Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткiзу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 қарашадағы N 1043 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 628 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 628 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуiрдегi Заңы 18-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2006 жылғы 2 қарашадағы
N 1043 қаулысымен 
бекiтiлген 

Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткiзу ережесi 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк лицензияда санамаланған белгiлi бiр қызмет түрлерiн жүргiзу кезiнде атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтi жүзеге асыратын пайдаланушы ұйымдар (бұдан әрi - пайдаланушы ұйымдар) персоналының аттестаттаудан өту тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi және барлық пайдаланушы ұйымдарға қолданылады.

      2. Аттестаттау персоналдың атқаратын лауазымына сәйкестiгiн және атом энергиясын пайдалану саласындағы кәсiби бiлiктiлiгiнiң деңгейiн анықтау мақсатында жүргiзiледi.

      3. Аттестаттаудан мынадай жұмыс түрлерiн жүзеге асыратын пайдаланушы ұйым персоналының санаттары өтедi:
      1) атом энергиясын пайдалану саласында қызмет жүргiзетiн бөлiмшенi қауiпсiз басқару жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу - тиiстi бөлiмшеде қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тiкелей жауап беретiн пайдаланушы ұйымның персоналы;
      2) ядролық және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi бақылау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу - ядролық және радиациялық қауiпсiздiкке басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асыратын персонал;
      3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке байланысты технологиялық үдерiстердi басқару жөнiндегi күнделiктi операцияларды жүзеге асыру - пайдаланушы ұйымның пайдаланушы персоналының жекелеген санаттары;
      4) ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерiн, радиоактивтi заттар мен қалдықтарды есепке алуды және бақылауды, сондай-ақ объектiлер мен ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасау және жүргiзу - ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерiн, радиоактивтi заттар мен қалдықтарды есепке алуды және бақылауды, сондай-ақ атом энергиясы мен ядролық материалдарды пайдалану объектiлерiн физикалық қорғауды қамтамасыз ететiн персонал.

      4. Персоналды аттестаттау әрбiр үш жылда, сондай-ақ егер талаптар қызметкердiң атқаратын лауазымы бойынша талаптардан өзгеше болса, басқа лауазымға ауысу немесе жоғары тұрған басшыны уақытша алмастыру немесе басқа қызметкердiң мiндеттерiн атқару кезiнде жүргiзiледi.

      5. Пайдаланушы ұйымның лауазымға алғаш тағайындалған персоналы лауазымға тағайындалғаннан кейiн бiр айдан кешiктiрмей аттестаттаудан өтедi.

      6. Аттестаттау мемлекеттiк, орыс немесе басқа тiлде өткiзiледi.

2. Аттестаттау комиссиясы

      7. Аттестаттауды өткiзу үшiн пайдаланушы ұйым басшысының бұйрығымен мүшелерiнiң саны тақ болатын және кемiнде бес адамды құрайтын аттестаттау комиссиясы құрылады.
      Аттестаттау комиссиясы комиссия төрағасынан, хатшысынан және мүшелерiнен тұрады.
      Хатшы комиссия мүшесi болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.

      8. Пайдаланушы ұйымның басшысы белгiлейтiн пайдаланушы ұйымның құрылымдық бөлiмшесi аттестаттау комиссиясының жұмыс органы (бұдан әрi - жұмыс органы) болып табылады.
      Жұмыс органы персоналды аттестаттау үшiн қажеттi құжаттарды дайындауды жүзеге асырады.

      9. Пайдаланушы ұйымның басшысы жұмыс органының ұсынысы бойынша аттестаттауға жататын персоналдың санатын бекiтетiн, аттестаттауды өткiзудiң мерзiмi мен кестесiн белгiлейтiн бұйрық шығарады.

      10. Аттестаттау комиссиясының құрамына радиациялық және/немесе ядролық қауiпсiздiкке жауапты тұлғалар, сондай-ақ пайдаланушы ұйым қызметкерлерiнiң өкiлi енгiзiледi.
      Аттестаттау комиссиясының құрамына уәкiлеттi органның өкiлдерi кiруi мүмкін.

      11. Аттестаттау комиссиясының отырысы комиссия құрамының кемiнде үштен екiсiн құрайтын кворум болған кезде заңды.

3. Аттестаттауды дайындауды және өткізудi ұйымдастыру

      12. Аттестаттау бiрқатар дәйектi кезеңдердi:
      аттестаттауды өткiзуге дайындықты;
      аттестаттауға жататын персоналды тестiлеудi және/немесе басқару бойынша емтихандар өткiзудi;
      аттестаттау комиссиясының шешiмiн шығаруды қамтиды.

      13. Аттестаттауды өткiзуге дайындық мынадай iс-шараларды:
      осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес аттестатталатын персоналға қажеттi құжаттарды дайындауды;
      аттестатталатын персоналдың құжаттарын тексерудi;
      аттестаттауды өткiзудiң мақсаты мен тәртiбiн түсiндiрудi;
      аттестатталатын персоналды аттестаттауды өткiзу мерзiмi туралы, бiрақ аттестаттау өткiзiлетiн күнге дейiн отыз күннен кешiктiрмей жазбаша хабардар етудi қамтиды.
      Ереженiң осы тармағында көзделген iс-шаралар орындалғаннан кейiн, жұмыс органы персоналды аттестаттаудан өткiзу туралы аттестаттау комиссиясына ұсыныс енгiзедi.

      14. Аттестаттау аттестатталатын қызметкердiң қатысуымен жүргiзiледi.

      15. Аттестаттауға жататын, бiрақ дәлелдi себептермен болмаған қызметкер, аттестаттау комиссиясының ұсынысы бойынша пайдаланушы ұйымның басшысы белгiлейтiн мерзiмде аттестаттаудан өтедi.

      16. Аттестаттау тестiлеу және/немесе басқару бойынша емтихандар тапсыру нысанында жүргiзiледi.
      Тестiлеу Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген қызметкерлер санатына қатысты жүргiзiледi.
      Ереженiң 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген персонал қосымша басқару бойынша емтиханнан өтедi.

      17. Тестiлеу пайдаланушы ұйымның басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      18. Басқару бойынша емтихандар атом энергиясын пайдалану объектiсiнiң жұмыс орындарын аралау кезiнде қызметкердiң өз дағдысы мен бiлiмiн көрсету жолымен немесе атом энергиясын пайдаланудың нақты объектiсi үшiн сертификатталған толық ауқымды тренажердi пайдалана отырып жүргiзiледi.

      19. Тестiлеуге арналған сұрақтар және басқару бойынша емтихандар атом энергиясын пайдалану саласындағы лауазымдық нұсқаулықтардың, бiлiктiлiк талаптарының, сондай-ақ нормативтiк құқықтық кесiмдердiң және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негiзiнде әзiрленедi.
      Аттестаттауға дайындық мақсатында қызметкерлер емтихандық тақырыптардың және тестiлеуге арналған сұрақтардың жалпы тiзбесiмен күнi бұрын танысады.

      20. Тестiлеудiң және басқару бойынша емтихан тапсырудың нәтижелерi бойынша әрбiр аттестатталатын қызметкерге аттестаттау комиссиясы хаттама ресiмдейдi. Хаттамаға аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi, сондай-ақ аттестатталатын қызметкер қол қояды.
      Хаттаманың нысаны пайдаланушы ұйым басшысының бұйрығымен белгiленедi.

      21. Пайдаланушы ұйым тестiлеудi және басқару бойынша емтихандарды өткiзу жөнiнде арнайы басшылықты және әдiстемелiк нұсқауларды әзiрлейдi.

      22. Аттестаттау комиссиясының шешiмi емтиханға қатысушы аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

      23. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделей отырып, тестiлеудiң және/немесе басқару бойынша емтихандардың нәтижелерiн негiзге ала отырып, мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) аттестатталды;
      2) аттестаттаудан өтпедi және қайта аттестаттауға жатады;
      3) аттестаттаудан өтпедi және атқаратын қызметiне сай емес.
      Аттестаттау комиссиясының шешiмi отырыс хаттамасымен ресiмделедi, оған отырысқа қатысып отырған аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және хатшы қол қояды.

      24. Осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес аттестаттау комиссиясының шешiмi қызметкердiң аттестаттау парағына жазылады.
      Қызметкердiң аттестаттау парағы жеке iсiнде сақталады.
      Қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде аттестатталған қызметкерде өзiмен бiрге аттестаттау парағының көшiрмесi болады.

      25. Аттестаттау комиссиясының "аттестаттаудан өтпедi және атқаратын қызметiне сай емес" деген шешiм қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес аттестатталушы қызметкермен еңбек қатынастарын бұзуға негiз бола алады.
      Қызметкердiң заңнамада белгiленген тәртiппен аттестаттау комиссиясының шешiмiне шағымдануға құқығы бар.

      26. Қайта аттестаттау осы Ережеде белгiленген тәртiппен алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап үш айдан кейiн өткiзiледi. Аттестатталмаған қызметкер аттестаттау өткiзiлген қызметке байланысты жұмыстарға жiберiлмейдi.

Пайдаланушы ұйымның персоналын
аттестаттаудан өткiзу ережесiне
1-қосымша         

Персоналды аттестаттаудан өткiзуге қажеттi құжаттардың тiзiмi

      1. Аттестатталушы қызметкердiң жеке деректерi (паспорт деректерi, тұрғылықты жерi, бiлiм беру мекемесi және дипломға сәйкес мамандығы көрсетiлген бiлiмi).
      2. Жұмыс тәжiрибесiн және ұзақтығын растайтын құжаттар.
      3. Егер бар болса, алдыңғы аттестаттаулар бойынша мәлiметтер (қашан және кiм өткiздi).
      4. Қызметкердiң лауазымдық нұсқаулығы.
      Жұмыс орындарындағы оқуын немесе оқу ұйымдары көрсетiлген қосарлануды қоса алғанда, қызметкердiң өткен бастапқы дайындығын растайтын құжаттар, оқу курстарының және дайындық бағдарламалары модульдарының қысқаша сипаттамасы, емтиханда алған бағаларын қоса алғанда, оқу нәтижелерi туралы деректер, қондырғылардың операторлары үшiн - тренажерлық дайындығы*.
      6. Бiлiктiлiктi растайтын құжаттар - оқу ұйымдары, дайындық бағдарламаларының қысқаша сипаттамасы, оқу нәтижелерi туралы деректер мен алынған бағалар.
      7. Медициналық және психологиялық-физиологиялық тексерулерден өткенi туралы анықтамалар.
      8. Мемлекеттiк органдар берген қазiр бар немесе бұрын болған рұқсаттар, рұқсат берулер туралы ақпарат.
      9. Қызметкердiң құпия ақпаратпен жұмыс iстеуге жiберiлгенiн жазбаша растау (қажет болған кезде).

______________
      * ұсыным берiлген күн мен тренажерлық дайындық курсын бiтiрген күннiң арасындағы мерзiм бiр жылдан аспайды.

Пайдаланушы ұйымның персоналын
аттестаттаудан өткiзу ережесiне
2-қосымша       

____________N___________ аттестаттау парағы

____________________________________________
(Т.А.Ә)

      Аттестаттау комиссиясының
      шешімі _____________________________________________________
      ____________________________________________________________
      ____________________________________________________________
 
       ___________________________________________________________
      лауазымы бойынша міндеттерді уақытша орындау құқығымен:
      ____________________________________________________________
                     (лауазымы, бөлімше)

                         Аттестаттау комиссиясының төрағасы ____________
 
                    Аттестаттау комиссиясының мүшелері ____________

            М.О

                                       200___ "____"____________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады