Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (Еуратом) арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (Еуратом) арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 30 қарашадағы
N 1159 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (Еуратом) арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Қазақстан Үкіметі) мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (бұдан әрі - Қоғамдастық):
1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енген, бір тараптан Қазақстан Республикасы мен екінші тараптан Еуропалық қоғамдастықтардың және оларға мүше мемлекеттердің арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі - ӘЫК), ядролық материалдармен сауда жасау Қазақстан Үкіметі мен Қоғамдастық арасында жасалуы тиіс жеке Келісімнің мәні болып табылатындығын белгілейтінін назарға ала отырып;
Тараптардың тиісінше 2003 жылғы 1 маусымда және 2004 жылғы 13 сәуірде күшіне енген Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы басқарылатын ядролық синтез саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғандығын ескере отырып;
Қазақстан Республикасының және Қоғамдастықтың барлық мүше мемлекеттерінің Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (бұдан әрі - ЯҚТШ) Тараптары болып табылатындығын ескере отырып;
Қазақстан Республикасы, Қоғамдастық және оған мүше мемлекеттер ЯҚТШ мақсаттарына сәйкес атом энергиясын бейбіт мақсаттарда зерттеуді, дамытуды және пайдалануды қамтамасыз етуге міндеттенгендігін ескере отырып;
Ядролық кепілдіктердің Қазақстан Республикасында 1995 жылғы 11 тамызда күшіне енген Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге (бұдан әрі - Кепілдіктерді қолдану туралы келісім) сәйкес, ал Қоғамдастықта - Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Қоғамдастықты құру туралы шарттың (бұдан әрі - Еуратом Шарты) VII-бабының ІІ-тармағына сәйкес және Қоғамдастық, оның мүше мемлекеттері мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (бұдан әрі - МАГАТЭ) арасында жасасылған кепілдіктерді қолдану туралы келісімдер бойынша қолданылатындығын ескере отырып;
Қазақстан Үкіметінің, Қоғамдастықтың және оған мүше мемлекеттердің МАГАТЭ-нің күшейтілген кепілдіктер жүйесін қолдайтындықтарын растауға ниет білдіре отырып;
өндірушілердің, ядролық отын циклі өнеркәсібі кәсіпорындарының, ұйымдар мен тұтынушылардың өзара мүдделері үшін Тараптар арасында, уәкілетті тұлғалардың немесе Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың тиісті аумақтарында құрылған мекемелердің арасында ядролық материалдармен сауда жасауды нығайтуға ниет білдіре отырып;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің Ядролық жеткізушілер тобына қатысу шеңберінде қабылданған міндеттемелерін ескере отырып;
негіздемелік келісімге қол қою жолымен Тараптар арасындағы азаматтық ядролық сектордағы ынтымақтастықтың негізін нығайтуға ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. "Ядролық материал" кез келген бастапқы материалды немесе
МАГАТЭ Жарғысының ХХ-бабының анықтамаларына сәйкес келетін арнайы
бөлшектенуші ядролық материалды білдіреді.
2. "Қоғамдастық":
а) Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастықты құру туралы шарт бойынша құрылған заңды тұлғаны - осы Келісімнің Тарапын, сондай-ақ
b) көрсетілген Шарт қолданылатын аумақтарды білдіреді.
3. "Тараптардың құзыретті органдары":
Қазақстан Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитетін;
Қоғамдастық үшін - Еуропалық Комиссияны білдіреді.
Кез келген өзгерістер жағдайында Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар бойынша хабардар етуі тиіс.
2-бап
Мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы жан-жақты ынтымақтасты әрбір Тараптың құқығына шек қоймай, өзара пайда негізінде нығайту үшін Тараптардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы ынтымақтастығы үшін негіз жасау болып табылады.
3-бап
Ынтымақтастық салалары
1. Тараптар осы Келісімнің 4-8-баптарында көрсетілген жолмен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мынадай салаларда ынтымақтаса алады:
a) ядролық қауіпсіздік (4-бап);
b) басқарылатын ядролық синтез (5-бап);
c) осы баптың 1-тармағының а) және b) тармақшаларында
көрсетілгендерге қосымша атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа салаларындағы зерттеулер мен әзірлемелер (6-бап);
d) ядролық материалдармен сауда жасау және ядролық отын циклі
саласындағы қызметтерді ұсыну (7-бап);
e) осы Келісімнің мақсаттарына қатысты басқа салалар (8-бап).
2. Осы бапта көрсетілген Тараптар арасындағы ынтымақтастық сонымен бірге Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықта құрылған уәкілетті тұлғалар мен мекемелердің арасында жүзеге асырылуы мүмкін.
4-бап
Ядролық қауіпсіздік
Ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық 2003 жылғы 1 маусымда күшіне енген Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы ядролық қауіпсіздік саласындағы атом энергиясы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
5-бап
Басқарылатын ядролық синтез
Басқарылатын ядролық синтез саласындағы ынтымақтастық 2004 жылғы 13 сәуірде күшіне енген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы басқарылатын ядролық синтез саласындағы атом энергиясы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
6-бап
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа салаларындағы зерттеулер мен әзірлемелер
1. Ынтымақтастық 4 және 5-баптарда көрсетілгендерге қосымша,
Тараптардың келісімі бойынша және өздері қамтылған тиісті бағдарламалар шамасында, Тараптар өзара мүдделі болып отырған ядролық зерттеулер мен әзірлемелерге қолданылады.
2. Ынтымақтастық, атап айтқанда, мынадай салаларды қамтиды:
a) электр энергиясын өндіруді қоса алғанда, атом энергиясын медицина мен өнеркәсіпте қолдану;
b) атом энергиясының қоршаған ортаға әсері;
c) Тараптардың келісімі бойынша және өздері қамтылған тиісті
бағдарламалар шамасындағы ядролық зерттеулер мен әзірлемелердің кез келген басқа саласы.
3. Ынтымақтастық атап айтқанда, мынадай жолдармен жүзеге
асырылады:
a) сапарлар, семинарлар, техникалық кеңестер және т.б. кезінде есеп берулер арқылы техникалық ақпаратпен алмасу;
b) оқытуды қоса алғанда, Тараптардың мүдделі зертханаларының
және/немесе ұйымдарының арасында қызметкерлер алмасу;
c) эксперименттік мақсаттар үшін үлгілер, материалдар, жабдықтар және аппаратура алмасу;
d) бірлескен зерттеулерде және басқа да бірлескен қызметте теңгерімді қатысу.
4. Қажетті шамада нақты жобалардағы ынтымақтастықтың көлемі,
мерзімдері мен жағдайлары Қазақстан Республикасы заңнамасының
ережелеріне және Қоғамдастықтың ішкі құқықтарының талаптарына сәйкес
Тараптардың құзыретті органдары жасасқан атқарушы келісімдермен
белгіленеді.
Мұндай атқарушы келісімдер, басқалармен қатар, қаржылық ережелерді қамтиды, орындаушылардың жауапкершілігін белгілейді және ақпаратты тарату шарттары мен интеллектуалдық меншік құқығын егжей-тегжейлі анықтайды.
5. Ынтымақтастыққа байланысты шығыстарды, егер Тараптармен өзгеше түрде арнайы келісілмесе, оларды көтеретін Тарап жабады.
7-бап
Ядролық материалдармен сауда жасау және тиісті қызметтер көрсету
1. Тараптар арасында, мейлі тікелей немесе үшінші ел арқылы берілетін ядролық материал, беруші Тарап алушы Тарапқа жеткізгенге дейін немесе жеткізу кезінде жазбаша хабарлаған жағдайда, Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың аумақтық заңдық құзыретіне енгеннен кейін, Тараптардың құзыретті органдары қол қоюға тиісті жекелеген атқарушы келісіммен белгіленетін тәртіпке сәйкес осы Келісімнің мәніне айналады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ядролық материал:
а) осы баптың 6-тармағының b) тармақшасында көрсетілген тиісті
келісімдегі кепілдіктердің қолданылуын тоқтату туралы ережелерге сәйкес, оның бұдан былай кепілдіктерді қолдануға қатысты алғанда қандай да бір ядролық қызмет үшін пайдалануға жатпайтыны немесе іс жүзінде қайта қалпына келтірілмейтіні анықталмаса;
b) осы баптың 6-тармағының е) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың заңдық құзыретінің шегінен
тысқары берілмесе;
с) оның бұдан былай осы Келісімнің мәні болып табылмайтынын
Тараптар жазбаша хабарласу арқылы келіскенше, осы Келісімнің мәні болып қала береді.
3. Бірлескен іс-қимылдарға байланысты кез келген ядролық берулер осы баптың 6-тармағында көрсетілгендей, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты Қазақстан Республикасының, Қоғамдастықтың және оған мүше мемлекеттердің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүргізіледі.
4. Тараптар арасында ядролық материалдармен сауда жасау және тиісті қызметтер көрсету нарықтық бағалар бойынша жүзеге асырылады.
5. Тараптар өздерінің ядролық материалдармен өзара сауда жасау ісінде коммерциялық қорғау шараларын қажет ететін шиеленісті жағдайлардан аулақ болады. Егер бұған қарамастан, Қазақстан Республикасында немесе Қоғамдастық елдерінде уран өндіруді қоса алғанда, олардың ядролық материалдармен өзара сауда жасау ісіне ядролық өнеркәсіпке едәуір әсер ететін проблемалар туындайтын болса, әр Тарап осындай жағдай үшін арнайы құрылған Комитеттің шеңберінде өте қысқа мерзімдерде жүргізілуге тиісті консультацияларды талап етуіне болады, оның шақыру тәртібін, мерзімдерін және консультациялар өткізетін тұлғалардың деңгейін Тараптар белгілейді.
Егер осындай консультациялар барысында туындаған проблемалардың өзара қолайлы шешімдеріне қол жеткізілмесе, консультация сұратқан Тарап оларды шешу үшін немесе олардың әсерін азайту үшін Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық заңнамаларына және тиісті халықаралық құқық нормаларына сәйкес тиісті коммерциялық қорғаныс шараларын қолдануына болады.
Осы баптың 5-тармағының ережелері Еуратом Шартының ережелері мен одан туындайтын актілерді бұзбай орындалуы тиіс.
6. Ядролық материалдарды беру мынадай шарттарды сақтай отырып
жүзеге асырылуы тиіс:
а) ядролық материал ядролық жарылыс құрылғылары, оларды зерттеу немесе оларды әзірлеу үшін емес, бейбіт мақсаттарға пайдаланылуы тиіс;
b) ядролық материал:
Қазақстан Республикасында - 1995 жылғы 11 тамызда күшіне енген Кепілдіктерді қолдану туралы келісімнің (INFCIRC/504 ретінде жарияланған) және INFCIRC/540 (Кепілдіктерді қолдану туралы мемлекеттер мен МАГАТЭ арасындағы келісімдерге қосымша үлгі хаттама) ретінде жарияланған құжаттың негізінде 2004 жылғы 6 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің арасындағы ЯҚТШ-ға байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттаманың, ол күшіне енгеннен кейін;
Қоғамдастықта - Еуратомның Шартына сәйкес Еуратом кепілдіктерінің және төменде санамаланған Кепілдіктер туралы келісімдерге сәйкес МАГАТЭ кепілдіктерінің мәні болуы тиіс, соларға сәйкес және олардың қолданылу жағдайлары бойынша, немесе олардың қайта қаралуына және ауыстырылуына қарай, ЯҚТШ талап ететіндей, кепілдіктердің қолданылуы қамтамасыз етіледі:
1977 жылғы 21 ақпанда күшіне енген ядролық қаруы жоқ Қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің, Еуратом мен МАГАТЭ-нің арасындағы келісімнің (INFCIRC/290 ретінде жарияланған);
1981 жылғы 12 қыркүйекте күшіне енген Францияның, Еуратом мен МАГАТЭ-нің арасындағы келісімнің (INFCIRC/290 ретінде жарияланған);
1978 жылғы 14 тамызда күшіне енген Ұлыбритания мен Солтүстік
Ирландия құрама Корольдігінің, Еуратом мен МАГАТЭ-нің арасындағы
келісімнің (INFCIRC/263 ретінде жарияланған);
сондай-ақ INFCIRC/540 ретінде жарияланған құжаттың негізінде 2004 жылғы 30 сәуірде күшіне енген қосымша хаттамалардың (Кепілдіктерді қолдану туралы мемлекеттер мен МАГАТЭ арасындағы келісімдерге қосымша үлгі хаттама);
c) Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың аумағында кез келген себеп бойынша осы баптың 6-тармағының b) тармақшасында
көрсетілген МАГАТЭ-мен жасалған кез келген Келісімнің қолданысы
тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда, тиісті Тарап МАГАТЭ-мен b) 1) немесе b) 2) тармақшаларда көрсетілген кепілдіктерді қолдану туралы келісімдерде белгіленген ережелерге баламалы тиімді іс-әрекетті көздейтін Келісім жасасады, немесе егер көрсетілген мүмкін болмаса;
Қоғамдастық өзіне қатысты жағдайларда 6 b) 2) тармақшада көрсетілген кепілдіктерді қолдану туралы келісімдерде белгіленген ережелерге баламалы тиімді іс-әрекетті қамтамасыз ететін, Еуратом кепілдіктері жүйесінің негізінде кепілдіктерді қолданатын болады, немесе егер көрсетілген мүмкін болмаса;
Тараптар 6 b) 1) немесе 6 b) 2) тармақшаларда көрсетілген кепілдіктер туралы келісімдерде белгіленген ережелерге баламалы, тиімді іс-әрекетті көздейтін кепілдіктерді қолдану туралы келісімдер жасасуы тиіс;
d) INFCIRC/254/.6-ред. /1-бөлім (Ядролық берулерге басшылық)
МАГАТЭ құжатына С қосымшасында немесе оның кейінгі редакцияларында
ұсынылған өлшемдерді қанағаттандыратын деңгейде физикалық қорғаныс
шараларын қолдану; осы құжатқа толықтыру ретінде тиісінше Қазақстан
Республикасы мен Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер, Еуропалық Комиссия
физикалық қорғаныс шараларын қолдану кезінде МАГАТЭ INFCIRC/225/4-ред. (Ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау) құжатын немесе оның кейінгі редакцияларын негізге алатын болады. Халықаралық тасымалдар Тараптар мен Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияны (МАГАТЭ INFCIRC/274/ құжаты, 1-ред.) қабылдағаннан кейін немесе оның кейінгі редакцияларының қолданылу аясына жатуы тиіс, сондай-ақ МАГАТЭ-нің радиоактивті материалдарды тасымалдау қауіпсіздігі жөніндегі талаптарын (МАГАТЭ-нің NS-R-1/ST-1 қауіпсіздік стандарттары»қайта өңделген сериясы) немесе олардың кейінгі редакцияларын, Қазақстан Республикасы мен қоғамдастық заңнамасына қалай енгізілсе, сондай күйде қанағаттандыруы тиіс;
е) осы баптың мәні болып табылатын тауарларды Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың заңдық құзыреті шегінен тыс қайта беру МАГАТЭ-нің INFCIRC/254/6-ред./ 1-бөлім құжатында келтірілген Ядролық берулер жөніндегі басшылыққа сәйкес немесе оның кейінгі редакцияларында жүзеге асырылуы тиіс.
7. Қазақстан Республикасының немесе Коғамдастықтың аумақтарында саудаға, өнеркәсіптік операцияларға немесе ядролық материалдарды ауыстыруға қатысты ешқандай әкімшілік шаралары атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында халықаралық деңгейдегі сияқты ішкі рынокта да сауданы шектеу үшін немесе Тараптардың ешқайсысының коммерциялық Мүдделеріне зиян келтіру үшін пайдаланылмайтын болады.
Осы келісімнің ережелері Қоғамдастықтың аумағы бойынша ядролық материалдарды еркін ауыстыруға қиындық келтіру үшін пайдаланылмауға тиіс.
Осы тармақтың ережелерін іске асыру Еуратом Шартына және одан туындайтын қайталама құқықтық актілерге әсер етпейді.
8. Осы Келісім қандай да бір себеппен тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда, осы баптың 6-тармағының қолданылуы осы Келісімнің мәні болып табылатын кез келген ядролық материал әзірше Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың заңдық құзыретінде тұрғанша, немесе оның бұдан былай кепілдіктерді қолдануға қатысты қандай да бір ядролық қызметке пайдалануға жатпайтындығы немесе осы баптың 2-тармағында көрсетілгендей, іс жүзінде қалпына келтірілмейтіндей болғаны анықталмайынша, жалғастырыла береді.
8-бап
Осы Келісімнің мәніне жататын басқа да салалар
1. Тараптар өз құзыреті шегінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа салаларындағы өзге ынтымақтастықты келісе алады.
2. Ынтымақтастық Қоғамдастық тарапынан тиісті жұмыс
бағдарламаларымен қамтылуы тиіс және осы үшін, мысалы, ядролық
физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды қауіпсіз тасымалдау, ядролық қондырғылар қауіпсіздігінің белгіленген аспектілерін ілгерілету үшін кепілдіктерді қолдану немесе өнеркәсіптік ынтымақтастық секілді салаларда белгіленген шарттарға сәйкес келуі тиіс.
3. 6-баптың 4-тармағының ережелері осы ынтымақтастыққа да тең
дәрежеде қолданылады.
9-бап
Қолданбалы құқық
Осы Келісім бойынша ынтымақтастық Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықта белгіленген заңнамалар мен нормаларға сәйкес, сондай-ақ Тараптар жасасқан халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
10-бап
Интеллектуалдық меншік
Осы Келісім жөніндегі ынтымақтастықпен байланысты ақпаратты пайдалану мен тарату және интеллектуалдық меншік құқықтары, патенттер мен авторлық құқықтар тиісінше осы Келісімнің 4 және 5-баптарында көрсетілген Ядролық қауіпсіздік және басқарылатын ядролық синтез туралы келісімдердің қосымшаларына сәйкес келуі тиіс.
11-бап
Консультациялар және төрелік
1. Егер Тараптар консультациялардың арнайы тетігін көздемеген болса, осы Келісім жөніндегі ынтымақтастықты бақылауды жүзеге асыру үшін Тараптар ӘЫК шеңберінде ұдайы консультациялар жүргізетін болады.
2. Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты кез келген дау ӘЫК-тің 88-бабына сәйкес шешілуі мүмкін.
12-бап
Ядролық ынтымақтастық жөніндегі екі жақты келісімдер
1. Осы Келісім ережелерінің Қазақстан Республикасы мен
Қоғамдастықтың жекелеген мүше мемлекеттерінің арасындағы осы Келісімде белгіленген құқықтар мен міндеттерге қатысты қазіргі екі жақты келісімдердің ережелерінен артықшылықтары бар.
2. Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың жекелеген мүше
мемлекеттерінің арасындағы осындай екі жақты келісімдердің ережелері
Қазақстан Республикасының құқықтары мен міндеттерін белгілейтін шамада және тиісті мүше мемлекеттердің осы Келісімде белгіленгендегіден тыс құқықтар мен міндеттер осындай екі жақты келісімдерге сәйкес күшінде қалады.
13-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін тиісті рәсімдердің
орындалғандығы туралы Тараптардың дипломатиялық ноталар алмасқан
күнінен бастап күшіне енеді және он жыл бойы қолданылады.
2. Келісім, егер қандай да бір Тарап Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы екінші Тарапқа жазбаша түрде хабардар етпесе, кейінгі бес жылдық кезеңге өздігінен ұзартылады. Келісім тиісті Тараптың хабарламасын алған күннен бастап алты айдан кейін қолданылуын тоқтатады.
3. Егер қандай да бір Тарап немесе Қоғамдастыққа мүше кез келген мемлекет осы Келісім ережесінің кез келген біреуін бұзса, басқа Тарап бұл туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісім бойынша ынтымақтастықты толығымен немесе ішінара тоқтата тұрады немесе тоқтата алады. Қандай да бір Тарап осындай шара қабылдағанға дейін Тараптар осындай шаралар жүзеге асырылуы тиіс түзету шаралары мен мерзімдер туралы келісімге қол жеткізу мақсатында консультациялар жүргізеді. Мұндай әрекет тек егер келісілген шаралар келісілген мерзімдерде жүзеге асырылмаса немесе Тараптар белгілеген мерзім өткен соң осындай келісімге қол жеткізілмеген жағдайда қолданылады.
14-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім қазақ, ағылшын, венгер, голланд, грек, дат, испан, итальян, латыш, литва, мальта, неміс, поляк, португал, словак, словен, фин, француз, чех, швед және эстон тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіннің күші бірдей.
"__"_____________________ ______________________________ жасалды.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі
Үкіметі үшін еуропалық қоғамдастық үшін