1-тарау. Жалпы мәселелер
1-тармақ. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпы отырыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының органы болып табылады. Оның мәртебесi, өкiлеттiлiгi, отырыстарды өткiзудiң шарттары мен тәртiбi, Жоғарғы Сот Төрағасының, жалпы отырыс хатшысының уәкiлеттiлiгi, жалпы отырысқа сұрақтарды дайындау процедурасы Конституциялық заңмен, "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесi туралы" , "Қазақстан Республикасының Әдiлет бiлiктiлiк алқасы туралы" заңдарымен, "Сот жюриi туралы Ережемен", "Судьялардың республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы туралы Ережесiмен" және осы Регламентпен анықталады.
2-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:
1) алқалардың сандық және дербестелiнген құрамын белгiлейдi;
2) сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны қорыту нәтижелерi бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн атқару кезiнде заңдылықты сақтау мәселелерiн қарайды;
3) сот тәжiрибесi мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беретiн нормативтiк қаулыларды қабылдайды және заңдарды жетiлдiру бойынша ұсыныстар енгiзедi;
4) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiнде қарайды;
5) Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының, уәкiлеттi органның басшысының, Сот жюриi төрағасының, Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы төрағасының ақпаратын тыңдайды;
6) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi;
7) облыстық соттың төрағасы және алқа төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орындарына кандидатуралар талқылайды және тиiстi қорытынды шығарады;
8) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыстың хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi, сондай-ақ Сот жюриiнiң және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының мүшелерiн жасырын дауыс беру арқылы сайлайды;
9) сот төрелiгiн атқару жөнiнде төменгi көрсеткiштерге ие болған немесе сот iстерiн қарау кезiндегi заң бұзушылықтары үшiн екi не одан да көп тәртiптiк жазасы бар судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылаудың нәтижелерi бойынша тиiстi шешiм шығарады;
10) Жоғары Сот Кеңесi құрамына тағайындау үшiн судьяларды ұсынады және Әдiлет бiлiктiлiк алқасы құрамына судьяларды сайлайды;
11) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша сот жюриiнiң және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының мүшелерiн босату туралы мәселенi шешедi;
12) облыстық және оған теңестiрiлген соттардың төрағаларынан ант қабылдайды;
13) заңмен белгiленген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
3-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Төраға, алқа төрағалары және Жоғарғы Сот судьялары құрамында әрекет етедi және Қазақстан Республикасы Президентiмен белгiленген Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының кемiнде үштен екiсi болған жағдайда құқылы болады.
Нормативтiк қаулыларды қабылдаған кезде жалпы отырысқа Конституциялық Кеңестiң Төрағасы, Бас Прокурор, Әдiлет министрi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң өкiлi, ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерi және басқа да тұлғалар шақырылады.
4-тармақ . Жоғарғы Соттың жалпы отырысы жылына кемiнде екi рет шақырылады. Кезектен тыс жалпы отырыс Жоғарғы Сот Төрағасының бастамасы бойынша шақырылады. Жалпы отырыстың нормативтiк қаулыларды қабылдау бойынша жұмысы жарты жылдыққа жоспарланады. Жоспарға енгiзiлетiн ұсыныстарды: Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқаларының төрағалары және судьялары, Бас Прокурор, облыстық және оған теңестiрiлген соттардың төрағалары бере алады.
5-тармақ. Жалпы отырыс Жоғарғы Сот Төрағасының төрағалық етуiмен жүргізіледі.
Жалпы отырыстың барлық қаулыларына төрағалық етушi және жалпы отырыстың хатшысы қол қояды.
Жалпы отырыс қызметiн қамтамасыз ету тобының мемлекеттiк қызметшiлерi iшiнен анықталған техникалық хатшы жалпы отырыстың хаттамасын жүргiзедi.
6-тармақ. Жалпы отырыс хатшысының кворумның бар екендiгi және жалпы отырыстың жұмысына шақырылған тұлғалардың қатысуы туралы баяндамасынан кейiн отырысты ашу туралы мәселе шешiледi.
7-тармақ. Күн тәртiбi, оған толықтырулар және жұмыс тәртiбi қатысып отырған Жоғарғы Сот судьяларының көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруiмен бекiтiледi.
8-тармақ. Жалпы отырыс барысында төрағалық етушi:
отырыстың жалпы барысын басқарады, осы Регламенттiң сақталуын бақылайды;
кезектiлiк тәртiбiмен, күн тәртiбiне, осы Регламент талаптарына сәйкес немесе жалпы отырыс шешiмiмен анықталған өзге де тәртiпте сөйлеу үшiн сөз бередi;
процедуралық мәселелер бойынша кезектiлiктен тыс сөз бередi;
әрбiр ұсынысты келiп түсу тәртiбiнде дауысқа салады;
ашық дауыс берудi және дауыстарды санауды ұйымдастырады, дауыс беру нәтижелерiн жариялайды;
осы Регламенттiң ережелерi бұзылған жағдайда жалпы отырыстың қатысушыларына ескерту жасауға құқылы, ал қайта бұзу кезiнде оларды сөз сөйлеуден айыруы мүмкiн;
жалпы отырыс жұмысына шақырылған кедергi келтiрушi тұлғаларды ескертуден кейiн отырыс залынан шығартуға құқылы.
9-тармақ. Жалпы отырыстың қаулылары, соның iшiнде сот тәжiрибесi мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беретiн нормативтiк қаулыда Қазақстан Республикасы Президентiмен белгiленген Жоғарғы Сот судьялары санының құрамынан көпшiлiк ашық дауыс беруiмен қабылданады.
Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы бойынша көпшiлiкпен мақұлданған кадр және өзге де мәселелердi қарау кезiнде дауыс беру жасырын өткiзiлуi мүмкін.
10-тармақ. Процедуралық мәселелер бойынша жалпы отырыстың шешiмдерi жалпы отырысқа қатысушы Жоғарғы Сот судьяларының ашық дауыс беруiмен көпшiлiк дауыспен қабылданады.
Процедуралық мәселелер: күн тәртiбiн бекiту, жүргiзу тәртiбi туралы, үзiлiс, отырысты кейiнге қалдыру туралы мәселелердi талқылау кезектiлiгi туралы, жарыссөздерiн тоқтату туралы, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы, дауыс беру тәсiлдерi туралы, кворумды және дауыстарды қайта есептеудi растау туралы болып табылады.
11-тармақ. Дауыс берудi бастаудың алдында төрағалық етушi дауысқа салуға қойылған ұсыныстардың санын көрсетедi, олардың тұжырымдарын нақтылайды, өз ұсыныстарын кiмдердiң шақыртып алғанын анықтайды, жалпы отырыс мүшелерiнiң дауыс беру (жасырын немесе ашық) тәсiлi туралы пiкiрiн анықтайды.
12-тармақ. Дауыс беру кезiнде Төраға, алқа төрағалары және Жоғарғы Сот судьясы бiр дауысқа ие және оны ұсынысты қолдау үшiн немесе оған қарсы бередi. Дауыс беруден ешкiм қалыс қалуға құқылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда шешiм қабылданбаған деп есептеледi.
13-тармақ. Жасырын дауыс берудi өткiзу және оның нәтижелерiн анықтау үшiн жалпы отырыс көпшiлiк дауыспен құрамында кемiнде Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұратын есеп комиссиясын сайлайды. Есеп комиссиясы өзiнiң төрағасы мен хатшысын дербес сайлайды. Есеп комиссиясының құрамына кандидатуралары бос лауазымға немесе сайланбалы органдар құрамына ұсынылып отырған тұлғалар енгiзiлмейдi. Жалпы отырыс есеп комиссиясын сайлау туралы хаттамалық шешiм қабылдайды.
14-тармақ . Дауыс беру үшiн қажеттi ақпараты бар бюллетеньдер есеп комиссиясы белгiлеген нысанда және санда шығарылады.
15-тармақ. Дауыс берудiң уақыты мен орнын, оны жүргiзудiң ретiн есеп комиссиясы белгiлейдi және оның төрағасымен хабарланады.
16-тармақ. Әрбiр дауыс берушiге мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде толтырылған бiр бюллетень берiледi. Кандидатуралар жөнiндегi пiкiр "жақтап дауыс беремiн" немесе "қарсы дауыс беремiн" деген графаға тиiстi кандидаттың тегiнiң тұсына белгi қою жолымен бiлдiрiледi. Дауыс берушi өз қалауы бойынша бюллетеньнiң тiлiн таңдайды.
17-тармақ. Дауыс берушiнiң еркiндiгiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз болып есептеледi. Егер бюллетеньде дауыс берушiнiң кейбiр кандидаттарға қатысты epкi бiлдiрiлiп, ал басқа кандидаттарға қатысты еркiн анықтау мүмкiн болмаса, онда дауысты санау кезiнде "жақтап дауыс беремiн" немесе "қарсы дауыс беремiн" деген графадағы белгi тиiстi кандидаттың пайдасына немесе оған қарсы ескерiледi. Бюллетеньге қосымша жазылған тұлғалар дауыс берген және дауысты санаған кезде ескерiлмейдi.
18-тармақ. Мөр басылған урна есеп комиссиясының барлық мүшелерiнiң қатысуымен ашылады. Есеп комиссиясы жасырын дауыс берудiң нәтижелерi туралы хаттама жасайды, оған есеп комиссиясының барлық мүшелерi қол қояды. Есеп комиссиясы төрағасының баяндамасы бойынша жалпы отырыс ашық дауыспен есеп комиссиясының хаттамасын бекiтедi. Жалпы отырыстың шешiмi бойынша дауыс берудiң нәтижелерi бюллетеньдермен салыстырылуы мүмкiн.
19-тармақ . Жалпы отырыс қызметiнiң жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен жұмысты Жоғарғы Соттың баспасөз қызметi ұйымдастырады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi өздерiнiң жалпы отырыс мәжiлiстерiндегi қызметiн "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңға және осы Регламентке сәйкес жүргiзедi.
20-тармақ. Жалпы отырыстың жұмысына жағдай жасау, отырысқа синхронды аударма және оған материалдарды дайындау, мәжiлiс залын техникалық қамтамасыз ету Жоғарғы Соттың Аппаратына жүктеледi.
2-тарау. Сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiк
беретiн нормативтiк қаулыларды қабылдау жөнiндегi жалпы
отырысты дайындаудың және өткiзудiң, сот практикасын
зерделеудiң тәртiбi
21-тармақ. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес Жоғарғы Сот алқасының төрағасы заңдарды қолданудың сот практикасын зерттеу және қорыту жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысында тиiстi құжаттарды қарау үшiн судьялардың дайындауын қамтамасыз етедi. Осы мақсаттарда сот практикасын зерттеу және қорыту алқаның ағымдағы жұмыс жоспарына және Жоғарғы Соттың келешектегi жұмыс жоспарына енгiзiледi.
22-тармақ. Жалпы отырыстың жұмыс жоспарына сәйкес баяндамашы - судья жалпы отырысты өткiзгенге дейiн 5 ай бұрын жергiлiктi соттардан сот практикасын қорыту үшiн iстердi сұратады, оны өткiзгенге дейiн 3 ай бұрын нормативтiк қаулының мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi жобасын дайындайды.
Нормативтiк қаулының мәтiнi "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптары, әдеби тiл нормалары мен заң терминологиясы сақтала отырып баяндалады, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Тармақтың мәтiнi басқа тармақтарда, сондай-ақ Жоғарғы Соттың бұрын қабылданған нормативтiк қаулыларында қайталап баяндалмауы тиiс.
Нормативтiк қаулыда 25-30 тармақ болуы және оның мәтiнi 10-15 баспа парақ көлемiнен аспай мазмұндалуы тиiс.
23-тармақ. Судья дайындаған қаулының жобасы он бес күндiк мерзiм iшiнде судьяларға таратылады және жалпы отырыс хатшысының қатысуымен, принциптi ұстанымдар бойынша алқаның пiкiрiн анықтау үшiн тиiстi алқада талқыланады. Отырыс алқа төрағасымен өткiзiледi. Сонымен қатар алқа отырысына қандай да бiр алқаға қатыстылығына қарамастан, шақырылған барлық судьялар қатысады. Нормативтiк қаулылардың жобалары сот қызметiнiң жалпы мәселелерi бойынша барлық алқаларда талқыланады, оған берiлген өзгерiстер мен толықтырулар баяндамашы - судьяға ұсынылады. Алқаның және судьялардың ескертпелерiн ескерiп, нормативтiк қаулы жобасының жетiлдiрiлген нұсқасы, алқа төрағасымен (төрағаларымен) және баяндамашы - судьялармен қол қойылып, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде қағаз және электрондық нұсқада жалпы отырыс хатшысына тапсырылады.
24-тармақ. Жалпы отырыстың хатшысы нормативтiк қаулының жобасын пiкiр айту үшiн Жоғарғы Соттың судьяларына, Конституциялық Кеңестiң Төрағасына, Бас Прокурорға, Әдiлет министрiне, Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiне, облыстық судьяларға, Судьялар одағына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерiне және басқа да мүдделi тұлғалар мен ведомстволарға жалпы отырысқа дейiн екi айдан кешiктiрмей жiбередi. Жоба Жоғарғы Сот Веб-сайтының "Жоғарғы Соттың Жалпы отырысы" айдарында жарияланады.
Қажет болған жағдайда нормативтiк қаулының жобасы мамандандырылған заң басылымдарында жариялы түрде талқылануы үшiн жариялануы мүмкiн және оның апробациясы жергiлiктi соттарға барумен жүргiзiледi.
25-тармақ. Мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, азаматтар мен ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерiнен келiп түскен ұсыныстар мен ескертулер баяндамашы-судьямен қорытындыланады. Баяндамашы-судьяның ұсынысы бойынша алқа төрағасы жалпы отырыста осы мәселе қаралғанға дейiн 30 күннен кешiктiрмей ғылыми-консультациялық кеңестiң отырысы өткiзiлетiн күндi белгiлейдi. Жалпы отырыстың хатшысы ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерiн отырыстың күнi, қажеттi материалдарды ұсынумен қаралатын мәселелердiң тiзбесi және оны өткiзетiн уақыты туралы хабарлайды. Ғылыми-консультациялық кеңестiң отырысы тиiстi алқаның төрағасының басшылығымен, жалпы отырыс хатшысының, баяндамашы-судьяның, ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерiнiң және басқа да мүдделi тұлғалардың, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қатысуымен өтедi.
Ғылыми-консультациялық кеңес қараған қорытынды бойынша баяндамашы-судья тиiстi алқада талқылауға енгiзiлетiн нормативтiк қаулының жобасын алдын ала дайындайды.
Жоғарғы Соттың алқасы, жалпы отырыс хатшысының басқа алқалардан шақырылған судьялардың қатысуымен бiрге нормативтiк қаулының жобасы бойынша барлық келiп түскен ескертулер мен ұсыныстарға өз ұстанымдарын анықтайды. Ескерiлетiн жағдайда ғана жекелеген тармақтардың мазмұны баламалы нұсқаларда алынады. Нормативтiк қаулы жобасының түпкiлiктi, жетiлдiрiлген нұсқасы, алқа төрағасымен және баяндамашы - судьямен қол қойылып, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, жалпы отырыста қаралғанға дейiн 25 күннен кешiктiрiлмей жалпы отырыс хатшысына тапсырылады.
Нормативтiк қаулының жобасы жалпы отырысқа дейiн 20 күннен кешiктiрiлмей Жоғарғы Соттың Төрағасына баяндалады.
26-тармақ. Жалпы отырыстың хатшысы Жоғарғы Соттың Төрағасымен келiсiп жалпы отырыстың күн тәртiбiн құрастырады және оны түпкiлiктi өткiзу күнiн жалпы отырысқа 15 күн қалғанға дейiн анықтайды. Күн тәртiбiнде қаралатын мәселелердi, өткiзiлетiн күнi мен уақытын және орнын көрсетiп Жоғарғы Сот Төрағасы және жалпы отырыстың хатшысы қол қояды.
27-тармақ. Сот тәжiрибесi мәселелерi бойынша түсiндiрмелер беретiн мәселелердi жалпы отырыста талқылау: судьяның баяндамасы, Жоғарғы Сот судьяларының, мүдделi мемлекеттiк орган өкiлiнiң сөз сөйлеуi, ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерiнiң сөз сөйлеулерi түрiнде өткiзiледi. Талқыланып отырған мәселе бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының, Бас Прокурордың, Әдiлет министрiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi өкiлiнiң пiкiрi тыңдалады.
28-тармақ . Жалпы отырыстың баяндамасы 15 минут шегiнде жүргiзiледi, қосымша баяндамашыларға - 7 минутқа дейiн, жарыссөзде сөз сөйлеушiлерге - 5 минутқа дейiн, кандидатураларды талқылау кезiнде - 3 минутқа дейiн, процедуралық мәселелер жөнiнде сөз сөйлеуге, анықтамалар мен сұрақтар қою үшiн - 2 минутқа дейiн берiледi. Жарыссөз бiткен соң баяндамашының және қосымша баяндамашының қорытынды сөзбен және сұрақтарға жауаптар берiп 5-7 минут шегiнде сөз сөйлеуге құқығы бар.
Қажеттiлiк болған жағдайда басқа уақыт белгiленуi мүмкiн.
Баяндаманың мәтiндерi және сөз сөйлеулерi жалпы отырыстың хаттамасына тiркеу үшiн техникалық хатшыға берiледi.
29-тармақ . Нормативтiк қаулыны қабылдау кезiнде төрағалық етушi қаулының жобасының әрбiр тармағын енгiзiлген түзетулерiмен, ал содан кейiн жобаны толығымен дауыс беруге қояды. Егер осы тәртiпке қарсылық жоқ болса, жалпы отырыс жоба бойынша толығымен дауыс беру туралы шешiм қабылдай алады.
30-тармақ. Нормативтiк қаулының жобасын жетiлдiру қажет болған жағдайда жалпы отырыста айтылған ескертулер және ұсыныстарды есепке алу үшiн редакциялық комиссия сайланады, олар 10-15 күн iшiнде нормативтiк қаулының келiсiлген мәтiнiн дайындайды. Редакциялық комиссияның құрамына жалпы отырыстың хатшысы, баяндамашы судья, Жоғарғы Соттың судьялары, ғылыми-консультативтiк кеңестiң мүшелерi, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi. Нормативтiк қаулының соңғы мәтiнi мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде алқа төрағасының және баяндамашы судьяның бұрыштамасымен жалпы отырыстың хатшысына берiледi.
31-тармақ . Жалпы отырыстың хатшысы Жоғарғы Сот Төрағасымен келiсе отырып нормативтiк қаулының соңғы нұсқасын қабылдау жөнiнде жалпы отырыстың күнiн белгiлейдi.
Жалпы отырыста, тиiстi алқаның төрағасы нормативтiк қаулының жобасы жөнiнде айтылған ұсыныстар бойынша iстелген жұмыс туралы мәлiмдейдi және жетiлдiрiлген нұсқасын қабылдауға ұсынады.
Нормативтiк қаулы Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының көпшiлiк ашық дауысымен қабылданады.
32-тармақ . Нормативтiк қаулының жобасын заң техникасымен, заңдармен, грамматиканың ережелерiмен сәйкес келтiру үшiн жалпы отырыстың хатшысымен, баяндамашы судьямен, Жоғарғы Сот Аппаратының Редакциялық-баспа бөлiмiмен (мемлекеттiк тiлдегi мәтiнi) жетiлдiрiледi.
Жалпы отырыстың нормативтiк қаулысының мәтiндерi мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде баяндамашы судьяның, алқа төрағасының және Редакциялық-баспа бөлiмi меңгерушiсiнiң (мемлекеттiк тiлдегi мәтiндер үшiн) оны қабылдағаннан кейiн 5 күннен кешiктiрiлмей орындаушылармен жалпы отырыстың хатшысына берiледi. Нормативтiк қаулыда жалпы отырыстың оны түпкiлiктi қабылдаған күнi көрсетiледi.
Жалпы отырыстың хатшысы қаулыға қол қояды және оны Жоғарғы Соттың Төрағасына бередi.
Нормативтiк қаулының қол қойылған мәтiндерiн жалпы отырыстың хатшысы 10 күн iшiнде мемлекеттiк органдарға, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң РҚАО (Республикалық құқықтық ақпарат орталығына) қағаз және электрондық нұсқада, сондай-ақ газеттердiң редакцияларына жариялау үшiн жiбередi.
33-тармақ. Жоғарғы Сот нормативтiк қаулыларының уақытысында жариялануын және жарияланған мәтiндердiң қабылданғанымен сәйкес келуiн бақылау жалпы отырыстың хатшысына жүктеледi.
34-тармақ. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша немесе жалпы отырыстың 1/3 құрамының бастамасы бойынша, Конституцияға және заңдарға сәйкессiздiк негiздерi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша жалпы отырыс қабылдаған нормативтiк қаулыны немесе оның жекелеген тармақтарын жалпы отырыстың өзi қайта қарауы мүмкiн.
35-тармақ. Сот практикасын зерделеудiң нәтижелерi бойынша, нормативтiк қаулыны қабылдаған кезде, жалпы отырыс Қазақстан Республикасы Парламентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныс беруге құқылы.
3-тарау. Жалпы отырыстың қадағалау тәртiбiмен сот iстерiн
қайта қарау тәртiбi
36-тармақ . Жалпы отырыста қарау үшiн түскен iс Жоғарғы Сот Төрағасының бұрыштамасымен қадағалау алқасының судьясына зерделеуге және қарауға дайындау үшiн берiледi.
37-тармақ . Жалпы отырыстың қызметiн қамтамасыз ету тобының қызметкерлерi баяндамашы - судьяның келiсiмiмен Бас Прокурорға және тараптарға iстi қарау күнi, уақыты және орны туралы оларға ұсынымдардың (наразылықтың) көшiрмелерiн жiберу арқылы хабарлайды.
38-тармақ . Жалпы отырыста iстi қарау Жоғарғы Сот Төрағасының немесе Бас Прокурордың жалпы отырыспен iстi қадағалау тәртiбiнде қайта қараудың себебi және негiздерi туралы баяндамасымен басталады.
Аталған тұлғалардың баяндамаларынан кейiн баяндамашы-судья iстiң нақтылы мән-жайын баяндайды.
Жоғарғы Сот судьялары қаралып жатқан iс бойынша сұрақтар қоюға және өздерiнiң пiкiрлерiн айтуға құқылы.
Қажет болған жағдайда жалпы отырыста прокурордың, тараптардың және iске қатысушы өзге де тұлғалардың қарастырылып жатқан мәселенiң мәнi бойынша пiкiрлерi тыңдалуы мүмкiн.
Сот актiсiнiң күшiн жою немесе күшiнде қалдыру туралы жалпы отырыстың шешiмi ашық дауыс беру арқылы көпшiлiк дауыспен қабылданады.
39-тармақ . Жалпы отырыстың iстiң қаралу нәтижелерi бойынша қаулысы бес күндiк мерзiмде баяндамашы-судьямен дайындалынады және Жоғарғы Сот Төрағасы мен жалпы отырыс хатшысының қолдары қойылады және тараптарға жiберiледi.
4-тарау. Алқалардың құрамдарын бекiту, сайлау,
кандидатураларды ұсыну, бекiту, ақпараттарды тыңдау,
ант қабылдау
40-тармақ . Жоғарғы Соттың сандық және арнайы алқа құрамы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша ашық дауыспен жалпы отырыспен бекiтiледi.
Жоғарғы Сот судьяларын бiр алқа құрамынан басқа алқаға ауыстыру, сондай-ақ жаңадан сайланған судьяларды алқа құрамына бекiту Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыспен жүргiзiледi.
41-тармақ . Сот жюриiнiң арнайы құрамы бойынша ұсынысты Жоғарғы Сот Төрағасы баламалы сайлаудың қамтамасыз етiлуiн ескере отырып енгiзедi. Мұндай жағдайда дауыс беру үшiн тiзiмге Жоғарғы Сот судьяларының, жергiлiктi сот судьялары мен орнынан түскен судьялардың кандидатуралары енгiзiледi.
Жоғарғы Сот судьяларының көпшiлiк дауысын алған және бiр реттегi кандидаттарға қарағанда көп дауыс санын алған кандидат Сот жюри құрамына сайланды деп есептеледi. Әрбiр дауыс берушi Сот жюриi құрамына кандидаттың әрбiреуiне қатысты "жақтап дауыс беремiн" немесе "қарсы дауыс беремiн" деген өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге құқылы.
Сайланушыдан кейiнгi дауыс санын алған кандидат Сот жюриiнiң запастағы мүшесi болып есептеледi және Сот жюриi мүшесiнiң бас тарту немесе өздiгiнен бас тарту, науқастануы, ұзақ iс-сапарларда және т.б. жағдайларда кворумның болмауына әкелгенде Сот жюриi мүшесiнiң мiндеттерiн атқарады.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша Сот жюриiнiң Төрағасы Сот жюриiнiң құрамымен оның мүшелерiнiң iшiнен көпшiлiк дауыспен сайланады. Сот жюриi өз мүшелерiнiң iшiнен Сот жюриiнiң хатшысын сайлайды.
42-тармақ . Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының мүшелерi Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыспен сайланады.
Егер Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы құрамына қажеттi кандидаттардан көбiрек ұсынылса және олардың барлығы бiрдей Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының дауысынан жоғары дауыс ала алмаса, басқа кандидаттарға қарағанда жоғары дауыс алған кандидаттар қатысатын қайта сайлау ұйымдастырылады.
43-тармақ . Қайта дауыс беру кезiнде, басқа кандидаттармен салыстырғанда Cyдьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының құрамын толық қалыптастыру үшiн қажеттi санда жоғары дауыс алған кандидаттар сайланды деп есептеледi.
44-тармақ . Сот жюри, Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының құрамынан судьялар шыққан жағдайда, шыққан мүшенiң қалған өкiлеттiк мерзiмiне сайлау жөнiнде қосымша сайлау кезектi (кезектен тыс) жалпы отырыста осы Регламенттiң белгiленген процедурасы бойынша өткiзiледi.
45-тармақ . Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша ашық дауыс берумен жалпы отырыс хатшысы және ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшелерi бекiтiледi, Жоғары Сот Кеңесiнiң құрамына тағайындау үшiн судьялар ұсынылады және Әдiлет бiлiктiлiк алқасының құрамына судьялар таңдалады, Сот жюриiнiң және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының төрағалары мен мүшелерi өз мiндеттерiн орындаудан босатылады. Облыстық және оған теңестiрiлген соттардың, аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың судьялары Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасының құрамына облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың жалпы отырыстарының шешiмдерiнiң негiзiнде ұсынылады (сайланады).
46-тармақ . Жалпы отырыс жыл сайын Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитеттiң, Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының, Сот жюриi және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының қызметтерi туралы ақпараттарды тыңдайды.
47-тармақ . Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитеттiң, Жоғарғы Сот алқаларының, Сот жюри және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы төрағаларының ақпараты бойынша жалпы отырыс қаулыларының жобалары тиiсiнше комитетпен, сот алқаларымен, Сот жюри және Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының төрағаларымен мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде дайындалады және жалпы отырыс хатшысына отырыстың басталуына 10 күн қалғанға дейiн ұсынылады.
48-тармақ . Судьяның бос лауазымына кандидатура баламалы негiзде Жоғарғы Сот Төрағасымен ұсынылады және оларды талқылау, қызметке талапкердiң анкеталық деректерiн жариялаудан басталады. Әрбiр кандидатура бойынша қорытынды Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының көпшiлiк жасырын немесе ашық дауысымен қабылданады. Кандидатуралар бойынша лауазымға ұсыну немесе лауазымға ұсынудан бас тарту туралы шешiм қабылданады. Бiр лауазымға бiрнеше тұлғаларды ұсыну орын алған кезде олардың iшiнен бiреуiн ұсыну құқығы Жоғарғы Сот Төрағасына берiледi.
49-тармақ . Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыс сот төрелiгiн атқару кезiнде төмен көрсеткiштерге ие болған немесе сот iстерiн қарау кезiндегi заң бұзушылықтары үшiн екi не одан да көп тәртiптiк жазасы бар Жоғарғы Сот судьясына, облыстық және оларға теңестiрiлген сот төрағасына қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды.
Талқылаудың нәтижелерi бойынша жалпы отырыс Жоғарғы Сот судьясы, облыстық және оларға теңестiрiлген сот төрағасы жөнiндегi материалдарды Сот жюриiне беру немесе беруден бас тарту туралы Қазақстан Республикасының Президентiмен белгiленген Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының көпшiлiк жасырын дауыс беруiмен шешiм шығарады.
50-тармақ . Судьяларды сайлау және делегат етiп жiберу туралы, сондай-ақ оларға ұсынымдар беру туралы қаулылардың жобаларын мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде кадр қызметi дайындайды, оған оның басшысы бұрыштама қояды және жалпы отырыстың хатшысына тапсырады, ол құжаттарды Жоғарғы Соттың Төрағасына қол қоюға ұсынады.
51-тармақ . Алғаш рет облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағалары лауазымына тағайындалғандар 2 айдан кешiкпей тағайындалғаннан кейiн жалпы отырыста судьяның антын қабылдайды.
Жоғарғы Соттың Төрағасы тұлғаның облыстық (оған теңестiрiлген) соттың төрағасы болып тағайындалуы туралы Жарлықты жариялап, оны ант қабылдауға шақырады. Ант салтанатты жағдайда мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде қабылданады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
52-тармақ . Регламент қабылданған күнiнен бастап күшiне енедi.
53-тармақ . Жалпы отырыстың Регламентiне өзгерiстер мен толықтырулар оның отырыстарында қабылданады және қаулымен рәсiмделедi.
54-тармақ. Осы Регламенттiң ережелерiн түсiндiру жалпы отырыспен жүзеге асырылады.