Маңызды стратегиялық мәнi бар мемлекеттiк сатып алу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қазандағы N 973 Қаулысы

      "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының  21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Air Luther AG компаниясы (Швейцария) Мемлекет басшысының литерлiк рейстерiн қамтамасыз ету үшiн 7556500000 (жетi миллиард бес жүз елу алты миллион бес жүз мың) теңге сомасына сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар сериялық нөмiрi 2592 A319-115/CJ әуе кемесiн, сондай-ақ оған қосалқы бөлшектердi, жабдықтар мен арнайы құрал-саймандарды (бұдан әрi - әуе кемесi) берушi болып белгiленсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Президентi Iс басқармасының "Бүркiт" мемлекеттiк авиакомпаниясы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген заңды тұлғамен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
      2) осы қаулыға сәйкес тауарларды мемлекеттiк сатып алу үшiн пайдаланылатын қаражатты оңтайлы және тиiмдi жұмсау қағидатын сақтауды, сондай-ақ "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 3 және 4-тармақтарын орындауды;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) Қазақстан Республикасының Президентi Iс басқармасының "Бүркiт" мемлекеттiк авиакомпаниясы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны үшiн әуе кемесiн меншiгiне сатып алуға рұқсат берудi;
      2) әуе кемесiн Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзудi және оны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берудi;
      3) әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығы туралы сертификат берудi қамтамасыз етсiн.

      4. "Эйр Астана" акционерлiк қоғамы "Эйр Астана" авиакомпаниясының А 320 әуе кемелерiне жұмысқа тартылған, қызмет ететiн ұшқыштар мен инженерлердiң iшiнен ұшу және инженерлiк-техникалық құрамды бөлу мен қайта даярлауды қамтамасыз етсiн.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады