Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі арасындағы Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелері қызметінің жағдайы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 24 қарашадағы
N 1121 қаулысымен
мақұлдаған
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі арасындағы Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелері қызметінің жағдайы туралы
келісім
(Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі,
1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға алу шартын, 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, атқарушы билік органдарының мәртебесі және оларды қалыптастыру тәртібі туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
оқыту тілін таңдауға Тараптар мемлекеттері азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде өзара іс-қимылдың қажеттілігін мойындай отырып,
Байқоңыр қаласының жалпы білім беретін мекемелерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелері (бұдан әрі - қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелер) қызметінің жағдайын айқындау болып табылады, олардың тізбесі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оған қосымшада қамтылған.
2-бап
Қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелер қызметі Ресей Федерациясының білім беру саласындағы заңнамасымен және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің нормативтік кесімдерімен, сондай-ақ осы Келісімнің ережелерімен реттеледі.
3-бап
Байқоңыр қаласының әкімшілігі Ресей Федерациясының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерді тіркейді және лицензиялайды.
Қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерге басшылық жасауды, сондай-ақ олардың қызметін бақылауды Байқоңыр қаласының әкімшілігі жүзеге асырады.
4-бап
Қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерде білім беру бағдарламаларын іске асыру Ресей Федерациясының мемлекеттік білім беру стандарттарының негізінде және талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру стандарттарының өңірлік (ұлттық-өңірлік) құрамдасы шеңберінде»"Қазақстан тарихы", "Қазақстан географиясы" пәндерін оқыту жүзеге асырылады.
5-бап
Қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерді қаржыландыру Байқоңыр қаласының бюджеті есебінен жүзеге асырылады.
6-бап
Қазақстан тарабы Ресей Федерациясының мемлекеттік білім беру стандарттарын, білім беру бағдарламалары мен оқулықтарын қазақ тіліне аударуды қаржыландыруды, қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерге оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді, электрондық оқулықтарды басып шығаруды және олармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелердің кітапханаларын қазақ тіліндегі ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттермен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
7-бап
Қазақстан тарабы қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелерді педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етеді және оларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды жүзеге асырады.
8-бап
Тараптар қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мекемелердің білім алушыларына республикалық олимпиадаларға қатысуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бюджетінің қаражаты есебінен халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін жағдай жасайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыруды түсіндіру кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
Тараптар осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.
10-бап
Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің қолданылуы, егер Тараптардың ешқайсысы басқа Тарапты осы Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы өз ниетін тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша хабарласа, келесі бес жылға автоматты түрде ұзартылады.
2006 жылғы "__"__________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы
Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым министрлігі
үшін үшін
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен
Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі
арасындағы Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын
жалпы білім беретін мекемелері
қызметінің жағдайы туралы келісімге
қосымша
Қызметі "Білім туралы" Ресей Федерациясының Заңына сәйкес келтірілетін Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын жалпы білім
беретін мекемелері
Р/с N№ |
Мекемені ң атауы | Мекен-жайы |
---|---|---|
1. |
К.Э.Циолковский атындағы N 2 жалпы білім беретін орта мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, Шубников көшесі |
2. |
Абай Құнанбаев атындағы N 5 жалпы білім беретін орта мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, Горький көшесі, 23 |
3. |
Мұхтар Әуезов атындағы N 6 жалпы білім беретін орта мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, Янгел көшесі, 17»А» |
4. |
Юрий Алексеевич Гагарин атындағы N8 жалпы білім беретін орта мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, 5-шағын аудан |
5. |
N 11 жалпы білім беретін бастауыш мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, 7-шағын аудан |
6. |
N 14 жалпы білім беретін бастауыш мектеп |
468320 Байқоңыр қаласы, 6-шағын аудан |