Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Уранды байыту жөнiнде халықаралық орталық құру туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 ақпандағы N 85 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкіметi арасындағы Уранды байыту жөнiнде халықаралық орталық құру туралы келiсiм мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Бақтықожа Салахатдинұлы Iзмұхамбетовке Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Уранды байыту жөнiнде халықаралық орталық құру туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы Уранды байыту жөнiнде
Халықаралық орталық құру туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi
      ядролық қаруды таратпау режимiн жан-жақты күшейту қажеттiгiн және уранды байыту технологиясын қамтитын сезгiш ядролық технологиялардың таралу қаупiн түсiне отырып,
      мемлекеттердiң ядролық қаруды таратпаудың халықаралық режимiнде көзделген мiндеттемелердi сақтауы кезiнде атом энергиясын бейбiт пайдалану игiлiгiне олардың кемсiтпейтiн және кепiлдi қол жеткiзуге құқығын мойындап,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы 1968 жылғы 1 шiлдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушылар болып табылатындығын назарға алып,
      осы Келiсiмдi жасасу сәтiнде Қазақстан Республикасының өз аумағында уранды байыту жөнiндегi қуаттардың жоқ екенiн ескерiп,
      Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (бұдан әрi - МАГАТЭ) бақылауымен (кепiлдiктерiмен) уранды байытуды қоса алғанда, ядролық отын циклы қызметтерiн ұсыну жөнiнде халықаралық орталықтар құру ядролық қаруды таратпау режимiн сақтау кезiнде атом энергиясына барлық мүдделi елдердiң тең қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн атом энергетикасының жаһандық инфрақұрылымының негiзгi элементi болып табылатыны туралы түсiнiстiктi бөлiсе отырып,
      1993 жылғы 23 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi және 1998 жылғы 6 шiлдедегi Ресей Федерациясының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Yкiметi арасындағы Ядролық-отын циклы кәсiпорындарын ықпалдастыру туралы келiсiмдi негiзге ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының атом энергетикасын дамыту, атом энергиясын бейбiт пайдалану саласында екi елдiң кооперациялық әлеуетiн бiрiктiру жолымен екi жақты ынтымақтастықтың тиiмдiлiгiн арттыру ниеттерiне сүйенiп,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм Уранды байыту жөнiнде халықаралық орталық (бұдан әрi - УБХО) құру мақсатында жасалады.

2-бап

      УБХО-ны Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Тараптар айқындайтын уәкiлеттi ұйымдар акционерлiк қоғам нысанында құрады және ол Ресей Федерациясындағы "Ангара электролиз химия комбинаты" федералдық мемлекеттiк бiрегей кәсiпорнының алаңында орналасады.
      УБХО-ның негiзгi мiндетi ұйымдары УБХО-ға қатысушы болып табылатын мемлекеттердiң мұқтаждары үшiн отын (ұнтақтар, таблеткалар, жылу шығаратын қосындылар) және олардың атом энергетикасы үшiн уранды байыту жөнiнде қызметтер ұсыну мақсатында қатысушы ұйымдарға уранды байыту жөнiндегi қуаттарға кепiлдi қол жеткiзудi қамтамасыз ету болып табылады.
      УБХО өз қызметiнде осы Келiсiмнiң ережелерiн, Ресей Федерациясының заңнамасын және УБХО-ның жарғысын басшылыққа алады.
      УБХО-ның өкiлеттiктерi мен жұмыс iстеу тәртiбi Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес оның жарғысымен айқындалады, оны Тараптардың уәкiлеттi ұйымдары атқарушы органдармен келiсiм бойынша бекiтедi.

3-бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi;
      Ресей тарапынан - Атом энергиясы федералдық агенттiгi (Росатом) атқарушы органдар болып табылады.
      Тараптардың уәкiлеттi ұйымдары (УБХО қатысушылары):
      Қазақстан тарапынан - "Қазатомөнеркәсiп" ұлттық атом компаниясы" АҚ;
      Ресей тарапынан - "Техснабэкспорт" ААҚ болып табылады.
      Атқарушы органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар ол туралы бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы хабардар етедi.

4-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес атқарушы органдар мен уәкiлеттi ұйымдарға УБХО құруға және оның қызметiн жүзеге асыруға қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге жәрдемдеседi.

5-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттарын тиiмдi жүзеге асыру үшiн Тараптар Бiрiккен Консультативтi Комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрады,
      ол:
      а) Тараптардың атқарушы органдары арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiру мен қолдануға қатысты, оның iшiнде ядролық қаруды таратпау режимiнiң талаптарын қамтамасыз етуге қатысты дауларды қарайды;
      б) осы Келiсiмнiң пәрмендiлiгi мен тиiмдiлiгiн арттыру үшiн қажет болуы мүмкiн қосымша шараларды қарастырады.
      Тараптардың атқарушы органдары Комиссияның тиiсiнше қазақстандық және ресейлiк бөлiктерiнiң құрамын белгiлейдi, олар мүшелердiң тең санынан тұрады және олардың төрағаларын тағайындайды.
      Комиссияға бөлiктердiң төрағалары кезектесiп басшылық етедi. Әрбiр төраға Комиссияны бiр жыл бойына басқарады.
      Төрағалық етушi Тарап аумағында Комиссияның отырыстары жылына екi рет немесе Тараптардың бiреуiнiң талап етуi бойынша жиiрек өткiзiледi.
      Комиссияның шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады және консенсуспен қабылданады. МАГАТЭ-нiң келiсiмi бойынша оның өкiлi Комиссияның жұмысына кеңесшi дауыс беру құқығымен қатыса алады.

6-бап

      1. УБХО ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың шеңберiнде мiндеттемелердi орындайтын және өз аумағында уран байытатын қондырғылары жоқ үшiншi мемлекеттердiң мүдделi ұйымдарының қосылуы үшiн ашық. Мұндай қосылу осы Келiсiмнiң Тараптары мен үшiншi мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы жекелеген үкiметаралық келiсiмдердiң негiзiнде УБХО жарғысында көзделген тәртiппен ресiмделедi.
      2. УБХО-ға қатысушылардың Ресей заңнамасына және УБХО жарғысына сәйкес УБХО-ның өндiрiстiк-шаруашылық қызметi бойынша қажеттi ақпаратты қоса алғанда, дивидендтерге және УБХО-ны басқаруға қатысуға құқығы бар.
      3. УБХО өндiрген және Ресей Федерациясынан әкетiлген байытылған уран ұйымдары УБХО-ға қатысушы болып табылатын мемлекеттердiң мұқтаждары үшiн отын (ұнтақтар, таблеткалар, жылу шығаратын қосындылар) дайындауға және олардың атом энергетикасы үшiн пайдалану мақсатында қайта өңделедi.

7-бап

      Тараптар Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, МАГATЭ-мен келiсiм бойынша УБХО жанынан табиғи және байытылған уран қорын жасауы мүмкiн, ол, УБХО-ға қатысушы ұйымдар алдында УБХО-ның мiндеттемелерiн орындау үшiн пайдаланылады.
      Қорға берiлетiн ядролық материалдың мөлшерi, сондай-ақ оны жасаудың шарттары Комиссияның шеңберiнде алдын ала қарауға жатады.

8-бап

      Тараптар УБХО-ның жұмыс iстеу мәселелерi бойынша МАГАТЭ-мен ынтымақтасады. Мұндай ынтымақтастықтың нақты өлшемдерi Тараптардың MAГАТЭ-мен жекелеген уағдаластықтарының мәнi болып табылады.

9-бап

      1. Ресей Тарабы, оның iшiнде оның уәкiлеттi ұйымдары қазақстандық Тарапқа, оның iшiнде оның уәкiлеттi ұйымдарына, сондай-ақ үшiншi мемлекеттерге, олардың жеке және заңды тұлғаларына уранды байытудың технологиясы мен оған байланысты жабдықтарды, қондырғыларды, аспаптарды, материалдарды, жобалық және техникалық шешiмдердi жиынтық түрде де, сол сияқты бөлшектерi бойынша да бермейдi.
      2. УБХО-ға қатысушы ұйымдардың өкiлдерi мен УБХО қызметкерлерiнiң өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру үшiн (Ангарск электролиз химия комбинаты) федералдық мемлекеттiк бiрегей кәсiпорнының аумағына кiруi Ресей заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың атқарушы органдарының қосымша уағдаластықтарымен реттелуi мүмкiн.

10-бап

      1. УБХО-ны қайта өңдеу және осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн одан әрi пайдалану үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы ядролық материалдардың экспорты мен импорты Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан және Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар мен уағдаластықтардан туындайтын Тараптардың мiндеттемелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ядролық материалдар, сондай-ақ олардың негiзiнде немесе оларды пайдалану нәтижесiнде өндiрiлген ядролық материалдар ядролық қару және басқа ядролық жарылғыш құрылғылар жасау үшiн немесе қандай да бiр әскери мақсатқа қол жеткiзу үшiн пайдаланылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ядролық материалдар Ресей Федерациясының аумағында Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағымен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк арасындағы Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағында кепiлдiктердi пайдалану туралы 1985 жылғы 21 ақпандағы келiсiмге сәйкес, INFCIRC/327, Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң кепiлдiктерiмен оның заңи құзыретiнде әрi жауапкершiлiгiнде және Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiңдегi халықаралық агенттiк арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы 1994 жылғы 26 шiлдедегi шартқа байланысты, INFCIRC/504, кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге және 2004 жылғы 6 ақпандағы оған Қосымша хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында оның заңи құзыретiнде және жауапкершiлiгiнде болады.

11-бап

      Әрбiр Тарап УБХО объектiлерiн және оның қызметiнiң мақсаттарына арналған ядролық материалдарды жеке қорғау үшiн Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң "Ядролық материал мен ядролық қондырғыларды жеке қорғау" атты құжатында INFCIRC 225/Rev.4 немесе оның соңғы редакцияларында көзделгеннен төмен емес деңгейде оның ұлттық заңнамасымен көзделген барлық қажеттi шараларды қабылдайды.

12-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес осы Келiсiмге байланысты мәселелер бойынша бiр-бiрiне ақпарат ұсынады.
      Мемлекеттiк құпияны құрайтын ақпарат осы Келiсiмнiң шеңберiнде берiлмейдi.
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде берiлетiн және атқарушы органдар, уәкiлеттi ұйымдар немесе УБХО құпия ретiнде қарайтын ақпарат оны беру кезiнде осындай деп нақты айқындалуы, ал құпия ақпаратты қамтитын құжаттарда "құпия" деген белгi болуы тиiс.
      Құпия ақпаратты алушылар оны тиiстi ақпаратты жөнелтушiлер мен алушылар арасындағы уағдаластыққа және өз мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес пайдаланады.
      Құпия ақпарат мұндай ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмейдi және үшiншi тараптарға берiлмейдi.

13-бап

      Тараптар, оның iшiнде олардың уәкiлеттi органдары мен УБХО халықаралық құқық нормаларына және Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес осы Келiсiмнiң шеңберiнде қорғалатын тауарларға және жұмыстарды орындауға байланысты технологияларға рұқсатсыз қол жеткiзудi болдырмау және осындай технологиялар мен тауарларды үшiншi мемлекеттерге, олардың жеке және заңды тұлғаларына рұқсатсыз бермеу жөнiнде қажеттi шараларды қабылдайды.

14-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiруге және қолдануға қатысты, оның iшiнде Комиссия жұмысының шеңберiнде шешiлуi мүмкiн болмайтын даулар Тараптар арасындағы келiссөздер жолымен шешiледi.

15-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетi қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

16-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

17-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм он жыл мерзiмге жасалады және одан кейiн, егер Тараптардың бiр де бiреуi өзiнiң оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы тиiстi кезең аяқталғанға дейiн бiр жыл бұрын екiншi Тарапқа жазбаша түрде хабарламаса, келесi он жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату УБХО-ның заңды тұлға ретiндегi қызметiн тоқтатуды бiлдiрмейдi. Тараптардың уәкiлеттi ұйымдары УБХО жарғысына және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес УБХО-ның алдағы қызметi туралы шешiм қабылдайды.
      Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда, УБХО өндiрген байытылған уран, сондай-ақ оның негiзiнде немесе оны қолдану нәтижесiнде өндiрiлген ядролық материалдар толық пайдаланылмайынша немесе қандай да бiр ядролық қызмет үшiн жарамсыз болмайынша 6-баптың 3-тармағының және 10-баптың ережелерi Тараптар үшiн мiндеттi және қолданылатын болып табылады.
      2007 жылы қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, бұл ретте екi мәтiннiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланады.

       Қазақстан Республикасының           Ресей Федерациясының
          Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады