Авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі заңнаманың кейбір нормаларын соттардың қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 11 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен; "27", "65", "159", "249" деген цифрлар тиісінше "26", "72", "156", "279" деген цифрлармен; "бірінші тармағында" деген сөздер "1-тармағында" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Сот тәжірибесінде авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы кейбір заң нормаларын біркелкі түсіну және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Ғылым, әдебиет және өнер (авторлық құқық) туындыларын, қойылымдар, орындаулар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жасауға және пайдалануға байланысты туындаған қатынастар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен (бұдан әрі — АК), "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі — Заң) және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген ережелерге қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды күшейтетін заң актілері қолданылады.

      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы осы құқықтық қатынастарды реттейтін мына халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады:

      Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы (Берн, 1886 жылғы 9 қыркүйек, "Қазақстан Республикасының Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясына қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 қарашадағы № 297-1 Заңы);

      Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенция (Женева, 1971 жылғы 29 қазан, "Қазақстан Республикасының Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 маусымдағы № 54-II Заңы);

      Дүниежүзілік авторлық құқық туралы конвенциясы (Женева, 1952 жылғы 6 қыркүйек, Қазақстан Республикасында бұрынғы КСРО-ның халықаралық міндеттемелері мен шарттарын құқықтық иелену тәртібімен қолданылады, КСРО үшін 1973 жылғы 27 мамырда күшіне енді.);

      Фонограмма орындаушылардың, өндірушілердің және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция (Рим, 1961 жылғы 26 қазан, "Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 ақпандағы № 563-IV Заңы);

      Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының шығармалардың кейбір түрлеріне жекелеген құқықтарды қорғауға қатысты авторлық құқық жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі шартына қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 547-II Заңы);

      Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шартына қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 546-II Заңы).

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Авторлық құқықтар АК 972-бабында, Заңның 7-бабында көрсетілген ғылым, әдебиет және өнер туындылары түрлерінің автордың (тең авторлардың) санаткерлік шығармашылық еңбегімен объективтік нысанда жасалу фактісіне қарай туындайды және туындының уәкілетті мемлекеттік органда тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылады.

      Авторлық құқықтар туындының мазмұны мен маңызына, берілу әдісі мен нысанына, сондай-ақ, халыққа жария етілген-етілмегеніне қарамастан қолданылады.

      Егер туындының бөлігі (атауы, кейіпкерлердің аттары) шығармашылық жұмыстың нәтижесі болып табылса және оны дербес пайдалану мүмкін болса, онда авторлық құқықтар тұтастай туындыға ғана емес, оның осы бөлігіне де жүреді.

      Ауызша нысандағы туындыға авторлық құқық ол көпшілік алдында айтылған (орындалған) жағдайда ғана қолданылады.

      3. Авторға техникалық көмек көрсеткен (басу, түзету және т.б.) тұлғалар туындының тең авторлары болып таныла алмайды.

      АК 974-бабында және Заңның 8-бабында көрсетілген объектілер, сондай-ақ идеялар, әдістер, процестер, тәсілдер, тұжырымдамалар, принциптер, жаңалықтар, фактілер авторлық құқықтың объектілеріне жатпайды және құқықтық қорғалумен қамтамасыз етілмейді.

      4. Авторлық құқықтар құрамына:

      автордың АК 977-бабында және Заңның 15-бабында көрсетілген жеке мүліктік емес құқықтары кіреді. Бұл құқықтар (авторлық құқық, авторлық есімге құқық, халыққа жария ету құқығы, туындыны кері қайтарып алу және оған қол сұқпаушылық құқығы) иеліктен шығарылмайды. Автордың мұрагерлері немесе автор өзінің мүліктік емес құқықтарын қорғауды жүктеген тұлға, сондай-ақ мұрагерлер болмаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган, автордың осы құқықтарын АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес қандай да бір талап беру мерзімінің ескіруімен шектелусіз қорғауды жүзеге асыруға құқылы.

      АК 978-бабында және Заңның 16-бабында көрсетілген мүліктік (айрықша) құқықтар кіреді. Бұл құқықтар бұзылған жағдайда оны автор, сондай-ақ оның мұрагерлері, автордың нақты немесе барлық мүліктік құқықтары авторлық шарт бойынша берілген тұлғалар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган Заңның 49-бабының 1-тармағында қарастырылған тәсілдермен қорғай алады. Автордың мүліктік құқықтарын қорғау туралы талаптарға АК 178-бабының 1-тармағында қарастырылған жалпы талап қою мерзімінің ескіруі қолданылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      5. Автордың мүліктік (айрықша) құқықтары оның бүкіл өмірі бойы және қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды. Бұл мерзім туындының аяқталған-аяқталмағанына, біртұтас немесе жеке бөліктерден тұратындығына қарамастан автордың кез келген шығармасына қолданылады.

      Тең авторлардың мүліктік (айрықша) құқықтары әр тең автордың бүкіл өмірі бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмір сүрген автор қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды.

      Автор (тең авторлар) қайтыс болған жағдайда автордың (тең авторлардың) мүліктік (айрықша) құқықтарының күшіне ену мерзімі автор (соңғы тең автор) қайтыс болған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап саналады.

      Егер туынды авторының (тең авторлардың) бұрын АК 982-бабының 1-тармағында және Заңның 28-бабының 1-тармағында қарастырылған мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғаудың елу жылдық мерзімі 2005 жылғы 26 қарашаға дейін ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы N 90-ІІІ Заңының ресми жарияланған күні) өтіп кетсе, онда бұл құқықтарды қорғаудың жетпіс жылдық мерзімі қолданылмайды.

      6. Жасырын немесе бүркеншік атпен жария етілген туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқықтары ол заңды түрде халыққа жария етілген күннен кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды.

      Автордың немесе оның мұрагерлерінің келісімімен туындыны жариялау, көпшілік алдында орындау, көпшілікке көрсету, эфир, оның ішінде кабель бойынша хабарлау туындыны заңды түрде халыққа жария ету деп танылады.

      Егер жасырын немесе бүркеншік атпен халыққа жария етілген туындының авторы жетпіс жылдың ішінде өзінің шын есімін ашса немесе оның кім екені күмән тудырмаса, онда автордың мүліктік (айрықша) құқықтары оның өмірі бойы және қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады.

      7. Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жыл ішінде бірінші рет жарыққа шығарылған (жария етілген) туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқығы туынды жарыққа шығарылғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады. Автордың мұндай құқығының күшіне ену мерзімі туынды жарыққа шыққаннан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап есептеледі.

      Егер туындының авторы қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болғаннан кейін ақталса, онда жасалған туындыларға автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғау мерзімі ақталған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жетпіс жыл бойы күшінде болады.

      8. Автордың мүліктік (айрықша) құқығын қорғау мерзімінің өтуі туындының қоғамдық игілікке айналғанын білдіреді.

      Туынды қоғамдық игілікке айналған кезде оны кез келген адам авторлық сыйақы төлемей, авторлық құқық, автор есімінің құқығы мен оның беделін қорғау құқығын сақтай отырып пайдалана алады.

      9. Авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілері нақтыланбай, автордың немесе туындыны орындаушының мүліктік (айрықша) құқықтарының заң бойынша немесе өсиетпен бірнеше мұрагерге ауысуы автордың барлық туындыларына және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілеріне бірлесіп қолдану құқығы пайда болғанын көрсетеді. Бұл ретте жеткілікті негізі болмаса мұрагерлердің бірде біреуі туындыны пайдалануға тыйым салуға құқылы емес. Туындыны пайдаланғаны үшін төленетін сыйақы мұрагерлерге мұрадағы үлесіне сәйкес бөлінеді.

      10. Авторлық құқық туынды түсірілген материалдық объектіге меншік құқығымен байланысты емес. Материалдық объектіге құқықтың берілуі туындыны пайдалануға мүліктік құқықтың берілуіне әкеп соқпайды.

      11. Автордың өзі немесе оның мұрагерлері авторлық шарт бойынша толық немесе ішінара берген мүліктік (айрықша) құқықтарды басқа жеке немесе заңды тұлғалар бұзған жағдайда, осы құқықты иеленушілер авторлық шартта қарастырылған тәсілмен, құқық бұзушының туындыны пайдалануына тыйым салу туралы өз атынан талап қою арқылы оны қорғай алады.

      Егер автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын авторлық шарт бойынша иеленген адам бұзылған құқықтарды қорғауды жүзеге асырмаса, онда мұны автор немесе оның мұрагерлері өз бетімен жүзеге асыра алады.

      12. Автор немесе оның мұрагерлері, сондай-ақ қызметтік туындыға мүліктік құқықты иеленуші - жұмыс беруші авторлық шарт бойынша басқа тұлғаларға мүліктік (айрықша) құқықтарын бере алады, мұндай авторлық шарттың мазмұны мен нысаны Заңның 32-бабында қарастырылған.

      Автордың болашақта жасалуы мүмкін туындыларына қатысты мүліктік (айрықша) құқықтар авторлық шарт бойынша беріле алмайды.

      Автордың болашақта нақты тақырыпқа немесе ғылым, әдебиет немесе өнердің нақты салаларында туындылар жасау құқықтарын шектейтін, сондай-ақ Заңның ережелеріне қайшы келетін авторлық шарт талаптары жарамсыз болып табылады.

      13. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары қойылымдарға, орындауларға, фонограммаларға, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларына тиісінше Заңның 37, 38, 39 және 40-баптарында көзделген мүліктік емес және мүліктік сабақтас құқықтарды иеленеді.

      Мүліктік емес сабақтас құқықтар иеліктен шығарылмайды.

      Орындаушының (мысалы, актер, әнші, биші, музыкант, эстрадалық, цирк немесе қуыршақ қойылымдарының орындаушысы, дирижер, қоюшы-режиссер) туындыны қайта орындауға, фонограмма жасаушының фонограмманы қайта жасауға және таратуға немесе эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларды пайдалануға мүліктік сабақтас құқықтары лицензиялық шарттың негізінде басқа тұлғаларға толық немесе ішінара берілуі мүмкін.

      Бұл ретте туындыны орындау, фонограмма жасау немесе қойылымдар әзірлеу барысында техникалық жұмыстарды жүзеге асыратын жарық берушілер, дыбыс өңдеушілер және басқа да тұлғалар мүліктік сабақтас құқықтарды иеленбейді.

      Заңның 2-бабының 18), 19) тармақшаларына сәйкес, қайта шығару деп туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген тәсілмен және кез келген түрде, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау түсіндірілсін. Осы ретте екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау қайта шығару түрлері болып табылады.

      Көшірмелеу немесе репрографиялық қайта шығару деп жазбаша және басқа да графикалық туындылар түпнұсқаларының немесе көшірмелерінің фотокөшірме жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар, соның ішінде басып шығару, сканерлеу, цифрлық көшіру арқылы кез келген мөлшерде және нысанда бір немесе одан да көп данасын факсимильдік қайта шығару түсініледі.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13-1. Авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар нысандарын телекоммуникация желілерінде, атап айтқанда, Интернет желісінде орналастыру, осы нысандарды Заңның 16-бабы 2-тармағының 10-1) тармақшасына сәйкес, туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу түрінде пайдалану болып табылады. Мәселен, егер белгiсiз адамдар тобы жазбаны жасаған адамның бастамасы бойынша осы туындыға немесе сабақтас құқықтар объектісіне қол жеткiзсе, туындыны немесе сабақтас құқықтар объектісін электрондық-есептеу машинасының жадына жазу пайдалану болып табылады. Осындай пайдаланудың нәтижесінде Заңды бұзып жасалған (алынған) туындылардың даналары немесе сабақтас құқықтар объектілері контрафактілік болып табылады. Осындай әрекеттерді жасаған адамдар авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзушылар деп танылады.

      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Егер шарттың тараптары осындай тіркеуді қарастырған жағдайда ғана авторлық шарт екіжақты мәміле ретінде уәкілетті мемлекеттік органда тіркелуі мүмкін.

      Авторлық немесе лицензиялық шарт бойынша ауыспаған мүліктік (айрықша) құқықтар берілген болып саналмайды.

      Авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде берілген мүліктік (айрықша) құқықтарды иеленушілер аталған шарттарда осындай жол берушілік қарастырылған жағдайда ғана және шарттарда көрсетілгеннен аспайтын мерзім мен көлемде осы құқықтарды үшінші тұлғаларға беруі мүмкін.

      Заңның 32-бабының 1-тармағында көзделген авторлық шарттың елеулі талаптарын бұзу, аталған әрекеттер автор берген өкілеттіктер шегінен тыс жүзеге асырылатындықтан авторлық құқықты бұзу болып табылады. Ерекше құқықтарды беру туралы шарттың елеулі талаптары бұзылып дайындалған және (немесе) таратылған туындылар мен фонограммалардың даналары контрафактілік болып табылады. Атап айтқанда, егер қайта шығару шартта көрсетілген тираждан асып кетсе, онда тираждың асып кетуін авторлық құқықты немесе сабақтас құқықтарды бұзу деп қарастырған жөн.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Егер туынды қызметкердің қызмет бабындағы міндеттерін орындау, жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалса, онда автордың мүліктік емес жеке құқығын қызметкер иеленеді. Егер туынды жұмыс уақытында жасалса немесе жұмыс берушінің мүлкі қолданылып жасалса, бірақ осы тармақта көрсетілген белгілерге сәйкес келмесе, онда ол қызметтік болып саналмайды.

      Қызметтік туындыны пайдаланғаны үшін авторлық сыйақы төлеудің көлемі мен тәртібі автор мен жұмыс берушінің арасындағы шартпен белгіленеді. Мұндай шарт азаматтық-құқықтық сипатта болады және оған АК 23-тарауында белгіленген ережелер қолданылады.

      Алайда жұмыс берушімен жасалған шартқа қарамастан, туындыны пайдалану және авторлық сыйақы алу құқығы туынды ұсынылғаннан кейін он жыл өткен соң, ал жұмыс берушінің келісімімен одан да ерте қызметкерге толық көлемде көшеді.

      16. Өзге дәлелдер болмаған жағдайда түпнұсқада немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы болып саналады.

      Егер оның құрамдас бөліктерін дербес пайдалануға болмаса, онда тең авторлықпен жасалған туынды бөлінбейтін біртұтас болып саналады. Егер туынды осындай бөлінбейтін біртұтас болса, онда тең авторлардың бірде бірі немесе кез келген тең автордың мұрагері жеткілікті негіз болмаса осындай біртұтас туындыны заң актілерінде қарастырылған тәсілдермен пайдалануға тыйым салуға құқылы емес.

      Бөлінбейтін біртұтас туындыға тең авторлық туралы дауларды сот, осындай туынды жария етілген сәттегі тең авторлықты тану фактісін ескере отырып шешеді.

      Тең авторлардың бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалған және әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөліктерден тұратын туынды тең авторлығы бөлек туындыларға жатады. Авторлардың арасындағы келісімде өзгеше қарастырылмаса, олардың әрқайсысы туындының өзі жасаған дербес мәні бар бөлігін қалауы бойынша дербес пайдалана алады.

      17. Әртүрлі авторлардың туындыларынан және басқа да материалдардан тұратын, құрастырушының шығармашылық еңбегінің нәтижесінде әр туынды авторының құқығы сақтала отырып іріктелген және (немесе) белгілі бір тәртіппен орналастырылған жинақ құрама туынды болады. Егер жинақты құрастырушымен жасалған авторлық шартта өзгеше қарастырылмаса, жинаққа енгізілген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан дербес пайдалануға құқылы.

      Жарыққа шыққан энциклопедияларды, ғылыми еңбектер жинақтарын және басқа да мерзімді басылымдарды пайдалануға айрықша құқық баспагерге беріледі, алайда мұндай басылымдарға енгізілген туындылардың авторлары өз туындыларын тұтас басылымға қарамастан пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.

      18. Егер дыбыс-бейнежазу туындысы (кинофильм, бейнефильм және Заңның 2-бабының 4-тармағында көрсетілген өзге де туындылар) кинотеатрларда немесе өзге де еркін кіруге ашық орындарда, не отбасының дағдылы ортасына жатпайтын адамдар болған жерлерде көрсетілсе, жария орындалған болып саналады.

      Отбасының дағдылы ортасына өзара туысқандық қарым-қатынастағы адамдарды ғана емес, аталған туысқандармен қарым-қатынастарының сипаты оның ұзақтығын, сенімге құралғанын көрсететін немесе басқа да ортақ мүдделері бар екенін айғақтайтын адамдарды жатқызу қажет.

      Кино, бейнефильмдерге, спектакльдерге, диафильмдерге, слайдфильмдерге және осыған ұқсас туындыларға арнайы жазылған музыкалық туындылардың авторлары (мәтінмен немесе мәтінсіз) әрбір жария көрсетулер сайын өздерінің музыкалық туындыларының жария орындалғаны үшін сыйақы алуға құқылы. Бұрын жазылған, кейіннен дыбыс-бейнежазу туындысына, спектакльге енгізілген музыкалық туындылардың авторлары да осындай құқыққа ие болады.

      19. Аударма, қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқадай қайта өңдеу нәтижесінде жасалған туындылар туындатылған шығармаларға жатады.

      Туындатылған шығарманы негізгі туынды авторының авторлық құқығын не мұрагерлердің немесе автордың мүліктік құқықтарын иеленушілердің мүліктік құқықтарын бұза отырып азаматтық айналымға енгізу Қазақстан Республикасының заң актілерінде қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

      20. Туынды авторының келісімімен жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, баршаның назарына жеткізу, туындының даналарын сатып алу-сату мәмілелерін жасау және өзге де тәсілдер арқылы туындыны тұңғыш рет белгісіз адамдардың ортасына шығаруды туындыны заңды жария ету (азаматтық айналымға енгізу) деп түсіну керек.

      Туындыны жасырын немесе бүркеншік атпен жариялағанда баспагер автордың өкілі болып саналады және автордың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Баспагер автордың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға талап келтіргенде арызға баспагердің атауы көрсетілген туынды данасын тіркейді. Автор мен баспагердің қарым-қатынастарын белгілейтін авторлық шартта туынды авторының шын есімі көрсетіледі. Аталған шарт сот отырысында зерттелмейді. Егер қойылған талап негізді болып, автор сот отырысы аяқталғанға дейін өзінің есімін аян етпесе, сот баспагердің талабын қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдайды.

      21. Заңның 18-бабының 1-тармағында, 19, 20, 21, 22, 23, 24 және 25-баптарында қарастырылған жағдайларда, заңды түрде халыққа жария етілген туынды автордың келісімінсіз және авторлық сыйақы төленбей пайдаланылуы мүмкін.

      22. Фонограмма жасаушының және орындауы фонограммаға жазылған орындаушының келісімінсіз туындыны техникалық құралдарды қолдану арқылы бар, дәмхана, мейрамхана және басқа да көпшілік орындарында жария орындауға жол беріледі, егер туынды отбасының дағдылы ортасына жатпайтын адамдардың қатысуымен және табыс түсірілмей орындалса, онда авторлық сыйақы төленеді. Туынды орындалған кезде қатысқан адамдар отбасының дағдылы ортасына жататын-жатпайтыны туралы мәселені шешкен кезде тек туысқандық қарым-қатынастардың бар-жоғы ғана емес, жеке байланыстар, қарым-қатынастардың мерзімі және сипаты, сондай-ақ өзге де мән-жайлар (үйлену тойы, мерейтой немесе өзге салтанатты шара екені және тағы басқа) назарға алынуы қажет.

      Көрсетілген көпшілік алдында орындау түрі үшін "Туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін төленетін авторлық сыйақының ең төменгі ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 қазандағы N 1083 қаулысында қарастырылған мөлшерде авторлық сыйақы төленеді. Бұл жағдайда орындаушы немесе фонограмма жасаушы Заңның 49-бабында қарастырылған өтемақыны өндіру құқығын иеленбейді.

      23. Автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымдастырушыларының жеке мүліктік емес немесе мүліктік (айрықша) құқықтары бұзыла отырып әзірленген, таратылған немесе басқаша жолмен пайдаланылған авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерінің даналарын, не авторлық құқық және сабақтас құқықтардың заңды түрде жарияланған объектілерінің автор немесе сабақтас құқық иесі туралы ақпарат алынып тасталған немесе заңсыз енгізілген даналарын туындының, дыбыс-бейнежазу туындылары фонограммаларының, эфирлік және кабельдік ұйымдардың хабарларының контрафактілік даналары деп түсіну қажет. Контрафактілік даналарға, сондай-ақ туынды немесе фонограмманың авторлық немесе лицензиялық шартта қарастырылған данадан (тираждан) артық шығарылған, шартта қарастырылған аумақтан тыс жерде таратылған, аталған шарттарда қарастырылмаған материалдық заттарда дайындалған даналары, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтардың басқа объектілері оларға заңсыз енгізілген туындылар немесе фонограммалар жатады.

      Қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатын авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылу фактісі анықталып, келтірілген зиянның көлемін, ірі мөлшердегі зиянның бар-жоғын анықтаған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 3-бабының 2) және 38) тармақтарында түсіндірулерді ескеру қажет.

      Туындылардың және (немесе) фонограммалар даналарының контрафактілігі құқықтық ұғым болып табылады, сондықтан туындылардың немесе фонограммалар даналарының контрафактілігі туралы мәселе сарапшының алдына қойылуы мүмкін емес. Авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілерін зерттеу қажеттілігіне байланысты сараптаманы тағайындаған кезде соттар құқық иеленушілермен еңбек немесе шарттық қатынастардағы адамдарды сарапшылар немесе мамандар ретінде тартуға жол бермеу туралы талапты сақтауға тиіс. Тек құқық иеленушіге ғана белгілі авторлық және сабақтас құқықтың объектілерін қорғаудың арнайы түрлері (дискілердегі, көркем туындылардағы арнайы белгілер және т.б.) туралы ақпарат алу қажет болған жағдайда оның қызметкерлері және онымен байланыстағы өзге де адамдар сотқа тек куә ретінде ғана шақырылуы мүмкін.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      24. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы істер бойынша туындының авторы (тең автор), орындаушылар, фонограмма жасаушы, эфирлік және кабельді хабарлардың ұйымы, автор мен орындаушының мүліктік құқықтарының мұрагерлері, жасырын туындылардың баспагерлері, авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде нақты мүліктік құқықтар берілген тұлғалар талапкерлер болып табылады.

      Өзге тұлғалар тек сенімхаты болған жағдайда ғана автор немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің мүддесі үшін талап бере алады. Егер автор немесе орындаушының мұрагерлері болмаса не туынды қоғамдық игілікке айналса, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, уәкілетті мемлекеттік орган жарғылық қызмет немесе заңға сәйкес талапкердің өкілдері болып табылады. Егер аталған ұйым мен автордың немесе орындаушының арасында олардың мүліктік (айрықша) құқықтарын ұжымдық негізде басқару туралы шарт жасалған болса, онда жарғылық қызметке сәйкес талап келтіру орын алуы мүмкін.

      Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым мен осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымның арасында шетелдік автор немесе орындаушының Қазақстан Республикасындағы осындай құқықтарын басқару жөнінде шарт жасалған болса, онда осы ұйым шетелдік автор немесе орындаушының Қазақстан Республикасында бұзылған құқықтарын қорғау туралы талап келтіруге құқылы.

      Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға туындының авторы немесе орындаушысы берген сенімхатта осындай іс жүргізу әрекеттері қарастырылмаған болса, онда ұйым ұйымның мүшелері - автор немесе орындаушының мүддесі үшін келтірілген талаптан өз бастамасымен бас тартуға немесе жауапкер келтірген зиянның орнын толтырту, жауапкер тапқан табыстан өндірту, зиян немесе табыстың орнына өтемақы төлетуден бас тартқызатын бітім келісімін жасауға құқылы емес.

      Ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымның жарғысы, ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаруға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушімен келісім және (немесе) осындай құқықтарды іске асыратын шетелдік ұйыммен келісім авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызбен сотқа жүгінуге ұйымның құқығын растайтын құжаттар болып табылады.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      25. Өзінің әрекеттерімен автордың (оның мұрагерлерінің) немесе сабақтас құқықтарды иеленушілердің не авторлық немесе лицензиялық шарт негізінде мүліктік құқықтарды иеленушілердің жеке мүліктік емес немесе мүліктік құқықтарын бұзған тұлға авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы істің тиісті жауапкері болып табылады.

      Баспагермен жасалған шартқа сәйкес, туынды даналарының тиражын басып шығарған баспахана техникалық қызметтерді атқарады және тиісті жауапкер болып табылмайды. Егер баспахана өз бастамасымен басылымның тиражын көбейтсе, онда ол контрафактілік даналарды дайындаушы болып саналады және Қазақстан Республикасының заң актілерімен қарастырылған жауапкершілікте болады.

      Автордың немесе орындаушының мүліктік құқықтарының бұзылуына байланысты бірнеше тұлға жауапкер ретінде танылып, бірдей немесе үлестік жауапкершілікте болуы мүмкін.

      26. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 27-бабына сәйкес, авторлық немесе сабақтас құқықтарды, оның ішінде қызметтік туындыны жасауға және пайдалануға байланысты бұзылған құқықтарды қорғау туралы істер аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жатады.

      Егер заңды тұлғалар немесе заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар авторлық немесе сабақтас құқықтардың бұзылуынан туындаған даудың тараптары болып табылса, онда мұндай дау мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың соттылығына жатады. Бұл ретте азаматтың заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде салық органында тіркелуден өткен-өтпегені маңызды емес.

      Ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдар авторлардың, аталған ұйым мүшелерінің немесе өкілдердің мүліктік құқықтарының бұзылу фактілері бойынша авторлардың мүддесі үшін берген талап арыздар жалпы юрисдикция соттарында қаралады.

      Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талаптар сотқа жауапкердің тұрғылықты орны бойынша беріледі. Орындалу орны белгіленген, авторлық немесе лицензиялық шарттан туындаған талаптар аталған шарттардың орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      27. "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 616-бабының 2) тармақшасына сәйкес, бұзылған мүліктік емес және (немесе) мүліктік авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғауға қатысты істер бойынша талаптар берген кезде талапкерлер мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      28. АК 9-бабы және Заңның 49-бабында бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды азаматтық сот ісін жүргізуде заңда көрсетілген тәсілдермен қорғауды жүзеге асыру көзделгендіктен, талапкердің талабын қамтамасыз ету туралы арызын қараған кезде сот АПК-нің 156-бабының тәртібімен берілген талапқа сәйкес келетін қамтамасыз ету шарасын қолдануға құқылы.

      Егер құқықтарды тану немесе құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру туралы талап берілсе, онда судья, мысалы, жауапкердің авторлық немесе сабақтас құқықтардың даулы объектісін көшірмелеу немесе тарату бойынша қандай да бір әрекеттер жасауына жол бермей, туындының, фонограмманың даналарына, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымы бағдарламасына тыйым сала алады.

      Егер құқықтарды бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттерді тыю туралы талап берілсе, онда судья, мысалы, туындының дайындалған даналарына, контрафактілік даналарды дайындауға пайдаланылатын материалдарға тыйым салып, жауапкердің авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзатын нақтылы әрекеттер жасауына не жауапкердің авторлық немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға дайындалғанын, сатылып алынған жабдықтарды жауапты сақтауға бергенін айғақтайтын әрекеттер жасауына жол бермейді.

      Егер шығындардың орнын толтыру, оның ішінде айырылып қалған пайданы өтеу туралы, зиян немесе табысты өтеу орнына табыс не өтемақы өндіру туралы талап берілсе, онда судья, борышкердің өзіндегі немесе өзге тұлғалардағы мүлкіне тыйым салуға құқылы.

      Талап қоюды қамтамасыз ету туралы соттың ұйғарымы туындаған даудың мәні бойынша қорытындыларды қамтуға және іс бойынша шешімді алдын ала болжауға тиіс емес.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      29. Заңның 9-бабына сәйкес, авторлық презумпциясы қолданылатындықтан, басқадай жоқ болса туындының түпнұсқасында немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туынды авторы болып саналады.

      Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы істер қаралғанда, АПК-нің 72-бабына сәйкес, талапкер өзіне тиесілі құқықтарды жауапкердің заңсыз пайдалану фактісін, ал жауапкер авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің Заң талаптарына сәйкестігін және автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының немесе эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымының құқықтарын бұзбағанын дәлелдеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда жауапкер авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзушы болып танылып, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылуы тиіс.

      30. Туынды авторының немесе орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары бұзылған жағдайда, автор немесе орындаушы моральдық зиян өндіру жөнінде талап қоюға құқылы.

      Туынды авторының немесе орындаушының мүліктік емес құқықтары мұрагерлерге заң не өсиет бойынша ауыспайтындықтан мұрагерлер өз пайдасына моральдық зиян өндіру туралы талап қоюға құқылы емес, ал мұндай авторлар мен орындаушылардың бұзылған жеке мүліктік емес құқықтары заңмен қарастырылған өзге тәсілдермен қорғалуға жатады.

      31. АПК-нің 279-бабымен қарастырылған арызды қараусыз қалдыру негіздері түбегейлі болып табылады, осыған байланысты егер ондай өкілеттілік тиісті түрде ресімделген сенімхатпен берілмесе, талапкердің өкілі бұзылған авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызды қараусыз қалдыру жөнінде өз бастамасымен сотқа ұсыныс жасауға құқылы емес.

      32. Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талапты қанағаттандырғанда сот, туындының, фонограмманың, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымы бағдарламасының контрафактілік даналарын, сондай-ақ талапкердің ондай талап қойған-қоймағанына қарамастан контрафактілік даналарды көшірмелеуге тікелей пайдаланылған материалдар мен жабдықтарды тәркілеуге құқылы.

      Егер туындының немесе фонограмманың, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымы бағдарламаларының контрафактілік даналары сапалық талаптарға сай болса, сот талапкердің пікірін ескере отырып осы даналарды талапкерге беруі мүмкін. Егер контрафактілік даналар сатылмаған болса, онда талапкердің табысты өндіру немесе шығынның орнын толтыру талаптары қанағаттандыруға жатпайды.

      Егер контрафактілік даналар сапалық талаптарға сай болмаса, онда олар соттың шешімі бойынша жойылуға жатады.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады