"Қазақстан Даму Банкi" акционерлiк қоғамына бюджеттiк кредит беру шарттарын айқындау және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2005 жылғы 5 ақпандағы N 110 қаулысына толықтыру енгiзу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 тамыздағы N 733 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. "2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес 010 "Тоқыма өнеркәсiбi" пилоттық кластерi шеңберiнде қоза өсiру, тоқыма және тiгiн өнеркәсiбiн дамыту үшiн "Қазақстан Даму Банкi" АҚ арқылы техникалар мен жабдықтар лизингiн ұйымдастыру" бюджеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бойынша "Қазақстан Даму Банкi" акционерлiк қоғамына (бұдан әрi - қарыз алушы) 5080000000 (бес миллиард сексен миллион) теңге сомасында бюджеттiк кредит (бұдан әрi - кредит) берiлсiн.

      2. Қарыз алушыға кредит берудiң мынадай шарттары белгiленсiн:
      1) кредит қарыз алушыға жылдық 0,4 (нөл бүтiн оннан төрт) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша 15 (он бес) жыл мерзiмге мерзiмдiк, ақылық және қайтарымдылық шарттарында берiледi;
      2) кредит берудiң мақсаты қозаны өсiру мен тоқыма және тiгiн өнеркәсiбiн дамыту кезiнде қаржы лизингiнiң қорландыру құнын төмендету үшiн оның кредиттiк ресурстарын толықтыру есебiнен қарыз алушының инвестициялық мүмкiндiктерiн кеңейту болып табылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасының лизингiн қорландыру кредит қаражаты есебiнен толық көлемде жүргiзiледi, тоқыма және тiгiн өнеркәсiбiн дамыту үшiн жабдықтар лизингiн қорландыру инвестициялық жобаларға кредит беру ставкаларын төмендету үшiн қарыз алушы белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi;
      3) кредит шартының тараптары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi (бұдан әрi - кредит берушi), Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi (бұдан әрi - әкiмшi) және қарыз алушы болып табылады;
      4) кредит бойынша негiзгi борышты өтеудi қарыз алушы осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген мерзiмнiң соңында бiр уақытта жүзеге асырады;
      5) кредит бойынша есептелген сыйақы төлемi жарты жылдық кезеңдiлiкпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақының бiрiншi төлемi кредиттi игерген күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргiзiледi; 
      6) республикалық бюджеттен кредит бөлудi кредит берушi әкiмшi өтiнiмнiң негiзiнде кредит сомасын әкiмшiнiң шотынан қарыз алушының корреспонденттiк шотына бiр уақытта аудару жолымен жүзеге асырады;
      7) кредит әкiмшiнiң шотынан қаражат алынған сәттен бастап игерiлдi деп саналады;
      8) кредит оның лизингтiк қызметiн қаржыландыру мақсатында қарыз нысанында "ҚДБ-Лизинг" акционерлiк қоғамына қаражат беру үшiн ғана пайдаланылады.

      3. Кредит берушi заңнамада белгiленген тәртiппен осы қаулының 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген кредит шартын жасауды қамтамасыз етсiн.

      4. Кредиттiң игерiлуiн, мақсатты пайдаланылуын, республикалық бюджетке уақтылы және толық өтелуiн бақылауды кредит берушi және әкiмшi жүзеге асырады.

      5. (Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.20. N 225 (2007 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады