Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Корей Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасындағы корей ерiктiлерiнiң қызметi туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қыркүйектегі N 886 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корей Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасындағы корей ерiктiлерiнiң қызметi туралы келiсiм жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi Болат Әбiлқасымұлы Палымбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корей Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасындағы корей ерiктiлерiнiң қызметi туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2006 жылғы 20 қыркүйектегі
N 886 қаулысымен    
мақұлданған      

Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Корей Республикасының Үкiметi арасындағы
Қазақстан Республикасындағы корей ерiктiлерiнiң
қызметi туралы келiсiм  <*>

(2006 жылғы 22 қыркүйекте күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2006 ж., N 6, 46-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корей Республикасының Yкiметi,
      eкi мемлекет арасындағы қазiргi достық байланыстарды негiзге ала отырып,
      екi мемлекет арасындағы экономикалық және әлеуметтiк ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
      техникалық ынтымақтастық жолымен екi ел арасындағы қатынастарды нығайтуды ниет ете отырып және
      Қазақстан Республикасына жiберiлетiн, бұдан әрi ерiктiлер деп аталатын корей ерiктiлерiнiң қызметiне құқықтық кепiлдiктер беру мақсатында
      төмендегi туралы келiстi:

  1-бап

      1. Уәкiлеттi органның сұрауы бойынша және Корей Республикасының заңнамасына сәйкес Корей тарабы Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және экономикалық дамуына жәрдем ету мақсатында Тараптардың уәкiлеттi органдары арасында жеке келiсiлуге тиiс жоспарларға сәйкес Қазақстан Республикасына ерiктiлердi жiберу жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдайды.
      2. Корей тарабы уәкiлеттi органның өтiнiмдерiне сәйкес жыл сайынғы негiзде ерiктiлер қызметiнiң салаларын айқындайды.
      3. Тараптар тағайындайды және дипломатиялық арналар арқылы өздерiнiң уәкiлеттi органдары туралы, сондай-ақ өздерiнiң уәкiлеттi органдарына қатысты өзгерiстер туралы бiрiн-бiрi хабардар етедi.

  2-бап

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдар мынаны бiлдiредi:
      (а) "ерiктiлер" - Корей Республикасы, Сеулдегi бұдан әрi "КОIСА" деп аталатын Корей халықаралық ынтымақтастық жөнiндегi агенттiгi Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және экономикалық даму iсiне ерiктi түрде қызмет етуге Қазақстан Республикасына жiберген Корей Республикасының азаматтары;
      (б) "KOICA-ның тұрақты өкiлi" - KOICA жiберген және КОIСА-ны бiлдiру және Қазақстан Республикасындағы КОIСА-ның даму бағдарламаларын басқару үшiн Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасының Елшiлiгiне бекiтiлген Корей Республикасының азаматы;
      (в) "КОIСА-ның персоналы және үйлестiрушiлерi" - Қазақстан Республикасындағы ерiктiлер қызметiн қолдау үшiн КОIСА-ның тұрақты өкiлi жұмысқа қабылдайтын немесе КОIСА-ның тұрақты өкiлi жүктеген мiндеттердi орындау үшiн КОIСА жiберетiн Корей Республикасының азаматтары;
      (г) "Қазақстан Республикасындағы КОIСА-ның қызметiн үйлестiру мәселелерi жөнiндегi жауапты өкiл" - осы Келiсiмнiң 5-бабында және 6-бабының 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындау үшiн Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi тағайындаған Қазақстан Республикасының азаматы; және
      (д) "КОIСА қызметiн үйлестiру мәселелерi жөнiндегi Корей Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшiлiгiнiң жанындағы жауапты өкiл" - осы Келiсiмнiң 6-бабының 1-тармағында көзделген мiндеттердi орындау үшiн Қазақстан Республикасының азаматы.

  3-бап

      Корей тарабы бюджеттiк қаржы бөлулер шегiнде ерiктiлерге мыналарды ұсынады:
      (а) Корей Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы халықаралық жол жүру ақысын төлеу;
      (б) олардың қызметi кезеңiнде ай сайын ұстау;
      (в) өз мiндеттерiн орындау кезiнде талап етiлуi мүмкiн материалдар мен медициналық құралдар; және
      (г) медициналық қызмет көрсету мен емдеуге жатқызудың тиiстi деңгейi.

  4-бап

      1. Ерiктiлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды, алымдарды және бюджетке төленетiн басқа да төлемдердi, сондай-ақ кедендiк төлемдердi төлеуден босатылады.
      2. Өкiл, сондай-ақ оның персоналы мен КОIСА үйлестiрушiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтардан, алымдардан және бюджетке төленетiн басқа да төлемдерден, сондай-ақ кедендiк төлемдерден босатылады.

  5-бап

      Қазақстан тарабы атынан Қазақстан Республикасындағы KOICA қызметiн үйлестiру мәселелерi жөнiндегi жауапты өкiл осы Келiсiмнiң 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген тиiстi жоспарларда көзделген мiндеттердi орындау кезiнде оның тұрақты өкiлiне, сондай-ақ оның персоналына және КОIСА үйлестiрушiлерiне жәрдем көрсетедi.

  6-бап

      1. Қазақстан тарабы атынан KOICA қызметiн үйлестiру мәселелерi жөнiндегi Корей Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшiлiгі жанындағы жауапты өкiл ерiктiлердiң, сондай-ақ КОIСА өкiлiнiң, оның персоналының, үйлестiрушiлерi мен олардың отбасы мүшелерiнiң визаларын ресiмдеу, оларды тiркеу және қайта тiркеу жөнiндегi қажеттi шарттылықтардан өтуде жәрдем көрсетедi.
      2. Қазақстан тарабы атынан Қазақстан Республикасындағы КОIСА қызметiн үйлестiру жөнiндегi жауапты өкiл корей тарабының сұрауы бойынша ерiктiлерге, сондай-ақ КОIСА өкiлiне, оның персоналына және үйлестiрушiлерiне тұру үшiн тұрғын үй iздеуде жәрдем көрсетедi.

  7-бап

      Қазақстан тарабы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес КОIСА-ның тұрақты өкiлiнiң, персоналының және үйлестiрушiлерiнiң, ерiктiлердiң, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасында болған кезеңiнде жеке қауiпсiздiгi мен сақталуын қамтамасыз ету үшiн барлық ықтимал шараларды қабылдайды және оларға арнайы аймақтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша еркiн жүрiп-тұруға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепiлдiк бередi.

  8-бап

      КОIСА-ның тұрақты өкiлi, оның персоналы мен КОIСА үйлестiрушiлерi, олардың отбасы мүшелерi, сондай-ақ ерiктiлер Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға, сондай-ақ жалпы қабылданған нормаларға сәйкес келген елi халқының дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тиiс.

  9-бап

      Ерiктiлерiнiң табысты қызметi үшiн Тараптар Тараптардың кез келгенiнiң сұрауы бойынша консультациялар өткiзедi.

  10-бап

      Осы Келiсiмдi түсiну мен қолдануға қатысты барлық даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.

  11-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара жазбаша уағдаластығы бойынша түзетулер енгiзiлуi мүмкiн. Осыған ұқсас кез келген түзетулер жеке хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылады.

  12-бап

      1. Осы Келiсiм қол қойылған сәтiнен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
      2006 жылғы ____ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiну немесе қолдану жөнiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының              Корей Республикасының
           Үкiметi үшiн                          Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады