белгiлер жиынтығын өзгертпесе берiледi.
      7. Өтiнiм берушi сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Өтiнiм берушi сұратқан материалдардың көшiрмелерiн сараптама жасау ұйымы оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiмде жiбередi.
      8. Осы баптың 3, 4, 5-тармақтарында көзделген және өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмдердi дәлелдi себептер болған және өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру ақысының төленгенi туралы құжат ұсынылған жағдайда сараптама жасау ұйымы қалпына келтiруi мүмкiн.
      Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiм аяқталған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш сараптама жасау ұйымына сараптаманың сұратылған материалдарымен немесе апелляциялық кеңеске жасалған қарсылықпен бiруақытта ұсынылады.";
      14) 26-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Сараптама жасау ұйымы өнертабысқа патент беру туралы мәлiметтердi өтiнiм берiлген күннен бастап - он сегiз ай, ал өнертабысқа инновациялық патент, пайдалы модельге патент, өнеркәсiп үлгiсiне патент беру туралы мәлiметтердi - он екi ай өткен соң бюллетеньде жариялайды. Өтiнiм берушiнiң өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы мәлiметтердi көрсетiлген мерзiмнен ерте жариялауы мүмкiн.";
      2-тармақ алып тасталсын.

      5. "Селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы" 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 19, 655-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат):
      1) 2-бапта:
      4) тармақшада "Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы Республикалық мемлекеттiк басқару органының" деген сөздер "агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "4-1) Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - өсiмдiк сорттарының патентке қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның қарамағындағы ұйым;
      4-2) Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - жануарлар тұқымдарының патентке қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның консультативтiк-кеңесшi органы;";
      2) 3-баптың 3-тармағы "сынақтан өткiзудi" деген сөздерден кейiн "селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы қызмет түрі ретiнде" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 5-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Мәнi бойынша сараптама жүргiзу жөнiнде қарау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.";
      4) 6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Селекциялық жетiстiктiң ұсынылған атауының дұрыстығын тексерудi мемлекеттiк комиссиялар жүзеге асырады.";
      5) 7-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiнде "Қазпатентке" деген сөз "сараптама жасау ұйымына" деген сөздермен ауыстырылсын.

       2-бап.  Осы Заң жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады