Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы N 1130 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Наталья Артемовна Коржоваға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                                                        Қазақстан Республикасы
                                                  Үкіметінің
                                           2006 жылғы»29 қарашадағы
                                               N 1130 қаулысымен
                                                  мақұлданған

  Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің
Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және
әкімшілік өзара көмек туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі,
      импорт және экспорт кезінде алынатын кеден баждарының, салықтардың және өзге де төлемдердің дәл есептелуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ кедендік бақылауды ұйымдастыру кезінде тыйым салу және шектеу жөніндегі шараларды тиісінше орындаудың маңыздылығын назарға ала отырып;
      кеден заңнамасын бұзу экономикалық, қоғамдық, мәдени мүдделерге, қоғамның салауаттылығына және сауда мүдделеріне залал келтіретіндігін назарға ала отырып;
      қауіпті жүктерді, флора мен фаунаның жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлерін және уытты қалдықтарды шекаралар арқылы заңсыз өткізудің қоғам үшін қауіп төндіретіндігін ескере отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамаларының қолданылуына және сақталуын қамтамасыз етуге қатысты саладағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындай отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі және кеден баждарының, салықтардың және өзге де төлемдердің дәл есептелуін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігердің Тараптардың кеден әкімшіліктері ынтымақтастығының арқасында неғұрлым тиімді болуы мүмкін екендігіне көз жеткізе отырып;
      Тараптар қатысушылары болып табылатын жекелеген тауарларға қатысты тыйым салу, шектеулер және арнайы бақылау әдістері жөніндегі халықаралық конвенцияларды назарға ала отырып;
      мына төмендегілер туралы келісті:

  I бөлім
Айқындамалар
1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
      1. Кеден әкімшілігі:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің   Кедендік бақылау комитеті;
      Бельгия Корольдігінде - Бельгия Корольдігі Федералдық қаржы қызметінің Кеден және акциздер әкімшілігі.
      2. Кеден заңнамасы - тыйым салу, шектеу және бақылау жөніндегі шараларға жататын нормативтік құқықтық кесімдерді қоса алғанда, тауарларды әкелуге, әкетуге, олардың транзитіне қатысты кеден әкімшіліктері қолданатын Тараптар   мемлекеттерінің нормативтік құқықтық кесімдерінің жиынтығы.
      3.   Кеден   баждары мен салықтар - тауарларды әкелу немесе әкету кезінде алынатын   кеден баждары, салықтар және өзге де төлемдер.
      4. Кедендік құқық бұзушылық - кеден заңнамасын кез келген бұзушылық не   мұндай бұзушылыққа әрекет жасау.
      5. Тұлға - кез келген жеке немесе заңды тұлға.
      6. Тұлғалар туралы мәліметтер - анықталған немесе анықталып жатқан тұлғаға қатысты кез келген деректер.
      7. Ақпарат - электронды жеткізгіштердегі мәліметтерді қоса алғанда, кез келген мәліметтер, құжаттар, баяндамалар, олардың куәландырылған көшірмелері немесе кез келген нысандағы басқа да хабарлар.
      8. Сұрау салушы әкімшілік - көмек сұрайтын кеден әкімшілігі.
      9. Сұрау салынған әкімшілік - одан көмек сұралатын кеден әкімшілігі.
      10. Әкімшілік   ережелер - Тараптардың кеден әкімшілігінің лауазымды тұлғалары басшылыққа алатын директивалар, әдістемелік нұсқаулар, нұсқамалар, бағдарлар.

  II бөлім
Келісімнің аясы
2-бап

      1. Тараптар өздерінің кеден әкімшіліктері арқылы осы Келісімнің ережелеріне сәйкес бір-біріне кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алу, тергеу және жолын кесу жөнінде әкімшілік көмек көрсетеді.
      2. Осы Келісімнің шеңберіндегі көмекті екі Тарапта өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және әкімшілік ережелеріне сәйкес, кеден әкімшіліктерінің құзыреті және қолда бар мүмкіндіктері шегінде көрсетеді.

  III бөлім
Өзара көмек көрсету аясы
3-бап

      1. Кеден әкімшіліктері бір-біріне сұрау салу немесе өзінің жеке бастамасы бойынша кеден заңнамасының тиісінше қолданылуын қамтамасыз етуде, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алуда, тергеуде және жолын кесуде көмектесуі мүмкін ақпаратты береді.
      2. Әрбір кеден әкімшілігі басқа кеден әкімшілігінің өтініші бойынша тергеулер жүргізу кезінде өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына және әкімшілік ережелеріне сәйкес әрекет етеді.

4-бап

      1. Сұрау салынған әкімшілік сұрау салу бойынша кеден заңнамасы және Тараптың мемлекетінде қолданылатын рәсімдер туралы және кедендік құқық бұзушылықтарға байланысты тергеулерге жататын қажетті ақпаратты ұсынады.
      2. Әрбір кеден әкімшілігі өз бастамасы бойынша:
      1) кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің жаңа әдістеріне;
      2) кедендік құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа үрдістеріне,
құралдарына немесе әдістеріне қатысты кез келген қолда бар ақпаратты береді.

5-бап

      1. Тараптардың кеден әкімшіліктері бір-біріне мыналарды:
      1) екі кеден қызметтері де пайдаланатын технологиялармен танысу мақсатында кеден қызметі қызметкерлерінің қызметтік іссапарларын;
      2) кеден қызметтерінің қызметкерлерін оқытуды және олардың арнайы дағдыларын жетілдіруге көмектесуді;
      3) бақылау мен анықтаудың техникалық құралдарын пайдалануда ақпарат және тәжірибе алмасуды;
      4) кеден ісі мәселелері жөніндегі сарапшылардың қызметтік
іссапарларын;
      5) кеден заңнамасына және рәсімдерге қатысы бар кәсіптік, ғылыми және техникалық деректермен алмасуды қамтитын кеден ісі саласында техникалық жәрдем көрсете алады.

IV бөлім
Өзара әкімшілік көмектің ерекше жағдайлары
6-бап

      1. Cұрау салынған әкімшілік сұрау салу бойынша сұрау салушы әкімшілікке мынадай:
      1) бір Тарап   мемлекетінің кедендік аумағына әкелінетін тауарлар басқа Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан заңды түрде әкетілген болып табылады ма;
      2) бір Тарап   мемлекетінің кедендік аумағынан әкетілетін тауарлар басқа Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген болып табылады ма;
      3) Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген тауарлар орналастырылған кеден режимі туралы ақпаратты ұсынады.

7-бап

      1. Сұрау салынған әкімшілік сұрау салу бойынша:
      1) өткізулерге,   атап айтқанда сұрау салушы әкімшілік кедендік
бұзушылық жасағандығына күдіктенетін тұлғалардың сұрау салынған
әкімшілік мемлекетінің кедендік аумағына келуіне және одан кетуіне;
      2) кедендік құқық бұзушылық белгілері қаралып отырған тауарлардың өткізілуіне;
      3) оларға қатысты сұрау салушы әкімшілікте олардың сұрау салушы әкімшілік мемлекетінің кедендік аумағында кеден заңнамасын бұзу мақсатында пайдаланылатындығы туралы мәліметтер бар көлік құралдарына ерекше қадағалауды жүзеге асырады.

8-бап

      1. Кеден әкімшіліктері бір-біріне сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша жасалған немесе жасау дайындалып жатқан, кедендік құқық бұзушылық жасайтын немесе жасауы мүмкін әрекеттер туралы ақпарат береді. Мұндай ақпарат:
      1) қару-жарақтың, жарылғыш заттар мен ядролық материалдардың;
      2) Тараптардың бірінің мемлекеті үшін елеулі, тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты білдіретін өнер заттарының;
      3) қоршаған орта мен халықтың денсаулығы үшін қауіп төндіретін заттардың;
      4) жойылып кету қауіпі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің, олардың бөліктері мен дериваттарының заңсыз айналымы туралы мәліметтерді қамтиды.
      2. Тараптардың бірінің мемлекетінің экономикасына, қоғамдық салауаттылығына және қауіпсіздігіне, сондай-ақ басқа да өмірлік маңызды мүдделеріне едәуір залал келтіруі мүмкін ерекше жағдайларда, басқа Тараптың кеден әкімшілігі өз бастамасы бойынша ақпаратты дереу ұсынады.

V бөлім
Сұрау салуды беру
9-бап

      1. Осы Келісімнің негізінде жасалған көмек туралы сұрау салулар тікелей басқа Тараптың кеден әкімшілігіне жазбаша нысанда ұсынылуы және барлық қажетті құжаттармен, атап айтқанда сұрау салынған әкімшілікке экспорт және импорт рәсімдері кезінде ұсынылатын құжаттардың көшірмелерімен бірге жүруі тиіс. Егер, жағдаят талап етсе, сұрау салу электронды почта арқылы берілуі мүмкін. Мұндай сұрау салу бір ай мерзімде жазбаша расталуы тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағы негізінде жасалған сұрау салулар мынадай ақпаратты қамтуға тиіс:
      1) сұрау салушы органның атауы;
      2) сұрау салудың мақсаты мен себебі;
      3) істің қысқаша сипаттамасы, нормативтік кесімдердің тізбесі, сондай-ақ тергеудің түрі;
      4) егер олар белгілі болса, тергеу объектісі болып табылатын тұлғаның аттары мен мекен-жайлары.
      3. Кеден әкімшіліктерінің кез келгенінің белгілі бір рәсімді өткізу туралы сұрау салуы сұрау салынған әкімшілік мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандырылады.
      4. Осы Келісімнің шеңберінде ұсынылатын ақпарат әрбір кеден әкімшілігі осы мақсаттар үшін тағайындаған лауазымды тұлғаларға ғана беріледі. Мұндай лауазымды тұлғалардың тізімін бір Тараптың кеден әкімшілігі басқа Тараптың кеден әкімшілігіне береді.
      5. Сұрау салулар ағылшын тілінде ұсынылады.

VI бөлім
Сұрау салуларды орындау
10-бап

      Егер, сұрау салынған әкімшілікте сұрау салынған ақпарат болмаса, ол өз мемлекетінің ұлттық заңнамасы мен әкімшілік ережелеріне сәйкес мұндай ақпаратты алу мақсатында сұрау салуды жүзеге асырады. Бұл сұрау салулар кедендік құқық бұзушылыққа байланысты барлық ақпаратты және құжаттарды алуды қамтиды.

11-бап

      1. Жазбаша сұрау салу бойынша сұрау салушы әкімшілік тағайындаған лауазымды тұлғалар сұрау салынған әкімшіліктің рұқсатымен және ол ұсынуы мүмкін шарттарды сақтаған кезде кедендік құқық бұзушылықтарды тергеу мақсатында:
      1) кедендік құқық бұзушылыққа қатысты құжаттарды, жазбаларды және басқа да қажетті деректерді сұрау салынған әкімшілік офистеріндегі құжаттармен, жазбалармен және басқа да тиісті деректермен салыстыруы;
      2) құжаттардың, жазбалардың және кедендік құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да маңызды мәліметтердің көшірмелерін алуы мүмкін.
      2. Сұрау салушы әкімшіліктің басқа Тараптың аумағындағы лауазымды тұлғалары осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайда, ресми лауазымын қызметтік куәлігін ұсыну жолымен растауға міндетті.
      3. Бір Тарап мемлекетінің басқа Тарап мемлекетінің аумағында болған лауазымды тұлғаларын қорғау қамтамасыз етіледі және құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделеді.

VII бөлім
Ақпараттың құпиялылығы
12-бап

      1. Осы   Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат осындай ақпаратты берген кеден әкімшілігі оны басқа мақсаттар үшін немесе басқа құқық қорғау органдарының пайдалану мүмкіндігін толық растаған жағдайларды қоспағанда, тек осы Келісімнің мақсаттарында және тек кеден әкімшіліктері ғана пайдалануы тиіс. Мұндай пайдалану ақпаратты ұсыну кеден әкімшілігі белгілеген кез келген шектеулерді ескере отырып жүзеге асырылады.
      2. Сұрау салу бойынша ұсынылған мәліметтер мен құжаттар тек осы Келісімді іске асыру мақсатында ғана пайдаланылады және осы ақпаратты ұсынған кеден әкімшілігінің жазбаша келісімінсіз біреулерге берілуі, не өзге мақсаттар үшін пайдаланылуы және жария етілуі мүмкін емес.
      3. Егер бұл ақпаратты ұсынушы Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген жағдай кез келген мұндай ақпарат қылмыстық тергеулер кезінде тек осы ақпаратты ұсынушы кеден әкімшілігінің рұқсатын алғаннан кейін ғана пайдаланылуы мүмкін.
      4. Осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес осындай ақпаратқа таралатын дәл осындай қорғаумен және құпиялылықпен қамтамасыз етіледі.
      5. Осы Келісімнің негізінде жеке тұлғалар туралы деректерді беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

VIII бөлім
Ерекшеліктер
13-бап

      1.   Егер сұрау салынған әкімшілік көмек көрсету мемлекеттің
егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды ұлттық мүдделеріне залал келтіруі мүмкін, не өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны бұзуы мүмкін немесе ұлттық заңнамаға және сұрау салушы әкімшілік қолданатын әкімшілік ережелеріне қайшы келеді деп санаса, ол көмектесуден толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін оны жүзеге асыру кезінде белгілі бір шарттар қойылуы мүмкін.
      2. Егер сұрау салушы әкімшілік өзіне сұрау салынған әкімшіліктің осыған ұқсас өтініш жасаған жағдайда өзі көрсете алмайтын жәрдем етуге өтініш жасаса, осы фактіні өз сұрауында атап өтуі тиіс. Мұндай сұрау салу сұрау салған әкімшіліктің қарауына байланысты орындалады.
      3. Сұрау салынған әкімшілік сұрау салу жүріп жатқан тергеуге,
талқылауға немесе қудалауға кедергі жасауы мүмкін деген негізде кейінге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау салынған әкімшілік сұрау салушы әкімшілікпен сұрау салуды орындаудың сұрау салынған әкімшілік талап етуі мүмкін мерзімі мен шарттары бойынша консультациялар жүргізеді.
      4. Егер көмек көрсетуден бас тартылса немесе ол кейінге қалдырылса, онда бас тартудың немесе кейінге қалдырудың себептері көрсетіледі.

IX бөлім
Шығыстар
14-бап

      1. Кеден әкімшілігі шығыстардың орын толтыру талабына куә болу, мемлекеттік қызметшілер емес сарапшылар мен аудармашыларға ақы төлеу жөніндегі шығыстарды қоспағанда, осы Келісімді іске асыру салдарындағы шығыстарды өтеуден бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда  шығыстар уәкілетті   тұлғаның талабы бойынша ғана өтеледі.
      2. Егер сұрау салуды орындау үшін негізгі және қосалқы шығыстар   қажет болса, шығыстар туындаған себептерді қоса алғанда, Тараптар   сұрау салу орындалатын мерзім мен шарттарды келіседі.
      3. Осы Келісімнің 11-бабын іске асыруға байланысты шығыстарды сұрау салушы әкімшілік Тарабы көтереді.

X бөлім
Келісімді іске асыру
15-бап

      1. Кеден әкімшіліктері кедендік құқық бұзушылықтарды тергеуге   және олардың жолын кесуге жауапты тұлғалардың қажет болған жағдайда бір-бірімен тура және тікелей байланыстарды орнатуы мен қолдап тұруы үшін шаралар қабылдайды.
      2. Кеден әкімшіліктері осы Келісімнің шеңберінде осы Келісімді іске асыру үшін қажетті одан арғы іс-қимылдарды келіседі.
      3. Тараптар арасында осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты туындаған даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жолымен шешілетін болады.
      4. Кеден әкімшіліктері Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша осы Келісімді қайта қарау мақсатында кездесулер өткізеді.

XI бөлім
Күшіне енуі және қолданылуын тоқтату
16-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы хаттамалар осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігі қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

18-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен кейінгі үшінші айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.

19-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады, бұл ретте Тараптардың кез келгені Келісімнің қолданылуын кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы тоқтата алады.
      2. Осы Келісімнің қолданылуы бір Тарап басқа Тараптың оның
қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алған күнінен үш ай өткен соң тоқтатылады.
      Осыны куәландыру үшін Тараптардың ұлттық заңнамаларында белгіленген тәртіппен өкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      ____________жылғы "__" ___________ ____________қаласында әрқайсысы нидерланд, ағылшын, француз, қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалады, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының     Бельгия Корольдігінің
           Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады