Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қазандағы N 1012 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.07.18. N 607 (2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң        
2006 жылғы 20 қазандағы 
N 1012 қаулысымен  
бекiтiлген  

  Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесi

      Осы теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесi Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегi " Лицензиялау туралы ", 1999 жылғы 23 шiлдедегi " Бұқаралық ақпарат құралдары туралы ", 2004 жылғы 5 шiлдедегi " Байланыс туралы " заңдарына сәйкес әзiрленген және теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру тәртiбiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрi - лицензиаттар) қызметiн мемлекеттiк реттеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiн теледидар және радио бағдарламаларымен қанықтыру үшiн жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялауды бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - лицензиар) жүзеге асырады.

      3. Лицензияға лицензиардың басшысы не оған уәкiлеттендiрiлген тұлға қол қояды және лицензиардың мөрiмен бекiтiледi.

      4. Лицензия - бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган жеке және заңды тұлғаға теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметпен айналысуға беретiн рұқсат.

      5. Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке берiлетiн лицензиядан басқа теледидар және радио хабарларын тарату саласындағы қызметтi радиожиiлiк спектрiн пайдаланып жүзеге асыру кезiнде лицензиат байланыс саласындағы уәкiлеттi органнан радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат алады.

      6. Лицензиялар иелiктен алынбайтын, яғни, егер заңнамалық кесiмдерде өзгеше көзделмесе, лицензиат оларды басқа жеке немесе заңды тұлғаларға бере алмайтын болып табылады.

  2. Лицензия беру тәртiбi

      7. Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
      1) нысанын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн белгiленген үлгiдегi өтiнiш;
      2) лицензиялау кезiнде теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өтiнiш берушiнiң сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
      3) қызметтiң лицензияланатын түрiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжат.
      Бұдан басқа заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн ұсыну қажет.

      8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде өзгеше мерзiм белгіленбесе, лицензия барлық қажеттi құжаттарымен қоса өтiнiш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмнен, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн он күн мерзiмнен кешiктiрмей берiледi.

      9. Қызметтiң лицензияланатын түрiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның ставкалары, оны есептеу мен бюджетке төлеу және төленген сомаларды қайтару тәртiбi Қазақстан Республикасының салық кодексiне сәйкес айқындалады.
      Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының  салық  заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде алынады.

      10. Лицензияны өтiнiш иесiне немесе оның уәкiлеттi өкiлiне беру сенiм хат негізiнде жүргізiледi.

      11. Өтінiш пен оған қоса берiлген құжаттарды лицензиар тiркейдi, өтiнiш иесiне оның тiркелу нөмiрi және тiркелген уақыты жазбаша түрде хабарланады.

      12. Лицензияны беруден бас тарту, қайта ресiмдеу, лицензияны керi қайтарып алу, лицензияның қолданысын тоқтата тұру және тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Өтiнiш иесi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия алу үшiн ұсынылған құжаттарда көрсетiлген ақпараттың дұрыстығы, толықтығы және уақтылығы үшiн жауап бередi.

      14. Лицензиясын жоғалтқан жағдайда лицензиаттың телнұсқа алуға құқығы бар. Лицензиар жазбаша өтiнiш берген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде лицензияның телнұсқасын берудi жүргiзедi. Бұл peттe лицензиат лицензияланатын қызмет түрiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым төлейдi.

  3. Лицензия беруден бас тарту

      15. Егер:
      1) субъектiлердiң осы санаты үшiн белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыруға заңнамалық кесiмдерде тыйым салынса;
      2) осы Ереженiң 7-тармағына не басқа заңнамалық кесiмдерге сәйкес талап етiлетiн барлық құжаттар ұсынылмаса. Өтiнiш иесi көрсетiлген кедергiлердi жойған кезде өтiнiш жалпы негiздемелер бойынша қаралады;
      3) қызметтiң лицензияланатын түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым енгiзiлмесе;
      4) өтiнiш иесi заңнамада белгiленген бiлiктiлiк талаптарына жауап бермесе;
      5) өтiнiш иесiне қатысты оған осы қызмет түрiмен айналысуға тыйым салатын сот шешiмi болса лицензия берiлмейдi.

      16. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда өтiнiш иесiне лицензия беру үшiн белгiленген мерзiмде жазбаша түрде дәлелдi жауап берiледi.

  4. Лицензияларды есепке алу және лицензияланатын қызметтi бақылау

      17. Лицензияларды есепке алуды, сондай-ақ осы Ереженiң сақталуын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.

      18. Бiлiктiлiк талаптары мен белгiленген ережелердiң сақталуын тексерудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензиар жүргiзедi.

  5. Дауларды шешу

      19. Егер лицензия "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында немесе басқа да заңнамалық кесiмдерде белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе өтiнiш иесiне бас тарту негiзсiз болып көрiнсе, ол бiр ай мерзiмде бұл әрекеттерге сот тәртiбiмен шағымдана алады.
      Лицензиат лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешiмдi сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы. Лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың заңдылығы туралы сот шешiмi болған кезде, оны тоқтата тұру мерзiмi лицензиар мұндай шешiм қабылдаған күннен бастап есептеледi.

      20. Лицензиарлар және олардың лауазымды тұлғалары лицензиялау туралы заңнаманы бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкте болады.

      21. Лицензия беруден негiзсiз бас тартудан немесе лицензиаттың құқықтарын бұзудан туындаған залалды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады