Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен; "27", "65", "159", "249" деген цифрлар тиісінше "26", "72", "156", "279" деген цифрлармен; "бірінші тармағында" деген сөздер "1-тармағында" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Сот практикасында авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы кейбір заңнама нормаларын біркелкі түсіну және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Ғылым, әдебиет және өнер (авторлық құқық) туындыларын, қойылымдар, орындаулар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жасауға және пайдалануға байланысты туындаған қатынастар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен (бұдан әрі — АК), "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі — Заң) және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Қазақстан Республикасының авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды күшейтетін заңнамалық актілері, егер олар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген ережелерге қайшы келмесе, қолданылады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы осы құқықтық қатынастарды реттейтін мына халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады:
Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы (Берн, 1886 жылғы 9 қыркүйек, "Қазақстан Республикасының Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясына қосылуы туралы" 1998 жылғы 10 қарашадағы № 297-1 Қазақстан Республикасының Заңы);
Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенция (Женева, 1971 жылғы 29 қазан, "Қазақстан Республикасының Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенцияға қосылуы туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы № 54-II Қазақстан Республикасының Заңы);
Дүниежүзілік авторлық құқық туралы конвенциясы (Женева, 1952 жылғы 6 қыркүйек, Қазақстан Республикасында бұрынғы КСРО-ның халықаралық міндеттемелері мен шарттарын құқықтық иелену тәртібімен қолданылады, КСРО үшін 1973 жылғы 27 мамырда күшіне енді.);
Фонограмма орындаушылардың, өндірушілердің және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция (Рим, 1961 жылғы 26 қазан, "Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы" 2012 жылғы 17 ақпандағы № 563-IV Қазақстан Республикасының Заңы);
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының шығармалардың кейбір түрлеріне жекелеген құқықтарды қорғауға қатысты авторлық құқық жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі шартына қосылуы туралы" 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 547-II Қазақстан Республикасының Заңы);
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шартына қосылуы туралы" 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 546-II Қазақстан Республикасының Заңы).
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.2. Авторлық құқықтар АК-нің 972-бабында, Заңның 7-бабында санамаланған ғылым, әдебиет және өнер туындылары түрлерінің автордың (тең авторлардың) зияткерлік шығармашылық еңбегімен объективтік нысанда құру фактісіне қарай туындайды және туындының уәкілетті мемлекеттік органда тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылады.
Авторлық құқықтар туындының мазмұны мен маңызына, сондай-ақ, берілу әдісі мен нысанына қарамастан, жарияланған туындыларға да, жарияланбаған туындыларға да қолданылады.
Егер туындының бөлігі (атауы, кейіпкерлердің аттары) шығармашылық жұмыстың нәтижесі болып табылса және оны дербес пайдалану мүмкін болса, онда авторлық құқықтар тұтастай туындыға ғана емес, оның осы бөлігіне де қолданылады.
Ауызша нысандағы туындыға авторлық құқық ол көпшілік алдында айтылған (орындалған) жағдайда ғана қолданылады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Авторға техникалық көмек көрсеткен (басу, түзету және т.б.) тұлғалар туындының тең авторлары болып таныла алмайды.
АК-нің 974-бабында және Заңның 8-бабында санамаланған объектілер, сондай-ақ идеялар, әдістер, процестер, тәсілдер, тұжырымдамалар, қағидаттар, жаңалықтар, фактілер авторлық құқықтың объектілеріне жатпайды және құқыктық қорғаумен қамтамасыз етілмейді.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. Авторлық кұқықтар:
автордың АК-нің 977-бабында және Занның 15-бабында санамаланған жеке мүліктік емес құқықтарын қамтиды. Бұл құқықтарды (авторлық құқық, авторлық есімге құқық, жариялау құқығы, туындыны кері қайтарып алу және оған қолсұғылмаушылық құқығы) иеліктен айыруға болмайды. Автордың мұрагерлері немесе автор өзінің мүліктік емес жеке құқықтарын қорғауды жүктеген тұлға, мұрагерлер болмаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган, автордың осы кұқықтарын АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес қандай да бір талап қоюдың ескіру мерзімімен шектемей қорғауды жүзеге асыруға құқылы.
АК-нің 978-бабында және Заңның 16-бабында санамаланған мүліктік (айрықша) құқықтар кіреді. Бұл құқықтар бұзылған жағдайда оларды автор, сондай-ақ оның мұрагерлері, автордың нақты немесе барлық мүліктік құқықтары авторлық шарт бойынша берілген тұлғалар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган Заңның 49-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдермен қорғай алады. Автордың мүліктік құқықтарын қорғау туралы талаптарға АК-нің 178-бабының 1-тармағында көзделген жалпы талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылады.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Автордың мүліктік (айрықша) құқықтары оның бүкіл өмірі бойы және қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды. Бұл мерзім туындының аяқталған-аяқталмағанына, біртұтас немесе жеке бөліктерден тұратындығына қарамастан автордың әрбір шығармасына қолданылады.
Тең авторлардың мүліктік (айрықша) құқықтары әр тең автордың бүкіл өмірі бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмір сүрген автор қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды.
Автор (тең авторлар) қайтыс болған жағдайда автордың (тең авторлардың) мүліктік (айрықша) құқықтарын қолдану мерзімін есептеу автор (соңғы тең автор) қайтыс болған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүргізіледі.
Егер туынды авторының (тең авторлардың) АК-нің 982-бабының 1-тармағында және Заңның 28-бабының 1-тармағында бұрын көзделген мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғаудың елу жылдық мерзімі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік кұқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күні - 2005 жылғы 26 қарашаға дейін өтіп кетсе, онда бұл құқықтарды қорғаудың жетпіс жылдық мерзімі қолданылмайды.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Жасырын немесе бүркеншік атпен жарияланған туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқықтары ол заңды түрде жарияланған күннен кейін жетпіс жыл бойы қолданылады.
Автордың немесе оның мұрагерлерінің келісімімен туындыны жариялау, көпшілік алдында орындау, көпшілікке көрсету, эфир, оның ішінде кабель бойынша хабарлау туындыны заңды түрде жариялау деп танылады.
Егер жасырын немесе бүркеншік атпен жарияланған туындының авторы жетпіс жылдың ішінде өзінің шын есімін ашса немесе оған кім екені күмән тудырмаса, онда автордың мүліктік (айрықша) құқықтары оның өмірі бойы және қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы қолданылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жыл ішінде бірінші рет жарыққа шығарылған (жария етілген) туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқығы туынды жарыққа шығарылғаннан кейін жетпіс жыл бойы қолданылады. Автордың мұндай құқығының күшіне ену мерзімі туынды жарыққа шыққаннан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап есептеледі.
Егер туындының авторы қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болғаннан кейін ақталса, онда жасалған туындыларға автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғау мерзімі ақталған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жетпіс жыл бойы қолданылады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Автордың мүліктік (айрықша) құқығын қорғау мерзімінің өтуі туындының қоғамдық игілікке айналғанын білдіреді.
Туынды қоғамдық игілікке айналған кезде оны кез келген адам авторлық сыйақы төлемей, авторлық құқық, автор есімінің құқығы мен оның беделін қорғау құқығын сақтай отырып пайдалана алады.
9. Авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілері нақтыланбай, автордың немесе туындыны орындаушының мүліктік (айрықша) құқықтарының заң бойынша немесе өсиетпен бірнеше мұрагерге ауысуы автордың барлық туындыларына және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілеріне бірлесіп қолдану құқығы пайда болғанын көрсетеді. Бұл ретте жеткілікті негізі болмаса мұрагерлердің бірде біреуі туындыны пайдалануға тыйым салуға құқылы емес. Туындыны пайдаланғаны үшін төленетін сыйақы мұрагерлерге мұрадағы үлесіне сәйкес бөлінеді.
10. Авторлық құқық туынды түсірілген материалдық объектіге меншік құқығымен байланысты емес. Материалдық объектіге құқықтың берілуі туындыны пайдалануға мүліктік құқықтың берілуіне әкеп соқпайды.
11. Автордың өзі немесе оның мұрагерлері авторлық шарт бойынша толық немесе ішінара берген мүліктік (айрықша) құқықтарды басқа жеке немесе заңды тұлғалар бұзған жағдайда, осы құқықты иеленушілер авторлық шартта көзделген тәсілмен, құқық бұзушының туындыны пайдалануына тыйым салу туралы өз атынан талап қою арқылы оны қорғай алады.
Егер авторлық шарт бойынша берілген автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын иеленуші адам осы бұзылған құкықтарды қорғауды жүзеге асырмаса, онда мұндай қорғауды автор немесе оның мұрагерлері өз бетінше жүзеге асыра алады.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Автор немесе оның мұрагерлері, сондай-ақ қызметтік туындыға мүліктік құқықты иеленуші - жұмыс беруші авторлық шарт бойынша басқа тұлғаларға мүліктік (айрықша) құқықтарын бере алады, мұндай авторлық шарттың мазмұны мен нысаны Заңның 32-бабында көзделген.
Автордың болашақта жасалуы мүмкін туындыларына қатысты мүліктік (айрықша) құқықтар авторлық шарт бойынша беріле алмайды.
Автордың болашақта нақты тақырыпқа немесе ғылым, әдебиет немесе өнердің нақты салаларында туындылар жасау құқықтарын шектейтін, сондай-ақ Заңның ережелеріне қайшы келетін авторлық шарт талаптары жарамсыз болып табылады.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары қойылымдарға, орындаушылыққа, фонограммаларға, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларына тиісінше Заңның 37, 38, 39 және 40-баптарында көзделген мүліктік емес және мүліктік сабақтас құқықтарды иеленеді.
Мүліктік емес сабақтас құқықтарды иеліктен шығаруға болмайды.
Орындаушының (мысалы, актер, әнші, биші, музыкант, эстрадалық, цирк немесе қуыршақ қойылымдарының орындаушысы, дирижер, қоюшы-режиссер) туындыны қайта шығаруға, фонограмма шығарушының фонограмманы қайта шығаруға және таратуға немесе эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарды пайдалануға мүліктік сабақтас құқықтары лицензиялық шарттың негізінде басқа тұлғаларға толық немесе ішінара берілуі мүмкін.
Бұл ретте туындыны орындау, фонограмма жасау немесе қойылымдар әзірлеу барысында техникалық жұмыстарды жүзеге асыратын жарық берушілер, дыбыс өңдеушілер және басқа да тұлғалар мүліктік сабақтас құқықтарды иеленбейді.
Заңның 2-бабының 18), 19) тармақшаларына сәйкес, қайта шығару деп туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген тәсілмен және кез келген түрде, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау түсіндірілсін. Осы ретте екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау қайта шығару түрлері болып табылады.
Көшірмелеу немесе репрографиялық қайта шығару деп жазбаша және басқа да графикалық туындылар түпнұсқаларының немесе көшірмелерінің фотокөшірме жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар, соның ішінде басып шығару, сканерлеу, цифрлық көшіру арқылы кез келген мөлшерде және нысанда бір немесе одан да көп данасын факсимильдік қайта шығару түсініледі.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.13-1. Авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар нысандарын телекоммуникация желілерінде, атап айтқанда Интернет желісінде орналастыру, осы нысандарды Заңның 16-бабы 2-тармағының 10-1) тармақшасына сәйкес туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу түрінде пайдалану болып табылады. Мәселен, егер белгiсiз адамдар тобы жазбаны жасаған адамның бастамасы бойынша осы туындыға немесе сабақтас құқықтар объектісіне қолжеткізсе, туындыны немесе сабақтас құқықтар объектісін электрондық-есептеу машинасының жадына жазу - пайдалану болып табылады. Осындай пайдаланудың нәтижесінде Заңды бұзып жасалған (алынған) туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектілерінің даналары контрафактілік болып табылады.
Осындай әрекеттерді жасаған адамдар авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзушылар деп танылады.
Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.14. Егер шарттың тараптары осындай тіркеуді көздеген жағдайда ғана авторлық шарт екіжақты мәміле ретінде уәкілетті мемлекеттік органда тіркелуі мүмкін.
Авторлық немесе лицензиялық шарт бойынша берілмеген мүліктік (айрықша) құқықтар берілмеген құқықтар болып саналады.
Авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде берілген мүліктік (айрықша) құқықтарды иеленушілер аталған шарттарда көрсетілген мерзім мен көлемнен аспайтын мерзім мен көлемде және осы шарттарда осындай құқықтарды беру көзделген жағдайда ғана осы құқықтарды үшінші тұлғаларға беруі мүмкін.
Заңның 32-бабының 1-тармағында көзделген авторлық шарттың елеулі талаптарын бұзу авторлық құқықты бұзу болып табылады, өйткені аталған әрекеттер автор берген өкілеттіктердің шегінен тыс жүзеге асырылады. Айрықша құқықтарды беру туралы шарттың елеулі талаптары бұзылып дайындалған және (немесе) таратылған туындылар мен фонограммалардың даналары контрафактілік болып табылады. Атап айтқанда, егер қайта шығару шартта көрсетілген таралымнан асып кетсе, онда таралымның асып кетуін авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды бұзу деп қараған жөн.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. Егер туынды қызметкердің қызмет бабындағы міндеттерін орындау, жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалса, онда автордың мүліктік емес жеке құқықтары қызметкерге тиесілі болады. Егер туынды жұмыс уақытында жасалса немесе жұмыс берушінің мүлкі қолданылып жасалса, бірақ осы тармақта көрсетілген белгілерге сәйкес келмесе, онда ол қызметтік санатына жатпайды.
Қызметтік туындыны пайдаланғаны үшін авторлық сыйақы төлеудің көлемі мен тәртібі автор мен жұмыс берушінің арасындағы шартта белгіленеді. Мұндай шарт азаматтық-құқықтық сипатта болады және оған АК-нің 23-тарауында белгіленген ережелер қолданылады.
Алайда жұмыс берушімен жасалған шартқа қарамастан, туындыны пайдалану және авторлық сыйақы алу кұқығы туынды көрсетілгеннен кейін он жыл өткен соң, ал жұмыс берушінің келісімі болған жағдайда одан да ерте мерзімде қызметкерге толық көлемде көшеді.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.16. Өзге дәлелдемелер болмаған жағдайда түпнұсқада немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы болып саналады.
Егер оның құрамдас бөліктерін дербес пайдалануға болмаса, онда тең авторлықпен жасалған туынды бөлінбейтін біртұтас болып саналады. Егер осындай туынды бөлінбес біртұтас болса, онда тең авторлардың бірде-біреуі немесе кез келген тең автордың мұрагері жеткілікті негіз болмаса осындай біртұтас туындыны заң актілерінде көзделген тәсілдермен пайдалануға тыйым салуға құқылы емес.
Cот бөлінбейтін біртұтас туындыға тең авторлық туралы дауларды осындай туынды жарияланған сәттегі тең авторлықты тану фактісін ескере отырып шешеді.
Тең авторлардың бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалған және әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөліктерден тұратын туынды тең авторлығы бөлек туындыларға жатады. Авторлардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының өзі жасаған дербес мәні бар бөлігін өз қалауы бойынша дербес пайдалана алады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. Әртүрлі авторлардың туындыларынан және басқа да материалдардан тұратын, құрастырушының шығармашылық еңбегінің нәтижесінде жинаққа енгізілген әр туынды авторының құқығы сақтала отырып іріктелген және (немесе) белгілі бір тәртіппен орналастырылған жинақ құрамдас туынды болады. Егер жинақты құрастырушымен жасалған авторлық шартта өзгеше көзделмесе, жинаққа енгізілген туындылардың авторлары өз туындыларын құрамдас туындыға қарамастан, дербес пайдалануға құқылы.
Жарыққа шыққан энциклопедияларды, ғылыми еңбектер жинақтарын және басқа да мерзімді басылымдарды пайдалануға айрықша құқық баспагерге беріледі, алайда мұндай басылымдарға енгізілген туындылардың авторлары өз туындыларын тұтас басылымға қарамастан пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.18. Егер дыбыстау-бейнелеу туындысы (кинофильм, бейнефильм және Заңның 2-бабының 4-тармағында көрсетілген өзге де туындылар) кинотеатрларда немесе өзге де еркін кіруге ашық орындарда, не отбасының әдеттегі ортасына жатпайтын адамдар болған жерлерде көрсетілсе, көпшілік алдында орындалған болып саналады.
Отбасының дағдылы ортасына өзара туысқандық қарым-қатынастағы адамдарды ғана емес, аталған туысқандармен қарым-қатынастарының сипаты оның ұзақтығын, сенімге құралғанын көрсететін немесе басқа да ортақ мүдделері бар екенін айғақтайтын адамдарды жатқызу қажет.
Кино-, бейнефильмдерге, спектакльдерге, диафильмдерге, слайдфильмдерге және осыған ұқсас туындыларға арнайы жазылған музыкалық туындылардың авторлары (мәтінмен немесе мәтінсіз) әрбір көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау және хабарлаған, осы дыбыс-бейнежазу туындыларын прокатқа (жалға) берген сайын осы дыбыстау-бейнелеу туындыларын пайдаланылғаны үшін авторлық сыйақы алуға құқылы. Бұрын жазылған, кейіннен дыбыстау-бейнелеу туындысына, спектакльге енгізілген музыкалық туындылардың авторларының да осындай құқығы бар болады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.19. Аударма, өңдеу, аранжировка жасау немесе басқа да өңдеу нәтижесінде жасалған туындылар туынды шығармаларға жатады.
Негізгі туынды авторының авторлық құқығын не мұрагерлердің немесе автордың мүліктік құқықтарын иеленушілердің мүліктік кұқықтарын бұза отырып, туынды шығарманы азаматтық айналымға енгізу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.20. Туынды авторының келісімімен жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу, туындының даналарын сатып алу-сату мәмілелерін жасау және өзге де тәсілдер арқылы туындыны алғаш рет белгісіз адамдардың тобына қол жеткізетін іс-әрекетті жасауды туындыны заңды жариялау (азаматтық-құқықтық айналымға енгізу) деп түсіну керек.
Туындыны жасырын немесе бүркеншік атпен жариялағанда баспагер автордың өкілі болып саналады және автордың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Баспагер автордың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға талап қоюды бергенде талап қоюға баспагердің атауы көрсетілген туындының данасын қоса тіркейді. Туынды авторының шын есімі автор мен баспагердің қарым-қатынастарын белгілейтін авторлық шартта көрсетіледі. Аталған шарт сот отырысында зерттелмейді. Егер автор сот отырысы аяқталғанға дейін өзінің кiм екенiн ашпаса, онда мәлімделген талап қою негізді болған жағдайда сот баспагердің пайдасына талап қоюды қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдайды.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.21. Заңның 18-бабының 1-тармағында, 19, 20, 21, 22, 23, 24 және 25-баптарында көзделген жағдайларда, заңды түрде халыққа жария етілген туынды автордың келісімінсіз және авторлық сыйақы төленбей пайдаланылуы мүмкін.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.22. Фонограмма жасаушының және орындауы фонограммаға жазылған орындаушының келісімінсіз туындыны техникалық құралдарды пайдаланып барларда, дәмханаларда, мейрамханаларда және азаматтарға қызмет көрсетілетін басқа да көпшілік орындарында жария орындауға жол беріледі, егер туынды отбасының дағдылы ортасына жатпайтын адамдардың қатысуымен орындалса, онда авторлық сыйақы төленеді. Туындыны осылай орындау кезінде қатысқан адамдар отбасының дағдылы ортасына жататын-жатпайтыны туралы мәселені шешкен кезде туысқандық қатынастардың бар-жоғы ғана емес, сонымен қатар жеке байланыстар, қарым-қатынастар жасау мерзімі мен өзара байланыстардың сипаты, сондай-ақ өзге де мән-жайлар (үйлену тойы, мерейтой немесе өзге салтанатты шара екені және тағы басқа) назарға алынуы қажет.
Көрсетілген көпшілік алдында орындау түрі үшін "Туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін төленетін авторлық сыйақының ең төменгі ставкаларын бекіту туралы" 2004 жылғы 20 қазандағы № 1083 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында көзделген мөлшерде авторлық сыйақы төленеді. Бұл жағдайда орындаушы немесе фонограмма жасаушы Заңның 49-бабында көзделген өтемақыны өндіру құқығын иеленбейді.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.23. Туындының, дыбыс-бейнежазу туындылары фонограммаларының, эфирлік және кабельдік ұйымдардың хабарларының контрафактілік даналары деп автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымдастырушыларының жеке мүліктік емес немесе мүліктік (айрықша) құқықтары бұзыла отырып әзірленген, таратылған немесе басқаша жолмен пайдаланылған авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерінің даналарын, не авторлық құқық және сабақтас құқықтардың заңды түрде жарияланған объектілерінің автор немесе сабақтас құқық иесі туралы ақпарат алынып тасталған немесе заңсыз енгізілген даналарын түсіну қажет. Контрафактілік даналарға, сондай-ақ туынды немесе фонограмманың авторлық немесе лицензиялық шартта көзделген данадан (таралымнан) артық шығарылған, шартта көзделген аумақтан тыс жерде таратылған, аталған шарттарда көзделген материалдық заттарда дайындалған даналары, сондай-ақ авторлық құқықтар және сабақтас құқықтардың басқа объектілері заңсыз енгізілген туындылар немесе фонограммалар жатады.
Қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылу фактісін анықтағанда, залалдың маңыздылығын, мөлшердің маңыздылығын, ірі залалдың немесе ірі мөлшердің бар-жоғын айқындау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 2) және 38) тармақтарындағы түсіндірмелерді ескеру қажет.
Туындылардың және (немесе) фонограммалар даналарының контрафактілігі құқықтық ұғым болып табылады, сондықтан туындылардың немесе фонограммалар даналарының контрафактілігі туралы мәселе сарапшының алдына қойылмайды. Авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілерін зерттеу қажеттілігіне байланысты сараптаманы тағайындаған кезде соттар құқық иеленушілермен еңбек немесе шарттық қатынастардағы адамдарды сарапшылар немесе мамандар ретінде тартуға жол бермеу туралы талапты сақтауға тиіс. Құқық иеленушіге ғана белгілі авторлық және сабақтас құқықтың объектілерін қорғаудың арнайы түрлері (дискілердегі, көркем туындылардағы арнайы белгілер және т.б.) туралы ақпарат алу қажет болған жағдайда оның қызметкерлері және онымен байланыстағы өзге де адамдар сотқа тек куә ретінде ғана шақырылуы мүмкін.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.24. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы істер бойынша туындының авторы (тең автор), орындаушылар, фонограмма жасаушы, эфирлік және кабельді хабарлар тарату ұйымы, автор мен орындаушының мүліктік құқықтарының мұрагерлері, жасырын туындылардың баспагерлері, авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде нақты мүліктік құқықтар берілген тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.
Өзге тұлғалар сенімхаты болған жағдайда ғана автордың немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің мүддесі үшін талап қоюды бере алады. Егер автордың немесе орындаушының мұрагерлері болмаса не туынды қоғамдық игілікке айналса, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, уәкілетті мемлекеттік орган жарғылық қызметке немесе заңға сәйкес талап қоюшының өкілдері болып табылады. Егер аталған ұйым мен автордың немесе орындаушының арасында олардың мүліктік (айрықша) құқықтарын ұжымдық негізде басқару туралы шарт жасалған жағдайда, жарғылық қызметке сәйкес талап қоюды беру мүмкін болады.
Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым мен осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымның арасында шетелдік автордың немесе орындаушының Қазақстан Республикасындағы осындай құқықтарын басқару жөнінде шарт жасалған болса, онда осы ұйым шетелдік автордың немесе орындаушының Қазақстан Республикасында бұзылған құқықтарын қорғау туралы талап қоюды беруге құқылы.
Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға туындының авторы немесе орындаушысы берген сенімхатта осындай процестік әрекеттерді жасау көзделмесе, онда ұйымның мүшелері автордың немесе орындаушының мүддесі үшін келтірілген талап қоюдан өз бастамасымен бас тартуға немесе талабы жауапкер келтірген зиянды өтеуден, жауапкер алған кірісті өндіріп алудан бас тарту не залалдың не кірістің орнына өтемақы төлетуден бас тарту болып табылатын татуласу келісімін жасауға құқылы емес.
Ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымның жарғысы, ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаруға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушімен шарт және (немесе) осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйыммен шарт авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызбен сотқа жүгінуге ұйымның құқығын растайтын құжаттар болып табылады.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.25. Өзінің әрекеттерімен автордың (оның мұрагерлерінің) немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің не авторлық немесе лицензиялық шарт негізінде мүліктік құқықтарды иеленушілердің жеке мүліктік емес немесе мүліктік құкықтарын бұзған тұлға авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы іс бойынша тиісті жауапкер болып табылады.
Туынды даналарының басылымын шартқа және баспагерге сәйкес басып шығарған баспахана техникалық қызметтерді атқарады және тиісті жауапкер болып табылмайды. Ал егер баспахана өз бастамасымен басылымның таралымын көбейтсе, онда ол туындының контрафактілік даналарын дайындаушы болып саналады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылықта болады.
Автордың немесе орындаушының мүліктік құқықтарының бұзылуына байланысты бірнеше тұлға жауапкер ретінде танылып, ортақ немесе үлестік жауаптылықта болады.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.26. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 27-бабына сәйкес, авторлық немесе сабақтас құқықтарды, оның ішінде қызметтік туындыны жасауға және пайдалануға байланысты бұзылған құқықтарды қорғау туралы істер аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жатады.
Егер заңды тұлғалар немесе заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар авторлық немесе сабақтас құқықтардың бұзылуынан туындаған даудың тараптары болып табылса, онда мұндай дау мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың соттылығына жатады. Бұл ретте азаматтың заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде салық органында тіркелуден өткен-өтпегені маңызды емес.
Ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдар авторлардың, аталған ұйым мүшелерінің немесе өкілдердің мүліктік құқықтарының бұзылу фактілері бойынша авторлардың мүддесі үшін берген талап арыздар жалпы юрисдикция соттарында қаралады.
Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талап қоюлар сотқа жауапкердің орналасқан жері бойынша беріледі. Орындалу орны белгіленген, авторлық немесе лицензиялық шарттан туындаған талап қоюлар аталған шарттардың орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.
Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.27. "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 616-бабының 2) тармақшасына сәйкес талап қоюшылар бұзылған мүліктік емес және (немесе) мүліктік авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғауға қатысты істер бойынша талап қоюларды берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.28. АК-нің 9-бабында және Заңның 49-бабында азаматтық сот ісін жүргізудегі бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды заңда көрсетілген тәсілдермен қорғауды жүзеге асыру көзделгендіктен, сот талап қоюшының талап қоюын қамтамасыз ету туралы арызын қараған кезде АПК-нің 156-бабының тәртібімен мәлімделген талап қоюға сәйкес келетін қамтамасыз ету шарасын қолдануға құқылы.
Егер құқықты тану немесе құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру туралы талап мәлімделсе, онда судья, мысалы, жауапкерге авторлық немесе сабақтас құқықтардың даулы объектісін қайта шығару немесе тарату бойынша қандай да бір әрекеттер жасауға, туындының, фонограмманың даналарына, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымы бағдарламасына тыйым сала алады.
Егер құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесу туралы талап мәлімделсе, онда судья, мысалы, туындының дайындалған даналарына, контрафактілік даналарды дайындауға пайдаланылатын материалдарға тыйым салуы, жауапкерге авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзатын нақты әрекеттерді жасауға не жауапкерге мазмұны бойынша авторлық немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға дайындалғанын, сатып алынған жабдықты жауаптылықпен сақтауға бергенін куәләндыратын әрекеттерді жасауға тыйым салуы мүмкін.
Егер залалды, оның ішінде айырылып қалған пайданы өтеу туралы, кірісті өндіріп алу немесе залалды не кірісті өтеу орнына өтемақыны өндіру туралы талап мәлімделсе, онда судья жауапкердің өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлкіне тыйым салуға құқылы.
Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымында туындаған даудың мәні бойынша түйіндер болмауы және іс бойынша шешім алдын ала анықталмауы тиіс.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.29. Заңның 9-бабына сәйкес авторлықтың презумпциясы қолданылатындықтан, өзгеше жағдай болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы болып саналады.
Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы істерді қарау кезінде талап қоюшы АПК-нің 72-бабына сәйкес өзіне тиесілі құқықтарды жауапкердің заңсыз пайдалану фактісін, ал жауапкер авторлық құқық немесе сабақтас кұқықтар объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің Заң талаптарына сәйкес келетінін және автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының немесе эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымының құқықтарын бұзбайтынын дәлелдеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда жауапкер авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзушы болып танылып, азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.30. Туынды авторының немесе туындыны орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары бұзылған жағдайда автор немесе орындаушы моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
Туынды авторының немесе туындыны орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары мұрагерлерге заң бойынша да, өсиет бойынша да ауыспайтындықтан, мұрагерлер өз пайдасына моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы емес, ал мұндай авторлар мен орындаушылардың бұзылған жеке мүліктік емес құқықтары заңда көзделген өзге тәсілдермен қорғалуға жатады.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.31. АПК-нің 279-бабында көзделген арызды қараусыз қалдыру негіздері толық болып табылады, осыған байланысты талап қоюшының өкіліне өз бастамасымен бұзылған авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызды қараусыз калдыру жөнінде сотқа өтінішхат беру өкілеттілігі тиісті түрде ресімделген сенімхат арқылы берілмесе, онда ол мұндай өтінішхатты беруге құқылы емес.
Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.32. Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талап қоюды қанағаттандырған кезде сот туындының немесе фонограмманың контрафактілік даналарын, сондай-ақ талап қоюшының мұндай талапты мәлімдеген-мәлімдемегеніне қарамастан, контрафактілік даналарды қайта шығаруға тікелей пайдаланылған материалдар мен жабдықтарды тәркілеу туралы шешiм шығаруға құқылы.
Егер туындының немесе фонограмманың контрафактілік даналары сапаға қойылатын талаптарға сай болса, сот талап қоюшының пікірін ескере отырып, осы даналарды талап қоюшыға беруі мүмкін. Егер контрафактілік даналар сатылмаған болса, онда талап қоюшының кірісті өндіріп алу немесе залалды өтеу туралы мәлімдеген талабы қанағаттандырылуға жатпайды.
Егер контрафактілік даналар сапаға қойылатын талаптарға сай болмаса, онда олар соттың шешімі бойынша жойылуға жатады.
Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Қазақстан Республикасы |
Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қазақстан Республикасы |
Жоғарғы Сотының судьясы, |
жалпы отырыс хатшысы |