"Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 қарашадағы N 1037 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2008.06.05. N  538  Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы

      Осы Заң азаматтардың және мемлекеттiң мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап.   Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) авиациялық қозғалтқыштардың зиянды заттарының эмиссиясы авиациялық қозғалтқыштардың отынды жағу кезiнде алынатын жану өнiмдерiн атмосфераға шығаруы;
      2) арнайы аймақ - белгiлi уақыт кезеңiне белгiленген мемлекеттiк авиацияның ұшу ауданы;
      3) аэронавигациялық ақпарат - әуеайлықтардың нақты жай-күйi сипаттамаларын, әуеайлақ, әуе трассалары ауданында маневр жасау тәртiбiн және олардың радиоэлектртехникалық құралдармен жабдықталуын қамтитын мәлiметтер;
      4) әуе кеңiстiгiн пайдалану - оның процесi кезiнде әуе кеңiстiгiнде әр түрлi материалдық объектiлердiң қозғалысы жүзеге асырылатын қызмет, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалану қауiпсiздiгiне қауiп төндiре алатын басқа да қызмет;
      5) әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы - әуе кеңiстiгiнiң белгiленген шекарасы шегiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi (әуе қозғалысын басқаруды) қамтамасыз ететiн орган;
      6) жауапкершiлiк аймағы - әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы өзiнiң функцияларын жүзеге асыратын белгiленген мөлшердегi әуе кеңiстiгi;
      7) iздестiру-құтқару жұмыстары - зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге бағытталған iс-шаралар кешенi;
      8) халықаралық ұшу - әуе кемесi шетел мемлекетiнiң шекарасын кесiп өту кезiндегi әуе кемесiнiң ұшуы;
      9) эшелондау - әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiн әуе қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тiк, бойлық немесе қапталдан орналастыру.

       2-бап.   Әуе кеңiстiгiне егемендiк
      Республиканың құрлықтағы және су аумағының үстiндегi және оның аумақтық сулары үстiндегi әуе кеңiстiгi Қазақстан Республикасының толығымен және тек қана өзiнiң егемендiгiне жатады.

       3-бап.   Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн
      пайдалануды реттейтiн заңнама
      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы үшiн күшiне енген халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн
пайдалану саласындағы ережелердi мемлекеттiк реттеу
және сақталуын бақылау

       4-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы ережелердi
      мемлекеттiк реттеу және сақталуын бақылау
      1. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды мемлекеттiк реттеу деп мемлекеттiң әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметiн жүзеге асырудың, сондай-ақ олардың сақталуы үшiн жауапкершiлiктiң жалпы ережелерiн белгiлеу түсiнiледi.
      2. Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк реттеудi мынадай мемлекеттiк органдар жүзеге асырады:
      1) мемлекеттiк авиация ұшулары үшiн пайдаланылатын бөлiктердегi әуе кеңiстiгiн пайдалану шеңберiнде қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган;
      2) Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен әуе трассалары (iшкi және халықаралық), жергiлiктi әуе желiлерi, авиациялық жұмыс аудандары, азаматтық әуеайлақтар мен әуежайлар үшiн белгiлеген бөлiгiнде әуе кеңiстiгiн пайдалану аясында азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган.
      Қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган мен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен шешiмi бойынша құрылған Ведомствоаралық комиссия осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетiлген уәкiлеттi органдардың өзара iс-қимыл жасауын жүзеге асырады.
      3. Әуе кемелерiнiң және/немесе басқа ұшу аппараттарының ұшуларын орындау кезiнде, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерiмен бiрлесiп әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты өзге де қызметтi жүргiзу кезiнде барлық пайдаланушылар әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбi мен ережелерiн сақтағанын тiкелей бақылауды мыналар жүзеге асырады:
      1) әуе трассаларында, жергiлiктi әуе желiлерiнде және әуеайлақ аудандарында әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы және аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсететiн өңiрлiк (аудандық) орталықтар;
      2) әуе трассаларынан тыс, мемлекеттiк авиация ұшуларының арнайы аймақтары мен басқа да аудандарында, мемлекеттiк шекара аралықтарында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң әуе қозғалысын басқару бас және аудандық орталықтары.

       5-бап.   Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi
      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiн бекiтедi;
      3) Аса маңызды ұшуларды орындау ережесiн бекiтедi;
      4) Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруi ықтимал қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру ережелерiн бекiтедi;
      5) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және авиациялық электр байланысы саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi бекiтедi;
      6) әуе кеңiстiгiн пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

       6-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк
      органдар
      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде:
      1) әуе кеңiстiгiн пайдалану саласында мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын iске асыруды жүзеге асырады;
      2) Азаматтық әуе кемелерiнiң халықаралық тұрақты емес ұшуларын орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуға негiз болатын ережелерiн бекiтедi және көрсетiлген рұқсаттаманы бередi;
      3) Аса маңызды ұшуларды орындау ережесiн әзiрлейдi;
      4) әуе кеңiстiгiн азаматтық әуе кемелерiнiң пайдалану тәртiбiн бұзушылықтарға жол бермейдi;
      5) азаматтық авиацияның әуеайлақ аудандарында объектiлердiң таңбалануын бақылауды жүзеге асырады;
      6) азаматтық және эксперименталдық авиацияның әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылықтарының есебiн жүргiзедi;
      7) қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органмен және ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсiм бойынша әуе трассалары мен жергiлiктi әуе желiлерiнiң тiзбесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      8) аэронавигациялық ақпарат құжаттарын бекiтедi;
      9) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және авиациялық электр байланысы саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлейдi.
      2. Қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде:
      1) тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтардың тiзбесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      2) әуе кеңiстiгiн пайдалану режимдерiн белгiлейдi;
      3) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және/немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын, Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуды тоқтату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерiн жою жөнiнде шаралар қолданады;
      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады;
      5) тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтар аумағының үстiнен ұшып өтуге арнайы рұқсат бередi;
      6) мемлекеттiк авиацияның Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылықтарының есебiн жүргiзедi;
      7) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу жағдайларына жол бермейдi;
      8) мемлекеттiк авиацияның әуеайлақ аудандарындағы объектiлердiң таңбалануын бақылауды жүзеге асырады;
      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк немесе эксперименталдық әуе кемесiнiң халықаралық тұрақты емес (бiр жолғы) ұшуларды орындауына рұқсат бередi.
      3. Осы баптың 1, 2-тармақтарында көрсетiлген мемлекеттiк органдар бiрлесiп:
      1) Әуе кеңiстiгiн пайдалану ережесiн әзiрлейдi;
      2) Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру ережелерiн әзiрлейдi.

3-тарау. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру

       7-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастырудың негiзгi
      қағидаттары
      1. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру қауiпсiз, үнемдi және тұрақты әуе қозғалысын, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалану бойынша басқа да қызметтi қамтамасыз етудi көздейдi.
      Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру мыналарды қамтиды:
      1) әуе кеңiстiгiнiң құрылымын белгiлеудi;
      2) осы Заңның 14-бабында белгiленген мемлекеттiк басымдықтарға сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалануды жоспарлауды және үйлестiрудi;
      3) бақыланатын әуе кеңiстiгiн пайдалануға рұқсат беру тәртiбiн қамтамасыз етудi;
      4) бақыланбайтын әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн белгiлеудi;
      5) әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) (аэронавигациялық қызмет көрсету);
      әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыру;
      әуе қозғалысына қызмет көрсетудi (басқаруды) қамтамасыз ету және әуе қозғалысы ағынын ұйымдастыру мақсатында әуе кеңiстiгiн ұйымдастыру болып табылатын әуе қозғалысын ұйымдастыруды;
      6) әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауды.
      2. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыруды азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсету (ұшуды басқару) органдары осы Заңда және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiнде белгiленген тәртiппен олар үшiн белгiленген аймақтар мен аудандарда жүзеге асырады.
      Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету органына, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге қатысты ұшу туралы хабар жинайтын орталықтарға немесе хабарды жинақтау пункттерiне бөлiнедi. Әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету органдары немесе әуе қозғалысын басқару органдары аудандық диспетчерлiк орталықтарға, жақындау диспетчерлiк пункттерiне немесе әуеайлақтық диспетчерлiк пункттерге бөлiнедi.
      3. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру қоршаған ортаны қорғау жөнiнде белгiленген нормаларды сақтау кезiнде жүзеге асырылуы тиiс.
      4. Мемлекеттiк авиация ұшуларының арнайы аймақтары мен аудандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жоғарғы және төменгi әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi тек қана мемлекеттiң меншiгiндегi аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады.
      5. Әуе кемесiнiң әуе қозғалысына қызмет көрсету (ұшуды басқару) үшiн жауапкершiлiк кез келген уақытта әуе қозғалысына қызмет көрсетудiң (ұшуды басқарудың) бiр ғана органына жүктеледi және әуе кемесi олардың жауапкершiлiк аймақтары арасындағы шекараны кесiп өткен кезде басқа органға берiледi.
      Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнiң жекелеген бөлiктерiнде әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету үшiн жауапкершiлiк басқа мемлекетке жүктелуi мүмкiн, бұл уағдаласушы мемлекеттердiң егемендiгiне нұқсан келтiрiлмейдi деген шартпен, басқа мемлекеттiң әуе кеңiстiгiнiң жекелеген бөлiктерiнде әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету үшiн жауапкершiлiктi Қазақстан Республикасына жүктеумен тең.

       8-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет
      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке мыналар жатады:
      1) әуе кемелерiнiң және басқа ұшу аппараттарының ұшулары;
      2) атыстар және зымырандарды ұшырулардың барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде орнын ауыстыруымен байланысты өзге де қызмет жатады.
      2. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыратын басқа мемлекеттердiң барлық заңды және жеке тұлғалары әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.

       9-бап.   Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы
      1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асыру үшiн әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, әуеайлақтар мен әуетораптар аудандары, әуе трассалары, жергiлiктi әуе желiлерi, әуе кемелерi ұшуларының бағдарғылары мен арнайы аймақтары, әуе кемелерi ұшулары үшiн тыйым салынған аймақтар мен шектеу салынған аймақтар, полигондар аудандары, жарылыс жұмыстарының аудандары белгiленедi, олар өз жиынтығында Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнiң құрылымын құрайды.
      2. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiмен белгiленедi.
      3. Тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтарды мүдделi мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың ұсынысы бойынша қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi. Тыйым салынған аймақтардың тiзбесi аэронавигациялық ақпарат құжаттарында мiндеттi түрде жариялануға жатады.

       10-бап.   Әуе кеңiстiгiн жiктеу
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi бақыланатын әуе кеңiстiгiне және бақыланбайтын әуе кеңiстiгiне бөлiнедi.
      Бақыланатын әуе кеңiстiгi деп шегiнде әуе кеңiстiгiнiң жiктелуiне сәйкес диспетчерлiк қызмет көрсету қамтамасыз етiлетiн белгiлi мөлшердегi әуе кеңiстiгi түсiнiледi.
      Бақыланбайтын әуе кеңiстiгi деп шегiнде әуе кеңiстiгiнiң жiктелуiне сәйкес әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық немесе консультативтiк қызмет көрсету қамтамасыз етiлетiн белгiлi мөлшердегi әуе кеңiстiгi түсiнiледi.

       11-бап.   Әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсету
      1. Осы Заңның 8-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға олардың мемлекеттiк тиесiлiгiне, ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан аэронавигациялық ұйым ұсынатын аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету мынадай ұшуларды орындаған жағдайларда ақысыз жүзеге асырылады:
      1) әуе кемесiнiң тұрған орны анықталған сәттен бастап - апат болып жатқан немесе болған әуе кемелерiне, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға байланысты бағдарғылары өзгертiлген, материалдық бөлiгi iстен шыққан немесе зақымданған әуе кемелерiне;
      2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу және/немесе халыққа медициналық көмек көрсету үшiн әуе кемелерiне;
      3) әуе трассалары (жергiлiктi әуе желiлерi) бойынша орындалатын және коммерциялық мақсатпен ұшуларға жатпайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк авиациясының әуе кемелерiне;
      4) Қазақстан Республикасының Президентiн, корольдiк тұлғаларды, мемлекет, үкiмет басшыларын және олар басқаратын делегацияларды ғана тасымалдайтын әуе кемелерiне.

       12-бап.   Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлерi
      Әуе қозғалысына қызмет көрсетудiң мынадай түрлерi бар:
      1) әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету - мынадай мақсаттарда ұсынылатын қызмет көрсету:
      әуе кемелерi арасында және маневр жасау ауданында әуе кемелерiнiң кедергiлермен соқтығысуын болдырмау;
      әуе қозғалысын үдету және реттеу;
      2) әуе қозғалысына консультативтiк қызмет көрсету - аспаппен ұшулар жоспары бойынша ұшуларды орындайтын әуе кемелерiнiң оңтайлы эшелондауын қамтамасыз ету мақсатында консультативтiк әуе кеңiстiгiнде ұсынылатын қызмет көрсету;
      3) ұшу-ақпараттық қызмет көрсету - мақсаты ұшулардың қауiпсiз және тиiмдi орындалуын қамтамасыз ету yшiн консультациялар және ақпарат ұсыну болып табылатын қызмет көрсету;
      4) авариялық хабарлау - iздестiру-құтқару қызметтерiнiң көмегiне мұқтаж болған әуе кемелерi туралы тиiстi ұйымдарды хабардар ету және осындай ұйымдарға қажеттi көмек көрсету үшiн ұсынылатын қызмет көрсету.

       13-бап.   Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезiнде
      радиоалмасу жүргiзу тiлi
      Қазақстан Республикасы аумағында аэронавигациялық ұйымдар мен Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң экипаждары арасындағы радиоалмасу мемлекеттiк тiлде және (немесе) орыс тiлiнде, ал шет мемлекеттер әуе кемелерiнiң экипаждарымен - орыс немесе ағылшын тiлiнде жүргiзiледi.

       14-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдаланудағы басымдықтар
      Әуе кеңiстiгiнiң бөлiгiн пайдалану құқығы оған мүдделi әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар саны екi немесе одан да көп болған кезде мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:
      1) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуды тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерiн жою;
      2) табиғи зiлзала және өзге де зардаптар, апаттар, авариялар, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн немесе елеулi материалдық зиян келтiру қаупiн тудыратын авариялық және өзге де жағдайлар болған кезде көмек көрсету;
      3) ғарыштық аппараттар мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және көшiру, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң жоспарлы жаттығуларын өткiзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;
      5) Қазақстан Республикасының Президентiн және Қазақстан Республикасының басқа да күзетiлетiн тұлғаларын тасымалдау мақсатындағы ерекше маңызды ұшулар;
      6) жолаушыларды, жүктердi және почтаны тұрақты тасымалдау;
      7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ мемлекетараралық және үкiметаралық келiсiмдерге сәйкес басқа да мемлекеттердiң мемлекеттiк авиацияларының ұшулары;
      8) эксперименталдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
      9) тұрақты емес әуе тасымалдары, экономика мүддесiнде авиациялық және өзге де жұмыстарды орындау;
      10) оқытып-үйрету, көрсету, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзу, сондай-ақ жалпы мақсаттағы авиация ұшулары.

       15-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалануға тыйым салу
      Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүмкiндiгi болмаған жағдайларда, сондай-ақ осы Заңның 14-бабының 1)-3), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, осы Заңның 8-бабы 1) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган тарапынан тыйым салынуы мүмкiн.
      Тыйым салу тәртiбi Әуе кеңiстiгiн пайдалану ережесiнде белгiленедi.

       16-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу
      1. Осы Заңның және оған сәйкес әзiрленген басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердiң ережелерiнен ауытқи отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланумен байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылық болып танылады.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға мыналар жатады:
      1) осы Заңның 8-бабында көрсетiлген, ұшу жоспарын ұсынусыз, кестеден тыс немесе халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауға рұқсатсыз және әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызмет;
      2) әуе кемесiнiң құрылымында радиолокациялық тану аппаратурасын қондыру көзделмеген әуе кемелерiн қоспағанда, мемлекеттiк радиолокациялық тану жүйесi бойынша сұратуға жауап бермейтiн әуе кемесiнiң ұшуы;
      3) сұратуда көрсетiлген саннан артатын әуе кемелерi тобының ұшуы;
      4) әуе кемелерiнiң әуе кеңiстiгiн пайдалану режимiн сақтамауы;
      5) қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органның арнайы рұқсатынсыз әуе кемесiнiң тыйым салынған өңiр және шектелген өңiр аумағының үстiмен ұшып өтуі;
      6) мәжбүрлi қону және қосалқы әуеайлаққа бағыт алу жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерiнiң жоспарланбаған (мәлiмденбеген) әуеайлаққа қонуы;
      7) әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн тiк, бойлық, қапталдан эшелондауды, әуе трассаларынан, жергiлiктi әуе желiлерiнен және бағдарғы осiнен белгiленген нормадан артық арақашықтыққа ауытқуларды сақтамауы;
      8) әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) органдарының командаларын орындамау.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асыратын қорғаныс және азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органдар өз құзыретiне сәйкес, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылықты тоқтатуға немесе алдын алуға барлық мүмкiн болатын шараларды қолдануға мiндеттi.
      3. Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға жол берген әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар көрсетiлген органдардың талап етуi бойынша өз есебiнен және өз күшiмен аталған тәртiп бұзушылықты тоқтатуға немесе ондай қызметтi жүзеге асыруды тоқтатуға мiндеттi.
      4. Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

       17-бап.   Тәртiп бұзушы әуе кемесi
      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған немесе республика әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн өзге де бұзуға жол берген әуе кемесi тәртiп бұзушы әуе кемесi болып танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының, аэронавигациялық ұйымдардың және/немесе қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органның талаптарына бағынбаған болса, мәжбүрлеп қондырылуы мүмкiн.
      Қону туралы өкiм алған тәртiп бұзушы әуе кемесi көрсетiлген жерге қонуды дереу жүзеге асыруы тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне, оның аумағындағы азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық маңызды объектiлерiне қауiп төнген жағдайларда қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган қауiптiң алдын алу үшiн тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн барлық шараларды қолданады.
      Стратегиялық объектiлердiң тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
      3. Тәртiп бұзушы әуе кемесiнде әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылыққа қатысы жоқ жолаушылар мен өзге де тұлғалар бар деген дәйектi ақпарат болған жағдайда, мемлекет ұшудағы азаматтық әуе кемелерiне қарсы қару қолданбайды.
      Тәртiп бұзушы әуе кемесi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып келу шарттарын орындамаған кезде және/немесе әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылықтың басқа да жағдайларында қону әуеайлағында ұсталып қалуы мүмкiн.
      4. Тәртiп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрi ұшуына тәртiп бұзуды тексеруден кейiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiнде белгiленген тәртiппен рұқсат етiледi.
      Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң әрбiр бұзылуы Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес тексерiлуге жатады.

       18-бап.   Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн қызмет
      1. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке әуеайлақ жанындағы аумақта және әуе трассалары шегiндегi жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқадай кедергiлердiң құрылысы; соның салдарынан әуе кеңiстiгiнде электрмагниттiк, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулелену түрлерiн шығаратын жұмыстар; құстардың топтасып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiнде материалдық объектiлердiң ауысуына тiкелей байланысты емес, бiрақ әуе кемелерi ұшуларының, олардың жабдықтарының және iшiнде отырған адамдардың қауiпсiздiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
      2. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрiп, қызметтi жүзеге асыру ережелерiн бұзуға жол берген заңды және жеке тұлғалар осы жолсыздықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
      3. Ұшу қауiпсiздiгiне ықтимал қатер төндiретiн, қызмет атқарылып жатқан ауданға әуе кемелерiнiң абайсызда ұшып келу жағдайларын болғызбау үшiн, сондай қызметтi жүргiзiп жатқан ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар аталған қызметке рұқсат алған соң, сол қызметтiң жүргiзiлуi туралы азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органдарды хабарландыруға мiндеттi.
      4. Мұндай қызметтiң жүзеге асырылуын бақылауды азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган және қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде орындайды.
      5. Әуежайлардың аумағы шегiндегi жөндеу, құрылыс және монтаж жұмыстарының барлық түрлерiн жүргiзу жұмыстарды жүргiзу аймағындағы ұлттық қауiпсiздiк органдарымен, ал Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiмен келiсiле отырып жүзеге асырылады. Күзет iс-шараларын өткiзу кезеңiнде аталған жұмыс түрлерi тоқтатылуы мүмкін.

       19-бап.   Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi
      таңбалау
      Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар мен құрылыстардың иелерi Қазақстан Республикасы азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орналастыруға мiндеттi.
      Әуеайлақтарды тану үшiн қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бiр белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орналастыруға жол берiлмейдi.
      Әуеайлақ ауданындағы объектiлердi таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыретi шегiнде азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органдарға жүктеледi.

       20-бап.   Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру
      Әуе трассалары әуе қозғалысы қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн қанағаттандыратыны және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сәйкес екендiгi анықталғаннан кейiн ғана оларды пайдалануға рұқсат берiледi.
      Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережесiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

       21-бап.   Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты
      ұйымдастыру
      1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар аэронавигациялық ұйыммен орнықты байланыста болуға мiндеттi.
      2. Байланыс кәсiпорындары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажеттi байланыс арналарын жалға бередi. Берiлген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар белгiленген тәртiппен басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.

       22-бап.   Әуе кемесiнiң аэронавигациялық ұйыммен
      радиобайланысы және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз
      етудi жүзеге асыру
      1. Байланыс құралдары бар әрбiр әуе кемесiне шақыру белгiсi берiледi.
      2. Бақыланатын әуе кеңiстiгiнде ұшып жүрген әуе кемесi мен аэронавигациялық ұйым арасында орнықты байланыс болуға тиiс. Байланыс үзiлген кезде әуе кемесiнiң командирi және аэронавигациялық ұйым оны қалпына келтiру үшiн мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.
      Егер қабылданған шаралар нәтижесiнде радиобайланыс қалпына келтiрiлмесе, әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйым Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен iс-қимыл жасауға тиiс.
      3. Әуе кемелерiнiң ұшуларын радиотехникалық қамтамасыз етудi және олармен радиобайланысты жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен радиожиiлiктер бөлiнедi, олар кедергiлерден қорғалған болуы тиiс.
      4. Әуе кемелерiнiң ұшуларын радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына және олармен радиобайланысқа кедергiлер тудыратын қондырғылары мен аппараттары бар заңды және жеке тұлғалар байланыс саласындағы уәкiлеттi органның немесе оның бөлiмшелерiнiң талабы бойынша әз күштерiмен кедергiлердi жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға мiндеттi.

       23-бап.   Әуе кемесiнiң ұшу жоспары
      1. Әуе кемесiнiң ұшуы мынадай:
      1) әуе шабуылын тойтару, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзудың немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кiрудiң алдын алу және тоқтату;
      2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде көмек көрсету, ғарыштық аппараттар және олардың экипаждарын iздестiру және көшiру;
      3) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзудың алдын алу және (немесе) тоқтату жағдайларында орындалатын әуе кемесiнiң ұшуын қоспағанда, әуе кеңiстiгiн пайдаланушының әуе қозғалысына қызмет көрсететiн (ұшуды басқаратын) органға ұсынған ұшу жоспарына сәйкес, осы Заңда белгiленген әуе кеңiстiгiн пайдалануға қажеттi рұқсаттар бар болған кезде орындалады.
      2. Әуе кемесiнiң ұшу жоспарынан ауытқуына, адамдардың өмiрiн құтқару және қоршаған ортаға зиян келтiрмеу мақсатында әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төнетiн жағдайларды қоспағанда, әуе қозғалысына қызмет көрсетудiң (ұшуларды басқарудың) тиiстi органының рұқсаты негiзiнде жол берiледi.

       24-бап.   Елдi мекендердiң үстiмен ұшу
      Әуе кемелерi елдi мекендердiң үстiмен, әуе кемесi жарамсыз болған жағдайда сол елдi мекендерден тысқары жерде немесе жақын арадағы әуеайлаққа оның қонуына мүмкiндiк беретiндей биiктiкте ғана ұша алады.
      Ұшу-қону жолағының орналасуы әуе кемесiнiң елдi мекен үстiмен ұшып өтуiнсiз ұшып шығуды және қонуды жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейтiн жағдайларда немесе адамдар өмiрiн сақтап қалу үшiн ұшуларды орындау қажет болғанда, ал өзге де ерекше жағдайларда - Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерi белгiлеген тәртiппен бұл ережеден ауытқуға жол берiледi.
      Әуе кемелерiнiң елдi мекендердiң үстiмен ұшуларының барлық түрлерi (әуе трассаларынан тыс) ұлттық қауiпсiздiк органдарымен және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң Әуе қозғалысын басқару бас орталығымен, Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiмен келiсу бойынша жүзеге асырылады.

       25-бап.   Көрсетуге арналған ұшулар
      Әуе кемелерiнiң көрсетуге арналған ұшулары әуе кемесiнiң тұрғын үйлер алабы мен адамдар шоғыры үстiне құлауын болдырмайтын арнайы қауiпсiздiк шаралары сақтала отырып, белгiленген аймақтарда орындалады.
      Ұшу қауiпсiздiгi үшiн жауапкершiлiк көрсетуге арналған ұшуларды ұйымдастырушыға жүктеледi.

       26-бап.   Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау
      1. Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған әуе кемесi жердегi шу мен авиациялық қозғалтқыштардың зиянды заттары эмиссиясына қатысты Қазақстан Республикасында қолданылатын талаптарға сәйкестiгi бойынша сертификатталуы тиiс.
      Әуеайлақтар (тiкұшақайлақтар) иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнiң командирлерi мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуды болдырмауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.
      2. Әуе кемелерiнен адамдардың денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды тастауға, халықтың және қоршаған табиғи ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып орындалатын авиациялық-химиялық жұмыстардың жүргiзiлуiн қоспағанда, тыйым салынады, ал ондай әрекет жасауға кiнәлiлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      Адамдарға, жануарларға және қоршаған табиғи ортаға әуе кемелерiнiң зиянды әсерiн болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi нақты аудандарда барлық әуе кемелерi үшiн бiрыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша жеке-жеке ең төменгi ұшу биiктiгiн белгiлей алады.
      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы ережелер бойынша немесе елдi мекендерден шалғайда дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуы тиiс.

       27-бап. Әуе кемесi белгiленген бағдарғыдан немесе ұшу
      ауданынан (аймағынан) ауытқыған жағдайдағы iс-қимылдар
      1. Әуе кемесi белгiленген бағдарғыдан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқыған немесе ұшудың өзге бiр параметрiн сақтамаған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйым, мыналарды:
      1) егер ондай байланыс әлi орнатылмаған болса, аэронавигациялық ұйыммен (әуе кемесiмен) екi жақты байланыс орнатуға талпыныс жасауды;
      2) белгiленген бағдарғыдан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқып кеткен әуе кемесiнiң орналасқан жерiн анықтау үшiн қолда бар барлық құралдарды пайдалануды;
      3) бағдарғыдан ауытқуы нәтижесiнде ауданына әуе кемесi кiрген немесе кiруi мүмкiн басқа да әуе қозғалысына қызмет көрсетушi (басқарушы) органдарға хабарлауды;
      4) жергiлiктi жерлерде келiсiлген ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң әуе қозғалысын басқару аудандық орталықтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерiнiң органдарына хабарлауды қоса алғанда, ондай тәртiп бұзушылықты тоқтатуға дереу шара қабылдауға мiндеттi.
      2. Әуе кемесiнiң орналасқан жерi белгiлi болған кезде аэронавигациялық ұйым әуе кемесiнiң экипажына оның орналасқан жерi және қабылдануы тиiс түзету iс-әрекеттерi туралы хабарлайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң әуе қозғалысын басқару аудандық орталықтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерiнiң органдарын әуе кемесiне берiлген кез келген ұсынымдар туралы хабардар етедi.

4-тарау. Халықаралық ұшулар

       28-бап.   Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң
      халықаралық ұшулары
      1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң ұшулары мыналардың негiзiнде және мынадай шарттарға сәйкес жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
      2) тиiстi шетел мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары тарапынан бiржолғы ұшуларды орындауға берген арнайы рұқсаттары;
      3) Азаматтық әуе кемелерiнiң халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуды негiздеу ережелерi белгiлеген тәртiппен азаматтық әуе кемесi үшiн азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган бiржолғы ұшуға беретiн рұқсаттар мен Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерi белгiлеген тәртiппен эксперименталдық немесе мемлекеттiк әуе кемесi үшiн қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттар.
      2. Азаматтық әуе кемесiн пайдаланушы шетел мемлекетi әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесiнiң ұшуына тиiстi шетел мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары беретiн арнайы рұқсат алуға сұрау салуды өз бетiмен жүзеге асырады.
      3. Шетел мемлекетiнiң әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және эксперименталдық әуе кемелерiнiң ұшуына арнайы рұқсат алуға сұрау салуды, Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарының өтiнiшi негiзiнде, сыртқы саяси қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi орган шетел мемлекеттерiне жiбередi.
      Егер кеме құжаттарына, экипаж мүшелерiнiң куәлiктерiне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағындағы және аумағына немесе аумағы арқылы ұшудың орындалуы жоспарланып отырған шетел мемлекеттерiнде қолданылатын басқа да талаптар мен ережелер сақталса, онда сұрау салу жүргiзiледi.

       29-бап. Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан
      Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары
      1. Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары мынадай негiзде және шарттарға сәйкес жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
      2) ұшуларды орындауға берiлетiн арнайы рұқсаттар.
      Мұндай рұқсаттарды:
      1) азаматтық әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуларына - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган;
      2) азаматтық әуе кемелерiне жатпайтын әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуларына - сыртқы саяси қызметтi жүзеге асыратын орган бередi.
      2. Азаматтық әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуларды орындауына арнайы рұқсат беру тәртiбiн Азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Азаматтық әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуды орындауына рұқсат беруден бас тарту үшiн мыналар:
      1) қажеттi деректер толық (шынайы) көрсетiлмеген немесе Азаматтық әуе кемелерiнiң халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуды негiздеу ережелерi белгiлеген мерзiмдерi бұза отырып өтiнiм беру;
      2) өтiнiмде көрсетiлген мәлiметтердi растайтын құжаттарды бермеу және/немесе толық бермеу;
      3) осы Заңның 15-бабына сәйкес, қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе ол арқылы азаматтық әуе кемесiнiң ұшу бағдарғысы өтетiн оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салған;
      4) азаматтық әуе кемесiнiң бiржолғы ұшуды орындауы Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн бұзу болып табылатын жағдайлар негiз болуы мүмкiн.
      3. Азаматтық әуе кемелерiне жатпайтын шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде бiржолғы ұшуларды орындауына арнайы рұқсат беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерi белгiлейдi.

       30-бап.   Қазақстан Республикасының аумағы үстiмен
      халықаралық ұшуларды орындау
      1. Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуларды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшулардың орындалуы мен әуе кемелерiнiң пайдаланылуын реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.
      Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасы аумағынан ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерiлгеннен кейiнгi Қазақстан Республикасы аумағына қайта қонуы халықаралық ұшулар үшiн ашық тұрған әуеайлақтарда жүзеге асырылады. Әуе кеңiстiгiндегi халықаралық ұшулар белгiленген әуе трассалары бойынша атқарылады.
      2. Әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын кесiп өтуi шекараның халықаралық трассалармен қиылысқан жерлерiнде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережелерiмен белгiленген тәртiппен осы мақсаттарға арнайы белгiленген әуе дәлiздерi бойынша орындалады.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережесi белгiлеген тәртiптiң сақталмауына мынадай жағдайларда жол берiледi:
      1) адамдардың өмiрiне қауiп төндiретiн табиғи зiлзала, апаттар, авариялар, авариялық ахуалдар мен басқа жағдайларда;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен көзделген жағдайларда;
      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережелерде белгiленген тәртiппен берiлетiн арнайы рұқсат алғанда.

       31-бап. Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған
      әуе трассалары
      Халықаралық әуе трассаларын ашу туралы шешiмдi қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсе отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган қабылдайды.
      Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған әуе трассаларын ашу тәртiбi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану ережесiмен белгiленедi.

       32-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлуi
      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады