Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бельгия Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы N 1134 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бельгия Корольдiгiнiң Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi Серiк Нығметұлы Ахметовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бельгия Корольдiгiнiң Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2006 жылғы 29 қарашадағы
N 1134 қаулысымен 
мақұлданған    

Қазақстан Республикасының Yкiметi
мен Бельгия Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Халықаралық
автомобиль тасымалдары туралы
келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бельгия Корольдiгiнiң Үкiметi,
      екi ел арасындағы сауда қатынасын дамыту үшiн анағұрлым қолайлы жағдайлар және жүктер мен жолаушылар тасымалы үшiн қанағаттанарлық жағдайлар жасауға деген ұмтылысты басшылыққа ала отырып;
      жүктер мен қызметтердi еркiн өткiзуге, сондай-ақ адамдардың еркiн қозғалуына ықпал ететiн халықаралық интеграция процесiн назарға ала отырып;
      Тараптар мемлекеттерi бiр уақытта қатысушылары болып табылатын қоршаған ортаны қорғау және жол қозғалысы қауiпсiздiгi саласындағы халықаралық шарттардан туындайтын мiндеттемелердi ескере отырып,
      өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмдiлiк негiзiнде осы мәселелердi реттеуге ниет бiлдiре отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

I бөлiм. Жалпы ережелер
1-бап
Қолдану аясы

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасында, олардың мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы транзитпен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағында тiркелген тасымалдаушылар үшiншi елдерге немесе үшiншi елдерден жалға алу бойынша, сыйақы үшiн немесе өз есебiнен жүзеге асыратын жүктер мен жолаушылардың халықаралық автомобиль тасымалдарына қолданылады.
      2. Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

2-бап
Анықтамалар

      Келiсiм мақсатында:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген және Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жалға алу бойынша, сыйақы үшiн немесе өз есебiнен жүктердiң немесе жолаушылардың халықаралық автомобиль тасымалдарын тiркелген елiнде жүзеге асыруға заңды түрде рұқсат етiлген тұлғаны (заңды тұлғаны қоса алғанда) бiлдiредi.
      2. "Көлiк құралы" терминi Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралын немесе олардың iшiнде ең болмағанда көлiк құралы Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағында тiркелген және тек жүктер немесе жолаушылар тасымалы үшiн пайдаланылатын және жабдықталған көлiк құралдарының жиынтығын бiлдiредi.
      3. "Автобус" терминi өзiнiң құрылымы мен жабдықталуы жағынан жүргiзушiнi қоса алғанда, тоғыздан астам жолаушыларды тасымалдауға арналған және жарамды көлiк құралын бiлдiредi.
      4. "Тасымал" терминi көлiк құралының, тiркеменiң немесе жартылай тiркеменiң жол жүруiнiң бiр бөлiгi темiр жолмен немесе су көлiгiмен жүзеге асырылса да, тиелген немесе бос көлiк құралының автомобиль жолымен жүруiн бiлдiредi.
      5. "Тұрақты тасымалдар" терминi жолаушыларды отырғызу мен түсiру алдын-ала белгiленген пункттерде жүзеге асырылатын, белгiленген қозғалыс жиiлiгiмен және белгiленген бағыты бойынша жолаушыларды автобуспен тасымалдауды бiлдiредi. Тұрақты тасымалдар алдын-ала белгiленген кестеге және тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда брондау шарты кезiнде тұрақты тасымалды барлық жолаушылар пайдалана алады.
      6. "Маятниктiк тасымалдар" терминi алдын-ала ұйымдастырылған жолаушылар топтары тек бiр ғана жөнелту пунктiнен тек бiр ғана жеткiзу пунктiне екi жақты қатынаста автобуспен бiрнеше рет тасымалдауды бiлдiредi. Бiр бағытта жол жүрудi жүзеге асыратын жолаушылардан тұратын әрбiр топты жөнелту пунктіне бiр ғана тасымалдаушы керi тасымалдайды. Жөнелту пунктi мен жеткiзу пунктi әрбiр жағдайда 50 км радиустағы жақын аумақтармен бiрге, тиiсiнше сапар басталатын пункттi және сапар аяқталатын пункттi бiлдiредi.
      Маятниктiк тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде жол жүру уақытында жолаушыларды отырғызу немесе түсiру жүргiзiлмейдi.
      Маятниктiк тасымалдар кезiнде керi бағыттағы алғашқы сапар мен жөнелту пунктiнен жасалатын соңғы сапар жолаушыларсыз жүзеге асырылады.
      "Тұрағы бар маятниктiк тасымалдар" көлiктiк қызмет көрсетуге қосымша жолаушылардың ең болмағанда 80%-ы үшiн жеткiзу пунктiнде және қажет болған кезде жол жүру кезiнде тамақтанумен қоса немесе онсыз тұруды қамтиды. Жолаушылар жеткiзу пунктiнде кемiнде екi тәулiк аялдайды. Тұрағы бар маятниктiк тасымалдарды тек белгiлi бiр тапсырыс берушінің атынан әрекет ететiн тасымалдаушылар тобы жүзеге асыруы мүмкiн және жолаушылар:
      басқа тасымалдаушымен сол топтың құрамында керi қарай немесе;
      осы топты "жол-жөнекей" жеткiзетiн басқа тасымалдаушымен сол топтың құрамында ерiп жүре алады.
      7. "Тұрақты емес тасымалдар" терминi не тұрақты тасымалдар, не маятниктiк тасымалдар анықтамасына кiрмейтiн Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы автобус тасымалдарын бiлдiредi. Тұрақты емес тасымалдар:
      а) турлар, яғни әрбiр топ жөнелту пунктiне керi жеткiзiлгенде бiр ғана көлiк құралы бiр немесе одан артық жолаушылар топтарын тасымалдау үшiн пайдаланылатын автобустармен тасымалдарды;
      b) жолаушылар осы сапар барысында жөнелту пункттерiне керi жеткiзiлмейтiн, жолаушылар топтары үшiн жүзеге асырылатын автобус тасымалдарын;
      с) жоғарыда көрсетiлген өлшемдерге сәйкес келмейтiн автобус тасымалдарды, яғни қалған басқа автобус тасымалдарды қамтиды.
      8. "Өз есебiнен тасымалдау" терминi:
      а) жолаушылар тасымалы жағдайында, тасымалдаушының коммерциялық емес және пайда табу емес мақсатында тасымалдауды мынадай шарттарда жүзеге асыруын бiлдiредi:
      тасымалдау тасымалдаушының көмекшi қызметi ғана болғанда,
      пайдаланылатын көлiк құралдарын тасымалдаушыға тиесiлi немесе жалдау немесе лизинг туралы келiсiм-шарттардың талаптары бойынша олардың иелiгiнде болғанда және тасымалдаушының қызметкерлерiмен немесе тасымалдаушының қызметкерлерi басқарғанда;
      b) жүк тасымалы жағдайында, тасымалданатын жүк тасымалдаушының меншiгi болғанда немесе тасымалдаушы оны сатқанда, сатып алғанда, жалға бергенде немесе жалға алғанда, өндiргенде, алғанда, қайта өңдегенде немесе қалпына келтiргенде. Тасымалдаушыға тиесiлi жақын жатқан аумағы бар ғимаратқа немесе одан жүктi тасымалдау, сондай-ақ тасымалдаушыға тиесiлi жақын жатқан аумағы бар ғимарат iшiнде немесе өзiнiң мұқтажы үшiн оның сыртына тасымалдау мақсаты болып табылады. Осындай тасымалдар үшiн пайдаланылатын автокөлiк құралын тасымалдаушының қызметкерлерi немесе тасымалдаушының өзi басқаруы тиiс және тасымалдаушыға тиесiлi немесе жалдау не лизинг туралы келiсiм-шарт талаптары бойынша оның иелiгiнде болуы тиiс. Тасымалдар тасымалдаушының көмекшi қызметi болуы тиiс.
      9. "Құзыреттi органдар" терминi:
      а) Қазақстан Республикасының тарапынан - Көлiк және коммуникация министрлiгiн;
      b) Бельгия Корольдiгi тарапынан - Федералдық мемлекеттiк мобильдiлiк және көлiк қызметiн бiлдiредi.
      Тараптар құзыреттi органдардың атауларындағы және/немесе құзыреттерiндегi кез-келген өзгерiстер туралы бiр-бiрiн дипломатиялық арналар бойынша хабардар етедi.

3-бап
Нарыққа қол жеткiзу

      Әрбiр Тарап екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген тасымалдаушыға әрбiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары беретiн рұқсатты алған жағдайда:
      а) өзiнiң аумағындағы кез-келген пункт пен осы аумақтан тыс орналасқан кез-келген пункт арасында,
      б) өзiнiң аумағы арқылы транзитпен кез-келген жүк немесе жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.

4-бап
Салмағы және көлемдерi

      1. Көлiк құралының салмағы мен көлемдерi көлiк құралының ресми тiркелуiне сәйкес болуы тиiс және тасымалдар жүзеге асырылатын мемлекетте қолданыстағы нормалардан аспауы тиiс.
      2. Егер осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес тасымалдарды жүзеге асыратын, тиелген немесе бос көлiк құралының салмағы мен көлемдерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында рұқсат етiлген нормалар шегiнен артық болса, құзыреттi органдар берген арнайы рұқсат талап етiледi.

5-бап
Ұлттық заңнаманы сақтау

      Тараптар мемлекеттерiнiң көлiк құралдарының тасымалдаушылары мен экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болғанда осы мемлекеттің қолданыстағы заңнамасын сақтауға мiндеттi.

6-бап
Бұзушылықтар

      Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысы осы Келiсiмнiң ережелерiн кез-келген бұзған жағдайда, аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы өзiнiң сот талқылауын жүргiзу құқығын сақтай отырып, екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органын бұл туралы хабардар ете алады, ол екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдарды жүзеге асыруға берiлген рұқсаттың күшiн жоюды немесе тыйым салуды қоса алғанда, ұлттық заңнамада көзделген шараларды қабылдайды. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қабылданған шаралар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.

7-бап
Қазыналық мәселелер

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде пайдаланатын көлiк құралдары, олардың қосалқы бөлшектерiн қоса алғанда, көлiк құралдарын пайдаланылатын немесе иелiк еткенi үшiн алынатын салықтар мен алымдардан өзара босатылады.
      2. Отынға салынатын салықтар мен алымдар, тасымалдарға арналған қосымша құнға салынатын салық (ҚҚС), жол жүру төлемi мен жолдарды пайдаланғаны үшiн салықтар, сондай-ақ осы Келiсiмнiң 4-бабында көзделген арнайы рұқсатқа салынатын салықтар Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында қолданыстағы заңнамаға сәйкес алынатын болады.
      3. Өндiрушi зауыттың көлiк құралы үшiн көзделген қарапайым бактағы және көлiк құралының жұмысына немесе жылыту не салқындату қондырғыларының жұмысына арналған отын, сондай-ақ көлiк құралындағы болатын және көлiк құралын пайдалану кезiнде ғана қолдануға арналған жанар-жағармай кедендiк алымдар мен кез-келген басқа да салықтар мен баждардан өзара босатылады.
      4. Бұрын әкелiнген көлiк құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектердi импорттық баждар мен басқа да салықтарды төлеусiз әрi әкелуге тыйым салусыз немесе оны шектеусiз уақытша әкелуге рұқсат етiледi. Ауыстырылған қосалқы бөлшектер кедендiк тазалаудан өтуге тиiс, керi әкетiлуге немесе кеден органдарының қадағалауымен жойылуға тиіс.

8-бап
Бiрлескен комиссия

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыруға және қолдануға қатысты кез-келген мәселелердi реттейдi.
      2. Осы мақсатта Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары Бiрлескен комиссия құрады.
      3. Бiрлескен комиссия Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң құзыреттi органының өтiнiшi бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында кезекпен шақырылады және автокөлiк қауымдастықтарының өкiлдерiн шақыра алатын Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының өкiлдерiнен тұрады.
      4. Бiрлескен комиссия екi Тараптың делегация басшылары берген құзыретiне сәйкес ережелерiн және рәсiмдерiн жасайды. Мәжiлiс қорытындылары бойынша Тараптар делегацияларының басшылары қол қойған хаттама ресiмделедi.
      5. Бiрлескен комиссия осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес рұқсат түрi мен саны және автокөлiк нарығына қол жеткiзудiң шарттары туралы шешiм қабылдайды. Осы Келiсiмнiң 12-бабы 2-тармағының ережелерiне қарамастан Бiрлескен комиссия рұқсат талап етiлмейтiн тасымалдардың қосымша түрлерiне бастамашылық жасай алады.
      6. Бiрлескен комиссия мынадай мәселелерге ерекше мән бередi:
      өзгелерден басқа, экологиялық аспектiлердi ескере отырып, Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы тасымалдардың үйлесiмдi дамуына;
      автокөлiк саясатын, көлiк заңнамаларын үйлестiруге және Тараптардың оларды ұлттық және халықаралық деңгейде iске асыруына;
      автокөлiк операциясына әсер ететiн қоғамдық тәртiптi сақтау мәселесiн қоса алғанда, тиiстi мемлекеттiк органдар үшiн әсiресе фискалдық, әлеуметтiк, кеден және экологиялық салаларда туындайтын проблемаларды шешудiң ықтимал жолдарын қарастыруға;
      тиiстi ақпарат алмасуға;
      салмақ пен көлемдердi белгiлеу әдiстерiне;
      автокөлiк кәсiпорындары мен мекемелерiнiң арасындағы ынтымақтастықты дамытуға;
      оларды жүзеге асыруға қатысты барлық мәселелердi қоса алғанда, мультимодальды тасымалдарды дамытуға.

II бөлiм. Жолаушы тасымалдары туралы ережелер
9-бап
Тұрақты тасымалдар

      1. Тұрақты тасымалдарға рұқсатты алуға арналған өтінімдер жөнелту пунктi аумағында орналасқан Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына жiберiледi.
      2. Рұқсат беру туралы шешiмдi Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiрлесiп қабылдайды. Оларды екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыретті органдары бередi және олардың әрқайсысы өз аумақтары үшiн жарамды.
      3. Өзгеден басқа, мынадай жағдайларда:
      егер өтiнiм берушi өзiнде бар құралдармен өтiнiмде көрсетiлген тасымалды қамтамасыз ете алмаса;
      егер өтiнiм берушi бұрын автомобиль тасымалдарына қатысты ұлттық немесе халықаралық заңнама талаптарын, атап айтқанда халықаралық автомобиль жолаушылар қатынасы үшiн рұқсат беру жүйесiне қатысты шарттар мен талаптарды орындамаса немесе жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатысты заңнаманы, атап айтқанда көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң еңбек және демалыс режимiне қолданатын ережелерге қатысты өрескел бұзушылықтары болса;
      рұқсатты қайта алуға арналған өтiнiмде бұрынғы рұқсаттың шарттары орындалмаған жағдайда рұқсатты алудан бас тартылуы мүмкiн.
      4. Рұқсат беру туралы шешiмдi құзыреттi органдар өтiнiмдi алған күннен бастап үш ай iшiнде қабылдайды.
      5. Рұқсат үш айға дейiнгi мерзiмге берiледi және құзыреттi органның өтiнiшi бойынша ұзартылуы мүмкiн.
      6. Рұқсат немесе Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы куәландырған оның көшiрмесi көлiк құралын жүргiзушiде болуы тиiс.

10-бап
Маятниктiк тасымалдар

      1. Егер тұрағы бар маятниктiк тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде жөнелту пункттерi Қазақстанда немесе Бельгияда орналасса, қазақстандық немесе бельгиялық тасымалдаушылар жүзеге асыратын осындай тасымалдарға рұқсат талап етiлмейдi.
      2. Тұрағы жоқ маятниктiк тасымалдар тұрақты тасымалдар болып есептеледi.
      3. Осы Келiсiмнiң 1-тармағында айтылған маятниктiк тасымалдар үшiн жолаушылардың толық тiзiмi болуы қажет.

11-бап
Тұрақты емес тасымалдар

      Тұрақты емес тасымалдарға рұқсат талап етiлмейдi.
      Көлiк құралын жүргiзушiде жолаушылардың толық тiзiмi болуы тиiс.
      8-бапта көрсетiлген Бiрлескен комиссия осы жолаушылар тiзiмiнiң нысанын белгiлейдi.

ІІІ бөлiм. Жүк тасымалдары туралы ережелер
12-бап
Рұқсат алудың шарты

      1. Жүктердi тасымалдауға арналған рұқсаттар 1 (бiр) жол жүруге (баруға және керi қайтуға) арналған рұқсаттар квотасы шегiнде және/немесе бiрнеше рет жол жүруге арналған рұқсаттар квотасы шегiнде берiледi және әрбiр күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 ай iшiнде жарамды болады. Рұқсат көлiк құралын жүргiзушiде болуы тиiс.
      2. Тасымалдаушыға берiлген рұқсат тек өзi үшiн ғана жарамды және де үшiншi тұлғаларға берiлмейдi.
      3. Рұқсат тек қана бiр көлiк құралы үшiн пайдаланылады.
      4. 8-бапта аталған Бiрiккен комиссия квотаны, рұқсаттың санаттарын (баруға және қайтуға немесе уақытша жүруге) және рұқсаттың қолданылуын реттейтiн басқа жағдайларды белгiлейдi.
      5. Тасымалдардың немесе осындай тасымалдарға байланысты орындалатын бос жүрiстердiң мынадай түрлерiне рұқсат талап етiлмейдi:
      а) тiркемелердi қоса алғанда жалпы рұқсат етiлген салмағы 6 тоннадан аспайтын немесе тiркемелердi қоса алғанда рұқсат етiлген жүккөтергiштiгi 3,5 тоннадан аспайтын автокөлiк құралдарымен жүк тасымалдау;
      b) тасымалдау бағыты өзгерген жағдайда, әуежайларға немесе әуежайлардан жүктердi тұрақсыз тасымалдау;
      с) бұзылған немесе ақаулы көлiк құралдарын тасымалдау және бұзылған көлiк құралдарын жөндеу үшiн тасымалдау;
      d) бос жүк көлiк құралының басқа елге бұзылған көлiк құралын айырбастауға жiберiлген бос жол жүрiсi, сондай-ақ бұзылған көлiк құралын жөндегеннен соң кейiн қарай жол жүруi;
      е) тipi жануарларды осы мақсатқа арнайы арналған немесе тiрi жануарларды тасымалдауға қайта жабдықталған және Тараптар мемлекеттерінің тиiстi билiк орындары осындай деп таныған арнайы көлiк құралдарында тасымалдау;
      f) мұхит лайнерлерi мен ұшақтарға арналған жабдықтарды және қосалқы бөлшектердi тасымалдау;
      g) төтенше жағдайда, әсiресе дүлей апат салдарын жою үшiн қажеттi медициналық жарақтар мен жабдықтарды тасымалдау;
      h) жәрмеңкелерге, көрмелерге немесе коммерциялық емес мақсаттарға арналған өнер туындылары мен заттарын тасымалдау;
      і) коммерциялық емес мақсаттар үшiн декорацияларды, театр, музыка, кинематографиялық, спорттық және цирктiк қойылымдары мен iс-шараларын, жәрмеңкелер мен мерекелерiн өткiзу орнына деректемелер мен жануарларды, сондай-ақ радио-жазулар немесе кинотеледидар түсірулерiне арналған заттарды тасымалдау;
      j) қайтыс болғандардың денелерiн немесе мәйiттерiн тасымалдау;
      к) мемлекеттік қызметтер шеңберінде жүзеге асырылатын почта жөнелтiмдерiн тасымалдау.
      6. Рұқсат жол жүруге дейiн толтырылуы тиiс. Басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына кiру кезiнде, рұқсат бланкiсiнде құзыреттi органдар өкiлiнiң мөрi қойылуы тиiс. Шекараны кесiп өтер алдында басқа мемлекет Тарабының құзыреттi органдарының өкiлi жоқ жерде, жүргiзушi рұқсаттың тиiстi бағанында сиямен шекараны кесiп өткен жердi, күндi және уақытты жазуы тиiс.
      7. Осы Келiсiмнiң 4-бабының 2-тармағына сәйкес салмағы мен көлемi Тарап мемлекетiнiң аумағында рұқсат етiлген нормалардан артық жүктi тасымалдайтын көлiк құралы арнайы рұқсат алуға арналған өтiнiм мыналарды қамтуы тиiс:
      1) тасымалдаушының атауы және мекен-жайы;
      2) Көлiк құралының маркасы мен түрi, нөмiрлiк тiркеу белгiсi;
      3) бiлiк саны және бiлiктер арасындағы қашықтық;
      4) көлiк құралының көлемi және салмағы;
      5) жүккөтергiштiгi;
      6) жүктiң көлемi және салмағы;
      7) егер қажет болса, жүгi бар көлiк құралының сызбасы;
      8) әр бiлiкке түсетiн жүктеме;
      9) тиеу және түсiру орнының мекен-жайы;
      10) жоспарланып отырған шекарадан өту орны және күнi, сондай-ақ бағыты.

IV бөлiм. Қорытынды ережелер
13-бап

      1. Осы Келiсiмге барлық өзгерiстер мен толықтыруларды Тараптар осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен кyшiне енетiн және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын хаттамалар түрiнде ресiмдейдi.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде туындаған даулар мен келiспеушiлiктер Бiрлескен комиссияның отырысында қаралатын болады.
      3. Осы Келiсiмдi орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар, егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмесе, Тараптардың заңнамаларында көзделген қаражат шегiнде өз бетiнше көтередi.
      4. Осы Келiсiмде, сондай-ақ екi Тарапта қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес шешiлетiн болады.

14-бап
Күшiне енуi және қолданылу мерзiмi

      1. Осы Келiсiм Тараптар бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда Келiсiмнiң олардың елдерiнде күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы хабарлаған күннен бастап екiншi айдың бiрiншi күнi күшiне енедi.
      2. Тараптар кез-келген уақытта екiншi Тарапқа өзiнiң Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы осыған дейiн алты ай бұрын, жазбаша хабарлама жiбере отырып, оның қолданылуын тоқтата алады.

      200 ____ жылғы "___"______________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
      Осыны куәландыру үшiн осыған тиiстi түрде өкiлеттiк ала отырып, төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.

       Қазақстан Республикасының            Бельгия Корольдiгiнiң
          Үкiметi үшiн                          Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады