Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қазақ тіліндегі кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 4 Нормативтік қаулысы

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мынадай нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы соттардың қарау практикасы туралы" 1996 жылғы 25 шілдедегі № 7 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 9; 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы" 1996 жылғы 25 шілдедегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттарда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы қолдану практикасында туындайтын мәселелерді түсіндіру қажеттігін атай отырып және сотта тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыспен, көрсетілетін қызметпен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды және тұтынушылар - жеке тұлғалар, яғни жеке тұрмыстық қажеттіліктері үшін тауарларды сатып алатын және пайдаланатын, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тапсырыс беретін не осындай ниеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 12-бабы (бұдан әрі – АК) және тауарларды сатушылардың не оларды өндірушілердің, сондай-ақ меншік түрі мен заңды тұлғаның құрылу нысанына қарамастан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындаушылардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің (АК-нің 19-бабы) арасындағы қатынастарды реттейді және ол күшіне енгеннен кейін пайда болған немесе жалғасатын құқықтық қатынастарға қолданылады (АК-нің 4, 383-баптары).

      Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де көрсетілетін қызмет салаларындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында (Заңның 2-бабының 2-тармағы) белгіленеді.

      2. Тұтынушылар қатысатын қатынастар, олардың құқықтары мен міндеттері, осы құқықтарды жүзеге асыру мен қорғау тәртібі, сондай-ақ сатушылардың, дайындаушылардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындаушылардың құқықтары мен міндеттері Заңнан басқа, АК-де және оған қайшы келмейтін заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерде, сондай-ақ заңнамада көзделген немесе оған қайшы келмейтін шарттарда және басқа да мәмілелерде реттеледі.

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының Конституциясында, АК-де және Заңда белгіленгендермен салыстырғанда, тұтынушылардың құқықтарын шектей алмайды және оларды қорғау кепілдігін төмендете алмайды.

      Соттар орталық атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерін алдыртып, зерттеуі тиіс және оларда сатушылардың, дайындаушылардың және орындаушылардың басым (монополиялық) жағдайды пайдаланатын немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға қайшы келетін ережелер болса, мұндай актілер қабылданған кезден жарамсыз болып табылатынын және қолданылуға жатпайтынын ескергені жөн (АК-нің 3-бабының 5-тармағы).

      Мәслихаттар мен әкімдердің шешімдері заңнамалық актілерге қайшы келген жағдайда сот дауды заңнамалық актілерді негізге ала отырып шешуі тиіс.

      4. Жалпы ережелерге (Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК) 29-бабы) сәйкес жеке тұлғаға талап қою оның тұрғылықты жері бойынша және заңды тұлғаға оның орналасқан жері бойынша беріледі. Сонымен қатар талап қоюшының таңдауы бойынша (АПК-нің 30-бабының тоғызыншы бөлігі) тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша берілуі мүмкін, сондықтан соттар талап қоюды қабылдаған кезде талап қоюшының істі қарау орнын таңдау құқығын ескеруі тиіс.";

      4) 5-тармақтың үшінші, төртінші, бесінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылар мүддесіне орай сотта қарау үшін жіберетін талап қоюларға мемлекеттік баж салынбайды ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексі (Салық кодексі) 616-бабының 11) тармақшасы, Заңның 42-бабы).

      Сонымен қатар тұтынушылар сотқа өздері жүгінген кезде құқықтарының бұзылуына байланысты талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылмайды.

      Мұндай жағдайларда мемлекетке және тараптарға сот шығыстарын өтеу, оларды тараптар арасында бөлу АПК-нің 109, 116, 117-баптарында белгіленген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.";

      5) 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. "Қоғамдық бірлестіктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы № 3-I Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Қоғамдық бірлестіктер туралы заң) 2, 10-баптарына сәйкес тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қоғамдық коммерциялық емес ұйым бола отырып, қоғамның кемінде 10 мүшесінің бастамашылығымен шақырылатын құрылтай жиналысында қабылданатын жарғыға сәйкес әрекет етеді және заңды тұлғалар болып табылады.

      Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері немесе олардың одақтары (қауымдастықтары) бастамашылық жасаған істер бойынша соттар олардың мәртебесін, қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ құқық қабілеттілігін Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуден немесе қайта тіркеуден, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары және өкілдіктері) есептік тіркелген кезден бастап пайда болатынын ескере отырып анықтауға тиіс.";

      6) 7-тармақтағы "тұлға" деген сөз "тұлғалар" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) 8, 9, 10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Соттар Заңның 21-бабын қолдану кезінде құқық бұзған адамның кінәсіне қарамастан, мүліктік емес құқықтарды қорғау туралы АК-нің 141-бабының 3-тармағын басшылыққа алуға тиіс.

      Заңның 42-бабында тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына тұтынушылардың белгісіз тобына қатысты мүліктік және моральдық зиянды өтеу туралы талап қою құқығы берілмеген, демек, тұтынушылар қоғамының нақты тұтынушылар көрсетілмеген мүліктік және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюын АПК-нің 148-бабы бұзыла отырып берілген деп танып, 152-бабына сәйкес арыз берушіге қайтарған жөн.

      9. АПК-нің 56-бабына сәйкес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) қауіпсіздігіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар соттың бастамасы бойынша істің талқылауына тартылуы мүмкін немесе өз бастамасы бойынша не іске қатысатын тұлғалардың бастамасы бойынша өздерінің құзыретіне кіретін мәселелерге қатысты қорытынды беруге процеске кірісе алады.

      10. Соттар бөлшек сатып алу-сату шартын жасасу сәтін айқындау кезінде АК-нің 446-бабын басшылыққа алуға тиіс, оған сәйкес, егер заңнамалық актілерде немесе бөлшек сатып алу-сату шартында, оның ішінде сатып алушы қосылатын формулярларда немесе өзге де стандартты нысандардың талаптарында өзгеше белгіленбесе, сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауар чегін немесе тауардың төленгенін растайтын өзге құжатты берген кезден бастап бөлшек сатып алу-сату шарты тиісті нысанда жасалды деп есептеледі (АК-нің 389-бабы).

      Тараптар арасында шарттың нысанасы, бағасы және тараптардың ең болмағанда біреуі келісуді талап ететін басқа талаптар туралы келісімге қол жеткізілгенде, бөлшек сатып алу-сату шарты жасалған кезде орындалатын шарт тауар құнына қарамастан, ауызша нысанда жасалады.

      Жасалмай орындалатын сол бір шарттар (алдын ала тапсырыс бойынша, сәлемдемелік сауда жасау кезінде, автомобильдерді сату кезінде және басқа да жағдайларда) осындай шарттар үшін заңда белгіленген немесе тараптар уағдаласқан нысанда жасалады.

      Егер шарт жасасу жөніндегі жазбаша ұсынысты алған адам шартта көрсетiлген талаптарды (тауарларды тиеп жөнелту, көрсетілетін қызметтерді ұсыну, жұмыстарды орындау, тиiстi соманы төлеу және т.б.) орындау тәртібімен қабылдаса, шарттың жазбаша нысаны сақталған деп есептеледі (АК-нің 394, 396-баптар).

      11. Тұтынушы мен қызмет көрсететін кәсіпорынның жұмыскері қызмет көрсету процесінде өздерінің ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеуге, адамгершiлiк және әдептілік нормаларын сақтауға тең құқығы бар. Осы нормалар бұзылған жағдайда жәбірленуші АК-нің 9, 141, 142, 143-баптарына сәйкес өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.";

      8) 13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Тиісті сапада болмаған өнімнен келтірілген зиян үшін мүліктік жауаптылық мәселелерін шешу кезінде Заңның 16-бабына сәйкес құрастыру, өндірістік, рецептілік және өзге де кемшіліктер салдарынан азаматтың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиян АК-нің 47-тарауының қағидалары бойынша толық көлемде өтелуге жататынын ескерген жөн.

      Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда болған-болмағанына қарамастан, сатушы (дайындаушы, орындаушы) келтірілген зиянды өтеуге тиіс (Заңның 31-бабының 1-тармағы).

      14. АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiс шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе бүлінуі (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмағанда, қалыпты айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған кірістері (айырылып қалған пайда) залал деп түсiнiледi. Залалдың мөлшері АК-нің 3 және 4-тармақтарының қағидалары бойынша айқындалады.

      Басқа жағдайларда тұрақсыздық айыбының есепке алу сипатын белгілейтін АК-нің 351-бабының талаптары басшылыққа алынғаны жөн.";

      2. "Тұрғын үйге меншік құқы туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы" 1999 жылғы 9 шілдедегі № 10 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 7; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұрғынжайға меншік құқығы жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы" 1999 жылғы 9 шілдедегі № 10 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұрғынжайға меншiк құқығын тану, меншiк иесiне үлесiн бөлiп беру және тұрғынжайды пайдалану тәртiбiн айқындау туралы даулар бойынша заңнаманы қолдану туралы iстер бойынша сот практикасын қорыту нәтижесін талқылап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Дауларды жан-жақты және дұрыс шешудi қамтамасыз ету мақсатында соттар iстердi қарауға дайындау кезінде тараптардың тұрғынжайға меншiк құқығын және меншік иелерінің үлес мөлшерiн растайтын құжаттарды (үйдің кiмнiң атына және қандай үлесте тiркелгенi туралы тiркеу органының жылжымайтын мүлiк бойынша анықтамасы, мұраға құқық туралы куәлiк, сату-сатып алу, сыйға тарту туралы шарттар, тұрғынжайға немесе оның бөлiгiне меншiк құқығын тану туралы заңды күшiне енген сот шешiмдерi және басқалар) талап етуi қажет. Тұрғынжайдың және жер учаскесiнiң жоспарлары, сондай-ақ iс үшiн маңызы бар басқа да құжаттар ұсынылуы мүмкiн.

      2. Тұрғынжайға меншiк құқығы туралы дауларды шешу кезінде сот нақты мән-жайларды ескере отырып, егер сатып алушы ретiнде көрсетiлген тұлғалар мен отбасы мүшесi арасында тұрғынжайды бiрлесіп сатып алу туралы келiсiмге қол жеткiзiлгені және осы мақсатта отбасы мүшелерiнің оны сатып алуға өз қаражаттарын салғаны анықталса, сату-сатып алу шарты бойынша бiрлесiп сатып алынған тұрғынжайға ортақ меншік құқығын отбасы мүшелеріне тану туралы талап қоюды қанағаттандыруы мүмкін.

      3. Құрылысы бiтпеген тұрғын үйдi бөлу туралы талаптарды сот жер ресурстарын басқару жөніндегі органдардың басқа тұлғаларды құрылыс салушылар ретiнде жер учаскесін бөліп беру шартына енгізуге рұқсаты болғанда ғана қанағаттандыруы мүмкiн. Бұл мәселенi анықтау үшiн iске жер ресурстарын басқару және сәулет жөніндегі органдарды тарту қажет. Бұл ережелер ерлi-зайыптылардың тұрғынжайды бөлу туралы дауларына қолданылмайды, өйткені ол олардың ортақ бірлескен меншiгi болып табылады және олардың үлестерi тең болып танылады.

      4. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 244-бабы 3-тармағының негізінде өз бетінше салынған объектіге қатысты бiрнеше мүдделi тұлғалардың арасында дау туындаған жағдайда соттар уәкiлеттi органның жер учаскесiн мүдделі тұлғалардың бiреуiне беруi мүмкін екенін немесе өз бетінше құрылыс салынған учаске сот құрылысқа меншiк құқығын таныған тарапқа берiлетiні жөнінде сотқа хабарлауы мүмкiн екенін ескеруi тиiс.

      АК-нiң 244-бабының 4-тармағында көрсетiлген әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орынды деп уәкілетті органның қорытындысы негiзiнде өз бетінше салынған құрылыспен бірге жердi мемлекеттің мұқтажы үшін немесе төтенше сипаттағы мән-жайлар кезінде алып қоюды түсiну қажет (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84, 91-баптары).

      5. Соттар үлестік меншiктегi тұрғынжай оған қатысушылардың арасында олардың келiсiмі бойынша бөлінуі мүмкiн екенін ескеруі тиіс.

      Егер келiсiмге қол жеткізілмесе, қатысушы өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл ретте соттар ұсынылған құжаттар мен тараптардың айғақтарын негізге ала отырып, техникалық, өртке қарсы және санитарлық нормаларды сақтай отырып, тұрғынжайдың бөлігі мен шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы құрылыстарды меншiк иелерiнiң үлестерiне сәйкес бөлу мүмкiндiгi туралы, тараптардың ұсынған нұсқаларымен қоса, тұрғын үй-жайларды бөлудiң немесе пайдалануға берудiң барлық рұқсат етiлетiн нұсқалары туралы, тұрғынжай мен басқа құрылыстардың нақты бағасы туралы, сондай-ақ бөлiнуге жататын үйдiң әр бөлiгiнiң бағасы, қайта жабдықтауға қажеттi шығындардың мөлшерi және т.б. туралы қорытынды алу үшiн техникалық сараптама тағайындаудың қажеттiгi жөнiндегi мәселенi соттар әр жағдайда талқылауы қажет. Сот шешiлетiн мәселенiң сипатына қарай сараптама жүргiзудi тиісті құрылыс және коммуналдық шаруашылық мамандарына тапсыруы мүмкін. Сараптама процестік құқық нормаларының талаптарына қатаң сәйкестікте тағайындалуы және жүргізілуі тиiс. Сараптама жүргізуге жұмсалған шығыстарға ақы тараптар есебiнен төленедi.

      Меншiк иесiне тиесiлi өз үлесiн бөліп беру - оның меншiгiне тұрғынжайдың және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы құрылыстардың оқшауланған белгілі бiр бөлiгiн үлесiне сәйкес беруді білдіреді және бұл ортақ меншiк құқығының тоқтатылуына әкеп соғады (АК-нің 218-бабы). Пәтерлердегi қосалқы үй-жайлар (ас-үй, дәліз, қоймалар және т.б.) ортақ пайдалануға қалдырылады және бөлуге жатпайды. Көппәтерлi тұрғын үйдегi әр меншiк иелерiнiң ортақ мүлiктегi (кіреберістер, баспалдақтар, лифттер, шатырастылар, шатырлар, жертөлелер және т.б.) үлестерi заттай бөлiнiп берiлуi мүмкiн емес.

      6. Ортақ үлестiк меншiкке қатысушылардың тұрғынжайға қатысты құқықтары өз үлестерiне пропорционалды тең болғандықтан, сот үлестi заттай бөлу кезiнде меншік иесіне оның үлесіне мөлшері мен құнына сәйкес келетін тұрғынжайдың және тұрғын емес құрылыстардың бөлігін, бұл шаруашылық мақсаттағы құрылыстарға шамадан тыс залал келтірмей мүмкін болса, беруге тиіс. Құрылыстың шаруашылық мақсатына шамадан тыс залал келтiрiлуi деп - үйдiң техникалық жай-күйiнiң елеулі нашарлауын, тұрғын үй-жайларды қайта жабдықтау нәтижесінде оларды тұрғын емес үй-жайға айналдыруды, алаң мөлшерiнiң шамалы немесе оларды пайдалану қолайсыз болуынан тұрғын үй ретiнде пайдаланылуы мүмкін емес үй-жайларды үлеске бөлiп берудi және т.б. түсiнген жөн.

      7. Yлестiк меншiктегi тұрғынжайды заттай бөлу немесе одан үлестi бөлу мүмкiндiгi болмағанда, оның ішінде АК-нiң 218-бабының екінші бөлігінің 4-тармағында көрсетiлген жағдайда да бөлу мүмкін болмаса, егер тұрғынжайды пайдалану тәртiбi тараптардың келiсiмінде айқындалмаса, үлестiк меншiкке қатысушы мұндай тәртіпті айқындау туралы талапты мәлімдеу құқығынан айырылмайды.

      Сот мұндай талапты шешу кезінде үлестерге дәл сәйкес келе бермейтін іс жүзінде қалыптасқан тұрғынжайды пайдалану тәртібін, әрбір меншік иесінің тұрғынжайға мұқтаждығын және бірлесіп пайдаланудың нақты мүмкіндігін ескереді.

      Тұрғынжайды пайдалану тәртiбiн анықтаған кезде әр меншiк иесiне оның меншiк құқығындағы үлесінің негізінде оның нақты бөлiгi пайдалануға берiледi. Бұл ретте тұрғынжайға меншік құқығы тоқтатылмайды. Бөлiнген үй-жай оқшауланбауы және меншiк иелеріне тиесiлi үлестерге дәл сәйкес келе бермеуі мүмкiн. Егер меншiк иесiнiң пайдалануына оған тиесiлi үлесiнен артық мөлшердегi үй-жай берiлген болса, онда қалған меншiк иелерiнiң талабы бойынша одан үлесiнен артық үй-жайдың бөлiгін пайдаланғаны үшiн төлемақы өндіріліп алынуы мүмкін.

      8. Yлестi нақты заттай бөлу мүмкiндiгi болған кезде тұрғынжайдың бір бөлiгi үшiн ақшалай өтемақы бөлiнушiнiң де, сонымен қатар қалған меншiк иелерiнiң де пайдасына, егер олар оны алуға қарсылық білдірсе, өндiрілуге тиіс емес, өйткені мүлiкке билік ету құқығы меншік иесiнiң өзіне ғана тиесілі және ол заңда көрсетілген жағдайлар мен негiздер бойынша құқықтан айырылуы мүмкін.

      Заттай бөлу мүмкiндiгi болмаған кезде тұрғынжайға меншік құқығындағы үлес үшін ақшалай өтемақы тараптардың келiсiмiмен анықталады. Егер келiсiмге қол жеткізілмесе, онда сот бөлiнушi меншiк иесiнiң талабы бойынша дауды шешу кездегi тұрғынжайдың нарықтық құнын есепке ала отырып, өтемақы мөлшерiн анықтайды. Бұл ретте тараптардың түсiнiктемелерi, сарапшылардың қорытындылары, құрылыс материалдарының бағалары, оларды тасымалдау тарифтері, сол жерде қолданылатын бағалар бойынша жұмысшы күшiне ақы төлеу шығындары, үйдiң қолайлы жағдайлары мен орналасқан жерi (қала, ауыл, курорттық аймақ және т.б.), оның тозу дәрежесі, сондай-ақ тұрғынжайды дұрыс бағалау үшін басқа да мән-жайлар ескерiледi. Ақшалай өтемақы алған тұлға тұрғынжайға меншік құқығынан, сондай-ақ меншiк иелерiнiң келiсiмі болмаған жағдайда онда тұру құқығынан айрылады, осыған байланысты ортақ меншiкке кез келген қатысушының талап қоюы бойынша шығарылуы мүмкiн.

      9. Ерлi-зайыптылардың тұрғынжайын бөлген кезде, егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнде дәлелсіз себептермен кірісі болмаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкін отбасы мүддесiне зиян келтiрiп жұмсаса, сот кәмелет жасқа толмаған балалардың мүдделерiн және (немесе) ерлі-зайыптылардың бірінің мүддесiн негізге ала отырып, ерлi-зайыптылар үлестерiнiң теңдiгi бастамасын сақтамауға құқылы. 

      Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiгi болып табылатын тұрғын үйдi салуға олардың бiреуiнiң туыстарының қатысқаны, осы жұбайының немесе зайыбының үлесiн көбейтуге негiз бола алмайды. 

      10. Кредит берушiнiң талабы бойынша борышкердiң тұрғынжайдағы үлесiне өндіріп алу қолданылуы мүмкiн болғандықтан, сот мұндай өндiріп алу екi мән-жаймен шектелетiнiн ескеруi керек:

      а) кредит берушiнiң талабын қанағаттандыру үшiн борышкердiң басқа мүлкi болмауы тиiс;

      б) ортақ меншiкке қалған қатысушылар бұл үлестi оның нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып алып, түскен қаражат есебінен борышты өтеуге құқылы. Мұндай шарттар болмаған кезде, борышкердiң ортақ меншiк құқығындағы үлесі жария сауда-саттықтан сатылуға жатады.

      11. Үлесті бөліп беру және үйді пайдалану тәртібін айқындау туралы талап қоюлар құрылыстың орналасқан жеріндегі соттың соттылығына жатады.

      12. Осы қаулының қабылдануына байланысты Пленумның 1982 жылғы 15 наурыздағы № 1 қаулысымен енгізілген өзгерістермен "Азаматтардың жеке меншік құқығына жататын үй құрылыстарын бөлу және меншік құқығын анықтау жөніндегі сот тәжірибесінің кейбір мәселелері туралы" 1974 жылғы 1 қазандағы № 6 ҚазКСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулысының күші жойылды, "Тұрғын үйге меншік құқығына байланысты дауларды шешу бойынша сот практикасы туралы" 1981 жылғы 31 шілдедегі № 4 КСРО Жоғарғы Соты Пленумының қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.";

      4) 13-тармақтағы "құқықтың" деген сөзді "құқық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3. "Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 5 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 13, 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2, 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 1; 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 2; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы" 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кодекстің 16-бабының 1-тармағына орай соттарда некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң немесе екеуiнiң де талап қоюы бойынша жүргiзiлетiнi түсiндiрiлсiн.

      Егер әрекетке қабілетсіз жұбайдың мүдделерін қорғау талап етілсе, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талапты оның қорғаншысы немесе прокурор қоя алады. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 56-бабына сәйкес сот іс бойынша тиісті қорытынды беру үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органды осындай процеске қатысуға тарта алады.";

      3) 2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талап қою АПК-нің 148-бабының талаптарына сай келуге тиiс. Атап айтқанда, онда: некенiң (ерлі-зайыптылықтың) қашан, қайда тiркелгенi, ортақ балаларының бар-жоғы, олардың жасы, ерлi-зайыптылар кәмелетке толмаған балаларының қайсысы кiммен бiрге тұратыны туралы келiсiмге келген-келмегені, балаларды және (немесе) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын асырауға арналған қаржыны төлеу тәртiбi туралы, оған жұмсалатын қаражат мөлшерi туралы немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезiнде оны бұзуға өзара келiсiм болмаған жағдайда оны бұзудың себептерi, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талаппен бiрге басқа да талаптардың қойылған-қойылмағаны көрсетiледi. Талап қоюға неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлiк, егер ол қағаз жеткізгіште берілген болса, балалардың туу туралы куәліктердiң көшiрмелерi, еңбекақы және ерлi-зайыптылардың кiрiс әкелетiн басқа да табыс көздерi туралы құжаттар, басқа да қажеттi құжаттар қоса тiркеледi.";

      4) 3, 4, 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстi сот талқылауына егжей-тегжейлі дайындау мiндетiне соттардың назары аударылсын. Судья талап қоюды қабылдағаннан кейiн, әдетте, ерлі-зайыптының екiншiсiн шақыртып, бұл талап қоюға қатысты оның көзқарасын, ерлi-зайыптылардың сот арқылы шешуге жататын басқа да даулы мәселелерiн анықтап, олардың талаптарының қайсысы некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талап қоюмен бір мезгілде қаралуы мүмкiн екенiн түсіндiруi тиiс.

      4. Кодекстің 16-бабының 2-тармағына сәйкес некені (ерлі-зайыптылықты) зайыбының жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде оның келісімінсіз некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы жұбайының талап қоюын қанағаттандыру мүмкін емес. Алайда көрсетілген шектеу бала өлі туған немесе бiр жылға жетпей шетiнеп кеткен жағдайларға қатысты емес. Осы көрсетілген екi жағдайда да судьяның талап қоюды қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

      5. Сот тәртібімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу жағдайларының бірі ретінде Кодексте ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік талаптарының болуы көзделген. Мүлiктiк талаптар деп ортақ мүлікті бөлуге, еңбекке қабілетсіз жұбайын, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты даулар түсініледі.";

      5) 6-тармақта:

      бесінші, алтыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, өз әрекетімен не әрекетсіздігімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарған;

      ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болған (Кодекстің 19-бабының 2-тармағы) жағдайларда жүргізіледі.";

      сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тіркеуші органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінде Кодекстің 238-бабы 2-тармағының тәртібімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға жауапкердің келісімінің жоқтығы туралы жұбайының некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтінішпен тіркеуші органға, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне жүгінгенін растайтын құжаттар ұсынылады.";

      6) 8-тармақтағы "2-тармағы бойынша" деген сөздер "2-тармағына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Соттар Кодекске сәйкес, егер некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзуға ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң келісімi болмаған жағдайда ғана, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстер бойынша ерлi-зайыптыларды татуластыру шараларын қолданады. Сот осы мақсатта тараптардың немесе олардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша не өзiнiң жеке бастамасы бойынша iстi талқылауды кейiнге қалдырады және оларға татуласу үшiн Кодексте белгiленген алты ай шегіндегі мерзімді тағайындайды. Iстi талқылау бiрнеше рет кейiнге қалдырылуы мүмкiн, алайда ерлi-зайыптылардың татуласуы үшiн жалпы мерзiм алты айдан аспауы тиiс.

      Сот нақты мән-жайларды және дәлелді себептердiң болуын ескере отырып, ерлi-зайыптылардың немесе олардың бiрiнiң өтініші бойынша татуласу үшін берілген мерзiмді өзгертуге және iстi сол мерзiм өткенге дейiн қарауға құқылы.

      Ерлі-зайыптыларды татуластыру үшін істі талқылауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым сот отырысының хаттамасында көрсетіле отырып, сот отырысы залынан шықпай-ақ шығарылуы мүмкін (АПК-нің 268-бабының үшінші бөлігі).";

      8) 11-тармақта:

      бірінші абзацтағы "алауыздықтың" деген сөз "келіспеушіліктің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      екінші абзацтағы "арыз" деген сөз "өтініш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9) 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Сот некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзған кезде жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерiн айқындауға мiндеттi. Ерлi-зайыптылардың немесе олардың бiреуiнiң талап етуі бойынша сот олардың бірлескен ортақ меншiгiндегі мүлiкті де бөлуге мiндеттi (Кодекстің 22-бабының 2-тармағы).

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 223-бабына сәйкес егер ерлі-зайыптылар Кодекстің 39-бабына сәйкес некеде (ерлі-зайыптылықта) және (немесе) ол бұзылған жағдайда (неке шарты) өздерінің мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын өзге режимді белгілемеген болса, ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алғанына не ерлі-зайыптылардың қайсысы ақша салғанына қарамастан, азаматтардың меншік құқығының объектісі бола алатын, АК-нің 115, 116-баптарына, 191-бабының 2-тармағына байланысты некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған кезде жинаған кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлiк ерлі-зайыптылардың бөлінуге жататын бірлескен ортақ меншігі (Кодекстің 33-бабының 1 және 2-тармақтары) болып табылады.

      15. КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының 1944 жылы 8 шілдедегі Жарлығы жарияланған кезге дейiн қолданыста болған заңнамаға сәйкес тiркелмеген неке (ерлі-зайыптылық) тіркелгенмен бірдей құқықтық салдарға ие болғандықтан, Жарлық күшіне енгенге дейін некелері (ерлі-зайыптылығы) тіркелмеген отбасылық қатынастарда тұрған адамдар бірлесіп сатып алған мүлікке ерлі-зайыптылардың ортақ меншік режимі қолданылады. Соттар мұндай мүлiктi бөлу туралы дауды шешу кезiнде Кодекстің 33, 34, 35, 36, 37-баптарында белгiленген ережелерді басшылыққа алуы қажет.

      16. Істі қарау кезінде бөлінуге жататын мүліктің құрамына ерлі-зайыптыларда бар не олардың үшінші тұлғалардағы ортақ мүлкі енгізіледі. Егер сот ерлi-зайыптылардың бiреуi ортақ мүлiктi иелiктен шығарғанын немесе оны екінші жұбайының еркінен тыс және отбасының мүддесiне қарамастан өз қалауы бойынша жұмсағанын не мүлiктi жасырғанын анықтаса, онда бөлу кезiнде сол мүлiк немесе оның құны ескеріледі. Ерлi-зайыптылардың ортақ қарызы да (Кодекстің 38-бабының 3-тармағы) және отбасы мүддесiнен туындаған мiндеттемелер бойынша талап ету құқығы ескеріледi.

      Сонымен қатар Кодекстің 35-бабына сәйкес некеге тұру (ерлі-зайыпты болу) кезiнде, бірақ ерлi-зайыптылардың бiреуінің өз қаражатына сатып алынған, некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) дейiн тиесiлi болған, мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлік, сондай-ақ қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынған жеке пайдаланатын заттары бірлескен ортақ мүлiк болып саналмайды және бөлінуге жатпайды.

      Егер ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарды және ортақ шаруашылық жүргізуді іс жүзінде тоқтатқаннан кейін бірлесіп мүлік сатып алмаса, сот Кодекстің 35-бабының 2-тармағына сәйкес ортақ шаруашылық жүргізу тоқтатылған кезде олардың бірлескен ортақ меншігі болған мүлікті ғана бөле алады.

      17. Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу Кодекстің 37, 38-баптарында және АК-нің 218-бабында белгіленген ережелер бойынша жүргізіледі, бұл ретте сот бөлінуге жататын мүліктің құнын тараптардың келісімі болмаған кезде сот сарапшысының қорытындысы негізінде айқындайды.

      Егер неке шартында заңда белгiленген ортақ меншiк режимі өзгертiлсе, онда сот ерлi-зайыптылардың мүлкiн бөлу туралы дауды шешу кезінде осындай шарттың талаптарын басшылыққа алуы тиiс. Бұл ретте осы іс жүргізудегі неке шарты Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес, егер шарттың талаптары ерлi-зайыптылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайға қалдырса немесе осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзса, ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң талап етуi бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкін екенін ескерген жөн.

      18. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде бөлу үшiншi тұлғалардың (мысалы, басқа мүшелердің қатысуымен шаруа (фермерлік) қожалығы немесе бұрынғы ұжымшар ауласы, ерлі-зайыптылардың біреуі (немесе ерлі-зайыптылардың екеуі де) мүше болған, өзінің пай жарнасын толық төлемеген және осыған байланысты меншік құқығын алмаған тұрғын үй-құрылыс немесе басқа кооператив және т. б.) мүдделерiн қозғаған жағдайларда сот Кодекстің 22-бабының 3-тармағына сәйкес бұл талапты жеке іс жүргізуге шығаруға құқылы екенiн ескеру қажет.

      Егер некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу және ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлу (олар кооперативтің пайдалануға берген пәтері, саяжайы, гаражы, басқа құрылысы немесе орынжайы үшін пайды толық төлемеген жағдайларда) туралы істі қарау кезінде тараптардың біреуі пайды бөлу мәселесін қоймай, жиналған пайдың қандай үлесіне құқығы бар екенін анықтауды сұраса, бұл дау кооперативтің құқықтарын қозғамайтындықтан, жиналған пайға құқығы бар басқа адамдар болмаған жағдайда сот мұндай талапты жеке іс жүргізуге шығармастан қарауға құқылы.

      19. Ерлі-зайыптылардың бiреуiнiң атына салынған банктiк салымдарды бөлу Кодекстің 37-бабының ережелері бойынша жүргізіледі.

      Ерлі-зайыптылар өздерінің кәмелетке толмаған балаларының атына ортақ мүлік есебінен енгізген салымдар Кодекстің 37-бабының 4-тармағына сәйкес балаларға тиесілі болып есептеледі және ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатын мүлікті бөлу кезінде ескерілмеуі тиіс.

      Егер үшінші тұлғалар ерлі-зайыптыларға ақша беріп, соңғылары оларды өз атына кредиттік ұйымдарға салса, үшінші тұлғалар АК-нің нормалары бойынша тиісті соманы қайтару туралы талап қоюға құқылы, бұл жеке іс жүргізуде қаралуға жатады. Осындай тәртiппен шаруа (фермерлiк) қожалығы мүшелерiнiң немесе бұрынғы ұжымшар ауласы мүшелерiнiң және басқа тұлғалардың осы шаруа (фермерлiк) қожалығының немесе бұрынғы ұжымшар ауласының мүшелерi болып саналатын ерлi-зайыптыларға қоятын талаптары шешілуі мүмкін.

      20. Некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың бірлескен ортақ меншiгi болып табылатын мүлікті бөлу туралы талаптар үшін талап қою ескіруінің үш жылдық мерзiмiнің (Кодекстің 37-бабының 6-тармағы) өтуін неке (ерлі-зайыптылық) сотта бұзылған кезде шешiм заңды күшiне енген күннен бастап, неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінде бұзылған кезде некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу азаматтық хал актілерін тiркеу кiтабында тiркелген күннен бастап есептеген жөн.

      Сот некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешім шығару кезінде тараптарға бірлесіп жинаған мүлікті бөлу туралы дауларға талап қою ескіруінің үш жылдық мерзімі қолданылатынын және оны есептеу тәртібін түсіндіруге міндетті.

      21. Сот некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан кезде сол іс жүргізуде ерлі-зайыптылардың осы талап қоюмен бірге мәлімдеген өзге де талаптарын қарауға құқылы емес, Кодекстің 22-бабына сәйкес оларды жеке іс жүргізуге шығарады.";

      10) 22-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талап қоюды қанағаттандыру туралы шешiмнiң қарар бөлiгінде тараптардың Кодекстің 22-бабы 2-тармағында санамаланған барлық талабы, оның iшiнде бiрге қарау үшiн бiрiктiрiлген талаптар бойынша соттың тұжырымы болуы тиiс. Шешімде ерлi-зайыптылардың тектерi неке (ерлі-зайыптылық) туралы куәлiкке сәйкес жазылады, ал тегi некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұру кезінде өзгерген жағдайда, шешiмнiң кiрiспе бөлiгінде некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұрғанға дейiнгi тегi де көрсетілуі қажет.";

      11) 23, 24, 25, 26, 27, 28 және 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Ерлi-зайыптылар некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешiм шығарылғаннан кейiн татуласқан жағдайда, сот бұл туралы олардың жазбаша өтініші болған кезде өз ұйғарымымен шешімнің заңды күшiне ену мерзімі өткенге дейiн шешімнің орындалуын тоқтатуға құқылы.

      24. Егер iстi кассациялық тәртіппен қарау кезінде некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешiм тіркеуші органдарға, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелеріне берiлгенi және некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын тiркеу жасалғаны анықталса, мұндай шешімнің күші көрсетілген мән-жай ескеріле отырып, материалдық және процестік құқық нормаларын елеулi түрде бұзушылықтар анықталған кезде жойылуы мүмкiн.

      Некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iс бойынша шешiмнің күші кассациялық тәртіппен жойылғаннан кейiн сот бұл iстi жаңадан қарау кезінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу тіркеуші органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінде тiркелгенін не тiркелмегенiн де тексеруге мiндеттi. Сот жаңа шешiм шығару кезінде тіркеуші органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінде некенiң (ерлі-зайыптылықтың) бұзылғаны туралы акт жазбасы болған кезде оны жою туралы мәселенi шешуге мiндеттi.

      Егер сол уақытқа дейін ерлі-зайыптылардың біреуі жаңадан некеге тұрған (ерлі-зайыпты болған) болса, онда бұл некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы туралы мәселе алдыңғы некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан бас тарту туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін мүдделі адамдардың талап қоюы бойынша шешілуі тиіс.

      25. Сот бір іс жүргізуде некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы және оны жарамсыз деп тану (қарсы талап қою) туралы талап қою талаптарын өзара байланысты деп қарауға құқылы.

      Судья некенi (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қабылдау кезінде қандай негiз бойынша некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамдылығына дау айтылатынын (Кодекстің 25-бабы) және талап қоюшы Кодекстің 26-бабына сәйкес некенi (ерлі-зайыптылықты) нақты осы негіз бойынша жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы адамдар санатына жататынын не жатпайтынын анықтауы қажет. Егер өтініш беруші мұндай адамдарға жатпаса, сот оның талап қоюын қабылдамайды.

      Кодекстің 25-бабының 1-тармағында қамтылған некенi (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану үшін негiздердің тiзбесi толық болып табылады және ол кеңейтiлiп түсiндiруге жатпайды. Мұндай негiздерге: неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) белгiленген шарттарының бұзылуы, оның iшiнде неке жасына қойылатын талаптарды сақтамау (Кодекстің 9-10-баптары); араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтін адамдардың некеге отыруы (ерлі-зайыпты болуы) (Кодекстің 11-бабы), сондай-ақ тараптар немесе олардың бiреуiнің отбасын құруға ниеті болмаған жалған неке (ерлі-зайыптылық) қию жатады.

      Неке (ерлі-зайыптылық) мәжбүрлеп қиылған, сондай-ақ, егер некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың біреуі екіншісінен құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының және қоғамның қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретін ауруы бар екенін жасырса, неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Осыны ескере отырып, Кодекстің 13-бабында белгіленген неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) тәртібіне қойылатын талаптарды бұзу некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану үшін негіз бола алмайды.

      26. Кодекстің 27-бабының 4-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылар некелерiн (ерлі-зайыптылықты) сот тәртібімен, сонымен қатар тіркеуші органдар арқылы бұзғаннан кейiн бұл некенi (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы мәселесін қоюға құқықтары жоқ.

      Ерлi-зайыптылардың арасында заңда тыйым салынған туыстық дәрежесi не некенi (ерлі-зайыптылықты) тiркеу кезінде олардың бiреуi басқа бұзылмаған некеде тұрған (ерлі-зайыптылықта) болған жағдайда, егер неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылса, онда сот некенi (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы талап қоюды некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешiмнің күші жойылған жағдайда қарауы мүмкін, өйткені сот мұндай шешiмдi қабылдаған кезде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамдылығы фактісін негізге алды. АПК-нің 76-бабының екінші бөлігіне сәйкес мұндай шешімде белгіленген мән-жайларға сол тараптар басқа процесте дау айта алмайды.

      Егер неке (ерлі-зайыптылық) соттан тыс тәртiппен бұзылса, ал кейіннен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу (тіркеу) және оны жарамсыз деп тану туралы жазбаларды жою туралы талаптар қойылса, сот көрсетілген екі талапты да бір іс жүргізуде шешеді.

      27. Кодекстің 23-бабының 1-тармағына сәйкес сот тәртібімен бұзылған неке (ерлі-зайыптылық) сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап, яғни соттың шешiмi түпкiлiктi нысанда шығарылғаннан кейiн бір ай өткен соң (АПК-нің 403-бабы) немесе апелляциялық қаулы шығарылғаннан кейiн тоқтатылған деп есептеледі. Көрсетілген ереже неке (ерлі-зайыптылық) "Неке және отбасы туралы" 1998 жылғы 17 желтоқсандағы № 321-I Қазақстан Республикасының Заңы ресми жарияланған күн - 1998 жылғы 24 желтоқсанға дейін сот тәртібімен бұзылған жағдайларға қолданылмайды, өйткені мұндай жағдайларда неке (ерлі-зайыптылық) ажырасу тіркелген кезден бастап тоқтатылды (ҚазКСР Неке және отбасы туралы кодексінің 40-бабы) деп есептеледі.

      Тіркеуші органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінде бұзылған неке (ерлі-зайыптылық) оның қашан 1998 жылғы 24 желтоқсанға дейін не осы күннен кейін бұзылғанына қарамастан некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуы мемлекеттік тіркелген күннен бастап тоқтатылды деп есептеледі.

      28. Некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстер бойынша сот отырысы хаттамасының мазмұны АПК-нің 282-бабына сәйкес болуы тиiс, атап айтқанда онда сот талқылауының барлық елеулі сәттерi: талап қоюшы мен жауапкер туралы, балалары және олардың жасы туралы мәлiметтер, талап қоюдың мәні бойынша толық түсініктемелер, куәлардың айғақтары, соттың өзге дәлелдемелерді зерттеуі, сондай-ақ соттың ерлi-зайыптыларды татуластыру бойынша әрекеттерi көрсетiлуі тиiс.

      Істі талқылау аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланыла отырып жазып алынған жағдайда АПК-нің 282-бабының төртінші бөлігіне сәйкес қысқаша хаттама толтырылады.

      29. Осы қаулы қабылданған кезден бастап:

      "Некені бұзу туралы істерді қараған кезде соттардың заңдарды қолдану тәжірибесі туралы" 1980 жылғы 28 қарашадағы № 9 ҚСРО Жоғарғы Соты Пленумы қаулысын республика соттарының орындалуы туралы" Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1987 жылғы 27 маусымдағы қаулысының күшi жойылды деп танылсын;

      "Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу жөніндегі iстердi қарау кезiнде заңдарды қолдану тәжiрибесi туралы" 1980 жылғы 28 қарашадағы № 9 КСРО Жоғарғы Соты Пленумының қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.";

      12) 30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      4. "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарының зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабын қолдану туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы:

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабын қолдану туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының біркелкі және дұрыс қолдануын қамтамасыз ету мақсатында және заңнамадағы өзгерістерге байланысты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қаулы етеді:";

      3) 1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Соттарға "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабында көзделген, Заңның 5 және 6-баптарында көрсетілген аумақтарда тұратын және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан азаматтардың зейнетақыларына үстемеақылар, сондай-ақ Заңның 5, 6, 7, 8 және 9-баптарында көрсетілген аумақтарда жұмыс істейтін және тұратын азаматтарға қосымша еңбекақы әлеуметтік төлемдерге жататыны түсіндірілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің "1996 жылға арналған республикалық бюджет туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заң күші бар Жарлығымен зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салық және басқа да төлемдерді қолдану үшін "айлық есептік көрсеткіш" ұғымы енгізілді және қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін мемлекеттік органдарға осы Жарлықпен белгіленген "айлық есептік көрсеткіш" ұғымын басшылыққа алуға және қолдануға нұсқау берілді.

      "1997, 1998, 1999 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу де айлық есептік көрсеткіш негізге алынып көзделген. "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 1999 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен аталған Заңның 12-бабына және 13-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына өзгерістер енгізіліп, "ең төменгі жалақы" деген сөздер "айлық есептік көрсеткіш" деген сөздермен ауыстырылды.

      1996 жылдан бастап "ең төменгі жалақы" деген ұғымды қолдану заңнамалық тәртіппен қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін тоқтатылғандықтан, ал 1999 жылы ол "айлық есептік көрсеткішке" ауыстырылғандықтан, соттар азаматтардың қосымша еңбекақы өндіріп алу туралы талап қоюларын қарау кезінде 1996 жылдан бастап айлық есептік көрсеткішті негізге алуы тиіс.

      Алайда соттар Қазақстан Республикасы АК-нің 960-бабының 3) тармақшасына сәйкес азаматтардың тарапынан теріс пиғыл болмаған жағдайда, ең төменгі жалақы есебінен азаматтарға төленген жалақыға экологиялық үстемеақылардың ақшалай сомаларын кері өндіріп алуға жатпайтынын назарда ұстауы тиіс.";

      5. "Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 21 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы № 2; 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2016 жылғы 25 қарашасындағы № 9; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7; 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 1; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):):

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау мәселелерін реттейтін процестік заңнама нормаларын сот практикасында біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      2) 1, 2, 3, 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Азаматтық істерді соттың талқылауына дайындау бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізу сатысындағы міндетті бөлігі болып табылады және тараптар ұсынған дәлелдемелерді, тараптардың нақты құқықтары мен міндеттерін, қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларын сот отырысында толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар жасайды.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 163-бабының екінші бөлігінде санамаланған істі сот талқылауына дайындауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында судья талап қоюларды соттың іс жүргізуіне қабылдаған кезден бастап АПК-нің 148 және 149-баптарының сотқа берілетін талап қоюлардың дәлелдемелермен негізделгені туралы талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті.

      2. АПК-нің 163-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья әр іс бойынша, оның ішінде соттылығы бойынша басқа соттардан келіп түскен істер бойынша да, сондай-ақ оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарауға көшу немесе АПК-нің 267-4-бабының екінші бөлігіне сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімінің күшін жою кезінде істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда, даудың санатын ескере отырып, оның сот отырысында уақтылы және дұрыс шешілуіне қажет болып табылатын нақты мерзімдер және әрекеттер көрсетілуі керек.

      Мұндай ұйғарым іс бойынша бұрын шығарылған сот актісінің апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен күші жойылып, ол бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілген жағдайда да шығарылуы тиіс.

      АПК-нің 429-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымға шағым жасалмайды немесе наразылық келтірілмейді.

      Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымды шығарғаннан кейін судья жауапкерді дәлелдерді негіздейтін дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді белгіленген мерзімде ұсынуға міндеттейді. Пікірге уәкілетті адам қол қоюға және талап қоюдың көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынылуға және АПК-нің 166-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы судья АПК-нің 413 және 414-баптарының талаптарын ескере отырып, іс сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша, істі қарауға дайындау тәртібімен осы Кодекстің 165-бабында көзделген әрекеттерді жүргізуге құқылы. Іс апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберіле отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың іс бойынша бұрын шығарған сот актілерінің күші кассациялық тәртіппен жойылған кезде де апелляциялық сатыдағы судья істі сотта талқылауға сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығаруы мүмкін.

      3. АПК-нің 14-бабына сәйкес сотқа талап қою берілген тілді сот ісін жүргізу тілі деп есептеген жөн. Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде талап қоюшыдан не екі тараптан сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы жазбаша өтінішхат келіп түссе, онда судья істі сот отырысында талқылау жүзеге асырылатын сот ісін жүргізу тілі туралы ұйғарым шығарады.

      4. Судьялар азаматтық істерді сот талқылауына дайындаған кезде талап қоюшылар мен жауапкерлерге АПК-нің 46-бабында көзделген процестік құқықтар мен міндеттерді, оның ішінде мәлімдеген талаптарын негіздейтін дәлелдемелерді немесе оларға келтірілген қарсылықтарын ұсыну жөніндегі міндетті, сонымен қатар тараптың осы процестік міндетті орындамаудың құқықтық салдары туралы түсіндіруге тиіс.

      Судья талап қоюшының не жауапкердің өтінішхаты бойынша дәлелдемелерді талап етіп алдыртуға жәрдемдесе отырып, істі сот талқылауына дайындау кезінде бір дәлелдеменің басқалардың алдындағы басымдығы туралы пікір білдіруге құқылы емес.

      5. Азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар (жанжалдар) бойынша - осындай дауларды, бұған заңмен тыйым салынбаған кезде, тараптардың жазбаша келісімімен төреліктің, "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының қарауына беру құқығы, осы процестік әрекетті жасау тәртібі және оның құқықтық салдары тараптарға түсіндірілуі тиіс. Алайда тараптардың осы құқықтың түсіндірілмегені туралы дәлелдері азаматтық істің сот талқылауына тиісті түрде дайындалмағанын куәландырмайды.

      Сот тараптардың татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдерді жасасу құқығын регламенттейтін АПК-нің 48-бабының бірінші бөлігіне сәйкес осындай келісімдерді жасасу құқығын тараптарға түсіндіруі тиіс.";

      3) 7, 8, 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Егер азаматтық істі сот талқылауына дайындау кезінде сотқа тараптардың мүдделерін олардың өкілдері білдірсе, онда судья осы өкілдерде АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігінде санамаланған әр процестік әрекетті жасау үшін тиісті түрде ресімделген уәкілеттіліктерінің бар-жоғын тексеруге міндетті.

      8. Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде талап қоюшының сол немесе басқа жауапкерлерге берілген талап қоюынан туындайтын талаптары, ал жауапкердің талап қоюшыға қарсы талаптары бар екені анықталса, онда судья АПК-нің 15-бабының төртінші бөлігіне сәйкес талап қоюшының қосымша талап ұсынуға, ал жауапкердің қарсы талап қоюға құқықтарын түсіндіреді, бұл ретте оларға аталған процестік әрекеттерді жасау немесе жасамау салдары ескертілуі тиіс. АПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінде және 153-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, талап қоюшы қосымша талаптар қою, ал жауапкер қарсы талап қою құқығын АПК-нің 164-бабында көрсетілген істі сот талқылауына дайындау мерзімдерінің шегінде жүзеге асыра алады. Бұл ретте қосымша талаптар, қарсы талап қою АПК-нің 164-бабында белгіленген істі дайындаудың процестік мерзімінің өтуін тоқтатпайтынын және оны ұзарту үшін негіз болып табылмайтынын ескеру қажет. Талап қоюшының істі апелляциялық сатыда қарау сатысында осындай қосымша талаптар қою құқығы көзделмеген.

      Жауапкердің қарсы талап қоюы АПК-нің 154-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, онда судья талап қоюшының қойған талап қоюмен бір іс жүргізуде бірлесіп қарау үшін қарсы талап қоюды қабылдайды. Егер бұл талап қоюдың мазмұны АПК-нің 154-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда судья АПК-нің 152-бабының негізінде қарсы талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

      9. Талаптардың сипаты, олардың өзара байланысы және ортақ дәлелдемелердің болуы барлық мәлімделген талаптарды неғұрлым тез әрі дұрыс шешуге мүмкіндік беретін жағдайда ғана бірнеше талаптарды бір іс жүргізуге біріктіруге мүмкін болады.

      Талап қоюшының бір талап қоюда біріктіріп берген талаптарын, егер судья мұндай талаптардың бөлек қаралуын қажет деп тапса, оларды ажыратуға мүмкін болады.

      Бірнеше талаптың біріктірілуі немесе олардың ажыратылуы АПК-нің 429-бабына сәйкес апелляциялық тәртіппен шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайтын судьяның бөлек ұйғарымымен ресімделуге тиіс.";

      4) 10-тармақта:

      бірінші абзацтағы "болып табылмайды" деген сөздерді "болмайды" деген сөзбен ауыстырылсын;

      екінші абзацтағы "түпкілікті" деген сөз "толық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      5) 11-тармақтағы "көмектесу" деген сөз "жәрдемдесу" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. АПК-нің 51-бабына сәйкес даудың нысанасына дербес талап мәлімдейтін үшінші тұлғалар істі сот талқылауына дайындау сатысында тараптардың да, судьяның да бастамасы бойынша іске қатысуға тартылуы мүмкін емес. Осы тұлғалар, егер мұны қажет деп тапса, өз бастамасы бойынша талап қоюшыға не жауапкерге талап қою арқылы іске қатысуға құқылы.

      Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер сот шешімі тараптардың біреуіне қатысты олардың құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, судьяның немесе тараптардың бастамасы бойынша процестің кез келген сатысында, соның ішінде істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының немесе жауапкердің жағында іске қатысуға тартылады. Бұл тұлғалар АПК-нің 52-бабына сәйкес талап қоюдың негізі мен нысанасын өзгерту, талаптардың көлемін ұлғайту немесе азайту, талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу, қарсы талап беру, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарын қоспағанда, тиісті тараптың процестік құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.

      Егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені істі өзінің іс жүргізуіне қабылдау кезінде шешсе, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші кез келген жағдайда жойылуға тиіс екендігін регламенттейтін АПК-нің 427-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған жағдайда, сондай-ақ АПК-нің 52-бабы бойынша үшінші тұлғаларды тарту туралы мәселені шешу қажет болған өзге де жағдайларда, істі дайындау мақсатында апелляциялық сатыдағы сот заңдылық мүддесі үшін істі апелляциялық сатыда қарау сатысында үшінші тұлғаларды тартуға құқылы. Бұл ретте істі дайындау АПК-нің 413-бабында белгіленген шекте жүргізілуге тиіс.";

      7) 14, 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. АПК-нің 54-бабына сәйкес мемлекет мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ істі сот талқылауына дайындау кезінде прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда, прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті болып табылады.

      Заңға сәйкес соттар сот отырысында қараған кезде прокурордың қатысуы міндетті болып табылады, мысалы, мына істерді:

      заңға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актіге прокурордың наразылығын қабылдамау туралы (АПК-нің 300-бабы);

      адамды ата-ана құқықтарынан айыру туралы ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 76-бабының 2-тармағы, сонымен қатар АПК-нің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда) істерді соттардың қарауы кезінде сот отырысына қатысуы міндетті.

      Сот прокурордың сот отырысына қатысуын, мысалы:

      басқа адамдардың мүддесі үшін прокурордың талап қоюы бойынша қозғалған;

      тараптардың бірі кәмелетке толмағандар, мүгедектігі бар адамдар, әрекетке қабілеттігі шектеулі азаматтар болып табылатын;

      тараптары мемлекет немесе әкімшілік-аумақтық бірлік болып табылатын істерді қарау кезінде міндетті деп тануы мүмкін.

      Прокурордың сот отырысына міндетті түрде қатысуы жөнінде істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетіледі.

      15. АПК-нің 56-бабына сәйкес іс бойынша қорытынды беру үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдерін сот отырысына қатысуға тарту туралы мәселені, егер мұндай қатысу заңнамалық актілерде көзделген болса, соттардың шешуіне ұсынылады.

      16. Істі сот талқылауына дайындау тәртібі бойынша сот АПК-нің 82-бабына сәйкес сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Сараптама тағайындау туралы мәселені шешкен кезде сот талап қоюшының немесе жауапкердің сараптама тағайындау туралы өтінішхаты қаралатын орны мен уақыты туралы тараптарға тиісті түрде хабарлауға міндетті, алайда бұл тұлғалардың сотқа келмеуі сараптама тағайындау туралы өтінішхатты қарауға кедергі болмайды. Судья сотқа келген тараптарға сарапшының алдына қойылуға тиіс сұрақтарды тұжырымдау құқықтарын түсіндіреді, бірақ сарапшы жауап беруге тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін судья сараптама тағайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.

      Сарапшылардың шешуіне ғылым, техника, өнер саласында арнайы білімдерді талап ететін сұрақтар ғана қойылуы мүмкін.

      Сараптама істі сот талқылауына дайындау кезінде және шешім шығарылғанға дейін істі қарау барысында дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібімен тағайындалуы және жүргізілуі мүмкін. Іске қатысатын тұлғалар іс сот талқылауына тағайындалғанға дейін сараптаманың қорытындысымен танысуға тиіс.

      17. Іске қатысатын және өздері үшін қажетті дәлелдемелерді сотқа ұсыну кейіннен мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар адамдардың немесе олардың өкілдерінің арызы бойынша сот АПК-нің 69, 70, 71-баптарына сәйкес мұндай дәлелдемелерді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы мүмкін. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз АПК-нің 70-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Оларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іс жүргізуінде іс жатқан сот қабылдайды. Сот ұйғарымда істі сот талқылауына дайындау кезінде тараптың өтінішхаты бойынша қамтамасыз етілуі мүмкін дәлелдемелерді (нақты куәлардан жауап алынғанын, дәлелдемелерге қарап-тексеру жүргізілгенін және т.б.) көрсетеді.

      Егер сот істі сот талқылауына дайындау кезінде дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау үшін негіздерді жоқ деп тапса, онда дәлелдемелерді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаудан бас тарту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Ұйғарымға шешімі түпкілікті болатын және қайта қарауға жатпайтын апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.

      Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде Қазақстан Республикасының басқа ауданындағы немесе қаласындағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішхатты АПК-нің 75-бабында көрсетілген тәртіппен орындалатын сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы шешеді.

      Судья шет мемлекеттегі дәлелдемелерді қамтамасыз етуді немесе тараптарға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетуді сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы жүргізеді. Бұл ұйғарымды 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында Қазақстан Республикасы бекіткен "Құқықтық көмек және азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенцияның" ережелеріне сәйкес немесе Қазақстан Республикасы жасаған және ратификациялаған басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес тиісті шет мемлекеттің соты орындайды.

      18. АПК-нің 281-бабына сәйкес істі сот талқылауына дайындау кезеңінде жазбаша немесе заттай дәлелдемелерді қарау, сараптама тағайындау, татуласу келісім шарттарын, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту сияқты жекелеген процестік әрекеттер жасалған кезде жазбаша нысанда хаттама не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама толтырылады. Істі бірінші сатыдағы сотта сот талқылауына дайындау кезінде хаттама, осы сатыда шешім даудың мәні бойынша шығарылатын жағдайларды қоспағанда, тараптың өтінішхаты бойынша не соттың бастамасы бойынша жүргізіледі.

      19. Судья азаматтық істерді сот талқылауына дайындауды, егер осы Кодексте және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізуге тиіс.

      Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы істер бойынша АПК-нің 319-бабының екінші бөлігін ескере отырып, істі сот талқылауына дайындау мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевидениеде) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау жөнінде іс қозғалғаны туралы жарияланым берілгеннен кейін үш айды құрайды.

      АПК-нің 164-бабында көрсетілген алименттерді өндіріп алу туралы, жәбірленушіге мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын барлық талаптар бойынша істі сот талқылауына дайындау үшін жиырма жұмыс күні мерзімі ұзартылуға жатпайды. Істердің басқа санаттары бойынша айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша аса күрделі істер бойынша ғана қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.

      Судьяның істі сот талқылауына дайындау бойынша көзделген әрекеттерді жиырма жұмыс күні мерзімінің немесе кейбір істер санаттары үшін заңнамалық актілерде көзделген мерзімнің шегінде аяқтауы мүмкін болмаған мән-жайлар айрықша жағдайлар деп түсініледі.";

      8) 20-тармақтың бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 168-бабының бірінші бөлігіне, 272, 273, 274-баптарына сәйкес заңның осы аталған нормаларында санамаланған мән-жайлар орын алып, олар жойылғанға дейін, судья істі сот талқылауына дайындауды тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.

      АПК-нің 271-бабының талаптарына ұқсастығы бойынша судья іске қатысатын адамдарға істі соттың талқылауына дайындауды тоқтата тұру туралы ұйғарымның көшірмесін жіберуге міндетті.";

      9) 21-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте судьяның талап қоюды қабылдау және азаматтық істі қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап осы істі сот талқылауына дайындауды тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылған күнге дейін өткен мерзім істі сот талқылауына дайындау мерзіміне кіреді.";

      10) 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. АПК-нің 173-бабына сәйкес, егер судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда өзі көрсеткен барлық әрекеттерді орындаса, істі сот талқылауына дайын деп есептеген жөн.

      23. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу практикасы туралы" 1986 жылғы 10 қазандағы № 18 Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулысы;

      "Кейбір азаматтық істер жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" 1987 жылғы 2 қазандағы № 11 Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының 4-тармағы;

      "Азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" 1998 жылғы 15 мамырдағы № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының 2) тармақшасы.";

      11) 24-тармақтағы "болып табылады" деген сөздерден кейін "және" деген сөзбен толықтырылсын;

      6. "Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2002 жылғы 28 маусымдағы № 13 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 6 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 2002 жылғы 28 маусымдағы № 13 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы азаматтық істерді қарау кезінде заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар азаматтардың, ұйымдардың, сондай-ақ өзге де адамдардың арыздары бойынша қозғалатынына (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 55, 62-баптары (бұдан әрі - АПК)) және факт туралы даудың болу ықтималдығымен, бірақ құқық туралы даудың сөзсіз болмайтындығымен сипатталатынына соттардың назары аударылсын. Егер арыз беруші заңдық маңызы бар бірнеше фактілерді анықтау туралы арыз берсе, онда соттар осы талаптарды бір іс жүргізуде қарауға құқылы.

      2. Соттар заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арызды, егер:

      мұндай фактілер заңға сәйкес (АПК-нің 305-бабының бірінші бөлігі) заңдық салдарларды тудырса (азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтары туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына);

      арыз берушінің фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды алуға не оларды қалпына келтіретін басқа мүмкіндігі болмаса (АПК-нің 306-бабы);

      қолданыстағы заңнамада оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) тәртібі көзделмесе (АПК-нің 306-бабы);

      фактіні анықтау соттың ведомстволығына жататын құқық туралы дауды кейін шешумен байланысты болмаса, қабылдай алады және мұндай істерді ерекше іс жүргізу тәртібімен алуы мүмкін. (АПК-нің 304-бабының екінші бөлігі).

      3. Істі сот талқылауына дайындау барысында сот арыз берушіден фактіні анықтаудағы оның заңдық мүддесінің бар-жоғын, арыз берушіден осы фактіні куәландыратын тиісті құжатты алуға не оны қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ екенін куәландыратын жазбаша дәлелдемелерді талап етуі қажет.

      Белгілі бір немесе өзге фактіні тіркеу тәртібінің болмағанын (мысалы, біреудің асырауында болу) не фактіні тіркеу тәртібінің сақталмағанын және оған мұндай жағдайларда жүгінуге мүмкіндік жоқ екенін (мысалы, қайтыс болу фактісі, баланың ата-анасы бала туғаннан кейін некені тіркетпей, баланың тууы туралы жазбаға түзетулерді уақтылы енгізбеген және мұны жасау әкесінің қайтыс болуына байланысты мүмкін болмаған жағдайларда әкелікті тану фактісі) құжатты алу мүмкін емес деп түсіну қажет. Фактіні растайтын құжаттардың болғанымен, оларда құжаттың дәлелдемелік маңызынан айыратын, түзетілуі мүмкін емес қателіктер мен сәйкессіздіктер (мысалы, жазатайым оқиға туралы акт) жіберілген жағдайларда да құжатты алу мүмкін емес деп түсінген жөн.

      Тиісті адамның қажетті құжаттың жоғалуы немесе жойылуы салдарынан оның телнұсқасын беруге мүмкіндігінің болмауын жоғалған құжатты қалпына келтіру мүмкін емес деп түсіну қажет.

      Соттар дауды сотқа дейінгі шешу тәртібін заңдық фактіні соттан тыс анықтау тәртібінен ажыратқаны жөн.

      Фактіні анықтаудың соттан тыс тәртібі деп заңдық фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды мемлекеттік органға, ұйымға, өзге тұлғаға жүгіну арқылы алуға не қалпына келтіруге мүмкін болатын заңнамалық актілерде көзделген тәртіпті түсіну керек.

      Егер қолданыстағы заңнамада оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) тәртібі көзделсе, онда сот АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес арызды қабылдаудан бас тартуға тиіс.

      Арыз қате қабылданып, іс қозғалған жағдайда ол АПК-нің 277-бабы 1) тармақшасының негізінде тоқтатылуға жатады.";

      4) 3-1-тармақта:

      екінші абзацтағы "орын алғанын" деген сөздерді "бар-жоғын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер судья істі сот талқылауына дайындау бойынша әрекеттер жасаған кезде не істі мәні бойынша қараған кезде соттың ведомстволығындағы құқық туралы дау бар екенін анықтаса, ол АПК-нің 279-бабы 13) тармақшасының негізінде арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығаруға және арыз беруші мен басқа да мүдделі тұлғаларға талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот құқық туралы дау болмаған кезде арызды қараусыз қалдыру туралы қате ұйғарым шығарған және арыз берушіге талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге ұсыным жасаған жағдайлар, процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзу деп саналуы мүмкін емес.";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мына заңдық фактіні: тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы), құқық белгілейтін құжаттардың (уәкілетті органдар беретін әскери құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті және куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасы), егер жазатайым оқиғаны өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым оқиға (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасы), азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасы) анықтау кезінде құқық туралы дау туындауы мүмкін емес.";

      5) 4, 5, 6, 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Туыстық қатынастардың фактісі АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес туыстық дәрежесі тікелей заңдық салдар туындататын жағдайларда ғана, мысалы, егер мұндай фактіні анықтау арыз берушіге мұраға құқық туралы куәлікті алу, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы алу құқығын ресімдеу үшін қажет болса, сот тәртібімен анықталады.

      Туыстық қатынастар фактісі, әдетте, туысқандар осы фактіні тиісті құжаттарды ұсыну арқылы дәлелдей алмайтын жағдайларда анықталуы мүмкін.

      Бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болып табылатын ата-анасы мен балалар, аға-інілер, апа- сіңлілер (қарындастар), ата-әжелер арасындағы туыстық қатынас азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді (туу туралы куәліктерді, некені тіркеу, бұзу туралы куәліктерді және т.б.) ұсыну арқылы құжатпен расталуы мүмкін, сондықтан мұрагерлік құқығын алу үшін туыстық қатынастардың фактісін анықтау туралы арыз беретін мүдделі тұлғалар, әдетте, бірінші және екінші кезектегілерден басқа кейінгі кезектегі мұрагерлер (немере аға-інілер және апа-сіңлілер (қарындастар), нағашы ағалары мен нағашы апалары және т.б.) болып табылатынын ескеру керек.

      Ерлі-зайыптылар қандас туыстар болып табылмайды, сондықтан олардың арасында туыстық қатынастар анықталуы мүмкін емес.

      Қайтыс болған адам тірі кезінде өзін арыз берушінің әкесі деп таныды деген негіздер бойынша мұрагерлікті қабылдау мақсатында туыстық қатынастар фактісі анықталуы мүмкін емес.

      5. Соттар адамның біреудің асырауында болу (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасы) фактілерін анықтаудың мұраны (АК-нің 1068-бабы), асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы (АК-нің 940-бабы) алу үшін және заңда көзделген басқа да жағдайларда заңды маңызы бар екенін ескеруге тиіс.

      Бұл ретте арыз берушінің жалақысы болған, ол зейнетақы, стипендия және т.б. алған жағдайларда күтіп-бағатын адамның тарапынан көмек тұрақты және негізгі күнкөріс көзі болғанын анықтау қажет екенін ескеру қажет.

      Қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері ғана асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқылы.

      6. Тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды, қайтыс болуды (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы) тіркеу фактілерін анықтау туралы істерді қарау кезінде сот оқиғаның өзін емес, оның тиісті органдарда тіркелу фактісін анықтйтынын соттар назарда ұстау керек.

      Егер азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында және тиісті архивтерде мұндай жазба сақталмаса және оны қалпына келтіруден бас тартылса, мұндай істер қаралуға жатады.

      Іс жүзінде неке қатынастарында болу фактісін анықтау туралы істерді осы тармаққа сәйкес қарауға болмайды.

      7. Құқық белгілейтін құжаттардың құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігі (АПК-нің 305-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасы) фактіні анықтау туралы талаптар бойынша арызды қабылдау сәтінде, ал ол қабылданған жағдайда істі сот талқылауына дайындау кезінде соттар арыз берушіден құқық белгілейтін құжаттың өзіне тиесілі екендігін және оны берген ұйымның оған тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндігі жоқ екендігіне дәлелдемелер ұсынуды талап етуге тиіс.

      Соттар әскери құжаттардың, паспорттың, жеке куәліктің және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктердің нақты адамға тиесілілігі фактісін анықтауға құқылы емес.

      Сонымен қатар, КСР Одағының және оның органдарының таратылуына байланысты соттар ордендер мен медальдарға куәліктердің осы құжаттарда көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігі туралы фактілерді анықтауға құқылы екенін назарға алған жөн. Бұл ретте мұндай фактілерді анықтау туралы шешім осындай құжаттардың арыз берушіге тиесілілігін куәландыратын дәлелдемелердің жиынтығына негізделуге тиіс.";

      6) 8-тармақтың бірінші абзацындағы "анықталмайтын болса" деген сөздер "анықталуы мүмкін болмаса" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 9, 10, 11, 12 және 12-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жазатайым оқиға фактісін (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасы) анықтау туралы істерді қарау кезінде мұндай фактіні соттан тыс тәртіппен анықтауға мүмкін болмаған жағдайда сот оны анықтауға құқылы екенін назарда ұстау керек.

      Жазатайым оқиға туралы акт жасалмаған және оны арыз беру кезінде жасау мүмкін болмаған, акт жасалған, бірақ ол кейіннен жоғалған және оны соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған, актіні жасау кезінде жазатайым оқиға фактісін тануға кедергі келтіретін қате жіберіліп, оны жою мүмкін болмаған жағдайда, жазатайым оқиға туралы фактіні анықтау туралы арыз соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.

      Жазатайым оқиға фактісін анықтау туралы арызды қарау кезінде сот еңбекке қабілеттіліктен айырылу себептері мен оның дәрежесін, мүгедектік тобын және оған ұшыраған уақытын анықтауға құқылы емес.

      Шешімнің қарар бөлігі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 190-бабы) жазатайым оқиға туралы актіде көрсетілуге тиіс мәліметтерді қамтуға тиіс.

      10. Адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болу фактісін анықтау туралы арыз (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасы) арыз беруші азаматтық хал актілерін жазу органының қайтыс болу оқиғасын тіркеуден бас тартқаны туралы құжатты ұсынған кезде ғана соттың іс жүргізуіне қабылданады және қаралады.

      Арызды қанағаттандыру туралы шешім адамның белгілі бір уақытта және белгілі бір мән-жайларда қайтыс болғанын анық куәландыратын дәлелдемелерге негізделуге тиіс.

      11. Мұрагерлікті қабылдау фактісін анықтау туралы арыз (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 9) тармақшасы), егер нотариаттық әрекет жасайтын органның мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін нотариалдық тәртіппен растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге беруге құқығы болмаса, ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.

      Егер қажетті құжаттар ұсынылған болса, бірақ мұраға құқық туралы куәлікті беруден бас тартылса, арыз беруші АПК-нің 45-тарауында жазылған ережелерге сәйкес нотариаттық әрекетті жасаудан бас тартуға байланысты шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.

      Егер мұра мұраны қабылдау презумпциясын көздейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілген күн 1999 жылғы 1 шілдеге дейін іс жүзінде қабылданса, мұндай фактілер анықталуы мүмкін екенін соттардың назарда ұстағаны жөн. Мұндай жағдайда бұрын қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алу қажет.

      Сонымен қатар, мұндай фактілер мұраны қабылдаудың алты айлық мерзімін белгілеген (АК-нің 1072-2-бабының 1-тармағы) "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 225-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгеннен кейін анықталуы мүмкін.

      12. Азаматтар мен ұйымдардың АПК-нің 305-бабында келтірілген жеке не мүліктік құқықтары пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты фактілер тізбесі толық болып табылмайды. Соттар заңдық маңызы бар басқа да фактілерді, мысалы, белгілі бір уақытта белгілі бір жерде тұру, адамның қуғын-сүргіннің нәтижесінде арнайы қоныстарда болу фактісін, әкелікті тану фактісін "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - НжОК) 49-бабы), мұраны қабылдаудан бас тарту фактісін, еңбек өтілін есептеу үшін белгілі бір кәсіпорнында немесе басқа тұлғада жұмыс істеу фактісін, осы әйелдің баланы туу фактісін, (НжОК 187-бабының 4-тармағы) қандастардың тууын тіркеу фактілерін (НжОК 184-бабының 3-тармағы) анықтауға құқылы.

      1944 жылғы 10 қарашадағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен 1944 жылғы 8 шілдедегі Жарлық шыққанға дейін нақты неке қатынастырында болған және ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуының салдарынан некені азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында тіркеуге мүмкіндігі болмаған азаматтарға нақты неке қатынастарын тану туралы сотқа жүгіну құқығы берілген болатын. Осы әрекеттерді жасау үшін қандай да бір мерзім белгіленбеген, сондықтан мұндай фактілердің бүгінгі уақытқа дейін заңдық маңызы бар және оларды сот анықтауы мүмкін.

      12-1. Сот пайдалануға қабылданбаған, өз бетінше тұрғызылған құрылысты, құрылысжайды, сонымен қатар басқа адамның атына тіркелген құрылысты, құрылысжайды иелену фактілерін анықтау туралы, заңнамаға сәйкес ресімделмеген мәміле бойынша сатып алынған автокөлік құралдарын және кез келген басқа да жылжымалы мүлікті иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету фактілерін анықтау туралы тұлғалардың арыздары бойынша істерді ерекше іс жүргізу тәртібімен қарауға тиіс емес.

      Сот мұндай талаптарды талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарауға тиіс.";

      8) 13-тармақтағы "көрсетуге тиіс" деген сөздер "көрсетуі қажет" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Осы қаулының қабылдануына байланысты "Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1966 жылғы 25 ақпандағы № 2 КСРО Жоғарғы Соты Пленумының қаулысын орындау туралы" 1981 жылғы 16 желтоқсандағы № 6 Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      15. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.";

      7. "Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 5; 2007 жылғы 25 желтоқсандағы №12; 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 19; 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2016 жылғы 20 мамырдағы № 3; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 19 қаңтардағы №2; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7; 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 1; 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 8 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Заңдылық қағидатына және әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарына жауап беретін сот актісін (шешімді, ұйғарымды, қаулыны, сот бұйрығын) шығару мақсатында әрбір азаматтық істі қарау кезінде материалдық және процестік құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау қажеттігіне соттардың назары аударылсын.";

      2) 2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 148-бабына сәйкес талап қоюшылар арыздарда тек талаптарын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге бұзу мәнін немесе өздерінің құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзу қаупін, өз талаптарын негіздеген мән-жайларды, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұнын егжей-тегжейлi баяндауға міндетті.";

      3) 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 12-1, 13, 14, 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. АПК-нің 47-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар да іс бойынша тараптар бола алады.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларды (компанияларды, фирмаларды, кәсіпорындарды және т.б.) шетелдік ұйымдар деп түсіну қажет. Қазақстан Республикасының аумағында оның заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар мен шетелдік инвесторға толығымен тиесілі кәсіпорындар шетелдік ұйымдар болып табылмайды.

      7. АПК-нің 34-бабы екінші бөлігінің 1), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда істі бір соттың іс жүргізуінен басқа соттың іс жүргізуіне беру заңды күшіне енген сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі. Тараптардың осындай ұйғарымдарға жеке шағымдарын, прокурордың өтінішхатын апелляциялық сатыдағы сот қарайды.

      АПК-нің 34-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз болған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабарламастан, істің нақты қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымды жеке-дара шығарады.

      Соттар арасында нақты істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабарламастан және соттың істі басқа соттың іс жүргізуіне жіберу туралы ұйғарымының күшін жоймастан, істің нақты қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.

      Апелляциялық саты сотының ұйғарымы және жоғары тұрған соттың судьясының істің қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымы шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.

      8. Сотта талап қоюшылар мен жауапкерлердің мүдделерін олардың заңды өкілдері және сенімхатта көрсетілген адамдар (тапсырма бойынша өкілдер) білдіре алады.

      Өкілдің сенімхатында АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттердің ішінен өкіл сенім білдірушінің атынан сотта жасауға құқылы процестік әрекеттер санамалануы тиіс.

      Егер өкілге берілген сенімхатта оның нақты өкілеттіктері көрсетілмесе, онда өкіл АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігіне сәйкес берілуі тиіс өкілеттіктерден басқа процестік әрекеттерді жасауға (іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жасауға, өтінішхаттар білдіруге, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беруге және т.б.) құқылы.

      Адвокат куәлігі және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарлама адвокатқа заңгерлік көмек көрсетуге өтініш білдірген тұлғаның мүддесін сотта білдіру (іс материалдарымен танысу, олардан үзінді көшірмелер жасау, өтінішхаттар білдіру, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беру және т.б.) құқығын береді, бірақ сенімхатты алмастырмайды және адвокатқа АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген процестік әрекеттерді жасау құқығын бермейді.

      9. Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында, сонымен қатар істі мәні бойынша қарау процесінде дәлелдеу нысанасын нақтылауы тиіс.

      Соттар дәлелдемелерді бағалау және тараптарды дәлелдеуден босату туралы мәселені шешу кезінде АПК-нің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде, 79-бабының екінші бөлігінде және 82-бабының сегізінші бөлігінде қамтылған нормаларды ескеруге тиіс.

      АПК-нің 63, 64, 65, 66, 67, 68, 69, 70, 71, 72, 73-баптарына сәйкес соттар сот отырысында даудың нысанасына тікелей қатысы бар және жиынтығында істің мән-жайын анықтау, даудың мәні бойынша тараптардың дәлелдерін растау немесе теріске шығару үшін жеткілікті болып табылатын дәлелдемелер ғана зерттелетінін назарда ұстауы қажет.

      Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуы тиіс мән-жайлары басқа ешқандай дәлелдемелермен (мысалы, егер мәміленің маңызды шарттары бойынша дау туындайтын болса, шартпен) расталмауы тиіс.

      10. АПК-нің 158-бабына сәйкес талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі АПК-нің 156-бабының бірінші бөлігінде аталған шараларды қолдану туралы соттардың ұйғарымдары сот шешімдерін орындау үшін көзделген тәртіппен дереу орындалуға жатады.

      Мына жағдайларда:

      жауапкердің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда сақталатын ақшасына, өзге де мүлкіне тыйым салу туралы ұйғарымдарды тікелей банк немесе осындай ұйым орындайды;

      АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымдар талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ретінде сот көрсеткен әрекеттерден тартынуға міндетті адамға қол қойғызып тапсыру арқылы орындалады;

      АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген талап қоюларды қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымдарды мемлекеттік орган дауланып отырған актіні шығарған ұйым немесе лауазымды адам орындайды. Егер шағымдалып отырған акт бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, онда соттың осы актінің қолданысын тоқтата тұру туралы ұйғарымы бұқаралық ақпарат құралының кезекті санында талап қоюшының есебінен жариялануы тиіс.

      11. АПК-нің 27-бабына сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмай, жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.

      АПК-нің 27-бабында көрсетілген корпоративтік дауларға олардың тарапы коммерциялық ұйым, коммерциялық ұйымдар қауымдастығы (одағы), коммерциялық ұйымдар және (немесе) дара кәсіпкерлер қауымдастығы (одағы), Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйым және (немесе) оның акционерлері (қатысушылары, мүшелері, оның ішінде бұрынғы акционерлері) болып табылатын даулар жатады (АПК-нің 23-бабының екінші бөлігі). Мұндай дауларға, атап айтқанда акциялармен, қатысу үлестерімен мәміле жасасуға байланысты дауларды, серіктестіктерге қатысушылар, акционерлер арасында осындай серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар қызметінің мәселелері бойынша дауларды жатқызуға болады.

      12. Абыройын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды өтеуді ақшалай мәнде өндіріп алу туралы талап қоюлар, АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес, егер талап қоюшы заңнамаға сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылмаса, оларды беру кезінде мемлекеттік баж төленетіндігіне соттардың назары аударылсын. Соттар өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеу туралы осындай талап қоюлар бойынша мәселені шешу кезінде осындай шығыстар талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс екендігі туралы АПК-нің 113-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды негізге алуы тиіс.

      12-1. АПК-нің 164-бабының бірінші бөлігіне сәйкес азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, талап қою соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Алименттерді өндіріп алу туралы, денсаулықтың зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты істерден басқа, аса күрделі істер бойынша айрықша жағдайларда және еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша істі сот талқылауына дайындау үшін берілген мерзім өткеннен кейін бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.

      Көрсетілген мерзім шегінде сот бірқатар процестік әрекеттер жасайды, сондай-ақ жауапкерге талап қоюшы мәлімдеген талаптарға пікір ұсынуды сотқа беруге міндеттейді (АПК-нің 165-бабының бірінші бөлігі). АПК-нің 166-бабының екінші бөлігіне сай, пікір талап қоюдың көшірмелерін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылады.

      13. АПК-нің 198-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда, іс жаңа сот отырысында АПК-нің 189, 190 және басқа да баптарында белгіленген қағидалар сақтала отырып жүргізіледі. Алдыңғы сот отырыстарында алынған құжаттар АПК-нің 208-бабында көзделген тәртіппен даудың мәні бойынша шешім шығарылатын сот отырысында жариялануы тиіс.

      Істі қарауға, қатысушылардың сот отырысына келуіне кедергі келтіретін не оған мүмкіндік бермейтін күтпеген және төтенше мән-жайлар туындаған жағдайларда, оның ішінде егер сот осы АПК-нің 196 және 197-баптарында көзделген тәртіппен - процеске қатысушылардың біреуінің келмеуі салдарынан істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп таныған; АПК-нің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіп қолданылатын істi талқылау барысында оған қатысушылар жаппай тәртiп бұзған; АПК-нің 73-бабында көзделген тәртіппен қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе талап етіп алдырту қажет болған жағдайларда; АПК-нің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен қарсы талап қою кезінде ғана істі талқылауды кейінге қалдыруға жол беріледі.

      Сот талқылауын кейінге қалдыру саны, әдетте, төрт реттен аспауы тиіс.

      14. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда жауапкер талап қоюды сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін тануға құқылы.

      Сот жауапкерге талап қоюды тану туралы жасалған мәлімдеменің құқықтық салдарын түсіндіреді, жауапкерді талап қоюды тануға мәжбүрлегенін куәландыруы мүмкін деректердің бар-жоғын анықтайды.

      Егер жауапкер талап қоюды ішінара таныса, онда сот талқылауын өткізгеннен кейін және сот талап қоюды тануды қабылдаған соң барлық қойылған талаптар бойынша шешім қабылданады. Дәлелдемелерді зерттеу жауапкер талап қоюды мойындамаған бөлікте ғана жүргізіледі. Талап қоюды бір бөлікте мойындаған кезде алдын ала сот отырысында тараптардың дәлелдерін, дәлелдемелерін зерттеу қажеттілігіне байланысты шешім қабылдау мүмкін емес, осыған байланысты істі сот талқылауына тағайындау қажет.

      АПК-нің 48-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жауапкердің талап қоюды толық немесе ішінара тануын қабылдау туралы не осындай тануды қабылдамау туралы соттың шешімінде немесе қаулысында көрсетіледі. Осы мәселе бойынша бөлек ұйғарым шығарылмайды.

      15. Егер талап қоюшы бір арызда немесе сот бір іс жүргізуінде талаптар біріктірілген болса, біреулері үшін қысқартылған, ал екіншілері үшін жалпы екі айлық қарау мерзімі белгіленсе, онда істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап іс екі айға дейінгі мерзімде қаралуға жатады.

      Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы істерді қарау мерзімін тиісті хабарландыру жарияланған күнінен кейін үш айлық мерзім аяқталған күнінен бастап есептеген жөн. Бұл ретте істі қарау мерзімінде сотқа арыз келіп түскен күнінен бастап және осы санаттағы істі қозғау туралы хабарландыру жарияланған күнге дейінгі уақыт есепке жатқызылуға тиіс.

      Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім не ұйғарым немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған күн істің қарау мерзімінің аяқталған күні болып есептеледі.";

      4) 16-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер күші жойылған сот бұйрығы орындауға жіберілсе немесе өндіріп алушыға берілсе, онда сот мұндай сот бұйрығын кері қайтарып алады.";

      5) 18-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Іске қатысуға тартылмаған адамдар, егер сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған жағдайда ғана апелляциялық шағым жасауға құқылы.";

      6) 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. АПК-де белгіленген жағдайларды қоспағанда, сот шешіміне апелляциялық шағым (прокурордың өтінішхаты) беру (келтіру) үшін АПК-нің 403-бабының үшінші бөлігінде көзделген мерзімді түпкілікті нысанда шешім шығарылған күнінен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар үшін оларға шешімнің көшірмесі жолданған күнінен бастап есептеу керек.

      20. Мыналар:

      сот бұйрықтарына;

      АПК-нің нормаларында шағым жасау көзделмеген немесе істің одан әрі қозғалысына кедергі келтірмейтін бірінші сатыдағы соттардың ұйғарымдарына;

      шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы бірінші сатыдағы соттардың шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалмайды (прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралмайды).

      21. Апелляциялық (жеке) шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы іске қатысатын адамдардың арыздары, прокурордың өтінішхаттары АПК-нің 126-бабында белгіленген қағидалар бойынша сот отырысында бірінші сатыдағы соттың қарауына жатады.

      Соттың апелляциялық (жеке) шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына АПК-нің 429-бабының бірінші бөлігінде көзделген мерзімдерде шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      22. АПК-нің 412, 413-баптарына сәйкес апелляциялық сатыдағы сот істегі бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.

      Сот шешімін толық көлемде тексеру деп бірінші сатыдағы соттың істің нақты мән-жайларын анықтауының, материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануының немесе түсіндіруінің дұрыстығы тексерілетінін түсіну қажет.

      23. АПК-нің 198, 272, 273, 277, 279-баптарында көзделген негіздер бойынша апелляциялық сатыдағы сот істі талқылауды кейінге қалдыруға, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға, талап қоюды қараусыз қалдыруға құқылы, бұл туралы тиісті ұйғарым шығарады.

      24. Апелляциялық сатыдағы сот жаңадан ұсынылған құжаттар мен материалдарды, егер бұл құжаттар мен материалдар бірінші сатыдағы сотқа дәлелді себептермен ұсынылмаса немесе оларды талап етіп алдыртуға және сот отырысында зерттеуге жәрдемдесу туралы өтінішхатты бірінші сатыдағы сот қабылдамаған жағдайда ғана қарауға қабылдауға құқылы.

      Тараптың АПК-нің 72 және 73-баптарына сәйкес бірінші сатыдағы сотқа дәлелсіз себептермен ұсынбаған дәлелдемелерді апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынуы апелляциялық сатыдағы соттың оларды қабылдап, зерделеуіне мүмкіндік бермейді және мұндай жағдай тараптың процестік олқылығы деп бағаланады. АПК-нің 404-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылуы мүмкін.

      25. Апелляциялық сатыдағы сот тараптар жаңадан ұсынған зерттеуге қабылданған дәлелдемелердің негізінде, егер іске қатысатын басқа адамдар апелляциялық шағымға (прокурордың өтінішхатына) немесе апелляциялық сатыдағы сот отырысында осы дәлелдемелер бойынша өз пікірлерін білдірсе, мәлімделген талап қоюдың шегінде жаңа фактілерді анықтай алады. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертеді немесе оның күшін жойып, іс бойынша жаңа шешім шығарады.

      Апелляциялық сатыдағы сот толық, жан-жақты және объективті зерттелген азаматтық іс материалдарының негізінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды қайтадан анықтап қана қоймай, сонымен бірге сол немесе басқа мән-жайлардың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы түйін жасауға, материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс қолдануға не заң ұқсастығын немесе құқық ұқсастығын қолдануға құқылы.

      26. Егер істі қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың АПК-нің 427-бабының екінші бөлігінде көзделген бұзушылықтарға жол бергенін анықтаса, онда ол бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерту туралы немесе оның күшін жою туралы қаулы шығарады және дауды мәні бойынша шешеді.

      АПК-нің 277-бабында және 279-бабының 2), 3), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер болған кезде аппеляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін толық немесе ішінара жояды және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады не арызды қараусыз қалдырады. Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген негіздер бойынша шығарған ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін.";

      7) 27-1 тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Апелляциялық шағымнан бас тартуды қабылдау туралы апелляциялық сатыдағы сот, егер шешімге басқа адамдар шағым жасамаса немесе жоғары тұрған прокурор өтінішхат келтірмесе апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады (АПК-нің 409-бабының екінші бөлігі).";

      8) 28, 29, 30, 31, 32, 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері, оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда, АПК-нің 28-1-бабының қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған сот актілері тараптар, іске қатысатын адамдар, мүдделері сот актілерімен қозғалатын басқа да тұлғалар және олардың өкілдері берген өтінішхаттар бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін. АПК-нің 441-бабының екінші бөлігіне сәйкес іске қатысуға тартылмаған адамдар аталған сот актілеріне, егер осы актілермен олардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселе шешілген жағдайларда ғана шағым беруге құқылы.

      29. АПК-нің 436-бабының бірінші бөлігіне сай шағым жасалған (наразылық келтірілген) сот актісі заңды күшіне енген күнінен бастап алты айдың ішінде өтінішхат берілуі (наразылық келтірілуі) мүмкін. Өтінішхат берудің (наразылық келтірудің) алты айлық мерзімі сот актісі АПК-нің 431-бабында көзделген қағидалар бойынша заңды күшіне енген күнінен бастап есептеледі.

      Егер кассациялық сатыдағы сот заңды күшіне енген сот актілерін жаңа шешім шығарып өзгертсе немесе оның күшін жойса, онда мұндай қаулыға шағым жасау мерзімі осы қаулы шығарылған күнінен бастап есептеледі.

      АПК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына және 444-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес алты айлық мерзім өткізіліп және оны қалпына келтіру туралы өтінішхатсыз берілген өтінішхат оны берген адамға қайтарылады.

      Егер шағым берудің өткізілген мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат қоса тіркелген өтінішхатты қарау кезінде заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау үшін АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігінде көзделген негіздер жоқ екені анықталса, онда АПК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына және 444-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес өтінішхатты кері қайтару туралы қаулы шығарылады.

      Егер Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына кассациялық сатыға наразылық келтіру туралы өтінішхат алты айлық мерзім ішінде берілген, бірақ прокурор наразылықты мерзімін бұза отырып енгізген жағдайда, кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 436-бабының төртінші бөлігіне сәйкес көрсетілген мерзімді ұзартады.

      Егер алты айлық мерзім бұзылып және оны қалпына келтіру туралы өтінішхаты бар өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша шағым жасалған сот актілерін қайта қарау жөнінде кассациялық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарылса, онда кассациялық сатыдағы сот осы мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені АПК-нің 450-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен сот отырысында қарайды. Кассациялық сатыдағы сот прокурордың наразылық беру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені осындай тәртіппен қарайды. Кассациялық өтінішхат (наразылық) берудің дәлелсіз себептермен өткізіліп алынған мерзімі қалпына келтіруге жатпайды, ал өтінішхат (наразылық) қаралмай кері қайтарылады.

      30. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға себеп болған елеулі бұзушылықтарға АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінде санамаланған процестік құқық нормаларын бұзушылықтарды жатқызған жөн. Материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, егер сот соның салдарынан істі дұрыс шешпеген жағдайда ғана, елеулі бұзушылыққа жатқызылуы мүмкін.

      Мәні бойынша дұрыс сот актісін формальды пайымдаулар бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкін емес. Соттың істі қарау кезінде АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігімен қамтылмайтын немесе соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын куәландырмайтын жіберген бұзушылықтарын формальды пайымдаулар деп түсіну қажет.

      Кассациялық сатыдағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот зерттемеген, тарап ұсынған дәлелдемелердің негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе оның күшін жоюға құқылы емес. Тиісті негіздер болған жағдайда мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      31. АПК-нің 35-бабының бесінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың алқалы құрамы судьялардың тақ санынан (кемінде үш) болуға тиіс.

      АПК-нің 427-бабында көрсетілген процестік құқық нормаларының елеулі бұзушылықтарының тізбесі толық болып табылатындықтан, кассациялық сатыдағы соттың істі судьялардың жұп санынан тұратын алқалы құрамда қарауы соттың осындай құрамы шығарған қаулының күшін жоюға әкеп соқтырмайды.

      32. Іс бойынша шығарылған сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберілген сот актісіне өтінішхат беру процестік әрекет болып табылады. Ұсыну енгізу немесе наразылық келтіру құқығы бар лауазымды адамдар осындай істі талап етіп алдыртқан жағдайда бірінші сатыдағы сот АПК-нің 198-бабына сәйкес өтінішхат шешілгенге дейін оны қарауды кейінге қалдырады.

      33. Егер келіп түскен өтінішхат бойынша азаматтық істі соттан талап етіп алдыртқан жағдайда ғана АПК-нің 448-бабында санамаланған лауазымды адамдар заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін.";

      9) 35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы судьяның ерекше пікірінің мазмұнын жария етуге жол берілмейді. Кассациялық сатыдағы сот осы істі қараған кезде ерекше пікірмен танысуға құқылы.";

      10) 40, 41, 42-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 270-бабының ұқсастығы бойынша сот отырысында анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдардың атына жеке ұйғарым шығаруға құқылы. Олар қабылданған шаралар туралы бір айлық мерзім ішінде сотқа хабарлауға міндетті.

      41. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты 2000 жылғы 30 қазандағы № 15 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Пленумының қаулысымен енгізілген өзгерістермен "Соттардың азаматтық іс жүргізу заңының кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2000 жылғы 30 маусымдағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      42. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкесосы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      8. "Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы № 2; 2009 жылғы 29 маусымдағы № 6; 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 16 наурыздағы № 3; 2018 жылғы 10 қыркүйектегі № 14; 2019 жылғы 31 мамырдағы № 5; 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 5; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып пен кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) сот актілерін шығаруды регламенттейтiн нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      2) 1 және 1-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бірінші сатыдағы сот АПК-нің 21-бабының бірінші бөлігіне сәйкес азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары нысанында қабылдайды. Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін ұйғарымдар мен қаулылар нысанында қабылдайды.

      Заңды күшiне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшiн мiндеттi болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындалуға тиiс.

      Iстi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі АПК-нің 223-бабына сәйкес шешiм нысанында шығарылады.

      АПК-нің 226-бабындағы шешімнің мазмұны туралы талаптар іс жүргізудің барлық түрлері (оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу, талап қою ісін жүргізу, ерекше талап қою ісін жүргізу және ерекше іс жүргізу) үшін міндетті.

      1-1. АПК-нің 267-4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешім шығарады.

      Сот тараптың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын шешімді дайындауға міндетті.

      Сот осындай шешімді өз бастамасымен де дайындауға құқылы.

      АПК-нің 267-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, тараптарға кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындап беруге міндетті.

      Уәждеу бөлігі бар шешім сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуы тиіс.

      Шешімнің уәждеу бөлігін дәлелді себептермен дайындау мүмкін болмаған жағдайда судьяның қолы қойылған кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешімге АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.";

      3) 1-2 тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар біртекті істердің бірі бойынша шығарылған шешімді АПК-нің 226-бабының 5-1-бөлігіне сәйкес пайдалана алады.";

      4) 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Толық тiзбесi АПК-нің 135-бабында көрсетілген және мазмұны бойынша АПК-нің 140-бабының талаптарына сай келуге тиiс сот бұйрығы даусыз талаптар бойынша шығарылады, сондай-ақ сотқа жауапкердің мәлiмделген талапқа қарсылық беру тәртібі мен мерзiмi туралы түсiндiрменi қамтуға тиіс.

      3. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан заңға және нақты іс бойынша сот анықтаған фактiлерге қатаң сәйкестiкте шығарылады.

      Тараптардың, талап қоюшының не жауапкердiң жағынан қатысатын үшiншi тұлғалардың не іске қатысатын басқа адамдардың түсініктемелері, куәлардың, сарапшының айғақтары, маманның түсіндірмелері шешiмде даудың мәні бойынша қысқаша, үшiншi жақтан келтiрiлiп, жазылады.

      Шешімнің мәтінінде: оқиғалар мен мән-жайлардың шамадан тыс артық жазылуына; дауға қатысы жоқ құқық нормаларының келтірілуіне; қабылданбаған қысқартулар мен ресми құжаттарда қолданылмайтын сөздерді пайдалануға; сотта айтылмаған түзетулерді енгізуге жол берілмейді.

      Шешім бөгде адамдардың қатысуын және кеңесу құпиясын жария етуді болдырмайтын жағдайларда шығарылады. Шешім бір данада жазбаша нысанда жазылады және қолмен жазу, машинкада жазу немесе компьютерлік тәсілмен дайындалуы мүмкін.

      Шешім қолжазба немесе машинкада жазу тәсілімен дайындалған жағдайда оның көшірмесі сот жүйесінің заң техникасы мәселелерін және сот актілерін әзірлеу өлшемшарттарын регламенттейтін ішкі құжаттарына сәйкес компьютерлік тәсілмен орындалуы тиіс.

      Соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья шешімді толық немесе оның қарар бөлігін жария етеді. Шешімнің жарияланған қарар бөлігіне судья қол қоюы және ол іске қоса тіркелуі тиіс.

      АПК-нің 223-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес жария етілген шешімді түпкілікті нысанда дәлелді себептер бойынша дайындауға мүмкін болмаған кезде судья қол қойған шешімнің қарар бөлігіне АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері келмеген жағдайда шешім сот отырысында жария етілмейді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында белгі қойылады.

      Сот шешімді жария етуді АПК-нің 183-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда шешім жарияланғанға дейін түпкілікті нысанда дайындалуы тиіс.

      Iс бойынша шешiм жарияланған күн шешім шығарылған күн болып табылады.

      Шешімді шығару орны осы шешiм шығарылған қаланың немесе өзге де елдi мекеннiң атауына байланысты анықталады.

      Заңмен белгiленген жазбаша нысанда дайындалмаған және судья қол қоймаған ауызша түйіндердің жария етілуі сот шешiмi болып табылмайды.";

      5) 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

      Шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы (бұдан әрі – АК) және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

      Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.

      6. Шешiм нысанындағы сот актілері iстi мәнi бойынша қараған кезде шығарылады. Мәнi бойынша қаралмаған талап қою талаптарының сол қатысты бөлігі бойынша сот түйіндерін шешiмнiң қарар бөлiгiне енгізуге жол берiлмейдi. Осы талаптар бойынша сот түйіндері шешiмнен бөлек ұйғарым нысанындағы (арызды қараусыз қалдыру, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы) сот актiсiнде баяндалуға тиiс.";

      6) 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 18-1, 19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Шешімнің кіріспе бөлігін дайындаған кезде АПК-нің 226-бабының үшінші бөлігін басшылыққа алу қажет.

      Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты туралы (болған жағдайда) дербес деректерді оның жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға сәйкес көрсету қажет.

      Іс бойынша іс жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылған да, ал адамның тегі, аты, әкесінің аты жеке басын куәландыратын құжаттарда мемлекеттік тілде көрсетілген жағдайларда шешімде адамның дербес деректері септік жалғауларын жалғамай, жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.

      Сот шешіміндегі шетелдік адамның тегі, аты және әкесінің аты іс жүргізу тілінде де, жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген транскрипцияда да жазылады.

      Жеке тұлғаның жеке басы "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 73-V Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағында тізбесі көзделген құжаттардың негізінде куәландырылады.

      Егер тарап заңды тұлға болса, онда оның атауын мемлекеттік тіркеу туралы құжаттарға сәйкес көрсеткен жөн.

      Талап қоюшы, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға немесе қарсы талап қою бойынша жауапкер бірнеше талапты мәлімдеген кезде олардың әрқайсысы нөмірленуі тиіс.

      Кейіннен шешімде, қарар бөлігін қоспағанда, мәлімделген талаптардың толық мәтінін келтірмеуге, талаптың нөмірін - № 1 талап, № 2 талап және т.б. деп көрсетуге жол беріледі.

      10. Шешімнің сипаттау бөлігінде АПК-нің 226-бабы төртінші бөлігінің талаптарынан басқа, дау туындағанға дейінгі және іске тікелей қатысы бар даусыз фактілер қысқаша нысанда жазылады. Бұл ретте талап қоюды және талап қоюға берілген пікірді толық көрсетуге және көшіруге жол берілмейді.

      Егер талап қоюшы талап қоюдың негіздері мен нысанасын өзгертсе, оның мөлшерін азайтса, мәлімделген талаптардың мазмұны, шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетілуі тиіс.

      Егер сот АПК-нің 154-бабында көзделген негіздер бойынша қарсы талап қоюды қарауға қабылдаса, онда қарсы талаптардың да мазмұны да шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетіледі.

      Бұдан басқа, шешімнің сипаттау бөлігінде жауапкердің қарсылықтары және іске қатысқан басқа да адамдардың түсініктемелері келтірілуі тиіс.

      Шешімнің сипаттау бөлігінде шешім шығару кезінде сот шешуге тиіс мәлімделген өтінішхаттар (талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану, тұрақсыздық айыбын азайту, шешімді дереу орындауға жіберу туралы және басқа да өтінішхаттар) да жазылады.

      11. Шешімнің уәждеу бөлігі сот шешімді қабылдау кезінде негізге алған құқық нормаларын баяндаудан басталады. Сот олардың мазмұнын негізге ала отырып, іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын анықтайды.

      АПК-нің 225-бабына сәйкес ұсынылған дәлелдемелерді бағалау соттың iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлар анықталғаны және қандай мән-жайлар анықталмағаны жөнінде түйін жасауына мүмкіндік береді.

      Сот шешімі пайдасына шығарылған тараптың дәлелдері мен дәлелдемелерін шешімде біржақты жазуға жол берілмейді. Сот екінші тараптың дәлелдерін қандай негіздермен қабылдамағанын және осы тарап сілтеме жасаған материалдық құқық нормаларын қолданбағанын көрсетуге міндетті.

      Сот актісінің (сот актілерінің) күшін жоғары тұрған сатыдағы сот жойған және істі жаңадан қарауға жіберген жағдайда сот кассациялық сатыдағы соттың қаулысында жазылған ережелерді орындау мүмкін еместігіне уәждер келтіруге міндетті.

      Шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.

      Егер дәлелдемелердi жинау соттың тапсырмасын орындау тәртiбiмен жүргiзiлсе, онда сот осы дәлелдемелер сот отырысында жария етiлген және зерттелген жағдайда шешімді осы дәлелдемелермен негіздеуге құқылы. Егер iске қатысатын адамдар немесе АПК-нің 74-бабының тәртiбiмен тапсырманы орындаған сотқа түсiнiктемелер немесе айғақтар берген куәлар iстi қарайтын сотқа келсе, олар түсiнiктемелер мен айғақтарды жалпы тәртiппен бередi.

      Дәлелдемелердi қамтамасыз ету бойынша процестік әрекеттер АПК-нің 69, 70, 71-баптарында көзделген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда сот жиналған дәлелдемелерді (хаттамалар мен басқа да материалдарды) сот отырысында зерттеуі және шешім шығарған кезде бағалауы тиіс.

      Іске қатысатын адамдар АПК-нің 46-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оның ішінде: сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; айтылған сөздердің мәтіні мен сот шешімі ұсынылған редакциясын (жобасын) табыс ете отырып, сот жарыссөздеріне қатысуға; бұзылған немесе дау айтылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.

      12. Сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығымен бірге бағалануға тиiс. Сарапшы қорытындысын бағалау шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде көрсетілуге тиiс. Бұл ретте сот сарапшының түйіндері неге негiзделетінін, сараптамаға ұсынылған материалдардың толық зерделенген-зерделенбегенін және оның тиісті талдау жасаған-жасамағанын көрсетуге тиiс. Сот өз шешiмiнде сарапшының қорытындысымен келiспейтiндiгiн уәждеуге мiндеттi.

      Егер сараптама жүргiзу бiрнеше сарапшыға тапсырылса, олардың әрқайсысы сараптамалық зерттеу нәтижесi бойынша жекелеген қорытындылар берген болса, онда сот әрбiр сарапшының қорытындысымен келiсетiнi не келiспейтiнi жөнінде дәлелдер келтіруге тиiс.

      Сарапшының сот отырысында берген ауызша айғақтары АПК-нің 92-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес оның бұрын берген қорытындысын түсіндіруге, толықтыруға не нақтылауға қатысты бөлігінде ғана дәлелдемелер бола алады.

      13. АПК-нің 76-бабына сәйкес соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам іс-әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Сонымен қатар, бұл үкiмнiң: осы іс-әрекеттердің орын алған-алмағаны және оларды осы адамның жасаған-жасамағаны жөніндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ үкiммен анықталған басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағалануына қатысты преюдициялдық маңызы бар. Осындай қылмыстық iстен туындайтын талап қоюды қарайтын сот жауапкердiң кiнәлiлiгiн талқылауға құқылы емес, алайда, тағайындалған соманың мөлшерін (мысалы, жауапкердiң мүлiктiк жағдайын немесе жәбiрленушiнiң кiнәсiн есепке алуды) негiздейтiн азаматтық iстегі дәлелдемелердi шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде келтiруге құқылы.

      Бұрын қаралған азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген сот шешiмiмен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшiн мiндеттi және нақ сол адамдардың қатысуымен басқа азаматтық iстердi қарау кезiнде қайтадан дәлелденбейдi.

      14. АПК-нің 48-бабының мағынасы бойынша талап қоюды тану жауапкердiң құқығы болып табылады. Егер жауапкердiң талап қоюды тануы қандай да бiр адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын болса, заңға қайшы келмесе, онда сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде талап қоюдың танылғанын және оны сот қабылдағанын көрсетедi.

      15. Егер сот дәлелдемелердiң әрқайсысын жеке және жиынтығында бағалай отырып, кейбір ұсынылған материалдар, куәлардың айғақтары, басқа да дәлелдемелер тараптар өздерінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды растамайтынын анықтаса, онда шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде бұл туралы түйіндерін негiздеуге мiндеттi.

      Сот отырысында дауды дұрыс шешу үшін маңызы бap дәлелдемені тарап өзінде ұстап қалуы және соттың сұратуы бойынша бермеу фактісі анықталған кезде сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде дәлелдемелер жиынтығының негiзінде АПК-нің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген талаптарды ескере отырып, осы дәлелдемедегі мәлiметтердi бағалайды.

      Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде сот осы құқықтық қатынастарға қолданған материалдық заңды және сот басшылыққа алған процестік нормаларды көрсету қажет.

      16. АПК-нің 225-бабының екінші бөлігіне және 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот iстi талап қоюшы мәлiмдеген талаптар шегiнде шешедi және өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Сот заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана мәлімделген талаптардың шегінен шығуға құқылы. Мәселен, ата-ана құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы шешім шығарған кезде сот балаға алимент өндiрiп алу туралы мәлімделмеген талапты бір мезгілде шешуге құқылы ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 76-бабының 3-тармағы, 79-бабының 5-тармағы).

      Талап қоюдың нысанасы талап қоюшының (арыз берушiнiң) нақты талаптарына негізделеді және сотқа жүгінген тұлғаның құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделерi бұзылуының немесе бұзылуына қауiп төнуiнiң мәнi көрсетiле отырып, материалдық-құқықтық талап ретiнде айқындалады.

      Талап қоюдың негiздемесi деп мүдделi адам көрсеткен, өзiнiң талап қоюының нысанасы болып табылатын материалдық-құқықтық қатынастардың туындауына, өзгеруiне немесе тоқтатылуына әсер ететiн фактiлер түсiнiлуге тиiс.

      Талап қоюдың мөлшерін нақтылау туралы мәселе қозғалып отырғандықтан, талап қоюдың мөлшерiн ұлғайту немесе азайту талап қою нысанасын өзгерту ретiнде қаралуы мүмкін емес.

      17. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде белгіленген нақты мән-жайлардан туындайтын талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюды қанағаттандырудан толық немесе оның бір бөлігінде бас тарту туралы соттың түйіні шешімнің қарар бөлiгiнде қамтылуға тиiс.

      Шешiмдi орындау кезiнде түсініксіз жағдайлар мен даулар болмауы үшiн сот шешiмнiң қарар бөлiгiн нақты және түсiнiктi етіп жазуға мiндеттi.

      Шешiм талап қоюшының мәлiмдеген барлық талаптары бойынша қабылданады.

      Бірнеше талап бірнеше іс жүргізуге біріктірілсе немесе сот қарсы талап қоюды, не даудың мәнiне дербес талаптарын мәлiмдеген үшiншi тұлғалардың талап қоюын қарауға қабылдаған жағдайда шешiмнiң қарар бөлiгiнде әрбiр талап бойынша сот нақты қандай шешімге келгені, кiмнiң, қандай нақты әрекеттердi және кiмнiң пайдасына жасауы керектігі, дауланып отырған құқық қай тараптың пайдасына танылғаны тұжырымдалуы тиiс.

      Сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен мiндеттерi туралы мәселенi шешуге құқылы емес.

      Сонымен қатар, заңда көрсетiлген басқа да мәселелер, атап айтқанда: сот шығыстарын бөлу, сот шешiмiне шағым жасау тәртібі мен мерзiмi, шешiмді орындауға қабылдау мерзiмi және оның орындалуын қамтамасыз ету мен орындау бойынша қабылданған шаралар мәселесі шешілуі тиiс.

      Мәлiмделген талаптарды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы шешiм шығару кезiнде ол кiмге қатысты және неден бас тартылғаны нақты көрсетiлуге тиiс.

      18. АПК-нің 102-бабына сәйкес сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баж бен шығындардан тұрады.

      Мемлекеттік баж сомасын анықтау кезiнде сот "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) нормаларын басшылыққа алуға тиiс.

      Iс бойынша iс жүргiзуге байланысты шығындар iстi қарау және шешу, сондай-ақ ол бойынша шығарылған шешiмдi орындау кезiнде мүдделi тұлғалардың нақты жұмсаған шығындарын құрайды. Iс бойынша iс жүргiзуге байланысты шығындардың үлгi тiзбесi АПК-нің 108-бабында қамтылған. АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа бұл тараптың оларды төлеуден босатылғанына қарамастан іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.

      Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде ол жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Талап қоюшы жауапкерге іс жүргізуге байланысты оның жұмсаған сот шығыстарын өтейді. Егер талап қоюшы талап қою берілгеннен кейiн жауапкердiң оларды ерiктi түрде қанағаттандыруы нәтижесiнде өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтiнiшхаты бойынша жауапкерден барлық жұмсаған сот шығыстарын өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер қойылған талапты мойындаған жағдайда сот шығыстарын өтеу талап қоюшыға жүктеледі.

      Талап қою iшiнара қанағаттандырылған кезде сот талап қоюшы шеккен шығындарды талап қоюдың сот қанағаттандырған талап қоюлардың мөлшерiне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып береді.

      Процеске қатысатын және тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің көмегiне ақы төлеу жөніндегі шығыстар тараптың нақты шеккен шығындары мөлшерiнде өндiрiлiп алуға жатады, бiрақ ақшалай талаптар бойынша өндiрiлетiн сома талап қоюдың қанағаттандырылған бөлiгiнiң он пайызынан аспауға тиiс екенін соттардың ескергенi жөн (АПК-нің 113-бабы). Мүліктік емес сипаттағы талап қоюлар бойынша шығыстардың сомасы ақылға қонымды шекте өндіріп алынады, бірақ үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

      Бiрнеше жауапкер бар iстер бойынша шешiмдер шығару кезiнде олардан сот шығыстары ортақ қатынаста емес, үлестiк қатынаста өндiрiлiп алынады.

      18-1. Егер іске қатысатын адамның заңда немесе шартта көзделген дауды реттеудің наразылық немесе сотқа дейінгі өзге де тәртібін бұзуы, оның ішінде наразылыққа жауап беру мерзімін бұзуы, наразылықты жауапсыз қалдыруы салдарынан дау туындаса, сот істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, сот шығыстарын осы тұлғаға жүктейді.

      Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелер сот белгілеген мерзімді және дәлелдемелерді дәлелді себептерсіз ұсынудың АПК-де белгіленген тәртібін бұза отырып ұсынылған жағдайда, егер бұл сот процесінің созылуына, істі қарауға және заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтіруге әкеп соқса, іс бойынша барлық сот шығыстарын жүктеуге құқылы.

      19. Сол немесе өзге құқықты тану туралы iстер бойынша талап қоюды қанағаттандыру кезiнде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде құқықтың бар екенiн, сондай-ақ осындай тануға әкеп соғатын құқықтық салдарларды (мысалы, неке жарамсыз деп танылған кезде мұндай некенi тiркеу туралы акті жазбасы жойылады) да көрсетуге мiндеттi.

      20. Теңге АК-нің 127-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгiленген құны бойынша қолдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады. АПК-нің 229-бабын қолдануға қатысты ақша сомаларын өндiрiп алу туралы талап қоюлар бойынша талаптарды қанағаттандыру кезiнде соттар шешiмнiң қарар бөлiгiнде өндiрiлiп алынатын соманың мөлшерiн цифрлармен және сөздермен, Қазақстан Республикасының ақша бiрлiгi - теңгемен көрсетуге тиiс. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу кезiнде сот өндiрiп алу жүргiзiлетiн кезеңдi көрсетуге мiндеттi.

      Ақша сомасын шетел валютасымен өндiрiп алу туралы талап қою берілген жағдайда сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде шетел валютасын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан – әрі Ұлттық Банк) шешiм шығарылатын күнге белгiлеген бағамы бойынша теңгеге айналдыру жөніндегі есептердi келтiруге мiндеттi.

      Сот "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VI Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда валюталық операциялар жасау кезiнде туындаған құқықтық қатынастар бойынша ақша сомасын шетел валютасымен өндiрiп алу туралы шешiм шығаруға құқылы.";

      7) 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Нормативтiк құқықтық актiнi заңға толық немесе iшiнара қайшы деп тану туралы iстер бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың арызы қанағаттандырылған жағдайда сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде акт қабылданған сәттен бастап мұндай актiнi толығымен не оның бiр бөлiгi қолданылуға жатпайды деп тануға мiндеттi. Сонымен қатар сот нормативтiк құқықтық актіні жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарын сот шешiмi туралы хабарламаны сот белгiлеген мерзiмде жариялауға мiндеттейдi.

      23. Мүлiктi заттай алып берген кезде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде мүлiктiң жеке белгілі бір белгiлерiн және құнын көрсетедi.

      Ортақ меншiктегi мүлiктi пайдалану не осындай мүлiктi (жер учаскелерi, үй құрылыстары және т.б.) бөлу тәртібін анықтау туралы дауларды қарау кезінде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде тараптардың әрқайсысына берiлетiн мүлiк бөлiгiнiң мөлшерi мен шекарасын, сонымен қатар тараптардың ортақ пайдалануында қалған мүлiк бөлiгiнiң мөлшерi мен шекарасын, өтетiн жерлердiң мөлшерi мен шекарасын, кiрiп-шығатын жерлердi жабдықтау орындарын, қоршаулар орнатуды, үй-жайларды қайта жоспарлау тәртібі мен назар аударуды қажет ететін басқа да мән-жайларды дәл және анық көрсетуге тиiс.";

      8) 25, 26 және 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Соттар iс жүргiзудi тоқтатқан кезде АПК-нің 277-бабында көзделген негiздемелердiң кеңiнен түсiндiруге жатпайтынын ескеруге тиiс. АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес даудың соттың ведомстволығына жатпайтындығына байланысты iс жүргiзудi тоқтата отырып, сот ұйғарымда осы iс ведомстволығына жататын органды және мүдделi тұлғаның қайда жүгiне алатынын көрсетеді.

      Іс жүргізу АПК-нiң 277-бабының 5) және 6) тармақшаларының негiздерi бойынша татуласу туралы келiсiмді немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасуға және оларды соттың бекiтуiне байланысты тоқтатылған жағдайда ұйғарымның қарар бөлiгiнде олардың шарттары, шығыстарды және өкiлдердiң көмегiне ақы төлеу жөнiндегi шығыстарды бөлудiң тәртiбi, егер тараптар мұндай тәртiптi көздесе, көрсетiледi. Тараптар арасында сот шығындарын бөлудiң тәртібі туралы келісім болмаған жағдайда, сот бұл мәселенi АПК-нің 113 және 116-баптарында көзделген тәртiппен шешуге мiндеттi.

      26. Сот АПК-нің 279-бабында көрсетiлген негiздер бойынша талап қоюды қараусыз қалдырады, олардың тiзбесi толық болып табылады. Сот ұйғарымда iстiң сотта қаралуына кедергi келтіретін АПК-нің 279-бабының 1), 2), 3), 9) және 10) тармақшаларында санамаланған мән-жайларды қалай жоюға болатынын көрсетуге міндетті.

      27. АПК-нің 235-бабына орай шешiмдi шығарған сот өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын адамдардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды және анық арифметикалық қателердi түзетуге құқылы. Түзетулердi енгізу туралы мәселені сот шығарылған шешiмнiң орындалған-орындалмағанына қарамастан, бiрақ ол мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкiн уақыттың iшiнде заңда белгiленген мерзiмнiң шегiнде шешiлуi мүмкiн.

      Сот өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмастан шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.";

      9) 28-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешiмдi орындаудағы кiдiрiс өндiрiп алушы үшін елеулi нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе шешiмдi орындау мүмкiн болмаса (мысалы, талап қоюшыға берiлген мүлiктiң жойылуы), сот талап қоюшының өтiніші бойынша шешiмдi дереу орындауға жiберуге құқылы. Сот шешiмiн дереу орындауға жіберу туралы мәселе шешiмдi шығару кезiнде шешiлуi мүмкiн. Іске қатысатын адамдарға отырыстың өткiзiлетiн орны мен уақыты туралы хабарланып, сот отырысында қаралатын шешiмдi дереу орындау туралы өтiнiшхат шешiм шығарылғаннан кейiн де қаралуы мүмкін, алайда олардың келмеуі осы мәселенi шешуге кедергi болмайды. Шешімді дереу орындауға жіберу туралы ұйғарым шығарылады, ол іске қоса тіркеледі.";

      10) 31, 32 және 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Сот АПК-нің 239-бабына сәйкес алып берiлген ақша сомасын индекстеу туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Индекстеу, ақшалай міндеттемені орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту кезеңін қоспағанда, Ұлттық Банктің сот шешiмi орындалатын күнгi базалық мөлшерлемесінің негiзінде шешiм заңды күшiне енген күнінен бастап борышкердің ақшалай мiндеттеменi нақты орындаған күнге дейiнгi кезеңге есептеледi.

      Сот ұйғарылған ақша сомаларын индекстеу туралы арызды өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмай-ақ қарауға немесе сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды. Ұйғарылған соманы индекстеу туралы арыз бойынша материалдар азаматтық iс материалдарына тiгiледi.

      Сот ұйғарымы бойынша АПК-нің 239-бабының тәртібімен өндiрiлген сол ақшалай сомаларын индекстеп өндіріп алуға жол берілмейді.

      32. Сот қосымша шешімді АПК-нің 236-бабында көрсетілген жағдайларда ғана шығара алады.

      Егер сот шешiмiне апелляциялық шағым берiлсе немесе апелляциялық өтінішхат келтірілсе, сонымен бiрге қосымша шешiм шығару туралы мәселе қойылса, онда сот ең алдымен сот отырысында қосымша шешiм шығару туралы мәселенi шешiп, одан кейiн iстi қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жiберуге мiндеттi.

      Сот қосымша шешiм шығару себебімен шешiмнiң мазмұнын өзгертуге не сот отырысында зерттелмеген жаңа мәселелердi шешуге құқылы емес.

      33. Шығарылған шешiм түсiнiксiз болған жағдайда iсті қараған сот іске қатысқан адамдардың арызы, сондай-ақ сот орындаушысының өтінішхаты бойынша шешiмдi түсiндiруге құқылы. Егер шешім орындалса немесе заңда көзделген шешімнің мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкiн болатын мерзiм өтіп кетсе, шешiмді түсіндіруге жол берілмейді.

      Сот шешiмдi түсiндiру кезiнде оның мазмұнын өзгертуге, сондай-ақ сот шешiмiнде көрсетiлмеген мәселелердi талқылауға құқылы емес.

      АПК-нің 237-бабының екінші бөлігіне сәйкес судья шешімді түсіндіру туралы арызды сот отырысын өткізбестен шешеді. Іске қатысатын адамдар осындай арыздың келіп түскені туралы хабарландырылады және олар арызға пікірлерін сотқа жіберуге құқылы.";

      11) 36, 37, 38-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Заңды күшiне енген сот шешімінің күші жойылған жағдайда және осы шешiмнiң орындалғаны туралы анық деректер болған кезде iстi қайтадан қарайтын сот жауапкердің жазбаша арызы бойынша АПК-нің 247-бабына сәйкес талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм қабылдаған немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы не талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда шешiмнiң орындалуын бұру туралы мәселенi қарауға мiндеттi.

      Егер сот iстi жаңадан қарау кезiнде күші жойылған шешiм бойынша шешiмнiң орындалуын бұру туралы мәселенi шешпесе, онда жауапкердiң мұндай арызы iске қатысатын адамдарға, ал қажет болған жағдайда – күші жойылған шешiмдi орындаған органға хабарланып, сот отырысында қаралады. Сот iстi қараудың нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарады.

      37. АПК-нің 234-бабына сәйкес сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа адамдарға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі немесе беріледі.

      38. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтiк қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгiзiледi және жалпыға бiрдей мiндеттi болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшiне енедi.";

      9. "Жоқ болған заңды тұлғалар мен жоқ болған борышкерді, сонымен қатар өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот практикасы туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 5 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 23; 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2018 жылғы 29 қарашадағы № 18; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерді, сонымен қатар өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудың сот практикасы туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды (бұдан әрі - жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлерді) тарату туралы заңнаманы сот практикасында біркелкі түсіндіру және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтату ерекшеліктері АК-нің 21-бабында, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 39, 53-баптарында, "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Заңының (бұдан әрі – Заң) 7, 8 және 9-тарауларында көзделген.";

      4) 2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлер үшін заңнамада таратудың арнайы негіздері мен жеңілдетілген тәртібі көзделген.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер заңды тұлға орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша болмаса, егер заңды тұлға бір жыл бойы жұмыс істей алмайтын оның құрылтайшылары (қатысушылары) және лауазымды адамдары болмаса, егер ол заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметті жүйелі түрде жүзеге асыру, қызметін тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілерде тыйым салынған қызметті жүзеге асыру арқылы заңнаманы өрескел бұза отырып, қызметін жүзеге асырса, АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес таратылуы мүмкін.";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату тәртібі оның кредиторлық берешегінің (кредиторлардың) болуына не болмауына байланысты анықталады.";

      5) 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Заңды тұлғалардың қызметін жүзеге асыру кезінде заңды өрескел бұзуы деп егер мұндай бұзушылық іс жүзінде жағымсыз нақты немесе құқықтық салдарларға әкеп соқтырса немесе сондай мүмкіндік туғызса, тиісті заңды тұлғаны құруды, қайта ұйымдастыруды, таратуды, сондай-ақ құрылтайшы немесе осы заңды тұлғаны басқару жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке тұлға (тұлғалар) жасаған қызметті регламенттейтін және (немесе) реттейтін ұлттық заңнама нормаларын, ратификацияланған халықаралық шарттарды қасақана немесе абайсызда айқын және елеулі түрде бұзуды санаған жөн.

      Жоқ заңды тұлғаның АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында санамаланған белгілері жеке алғанда, сондай-ақ заңды тұлғада кредиторлардың болмауы заңды тұлғаны тарату үшін дербес негіз болып табылмайды.

      Орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайында болмаған заңды тұлға, сондай-ақ оның құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдары болмаған кезде, егер осы заңды тұлға өз қызметін уақытша тоқтатса, бірақ тиісті салық есептілігін белгіленген мерзімде уақтылы ұсынып отырса, АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес таратылуы мүмкін емес.

      Лауазымды адамдары жоқ, бірақ заңды тұлғаның қызметін ұйымдастыру үшін жауапты және лауазымды адамдарды тағайындауға (сайлауға) құқылы құрылтайшылары (қатысушылары) бар заңды тұлға көрсетілген тәртіппен таратылуы мүмкін емес.

      Жоқ заңды тұлғаның салық есептілігін ұсынбағанын жұмыс істейтін заңды тұлғаның есептілікті ұсыну мерзімдерін бұзуынан ажырата білу керек. Өз қызметін жүзеге асыратын және тіркелген жері бойынша орналасқан (яғни жоқ емес), бірақ салық есептілігін белгіленген мерзімдерде ұсынбайтын заңды тұлғалар, құрылтайшылар (қатысушылар) не лауазымды адамдар осындай бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.

      4. АК-нің 49-бабының 3-тармағына сәйкес жоқ заңды тұлғаны тарату туралы талапты сотқа заңнамалық актiлерде осындай талап қоюға құқық берілген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайларда кредиторлар да беруі мүмкін. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 19-бабына сәйкес атап айтқанда, мұндай құқық салық органдарына берілген.

      Салық органдары АК-нің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюға құқылы.

      Тиісті лицензиясыз қызметін жүзеге асыруына байланысты лицензияр заңды тұлғаны тарату туралы талап қою құқығына ие болады.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Қазақстан Республикасы Заңының 133-бабының 1-тармағына сәйкес республикалық мемлекеттік кәсіпорынды Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды жергілікті атқарушы орган немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құрады.

      Салық органдары мәжбүрлі түрде таратуға (есептік тіркеуден шығаруға, қызметін тоқтатуға) жататын субъектілердің тізбесіне енгізілген субъектілерге қатысты мәжбүрлі түрде тарату (есептік тіркеуден шығару, қызметін тоқтату) туралы талап қоюды сотқа күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жолдайды.

      Егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, республикалық заңды тұлғаны тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімімен таратады. Коммуналдық заңды тұлғаны жергілікті атқарушы орган немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімінің аппараты таратады.

      Мемлекеттік мекеменің өзі құрылтайшы болған жұмыс істемейтін басқа мемлекеттік мекемені тарату туралы талап қоюы қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені АК-нің 50-бабына сәйкес осындай заңды тұлғаны тарату рәсімін сот емес, тарату туралы шешім қабылдаған орган жүзеге асырады.

      Жоқ заңды тұлға (жоқ борышкер) кредиторлық берешегі болғанда Заңның 118-бабында белгіленген оңайлатылған рәсімдер бойынша банкроттыққа (дәрменсіздікке) байланысты АК-нің 49-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сот тәртібімен таратылуға жатады.

      Жоқ борышкерді банкроттық негізде тарату туралы талаптарды мәлімдеу құқығы Заңның 44, 47-баптарымен кредиторларға, сондай-ақ прокурорға берілген.

      5. Кредиторлары болмаған жоқ заңды тұлғаны тарату туралы немесе жоқ борышкерге қатысты оның кредиторлық берешегі болғанда банкроттық жөнінде іс қозғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінген кезде арыз берушілер заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарында көрсетілген жерде немесе нақты мекенжайында жоқ екенін, сондай-ақ заңды тұлға жұмыс істей алмайтын оның құрылтайшылары (қатысушылары) және лауазымды адамдары жоқ екенін растайтын дәлелдемелерді ұсынуға міндетті, бұл ретте арыз беруші сотқа жүгінген сәтке дейін заңнамада белгіленген жоқ болу мерзімі жоқ борышкерлер үшін алты айдың ішінде, ал жоқ заңды тұлғалар үшін бір жылдың ішінде өткенін растау қажет.

      Мұндай дәлелдемелер жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, кәсіпкерлік қызметке бақылауды жүзеге асыратын аумақтық органдардың, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдардың актілері, анықтамалары немесе өзге де құжаттары болуы мүмкін. Сонымен қатар, байланыс органдарының соттың заңды тұлғаның атына жіберген жоқ заңды тұлғаны тарату туралы арыздың және іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы сот ұйғарымдарының көшірмелерін адресаттың жоқтығы немесе оның шығып кеткені туралы белгімен кері қайтаруы, сонымен қатар корпоративтік табыс салығы туралы (жиынтық жылдық кіріс пен жасалған шегерімдер туралы) декларацияны немесе оңайлатылған декларацияны заңда белгіленген табыс ету мерзімінен кейін бір жыл өткен соң табыс етпеуі заңды тұлғаның жоқ болуына дәлелдеме болып табылады.

      6. Сот заңды тұлға өз қызметін жүзеге асыра алмайтын (жұмыс істей алмайтын) адамдардың тобын әрбір нақты жағдайда жарғылық құжаттардың негізінде анықтайды. Арыз берушілер жоқ заңды тұлғаны (борышкерді) тарату туралы сотқа жүгіну кезінде құрылтай құжаттарын немесе құрылтай құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмелерін, сондай-ақ осы заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәландыратын құжаттарды ұсынуға міндетті.

      Заңды тұлғаның қызметін жүзеге асыру мүмкін болмайтын (жұмыс істей алмайтын) лауазымды адамдардың, сондай-ақ құрылтайшылар мен қатысушы жеке тұлғалардың көрсетілген құрылтай құжаттарында болмауы олардың кетіп қалғаны, тұрмайтыны туралы құжаттармен, куәлардың айғақтарымен, басқа да дәлелдемелермен расталуы мүмкін.

      Заңды тұлға белгіленген тәртіппен қызметтен босатқан адамдар, олардың тұрғылықты жері белгілі болса да және олар сот отырысына келсе де, жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) тиісті өкілдері болып танылмайды.

      Егер жоқ заңды тұлғаның, оның ішінде борышкердің жалғыз құрылтайшылары (қатысушылары) басқа заңды тұлғалар болса және олар заңда белгіленген тәртіппен таратылса, онда бұл жағдай да заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) жоқ екеніне дәлелдеме болып табылады.

      7. Сот заңды тұлғаның қызметін жүзеге асыру мүмкін болмайтын лауазымды адамдардың қайтыс болғаны туралы, әрекетке қабiлетсiз деп танылғаны, бас бостандығынан айыруға сотталғаны не қызметтің белгілі бір түрімен айналысу құқығынан айырылғаны, хабар-ошарсыз кетті деп танылғаны туралы немесе жалғыз құрылтайшы (қатысушы) – жеке тұлғалардың (құқық мирасқорлығы болмаған кезде) қайтыс болғаны туралы құжаттарды дәлелдемелер ретінде қабылдауы мүмкін.

      Мұндай жағдайда заңды тұлғаны тарату туралы талап аталған оқиғалар орын алған күннен бастап алты ай (бір жыл) өткенге дейін де мәлімделуі мүмкін.

      8. Жоқ борышкерлердің кредиторлық берешегі болуы немесе жоқ заңды тұлғаның кредиторлары болмауы олардың соңғы тапсырған салық есептілігіне берілген түсіндірмелермен, салық органдарының баланстарымен, анықтамаларымен, өзге құжаттармен расталуы мүмкін.

      Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) кредиторлардың немесе кредиторлық берешегі болуы немесе болмауы туралы ұсынылған дәлелдемелерге байланысты арыз беруші АК-нің, Заңның тиісті баптарына сілтеме жасай отырып, жоқ заңды тұлғаны, жоқ борышкерді тарату туралы талап қою үшін заңда көзделген негіздерді көрсетуге міндетті.

      9. Соттар АПК-нің 31-тарауында, Заңның 44, 45, 46, 47-баптарында көзделген сотқа жоқ борышкерлерді тарату туралы арыздарды ресімдеуге, олардың банкроттығы туралы арыздарды жазуға қойылатын талаптарды осы санаттағы істердің ерекшеліктерін ескере отырып қолданғаны жөн.

      Кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарының сомасы бойынша Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында белгіленген шектеулер жоқ борышкерге қатысты қолданылмайды, ал жоқ борышкердің банкроттығы туралы арызды соттар оның берешек сомасының мөлшеріне қарамастан, қарауға қабылдайды.

      Салық органдарының және прокурордың жоқ заңды тұлғаны, сондай-ақ жоқ борышкерді тарату туралы арыздарына мемлекеттік баж салынбайды. Басқа кредиторлар борышкердің банкроттығы туралы арызбен жүгінген жағдайда мемлекеттік баж жалпы тәртіппен төленеді.

      10. Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) ұйымдық-құқықтық нысанының АК-нің 34-бабының талаптарына сәйкес келмеуі, арыз берушінің сотқа жүгінуі кезінде жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) мүліктері бар екендігі туралы мәліметті ұсынбауы заңды тұлғаны тарату туралы арызды қарауға қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

      Егер заңды тұлға АК қабылданғанға дейін құрылған және белгіленген тәртіппен тіркелген жағдайда Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тіркелімінде заңды тұлғаның болмауы арызды қарауға қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

      11. Жоқ заңды тұлғаны тарату туралы арыздар талап қою ісін жүргізу тәртібімен, жоқ борышкердің банкроттығы туралы арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады.

      12. Егер жоқ заңды тұлғаны тарату туралы істі қарау кезінде арыз беруші жоқ деп көрсеткен заңды тұлғаның уәкілетті лауазымды адамдары немесе оның құрылтайшылары (қатысушылары) сот отырысына келсе немесе заңды тұлғаның қызметін жалғастыратыны не таратумен келісетіні туралы жазбаша мәлімдесе, онда сот осы заңды тұлғаны жоқ заңды тұлға ретінде тарату туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.

      Кредиторлар (кредиторлық берешек) тікелей сот отырысында анықталған жағдайда, егер заңды тұлғаны тарату туралы талап тек оның кредиторлары жоқ екендігіне байланысты мәлімделсе, онда сот заңды тұлғаны тарату туралы талаптан бас тарту туралы шешім шығарады.

      АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша кредиторлары болмаған заңды тұлғалар үшін заңды тұлғаны таратудан бас тарту кредиторлардың, уәкілетті органның немесе прокурордың сол заңды тұлғаны азаматтық заңнамада көзделген басқа негіздер бойынша тарату талаптарымен қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

      13. Кредитордың, прокурордың немесе уәкілетті органның сотқа берген жазбаша арызы бойынша сот жоқ заңды тұлғаны тарату туралы мәлімделген талаптың негіздерін өзгерту жөніндегі мәселені қарауға құқылы.

      Талап қоюшы арызбен сотқа жүгіну кезінде жоқ деп көрсеткен уәкілетті лауазымды адамдардың, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтайшыларының (қатысушыларының) сотқа келіп, өздерінің оларды тарату туралы талаппен, оның ішінде оңайлатылған рәсім бойынша тарату туралы талаппен келісуі арызды қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды. Сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, құрылтайшылық құжаттармен өкілеттік берілген адамдарға олардың заңды тұлғаны өз еркімен тарату туралы мәселені шешуге не белгіленген заңнамада көзделген өзге де негіздер бойынша мәжбүрлі түрде тарату туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндіруге міндетті.";

      6) 15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату туралы талапты қарау кезінде сот құрылтайшылық құжаттардың негізінде заңды тұлғаның қызмет етуі мүмкін болмайтын тұлғалар тобын, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) құрамын анықтауы және заңды тұлғаның жоқ екенін және болмау уақытын растайтын, ұсынылған дәлелдемелердің жеткіліктілігіне баға беруі қажет.

      16. Банкроттық рәсімді қозғамай, жоқ борышкерді таратуды уәкілетті орган Заңның 118-1- бабында белгіленген тәртіппен жүргізеді.";

      7) 17-тармақтың екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоқ заңды тұлғаларды тарату және банкроттық рәсімдерін жүргізу республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуына байланысты сот жоқ заңды тұлғаны, сондай-ақ жоқ борышкерді таратуды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі міндетті сот уәкілетті органға жүктейді.

      Жоқ заңды тұлғаны тарату АК-нің 50-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.";

      8) 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Соттың жоқ заңды тұлғаны тарату туралы не жоқ борышкердің дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы шешімі заңды тұлғаны тарату рәсімдері аяқталғанға дейін заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығарып тастау үшін негіз болып табылмайды.

      Жоқ заңды тұлғаны мәжбүрлі түрде тарату туралы немесе жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі тиісті тіркеуші органға және статистика жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне мәлімет үшін жіберіледі.

      19. Жоқ заңды тұлғаны тарату кезінде табылған мүлік таратуға байланысты шығыстарды өтеуге, қалған мүлік АК-нің 50-бабының 8-тармағына сәйкес құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.";

      9) 20-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот ұсынылған құжаттарды он бес күн мерзімінен кешіктірмей қарайды және есепті бекіту туралы және конкурстық іс жүргізуді аяқтау (тарату) туралы немесе есепті бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер жоқ борышкердің кредиторлары тарату міндеті жүктелген адамның әрекеттеріне, шешімдеріне шағым жасаса, сот есепті шағым бойынша қабылданған сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін ғана қарайды.";

      10) 21, 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Уәкілетті органға тарату рәсімін жүргізу міндеті жүктелген кезде оған әкімшінің Заңда көзделген құқықтары мен міндеттері ауысады. Банкротта активтер, сондай-ақ, Заңның 7-бабында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда уәкілетті орган бір айлық мерзімде қорытынды есепті және тарату балансын кредиторлар жиналысына келісу үшін ұсынуға міндетті. Уәкілетті орган кредиторлар жиналысымен келіскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде қорытынды есеп пен тарату балансын бекіту үшін сотқа ұсынуға міндетті, сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға және мемлекеттік кіріс органына салық төлеуші куәлігін және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлікті (егер ол бар болса) тапсыруға міндетті.

      22. Сот ұйғарымының қарар бөлігінде уәкілетті органға заңды тұлғаны тарату туралы шешімнің және тарату рәсімдерінің аяқталғаны туралы ұйғарымның көшірмесін тіркеуші органға жіберу жөнінде тапсырма қамтылуы тиіс.

      Егер заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өтпесе, арыз беруші сотқа жүгінген кезде ұсынған жоқ заңды тұлға мен жоқ борышкердің түпнұсқа құрылтай құжаттары сот актілерінің көшірмелерімен бірге тіркеуші органға бір мезгілде беріледі.

      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрықтың көшірмесін іс материалдарына қоса тіркеу үшін сотқа он күндік мерзімде жібереді.

      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрық шығарғаннан кейін және бұл туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдеріне енгізілгеннен кейін ғана заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға жұмыс істеуін тоқтатты деп есептеледі.

      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      10. "Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы" 2005 жылғы 28 қазандағы № 4 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңнамасын қолдану практикасы туралы" 2005 жылғы 28 қазандағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы заңнаманы соттардың біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 1-1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты болып танылған заңды тұлға банкроттық салдарынан таратылған жағдайда төлемдердің көлемі мен тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен (бұдан әрі - АК) және "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі - Заң) анықталатынына соттардың назары аударылсын.

      1-1. Төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдерді төлеу жүзеге асырылады (АК-нің 945-бабының 4-тармағы).

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 571 қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес көрсетілген тәртіппен ай сайынғы төлемдерді алуға құқығы бар адамдар кәсіпорынды банкрот деп тану туралы, зиянды өтеу есебіне капиталдандырылған төлемдерді жасау жөніндегі жауаптылықты мемлекетке жүктеу туралы сот шешімінің, сот бекіткен бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарының тізілімін ұсынуы қажет. Жоғарыда көрсетілген адамдардың талап етуі бойынша санамаланған құжаттардың куәландырылған көшірмелерін кәсіпорынды банкрот деп тану туралы істі қараған сот ұсынады. Капиталдандырылған төлемдерді төлеу жөніндегі жауаптылықты мемлекетке жүктеу туралы соттың жаңа шешімін шығару олар жетпіс жасқа толғаннан кейін талап етілмейді.

      2. АК-нің 944-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеттіріп алуға құқығы бар азаматтар банкрот деп жарияланған заңды тұлғадан тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру жолымен зиянды өтеу арқылы міндеттемелерін тоқтатуын немесе мерзімінен бұрын орындауын талап етуге құқылы.

      Бұл ретте зиян келтіргені үшін жауапты заңды тұлғаның АК-нің 937-944-баптарында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен ай сайынғы және өзге де қосымша төлемдер жүргізу міндеттемесі жәбірленушіге капиталдандырылған соманы біржолғы төлеудің жаңа міндеттемесімен ауыстырылады. Мұндай төлемді жәбірленушінің талабы бойынша келтірілген зиянды өтеу деп түсіну керек.

      3. Заңның 102-бабына сәйкес заңды тұлғаның банкроттық рәсімінің шеңберінде төленетін өтемақының мөлшерін айқындау азаматқа ол жетпіс жасқа толғанға дейін, бірақ кемінде он жыл ішінде төленуге жататын тиісті мерзімдік төлемдерді борышкер банкрот деп танылған күнгі мөлшерде капиталдандыру арқылы жүзеге асырылады. Егер азаматтың жасы жетпіс жастан асқан жағдайда, тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру кезеңі он жылды құрайды.

      Мерзімдік төлемдер деп жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілгенге дейін болған немесе болуы мүмкін және оған жауапты тұлға ай сайын төлеп отырған жоғалған табысын (кірісін) немесе оның бөлігін өтеуді түсіну керек.

      Зиянды өтеу бойынша заңнамада белгіленген өзге төлемдер (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрілер сатып алуға, протез салғызуға, басқа адамның күтім жасауына, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға және басқаларға арналған шығыстар) капиталдандыру кезінде ескерілмейді.

      Заңның 102-бабында көзделген тәртіппен айқындалған капиталдандырылған төлем (өтемақы) сомасы индексациялауға, сондай-ақ азаматқа белгіленген мүгедектік тобының өзгеруіне байланысты көбейтуге немесе азайтуға қатысты қайта қаралуға жатпайды.

      4. АК-нің 945-бабының 2-тармағында көзделген өмір мен денсаулыққа келтірілген зиян үшін жауапты заңды тұлға таратылған жағдайда тиісті төлемдерді капиталдандыру міндетті болып табылады.

      Осыған байланысты банкроттық басқарушы кредиторлардың талаптарының тізілімін қалыптастыру кезінде таратылатын заңды тұлға келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты деп танылған және ол банкрот деп танылған кезде тиісті төлемдерді жүргізген барлық тұлғаларға ай сайынғы төлемдерді капиталдандыруға міндетті.

      Егер тарату рәсімдерін өткізу кезінде таратылатын заңды тұлға сот шешімімен өзінің қызметкеріне келтірілген зиян (атап айтқанда, анықталған кәсіптік ауруы) үшін жауапты деп танылса, онда тарату рәсімдері аяқталғанға дейін азаматтың өтініші бойынша жоғалған табысты (кірісті) өтеу үшін ай сайынғы төлемдер сомасы анықталады және ол Заңның 102-бабында белгіленген тәртіппен капиталдандыруға жатады.

      5. Банкроттық басқарушы капиталдандырылған төлемдерді бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарының тізіліміне енгізеді және борышкердің мүлкі есебінен бірінші кезектегі тәртіппен қанағаттандырылады.

      Өткен кезеңдер үшін жоғалған табыстың (кірістің) ай сайынғы төлемдері бойынша берешек, егер мұндай берешек бар болса не сот шешімімен заңды тұлға банкрот деп танылған сәтте анықталса, кредиторлардың талаптарының тізіліміне бірінші кезекте енгізіледі.

      6. Таратылатын заңды тұлғада мүліктің болмауы немесе жеткіліксіз болуына байланысты банкроттық басқарушы капиталдандырылған төлемдерді төлей алмаған жағдайда, азаматтар АК-нің 945-бабына сәйкес капиталдандырылған төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттерді мемлекетке жүктеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

      Жоғарыда баяндалған тәртіппен капиталдандырылған төлемдерді азаматтың арызы бойынша бір уақытта төлеу өмір мен денсаулыққа келтірілген зиян үшін заңды тұлғаның міндеттемелерінің толық көлемде тоқтауына әкеп соғады.

      7. Капиталдандырылған төлемдерді қамтамасыз ету мақсатында соттар банкроттық рәсімдерді аяқтау туралы ұйғарымдарда төленбеген капиталдандыру мөлшерін көрсетуі қажет.

      Егер бірінші кезектегі кредиторлардың атаулы тізімі көлемді болса, сот ұйғарымында кредиторлар талаптарының тізілімдеріне сілтеме жасай отырып, бірінші кезек бойынша есептелген және төленбеген капиталдандырудың жалпы сомасы ғана көрсетілуі мүмкін. Банкроттық басқарушы қол қойған заңды тұлғаны тарату аяқталған күнгі кредиторлар талаптарының тізілімдерінен үзінді көшірме не тізілімнің тиісті куәландырылған көшірмесі және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы соттың ұйғарымы азаматтың мемлекетке капиталдандырылған төлемдерді төлеу туралы талаппен сотқа жүгіну құқығын растайтын құжаттар болып табылады.

      8. Таратылатын заңды тұлғада мүліктің болмауы не жеткіліксіз болуы салдарынан капиталдандырылған төлемдерді төлеу міндеттерін мемлекетке жүктеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабында кепілдік берілген азаматтың науқастануына, мүгедектікке ұшырауына, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру құқықтарын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады. Осы міндетті өзіне қабылдай отырып, мемлекет таратылған заңды тұлғаның барлық өзге міндеттемелері бойынша құқықтық мирасқоры болып табылмайды.

      Алайда егер мерзімдік төлемдерді капиталдандыру банкроттық басқарушының кінәсінен жүргізілмесе және бұл қатені сот банкроттық рәсімдерді аяқтау туралы ұйғарым шығарған кезде түзетпесе не кәсіптік ауруға байланысты еңбек қабілеттілігін жоғалтқандығы заңды тұлға банкроттық салдарынан таратылғаннан кейін анықталған кезде азамат заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекетке зиянды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.

      9. Капиталдандырылған төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемені мемлекетке жүктеу туралы арызды қанағаттандыру кезінде сот шешімінің қарар бөлігінде ақша республикалық бюджет қаражатынан өндірілетінін, ал тағайындалған соманы өтеу міндеті республикалық бюджеттік бағдарламаның тиісті әкімшісіне жүктелетінін көрсетуге тиіс.

      Капиталдандырылған төлемдерді өңдіру туралы істер бойынша мемлекеттік баж алынбайды.

      10. Жәбірленушінің жоғалтқан табысын (кірісін) капиталдандыру және оның келісімімен ай сайынғы төлем туралы міндеттемені біржолғы өтемақы төлеуге ауыстыру кезінде міндеттеме ауыстырылады және азаматтың жеке басымен тығыз байланысты құқық өтемақы алу құқығымен ауыстырылады.

      Осыған байланысты азаматқа аударылған және бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарының тізіліміне енгізілген, бірақ олар тарату процесінде толық немесе ішінара алынбаса немесе өтемақы сомасы сот шешімі бойынша мемлекеттен өндірілмесе, онда олар мұра құрамына енгізіледі. Мұрагерлер оны төлеу туралы талапты мұрагерлік туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мәлімдеуі мүмкін.

      11. Банкроттық рәсімдер шеңберінде есептелген капиталдандырылған төлемдер азаматтың жоғалтқан табысының (кірісінің) өтеуі болып табылады, сондықтан салық заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс салығы салынады.

      12. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      11. "Жылу және электр қуаты үшін берешекті өндіруге байланысты заңдарды соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 9 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 25; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Соттардың жылу және электр энергиясы үшін берешекті өндіруге байланысты заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот практикасында туындайтын тұрмыстық мақсаттарда тұтынылған жылу және электр энергиясы үшін берешекті өндіріп алу туралы заңнама нормаларын қолдану мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3, 4, 5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 482-бабының 2-тармағына сәйкес энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады. Энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент арасында энергиямен жабдықтау жөнінде жеке шарт жасалуы мүмкін, оның талаптары жария шарттың талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      2. Тұтынушы пайдаланылған энергия үшін уақтылы ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйым қарызды және заңды тұрақсыздық айыбын өндіруді талап етуге құқылы (АК-нің 295-бабының 1-тармағы).

      3. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 9) тармақшасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы деп Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеуді түсінген жөн.

      Тұрғын үй-жайды сатушының пайдаланған энергиясы үшін берешек ауыртпалық болып табылмайды, сондықтан мәміленің негізінде тұрғын үй-жайға меншік құқығын басқа тұлғаға беру кезінде, егер көрсетілген мүлікті иеліктен шығару туралы шартта өзгеше көзделмесе, берешекті өтеу сатушының міндеті болып табылады.

      4. Энергиямен жабдықтау шартынан туындайтын міндеттемелер бойынша жалпы талап қоюдың ескіру мерзімі белгіленген. Азаматтар энергиямен жабдықтау шарты бойынша тұтынылған энергияның ақысын ай сайын төлеуге міндетті, сондықтан абоненттің міндеттемелері бойынша талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұтынылған энергия үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі аяқталған сәттен басталады.

      Абоненттердің тұтынылған энергия үшін ақы төлеу тәртібі "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588-II Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағының ережелеріне сәйкес анықталады.

      5. Егер энергиямен жабдықтау шартында бір тарап заңды тұлға құрмай, белгіленген тәртіппен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азамат болса, мұндай құқықтық қатынастарға (АК-нің 19-бабының 3-тармағы), егер заңнамадан немесе құқықтық қатынастардың мәнінен өзгеше туындамаса, тиісінше коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметін реттейтін қағидалар қолданылады.

      Егер құқықтық қатынастардың мәнінен дара кәсіпкер тұтынылатын энергияны кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбайтыны туындаса, ол оны төлеу жөніндегі міндеттемені тұрмыстық тұтыну үшін энергияны пайдаланғаны үшін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапты болуы тиіс.

      6. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      12. "Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы" 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 3 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 26; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Соттардың меншік иесі қалдырып кеткен тұрғынжайға құқық жөніндегі дауларды қарау практикасы туралы" 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 3 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Меншік иелерінің қалдырып кеткен тұрғынжайды иелену, пайдалану және билік ету жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы талап қоюлары бойынша істерді қарау кезінде туындаған мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Меншік иелері қалдырып кеткен тұрғынжайды иелену, пайдалану және билік ету жөніндегі дауларды шешу кезінде соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК), "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-I Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) ережелерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуы қажет.";

      4) 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. АК-нің 250-бабының негізінде меншік құқығынан бас тарту бұл жөнінде жариялау немесе меншік иесінің осы тұрғынжайға қандай да бір құқықтарын сақтау ниетінсіз меншік құқығынан шеттетілгенін айқын куәландыратын басқа да әрекеттер (әрекетсіздік) арқылы білдірілуі мүмкін.

      Меншік иесі болып табылатын азамат немесе заңды тұлға ғана меншік құқығынан бас тартуы мүмкін. Заңда белгіленген иеліктен шығару жағдайларын қоспағанда, мемлекеттің және оның органдарының өздеріне тиесілі тұрғынжайға меншік құқығынан бас тартуға құқығы жоқ.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс.

      АК-нің 250-бабына сәйкес меншік құқығынан бас тарту меншік иесінің тұрғынжайға қатысты құқықтары мен міндеттерін тоқтатпайды. Меншік иесі тұрғынжайды күтіп-ұстау ауыртпалығын, заңда көзделген коммуналдық төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді көтереді. Бұл құқықтар мен міндеттер осы тұрғынжайға меншік құқығын басқа тұлға алған кезге дейін сақталады.

      Меншік иесінің осы тұрғынжайға қандай да бір құқығын сақтау ниетінсіз меншік құқығынан бас тартуын дәлелдейтін әрекеттерді жасауы, басқа тұлғаның осы тұрғынжайға меншік құқығын иеленгені туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде ғана меншік құқығының тоқтатылуына әкеп соғады.

      5. Меншік иесінің меншік құқығын сақтау ниетінсіз тұрғынжайды қалдырып кету жөніндегі әрекеттерді жасау арқылы меншік құқығынан бас тарту заңды, ерікті және меншік иесінің тұрғынжайды иеленуден, пайдаланудан, билік етуден бас тартуын нақты көрсетуге тиіс.

      Мұндай бас тарту, атап айтқанда, тұрғынжай орналасқан аумақтағы әкімнің аппаратына меншік иесінің, оның отбасы мүшелерінің және басқа да тең меншік иелерінің, сондай-ақ қажетті жағдайларда қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияы жүзеге асыратын органдардың келісімімен жазбаша арыз беру арқылы білдірілуі мүмкін.

      Тұрғынжайды коммуналдық меншік деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған немесе басқа тұлғаның оны иеленудің ескіру мерзіміне сәйкес алған жағдайларды қоспағанда, меншік иесінің тұрғынжайға меншік құқығынан бас тарту туралы арызы кері қайтарылып алынуы мүмкін.

      6. Қалдырып (немесе тастап) кеткен тұрғынжай деп оған қатысты меншік иесінің меншік құқығын сақтауға ниетін куәландыратын әрекеттерді жасамаған тұрғынжай аталады. Мұндай тұрғынжайларға меншік иесі қараусыз және оларды күтіп-ұстау жөніндегі міндеттерді және т.б. орындамай қалдырған бос тұрғынжайлар жатады. Тұрғынжайды жою (қирату) жағдайлары сот шешімі бойынша тұрғынжайға меншік құқығын тоқтатуға дербес негіз болып табылады.

      Меншік иесі жоқ немесе меншік иесі белгісіз не меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан тұрғынжайды сот иесіз тұрғынжай деп таниды.

      7. АК-нің 242-бабының 3-тармағында иесіз жылжымайтын мүлікті (тұрғынжайды) коммуналдық меншікке алудың ерекше қағидалары белгіленген. Аумағында осындай мүлік табылған әкім аппаратының арызы бойынша жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган оны есепке алуға тиіс. Егер меншік иесі ол туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартатын болса, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы хабарланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншікке келіп түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді.

      Есепке алған күнінен бастап бір жыл өткеннен кейін коммуналдық меншікті басқаратын уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот шешімімен тұрғынжай иесіз және коммуналдық меншікке түсті деп танылуы мүмкін.

      Егер талап қою бір жыл мерзім өткенге дейін берілсе, онда ол қарауға жатпайды және АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігі 8) тармақшасының негізінде қайтарылады.

      Соттың шешімімен коммуналдық меншікке түсті деп танылмаған тұрғынжайды иелену, пайдалану және оған билік ету өкілеттігі оны қалдырып кеткен меншік иесінде сақталады немесе иеленудің ескіру мерзіміне сәйкес үшінші тұлғаға өтеді.

      8. Тұрғынжайға коммуналдық меншік құқығын тану туралы істерді қарау кезінде соттар қандай тұрғынжайды иесіз деп тануға жататынын, оны кім және қалай анықтағанын, иесіз ретінде қай уақытта есепке алынғанын, меншік құқығын сақтау ниетінсіз меншік иесі тұрғынжайды қалдырып кеткенін куәландыратын дәлелдемелерді тексеруі, сондай-ақ әкімдіктерді, коммуналдық және салық қызметтерін мүдделі тұлғалар ретінде тартуы тиіс.

      9. Сот шешімі бойынша коммуналдық меншікке түсті деп танылмаған тұрғынжайға әкім билік еткен жағдайда, меншік иесі өзінің тұрғынжайын қайтарып беруді немесе құны тең тұрғынжай беруді әкімнен талап ете алады.

      Меншік иесінің оның тұрғынжайында тұрып жатқан тұлғаны шығару туралы талап қоюын қарау кезінде соттар осы тұлғаны тұрғынжайға қоныстандыру негіздерін тексеруі керек. Егер ол әкімнің өкімі бойынша қоныстандырылса, сот оған заңда көзделген негіздер бойынша меншік құқығын тоқтату туралы меншік иесіне қарсы талап қою құқығын түсіндіріп, оны іске қатысуға тартуы қажет.

      Талап қою қанағаттандырылған кезде тұрғынжайдан шығару Заңның талаптары сақталып жүзеге асырылуы тиіс. Шығарылған тұлғаға, егер бұл тұлға тұрғынжайға мұқтаждардың есебінде тұрған болса, басқа тұрғынжай беру міндеті әкімшілікке жүктеледі. Шығарылған тұлға меншік иесінен шығыстарын (тұрғынжайды жөндеуге, оны күтіп-ұстауға және т.б.) өндіріп алу туралы талабын қоюға құқылы.";

      5) 10, 11, 12, 13, 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Иеленудің ескіру мерзімінің негізі бойынша тұрғынжайға меншік құқығын алу туралы талап қоюларды қарағанда, АК-нің 240-бабының 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар жиынтығының болуын, яғни өзінің жеке жылжымайтын мүлкіндей жеті жыл бойы адал, ашық және ұдайы иеленгенін ескеру қажет.

      Иеленудің адалдығы тұлғаның тұрғынжайды заңды түрде иеленуін білдіреді, яғни ол осы иеленушіде заңмен, өзге құқықтық актілермен тікелей танылған немесе оларға қайшы келмейтін, бірақ құқықтық ресімделмеген (мысалы, меншік иесінің тұрғынжайды заңда көзделген сатып алу-сату, жалға беру және т.б. шарттарының нысандарын сақтамай беруі) әрекеттердің және оқиғалардың нәтижесінде пайда болған.

      Иеленудің ашықтығын тұлғаның тұрғынжайды иелену мән-жайын жасыруға бағытталған ешқандай шараларды қолданбауы, тұрғынжайды күтіп-ұстау ауыртпалығын көтеруі, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуі және т.б. білдіреді.

      Иеленудің ұдайылығын тұрғынжайды иелену құқығын үшінші тұлғаларға бермей, осы тұлғаның иелігінде жеті жыл бойы болуын білдіреді. "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін (жалпы бөлім) күшіне енгізу туралы" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаулысының 7-тармағының негізінде иеленудің ескіру мерзіміне осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейінгі тұрғынжайды іс жүзінде иеленген уақыт есептеледі. АК-нің 240-бабының 3-тармағына сәйкес иеленудің ескіру мерзіміне жүгінетін азамат немесе заңды тұлға өзі құқықтық мирасқоры болып табылатын тұлғаның осы тұрғынжайға иелік еткен уақытының барлығын өз иелігіне қосып алуына болады.

      11. АК-нің 240-бабының 4-тармағына сәйкес тұрғынжайға қатысты иеленудің ескіру мерзімінің өтуі АК-нің 260, 261, 262, 263, 265-баптарына сәйкес оны иеленуші тұлғадан талап ету мүмкіндігі затқа иелік еткен сәттен басталады.

      12. Иеленудің ескіру мерзімінің негізінде меншік иесі болдым деп есептейтін тұлға өзінің меншік құқығын тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл іс талап қою ісін жүргізу тәртібімен соттың қарауына жатады. Соттың арызды қанағаттандыру туралы шешімі осы тұрғынжайға меншік құқығын тіркеу үшін негіз болып табылады.

      13. Тұрғынжайды иелену шарттық міндеттемелердің негізінде (жалға беру, сақтау, ақысыз пайдалану және т.б.) жүзеге асырылған немесе тұрғынжай шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығымен бекітілген кездегі уақыт иеленудің ескіру мерзіміне есептелмейді.

      14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      13. "Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін еріксіз иеліктен шығару жөніндегі заңдарды қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 2; 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 3 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер учаскелерін мемлекеттік емес жер пайдаланушыдан немесе меншік иесінен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы азаматтық істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3, 4, 5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы істерді шешу кезінде соттар көрсетілген құқықтық қатынастар бойынша заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделетінін және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасының Жер кодексінен (бұдан әрі – Жер кодексі), "Мемлекеттік мүлік туралы" (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң) Қазақстан Республикасының Заңынан, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң), сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Жеке тұрғын үй құрылысы туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы", Қазақстан Республикасының Заңдары мен басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұратынын назарда ұстауы қажет.

      2. Атқарушы орган даулар бойынша талап қоюды мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын жер учаскесі орналасқан жер бойынша аудандық (қалалық) сотқа береді. Бұл ретте Жер кодексінің 88-бабына, Мемлекеттік мүлік туралы заңның 65-бабының 7-тармағына және 69-бабының 4-тармағына сәйкес:

      меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесiн немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшiн алып қоюға байланысты өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулымен келіспесе;

      алып қойылатын жер учаскесiнің құны немесе жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басқа да шарттары туралы онымен келiсiмге қол жеткізілмесе;

      мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде алып қойылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғаларды қоса алғанда, мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган сотқа тиісті талап қоюмен жүгінуге құқылы екенін назарда ұстау керек.

      3. Судья арызды қабылдау туралы мәселені шешкен кезде талап қоюшының Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 150 және 151-баптарының талаптарын орындағанын тексеру керек. Меншік иесіне хабарламаның тапсырылғаны және құны тең басқа жер учаскесі, жайлы тұрғынжай не ақшалай өтемақы ұсынылғаны туралы мәліметтер көрсетілмей талап қою берілген жағдайда талап қою арызы АПК-нің 155-бабының бірінші бөлігінің тәртібімен қозғалыссыз қалдырып, талап қоюшыға өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелерді талап қоюда баяндау үшін мерзім берген жөн.

      4. Істі сот талқылауына дайындау кезінде судья жазбаша дәлелдемелердің бар-жоғын тексереді, ал қажет болған жағдайда тараптарға мынадай жазбаша дәлелдемелерді беруді ұсынады:

      1) Жер кодексінің 84-бабының 2-тармағында белгіленген айрықша жағдайлар тізбесіне жататын объектілерді салу бөлігінде қаланың (елді мекеннің) бас жоспарынан үзінді көшірмені қоса бере отырып, Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысы;

      2) органның қабылданған шешімі туралы, оның меншік иесіне, мемлекеттік емес жер пайдаланушыға жіберілген күні көрсетілген, оның алынғаны туралы белгісі бар жазбаша хабарламасы;

      3) жекешелендіру, сатып алу-сату, сыйға тарту шарты және (немесе) жер учаскесіне, үй құрылысына меншік немесе жер учаскесін пайдалану құқығына сәйкестендіруші, басқа да құқық белгілеуші құжаттар, сондай-ақ үй құрылысын пайдалануға қабылдау туралы акт, техникалық паспорт, үй құрылысы мен жер учаскесінің жоспарлары, жылжымайтын мүлікке және олармен жасалған мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы құқықтық кадастр мәліметтері;

      4) бағалау туралы есеп, құқық белгілеуші құжат (сатып алу-сату, сыйға тарту шарты және т.б.), немесе жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын не азаматтық-құқықтық шартта жер учаскесінің бағасы болмаған жағдайда кадастрлық (бағалау) құнын растайтын өзге де құжат;

      5) жергілікті атқарушы органның құны тең басқа жер учаскесін, жайлы тұрғынжай беру туралы ұсыныстарын растайтын құжат.

      5. Жауапкердің талап қоюшы ақшалай өтемақының орнына ұсынатын құны тең басқа жер учаскесін, жайлы тұрғынжай беру туралы талап қоюшыға қойған талаптары қарсы талаптар болып табылмайды. Сондықтан меншік иесінің өтемақы нысанын таңдауына байланысты барлық мәселелерді сот жергілікті атқарушы орган мәлімдеген талап қою шеңберінде және Мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабы 6-тармағының, Жер кодексінің 88-бабының, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 15-бабының, 29-бабының 2-тармағы мен 119-1-бабының талаптарын, сондай-ақ меншік иесінің құқықтарын қорғайтын басқа да нормаларды сақтай отырып қарауға тиіс.

      6. Соттар дауды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын басшылыққа алғаны жөн, соған сәйкес заңда көзделген ерекше жағдайларда мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару ол тең бағамен өтелген кезде ғана жүргізілуі мүмкін. Егер жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылғаннан кейін меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы қалған бөлікті бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесінің иеліктен шығарылатынын ескеру қажет. Жер учаскесін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланудың мүмкін еместігі туралы қорытындыны (мәліметтерді) жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган ұсынады.

      АК-нің 188-бабының 5-тармағына байланысты мүлікке меншік құқығы Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана мәжбүрлеп тоқтатылуы мүмкін екенін назарда ұстаған жөн.

      АК-нің 255-бабының 1-тармағына сәйкес, Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де құрылыстар, құрылысжайлар немесе екпелер бар жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысына байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатуға меншiк иесiне құны тең мүлiкті ұсынып, оған келтірілген өзге де залалдарды өтеп немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарды толық көлемде өтей отырып, заңнама актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол берiледi.

      Жер кодексінің 81-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына байланысты жер учаскесіне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару негіз болып табылады.

      Егер істі талқылау кезінде Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысы мемлекет мұқтажымен байланысты болмағаны не мұндай қаулыны уәкілетті емес орган (ұйым, тұлға) қабылдағаны анықталса, сондай-ақ егер ол Жер кодексінің 84-бабының талаптарына сәйкес келмесе, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады. Жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның меншік немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына алып келетін жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысымен келіспеген жағдайда дау сот тәртібімен шешілгенге дейін оны жүзеге асыруға болмайды.";

      4) 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Соттар дауды шешу кезінде ерекше жағдайларда Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның талабы бойынша мемлекет мұқтажын өзге тәсілмен қанағаттандыру мүмкін болмаған кезде және иеліктен шығарылатын мүлік тең бағамен өтелген кезде жер учаскесін осы мұқтаж үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға болатынын ескеру керек.

      Соттар жергілікті атқарушы органның осы мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғаларға алып қойылатын мүліктің құрамы және өтелуге жататын залалдардың мөлшері бойынша жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттың жобасы жөніндегі мәселелерді шешу бойынша сотқа жүгінгенге дейін қандай шаралар қабылдағанын тексеруі керек. Осы мәселелерді шешу жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған жергілікті атқарушы органның міндеті болып табылады. Осылайша, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 15 және 119-1-баптарына сәйкес меншік иесіне оның тұрғынжайы бұзылғанға дейін оның таңдауы бойынша меншігіне жайлы тұрғынжай беріледі немесе тұрғынжайдың нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төленеді.

      Жергілікті атқарушы органның меншік иесіне құны тең басқа жер учаскесін не жайлы тұрғынжайды ұсынбастан жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қойғаны сот отырысында анықталса, онда соттар істің талқылануын осы мәселе шешілгенге дейін АПК-нің 189-бабының тәртібіне сай кейінге қалдырғаны жөн.

      9. Соттар жергілікті атқарушы органның мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын, үй құрылысы орналасқан жер учаскесінің орнына жайлы тұрғынжайды меншікке өтеусіз беретінін назарда ұстау қажет. Берілетін тұрғынжай құнының бұзылатын тұрғынжай құнына сәйкес келмеуі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болып табылмайды.

      Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 15-бабының 2 және 3-тармақтарына байланысты егер берiлетiн тұрғынжайдың құны бұзылатын тұрғынжайдың құнынан асып кетсе, онда олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды, ал егер бұзылатын тұрғынжайдың құны берiлетiн тұрғынжайдың құнынан артық болса, онда олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.

      10. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты азаматтарға басқа жайлы тұрғынжай бере отырып, оларды шығару туралы дауларды шешу кезінде соттар, егер атқарушы орган меншік иесіне уақытша тұру үшін тұрғын үй-жай (уақытша тұрғынжай) не қолайсыз тұрғынжай берсе, мұндай талап қоюларды қанағаттандырмауға тиіс.

      11. Мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын объектілердің меншік иелері болып табылатын тұлғаларға ғана меншік құқығы тоқтатылғанға дейін жайлы тұрғынжай, жер учаскесі беріледі, ал ақшалай өтемақы төленеді.

      Егер жер учаскесі ортақ үлестік меншік құқығында бірнеше меншік иесіне тиесілі болса, онда олардың әрқайсысы жеке жер учаскесiн меншiгiне алуға және (немесе) заңнамада көзделген өзге де өтемақы алуға құқылы.

      12. Мамандардың есептерін, жазбаша консультациялары мен бағалау қызметіне байланысты басқа да құжаттарды зерделеу кезінде, соттар олардың жер учаскесін (жер пайдалану құқығын), үй құрылысын, басқа да жылжымайтын объектілерді, сондай-ақ бағалауға жататын басқа мүлікті нарықтық құны бойынша бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесі көзделген нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкестігін тексеруі керек. Бұл ретте Мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін ақшалай өтемақының мөлшері оның нормативтік немесе кадастрлық бағасынан туындай отырып белгіленбейтінін назарға алған жөн, өйткені олар жер учаскесінің нарықтық құнын көрсетпейді.

      Бағалау қызметіне байланысты құжаттардың алдын ала белгіленген күші болмайды және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен қатар соттың бағалауына жатады.

      Егер тараптар ұсынған бағалау құжаттарында қайшылықтар болса, солардың салдарынан мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын мүлік үшін өтемақының мөлшерін анықтау мүмкін болмаса, онда жазбаша консультациялар беру не бағалау туралы жазбаша есеп дайындау үшін сот бағалау қызметі саласындағы маманды тарта алады. Егер бағаланып отырған жылжымайтын объектінің нарықтық құнының мөлшері туралы келіспеушіліктер зерттеліп отырған объектінің пайдаланылған құрылыс материалының түсініксіздігіне байланысты орын алса, онда соттың сот сараптамасын тағайындағаны жөн.

      Соттар бағалаушының бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы болуға тиіс екенін және бағалау әдістерін заңнама талаптарына сәйкес дербес қолдануға құқылы екенін де ескеру қажет.

      Егер:

      бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттай немесе мiндеттемелiк құқықтары болса не оны иемденсе;

      бағалаушы тапсырыс берушi-заңды тұлғаның акционерi, құрылтайшысы, жұмыскерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредиторы, дебиторы, демеушiсi болса;

      бағалаушы-жеке тұлға тапсырыс берушi-жеке тұлғаның жақын туысы немесе жекжаты болса;

      басшысы не ол уәкілеттік берген адам тапсырыс беруші-жеке тұлғамен және (немесе) заңды тұлғаның басшысымен не ол уәкілеттік берген адаммен жақын туыстық немесе жекжаттық байланыста тұратын бағалаушы-заңды тұлға болса, бағалаушы бағалауды жүргізе алмайды.

      Сот актілерінде соттар бағалау құжатын дәлелдеме ретінде қабылдайтын немесе одан бас тартатын дәлелдер көрсетілуге тиіс.

      13. Соттар ақшалай өтемақының мөлшерін айқындау туралы дауларды шешкен кезде меншік иесіне жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты меншік құқығының тоқтатылуынан келтірілген залалдарды өтеудің барлық мәселелерін шешеді, бұл ретте Мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлік оның нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.

      Иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы туралы мәселені зерттей отырып, соттар Мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабының ережелерін ескеруге тиіс. Объектілердің нарықтық құнын айқындау кезінде бағалау жүргізуге, қолданылатын тәсілдер мен әдістерге, бағалау туралы есептердің мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды белгілейтін Мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабының 3-тармағын, 208-бабын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңды және бағалау қызметі саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу керек.

      Соттар жер учаскесімен, жоспарлы құрылыстармен, көпжылдық жасыл желектермен және басқа да жылжымайтын объектілермен қатар шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар мен абаттандыру элементтерiнің нарықтық құны ескерілетінін назарда ұстағаны жөн, оларды тұрғызу үшін "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алу талап етілмейді.

      Сонымен қатар соттар Жер кодексінің 86-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган меншiк иесiнің (жер пайдаланушының) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдаған сәттен бастап ол жер учаскесiндегi жаңа құрылысқа, ғимараттарды (құрылыстарды, құрылысжайларды) кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдардың оған жатқызылу ықтималдығы туралы мәселені зерттегені жөн.

      Мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін тұрғынжай кондоминиумына қатысушыға төленуге жататын өтемақы Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 31-бабының 3-тармағына байланысты үй-жайлардың әрбiр меншiк иесiнiң (өзге құқық иеленушінің) ортақ мүлiктегi үлесi өзіне тиесiлi үй-жайға жеке (бөлек) меншiктен (өзге заттай құқықтан) бөлiнбейтіндіктен, жеке (бөлек) меншiктегі (өзге заттай құқықтағы) тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңдарының кондоминиумның осы объектісіндегі барлық тұрғын үй-жайлардың пайдалы алаңдары мен тұрғын емес үй-жайлар алаңдарының жиынтығына қатынасымен айқындалатын оның үлесінің мөлшері ескеріле отырып есептеледі.

      14. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою қанағаттандырылған жағдайда соттар Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 15-бабының 1-тармағына байланысты шешімнің қарар бөлігінде шешімнің меншік иесін шығару және тұрғынжайды бұзу бөлігінде орындалуы туралы мәселе оған жайлы тұрғынжай берілгеннен кейін немесе ақшалай төлемақы төленгеннен кейін ғана шешілуге тиіс екенін көрсеткені жөн. Меншік иесі ақшалай өтемақыны алудан жалтарған жағдайда, сот шешімінің тұрғынжайдан шығару және оны бұзу бөлігінде орындалуы туралы мәселе меншік иесін ақша қаражатының атқарушылық іс жүргізу органдарының қолма-қол ақша бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына түскені туралы тиісті түрде хабардар еткеннен кейін шешілуге тиіс.

      Соттың заңды күшіне енген шешімін мәжбүрлеп орындату, орындалуын кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы мәселелерге талаптары қанағаттандырылған мемлекеттік орган да, сот иеліктен шығарылатын мүлік үшін тиісті өтемақы белгілеген жылжымайтын мүліктің меншік иесі, мемлекеттік емес жер пайдаланушы да, өндірісінде атқарушылық іс жүргізу тұрған сот орындаушысы да бастамашылық жасауға құқылы.

      15. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      14. "Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2014 жылғы 15 шілдедегі № 2; 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 14; 2022 жылғы 10 ақпандағы № 1; 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 8; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      2) 1, 2, 3, 4, 5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын;

      "1. Соттар азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот шығыстарымен байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК), "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 70-тарауының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің нормаларына сәйкес шешуге тиіс.

      Егер азаматтық іс бойынша тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әртүрлі мемлекеттерінің аумағында орналасқан шаруашылық жүргізетін субъектілер болса, мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізетін субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезінде мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі туралы келісімге (1993 жылғы 24 желтоқсан, Ашхабад) сәйкес айқындалады.

      2. АПК-нің 102-бабына сәйкес азаматтық істер бойынша сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баждан және шығындардан тұрады.

      3. Мемлекеттік баж Салық кодексінің 607-бабына сәйкес Салық кодексінің 609-бабының 1-тармағында көрсетілген заңдық маңызы бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшін алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.

      Сотқа берілетін талап қою мен арыздар, сондай-ақ қарсы талап қоюлар бірнеше дербес талап қою талаптарын қамтуы мүмкін, олардың әрқайсысы мемлекеттік баж алу объектісі болып табылады. Талап қою бағасын ұлғайту туралы қосымша арызға да мемлекеттік баж төленуге тиіс.

      Азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өтініші бойынша сот актілерінің көшірмелері, сондай-ақ істегі басқа құжаттардың көшірмелері қайта берілген кезде алынады.

      4. Азаматтық сот ісін жүргізудегі мемлекеттік бажды төлеушілерге Салық кодексінің 608-бабының ережесіне сәйкес тұлғалар, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар осындай құрылымдық бөлімшенің мүдделері үшін заңдық мәні бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік бажды дербес төлеушілер ретінде қаралатын құрылымдық бөлімшелер:

      талап қоюды, арызды немесе шағымды бастапқы беру кезінде талап қоюшы, арыз беруші ретінде қатысушылар;

      қарсы талап қою берілген жағдайда соттарда жауапкер ретінде қатысушылар;

      сот қарайтын даудың нысанасына дербес талапты мәлімдейтін үшінші тұлға ретінде қатысушылар;

      бастапқы талап қоюшы істен шыққан және оны құқықтық мирасқор ауыстырған жағдайда, бастапқы талап қоюшы мемлекеттік бажды төлемесе, құқықтық мирасқор мемлекеттік баж төлеуші болатын;

      сот актілерінің көшірмелерін, істегі басқа да құжаттардың көшірмелерін қайта беру не атқару парағының телнұсқасын беру үшін сотқа жүгінген жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар жатқызылады.

      Мемлекеттік баждың төленгені туралы төлем құжаттарында "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 223 Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлеушінің жеке тұлға үшін жеке сәйкестендіру нөмірін және заңды тұлға үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, заңдық мәні бар әрекеттер жасағаны үшін сотқа жүгінген нақты сол төлеуші (талап қоюшы, арыз беруші) мемлекеттік баждың тиісті сомасын төлегені көрсетілген жағдайда, арыз беруші өз өкілі арқылы мемлекеттік бажды төлеуі мүмкін.

      Төлем құжаттарында төлеуші ретінде өкілдің мәліметтері ғана көрсетілген кезде талап қою төлеушінің (талап қоюшының, арыз берушінің) мемлекеттік бажды төлемеуіне байланысты арыз қайтарылуға жатады.

      Салық төлеуші (салық агенті) - жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді.

      5. Соттардағы мемлекеттік баж мөлшерлемесі Салық кодексінің 610-бабында белгіленген. Мұндай жағдайда мыналарды ескеру қажет:

      мемлекеттік баж мөлшерлемесі хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 0,1 пайызын құрайтын, бірақ 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ал заңды тұлғалар үшiн – хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 1 пайызын құрайтын, бірақ 20 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын дара кәсiпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары салықтық тексерулер актілері бойынша хабарламаларға шағым жасаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтардың сотқа беретін талап қоюлары үшін мемлекеттік баж Салық кодексінде жеке тұлғаларға көзделген мөлшерлемелер бойынша төленеді;

      мүліктік сипаттағы бірнеше дербес талаптан тұратын талап қоюлардан (шағымдардан) мемлекеттік баж талап қоюдың жалпы сомасынан алынады;

      мүліктік емес сипаттағы бірнеше талапты қамтитын талап қоюлардан мемлекеттік баж әрбір талап қою үшін бөлек алынады;

      мүліктік, сондай-ақ мүліктік емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қоюлардан мемлекеттік баж мәлімделген талап қоюдың әрбір түріне белгіленген мөлшерден туындай отырып, бір мезгілде төленеді;

      бір немесе бірнеше жауапкерге бір немесе бірнеше талап қоюшы талап қоюды берген кезде мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша әрбір талап қою үшін бөлек, ал мүліктік сипаттағы талаптар бойынша - талап қоюдың жалпы сомасынан туындай отырып есептеледі және талап қоюшылар оны ортақ емес, мәлімделген талаптың үлесіне пропорционалды төлейді;

      сотқа берілетін мүліктік сипаттағы талап қоюдан мемлекеттік баж талап қоюдың бағасына пайыздық қатынаста алынады. Бұл ретте пайыздық қатынасты саралау сотқа талап қоюын берген субъектінің түріне байланысты белгіленген;

      моральдық залалға ақшалай түрде өтемақы төлеу туралы талаптан мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап қоюдан төленетіндей мөлшерде алынады. Бұл ретте абыройын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды ақшалай түрде өндіріп алу туралы талаптардан мемлекеттік баж өндіріп алуға ұсынылған сомадан айқындалады.

      Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағында сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттардан мемлекеттік баж өтініш беру субъектісі үшін Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынатыны регламенттелген.

      Соттар жеке тұлғалардың сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттарынан мемлекеттік баж жеке тұлғалар үшін Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынуға жататынын назарда ұстағаны жөн.

      6. Салық кодексінің 616-бабында соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатуға жататын жеке және заңды тұлғалардың толық тізбесі көрсетілген.

      Судья талап қоюды (шағымды) қабылдау кезінде:

      Салық кодексінің 616-бабында көрсетілген мемлекеттік баж төлеуден талап қоюшыны босататын негіздердің болуын, сонымен қатар, басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшін талап қоюмен сотқа жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мұндай талап қою құқығының бар-жоғын тексеруі;

      әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талап қою бір мезгілде берілген жағдайда, мемлекеттік баж әке болуды анықтау туралы талап қою үшін төленуге жататынын ескеруі керек.";

      3) 7-тармақта:

      екінші абзацтағы "төлем жүргізілсе" деген сөздер "төлем жүргізілсе," деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзацтағы "болмауы да" деген сөздер "болмауы да," деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 8-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот жоғарыда көрсетілген растаушы құжаттардың ксерокөшірмелерін қабылдамауға тиіс. Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларды қоспағанда, төлем құжаттың түпнұсқасын төлеушінің өтініші бойынша істен алып беруге жол берілмейді.";

      5) 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Салық кодексінің 623-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік баж заңдық мәні бар әрекеттің жасалған жері бойынша есепке жатқызылады. Осыған байланысты соттар бюджетке мемлекеттік баждың талап қою жері бойынша төленгенін куәландыратын құжатты дәлелдеме ретінде қабылдауға тиіс. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берілген кезде мемлекеттік баж кассациялық сатыдағы сот орналасқан жері бойынша бюджетке төленуге жатады.

      10. Талап қою бағасы АПК-нің 104-бабына сәйкес айқындалады және оны талап қоюшы көрсетеді.

      Талап қоюшы көрсеткен баға жылжымайтын (жылжымалы) мүлікті тіркеу жөніндегі уәкілетті орган немесе бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлға нарықтық бағаларды ескере отырып айқындайтын іздеудегі мүліктің шынайы құнына айқын сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды.

      Атап айтқанда талап қоюдың жекелеген санаттары бойынша бағаны айқындау кезінде мыналарды ескеру керек:

      тұрғын үйді жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы талап қою бойынша мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген мөлшерде алынады. Алайда кез келген өзге мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж шарттың (келісімшарттың) қалған қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге мүлікті пайдаланғаны үшін төлемдер жиынтығының сомасынан алынады.

      Мүлікке меншік құқығы туралы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-1-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен мәмілелер бойынша алынған барлық мүлікті кейіннен қайтарумен байланысты мүлікті иеліктен шығару шарттарын жарамсыз деп тану туралы, мүліктегі үлес құқығын тану туралы, жалпы мүліктен үлесті бөліп шығару туралы талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж сотқа талап қоюды беру күніндегі ізделінетін мүліктің нарықтық құны негізінде алынады. Кепіл туралы шартқа дау айту кезінде талап қою бағасы шартта көрсетілген мүліктің құнынан аспауға тиіс.

      Егер талап қоюшы (талап қоюшылар) сол бір мүлікке қатысты осындай бірнеше талапты бір талап қоюға қосса (біріктірсе), мемлекеттік баж мөлшері дауланатын мәмілелердің санына қарамастан, әрбір талап бойынша оның құнынан емес, ізделінетін мүліктің нарықтық құнынан айқындалуға тиіс.

      Егер берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болған жағдайда кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы жеке талап мәлімделсе, оған мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап ретінде салынады.

      Берешекті өндіріп алу және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талаптар бір мезгілде мәлімделген жағдайда, мемлекеттік баж мөлшері әрбір талап бойынша жеке айқындалады.

      Берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болмаған кезде кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талап бойынша мемлекеттік баж мөлшері берешек сомасынан, бірақ кепіл туралы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспайтын сомада айқындалады.

      Мүлікті тыйым салудан және басқа да ауыртпалықтардан босату туралы талаптардан мемлекеттік баж әрбір талап үшін (тыйым салу (ауыртпалық салу) туралы қаулы) мүліктік емес сипаттағы бөлек талап қою ретінде төленуге жатады.

      11. АПК-нің 151, 152-баптарының, АПК-нің 277-бабы 1), 2) тармақшаларының, АПК-нің 279-бабы 1), 2) тармақшаларының мағынасы бойынша Салық кодексінің 108-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында, сондай-ақ АПК-нің 107-бабында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік баж толық мөлшерде, ал Салық кодексінің 108-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда ішінара қайтарылады.

      Мемлекеттік бажды қайтару, егер қайтару туралы арыз, төлеу туралы төлем құжатының түпнұсқасы, ұйғарымның немесе сот шешімінің көшірмесі қоса беріле отырып, төлемді қабылдаған банктің (оның филиалының) орналасқан жері бойынша мемлекеттік баж жергілікті бюджеттің кірісіне есепке жатқызылған күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін мемлекеттік кірістер органына берілген жағдайда жүргізіледі. Артық төленген мемлекеттік баж қайтарылған жағдайда сот төлеушіге мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртектің өзі куәландырған көшірмесін береді. Мемлекеттік кірістер органының мемлекеттік бажды қайтарудан бас тартуына сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Бір немесе біріктірілген бірнеше талап қою жеке іс жүргізуге бөлінген кезде бюджетке төленген мемлекеттік баж талап қою берілген кезде қайта есептелмейді және қайтарылмайды. Бөлінген жеке іс жүргізу бойынша мемлекеттік баж екінші рет төленбейді.

      АПК-нің 277-бабының 1), 2) тармақшаларында, АПК-нің 279-бабының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, бұрын қараусыз қалдырылған не олар бойынша іс жүргізу тоқтатылғаны қайта берілген талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж жалпы негіздерде төленеді.

      Істі қарау кезінде талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған жағдайда талап қоюшы мемлекеттік баждың жетіспейтін сомасын талап қоюдың ұлғайтылған бағасына сәйкес қосымша төлейді.

      Егер мемлекеттік бажды бюджетке есепке жатқызу күнінен бастап үш жылдық мерзім өтпесе, талап қоюшы Салық кодексінің 108-бабының тәртібімен қайтармаған мемлекеттік бажды төлеу туралы бастапқы төлем құжаты қайта берілетін талапқа қоса тіркелуі мүмкін.

      Тараптар татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасаған кезде мемлекеттік бажды қайтару тәртібі АПК-нің 115-бабында регламенттелген.

      12. АПК-нің 108-бабында көрсетілген іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығыстары түріндегі шығындар тізбесі толық болып табылмайды.

      Өзге шығыстар қажет деп танылған жағдайда соттың уәжді шешімімен өтелуге жатады. Мұндай шығыстарға: іс қозғалғанға дейін өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу бойынша жүргізілген; сот қатысы бар және жарамды деп таныған дәлелдемелерді алумен; дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтаумен, талап қою құнын айқындаумен, соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымын орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеумен байланысты шығыстар жатқызылуы мүмкін.

      Жұмсалған сот шығыстарын өндіріп алу туралы мәселені шешу кезінде соттар:

      куәларға, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сомаларды төлеу олардың сотқа келуіне байланысты шеккен шығыстарын өтеуді көздейтінін;

      АПК-нің 110, 111-баптарында көзделген қағидалар бойынша сарапшылар мен мамандарға, шығыстардан бөлек, қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін жұмысты орындағаны үшін сыйақы да өтелетінін;

      іс бойынша заттай дәлелдемелерді сақтаумен байланысты шығыстарды төлеу АК-нің 774-бабында белгіленген тәртіппен жүргізілетінін;

      сарапшылар мен мамандарға орындалған жұмыс үшін төленуге жататын соттың депозитіне соманы алдын ала енгізу тиісті өтініш білдірген тараптың тиісті еңбекақы төлеудің қолданыстағы нормаларынан туындай отырып, сыйақы сомасын соттар әкімшісінің депозиттік шотына енгізуін көздейтінін;

      азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану және ол бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және заңда тікелей көрсетілген жағдайда басқалар туралы істер бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығыстарды төлеуді соттың ұйғарымы бойынша арыз беруші жүргізетінін;

      АПК-нің 108-бабының 2), 3), 4), 6), 9) тармақшаларында көрсетілген шығыстарды төлеу кейіннен оларды кінәлі тараптан бюджеттің пайдасына өндіріп алу арқылы бюджет қаражаты есебінен жүргізілетінін негізге алуға тиіс.

      13. АПК-нің 114-бабында көзделген іс жүзіндегі уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды сот азаматтық істе бар материалдарға сілтеме жасай отырып:

      теріс пиғылмен көрінеу негізсіз талап қоюды берген не азаматтық істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған талап қоюшыдан;

      жауапкер талап қоюға көрінеу негізсіз қарсылық білдірген не азаматтық істі дұрыс және тез қарау мен шешуге жүйелі түрде қарсы әрекет жасаған жағдайда жауапкерден өндіріп алуы мүмкін.

      Бұл ретте талап қоюшы не жауапкер келтірген әрекеттер бірнеше рет жасалып, сотқа істі бір сот отырысында шешуге мүмкіндік бермейтін қасақана сипатта болуға тиіс (мысалы, өтінішхаттарды көрінеу негізсіз мәлімдеу, сотқа жазбаша дәлелдемелер не сарапшыға зерттеу үшін қажетті материалдар ұсынбау және басқалары).

      14. Процеске қатысқан өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу шығыстары АПК-нің 109, 113-баптарының талаптарына сәйкес өтеледі. Мүліктік сипаттағы істер бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі сот шығыстарын өтеу сомасы АПК-нің 113-бабында белгіленген шектен аспауға тиіс және тараптардың өтінішхаты бойынша немесе соттың қалауымен төмендетілмеуі мүмкін емес.

      Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстарының құжаттамалық (төлем тапсырмасымен немесе түбіртекпен) расталған шамадан тыс сомасы мәлімделген жағдайда сот АК-нің 8-бабының 4-тармағында және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігінде көзделген адалдық, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алуы қажет.

      Өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстарын өндіру туралы талаптар мәлімделуі мүмкін және шешім шығарылғанға дейін нақты іс бойынша соттың қарауына жатады.

      15. АПК-нің 226-бабының алтыншы бөлігіне және "Азаматтық істер жөніндегі сот шешімі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес сот шешімінің қарар бөлігі сот шығыстарының бөлінуі туралы нұсқауды қамтуға тиіс.

      Сот әрбір азаматтық іс бойынша шешім қабылдаған кезде:

      сот шығыстары кімнен және қандай мөлшерде өндіріліп алынатынын міндетті түрде көрсете отырып, тараптар арасында сот шығыстарын бөлу туралы;

      басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы талап қою берілген жағдайда тараптарға сот шығыстарын өтеу туралы;

      заң көмегін тегін көрсеткен жағдайда заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің, өз қызметін жеке түрде жүзеге асыратын адвокаттың шығыстарын өтеу туралы;

      талап қоюшы сотқа жүгінген кезде сот шығыстарын төлеуден босатылған істер бойынша мемлекеттің оларды өтеуі туралы;

      екі тарап мемлекеттік бажды төлеуден босатылған жағдайда оны республикалық бюджеттің есебіне жатқызу туралы;

      талап қою кезінде артық төленген мемлекеттік бажды қайтару қажеттілігі туралы мәселелерді шешуге тиіс.

      16. АПК-нің 109-бабына сәйкес пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығыстарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша шеккен барлық шығыстарды сот алып береді.

      Мыналарды ескеру керек:

      егер талап қою берілген кезде мемлекеттік бажды бюджетке төлеу шығыстары талап қоюшы оны төлеуден заң бойынша босатылуына байланысты іс жүзінде жұмсалмаса, олар талап қоюшыға өтелмейді;

      талап қою берілген кезде мемлекеттік баж мөлшерлемесі жеке не заңды тұлғаның қайсысы талап қоюшы болып табылатындығына байланысты айқындалады;

      Ерекше іс жүргізу, алименттердің мөлшерін азайту және оларды төлеуден босату туралы істер бойынша арыз берушілер шеккен сот шығыстары өтелуге жатпайды.

      17. АПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оның шеккен шығыстарын жауапкер өтемейді.

      Егер талап қоюшы талап қоюды бергеннен кейін, жауапкердің оларды ерікті түрде қанағаттандыруы салдарынан өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінішхаты бойынша оның барлық шеккен сот шығыстарын жауапкерден өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер талап қоюды таныған жағдайда сот шығыстары талап қоюшыға жүктеледі.

      АПК-нің 279-бабының 6), 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою қараусыз қалдырылған кезде талап қоюшы шеккен сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Бұл жағдайда талап қоюшы жауапкерге оның өтінішхаты бойынша іс жүргізуге байланысты ол шеккен сот шығыстарын өтейді.";

      6) 18-тармақтың үшінші, төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бастапқы шешімнің күші жойылғаннан кейін немесе шешім өзгертілгеннен кейін істі қарау кезінде сот бірінші сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда тараптар шеккен сот шығыстарын олардың арасында бөлу мәселесін шешуге міндетті.

      Егер өтінішхат істі сот сатыларында қарау кезінде талқыланса, бірақ ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексеру қажеттілігіне байланысты сот шығыстары өтелмеген болса және бұл туралы тиісті сот сатысының сот қаулысында көрсетілсе, бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында шеккен сот шығындарын өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.

      Сот шығыстарын өндіріп алу туралы арыз АПК-нің 109-бабының бесінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қаралады.";

      7) 19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты "Соттардың азаматтық істерде және қылмыстық істерде сот шығындарын өндіру жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы" 1990 жылғы 24 желтоқсандағы № 8 Қазақ КСР Жоғары Соты Пленумы қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      20. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      15. "Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы" 2007 жылғы 16 шілдедегі № 5 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Тұрғын үйге меншік құқығына қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы" 2007 жылғы 16 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспеде "заңдардың", "қаулы етеді" деген сөздер тиісінше "заңнаманың", "қаулы етеді";

      3) 1, 2, 3, 4, 5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 26-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 191-бабына және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабына сәйкес заңды түрде сатып алынған кез келген тұрғын үй азаматтардың, заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алады. Меншік иелерінің тұрғын үйді иелену, пайдалану және билік ету бойынша құқықтары заңнамалық актілерде көзделген тәсілдермен сот тәртібімен қорғалады.

      Конституцияның нормаларында адамның азаматтық құқықтарын шектеуге тек заңдармен ғана жол берілетініне байланысты меншік иесінің құқықтарын шектейтін өзге заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қолданылуға жатпайды.

      2. Тұрғын үйге меншік құқығы туралы талап қою сотқа тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша беріледі. Соттылық қағидалары бұзылып берілген талап қою кері қайтарылады, ал іс жүргізуге қабылданған талап қою соттылығы бойынша жіберіледі.

      Тұрғын үйге меншік құқығы туралы талап қоюларға: тұрғын үйді бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы; иеленуден айыруға байланысты емес құқықтың бұзылуын жою туралы; тұрғын үй-жайға құқықты тану туралы; тұрғын үйді иеліктен шығару жөніндегі сауда-саттықты жарамсыз деп тану туралы; тұрғын үйді иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы және басқа да талап қоюлар жатады.

      3. АК-нің 118-бабының 2-тармағына және Заңның 17-бабына сәйкес тұрғын үйді сатып алушының меншік құқығы уәкілетті орган оны мемлекеттік тіркеген кезден бастап туындайды, алайда оның болмауы мәмілені жарамсыз деп тануға дербес негіз болып табылмайды.

      Іс жүзінде жасалған мәміле, куәлардың айғақтарынан басқа, өзге дәлелдемелермен (мысалы, тұрғын үйді сату және ақша алу туралы қолхатпен не иеліктен шығару құқығына берілген сенімхатпен) расталғанда, мәміленің нысаны сақталмаған, сатушының тұрған жері белгісіз болған жағдайда, мүдделі тарап сатушыны жауапкер ретінде көрсете отырып, мәмілені жарамды деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы, сот сатушының соңғы белгілі болған тұрғылықты жері бойынша оған хабарлайды. Сот мәмілені жарамды деп танудан бас тартқан жағдайда, егер меншік иесі белгіленген нысанда тұрғын үйді үшінші тұлғаға иеліктен шығарса, онда талап қоюшы шеккен шығыстарын өтеттіруге құқылы.

      4. Сатып алушының тұрғын үйге билік ету құқығы меншік құқығы мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды.

      Тұрғын үйді иеліктен шығару жөніндегі мәмілені белгіленген нысанда жасаған меншік иесі кейіннен оған билік етуге құқылы емес, себебі тұрғын үй орындалған міндеттеменің нысанасы болады, ал мемлекеттік тіркеуді жасамаған сатып алушы оның заңды иесі болып танылады.

      5. Сатып алушы сатып алынған тұрғын үйді мемлекеттік тіркегеннен кейін тұрғын үйге ақы төлеу бойынша міндеттемесін тиісінше орындамау себептері бойынша дау туындаған кезде сатушы АК-нің 439-бабы 3-тармағының негізінде сатылған тұрғын үйдің құнын және АК-нің 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.

      Егер заңда немесе келісімде тараптар алғанын қайтарып бере отырып, шартты бұзу көзделсе, меншік құқығын тіркеу АК-нің 401-бабында көзделген негіздер бойынша шартты бұзу үшін кедергі болып табылмайды. Мұндай жағдайда тараптар тұрғын үйді қайтарудан басқа, келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы.

      6. Соттар АК-нің 158-160-баптарында көрсетілген мәмілелердің жарамсыздығының нақты негіздерін анықтауы қажет. Бұл ретте АК-нің 157, 157-1-баптарында мәміленің жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары туралы жалпы ережені қамтитынын және мәмілені жарамсыз деп тануға дербес негіздер болып табылмайтынын ескеру қажет.";

      4) 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Мәмілені кейіннен әрекетке қабілетсіз деп танылған адам жасады деген уәжбен немесе АК-нің 159-бабының 6-11-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша мәміле жарамсыз деп танылған кезде сот АК-нің 157-1-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген салдарды АК-де көрсетілген тұлғалардың талап қоюы бойынша ғана қолданады.

      9. Талап қоюшының әрекетке қабілетсіз адам жасаған мәміленің жарамсыздығынан, сондай-ақ АК-нің 158-бабында, АК-нің 159-бабының 1-3-тармақтарында, АК-нің 160-бабында көрсетілген негіздердің болуынан не мемлекеттік орган актісінің заңсыздығынан туындайтын талап ету құқығы тұрғын үйді бөтеннің заңсыз иелігінен талап етіп алу туралы талап қоюды шешу кезінде сот мәмілені немесе актіні жарамсыз деп тану туралы талап қойылған кезде мұндай мәмілеге не мемлекеттік органның актісіне баға беруге құқылы. Бұл ретте сот, егер тұлға тұрғын үйге меншік құқығын жарамсыз деп танылған мәміленің немесе заңнама талаптарына сәйкес келмеген мемлекеттік органның актісі негізінде алса, онда оның тұрғын үйді талап етіп алуға құқықтық негіздері жоқ екенін ескеруі қажет.

      10. Егер тұрғын үйді бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы талап қоюды қарау кезінде оның кейіннен әрекетке қабілетсіз деп танылған адам жасаған мәміленің жарамсыздығына негізделгені анықталса немесе АК-нің 159-бабының 6-11-тармақтарында көрсетілген жағдайларда, сот оны өз бастамасы бойынша жарамсыз деп тануға құқылы емес.

      11. Өз бетінше салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қою жергілікті атқарушы органға беріледі және сотта талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын бұзуға алып келмеген немесе азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрмеген жағдайда, мұндай талап қою қанағаттандырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларды құрылысы аяқталған объектілерді мемлекеттік қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті органдар растауы қажет.

      12. Тұрғын үй салу мақсатында бөлінбеген жер учаскесінде өз бетінше тұрғызылған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қоюды қарау кезінде ол осы учаске талап қоюшыға заңда белгіленген тәртіппен берілген жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін.

      Осыған байланысты судья істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшыға жер учаскесінің оған берілгеніне және құрылыстың қала құрылысына және құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетініне дәлелдемелер беру жөнінде ұсыныс жасауға тиіс. Жер учаскесін талап қоюшыға беруге келісім туралы және құрылыстың нормалар мен қағидаларға сәйкес келетіні туралы әкім мен уәкілетті органдар берген құжаттар осындай дәлелдемелер бола алады.

      Заңсыз алынған жер учаскесінде орналасқан және қажетті рұқсаттарды алмай немесе қала құрылысы және құрылыс нормалары мен қағидалары бұзыла отырып, өз бетінше тұрғызылған тұрғын үйге АК-нің 240-бабында белгіленген иеленудің ескіру мерзімі қолданылмайды.

      13. Заңды түрде пайдаланып отырған жер учаскесінде өз бетінше құрылыс тұрғызған адамның тұрғын үйге меншік құқығын тану кезінде сот тиісті талап болғанда, құрылысты жүзеге асырған адамға оның құрылысқа жұмсаған шығыстарын өтеткізеді.

      14. Тұрғынжай іс жүзінде басқа тұлғаның заңсыз иелігінде болған жағдайда меншік иесі тұрғынжайды бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы талап қоюды беруге құқылы. Егер мұндай талап қоюды қарау барысында тұрғынжайдың үшінші тұлғада екені анықталса, онда сот талап қоюшының келісуімен оны тең жауапкер ретінде тартуға және АК-нің 261-бабында көрсетілген мән-жайлар болғанда талап қоюды қанағаттандыруға құқылы.";

      5) 15-тармақтың бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар тұрғынжайды адал сатып алушыдан талап етіп алу туралы талап қоюды қарау кезінде азаматтық айналымда тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ақылға қонымды абайлық болуды, адалдық және сақтық танытқан сатып алушының мүдделері қорғалуы тиіс екенін ескеруі қажет. Тұрғынжайды адалдықпен иеленудің және пайдаланудың бұлтартпайтын фактілері, басқа да дәлелдемелермен қатар тұлғаны адал сатып алушы деп тану үшін негіз болып табылады.

      Жауапкердің оны адал сатып алушы деп тану туралы қарсы талап қоюды беруі талап етілмейді, өйткені осы мәселені шешу виндикациялық (мүлікті бөтеннiң заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы) талап қоюларды қарау кезінде соттың міндетіне кіреді.";

      6) 16, 17, 18, 19, 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Егер сот сатып алушының тұрғын үйді иеліктен шығаруға құқығы жоқ адамның оны иеліктен шығарғаны туралы білгенін немесе білуі тиіс болғанын анықтаса не өтеулі мәміле жасау кезінде сатып алушы білген немесе білуі мүмкін үшінші тұлғалардың сатылатын тұрғын үйге қатысты талаптары болса және бұл талаптар кейіннен заңды деп танылса, онда ол адал сатып алушы деп танылмайды.

      17. Меншік иесі адал сатып алушыдан тұрғын үй оның иелігінен немесе меншік иесі берген адамның иелігінен олардың еркінен тыс шыққан жағдайда ғана оны талап етіп алуға құқылы.

      Мұндай жағдайларға, атап айтқанда мәмілені жаңылысудың, алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың әсерінен, меншік иесі өкілінің басқа тұлғамен зұлымдық ниетінде келісуімен жасалуы және т.б. жатады. Бұл ретте меншік иесі тұрғын үйдің оның еркінен тыс иеліктен шығып кету фактісін дәлелдеуі тиіс.

      Меншік иесінің тұрғын үйді бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алуы туралы талап қоюы тұрғын үй адал сатып алушыға өтеусіз өткен барлық жағдайларда қанағаттандырылуы тиіс.

      18. Егер тұрғынжайды өтеулі шарт бойынша иеліктен шығаруға құқығы жоқ адам иеліктен шығарса, онда меншік иесі сотқа мәмілені жарамсыз деп тани отырып, адал сатып алушыдан тұрғынжайды талап етіп алу туралы жүгінуге құқылы. Меншік иесінің бұл құқығы заң бұзушылықпен жасалған алғашқы мәмілеге ғана емес, барлық кейінгі мәмілеге де қатысты.

      Егер сот істі қарау кезінде кейінгі сатып алушы адал сатып алушыға қойылатын талаптарға сай келетінін, ал тұрғынжай меншік иесінің иелігінен оның еркімен шыққанын анықтаса, онда талап қоюларды қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін.

      19. Тұрғынжайдың меншік иесі АК-нің 264-бабының негізінде бұзушылық иеліктен айыруға байланысты болмаса да тұрғын үйге өз құқығының кез келген бұзылуын жою туралы талап қоюға құқылы. Мұндай талапқа талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.

      АК-нің 265-бабына сәйкес тұрғынжайдың меншік иесі болмаса да, оны заңды негізде иеленетін тұлға меншік құқығын, оның ішінде меншік иесінің заңсыз әрекеттерінен қорғаумен қатар тұрғынжайды иеленуін қорғауға құқылы.

      20. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      16. "Авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі заңнаманың кейбір нормаларын соттардың қолдануы туралы" 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 3; 2015 жылғы 25 маусымдағы № 3; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Соттардың авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспедегі "тәжірибесінде", "заң" деген сөздер тиісінше "практикасында", "заңнама" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 1-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды күшейтетін заңнамалық актілері, егер олар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген ережелерге қайшы келмесе, қолданылады.";

      төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы (Берн, 1886 жылғы 9 қыркүйек, "Қазақстан Республикасының Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясына қосылуы туралы" 1998 жылғы 10 қарашадағы № 297-1 Қазақстан Республикасының Заңы);

      Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенция (Женева, 1971 жылғы 29 қазан, "Қазақстан Республикасының Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенцияға қосылуы туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы № 54-II Қазақстан Республикасының Заңы);";

      жетінші, сегізінші, тоғызыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Фонограмма орындаушылардың, өндірушілердің және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция (Рим, 1961 жылғы 26 қазан, "Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы" 2012 жылғы 17 ақпандағы № 563-IV Қазақстан Республикасының Заңы);

      Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының шығармалардың кейбір түрлеріне жекелеген құқықтарды қорғауға қатысты авторлық құқық жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі шартына қосылуы туралы" 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 547-II Қазақстан Республикасының Заңы);

      Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шарты (Женева, 1996 жылғы 20 желтоқсан, "Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шартына қосылуы туралы" 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 546-II Қазақстан Республикасының Заңы).";

      4) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Авторлық құқықтар АК-нің 972-бабында, Заңның 7-бабында санамаланған ғылым, әдебиет және өнер туындылары түрлерінің автордың (тең авторлардың) зияткерлік шығармашылық еңбегімен объективтік нысанда құру фактісіне қарай туындайды және туындының уәкілетті мемлекеттік органда тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылады.

      Авторлық құқықтар туындының мазмұны мен маңызына, сондай-ақ, берілу әдісі мен нысанына қарамастан, жарияланған туындыларға да, жарияланбаған туындыларға да қолданылады.

      Егер туындының бөлігі (атауы, кейіпкерлердің аттары) шығармашылық жұмыстың нәтижесі болып табылса және оны дербес пайдалану мүмкін болса, онда авторлық құқықтар тұтастай туындыға ғана емес, оның осы бөлігіне де қолданылады.

      Ауызша нысандағы туындыға авторлық құқық ол көпшілік алдында айтылған (орындалған) жағдайда ғана қолданылады.";

      5) 3-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "АК-нің 974-бабында және Заңның 8-бабында санамаланған объектілер, сондай-ақ идеялар, әдістер, процестер, тәсілдер, тұжырымдамалар, қағидаттар, жаңалықтар, фактілер авторлық құқықтың объектілеріне жатпайды және құқыктық қорғаумен қамтамасыз етілмейді.";

      6) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Авторлық кұқықтар:

      автордың АК-нің 977-бабында және Занның 15-бабында санамаланған жеке мүліктік емес құқықтарын қамтиды. Бұл құқықтарды (авторлық құқық, авторлық есімге құқық, жариялау құқығы, туындыны кері қайтарып алу және оған қолсұғылмаушылық құқығы) иеліктен айыруға болмайды. Автордың мұрагерлері немесе автор өзінің мүліктік емес жеке құқықтарын қорғауды жүктеген тұлға, мұрагерлер болмаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган, автордың осы кұқықтарын АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес қандай да бір талап қоюдың ескіру мерзімімен шектемей қорғауды жүзеге асыруға құқылы.

      АК-нің 978-бабында және Заңның 16-бабында санамаланған мүліктік (айрықша) құқықтар кіреді. Бұл құқықтар бұзылған жағдайда оларды автор, сондай-ақ оның мұрагерлері, автордың нақты немесе барлық мүліктік құқықтары авторлық шарт бойынша берілген тұлғалар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган Заңның 49-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдермен қорғай алады. Автордың мүліктік құқықтарын қорғау туралы талаптарға АК-нің 178-бабының 1-тармағында көзделген жалпы талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылады.";

      7) 5-тармақтың:

      бірінші абзацтағы "кез келген" деген сөздер "әрбір" деген сөзбен ауыстырылсын;

      үшінші, төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Автор (тең авторлар) қайтыс болған жағдайда автордың (тең авторлардың) мүліктік (айрықша) құқықтарын қолдану мерзімін есептеу автор (соңғы тең автор) қайтыс болған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүргізіледі.

      Егер туынды авторының (тең авторлардың) АК-нің 982-бабының 1-тармағында және Заңның 28-бабының 1-тармағында бұрын көзделген мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғаудың елу жылдық мерзімі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік кұқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күні - 2005 жылғы 26 қарашаға дейін өтіп кетсе, онда бұл құқықтарды қорғаудың жетпіс жылдық мерзімі қолданылмайды.";

      8) 6, 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жасырын немесе бүркеншік атпен жарияланған туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқықтары ол заңды түрде жарияланған күннен кейін жетпіс жыл бойы қолданылады.

      Автордың немесе оның мұрагерлерінің келісімімен туындыны жариялау, көпшілік алдында орындау, көпшілікке көрсету, эфир, оның ішінде кабель бойынша хабарлау туындыны заңды түрде жариялау деп танылады.

      Егер жасырын немесе бүркеншік атпен жарияланған туындының авторы жетпіс жылдың ішінде өзінің шын есімін ашса немесе оған кім екені күмән тудырмаса, онда автордың мүліктік (айрықша) құқықтары оның өмірі бойы және қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы қолданылады.

      7. Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жыл ішінде бірінші рет жарыққа шығарылған (жария етілген) туындыға автордың мүліктік (айрықша) құқығы туынды жарыққа шығарылғаннан кейін жетпіс жыл бойы қолданылады. Автордың мұндай құқығының күшіне ену мерзімі туынды жарыққа шыққаннан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап есептеледі.

      Егер туындының авторы қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болғаннан кейін ақталса, онда жасалған туындыларға автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын қорғау мерзімі ақталған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жетпіс жыл бойы қолданылады.";

      9) 11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Автордың өзі немесе оның мұрагерлері авторлық шарт бойынша толық немесе ішінара берген мүліктік (айрықша) құқықтарды басқа жеке немесе заңды тұлғалар бұзған жағдайда, осы құқықты иеленушілер авторлық шартта көзделген тәсілмен, құқық бұзушының туындыны пайдалануына тыйым салу туралы өз атынан талап қою арқылы оны қорғай алады.

      Егер авторлық шарт бойынша берілген автордың мүліктік (айрықша) құқықтарын иеленуші адам осы бұзылған құкықтарды қорғауды жүзеге асырмаса, онда мұндай қорғауды автор немесе оның мұрагерлері өз бетінше жүзеге асыра алады.";

      10) 12-тармақтың бірінші абзацтағы "қарастырылған" деген сөз "көзделген" деген сөзбен ауыстырылсын;

      11) 13-тармақта:

      бірінші, екінші, үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары қойылымдарға, орындаушылыққа, фонограммаларға, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларына тиісінше Заңның 37, 38, 39 және 40-баптарында көзделген мүліктік емес және мүліктік сабақтас құқықтарды иеленеді.

      Мүліктік емес сабақтас құқықтарды иеліктен шығаруға болмайды.

      Орындаушының (мысалы, актер, әнші, биші, музыкант, эстрадалық, цирк немесе қуыршақ қойылымдарының орындаушысы, дирижер, қоюшы-режиссер) туындыны қайта шығаруға, фонограмма шығарушының фонограмманы қайта шығаруға және таратуға немесе эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарды пайдалануға мүліктік сабақтас құқықтары лицензиялық шарттың негізінде басқа тұлғаларға толық немесе ішінара берілуі мүмкін.";

      12) 13-1 тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар нысандарын телекоммуникация желілерінде, атап айтқанда Интернет желісінде орналастыру, осы нысандарды Заңның 16-бабы 2-тармағының 10-1) тармақшасына сәйкес туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу түрінде пайдалану болып табылады. Мәселен, егер белгiсiз адамдар тобы жазбаны жасаған адамның бастамасы бойынша осы туындыға немесе сабақтас құқықтар объектісіне қолжеткізсе, туындыны немесе сабақтас құқықтар объектісін электрондық-есептеу машинасының жадына жазу - пайдалану болып табылады. Осындай пайдаланудың нәтижесінде Заңды бұзып жасалған (алынған) туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектілерінің даналары контрафактілік болып табылады.";

      13) 14, 15, 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Егер шарттың тараптары осындай тіркеуді көздеген жағдайда ғана авторлық шарт екіжақты мәміле ретінде уәкілетті мемлекеттік органда тіркелуі мүмкін.

      Авторлық немесе лицензиялық шарт бойынша берілмеген мүліктік (айрықша) құқықтар берілмеген құқықтар болып саналады.

      Авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде берілген мүліктік (айрықша) құқықтарды иеленушілер аталған шарттарда көрсетілген мерзім мен көлемнен аспайтын мерзім мен көлемде және осы шарттарда осындай құқықтарды беру көзделген жағдайда ғана осы құқықтарды үшінші тұлғаларға беруі мүмкін.

      Заңның 32-бабының 1-тармағында көзделген авторлық шарттың елеулі талаптарын бұзу авторлық құқықты бұзу болып табылады, өйткені аталған әрекеттер автор берген өкілеттіктердің шегінен тыс жүзеге асырылады. Айрықша құқықтарды беру туралы шарттың елеулі талаптары бұзылып дайындалған және (немесе) таратылған туындылар мен фонограммалардың даналары контрафактілік болып табылады. Атап айтқанда, егер қайта шығару шартта көрсетілген таралымнан асып кетсе, онда таралымның асып кетуін авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды бұзу деп қараған жөн.

      15. Егер туынды қызметкердің қызмет бабындағы міндеттерін орындау, жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалса, онда автордың мүліктік емес жеке құқықтары қызметкерге тиесілі болады. Егер туынды жұмыс уақытында жасалса немесе жұмыс берушінің мүлкі қолданылып жасалса, бірақ осы тармақта көрсетілген белгілерге сәйкес келмесе, онда ол қызметтік санатына жатпайды.

      Қызметтік туындыны пайдаланғаны үшін авторлық сыйақы төлеудің көлемі мен тәртібі автор мен жұмыс берушінің арасындағы шартта белгіленеді. Мұндай шарт азаматтық-құқықтық сипатта болады және оған АК-нің 23-тарауында белгіленген ережелер қолданылады.

      Алайда жұмыс берушімен жасалған шартқа қарамастан, туындыны пайдалану және авторлық сыйақы алу кұқығы туынды көрсетілгеннен кейін он жыл өткен соң, ал жұмыс берушінің келісімі болған жағдайда одан да ерте мерзімде қызметкерге толық көлемде көшеді.

      16. Өзге дәлелдемелер болмаған жағдайда түпнұсқада немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы болып саналады.

      Егер оның құрамдас бөліктерін дербес пайдалануға болмаса, онда тең авторлықпен жасалған туынды бөлінбейтін біртұтас болып саналады. Егер осындай туынды бөлінбес біртұтас болса, онда тең авторлардың бірде-біреуі немесе кез келген тең автордың мұрагері жеткілікті негіз болмаса осындай біртұтас туындыны заң актілерінде көзделген тәсілдермен пайдалануға тыйым салуға құқылы емес.

      Cот бөлінбейтін біртұтас туындыға тең авторлық туралы дауларды осындай туынды жарияланған сәттегі тең авторлықты тану фактісін ескере отырып шешеді.

      Тең авторлардың бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалған және әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөліктерден тұратын туынды тең авторлығы бөлек туындыларға жатады. Авторлардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының өзі жасаған дербес мәні бар бөлігін өз қалауы бойынша дербес пайдалана алады.";

      14) 17-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әртүрлі авторлардың туындыларынан және басқа да материалдардан тұратын, құрастырушының шығармашылық еңбегінің нәтижесінде жинаққа енгізілген әр туынды авторының құқығы сақтала отырып іріктелген және (немесе) белгілі бір тәртіппен орналастырылған жинақ құрамдас туынды болады. Егер жинақты құрастырушымен жасалған авторлық шартта өзгеше көзделмесе, жинаққа енгізілген туындылардың авторлары өз туындыларын құрамдас туындыға қарамастан, дербес пайдалануға құқылы.";

      15) 18-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер дыбыстау-бейнелеу туындысы (кинофильм, бейнефильм және Заңның 2-бабының 4-тармағында көрсетілген өзге де туындылар) кинотеатрларда немесе өзге де еркін кіруге ашық орындарда, не отбасының әдеттегі ортасына жатпайтын адамдар болған жерлерде көрсетілсе, көпшілік алдында орындалған болып саналады.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кино-, бейнефильмдерге, спектакльдерге, диафильмдерге, слайдфильмдерге және осыған ұқсас туындыларға арнайы жазылған музыкалық туындылардың авторлары (мәтінмен немесе мәтінсіз) әрбір көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау және хабарлаған, осы дыбыс-бейнежазу туындыларын прокатқа (жалға) берген сайын осы дыбыстау-бейнелеу туындыларын пайдаланылғаны үшін авторлық сыйақы алуға құқылы. Бұрын жазылған, кейіннен дыбыстау-бейнелеу туындысына, спектакльге енгізілген музыкалық туындылардың авторларының да осындай құқығы бар болады.";

      16) 19, 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Аударма, өңдеу, аранжировка жасау немесе басқа да өңдеу нәтижесінде жасалған туындылар туынды шығармаларға жатады.

      Негізгі туынды авторының авторлық құқығын не мұрагерлердің немесе автордың мүліктік құқықтарын иеленушілердің мүліктік кұқықтарын бұза отырып, туынды шығарманы азаматтық айналымға енгізу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      20. Туынды авторының келісімімен жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу, туындының даналарын сатып алу-сату мәмілелерін жасау және өзге де тәсілдер арқылы туындыны алғаш рет белгісіз адамдардың тобына қол жеткізетін іс-әрекетті жасауды туындыны заңды жариялау (азаматтық-құқықтық айналымға енгізу) деп түсіну керек.

      Туындыны жасырын немесе бүркеншік атпен жариялағанда баспагер автордың өкілі болып саналады және автордың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Баспагер автордың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға талап қоюды бергенде талап қоюға баспагердің атауы көрсетілген туындының данасын қоса тіркейді. Туынды авторының шын есімі автор мен баспагердің қарым-қатынастарын белгілейтін авторлық шартта көрсетіледі. Аталған шарт сот отырысында зерттелмейді. Егер автор сот отырысы аяқталғанға дейін өзінің кiм екенiн ашпаса, онда мәлімделген талап қою негізді болған жағдайда сот баспагердің пайдасына талап қоюды қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдайды.";

      17) 21-тармақтағы "қарастырылған" деген сөз "көзделген" деген сөзбен ауыстырылсын;

      18) 22, 23, 24, 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Фонограмма жасаушының және орындауы фонограммаға жазылған орындаушының келісімінсіз туындыны техникалық құралдарды пайдаланып барларда, дәмханаларда, мейрамханаларда және азаматтарға қызмет көрсетілетін басқа да көпшілік орындарында жария орындауға жол беріледі, егер туынды отбасының дағдылы ортасына жатпайтын адамдардың қатысуымен орындалса, онда авторлық сыйақы төленеді. Туындыны осылай орындау кезінде қатысқан адамдар отбасының дағдылы ортасына жататын-жатпайтыны туралы мәселені шешкен кезде туысқандық қатынастардың бар-жоғы ғана емес, сонымен қатар жеке байланыстар, қарым-қатынастар жасау мерзімі мен өзара байланыстардың сипаты, сондай-ақ өзге де мән-жайлар (үйлену тойы, мерейтой немесе өзге салтанатты шара екені және тағы басқа) назарға алынуы қажет.

      Көрсетілген көпшілік алдында орындау түрі үшін "Туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін төленетін авторлық сыйақының ең төменгі ставкаларын бекіту туралы" 2004 жылғы 20 қазандағы № 1083 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында көзделген мөлшерде авторлық сыйақы төленеді. Бұл жағдайда орындаушы немесе фонограмма жасаушы Заңның 49-бабында көзделген өтемақыны өндіру құқығын иеленбейді.

      23. Туындының, дыбыс-бейнежазу туындылары фонограммаларының, эфирлік және кабельдік ұйымдардың хабарларының контрафактілік даналары деп автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кабельдік хабарлар ұйымдастырушыларының жеке мүліктік емес немесе мүліктік (айрықша) құқықтары бұзыла отырып әзірленген, таратылған немесе басқаша жолмен пайдаланылған авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерінің даналарын, не авторлық құқық және сабақтас құқықтардың заңды түрде жарияланған объектілерінің автор немесе сабақтас құқық иесі туралы ақпарат алынып тасталған немесе заңсыз енгізілген даналарын түсіну қажет. Контрафактілік даналарға, сондай-ақ туынды немесе фонограмманың авторлық немесе лицензиялық шартта көзделген данадан (таралымнан) артық шығарылған, шартта көзделген аумақтан тыс жерде таратылған, аталған шарттарда көзделген материалдық заттарда дайындалған даналары, сондай-ақ авторлық құқықтар және сабақтас құқықтардың басқа объектілері заңсыз енгізілген туындылар немесе фонограммалар жатады.

      Қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылу фактісін анықтағанда, залалдың маңыздылығын, мөлшердің маңыздылығын, ірі залалдың немесе ірі мөлшердің бар-жоғын айқындау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 2) және 38) тармақтарындағы түсіндірмелерді ескеру қажет.

      Туындылардың және (немесе) фонограммалар даналарының контрафактілігі құқықтық ұғым болып табылады, сондықтан туындылардың немесе фонограммалар даналарының контрафактілігі туралы мәселе сарапшының алдына қойылмайды. Авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілерін зерттеу қажеттілігіне байланысты сараптаманы тағайындаған кезде соттар құқық иеленушілермен еңбек немесе шарттық қатынастардағы адамдарды сарапшылар немесе мамандар ретінде тартуға жол бермеу туралы талапты сақтауға тиіс. Құқық иеленушіге ғана белгілі авторлық және сабақтас құқықтың объектілерін қорғаудың арнайы түрлері (дискілердегі, көркем туындылардағы арнайы белгілер және т.б.) туралы ақпарат алу қажет болған жағдайда оның қызметкерлері және онымен байланыстағы өзге де адамдар сотқа тек куә ретінде ғана шақырылуы мүмкін.

      24. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы істер бойынша туындының авторы (тең автор), орындаушылар, фонограмма жасаушы, эфирлік және кабельді хабарлар тарату ұйымы, автор мен орындаушының мүліктік құқықтарының мұрагерлері, жасырын туындылардың баспагерлері, авторлық немесе лицензиялық шарттың негізінде нақты мүліктік құқықтар берілген тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.

      Өзге тұлғалар сенімхаты болған жағдайда ғана автордың немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің мүддесі үшін талап қоюды бере алады. Егер автордың немесе орындаушының мұрагерлері болмаса не туынды қоғамдық игілікке айналса, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, уәкілетті мемлекеттік орган жарғылық қызметке немесе заңға сәйкес талап қоюшының өкілдері болып табылады. Егер аталған ұйым мен автордың немесе орындаушының арасында олардың мүліктік (айрықша) құқықтарын ұжымдық негізде басқару туралы шарт жасалған жағдайда, жарғылық қызметке сәйкес талап қоюды беру мүмкін болады.

      Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым мен осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымның арасында шетелдік автордың немесе орындаушының Қазақстан Республикасындағы осындай құқықтарын басқару жөнінде шарт жасалған болса, онда осы ұйым шетелдік автордың немесе орындаушының Қазақстан Республикасында бұзылған құқықтарын қорғау туралы талап қоюды беруге құқылы.

      Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға туындының авторы немесе орындаушысы берген сенімхатта осындай процестік әрекеттерді жасау көзделмесе, онда ұйымның мүшелері автордың немесе орындаушының мүддесі үшін келтірілген талап қоюдан өз бастамасымен бас тартуға немесе талабы жауапкер келтірген зиянды өтеуден, жауапкер алған кірісті өндіріп алудан бас тарту не залалдың не кірістің орнына өтемақы төлетуден бас тарту болып табылатын татуласу келісімін жасауға құқылы емес.

      Ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымның жарғысы, ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаруға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушімен шарт және (немесе) осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйыммен шарт авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызбен сотқа жүгінуге ұйымның құқығын растайтын құжаттар болып табылады.

      25. Өзінің әрекеттерімен автордың (оның мұрагерлерінің) немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің не авторлық немесе лицензиялық шарт негізінде мүліктік құқықтарды иеленушілердің жеке мүліктік емес немесе мүліктік құкықтарын бұзған тұлға авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы іс бойынша тиісті жауапкер болып табылады.

      Туынды даналарының басылымын шартқа және баспагерге сәйкес басып шығарған баспахана техникалық қызметтерді атқарады және тиісті жауапкер болып табылмайды. Ал егер баспахана өз бастамасымен басылымның таралымын көбейтсе, онда ол туындының контрафактілік даналарын дайындаушы болып саналады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылықта болады.

      Автордың немесе орындаушының мүліктік құқықтарының бұзылуына байланысты бірнеше тұлға жауапкер ретінде танылып, ортақ немесе үлестік жауаптылықта болады.";

      19) 26-тармақта:

      үшінші абзацтағы "талап арыздар" деген сөздер "талап қоюлар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талап қоюлар сотқа жауапкердің орналасқан жері бойынша беріледі. Орындалу орны белгіленген, авторлық немесе лицензиялық шарттан туындаған талап қоюлар аталған шарттардың орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.";

      20) 27, 28, 29, 30, 31, 32, 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 616-бабының 2) тармақшасына сәйкес талап қоюшылар бұзылған мүліктік емес және (немесе) мүліктік авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғауға қатысты істер бойынша талап қоюларды берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

      28. АК-нің 9-бабында және Заңның 49-бабында азаматтық сот ісін жүргізудегі бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды заңда көрсетілген тәсілдермен қорғауды жүзеге асыру көзделгендіктен, сот талап қоюшының талап қоюын қамтамасыз ету туралы арызын қараған кезде АПК-нің 156-бабының тәртібімен мәлімделген талап қоюға сәйкес келетін қамтамасыз ету шарасын қолдануға құқылы.

      Егер құқықты тану немесе құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру туралы талап мәлімделсе, онда судья, мысалы, жауапкерге авторлық немесе сабақтас құқықтардың даулы объектісін қайта шығару немесе тарату бойынша қандай да бір әрекеттер жасауға, туындының, фонограмманың даналарына, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымы бағдарламасына тыйым сала алады.

      Егер құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесу туралы талап мәлімделсе, онда судья, мысалы, туындының дайындалған даналарына, контрафактілік даналарды дайындауға пайдаланылатын материалдарға тыйым салуы, жауапкерге авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзатын нақты әрекеттерді жасауға не жауапкерге мазмұны бойынша авторлық немесе сабақтас құқықтарды иеленушінің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға дайындалғанын, сатып алынған жабдықты жауаптылықпен сақтауға бергенін куәләндыратын әрекеттерді жасауға тыйым салуы мүмкін.

      Егер залалды, оның ішінде айырылып қалған пайданы өтеу туралы, кірісті өндіріп алу немесе залалды не кірісті өтеу орнына өтемақыны өндіру туралы талап мәлімделсе, онда судья жауапкердің өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлкіне тыйым салуға құқылы.

      Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымында туындаған даудың мәні бойынша түйіндер болмауы және іс бойынша шешім алдын ала анықталмауы тиіс.

      29. Заңның 9-бабына сәйкес авторлықтың презумпциясы қолданылатындықтан, өзгеше жағдай болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе туындының данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы болып саналады.

      Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы істерді қарау кезінде талап қоюшы АПК-нің 72-бабына сәйкес өзіне тиесілі құқықтарды жауапкердің заңсыз пайдалану фактісін, ал жауапкер авторлық құқық немесе сабақтас кұқықтар объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің Заң талаптарына сәйкес келетінін және автордың, орындаушының, фонограмма жасаушының немесе эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымының құқықтарын бұзбайтынын дәлелдеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда жауапкер авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзушы болып танылып, азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тартылуға тиіс.

      30. Туынды авторының немесе туындыны орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары бұзылған жағдайда автор немесе орындаушы моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.

      Туынды авторының немесе туындыны орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары мұрагерлерге заң бойынша да, өсиет бойынша да ауыспайтындықтан, мұрагерлер өз пайдасына моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы емес, ал мұндай авторлар мен орындаушылардың бұзылған жеке мүліктік емес құқықтары заңда көзделген өзге тәсілдермен қорғалуға жатады.

      31. АПК-нің 279-бабында көзделген арызды қараусыз қалдыру негіздері толық болып табылады, осыған байланысты талап қоюшының өкіліне өз бастамасымен бұзылған авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы арызды қараусыз калдыру жөнінде сотқа өтінішхат беру өкілеттілігі тиісті түрде ресімделген сенімхат арқылы берілмесе, онда ол мұндай өтінішхатты беруге құқылы емес.

      32. Бұзылған авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғау туралы талап қоюды қанағаттандырған кезде сот туындының немесе фонограмманың контрафактілік даналарын, сондай-ақ талап қоюшының мұндай талапты мәлімдеген-мәлімдемегеніне қарамастан, контрафактілік даналарды қайта шығаруға тікелей пайдаланылған материалдар мен жабдықтарды тәркілеу туралы шешiм шығаруға құқылы.

      Егер туындының немесе фонограмманың контрафактілік даналары сапаға қойылатын талаптарға сай болса, сот талап қоюшының пікірін ескере отырып, осы даналарды талап қоюшыға беруі мүмкін. Егер контрафактілік даналар сатылмаған болса, онда талап қоюшының кірісті өндіріп алу немесе залалды өтеу туралы мәлімдеген талабы қанағаттандырылуға жатпайды.

      Егер контрафактілік даналар сапаға қойылатын талаптарға сай болмаса, онда олар соттың шешімі бойынша жойылуға жатады.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      17. "Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы" 2009 жылғы 12 қаңтардағы № 2 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №3; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2; 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7; 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 1; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) кіріспедегі "заң актілерін" деген сөздер "заңнамалық актілерді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 1, 2, 3, 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Азаматтық сот ісін жүргізудегі қамтамасыз ету шаралары деп Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген жауапкердің (борышкердің) сот актіcін мәжбүрлеп орындатуды қиындататын немесе мүмкін етпейтін ықтимал әрекеттерінің жолын кесетін процестік шараларды түсіну керек.

      Сот қабылдаған қамтамасыз ету шаралары жауапкер-заңды тұлғаны немесе дара кәсіпкерді банкроттыққа ұшыратуға, қалыпты өндірістік қызметті бұзуға, басқа тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға, рейдерлікке жағдай жасауға (жауапкердің мүлкін заңсыз тартып алуға) әкелмеуге тиіс.

      2. Төрелік талқылауда қаралатын істер бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сот АПК-нің 15-тарауында көзделген барлық ережелерді сақтай отырып, борышкердің немесе төреліктің орналасқан жері бойынша қабылдайды.

      Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз берген тұлғаның талап қоюы бойынша төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарымды талап етіп, төреліктің іс қозғаған-қозғамағанын тексеруге міндетті.

      3. Қамтамасыз ету шаралары:

      мүліктік немесе мүліктік емес сипаттағы талап қоюларды;

      сот шешімдерін орындауды;

      татуласу келісімін бекіту туралы сот ұйғарымдарын орындауды;

      дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді;

      атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін қабылданады.

      Сот қамтамасыз ету шараларын судья арызды іс жүргізуге қабылдағаннан және істі қозғағаннан кейін ғана, бірақ заңды күшіне енген сот актісін мәжбүрлеп орындату туралы атқару құжаты берілгенге дейін істің қандай жағдайында болмасын қабылдайды.

      Егер сот қамтамасыз ету шараларын қабылдамаса, заңда көзделген жағдайларда сот орындаушысы да атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін атқарушылық іс жүргізу барысында қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

      4. АПК-нің 156-бабының бірінші бөлігінде санамаланған қамтамасыз ету шаралары толық болып табылмайды.

      Сот даулы құқықтық қатынастың сипатын ескере отырып және оны реттейтін заңнамалық актіге сәйкес өзге де қамтамасыз ету шараларын, егер оларды қабылдамау шешімді орындатуды қиындатса немесе мүмкін етпейтіндей болса, қабылдай алады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен салыстырғанда өзге қамтамасыз ету шаралары көзделуі мүмкін. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанға дейiн жасалған, күшiне ену шарты ретінде ратификациялауды көздемеген халықаралық шарттар қолданыста болады және Республиканың заңнамасынан басымдығы, егер Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар салаларын реттейтiн заңдарында осы халықаралық шарттар үшін мұндай басымдық тікелей көзделген болса, сақталады ("Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің қаулысы).

      Сот бір мезгілде бірнеше қамтамасыз ету шараларын, егер сот шешімін орындауды және талап қоюшының бұзылған заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, қабылдауға құқылы.";

      3) 5-тармақтағы үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 156-бабында көзделген сот бұйрығын шығару туралы арыздар бойынша сот бұйрығын беру туралы арызды қамтамасыз ету шаралары қабылданбайды, өйткені сот бұйрығы АПК-нің 135-бабында көзделген даусыз талап қою бойынша азаматтық іс қозғалмастан шығарылады. Алайда сот бұйрығы заңды күшіне енгеннен кейін, бірақ ол өндіріп алушыға АПК-нің 143-бабының тәртібімен берілгенге дейін сот өндіріп алушының арызы бойынша сот бұйрығын мәжбүрлеп орындату жөніндегі қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.";

      4) 6, 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Талап қоюшының немесе оның өкілінің қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызы болған кезде, егер бұрын іс бойынша сот қамтамасыз ету шараларын қабылдамаған болса, сот АПК-нің 157-бабына сәйкес талап қоюды қамтамасыз ету немесе сот актілерін орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз талап қоюға қоса берілсе немесе ол туралы талап қоюда көрсетілсе, онда судья арызды азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа түскен күні шешеді.

      Істі сот талқылауына дайындау кезінде берілген талап қоюды қамтамасыз ету шаралары туралы арызды, сот актісін мәжбүрлеп орындату қолданғанға дейін берілген сот актісін мәжбүрлетіп орындатуды қамтамасыз ету шаралары туралы арызды судья іске қатысатын адамдарға арыздың қаралатын орны мен уақыты туралы хабарламастан жеке-дара қарайды. Мұндай жағдайларда жеке процестік әрекеттің хаттамасы жасалмайды.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз сот отырысында берілсе, онда ол дереу зерттеледі, одан кейін судья оны қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

      7. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шаралары өзінің мазмұны бойынша талап қоюшы (арыз беруші) мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келетін-келмейтіні, сот актісін орындауды қиындату немесе мүмкін етпеу мақсатында жауапкердің ықтимал әрекеттерінің жолын кесуді қамтамасыз ете алатын-алмайтыны туралы мәселелерді зерттеуге тиіс.

      Егер сот талап қоюшы арызында көрсеткен қамтамасыз ету шараларының ол мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келмейтіні туралы түйінге келсе, онда қамтамасыз ету шарасымен ұсынылған мұндай талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз қанағаттандырылуға жатпайды.";

      5) 9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымы АПК-нің 269-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте сот АПК-нің 155-бабында көзделген қамтамасыз ету шараларын қабылдау негіздерінің бар-жоғы туралы арыз берушінің дәлелдеріне баға беруге тиіс.

      Заңды күшіне енген сот актісін орындауға қиындық келтіреді немесе мүмкін етпейді деп жауапкердің өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін жасыруға не иеліктен шығаруға, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс кетуге дайындық жасауға бағытталған және тағы басқа да ықтимал әрекеттерін түсіну керек.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымның қарар бөлігінде оның дереу орындалуға жататыны көрсетілуге тиіс.";

      6) 12, 13, 14, 15, 16, 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасын қолданған кезде талап қоюшы шарттық, деликтік немесе борышкердің мүлкі есебінен қанағаттандырылуға жататын мүліктік сипаттағы өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын талаптарды мәлімдеген жағдайларда ғана жауапкерге тиесілі мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларына жол беріледі.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 115-бабында көрсетілген жауапкер меншік құқығымен немесе шаруашылық жүргізу құқығымен иелік ететін және пайдаланатын мүлік түрлерін жауапкерге тиесілі мүлік деп түсіну керек.

      Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік мүлікті иеленетін және пайдаланатын мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме немесе қазыналық кәсіпорынға қатысты мүлікке тыйым салу түріндегі осындай қамтамасыз ету шарасы аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақшаларды қоспағанда, қолданылмайды. АК-нің 44, 922, 923-баптарына сәйкес аталған жауапкерлер келтірілген зиян үшін өздерінің иелігіндегі ақшаларымен есептеседі. Аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақша жеткілікті болмаған жағдайда, олардың міндеттемелері бойынша мемлекеттік қазына субсидиарлық жауаптылықта болады.

      13. Мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюшының арызын қараған кезде сот талап қоюшының арызда нақты заттарға тыйым салу туралы өтініш білдіргеніне қарамастан, нақты заттарды немесе мүлік түрлерін көрсетпейді және тыйым салынуы мүмкін мүліктің құнын анықтамайды.

      Соттың ұйғарымында талап қоюшының мүліктік талаптарының мөлшері немесе талап қоюшының мүліктік талаптарының сот шешімімен қанағаттандырылған мөлшері ғана көрсетілуге тиіс, ал мүліктің жауапкерге (борышкерге) тиесілілігін немесе оның құнын атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен атқару құжатын орындаған кезде сот орындаушысы анықтайды.

      14. Моральдық зиянды өтеуді ақшалай мәнде өндіріп алу туралы істер бойынша мүлікке тыйым салу сияқты талап қоюды қамтамасыз ету шарасын сот қабылдай алмайды, өйткені мұндай зиянның мөлшерін сот АК-нің 952-бабына сәйкес шешім шығарған кезде анықтайды.

      Осындай талап қоюды қамтамасыз ету туралы талап қоюшының арызы болған жағдайда, сот моральдық зиянды өтеу мөлшері белгіленген шешім шығарумен бір мезгілде немесе шешім шығарғаннан кейін шешімді орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады. Бұл ретте тыйым салынуға жататын мүліктің мөлшері сот жауапкерден өндірген моральдық зиянды өтеу сомасынан аспауға тиіс.

      15. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген қамтамасыз ету шарасын сот талап қоюшының мәлімдеген мүліктік емес сипаттағы талабынан даудың нысанасын немесе істі қарағанға дейінгі оның қалпын сақтауды қамтамасыз ету қажеттігі туындаған жағдайларда қабылдауы мүмкін. Жауапкердің жасауына тыйым салынуы мүмкін мұндай әрекеттердің қатарына дау нысанасын иелік ету бойынша, тұрғын үй-жайды қайта жоспарлау бойынша, жер учаскесінің шекарасын өзгерту бойынша, авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектісінің таралымы бойынша әрекеттерді жасауға тыйым салуды жатқызған жөн.

      16. Сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес борышкер талап қоюшының алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етуі мүмкін мүлікті басқа тұлғалардың жауапкерге беруіне немесе мүліктік сипаттағы басқа да міндеттемелерді оған қатысты орындауына тыйым салуға құқылы.

      Үшінші тұлғалардың іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелері жөнінде анық мәліметтер болған және жауапкердің үшінші тұлғаларды міндеттемені орындатып, сот актісін орындауды қиындататыны немесе мүмкін етпейтіні туралы негізді болжам болған кезде сот аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдауы мүмкін.

      Соттың аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы ұйғарымында нақты қандай тұлғаға мүлікті беруге немесе іс бойынша жауапкер алдындағы өзге де міндеттемелерді орындауға тыйым салынатыны көрсетілуге тиіс. Сонымен бір мезгілде талап қоюшы мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптар және талап қоюшы мәлімдеген талаптың көлемінен асатын көлемдегі тұлғаның жауапкердің алдындағы міндеттемелері АК-нің 272-бабына сәйкес орындалуы мүмкін болатын тұлғаның іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелерінің көлемі ескерілуге тиіс.

      17. АПК-нің 251-бабына сәйкес мүлікті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қою берілген кезде сот талап қоюшының арызы бойынша АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Аталған қамтамасыз ету шарасы тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қою мәлімделген нақты мүлікке қатысты, егер сот орындаушысы осы мүлікті сату бойынша атқарушылық әрекеттерді өз бетінше тоқтатпаса, қолданылады.";

      7) 19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Егер тұлға атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актіде көзделген атқару құжатын сот тәртібімен даулаған жағдайда сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Егер сот бұйрығы АПК-нің 141, 142, 143-баптарында белгіленген тәртіп пен мерзімдер бұзылып мәжбүрлеп орындауға жіберілсе, оған атқарушылық құжат ретінде сотта дау айтылуы мүмкін.

      Егер атқару парағы АПК-нің 241-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, бірақ сот орындаушысы оны мәжбүрлеп орындатуға қабылдаса, оған атқару құжаты ретінде сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша судьяның қаулысына, егер ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамалық актіде көзделген қағидалар бұзылып мәжбүрлеп орындатуға жіберілсе, атқару құжаты ретінде оған сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.";

      8) 19-1 тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру түріндегі қамтамасыз ету шарасына қатысты, сот осы талап қоюды қамтамасыз ету шарасын соттан тыс сату нысанасы болып табылатын кепіл мүлкіне дау болған жағдайда қолданылуы мүмкін екенін соттардың ескергені жөн.";

      9) 19-2 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-2. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 8) тармақшасында белгіленген талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар атқарушылық іс жүргізуде жасалатын мүлікке өндіріп алуды қолдануға байланысты сот орындаушысының актілері мен әрекеттері дауланған жағдайда қабылдануы мүмкін.";

      10) 21-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 159-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот іс бойынша қабылданған қамтамасыз ету шарасын басқа қамтамасыз ету шарасымен (мысалы, мүлікке тыйым салуды жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салумен және т.б.) ауыстыруға құқылы.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Арызды қарау кезінде талап қоюшы сот бұрын қабылдаған қамтамасыз ету шарасы мөлшерлес талаптарына сәйкес келмейтін, ал ауыстыру тәртібімен ұсынылып отырған қамтамасыз ету шарасы АПК-нің 155-бабында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келетін дәлелдемелерді сотқа ұсынуға міндетті.";

      11) 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. АПК-нің 159-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жауапкер сот қабылдаған АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларындағы талап қоюды қамтамасыз ету шараларының орнына талап қою бағасына тең соманы талап қоюшының қарызды ақшалай өндіріп алу туралы талаптары бойынша ғана уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің депозитіне енгізуге құқылы.

      23. Сот талап қоюды қамтамасыз ету туралы талап қоюшының арызын қанағаттандыра отырып, екі тараптың да мүдделерін ескеріп, ақылға сыйымдылық пен әділдікке сүйеніп, АПК-нің 162-бабының негізінде талап қоюшыдан қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкер үшін ықтимал болатын залалдарды қамтамасыз етіп беруді талап етуге құқылы.

      Егер талап қоюшы қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкерге келетін залалды қамтамасыз етпесе, онда сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдыруға құқылы.

      Егер АПК-нің 155-бабында көзделген қамтамасыз ету шараларын қабылдау үшін негіздер болмаса, қарсы қамтамасыз ету шарасы қолданылмайды.";

      12) 24-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 160-бабының екінші бөлігіне сәйкес талап қою қанағаттандырылған шешім толық орындалғанға дейін сот қабылдаған қамтамасыз ету шаралары қолданыста болады.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы мәселені сот отырысының хаттамасын жасап, іске қатысатын адамдарды хабардар ете отырып, сот отырысында қарайды.";

      13) 27, 28 және 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Сот актісіне кассациялық тәртіппен шағым жасау (наразылық келтіру), оған сәйкес атқару құжаты берілгенде, атқару құжатын мәжбүрлеп орындатуды тоқтату үшін, егер сот актісінің орындалуы АПК-нің 448-бабында көзделген тәртіппен тоқтатылмаса ғана, негіз бола алмайды.

      28. Мыналардың:

      1) "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 21 нормативтік қаулысының 13-тармағының;

      2) "Сот шешімі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 29-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      29. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      18. "Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару тәжірибесі туралы" 2010 жылғы 25 маусымдағы № 1 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6; 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 3; 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2, 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7; 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 8 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару практикасы туралы" 2010 жылғы 25 маусымдағы № 1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың жеке ұйғарымдар шығару кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларын біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:";

      3) 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабында белгіленген тәртіппен шығарылатын жеке ұйғарымдар соттардың заңдылық бұзылған жағдайларға ден қою актілері болып табылады.

      2. Сот отырысында анықталған заңдылықты бұзу жағдайлары жеке ұйғарымдар шығару үшін негіздер болып табылады.

      Нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін іс-әрекеттерді заңдылықты бұзу деп түсінген жөн.

      Іске қатысатын тұлғалардың дәлелдеу жөніндегі процестік міндеттерді тиісінше орындамауы жеке ұйғарымдар шығару үшін жеткілікті негіз бола алмайды.

      3. Соттар басқару функцияларын атқаратын ұйымдардың, лауазымды адамдардың және өзге де адамдардың атына жеке ұйғарымдар шығарады.

      Билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша не арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларды немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын адамдар лауазымды адамдар деп танылады.

      Басқару функцияларын атқаратын өзге де тұлғалар деп коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын түсінген жөн.

      4. Сот жеке ұйғарымды қаралып отырған іс бойынша сот актісімен бір мезгілде жеке процестік құжат түрінде шығарады.

      5. Жеке ұйғарымның мазмұны шешілетін істердің және жол берілген заңдылықты бұзу сипаты ескеріле отырып, АПК-нің 269-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Жеке ұйғарымның уәждеу бөлігінде заңдылықты бұзуға жол берілгені туралы соттың түйін жасауына негіз болған дәлелдер жазылуы, жол берілген бұзушылықтардың мәні ашылуы, талаптары бұзылған нақты нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ әрекеттері (әрекетсіздіктері) заңдылықтың бұзылуына әкеп соққан адамдар көрсетілуге тиіс.

      Жеке ұйғарымда мүдделеріне қатысы бар адамдардың қызметіне қатысты нақты нұсқамалар немесе ұсыныстар қамтылмауы тиіс, онда сонымен қатар кінәлі адамдардың құқықтық жауаптылық түрі мен шаралары белгіленбейді.

      Жеке ұйғарымның қарар бөлігінде ұйымдардың атауы мен орналасқан жері көрсетілуге, сондай-ақ жеке ұйғарымды орындамаудың, жауапсыз қалдырудың немесе жеке ұйғарым бойынша мерзімінде жауап бермеудің салдары, жеке ұйғарымға шағым келтіру құқығы мен тәртібі туралы АПК-нің 270-бабы екінші бөлігінің ережелері түсіндірілуге тиіс.

      6. Шығарылған жеке ұйғарым қаралатын іс бойынша сот отырысында жария етіледі.

      7. АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес басқару функцияларын атқаратын ұйымдар, лауазымды немесе өзге де тұлғалар жеке ұйғарымды алған күнінен бастап, бір ай мерзім ішінде ол бойынша қолданған шаралар туралы соттарға хабарлауға міндетті.

      8. Жеке ұйғарымдар қараусыз қалдырылған не оларда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданбаған, сондай-ақ жеке ұйғарымдарға дәлелсіз себептермен уақтылы жауап берілмеген жағдайда, соттар лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 664-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартуға құқылы.

      Әкімшілік жазаны қолдану тиісті лауазымды адамдарды жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлау міндетінен босатпайды.

      9. Егер сот жеке ұйғарым шығару үшін негіздердің болуы мен жеткіліктілігіне қарамастан, жеке ұйғарым шығармаса, онда келесі сатыдағы сот АПК-нің 270-бабында белгіленген тәртіппен сот актісінің заңдылығын тексере отырып, өзі жеке ұйғарым шығаруға құқылы.

      10. Жеке ұйғарымдарға заңда белгіленген тәртіппен жеке шағымдар берілуі, прокурордың өтінішхаты немесе наразылықтар келтірілуі мүмкін.

      Егер жеке ұйғарымдармен құқықтары мен заңды мүдделері қозғалған адамдар істі қарау кезінде қатыспаса, олардың атына шығарылған жеке ұйғарымдар туралы білмесе және (немесе) заңда белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп алса, олар жеке ұйғарымдарға шағым жасауға құқылы.

      11. Жеке ұйғарымда көрсетілген заңдылықты бұзу анықталмаған жағдайларды қоспағанда, сот актісінің күшін жою шығарылған жеке ұйғарымның күшін жоюға әкеп соқпайды.

      12. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына, АПК-нің 4-бабына сәйкес соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың салдарларын жою және кінәлілерді жауаптылыққа тарту арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік функцияларды жүзеге асырады.     

      Тараптардың, басқа да процеске қатысушылардың, лауазымды немесе басқа да адамдардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда соттар бұл туралы прокурорларға хабарлайды.";

      4) 14, 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Мыналардың:

      1) "Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы" 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 16 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының 30-тармағының екінші және үшінші абзацтарының;

      2) "Соттардың бала асырап алу туралы істерді қарау кезінде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 20-тармағының;

      3) "Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 21-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      15. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      19. "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурызындағы № 2, 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтарға тиесiлi жеке мүлiктiк емес игілiктер мен құқықтарды қорғау және оларға келтiрiлген моральдық зиянды өтеу мәселелерiн реттейтiн заңнаманы сот практикасында дұрыс және бiркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етедi:";

      2) 1, 2, 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жеке тұлғаларға туғанынан немесе заң бойынша тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды сот арқылы қорғау, сондай-ақ оларға келтiрiлген моральдық зиянды өтеу адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асырудың тиiмдi кепілдігінің бірі болып табылатынына соттардың назары аударылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (бұдан әрi - АК) 9 және 141-баптарына және республиканың басқа да заңдарына сәйкес сот жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды қорғауды:

      құқықты тану;

      жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру, оның iшiнде мемлекеттік органдардың заңнамаға сәйкес келмейтiн актілерін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану;

      жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың бұзылуы салдарын жою;

      моральдық зиянның өтемін төлету арқылы жүргізедi.

      Сот жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды жоғарыда көрсетiлген тәсiлдердiң жиынтығын, сондай-ақ олардың әрқайсысын бөлек қолдану арқылы қорғайды.

      Сот жеке мүлiктiк емес құқықтарды қорғаудың АК-де көзделген тәсiлдерiн осындай құқықтарды қорғау еңбек туралы, неке және отбасы туралы, табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау туралы және басқа да заңнамалық актілерде арнайы бекітілмеген жағдайларда да қолдануы мүмкiн.

      3. Жеке мүлiктiк емес игіліктер мен құқықтардың бұзылуы, олардан айырылуы немесе кемсiтiлуi жәбірленушіге моральдық зиян келтiруге әкеп соғуы мүмкін жеке мүлiктiк емес игіліктер мен құқықтар деп азаматтың туғанынан тиесiлi, жеке басымен тығыз байланысты, заңмен берілген игiлiктерді немесе құқықтарды түсiну қажет. Адамға туғанынан тиесiлi игiлiктерге өмiріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне, бостандығына, жеке басына қолсұғылмаушылықты, ал азаматтың заңмен берілген құқықтарына тұрғын үйiне немесе меншiгіне қолсұғылмаушылықты, жеке өмiрiнiң немесе отбасының құпиясына, телефон, телеграф хабарларының және хат жазысу құпиясына; атын пайдалануға; өз бейнесiне; авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнамаға сәйкес авторлыққа және басқа да мүлiктiк емес жеке құқықтарды; емiн-еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жерiн таңдау, анық ақпарат алу құқықтарын, сондай-ақ заңнамада көзделген басқа да құқықтарды жатқызу қажет.

      Моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарын құқыққа қайшы бұзу, кемсiту немесе олардан айыру салдарынан басынан кешірген жан азабын немесе тән азабын түсiну қажет.

      Жан азабы (адамның эмоциялық-ерік-жігерінің уайымдары) деп өз басынан кешірген қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б. сезiмдерiн түсiну қажет. Мұндай сезiмдер, мысалы, жәбiрленушiнiң өзiнің, сондай-ақ оның жақын туыстарының, жұбайының /зайыбының өмiрi мен денсаулығына құқыққа қайшы қол сұғу; бас бостандығынан не емiн-еркiн жүрiп-тұру құқығынан заңсыз айыру немесе шектеу; денсаулығына, оның iшiнде адамның дене бөліктерін ұсқынсыз ететін тыртықтар мен тыртықшалар түсіріп зиян келтіру; отбасылық, жеке немесе дәрiгерлiк құпияны ашу; хат жазысу, телефон немесе телеграф хабарлар құпиясын бұзу; азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді тарату; атына, бейнесіне құқығын бұзу; оның авторлық және сабақтас құқықтарын бұзу және т.б. салдарынан туындауы мүмкiн.

      Тән азабы деп азамат күш қолданылуына немесе денсаулығына зиян келтірілуіне байланысты сезiнетiн тәннің ауырғанын түсiну қажет.";

      3) 4-тармақта бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес заңнамалық актілерде көзделген жағдайлардан басқа, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарға талаптың ескіру мерзiмi қолданылмайды. Бұл ретте соттар "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, егер заңнамалық актілерде өзгеше тәртiп көзделмесе, азаматтардың жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғауды көздейтiн заңнамалық актілер қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылатынына назар аударуы қажет. "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiн (Ерекше бөлiм) күшіне енгізу туралы" 1999 жылғы 1 шілдедегі № 410-I Қазақстан Республикасы Заңының 8-тармағында АК-нің 922 және 923-баптарында көзделген жағдайларда мүлiктiк емес зиян 1999 жылғы 1 шiлдеге дейiн, бiрақ 1996 жылғы 1 шілдеден кейін келтiрiлсе және өтелмей қалса, оның өтелетіні ұйғарылған.

      Жәбiрленушiнiң моральдық зиянды өтеттіру құқығын көздейтiн заңнамалық акт қолданысқа енгiзiлгенге дейiн келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талабы қанағаттандырылуға жатпайды. Мұндай зиян заңнамалық акт қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн азамат жан азабын немесе тән азабын тартуын жалғастырған жағдайларда да қанағаттандырылуға жатпайды.";

      4) 5-тармақта бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Моральдық зиянды өтеу зиян келтірушінің кінәсі анықталған кезде жүргізіледі. АК-де көзделген жағдайларда жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар осы құқықтарды бұзған адамның кінәсіне қарамастан, сот арқылы қорғалуға жатады.

      Талап қоюшы талап қоюда оның жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылу фактісін растайтын мән-жайларды көрсетіп, дәлелдемелер келтіруге және оларды қорғау қажеттігін, сондай-ақ өзінің пікірі бойынша өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз ететін өтемақы сомасын көрсетуге міндетті.";

      5) 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. АК-нің 917-бабының 1-тармағына сәйкес моральдық зиянды құқыққа қайшы (қасақана немесе абайсызда) кінәлі әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірген адам толық көлемде өтеуге тиiс.

      Моральдық зиянды толық өтеу деп зиян келтіруші заңнамалық актілердің нормаларында (мысалы, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-I Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтерді таратқан бұқаралық ақпарат құралы оларды теріске шығаруды жариялауға міндетті; Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 41-бабына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзетін орган моральдық зиянның салдарын жою бойынша шаралар қолдануға міндетті) тiкелей жазылуына орай жасауы және талап қою бойынша жәбірленушіге моральдық зиян өтемақысын сот шешiмiнде белгiленген сомада төлеуі тиіс әрекеттерді түсінген жөн.";

      6) 7-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "АК-нің 952-бабының талаптарына сәйкес моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледі. Бұл ретте сот өтемақы сомасын ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарын негізге ала отырып анықтайды.

      Моральдық зиян өтемақысының мөлшерін, егер оны анықтау кезінде азаматтың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты мән-жайлар ескерілсе, ақылға қонымды әрі әдiл деп есептеген жөн. Зиян келтіруші үшін құқыққа қайшы жасалған әрекет пен оның салдары үшін жауаптылық шарасы ретінде ақшалай өтемақы мөлшері болады.";

      7) 8-тармақта:

      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың (өмiрi, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпия, ар-намысы мен қадiр-қасиетi және т.б.) өмiрлiк маңыздылығын;

      жәбiрленушiнiң басынан кешірген жан азабының немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан, жұбайынан/зайыбынан айырылуы, еңбекке қабiлеттілігiнен айырылуы немесе оның шектелуi және т.б.);";

      8) 9, 10, 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. АК-нің 917-бабының 1-тармағына және 951-бабының 2-тармағына сәйкес моральдық зиянды өтеу бойынша міндеттеме мынадай негіздер:

      адамның заңмен қорғалатын жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына қолсұғатын құқық бұзушылық (деликт) тікелей жеке тұлғаға қарсы жасалған;

      құқық бұзушылықтың және жәбірленушіге келтірілген зиянның және ол қайтыс болған жағдайда жан азабына немесе тән азабына әкеп соққан, оған тиесілі жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуы арасындағы себепті байланыс болған, оның жақын туыстарының, жұбайының/зайыбының мүліктік емес құқықтары бұзылған;

      заңда көзделген жеке мүліктік емес зиянды кінәсіз өтеу жағдайларынан басқа, зиян келтірушінің кінәсі болған кезде туындайды.

      Жоғарыда көрсетілген негіздердің кез келгені болмауы жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды қорғау мүмкіндігін болдырмайды, өйткені олар бұзылмаған деп болжанады.

      10. "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" 1993 жылғы 14 сәуірдегі № 2200 Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заң) 22-бабында жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына мүлiктiк және мүлiктiк емес зиян ақталған адам бас бостандығынан айыру орындарында заңсыз болған әрбiр айы үшiн халықты әлеуметтiк қорғау органдарына жүгiнген күні Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң төрттен үш бөлігі мөлшерiнде 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап өтелуге жататыны көзделгеніне соттардың назары аударылсын. Алайда мүлiктiк және мүлiктiк емес зиян өтемақысының жалпы сомасы 100 айлық есептiк көрсеткiштен аспауы қажет.

      Моральдық зиянның өтемақысы жәбiрленушiнiң жеке басына тығыз байланысты, тиісінше, осы өтемақы есептелген (сот өндiрген), бiрақ ақталған азамат қайтыс болуы себебінен алынбаған жағдайлардан басқа, бұл өтемақы жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының мұрагерлерiне төленбейді.

      Соттар "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңның 26-бабында осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жаппай саяси қуғын-сүргіндердің ақталған құрбандарына 18-24-баптардың күші қолданылатыны туралы жазылғанын Заң қабылданғаннан кейін ақталған адамдардың құқықтарын шектемей, осы баптардың қолданылуына кері күш береді деп түсінген жөн.

      11. АК-нің 922-бабының 1-тармағына, 923-бабының 1 және 2-тармақтарына, 951-бабының 3-тармағына сәйкес мыналардың:

      мемлекеттік органдардың заңнамалық актілерге сәйкес келмейтiн актiлер шығаруының;

      заңсыз соттаудың;

      қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартудың;

      бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз күзетпен қамауға алудың, үйқамаққа алудың, ешқайда кетпеу туралы қолхат алудың;

      қамаққа алу түрiндегі әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың;

      психиатриялық немесе басқа емдеу мекемелерiне заңсыз орналастырудың;

      заңнамалық актiлерде көзделген өзге де жағдайлардың нәтижесiнде азаматқа келтiрiлген моральдық зиян мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты) есебiнен зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтеледi.";

      9) 12-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Моральдық зиянды мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджеттің) есебiнен өтеу туралы талап қоюлар бойынша жауапкер ретінде мемлекет болып табылады және бұл жағдайда iстердiң осы санаты бойынша соттылығын мемлекеттік қазына өкiлiнiң орналасқан жерi бойынша анықтаған жөн.";

      10) 13, 14, 15, 16, 17, 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Соттар азаматтардың жоғары қауiптiлiк көзi келтiрген моральдық зиян өтемақысын өндiру туралы талап қоюларын қарау кезінде, егер жоғары қауiптiлiк көзiнің иесi осы зиян дүлей күштің немесе жәбiрленушiнің теріс пиғылының салдарынан не зиян келтiрушiнiң құқыққа қайшы әрекеттерiнiң нәтижесiнде жоғары қауіптiлiк көзi иесінің заңды иелігінен шыққанына байланысты келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, моральдық зиянды өтеуге міндетті екенiн назарда ұстауы қажет.

      Жәбiрленушiнiң теріс пиғылы деп соттар жәбiрленушiге моральдық зиян келтiруiне ықпал еткен, жәбірленушінің жоғары қауiптiлiк көзiмен қауiпсiз жұмыс iстеу (иттер мен басқа да үй жануарларын жәбірлеу; жабайы жануарларды хайуанаттар бақтарында және басқа да қамауда ұстау жерлерінде жәбірлеу; адам денсаулығы мен өміріне қауiптi өрт қаупi бар, жарылғыш, иондаушы және басқа да нәрселер мен заттарды қауіпсіз пайдалану қағидаларын бұзу және т.б.) қағидаларын қасақана бұзуы туралы куәландыратын әрекеттерiн түсiнгені жөн.

      Жоғары қауiптiлiк көзi иесiнің заңды иеленуінен шығуы деп жоғары қауiптiлiк көзiнің иесі жоғары қауiптiлiк көзiн оның еркiнен тыс қалыпты жағдайларда үшiншi тұлғалардың пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын, ақылға қонымды және жеткілікті шараларды қабылдаған жағдайды түсiну қажет.

      Жәбiрленушiге моральдық зиянды жоғары қауiптілiк көзiн құқыққа қайшы иеленген тұлғалар келтiрген жағдайда моральдық зиянды келтiрген тұлғалар осындай зиянды өтеуге тiкелей мiндеттi болады. Егер жоғары қауiптiлiк көзiнің иесі заңды иеленуден шықса, бірақ бұл ретте оның кінәсі бар екені анықталса, онда келтірілген моральдық зиян үшiн жауаптылық үлестік тәртіппен моральдық зиянды тікелей келтiрушiге де, сондай-ақ жоғары қауiптiлiк көзiнiң иесiне де жүктеледi.

      14. Соттар жалақыны және моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу туралы талап қоюларды қарау кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі — Конституция) 24-бабының негізінде әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар екенін назарда ұстауы қажет. Азаматтардың жалақыны өндіріп алу туралы талап қоюды берген кезде қорғалуға жататын мүліктік емес құқықтарының да бұзылуына әкеп соғатын жұмыстан заңсыз шығару, жалақыны уақтылы төлемеу жұмыскердің еңбегі үшін сыйақы алуға конституциялық құқығын бұзу болып табылады.

      15. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрi - Неке туралы кодекс) 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жақын туыстар - бұл ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер. Неке-отбасы қатынастарын қорғау қажеттілігі Конституцияның 27-бабынан және Неке туралы кодекстің 2-бабынан туындайды, оған сәйкес отбасы мемлекеттің қорғауында болады.

      Сот қайтыс болған адамның жақын туыстарының, жұбайының/зайыбының талап қоюлары бойынша талап қоюшыға моральдық зиянды өтеу туралы істерді қарау кезінде оларға жан азабының келтірілу фактісінің дәлелденгенін не дәлелденбегенін, олардың қайтыс болған адаммен шын мәнісінде жақын туыстық, отбасылық қарым-қатынаста болғанын не болмағанын тексеруі, сондай-ақ келтірілген моральдық зиянды бағалаудың басқа да өлшемшарттарын ұсынуы тиіс. Бұл жағдайда жоғарыда көрсетілген адамдардың талап қоюлары қаралуға жатады.

      Соттар әрбір жақын туыстың, жұбайының/зайыбының азаматтық істер бойынша талап қоюмен бірнеше рет жүгінуін болдырмау мақсатында істі қарауға дайындау сатысында барлық жақын туыстың, жұбайының/зайыбының іске талап қоюшы жағында үшінші тұлғалар ретінде қатысуы туралы мәселені шешуі және оларға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - АПК) сәйкес дербес талап қоюды беру құқығын түсіндіруі қажет.

      16. Соттардың назары жекеше айыптау істері бойынша ақтау үкімінің шығарылуы, сондай-ақ ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы өзінен-өзі ақталған адамға моральдық зиян өтемақысын өтеу міндетін жекеше айыптаушыға жүктеу үшін негіз бола алмайтынына аударылсын, өйткені бұл жағдайда құзыретіне осындай шағымдарды қарау жатқызылған органдарға жүгіну бойынша конституциялық құқық іске асырылады.

      Моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы жекеше айыптау ісі бойынша ақталған адамның қойған талабы, егер жекеше шағымның ешбір құқықтық негізі болмаған және сотқа жүгіну басқа адамға зиян келтіруге (құқықты теріс пайдалану) бағытталған жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Бұл ретте талап қоюшы айыптаушының тарапынан құқықты теріс пайдалану фактісін дәлелдеуге тиіс.

      17. АК-нің 143-бабының 6-тармағына сәйкес азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған болса, ол мұндай мәліметтерді теріске шығарумен қатар олардың таратылуынан өзiне келтірілген залалды және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.

      Осы санаттағы істер бойынша жауапкер бағалау пікірі үшін жауапты болмайды.

      Азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы талап, моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға АК-де белгіленген тәртіппен залалдарды өтеу туралы ережелер қолданылады.

      Азаматтық заңнамада заңды тұлғаға моральдық зиянды өтеу көзделмеген және соттардың заңды тұлғалардың моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюларын қабылдаудан бас тартқаны жөн, талап қою қабылданған жағдайда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуы тиіс.

      Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қойылған кезде талап қоюшы жан азабын және тән азабын бастан кешіргенін дәлелдеуге тиіс.

      Сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарының негізінде моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтағанда таратылған мәліметтердің сипатын, таратылу шегін, жауапкер кінәсінің нысанын, оның материалдық жағдайын және басқа да назар аударуға тұрарлық мән-жайларды ескеруге тиіс.

      18. "Сақтандыру қызметi туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II Қазақстан Республикасының Заңында және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті мiндеттi сақтандыру саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерде автокөлiк құралы иесінің немесе тасымалдаушының жәбiрленушiге келтiрiлген моральдық зияны үшiн жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру көзделмегеніне соттардың назары аударылсын.

      Сақтандыру ұйымдарына (сақтандырушыларға, қайта сақтандырушыларға) сақтандыру жағдайының басталуына байланысты үшiншi тұлғаларға моральдық зиянды өтеу міндеті жүктелмейдi.

      Сақтандыру жағдайы басталған кезде келтірілген моральдық зиянды өтеу бойынша мiндет автокөлiк құралының иесiне немесе тасымалдаушыға жүктелуге тиiс.

      Егер ерiктi сақтандыру шартында сақтанушының мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарын сақтандыру көзделсе, онда сақтандыру төлемдерi ерiктi сақтандыру шартының талаптарына сәйкес жүргізiлуге тиiс.";

      11) 19-тармақтың бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттарға АК-нің 951-бабының 4-тармағына қатысты бұзылуы моральдық зиянды өтеу мүмкiндiгiн болдырмайтын жеке тұлғалардың мүлiктiк құқықтары деп, атап айтқанда: мүлiктi иеленуге, пайдалануға және билік етуге байланысты құқықтар; құқықтық қатынастарға қатысушылардың арасында туындайтын мүлiктiк талаптар (заттай немесе мiндеттемелiк құқықтар, оның iшiнде азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу бойынша мiндеттеменің орындалмауына немесе тиiсiнше орындалмауына байланысты және т.б.), сондай-ақ авторлардың өздерi жасаған туындылары немесе жасаған өнертабыстары үшiн сыйақы алу құқығы; мұрагерлiк құқықтар түсінілетіні түсіндірілсін.

      Егер азаматтың мүлiктiк құқықтарының бұзылуы оның жеке мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуымен бір мезгілде орын алса, онда келтірілген мүлiктiк зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандырумен қатар моральдық зиянды өтеу (мысалы, тұрғын үйге қолсұғылмаушылықты бұза отырып, жәбiрленушiнiң мүлкін құқыққа қайшы иелену; тұтынушының сапалы тауарға құқығын бұзу; авторлықты иелену және т.б.) туралы мәлімделген талап та қанағаттандырылуға жатады.";

      12) 20, 21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Жәбiрленушiге бiрнеше заңды немесе жеке тұлғаның бірлесіп жасаған құқыққа қайшы әрекеттерiмен келтiрiлген моральдық зиян АК-нің 287-бабының 1-4-тармақтарына және 932-бабына сәйкес осындай зиянды келтірушілер ортақ немесе үлестік тәртіппен толық көлемде өтеуге тиіс.

      21. Жас балалар немесе кәмелетке толмағандар не заңда белгiленген тәртіппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттілігі шектеулi не әрекетке қабiлеттi, бiрақ денсаулығына байланысты өз әрекетiнiң мәнiн түсiнуге және оларды басқаруға қабiлетi жоқ деп танылған азаматтар әрекеттерімен жәбiрленушiге моральдық зиян келтiрген кезде сот оны өтеудi АК-нің 925-930-баптарында белгiленген ережелер бойынша жүргiзедi.

      22. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылардың белгісіз тобына моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюлары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды, өйткені моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтың жеке басымен тығыз байланысты.";

      13) 23, 24, 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Егер талап қоюшы заңнамаға сәйкес мемлекеттік бажды төлеуден босатылмаса, азаматтардың моральдық зиянды өтеу туралы талаптарына АПК-нің және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік баж төленуі тиіс.

      Талап қоюшы мүлiктiк сипаттағы және моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды бiр талап қоюда қойған кезде мәлiмделген әрбiр талапқа мемлекеттік баж дербес төленуі тиіс. Ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянның өтемақысын ақшалай мәнде өндіріп алу туралы талап қоюлардың бағасы өндіріліп алыну талап етілген сомамен айқындалады.

      Сот АПК-ға сәйкес моральдық зиянды өндіру туралы талапты қанағаттандыру кезінде талап қоюшы талап қоюды берген кезде төлеген немесе төлеуге тиіс болған мемлекеттік бажды жауапкерден тиісінше талап қоюшының пайдасына немесе жергілікті бюджеттің кірісіне өндіріп алуға міндетті. Мемлекеттік баждың көрсетілген сомасы моральдық зиянды өтеу туралы қанағаттандырылған талаптың мөлшеріне тепе-тең түрде өндірілуге жатады.";

      "24. Моральдық зиянды өтеу туралы шешімде:

      жәбiрленушiге моральдық зиян келтiрген құқық бұзушылықтың сипаттамасы;

      жәбiрленушiнiң бұзылған жеке мүлiктiк емес игілiктерi мен құқықтарының көрсетілуі;

      жәбiрленушi басынан кешірген жан азабы немесе тән азабы туралы деректер;

      мүлiктiк емес құқықтарды қорғау тәсілі (құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтiру; моральдық зиянның салдарын жою; моральдық зиян өтемақысын өндiріп алу), сондай-ақ моральдық зиян өтемақысы мөлшерiнің негіздемесі;

      сот шешiм шығару кезiнде басшылыққа алған материалдық құқық нормалары қамтылуы тиiс.

      Сот шешімнiң қарар бөлiгiнде жауапкердің жауаптылығының түрiн (субсидиарлық, үлестік, ортақ, дара), сондай-ақ моральдық зиянды өндiріп алу көзiн (жеке тұлғаның мүлкiнің немесе заңды тұлғаның банктiк шотындағы ақшаның; мемлекеттік қазынаның есебiнен) көрсетуге тиiс. Моральдық зиянды мемлекеттік қазынадан өтеу кезінде сот заңды күшiне енген сот шешiмiнiң орындалуын заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз ететiн тиiстi бюджеттік бағдарлама әкiмшiсiн көрсетуге мiндеттi.";

      15) 25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Мыналардың:

      1) "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 3 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      2) "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 3 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2003 жылғы 20 наурыздағы № 3 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.";

      20. "Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы" 2016 жылғы 25 қарашадағы № 7 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 7 нормативтік қаулысымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) 2-тармақтың екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктік қарыз шарттарынан туындайтын дауларды шешу кезінде соттардың шартты жасасу сәтінде қолданылған заңнамада белгіленген тараптар үшін міндетті қағидаларға (императивтік нормаларға) сәйкес келуі тиіс банктік қарыз шартының талаптарын мұқият зерттегені жөн.

      Егер банктік қарыз шарты жасалғаннан кейін заңнамада шарт жасалған кезде қолданылған қағидалардан өзге, тараптар үшiн мiндеттi қағидалар белгiленген болса, жасалған шарттың талаптары, егер жаңадан қабылданған заңнамада оның бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылытыны белгіленбесе, өз күшін сақтайтынын ескеру қажет (АК-нің 383-бабы).";

      2) 3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы санаттағы істерді қарау кезінде соттар АК-нің 727-бабының 1-тармағына сәйкес банктік қарыз шарты бойынша қарыз беруші қарыз алушыға ақшаны қарызға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық талаптарында беруге мiндеттенетінін негізге алуға тиіс.";

      3) 5-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2019 жылғы 3 шілдедегі № 262-VI Қазақстан Республикасының Заңымен Банктер туралы заңның 34-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізілгенін (2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) ескеру қажет, оларға сәйкес банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу кестесінің нысандары және қарыз алушы-жеке тұлғаға арналған жаднамалар азаматтық заңнамада белгіленген талаптар ескеріле отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.";

      4) 6-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктік қарыз шартын зерттеу және бағалау кезінде банктік қарыз кімге және қандай мақсатқа, қандай валютамен берілгенін, шарт бойынша төлемдерді индекстеу туралы, қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелердің қалай шешілгенін анықтау қажет.

      Қарыз қандай валютада берілгенін анықтау кезінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау, қаржы ұйымдарының қызметін тәуекелге бағдарланған қадағалау, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 168-VІ Қазақстан Республикасының Заңымен Банктер туралы заңның 34-1-баппен толықтырылғанын, оның 2-тармағында жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде шетел валютасында кірісі болмаған жеке тұлғаларға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздарды осы валютада беруге тыйым салынғанын ескеру қажет.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктік қарыз шарты тараптарының көрсетілген тыйымдарды бұзуы АК-нің 158-бабы 1-тармағының негізінде осы мәміленің жарамсыздығына (маңызсыздығына) және тиісті салдардың басталуына әкеп соғуы мүмкін.";

      5) 7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы талапты қараған кезде мыналарды:

      шарт бойынша міндеттемелердің орындалмауы немесе тиісті түрде орындалмауы және осы бұзушылықтардың себептері неден көрінетінін;

      өндіріп алуға жататын берешек неден құралғанын (негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы, айыппұл, өсімпұл);

      берешекті өндіріп алу туралы талаптар банктік қарыз шартының талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін;

      міндеттемені орындау кепілмен қаншалықты қамтамасыз етілгенін;

      міндеттемені, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдану үшін негіздердің бар-жоғын (АК-нің 321, 721, 722-баптары);

      қарыз беруші мен қарыз алушы берешекті өтеуге қандай шараларды қабылдағанын және олар неден көрініс тапқанын;

      борышкердің жауапкершілік үлесін азайтуға мүмкіндік беретін мән-жайлар мен істі дұрыс әрі объективті шешуге қажетті басқа да мән-жайлардың бар-жоғын анықтау қажет.";

      6) 8-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы № 422-V Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері жөніндегі заң) Банктер туралы заңның 34-бабы белгілі бір талаптар болған кезде банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының берешегін өтеу кезектілігін белгілейтін 7-1-тармақпен толықтырылғанын (2016 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) ескергені жөн (олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатыныстарға қолданылады).";

      7) 9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Соттар тараптардың дәлелдерін зерттеу кезінде банктiң, ипотекалық ұйымның немесе дауыс беретін акцияларының жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымның басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидалардың ережелерін ескеруге тиіс (Банктер туралы заңның 34-бабының 8, 9, 10, 11-тармақтары).

      Ішкi кредит саясаты туралы қағидалар банктік қарыз беру талаптарын, оның ішінде банктік қарыз беру үшін қажетті талаптарды, қарыз алушының төлемге қабілеттігінің қажетті өлшемшарттарын, банктік қарыз беруге болатын тұлғалардың санаттарын, соманы, мерзімдерді, қарыз беруші берген қарызды қамтамасыз ету, сүйемелдеу, олардың мониторингі жөніндегі талаптарды белгілейді.";

      8) 10-тармақтың бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Іс үшін маңызды болатын мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтау мақсатында соттар кредиттік дерекнаманың құжаттарын зерттеуге тиіс, ол жалпы қағида бойынша кредит беру туралы шартқа қол қойылған күні ашылып, оның қолданылуы тоқтатылған сәтте ғана жабылады.

      Соттар кредиттік дерекнаманың құжаттары бойынша қарыз алушының кредит төлеу қабілеттігіне (төлем қабілеттігіне) жан-жақты, толық әрі сапалы бағалауды қарыз берушінің жүргізгенін анықтауға тиіс. Атап айтқанда, қарыз алушының қарызды, салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша, үшінші тұлғалар алдындағы берешекті өтеу үшін тұрақты әрі жеткілікті кірісінің және өзге табыс көздерінің бар-жоғы анықталады.";

      9) 11-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кредитордың кінәсі, егер борышкер кредиторға берешектің туындау себептері, өз берешегінің пайда болуын негіздейтін басқа да объективті расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді жазбаша өтініш арқылы, оның ішінде шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішхатпен жүгініп, дауды сотқа дейін реттеу шараларын қабылдаса, залал келтірілуіне жол бермеу не оның көлемін шектеу бойынша өзіне байланысты шараларды қабылдамауынан да көрінеді.";

      10) 12-тармақтың үшінші, төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және міндеттемелерді орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған тұлға үшін өзге қағидалар белгіленген. Мұндай тұлға, егер тиісті түрде орындау еңсерілмес күштің, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және алдын алу мүмкін емес мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және сол сияқтылар) салдарынан мүмкін болмағынын дәлелдей алмаса, мүліктік жауаптылықта болады. Заңда мұндай мән-жайларға, атап айтқанда орындау үшін қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің нарықта болмауы жатқызылмаған.

      Заңнамада немесе шартта жауаптылықтың және одан босатудың өзге де негiздерi көзделуі мүмкін (АК-нің 359-бабы).

      Соттар көрсетілген мән-жайларды анықтауға және міндеттемелерді орындауға кедергі болған объективті себептер туралы дәлелдемелермен расталған борышкердің дәлелдеріне (мысалы, қарыз алушының қарыз қайтару талаптарын бұзуына баланың тууына байланысты ауруханада жатқаны себеп болды және бұл туралы медициналық құжаттар бар және сол сияқтылар) тиісті құқықтық баға беруі қажет.";

      11) 14-тармақтың үшінші, төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар АК-нің 321-бабының 2-тармағын қолдану кезінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 17 шілдедегі № 333-V Қазақстан Республикасының Заңымен осы тармақтың 4) тармақшамен толықтырылғанын ескеруі тиіс.

      Ол бойынша қарыз беруші (қарыз алушы) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған кезде (АК-нің 317, 720 және 722-баптары, Ипотека туралы заңның 20-бабы), кепіл ұстаушы (қарыз беруші) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені мерзімнен бұрын орындауды талап етуге, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса, өндіріп алуды кепіл нысанасына аударуға құқылы.";

      12) 15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктер туралы" 21 жылғы 24 мамырдағы № 43-VII Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Заңның 36-бабы жаңа редакцияда (2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) жазылған, банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындағаны туралы және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсетіп, банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі; банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы-жеке тұлғаның банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) өтініш жасау құқығы; қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар етуге міндетті. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.";

      13) 16-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктер туралы заңның 35-бабын қолдану кезінде соттар осы нормаға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгенін ескеруі тиіс. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 10 ақпандағы № 406-IV Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Ипотекалық кредит беру мәселелері туралы заң) сәйкес жоғарыда көрсетілген бап жаңа редакцияда жазылған және осы баптың 2-тармағында банктік қарыз шарты бойынша (оның ішінде ипотекалық қарыз шарты бойынша) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу мен өндіріп алуға шектеулер көзделген, жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан артық болмауға тиіс, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан аспауға тиіс (Банктер туралы заңның 35-бабының 2-тармағы).";

      14) 19-тармақтың сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кепіл мүлкін соттан тыс тәртіппен өткізу кредитор-кепіл ұстаушының құқығы болып табылады және осы мүлікті сот шешімімен өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.";

      15) 20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. АК-нің 305-бабының 1-тармағына сәйкес борышкердің өзi де, үшiншi тұлға да кепiл берушi болуы мүмкiн.

      Қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін өз мүлкін кепілге бере отырып, кепіл беруші-үшінші тұлға (заттай кепілгер) (бұдан әрі – заттай кепілгер) қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша тарап болмайды, яғни ол қарыз берушінің (кредитордың), сондай-ақ қарыз алушының (борышкердің) құқықтары мен міндеттемелерін иеленбейді. Сондықтан АК-нің 269-бабының 2-тармағында көзделгендей, заттай кепілгерде қарыз алушы мен қарыз берушінің алдында үлестікте, ортақта, субсидиарлы міндеттемелер туындамайды, демек, тиісті жауаптылық та туындамайды.

      Заттай кепілгер өз мүлкімен, өз жауапкершілігімен және тәуекелдікпен борышкердің кредитор алдындағы міндеттемені орындауын қамтамасыз етеді (АК-нің 292, 299-баптары), яғни ол өзінің, кредитор мен борышкердің арасында жасалған кепіл шартының шеңберінде кепіл берушінің құқықтары мен міндеттерін иеленеді.

      Сонымен қатар, АК-нің 319-бабының 7-тармағына сәйкес заттай кепілгер кепiл нысанасы сатылғанға дейiн кез келген уақытта оған өндiрiп алуды қолдануды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Осы құқықты шектейтiн келiсiм маңызсыз болады. Бұл жағдайда кепіл беруші қарыз бойынша орын алған берешекті өз еркімен өтеу негізінде өзіне борышкердің құқықтарын қабылдайды. Осы норманың мағынасы бойынша заң шығарушы заттай кепілгерге кепілге берілген өз мүлкін сақтап қалу мақсатында таңдау құқығын ұсынады.

      21. Борышкер (қарыз алушы) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған жағдайда, АК-де белгiленген ерекшеліктерді қоспағанда, кредиторда кепіл шарты бойынша заттай кепілгер кепiлге салған мүлiк құнынан осы мүлiк тиесiлi тұлғаның басқа кредиторларының (кепiл берушi) алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқық туындайды.

      Борышкермен бірге кредитор алдында ортақ жауапкершілікте болатын кепілдік беруші мен кредитор алдында субсидиарлы жауапкершілікте болатын кепілгерге қарағанда (АК-нің 332-бабы), заттай кепілгер кредитордың алдында жоғарыда көрсетілген жауапкершілік түрлерін көтермейді. Егер кепілдік беруші мен кепілгерге олар борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерін орындаған кезде кредитордың осы міндеттеме бойынша құқықтары көшсе (АК-нің 334-бабы), онда заттай кепілгерге осы құқықтардың көшуі қолданыстағы заңнамада көзделмеген.

      Сондықтан да, мүлкін заңнамада көзделген тәртіппен кредитор өткізген заттай кепілгер борышкерден өткізілген кепіл мүлкінің құнын оған өтеуді талап ету құқығын, егер кепіл шартының тараптары осы құқықты шарттың өзінде көздемесе немесе мұндай құқық заңнама актілерінде көзделмесе, иеленбейді. АК-нің 344-бабының 3-тармағында көзделген негіздер АК-нің 319-бабының 7-тармағында көрсетілген шарттар болған кезде ғана қолданылады, оған сәйкес заттай кепілгер кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өткен бөлiгiн орындап, кепiл нысанасы сатылғанға дейiн кез келген уақытта оған өндiрiп алу мен оны өткізудің қолданылуын тоқтатуға құқылы.

      Егер негізгі шарт бойынша берешекті қайтару борышкердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мүмкін болмаса, онда берешекті өтеу үшін мүлкі өткізілген заттай кепілгер борышкерден залалды өтеткізуді талап етуге құқылы.";

      16) 22-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы талапты шешкенде борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып, соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiкке өндіріп алуды қолдану туралы талапты қанағаттандырудан бас тарта алатыны (АК-нің 317-бабының, Ипотека туралы заңның 21-бабының 2-тармақтары) соттарға түсіндірілсін.";

      17) 25-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақшаға өндіріп алуды қолдануға шектеулер қою кезінде 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 217-VI және 2021 жылғы 24 мамырдағы № 43-VII Қазақстан Республикасының Заңдарымен Банктер туралы заңның 36-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізілгені назарға алынуға тиіс (2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді).";

      18) 27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      21. "Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы" 2017 жылғы 6 қазандағы № 8 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7; 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 8, 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) тақырыптағы деректемелер редакцияда жазылсын:

      "2017 жылғы 6 қазандағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың сақтандыру саласындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы қолдануының сот практикасын қорыту нәтижелерінің негізінде және оның біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар осы санаттағы істерді қарау кезінде соттарда туындайтын мәселелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:";

      3) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Көрсетілген құқықтық қатынастар бойынша заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінен (бұдан әрі – Еңбек кодексі), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі – АПК), "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II, "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі № 446-II (бұдан әрі – Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заң), "Туристі міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 513, "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" 2005 жылғы 7 ақпандағы № 30-III (бұдан әрі – Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарынан, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 14 қаулысымен бекітілген Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидаларынан (бұдан әрі – Зиян мөлшерін айқындау қағидалары) және басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады.";

      4) 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Көрсетілген санаттағы істер аумақтық соттылықтың жалпы қағидалары бойынша – жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралады.

      Сақтандыру ұйымына қатысты талап қою сақтандыру шартын жасаған филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.

      Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы қойылған талап, талап қоюшының тұрғылықты жері не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. "Тұрғылықты жер" деген ұғым бұл нормада талап қоюшы-жеке тұлға туралы айтылатынын білдіреді, демек талап қоюшылар – заңды тұлғалар жалпы тәртіппен – жауапкердің орналасқан жері бойынша талап қоюды береді.";

      5) 2-2 тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскерлердің жылдық орташа санына және жылдық орташа кіріске қарай кәсіпкерлік субъектілері мынадай санаттарға жатқызылады: шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері, орта кәсіпкерлік субъектілері, ірі кәсіпкерлік субъектілері.";

      6) 3-тармақтың:

      төртінші және бесінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сонымен қатар пайда алушылар мұндай жеңілдікті пайдаланбайды. Сондықтан сақтанушы болып табылмайтын пайда алушы сақтандырушыға міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қоюды берген жағдайда, ол Салық кодексінің 616-бабында көзделген негіздермен мемлекеттік баж төлеуден босатылмаса, Салық кодексінің 610-бабында көзделген мөлшерде мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.

      Бұл жағдайда сот шығыстары тараптар арасында АПК-нің 109-бабында ұйғарылған жалпы қағидалар бойынша бөлінеді. Егер міндетті сақтандыру шарты бойынша пайда алушының сақтандырушыға қатысты талап қоюы бойынша шешім пайда алушының мүддесіне шешілсе, сот оның пайдасына сақтандырушыдан барлық шеккен сот шығыстарын, оның ішінде мемлекеттік бажды өндіріп береді.";

      7) 5-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сонымен қатар мұндай талап қою берілген кезде сот өзінің бастамасы бойынша іске қатысуға дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде сақтандырушыны тартуы тиіс, өйткені бұдан кейін зиянға жауапты және өзінің жауаптылығын сақтандырған адам сақтандырушыға талап қоюға құқылы.";

      8) 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Ерікті мүліктік сақтандыру шартынан туындайтын дау бойынша істі сот талқылауына дайындау кезінде сақтандырылған мүлікке зиян келтірушінің бар-жоғын анықтауы, оны іске үшінші тұлға ретінде тартуы қажет, өйткені мүлікті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы сот шешімі сақтандырушыға суброгация тәртібімен зиян келтірушіге талап қоюға құқық береді (АК-нің 840-бабы).";

      9) 7-тармақтың:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан толық немесе ішінара бас тартуға құқылы болатын негіздер АК-нің 839-бабында, сонымен қатар міндетті сақтандырудың жекелеген түрлерін реттейтін заңдардың нормаларында көзделген. Ерікті сақтандыру шартының тараптары сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату үшін өзге де негіздерді көздеуі мүмкін. Бұл ретте ерікті сақтандыру шартында көрсетілген АК-нің 839-бабында көзделмеген және оның 6-тармағына қайшы келмейтін сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін басқа негіздер сақтанушының (сақтандырылған адамның) жағдайын нашарлататын жағдайлар ретінде бағалануы мүмкін емес, өйткені АК-нің 806-бабының 6-тармағына орай шартты жасасу кезіндегі сақтандыру шарттары тараптардың келісімімен олардың ерік білдіруі негізінде анықталады.

      АК-нің 839-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған қасақана әрекеттер деп сақтанушының (сақтандырылған адамның, пайда алушының) сақтандыру төлемін алу мақсатында сақтандыру жағдайының туындауына немесе сақтандыру төлемін алу мақсатында оның басталуы үшін жағдай жасауға бағытталуына негізделіп жасалатын әрекеттер түсініледі. Сақтанушыда осындай теріс пиғылдың болуы дәлелденуі тиіс. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 22-бабының 6-тармағына сәйкес сақтандыру жағдайының басталуы үшін қасақана жағдайлар жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемін заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.";

      10) 10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап ету құқығынан бас тартуы, сақтандырушыға талап ету құқығының өтуі үшін қажетті құжаттар беруден бас тартуы, сондай-ақ сақтанушыға залал келтірген кінәлі тұлғадан мүліктік сақтандыру бойынша тиісті залал төлемін алуы, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін дербес негіздер болып табылады. Егер мұндай төлем жүзеге асырылса, онда сақтандырушы сақтанушыдан артық төленген соманы қайтаруды (АК-нің 840-бабының 4-тармағы), атап айтқанда сақтандыру өтемін толық немесе ішінара қайтаруды талап етуге құқылы.";

      11) 11-тармақтың төртінші, бесінші, алтыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырғанда, зиян келтірген тұлға үшін зиянды өтемейді, заң бойынша оған мұндай міндет жүктелмеген, ол өзінің міндеттемесін сақтандыру шарты бойынша орындайды, одан кейін оған сақтанушы (пайда алушы) мен зиян келтірген тұлға арасындағы қолданылып отырған міндеттемедегі кредитор құқығы ауысады.

      Сақтандырудағы кері талап (регресс) құқығы тек сақтандырушы мен сақтанушы арасында ғана туындауы мүмкін. Бұл құқықты сақтандырушы міндетті сақтандырудың тиісті сыныбын реттейтін заңнамалық актілерде не ерікті сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және жағдайларда іске асырады. Мысалы, Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыда сақтанушыға (сақтандырылған адамға) кері талап қою құқығының болуы жағдайларының тізбесін қамтиды.

      Суброгация тәртібімен ауысқан талап ету құқығы, осы міндеттемедегі алғашқы кредитордың талап ету құқығы сияқты, нақ сол қағидаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Тиісінше, сақтандырушы оған суброгация тәртібімен ауысқан талапты шығын келтірген адамға қоя отырып, сақтанушы (пайда алушы) және шығын келтірген адам арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік актілерді басшылыққа алуға міндетті. Кінәлі адам сақтандырушыға өзінің зардап шегушіге (сақтанушыға), оның ішінде зиян мөлшері бойынша мәлімдей алатын қарсылықтарын мәлімдеуге құқылы.";

      12) 13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Көлік құралының әсер етуі салдарынан келтірілген зиянға жауапты тұлғаны анықтау үшін жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) болған сәтте осы көлік құралының иесі кім болғанын, оның жауаптылығы сақтандырылған-сақтандырылмағанын анықтаған жөн.

      АК-нің 287-бабының 1-тармағына орай ортақ міндет немесе ортақ талап, егер ол шартта көзделсе немесе заңнамалық актілерде белгіленсе, туындайды.

      Жоғары қауіптілік көздер иелерінің ортақ жауаптылығы заңда осы көздердің өзара іс-қимылының салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген кезде ғана көзделген (АК-нің 931-бабының 2-тармағы).

      Егер жоғары қауіптілік көзді басқару басқа адамға осындай тапсыру ресімделмей берілсе, мысалы басқа адам автомашинаны оның иесінің қатысуымен және оның келісімімен басқарса, иелігінен жоғары қауіптілік көзін шығармаған иесі жәбірленушінің алдында тікелей жауапты болады.

      АК-нің 931-бабында көзделген басқа заңды негізде (жалға беру шарты, сенімхат) көлік құралы иесінің және көлік құралын меншік иесінің болуынсыз иеленген адамның ортақ жауаптылығы басталмайды. Осы адам көлік құралымен келтірілген зиян үшін жәбірленушінің алдында дербес жауапты болады.";

      13) 15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сақтандыру жағдайының көлік құралының техникалық ақаулығы салдарынан болғанын, олар туралы сақтанушының (сақтандырылған адамның) білгені немесе білуге тиіс болғаны жөніндегі дәлелдемелерді сотқа сақтандырушы ұсынады. "Білуге тиіс болды" деген ұғым ақаудың айқын болғанығын білдіреді, оны жүргізуші немесе көлік құралының иесі жолға шығар алдында көзбен шолып қарау кезінде анықтай алады.";

      14) 16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Өмірді жеке сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі сақтандырылған адамның өмірі мен денсаулығы болып табылады, сондықтан сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы ретінде сақтандыру шартында қамтылады.

      Азаматтық-құқықтық жауаптылықты міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі сақтанушының өмірі мен денсаулығы емес, оның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты сақтандырылған адамның мүліктік мүддесі болып табылады.

      Тиісінше сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін (Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабында көзделген мөлшерде) жоғары қауіптілік көзінің әсер етуі салдарынан қайтыс болудың бір ғана фактісі жеткіліксіз, жәбірленушінің қайтыс болуымен келтірілген кінәлі адамның зиянды өтеу міндетінің туындауына негіз болатын мән-жайлардың бар-жоғын анықтау қажет.

      Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру шарты бойынша жәбірленуші пайда алушы, ол қайтыс болған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтеткізуге құқығы бар тұлға болып табылады.

      Пайда алушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеткізуге, демек сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлеміне құқығы бар тұлғалардың тізбесі АК-нің 940-бабында көзделген. Аталған тізбеге қатысы жоқ сақтандырылған адамның отбасы мүшелеріне немесе мұрагерлеріне сақтандыру төлемі жүзеге асырылмайды.

      Сонымен қатар пайда алушы болып табылмаса да, Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабының 6-тармағына сәйкес жәбірленушіні жерлеуді жүзеге асырған адамдар жерлеуге жүз айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде сақтандырушыдан шығыстарды өтеткізіп алуға құқылы. Бұл ретте жәбірленушіні жерлеуге жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттарды сақтандырушыға ұсыну қажеттілігі жоқ.";

      15) 20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Сақтандырушының сақтандыру объектісі болып табылатын мүлікке (немесе оның қалдықтарына) құқығы, ол сақтандыру жағдайы басталған күнге оның нарықтық құны мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған жағдайда, оны қалпына келтіру техникалық мүмкін болмаған не экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған кезде ғана осы мүліктің толық жойылуы кезінде пайда болады.";

      16) 21-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы – Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 16-1-бабында көзделген мән-жайлар кезінде қызметкер еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк фактордың әсер етуi нәтижесінде, соның салдарынан қызметкердiң кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге, кәсiптiк ауруға не қайтыс болуына әкеп соғатын өндірістік жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы немесе улану болатын жазатайым оқиға.";

      17) 22, 23, 24, 25, 26, 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабына сәйкес қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе оның қайтыс болуы себебінен табысты (кірісті) жоғалтуға қатысты зиянның мөлшерін сақтандырушы АК-нің талаптарына сәйкес айқындайды. Сақтандыру төлемі жоғалтылған табысты өтеуді және денсаулықтың зақымдануынан болған қосымша шығыстарды өтеуді білдіреді.

      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген мерзімі өткен әрбір күн үшін төленбеген соманың 1,5 пайыз мөлшеріндегі өсімпұл қызметкердің табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемдері уақтылы жүргізілмегені үшін ғана өндіріп алынады (жоғарыда аталған Заңның 19-бабының 1-тармағы).

      Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін кемінде бір жыл мерзімге белгілеуге байланысты оның табысты (кірісті) жоғалтуына орай зиянды өтеу ретінде тиесілі алғашқы сақтандыру төлемін сақтандырушы Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттар ұсынылған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыратындықтан, мерзімі өткен күндердің саны көрсетілген жеті күндік мерзім өткеннен кейін есептеледі.

      Қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін бір және одан көп жыл мерзімге оның табысынан (кірісінен) айырылуына байланысты зиянды өтеу ретінде тиесілі сақтандыру төлеміне қатысты аннуитет шартының талаптарын, оның ішінде тараптар айқындаған алғашқы сақтандыру төлемінің күнін негізге алу қажет.

      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сақтандырушы АК-нің 353-бабына сәйкес жауапты болады. Мұндай жағдайда мерзімі өткен күндер санын айқындау кезінде де сақтандырушы сақтандыру төлемін қызметкер не осы шығындарға ұшыраған тұлға аталған шығындарды растайтын құжаттарды берген сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыруы тиіс екенін ескеру қажет.

      23. 2015 жылғы 10 мамырда қолданысқа енгізілген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Заң) Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі бестен жиырма тоғыз пайызды қоса алғанға дейін белгіленуіне орай оның табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу жұмыс берушіге жүктелген.

      Аталған зиянды өтеу үшін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен отыздан жүз пайызды қоса алғанға дейін айырылу кезінде қызметкерге тиесілі сақтандыру төлемін сақтандырушы жүзеге асырады.

      24. АК-нің 938-бабында орташа айлық табыс (кіріс) денсаулықтың зақымдануына не еңбекке қабілеттіліктен айырылу басталғанға дейінгі он екі ай жұмыс табысының (кірісінің) жалпы сомасын он екіге бөлу арқылы есептелетіндігі белгіленген.

      Сақтандырушыға өтеуге жататын жоғалтылған табысты (кірісті) есептеу үшін ескерілетін орташа айлық табыс (кіріс) мөлшерінің шегі белгіленген. Бұл шекті мөлшер Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабына сәйкес қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу күніне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржылық жылға белгіленген ең төменгі жалақының он еселік мөлшерінен аспауы тиіс. Сондықтан егер қызметкерге келтірілген зиянның іс жүзіндегі мөлшері сақтандырушы айқындаған сақтандыру төлемінен асып кетсе, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес айырмасын өтейді.

      25. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 1-тармағына сәйкес аннуитеттік төлемдерді жүзеге асыру кезеңі Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген қызметкердің зейнеткерлік жасқа жету сәтімен шектелген.";

      26. Қызметкер денсаулығының зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеуді оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген жағдайда, қызметкер не аталған шығыстарға ұшыраған тұлға ұсынған осы шығыстарды растайтын құжаттар негізінде сақтандырушы жүзеге асырады. Бұл ретте сақтандырушы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі кіретін шығыстарды өтемейді.

      27. 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Заңның 2-бабының 5-тармағында белгіленген оның нормаларын қолдану тәртібін ескере отырып, егер қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет белгіленген немесе ол 2015 жылғы 10 мамырдан кейін қайта куәландырудан өтсе, қолданыстағы сақтандыру шартының талаптарына қарамастан, тараптардың құқықтық қатынастарына 2015 жылғы 10 мамырда қолданысқа енгізілген редакциядағы Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның күші қолданылады (АК-нің 383-бабының 2-тармағы).

      Мұндай жағдайға Конституцияның 77-бабының 3-тармағы 5) тармақшасында қамтылған қағида қолданылмайды, өйткені "Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1 және 2-тармақтарын, 24-бабының 2-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасын ресми талқылау туралы" 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулысында қамтылған түсіндірмелер негізінде аталған конституциялық нормаға сәйкес құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың заңдық жауаптылығын реттейтін және жауаптылықтың жаңа түрлерін белгілейтін немесе жаңа санкциялар енгізу арқылы оны күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.";

      18) 28-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге қатысты табысына (кірісіне) байланысты зиян мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін ескеру мәселесі бойынша дау туындаған кезде жәбiрленушi мен зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне қарай өтеу мөлшерiн азайту көрсетілген АК-нің 935-бабының 2-тармағын басшылыққа алу қажет. Бұл ретте қызметкердің өрескел абайсыздығы ғана ескеріледі, оның болуы жазатайым оқиғалар туралы актіде көрсетілуі тиіс.";

      19) 29-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сондықтан Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңнан суброгацияны көздейтін 21-бабының алынып тасталғанын ескере отырып және "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасы Заңының 10, 12-баптарында белгіленген нормативтік құқықтық актілердің сатысына орай сақтандырушылардың Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сілтеме жасап, оларда кері талап құқығының бар екендігі туралы арыздары АК-нің 840-бабына қайшы келуіне орай заңсыз деп таныған жөн.";

      20) 34-тармақтың:

      үшінші және төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер ерікті сақтандыру шарты сақтанушыға сақтандыру полисін бере отырып, қосылу шарты нысанында жасалған болса, сақтандырушы сақтанушыны сақтандыру қағидаларымен таныстыруға және қағидалардың көшірмесін ұсынуға міндетті (АК-нің 828-бабы 1-тармағының 1-1) тармақшасы).

      Егер сақтандырушы сақтанушының сақтандыру қағидаларымен танысқандығы туралы дәлелдемелер бермесе, барлық келіспеушіліктер сақтанушының пайдасына түсіндірілуі тиіс.";

      21) 35-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сақтандырудың ерікті түрлері бойынша пайда алушыны сақтанушы тағайындайды. Егер сақтанушы, бұл ретте сақтандырылмаған болса, онда пайда алушы сақтандырылушы болуға тиіс, не ол сақтандырылушының жазбаша келісімімен тағайындалады.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "АК-нің 306-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандыру жағдайы басталған кезде кепіл берушіде кепілге салынған мүлікті сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепіл ұстаушы бас тартқан жағдайда ғана туындайды.";

      22) 36-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ерікті сақтандыру шартына сәйкес көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамға сақтандырылған адам ретінде сақтандыру қағидалары қолданылады, сондықтан сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының суброгация тәртібімен (АК-нің 840-бабы) осы адамнан төленген сақтандыру сомасын өндіріп алуды талап етуге құқығы жоқ.";

      23) 37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      22. "Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы" 2018 жылғы 29 қарашадағы № 15 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2021 жылғы 15 сәуірдегі №1; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) 2-тармақта:

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот баланың тұрғылықты жерін, оның ішінде ата-анасының біреуімен бірге баланың республикадан тыс жерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде айқындау туралы; ата-анасының, жақын туыстарының олардан бөлек тұратын баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау; заңның негізінсіз басқа адамдардың қолындағы баланы алып қою; ата-ана құқықтарынан айыру (оларды шектеу) және оларды қалпына келтіру (шектеулерді жою) туралы істерді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қатысуымен, ал ата-ана құқықтарынан айыру туралы істерді сонымен қатар прокурордың қатысуымен қарайды (Кодекстің 76-бабының 2-тармағы).";

      алтыншы, жетінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Зерттеу жүргізу туралы мәселе істі сот талқылауына дайындау сатысында шешілуге тиіс.

      Сот іс бойынша органның қорытындысын басқа дәлелдемелердің жиынтығымен бағалайды. Қорытындымен келіспеу іс бойынша қабылданған шешімде уәжделуге тиіс.";

      2) 3-тармақтың екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сауалды баланың жасы мен жетілуін ескере отырып, педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен, мүдделі адамдардың балаға ықпал етуін болдырмайтын жағдайда жүргізу керек. Бұл ретте баланың пікірі оған ата-аналарының біреуінің немесе басқа да мүдделі адамдардың ықпалы салдарынан қалыптасқанын, оның осы пікірді білдіру кезінде өз мүдделерін сезінетін-сезінбейтінін және оның осы пікірді қалай негіздейтінін анықтау қажет.

      Балаға сауал қою барысында қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар өкілінің қатысуы сотты баланың пікірін анықтау кезінде педагогтың және (немесе) психологтың міндетті түрде қатысуы туралы АПК-нің 77-бабы бесінші бөлігінің талаптарын орындаудан босатпайды.";

      3) 4-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кодекстің 73-бабының 3-тармағына сәйкес ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша нысанда келiсiм жасасуға құқылы. Егер ата-аналары келiсiмге келе алмаса – дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда дау осы органның және баланың ата-аналарының қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешедi. Осыған байланысты талап қоюшы осы іс санаты бойынша дауды алдын ала сотқа дейін шешу жөнінде заңнамада белгіленген тәртіпті сақтауға тиіс екенін соттардың ескергені жөн.

      Дауды сотқа дейінгі немесе соттан тыс алдын ала шешу тәртібі сақталмаса және егер осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса, судья АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес талап қоюын қайтаруы және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүгіну қажеттігін түсіндіруі тиіс.";

      бесінші және алтыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау кезінде оның жасы, денсаулық жағдайы, ата-ананың әрқайсысына үйірлігі және баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығына, оның рухани дамуына әсер ететін басқа да мән-жайлар назарға алынады.

      Бөлек тұратын ата-анамен араласу балаға зиян келтіруі мүмкін ерекше жағдайларда, сот баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығының және оның рухани дамуына зиян келтірмеу үшін ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға жол бермейтін Кодекстің 73-бабының 1-тармағын негізге алып, қабылданған шешімнің уәждерін баяндай келе, осы ата-ананың бала тәрбиесіне қатысу тәртібін айқындау туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.";

      4) 5-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот бөлек тұратын ата-аналарының (олар некеде (ерлі-зайыпты болған-болмағанына) тұрған-тұрмағанына қарамастан) арасындағы кәмелетке толмағанның тұрғылықты жері туралы дауды шешу кезінде Кодекстің 68-бабында белгіленген ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін негізге алып, баланың мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдауға тиіс.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Балалардың тұрғылықты жері туралы даулар бірнеше рет қаралуы мүмкін және егер ата-аналар балаларды тәрбиелеудің нақты мән-жайлары мен шарттарының өзгергенін көрсете отырып, сотқа баланың тұрғылықты жерін басқа негіздер бойынша айқындау (өзгерту) туралы талап қоюмен жүгінсе, онда судья АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы негізінде талап қоюды қабылдаудан бас тартуға немесе сот (судья) іс бойынша іс жүргізуді АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасы негізінде тоқтатуға құқылы емес.";

      5) 6-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларының (бұдан әрі – Кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары) 7-тармағының 6) тармақшасына сәйкес он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының біреуімен (қорғаншысымен, қамқоршысымен) бірге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екінші ата-анасының нотариалды түрде расталған келісімі болуы қажет. Келісім болмаған кезде кәмелетке толмаған баланың кетуі туралы мәселе оның тұрғылықты жерін айқындау туралы талап қою арқылы сот тәртібімен қаралуы мүмкін.";

      6) 7-тармақтың:

      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ата-аналардың балаларды заңның немесе сот шешiмiнің негізінде тәрбиелеп жатқан адамдардан (қорғаншылар, қамқоршылар, патронат тәрбиешiлер, балалар мекемелерi т.с.с.) өздеріне қайтарып алу туралы талап қоюларын қарау барысында соттар дау туындау кезіне балаларды көрсетілген адамдарға немесе балалар мекемелерiне беруге негiз болған мән-жайлардың өзгерген-өзгермегенiн, балаларды ата-аналарына қайтару олардың мүддесiне сай келетін-келмейтінін анықтауға тиiс.

      Балалар бірге тұрған ата-анасы қайтыс болғаннан кейін заңның немесе сот шешiмiнің негізінсіз балалар қолдарында болған адамдардан (әжесі, атасы, әкесiмен бiрге туған апасы мен ағасы, нағашы апасы мен нағашы ағасы және басқа да туыстары) балаларды өзіне беру туралы ата-анасының бірі қойған талапты қарау кезінде соттар ата-анасы қайтыс болғанға дейін балалар онымен қандай мән-жайларға байланысты бірге тұрғанын, екінші ата-анасының балаларды тәрбилеу мен күтіп-бағуға қатысқан-қатыспағанын, балаларды беру туралы талап қоюды мәлімдеуге түрткі болған себептерді, балаларды ата-анасына қайтару олардың мүдделеріне сай келетін-келмейтінін анықтауға тиіс.";

      7) 8-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені шешу барысында сот қауіптің сипаты мен дәрежесін, сондай-ақ баланы ата-аналарымен қалдырған жағдайда, оның өміріне немесе денсаулығына қауіпті ықтимал салдарларды негізге алуы, сонымен қатар өзге де мән-жайларды ескеруі тиіс. Бала үшін қауіп төндіретін ата-аналардың кінәлі мінез-құлықтары болған жағдайда – ата-аналар өз мінез-құлқының кінәлілігін сезінетін-сезінбейтінін және оны жақсы жағына өзгертуге табанды ниетінің бар-жоғын, өз мінез-құлқын түзету мақсатында қандай нақты шараларды қабылдауға ниеттеніп отырғанын немесе қабылдағанын анықтау қажет.";

      8) 10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Кодекстің 76-бабына сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-ананың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдердің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың (қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi комиссиялардың, жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердiң, атап айтқанда сәбилер үйлерінің, мектеп-интернаттардың, балалар үйлерінің, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарының, мүгедектер үйлерiнiң, дене кемістігі бар балаларға арналған интернаттардың және басқалардың) өтініші бойынша, сондай-ақ прокурордың талап қоюы бойынша қаралады.";

      9) 12-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін орындаудан жалтаруы балаларының рухани және дене бітімінің дамуына, білім алуына, оларды қоғамға пайдалы еңбекке баулуға қамқорлық жасамауына, алименттер төлеуден қасақана бас тартуына байланысты болуы мүмкiн.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартуға байланысты ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюды қараған кезде, сот, атап айтқанда мұндай бас тартудың қандай себептерге байланысты болғанын және олардың дәлелді болатын-болмайтынын; ата-аналардың баламен қарым-қатынастың бар-жоғын; ата-аналардың баланы алудан бас тартуға негіз болған мән-жайларды болдырмауға қандай да бір шаралар қабылдаған-қабылдамағанын және (немесе) осы мән-жайлардың өзгерген-өзгермегенін тексеруге тиіс.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Балаларға қатыгездік көрсету ата-аналардың оларға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық жасауынан немесе олардың жыныстық тиіспеушілігіне қастық жасауынан ғана емес, сонымен қатар тәрбиелеуде жол беруге болмайтын тәсiлдерді қолданудан (балаларға адами қадір-қасиетін кемсітетін дөрекілік таныту, немқұрайлы қарау, балаларды қорлау немесе қанау) көрінуі мүмкін.";

      10) 13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Ата-ана құқықтарынан айыру ең соңғы шара болып табылады, сондықтан ата-анасының кінәлі мінез-құлқы дәлелденген ерекше жағдайларда, сот оның мінез-құлқының сипатын, жеке басын және басқа да нақты мән-жайларды ескере отырып, ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға және жауапкерге оның балаларды тәрбиелеуге көзқарасын өзгерту қажеттiгін ескертiп, оның ата-аналық мiндеттерiн орындауын бақылауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеуге құқылы.

      Соттар Кодекстің 75-бабының 1-тармағында көзделген негіздердің болуына қарамастан, ата-ана міндеттерін өздеріне байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе басқа созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша орындамаған адамдарды ата-ана құқықтарынан айыруға мүмкін болмайтынын назарға ұстағаны жөн.

      Көрсетілген жағдайларда, сонымен қатар iстi қарау кезінде ата-ананы (олардың бiреуiн) ата-ана құқықтарынан айыруға жеткiлiктi негiздер анықталмаса, баланы ата-анасымен қалдыру ол үшiн қауiптi болған жағдайда, сот ата-ана құқықтарын шектеу тәртібімен баланы олардан алып, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қамқорлығына беру туралы шешiм шығара алады (Кодекстің 79-бабы).

      АПК-нің 48-бабының мағынасы бойынша талап қоюды тану жауапкердің құқығы болып табылады. АПК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды. Ата-ана құқықтарынан айыру жөніндегі талап қоюды қанағаттандыру туралы соттың шешімі тек жауапкердің талап қоюын тануына ғана негізделе алмайды, өйткені Кодекстің 75-бабында көзделген негіздер болмаған кезде ата-анасының өз баласына қатысты ата-ана құқығының күшін жою жөніндегі ниеті ата-ана құқықтарынан айыруға негіз болып табылмайды.";

      13) 15-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ата-ана құқықтарынан айырылған адамның балаларға тағайындалған зейнетақы, жәрдемақы, басқа да төлемдердi, сонымен қатар балаға өндiрiп алынған алименттердi алу құқығынан айырылатынын (Кодекстің 77-бабының 1-тармағы), ал ата-ана құқықтары шектелген адамның балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығынан айырылатынын (Кодекстің 79-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) ескере отырып, сот ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн, оның көшірмесiн жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы және қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиесіне берілген балалардың шоттарына төлемдерді аудару мәселесiн қарау үшiн осы төлемдердi жүргізетін органға немесе шешiм шығарылған (бұйрық берiлген) жердегi сотқа немесе сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық органға жiберуге тиіс.";

      14) 16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Сот Кодекстің 78-бабының 2-тармағына сәйкес ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы мәселені ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша шешедi. Мұндай талап бала кiмнің қамқорлығында болуына байланысты, ата-ананың екіншісіне не қорғаншыға (қамқоршыға), патронат тәрбиешiге немесе балалар мекемесiне қойылады.

      Соттар ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюды қарау кезінде ата-аналардың мiнез-құлқы мен тұрмыс салтының және бала тәрбиесіне деген көзқарасының өзгерген-өзгермегенін анықтауға тиіс. Егер құқықтарды қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы келсе, сондай-ақ бала асырап алынған болса және баланы асырап алудың күшi жойылмаса немесе ол жарамсыз деп танылмаса; ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге он жасқа толған бала қарсылық бiлдiрсе, оның ата-ана құқықтарын қалпына келтiрумен келіспеу уәждеріне қарамастан, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды (Кодекстің 78-бабының 3-тармағы).

      Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюмен бiр мезгілде сол адамның оған баланы қайтарып беру туралы талап қоюы да қаралуы мүмкiн. Егер сот баланы ата-анасына (ата-аналарына) қайтару баланың мүддесіне сай келмейді деген түйінге келсе, онда ата-ана құқықтарын қалпына келтіру бөлігінде талап қою қанағаттандырылған болса да, баланы қайтарып беру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

      Кодекстің 76-бабының 5-тармағына ұқсастығы бойынша ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы сот шешiмінің үзінді көшiрмесін сот шешiм заңды күшiне енген күнінен бастап үш күн iшiнде осы баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге тиiс.";

      15) 20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қажет болған жағдайларда соттар балаларды айырып алу туралы iстер бойынша баланың бiр адамнан екiншi адамға берілуіне ықпал ететін шаралар қолдануды көздей отырып, шешiмдердiң орындалу тәртiбiн айқындағаны жөн. Баланы беру туралы соттың шешімін оның мүдделеріне зиян келтірмей орындау мүмкін болмаған кезде, бала АПК-нің 238-бабына сәйкес соттың ұйғарымы бойынша тәрбиелеу, емдеу мекемесіне немесе басқа мекемеге уақытша орналастырылуы мүмкін.";

      16) 21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Сот (судья) балаларды тәрбиелеуге байланысты дау бойынша медиациялық келісімді, татуласу келісімін немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіте отырып, оның шарттарының заңға қайшы келмейтініне және баланың құқықтарын бұзбайтынына көз жеткізуге тиіс (АПК-нің 177-бабының төртінші бөлігі, 180-бабының екінші бөлігі, АПК-нің 182-бабының екінші бөлігі). Сот келісімді бекіткенге дейін баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның тұрмыс жағдайларын зерттеуі қажет, сондай-ақ Кодекстің 62-бабының талаптарын сақтай отырып, келісімнің шарттары бойынша баланың пікірін анықтауға тиіс.";

      17) 23, 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Мыналардың:

      1) "Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы" 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      2) "Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңды қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 4 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағының;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағының;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 5-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.";

      23. "Баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы" 2018 жылғы 29 қарашадағы № 16 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысымен енгізілген өзгерістермен):

      1) тақырыптағы деректемелер мынадай редакцияда жазылсын:

      "2018 жылғы 29 қарашадағы № 16 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) 1-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Баланың әкесі (анасы) болу мәселелері бойынша дау туындаған жағдайда баланың туу тегі туралы, атап айтқанда әке болуды анықтау; әке (ана) болуды даулау және баланың тууы туралы акт жазбасынан баланың әкесі (анасы) туралы мәліметтерді алып тастау туралы дауларды Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 14-тарауының талаптарын сақтай отырып, талап қою ісін жүргізу тәртібімен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шешеді.";

      3) 3-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жауапкердің нақтылы тұрған жері белгісіз болса, сот АПК-нің 133-бабы бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, істі қарауға кіріседі.";

      4) 4, 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Егер әке болуды анықтау және алименттерді өндіру туралы іс бойынша жауапкер шет мемлекеттің аумағында тұратын шетел азаматы болса, АПК-нің 466-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы негізінде талап қоюшының тұрғылықты жері Қазақстан Республикасы болған жағдайда (егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта аталған даудың соттылығын анықтауға байланысты өзге қағидалар белгіленбесе) мұндай істі Қазақстан Республикасының соты қарауы мүмкін.";

      5. Балалардың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарау кезінде Балалар құқықтары туралы конвенцияның (Нью-Йорк қаласы 1989 жылғы 20 қараша, "Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы" 1994 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысы (бұдан әрі – Бала құқықтары туралы конвенция)) 12-бабының және Кодекстің 62-бабының ережелерін соттардың ескергені жөн, оларға сәйкес баланың жасына қарамастан өзінің мүдделерін қозғайтын кез келген мәселені отбасында шешу кезінде өз пікірін еркін білдіруге, сонымен қатар кез келген сот немесе әкімшілік талқылау барысында тыңдалуға құқығы бар. Осыған байланысты әке болуды тану фактісін анықтау туралы іс бойынша істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлар бойынша сот талқылауы барысында он жасқа толған баланың тыңдалу құқығы туындайды.";

      5) 10-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әкесі болуы мүмкін адамнан және баладан қанның және (немесе) эпителийдің үлгілерін алу АПК-нің 83, 84-баптарына сәйкес сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі, онда үлгілер, олардың саны туралы мәліметтер, үлгілер алынған адамдар туралы, үлгілерді алған субъект туралы мәліметтер, үлгілердің алынған уақыты мен орны және алынған үлгілер ұсынылуы тиіс адам туралы мәліметтер көрсетіледі.";

      6) 11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Сот АПК-нің 82-бабының сегізінші бөлігін қолдану туралы мәселені сараптамаға тараптардың қайсысы, қандай себептермен келмегенін немесе сарапшыға (сарапшыларға) зерттеу үшін қажетті материалдарды ұсынбағанын, сонымен қатар тарап үшін сарапшы қорытындысының қандай маңызы бар екенін, істегі дәлелдер жиынтығын негізге ала отырып, әрбір нақты жағдайға қарай шешеді. Бұл мақсатта баламен бірге ата-ананың, әкесі болуы мүмкін адамның сараптамаға келуіне объективті кедергі келтірген мән-жайлардың болған-болмағанын, осы адамға АПК-нің 82-бабының сегізінші бөлігінің ережелері түсіндірілген-түсіндірілмегенін, сараптаманы жүргізу үшін жаңа мерзімнің тағайындалған-тағайындалмағанын, мәлімделген талапты растау (теріске шығару) үшін тараптардың сотқа қандай өзге дәлелдемелерді ұсынғанын, әке болуы жөніндегі күмәнді растайтын дәлелдемелердің бар-жоғын соттың тексергені жөн (әке болуды даулау туралы істер бойынша).";

      7) 12-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар әкені анықтау туралы талапты құқық туралы дау болмаған жағдайда ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралуға жататын әкені тану фактісін анықтау және әке болу фактісін анықтау туралы талаптардан ажыратқаны жөн.

      Өзін баланың әкесімін деп мойындаған адам қайтыс болғанда немесе қайтыс болған кезде не одан бұрын бала оның асырауында болғанда бірақ ол баланың анасымен некеде тұрмаған жағдайда (ерлі-зайыпты емес), сот оның әке болуын тану фактісін анықтауға құқылы.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Баланың қайтыс болған адамның асырауында болғанын, баланы жүктілігі кезінде де, туғаннан кейін де мойындағанын растайтын дәлелдемелер болғанда, немесе, егер адам бала туғанға дейін қайтыс болса, бірақ баланы анасының жүктілігі кезеңінде мойындағаны жөнінде дәлелдемелер (бірге тұруы, жүкті әйелді күтуі және басқа) болған кезде әке болуды тану фактісі анықталуы мүмкін.";

      8) 15-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттар осындай істерді қарау кезінде ерік білдірудің бұзылуына байланысты (қорқыту, күш қолдану әсерінен немесе талап қоюшы өз әрекеттерінің мәнін түсінбеген немесе өзiне-өзi ие бола алмаған жай-күйде болғанда) талап қоюшы жүргізілген жазбаны даулауға құқылы екенін назарда ұстағаны жөн. Ерік білдірудің бұзылуын куәландыратын дәлелдемелер ұсынылған жағдайда талап қанағаттандырылуға жатады.";

      9) 18-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот ерекше жағдайларда Баланың құқықтары туралы конвенцияның 3-бабында белгіленген баланың құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғауды негізге алып, сонымен қатар істің объективті мән-жайларын ескере отырып, егер баланың анасы не баланың қорғаншысы (қамқоршысы) баланың биологиялық әкесіне қатысты әке болуды анықтау туралы талапты бір уақытта мәлімдемесе (не осындай талапты баланың биологиялық әкесі қоймаса), ал баланың әкесі ретінде жазылған адам талап қоюға қарсы болса, әке болуды даулау туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.";

      10) 19-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әке болуды анықтау туралы немесе әке болуды тану, әке болу фактісін анықтау туралы заңды күшіне енген соттың шешімі әке болудың анықталуына байланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуге негіз болып табылады.";

      11) 21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Мыналардың:

      1) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      2) Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1983 жылғы 29 наурыздағы № 3 қаулысының;

      3) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.";

      24. "Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы № 2:

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істерді қарау кезінде заңнаманың біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:";

      3) 1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 28, 31-баптарына және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 317-бабының екінші бөлігіне сәйкес азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен басқа да мүдделі тұлғалардың арызы бойынша басталуы мүмкін.

      Отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары және басқа да адамдар) осы санаттағы істер бойынша арыз берушілер болып табылады. Соттар арыз беруші жеке тұлғалардың субъектілік құрамы отбасылық және туыстық қарым-қатынастағы адамдармен шектелмейтінін ескеруі тиіс.

      Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мүдделілер болып танылады, себебі олар АПК-нің 8-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңда көзделген жағдайларда басқа тұлғалардың немесе тұлғалардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы және олар үшін адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтардың туындауына, оларды тоқтатуға немесе өзгертуге әкеп соғады.

      2. Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы арыз АПК-нің 148-бабының талаптарын нысаны мен мазмұны бойынша сақтаумен қатар АПК-нің 318-бабының нормаларына сәйкес келуі тиіс екендігін ескергені жөн.

      Арызда азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау арыз берушіге қандай мақсат үшін қажет болғаны, сондай-ақ адамның хабар-ошарсыз кеткенін растайтын мән-жайлар немесе хабар-ошарсыз кеткен адамға өлім қатерін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайлар көрсетілуі тиіс. Әскери қызметшілерге немесе соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз кеткен өзге де азаматтарға қатысты арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.

      Арыз беруші осы талаптарды орындамаған жағдайда АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес арыздың кемшіліктері түсіндіріліп, АПК-ге сәйкес келтіру үшін қайтарылуы тиіс.

      Осы санаттағы істер жалпы юрисдикциядағы соттарға соттылығы бойынша жатады және ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша не хабар-ошарсыз кеткен азаматтың соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша арыз берілуі мүмкін.";

      4) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. АПК-нің 319-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья жоқ адам туралы мәліметтер бере алатын адамдар тобын және істі дұрыс шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтауға міндетті.

      Судья арыз беруші берген ақпараттың көлеміне қарай істің нақты мән-жайларын негізге ала отырып, жоқ адамның соңғы белгілі болған тұрғылықты жері мен жұмыс орны, туған жері, жоқ адамның ата-анасы мен жақын туыстарының тұрғылықты жері бойынша тиісті ұйымдардан мәліметтер сұратады.

      Соттар ішкі істер органдарынан азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы талаптар мәлімделген адамдардың тіркелуі, оларға қатысты іздестіру істерінің болуы туралы мәліметтерді талап етіп алдырғаны; уәкілетті органнан зейнетақы мен жәрдемақы алғаны туралы, жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қаражатының болуы және қозғалысы туралы мәліметтерді сұратқаны; әділет органдарынан тегін, атын, әкесінің атын өзгерткені туралы; құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органнан сондай адамдардың сотталғандардың, қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылғандардың, іздестіру жарияланғандардың қатарында болуы туралы; денсаулық сақтау органдарынан емделуден өткендігі туралы; ұлттық тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдардан жол жүру билеттерін сатып алғаны туралы мәліметтерді; сотқа арыз берілген жылдың алдындағы жылда жоқ адамның мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініш бергені туралы, сондай-ақ жоғалған адам туралы өзге де ақпаратты, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуі, азаматтықты ауыстыруы, қайтыс болуы, оған қатысты атқарушылық іс жүргізудің болуы туралы мәліметтері бар өзге де уәкілетті органдардан мәліметтерді сұратқаны жөн.

      Соттардың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар және өзге де органдардың ақпараттық алмасу жүйесіне (ҚАОААЖ) "Төрелік" автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі (ААТЖ) арқылы сұрау салуды жүзеге асырғаны жөн.";

      5) 4-тармақта:

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "жарияланым құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын белгіленген тәртіппен алған мерзімді баспа басылымдарында, уәкілетті органда есепке қою рәсімінен өткен интернет-ресурстарда, тиісінше Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және арыз берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын немесе шығарылуын (эфирге шығу) жүзеге асыратын телеарналарда қазақ тілінде, сонымен қатар орыс тілінде орналастырылуы тиіс.";

      тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде арыз беруші мүлікті күзету және басқару үшін қорғаншыны тағайындау туралы өтінішхатпен жүгінсе, судья АПК-нің 155, 156-баптарының ережелері бойынша тиісті ұйғарым шығарады.";

      6) 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істі шешу кезінде азаматтық іс жүргізу тәртібімен (құқық туралы даулар, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арыздар және т.б.) қаралуы тиіс өзге де талаптарды біріктіріп қарауға құқығы жоқ.

      6. Азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы мәліметтердің бір жыл бойы болмауы оны хабар-ошарсыз кетті деп танудың қажетті шарты болып табылады.

      Азаматтың болмау мерзімін оның елді мекеннен кету күнінен емес, ол туралы соңғы мәліметтер алынған кезден бастап есептеген жөн.

      Соңғы мәліметтер алынған күн жоқ азаматтың жазбаша хабарламасының, телефонограммасының, электрондық хабарламасының ұсынылуымен немесе өзге көзден басқа тәсілмен не куәлардың айғақтарымен расталуы мүмкін.

      Соңғы мәліметтерді алу күнін анықтау мүмкін емес болған жағдайда хабар-ошарсыз кетудің басталуы деп соңғы мәліметтер алынғаннан кейінгі айдың бірінші күні есептеледі, ал сол айды анықтау мүмкін болмаған кезде келесі жылдың бірінші қаңтары хабар-ошарсыз кетудің басталуы деп есептеледі.":

      7) 7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. "Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126 Қазақстан Республикасы Заңының қайтыс болған адамдардың отбасыларына қатысты нормалары тиісінше хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың отбасыларына да (Заңның 13-бабының 6-тармағы) қолданылады.

      АК-нің 170-бабына сәйкес хабар-ошарсыз кеткен адамның атына берілген, сондай-ақ оның өзі берген сенімхаттың қолданысы тоқтатылады.

      Хабар-ошарсыз кетті деп танылған азаматтың жұбайының азаматтық хал актілерін тіркеу органы арқылы оңайлатылған тәртіппен некені бұзуға ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасы) құқығы бар.";

      8) 9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Азаматты қайтыс болды деп жариялау үшін оны хабар-ошарсыз кетті деп алдын ала тану талап етілмейді, сондықтан сот азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы арызды қарау кезінде АК-нің 31-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде оны арыз берушінің келісуімен қайтыс болды деп жариялауға құқылы.

      Азаматты қайтыс болды деп жариялау жағдайлары мыналар болып табылады:

      оның тұрғылықты жерінде ол туралы мәліметтердің үш жыл бойы, ал егер өлім қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткенде алты ай бойы болмауы;

      көрсетілген мерзімдер ішінде азаматтың болу орны туралы мәліметтерді алмау және қабылданған шараларға қарамастан оның тірі екендігін анықтауға мүмкіндіктің болмауы.

      Заңда соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматты қайтыс болды деп жариялау: мұндай адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екi жыл өткеннен кейiн қайтыс болды деп жариялануы мүмкiн жағдайлары айқындалады (АК-нің 31-бабының 2-тармағы).

      АК-нің 31-бабының 3-тармағына сәйкес қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күн қайтыс болды деп жарияланған адамның қайтыс болған күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайлар кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамды қайтыс болды деп жариялау кезінде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның қайтыс болған күнi деп тануы мүмкiн.";

      9) 10-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адам келген немесе оның болу жері анықталған жағдайда, сот мүдделі адамның, хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның немесе прокурордың арызы бойынша өзі алдын шығарған шешімнің күшін жаңа шешіммен жояды. Жаңа істі қозғау талап етілмейді. Арыз сотқа түскен күнінен бастап бір айлық мерзімде сот отырысында қаралады.";

      10) 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауына, өзіне жүктелген заңдық міндеттерді орындаудан жалтаруына байланысты қасақана жасырынып жүрген немесе іздестірудегі адамның хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп танылуы мүмкін емес. Осыған байланысты соттар осы адамның іздестіруде болуын, Қазақстан Республикасынан тыс жерге кеткенін және оның жоқ болуының басқа да мән-жайларын анықтауы, бұл ретте арыз берушілердің теріс пиғылды әрекеттерінің, оның ішінде жеңілдіктер мен өзге де материалдық игіліктер алуға бағытталған әркеттерінің жолын кесуі тиіс.

      12. Шешімнің қарар бөлігінде хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның тегінен, атынан және әкесінің атынан басқа, оның туған күні мен жері, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі қажет.

      Соттың шешімінде адамның хабар-ошарсыз кеткендігінің басталуы туралы деректер, яғни азамат хабар-ошарсыз кетті деп есептелетін күн көрсетілуі тиіс.

      Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы шешім заңды күшіне енгеннен соң сот актісінің көшірмесі хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жері бойынша оның мүлкіне қорғаншылық тағайындау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына жіберіледі.";

      11) 13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Мыналардың:

      1) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      2) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 14 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.";

      25. "Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 1; 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 2; 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың алименттерді өндіріп алуға байланысты істерді қарау кезінде заңнаманы біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.";

      2) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Алименттерді өндіріп алуға байланысты дауларды қарау кезінде соттар Қазақстан Республикасының Конституциясын (бұдан әрі – Конституция), "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының кодексін (бұдан әрі – Кодекс), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін (бұдан әрі – АПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға тиіс. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      Алименттік міндеттемелердің туындау және оларды тоқтату негіздері, сондай-ақ алименттерге құқығы бар адамдардың және оларды төлеуге міндетті адамдардың тізбесі, алименттерді төлеу мен өндіріп алу тәртібі және алименттік міндеттемелерді белгілеу мен орындауға байланысты өзге де қатынастар Кодекстің 5-бөлімімен реттеледі.";

      3) 5-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот кәмелетке толмаған балаларға алименттерді өндіріп алу туралы талаптарды бұйрықтық немесе талап қою ісін жүргізу тәртібімен шешеді.";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұйрықтық іс жүргізуде кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге алименттер үш жылдық мерзім шегіндегі өткен кезең үшін, сондай-ақ нақты ақшалай сомада өндіріле алмайды, өйткені борышкердің алименттер төлеуден жалтару фактісі сот талқылауында тараптар шақырылып және тиісті дәлелдемелер ұсынылып анықталуға тиіс, ал алименттерді нақты ақшалай сомада өндіріп алу туралы мәселені шешу Кодекстің 141-бабында көрсетілген мән-жайлардың бар-жоғын тексеруді қажет етеді.";

      4) 8-тармақтың төртінші және бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Көрсетілген талап қоюлар қанағаттандырылған жағдайда жауапкерден өндіріп алуға жататын мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бағалауға жататын мүліктік сипаттағы талап қою ретінде есептеледі.

      Мемлекеттік баж мөлшерін есептеудің осы қағидалары алименттерді төлеуге міндетті адамдардың алименттер мөлшерін азайту, алименттерді төлеуден немесе алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы талап қоюларына қолданылады.";

      5) 9-тармақта:

      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакция жазылсын:

      "Егер атқару құжаттарының негізінде жауапкердің басқа да адамдарға алименттер төлейтіні анықталса, онда осы адамдар дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлғалар ретінде іске қатысуға тартылады.

      Дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлғалар ретінде іске қатысуға алименттер төлеуге міндетті, оларға талаптар мәлімделмеген басқа да адамдар тартылуы мүмкін.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес материалдық жағдай деп жалақының, зейнетақының, басқа да кірістің болуын немесе болмауын; олардың мөлшерін; мүлкінің бар-жоғын; отбасының басқа мүшелерінен материалдық көмек алуын немесе алмауын түсіну керек.";

      6) 16-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәмелетке толған асырап алынған балалардың бала асырап алушыларды күтіп-бағу бойынша міндеттері балалардың ата-анасы алдындағы міндеттері сияқты белгіленеді.";

      7) 18-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер тәрбиелеген адамдар тәрбиеленушілерді бес жылдан аз уақыт күтіп бақса және тәрбиелесе, егер олар өз тәрбиеленушілерін тиісті түрде күтіп-бақпаса және тәрбиелемесе, сот Кодекстің 154-бабының 2-тармағына сәйкес тәрбиеленушілерді өздерін іс жүзінде тәрбиелеген адамдарды күтіп-бағу міндетінен босатуға құқылы. Тәрбиеленушілерді іс жүзінде тәрбиелеген адамдардың алименттер өндіріп алу туралы талап қоюларын шешу кезінде анықталуға тиіс заңдық мәні бар мән-жайларға: балаларды іс жүзінде тәрбиелеу мен күтіп-бағу жүзеге асырылған мерзім, тәрбиелеген адамдардың оларды тәрбиелеу мен күтіп-бағуды тоқтау себептері (мысалы, іс жүзіндегі тәрбиелеген адамның науқастануы, балаларды ата-аналарына қайтару, балалардың он сегіз жасқа толуы салдарынан), сондай-ақ тәрбиеленушілерді тәрбиелеу мен күтіп-бағу қаншалықты адал жүзеге асырылғаны жатады.";

      9) 21-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ерлі-зайыптылардың бірінің екіншісінен алименттер өндіріп алу туралы талап қоюын шешу кезінде ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде бір-бірін материалдық қолдау міндеті неке қию мемлекеттік тіркелген күнінен бастап туындайтынын ескеру қажет.";

      9) 22-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер ерлі-зайыптылардың ортақ баласы үш жасқа толғанға дейін оған баланың әкесі күтім жасаса, ал баланың анасы оны тәрбиелеуден және күтіп-бағудан шеттетілген жағдайда, заңның ұқсастығын негізге ала отырып (Кодекстің 5-бабының 2-тармағы), жұбайы (бұрынғы жұбайы) зайыбына (бұрынғы зайыбына) бала үш жасқа толғанға дейін күтіп-бағу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.";

      10) 23-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот жұбайдың көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз екінші жұбайды күтіп-бағу міндетінен босата алатын немесе некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңде де, неке бұзылғаннан кейін де бұл міндетті белгілі бір мерзімге шектей алатын негіздер белгіленген Кодекстің 150-бабының ережелерін қолдану кезінде жұбайының еңбекке қабілетсіздігі құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге, есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге салынуы салдарынан басталғаны тиісті медициналық құжаттармен, ал нәтижесінде еңбекке жарамсыз болғаны қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен не сот қаулысымен немесе қылмыстық қудалау органының ақталмайтын негіз бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысымен расталуы тиіс екенін ескеру қажет.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Талап қоюшының құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге, есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге салынуы, отбасы мүдделеріне қайшы келетін өзге де мінез-құлқы лайықсыз мінез-құлық ретінде қаралуы мүмкін.";

      11) 24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Соттар Кодекстің 47-бабының 5-тармағына сәйкес некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әке болуы анықталған жауапкердің баланың анасын күтіп-бағуының өзге тәртібі көзделгенін ескергені жөн.

      Сот ақша қаражатының мөлшері мен төлемдердің кезеңділігін тараптардың материалдық және отбасылық жағдайы мен назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, ақша қаражаты төленетін сәтте заңда белгіленген АЕК-ке еселенген арақатынаспен белгілейді.";

      12) 27-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттардың алименттер төлеу туралы келісім атқарушылық іс жүргізу қозғалатын ("Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) 9-бабы) құжаттардың тізбесіне кірмейтінін ескергені жөн, осыған байланысты алименттер төлеу туралы келісімді мәжбүрлеп орындату үшін өндіріп алушы келісімде атқарушылық құжат болып табылатын атқарушылық жазба жасайтын нотариусқа жүгінуге құқылы.";

      13) 28-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 240-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, жауапкерден мерзімдік төлемдерді өндiріп алынатын шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн төлемдердiң мөлшерiн анықтауға немесе олардың ұзақтығына ықпал ететiн мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы мерзімді төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдерiн өзгертудi талап етуге құқылы.";

      14) 29-тармақта:

      үшінші, төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкер Кодекстің 139-бабының 1-тармағында көзделген үлестер арақатынасы сақталмайтын алименттерді бірнеше өндіріп алушыға төлеген жағдайда, мысалы, борышкер бір өндіріп алушыға бір баланы күтіп-бағуға ата-ананың жалақысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде және басқа өндіріп алушыға бір баланы күтіп-бағуға төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент төлесе және борышкер материалдық немесе отбасы жағдайының өзгергенін көрсетпей, екі балаға алиментті үштен бір бөлігі мөлшерінде төлеуге тиіс екендігіне уәж келтіріп, алименттің мөлшерін азайту туралы талап қоюмен жүгінсе, алименттің мөлшері азайтылуға жатпайды.

      Егер сот талап қоюдың балаларды күтіп-бағуға өндірілген алименттердің мөлшерін негізсіз төмендету мақсатында берілгенін анықтаса, сот талап қоюдан бас тартады.

      Балаларға және отбасының басқа да мүшелеріне сот бұрын белгілеген алименттер мөлшері өзгерген кезде оларды жаңадан белгіленген мөлшерде өндіріп алу соттың бұл туралы шығарылған шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап жүргізіледі.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұрын белгіленген мөлшерде алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжат кері қайтарып алынған кезде сот осы атқарушылық құжат бойынша берешек болған жағдайда сот орындаушысының бұл туралы сотқа хабарлап, берешек өтелгенге дейін атқарушылық құжаттың орындалуын жалғастыратынын бір мезгілде көрсетуі тиіс. Берешек толық көлемде өндіріліп алынғаннан кейін атқарушылық құжат оны кері сұратқан сотқа қайтарылады.";

      15) 30-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкердің материалдық жағдайының нашарлағанын және (немесе) оның отбасылық жағдайының өзгергенін куәландыратын дәлелдемелер болған кезде, егер алименттерді төлемеуге дәлелді себептердің болғаны, ал борышкердің материалдық және (немесе) отбасылық жағдайының өзгеруі алименттер бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндіктің жоқтығы анықталса, сот оның алименттер бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босату туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы шешімді қабылдауға құқылы.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттың алимент төлеушіні Кодекстің 170-бабы 2-тармағының негізінде алименттер бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуы сот орындаушысының алименттер бойынша берешекті белгілеу туралы қаулысын заңсыз деп тануға әкеп соқпайды.";

      16) 32-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кодекстің 171-бабына сәйкес алименттер төлеу туралы келісім бойынша алименттер төлеуге міндетті адамның және (немесе) сот шешімі бойынша алименттер төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған кезде кінәлі адам алименттер алушыға кешіктірген әрбір күні үшін төленбеген алименттер сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді. Сондай-ақ алименттер алушы алименттің уақтылы төленбеуіне кінәлі адамнан алиментті төлеу міндетін орындауды кешіктірумен келтірілген барлық залалды тұрақсыздық айыбымен өтелмеген бөлігінде өндіріп алуға құқылы.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кодекстің 171-бабында белгіленген тұрақсыздық айыбы отбасының мұқтаж мүшелерінің қаражат алу құқығын жүзеге асыруға кепілдік беретін отбасылық-құқықтық жауаптылықтың арнайы шарасы болып табылады және әрбір кешіктірілген күн үшін төленбеген алименттер сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде өндіріп алынады. АК-нің 297-бабының негізінде алименттерді уақтылы төлемеу үшін тұрақсыздық айыбының мөлшерін азайтуға жол берілмейді.";

      17) 35-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 140-бабының екінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алименттер өндіріп алу туралы сот бұйрығында күтіп-бағуға алименттер тағайындалған әрбір баланың аты мен туған күнін, борышкерден ай сайын өндіріп алынатын төлемдердің мөлшері мен оларды өндіріп алу мерзімін көрсету қажет. Мұндай мәліметтер шешімнің қарар бөлігінде де көрсетілуі тиіс.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кодекстің 173-бабына сәйкес сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасында өндіріп алынатын алименттердің индекстелуін алименттерді ұстап қалатын орын бойынша ұйымның әкімшілігі АЕК мөлшеріне пропорцианалды түрде жүргізеді. Сонымен бірге тұрақты ақша сомасында алименттер өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылған сот шешімінің қарар бөлігінде алименттердің тұрақты ақша сомасының мөлшері туралы мәліметтер цифрмен және сөздермен көрсетілуі тиіс.";

      26. "Соттардың атқарушылық жазбаға дау айту бойынша істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы" 2022 жылғы 26 мамырдағы № 6:

      1) 4-тармақта:

      бірінші абзацтағы "белгілі болса" деген сөздер "анықталса" деген сөзбен ауыстырылсын;

      екінші абзацтағы "сот дауы" деген сөздер "сотта қаралатын дау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 5-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нотариаттық әрекетке немесе оны жасаудан бас тартуға берілетін шағым нотариус орналасқан жердегі сотқа беріледі.";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер атқарушылық жазбаны жасаған нотариус өз қызметін тоқтатса, шағым осы нотариустың соңғы орналасқан жері бойынша нотариаттық палатаның өкілін мүдделі тұлға ретінде іске қатысуға тарта отырып, сотқа беріледі.";

      3) 6-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілген шағымдар бойынша істер АПК-нің 302-бабы бірінші бөлігінің 14) тармақшасына сәйкес сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге жатады.";

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкердің не үшінші тұлғаның орындалуға жатпайтын атқарушылық жазбаны тану туралы талабы мүліктік емес сипаттағы талап болып табылады және талап қою берілген кезде ол бойынша Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес мемлекеттік баж 0,5 АЕК мөлшерінде алынады.";

      4) 7-тармақта:

      бесінші абзацтағы "жасауына-жасамауына" деген сөздер "жасауы-жасамауына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      жетінші абзацтағы "дәлелді себептерсіз" деген сөздер "дәлелсіз себептермен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 9-тармақтағы "екендігінің расталуы" деген сөздер "екендігін растайды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 10-тармақтағы "жазба" деген сөз "жазбаның" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) 12-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Орындау мерзімі басталған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы талап бойынша атқарушылық жазбаны жасау үшін (Нотариат туралы заңның 92-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) өндіріп алушы борышкердің міндеттемені орындамағанын жазбаша мойындағанын нотариусқа табыс етуге тиіс.";

      8) 13-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қарыз алушы қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару үшін белгіленген мерзімді бұзған жағдайда қарыз берушінің қарыз нысанасының барлық қалған бөлігін мерзімінен бұрын қайтарып алу құқығы туралы АК-нің 722-бабының 3-тармағына негізделген өндіріп алушының талабы атқарушылық жазба жасалуы мүмкін талаптарға жатпайтынын, өйткені оны жасау кезінде міндеттемені толық көлемде орындау мерзімі басталмағанын соттар ескеруі тиіс. Мұндай талап даусыз талаптарға жатқызылмайды.";

      9) 14-тармақта:

      үшінші абзацтағы "Орындалмаған міндеттемеде" деген сөздер "Міндеттеменің орындалмауына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші абзацтағы "заң" деген сөз "заңнамалық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      10) 18-тармақтың бірінші абзацындағы "түпкілікті" деген сөз "толық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      11) 19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Кейіннен күші жойылған атқарушылық жазба бойынша берешек өндіріп алынған жағдайда, борышкер өндіріп алушыға атқарушылық жазба бойынша өндіріп алынғанды қайтару (негізсіз баю) туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Мұндай талап атқарушылық жазбаны орындалуға жатпайды деп тану туралы талап қоюмен бір мезгілде не жеке талап қоюды беру арқылы мәлімделуі мүмкін.";

      12) 20-тармақта:

      екінші абзацтағы "тартуға" деген сөз "тартқаны үшін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер іс талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралса (құқық туралы дау), тараптар татуласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы татуласуы мүмкін.";

      27. "Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2022 жылғы 22 желтоқсандағы № 9:

      1) 1-тармақта:

      үшінші, төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мұндай нормативтік құқықтық актілерге Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары, салық органдары жүйесіндегі уәкілетті орган басшысының нормативтік құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі басшысының нормативтік құқықтық бұйрықтары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының жекелеген салықтардың мөлшерлемелерін және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу туралы нормативтік құқықтық шешімдері жатады.

      Салық кодексінің 10-бабына сәйкес салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде ресми жариялануға жатады.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң) 35-1-бабына сәйкес уәкілетті орган басшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық бұйрықтарының және жергілікті өкілді органдардың құқық нормаларын қамтитын, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық шешімдерінің күшіне енуінің қажетті шарты оларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеу болып табылады.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша қабылданған және салық органы әрекетті (әрекетсіздікті) орындаған немесе ол шешім шығарған кезде қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілер осы әрекеттерді (әрекетсіздікті) орындау немесе шешім шығару кезінде қолданылуға жататынын соттар назарда ұстағаны жөн. Салық төлеушінің салықтық міндеттемесінің немесе салық агентінің міндеттері туындауына, орындалуына немесе тоқтатылуына байланысты салық қатынастарына салық төлеушінің салықтық міндеттемесі немесе салық агентінің міндеті туындаған, орындалған немесе тоқтатылған кезде қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер, егер қолданысқа жаңадан енгізілген нормативтік құқықтық актілердің немесе нормаларының оларды қолданысқа енгізу туралы заңнамалық актіге сәйкес кері күші болмаса, қолданылуға жатады. Бұл ретте барлық жағдайда Салық кодексінің 3-бабы 5-тармағына сәйкес салықтың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрін белгілейтін, мөлшерлемелерді арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын Қазақстан Республикасы заңдары ережелерінің кері күші болмайды.";

      2) 2-тармақта:

      үшінші, төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің нормативтік қаулысына сәйкес Қазақстан қатысушысы болып табылатын, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) және олардың органдарына қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың, мемлекетаралық бірлестіктердің нормативтік шешімдері мен өзге де нормативтік құқықтық актілері халықаралық шарттарға теңестіріледі және оларды қолдану кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде салық заңнамасының нормаларынан басымдығы болады.

      Егер ратификацияланған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының Үкіметіне салық салу құқығы берілсе, бірақ ұлттық заңнамада аталған құқық іске асырылмаса (жеңілдік болса), онда ұлттық заңнама қолданылуға жатады.";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қосарланған салық салуды болғызбау туралы конвенцияларды түсіндіру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарда көзделген түсіндірудің жалпы қағидалары, егер мұндай түсіндіру қағидалары 1993 жылғы 31 наурыздағы № 2059-XII Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысының негізінде Қазақстан Республикасы қосылған Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес келсе, қолданылады.";

      3) 3-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық кодексінің 1-бабы 4-тармағына сәйкес Салық кодексінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер Салық кодексінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағынасында қолданылады. Қазақстан Республикасы заңнамасының әртүрлі салаларындағы сол бір ұғымдардың мағынасын айқындау кезінде Салық кодексінде пайдаланылатын ұғымдар Салық кодексінің сілтеме жасалған нормалары көрсетілетін Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті саласында олар қандай мағынада пайдаланылса, сол мағынада қолданылуға жатады.";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық кодексінің 116-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өсімпұл белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттемені орындауды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады. Сондықтан мерзімінде төленбеген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасына есепке жазылатын өсімпұл мөлшерін АК-нің 297-бабының негізінде азайтуға, сондай-ақ Салық кодексінің 117-бабының 3-тармағында, 158-бабының 7-тармағында көзделмеген негіздер бойынша өсімпұл төлеуден босатуға жол берілмейді.";

      4) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Салық органдары анықтаған мынадай бұзушылықтар бойынша:

      жазып берілуі жөніндегі әрекетті (әрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның негізінде;

      заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жарамсыз деп танылған мәмілелер бойынша корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі – КТС) есептеу кезінде шығыстарды шегерімнен алып тастау және сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) сомасын есепке жатқызудан алып тастау бойынша осындай негіздер де Салық кодексінің нормаларында қамтылған.

      Көрсетілген әрбір негіздердің өзіндік дәлелдеу нысанасы мен дәлелдемелер шеңбері бар.";

      5) 5-тармақтың екінші, үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық төлеушiнiң, атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеу есебінде тұрмаған төлеушiнің, сол сияқты жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетудi, тауарлар тиеп-жөнелтуді іс жүзінде жүргiзбеген тұлғаның жазып берген және ҚҚС сомасын қамтитын жалған шот-фактураны жазып беруi, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 280-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.

      ӘҚБтК-нің 280-бабына ескертпеге сәйкес жалған шот-фактура деп жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетудi, тауарлар тиеп-жөнелтудi іс жүзінде жүргiзбеген тұлға жазып берген және ҚҚС сомасын қамтитын шот-фактура танылады.";

      6) 6, 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Салық кодексінің 19-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес салық органдары соттарға АК-нің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті мен міндеттеріне сәйкес өзге де талап қоюларды беруге құқылы.

      Мәлімделген талап қоюды негіздеу үшін салық органы мәміле тараптарының міндеттемелерді іс жүзінде орындамағанын және оларды орындаудың объективті мүмкіндігінің болмағанын куәландыратын дәлелдемелер келтіруге міндетті.

      Дәлелдемелерді жинауды салық органы құзыретіне сәйкес, салықтық әкімшілендіру шеңберінде, оның ішінде мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қою берілгенге дейінгі салықтық бақылау арқылы (салықтық тексеру нысанында және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарында) жүзеге асырады.

      Соттың мынадай мән-жайларды:

      1) дау айтылатын мәміленің негізгі мақсаты салықтарды төлемеу немесе толық төлемеу болып табылатынын;

      2) мәміле бойынша міндеттемені контрагенттің өзі немесе мәмілені орындау бойынша міндеттеме шартпен немесе заңмен берілген тұлғаның орындамағанын анықтауы мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру үшін негіз болып табылады.

      7. Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидаттарына сәйкес салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған Салық кодексінің 96-бабы 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда контрагенттер өз тарапынан мәміленің жарамдылығын дәлелдеуге құқылы, салық төлеуші соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы.

      Салық кодексінің 8-бабының 1-тармағы ережелерінің негізінде салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені орындау жөніндегі әрекеттерді (әрекетсіздікті) жүзеге асырудағы адалдығы көзделеді.

      Соттар мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қараған кезде салық төлеуші контрагенттердің сенімділігі мен адалдығы нысанасы туралы ақпаратты алу құқығын іске асырғанын ескергені жөн.";

      7) 8-тармақтың бірінші, екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шот-фактураларды жарамсыз деп тану туралы талап қою берілген жағдайда шот-фактуралар жазбаша нысанда жасалған мәмілелер деп таныла алмайтынын ескеру қажет.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес мұндай талап қоюды қабылдаудан бас тартылуға тиіс, ал егер талап қою соттың іс жүргізуіне қабылданса, іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277-бабы 1) тармақшасының негізінде тоқтатылуға жатады.";

      8) 9, 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жауапкерлердің біріне қатысты тарату рәсімі аяқталған кезде (тарату негіздеріне қарамастан) мәмілені жарамсыз деп тану туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға болмайды.

      Егер іс бойынша әрекет ететін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер болып табылатын және дау айтылған мәміленің шарттары мен ережелерін ескере отырып, өзінің салықтық міндеттемелерін айқындаған екінші жауапкер болса, талап қою мәні бойынша қаралуға жатады. Мұндай жауапкерге қатысты мәлімделген талап оның контрагентінің таратылуына қарамастан, мәні бойынша шешілуге тиіс.

      10. Салық органы заңды тұлғаны құру кезінде заңнаманың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты заңды тұлғаны тiркеуді жарамсыз деп тану негізі бойынша соттарға оны тарату туралы талап қоюды беруге құқылы (АК-нің 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы).

      Баяндалғанды ескере отырып, сотқа тіркеуді жарамсыз деп тану туралы емес, заңды тұлғаны тарату туралы талап қою берілуге жатады.

      Қолданыстағы заңнамада заңды тұлғаны тіркеудің жарамсыздығы негіздерінің толық тізбесі қамтылмаған. Соттар істі қарау кезінде іс үшін маңызы бар нақты мән-жайларды негізге ала отырып, заңды тұлғаны құру кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуына жол беру фактісін және оның жойылмайтын сипатын белгілеуге тиіс.

      Соттың мұндай талап қоюларды қанағаттандыруы тарату туралы сот шешімі шығарылған заңды тұлға үшін де, оның контрагенттері үшін де құқықтық салдарға алып келеді. Сондықтан соттар заңды тұлғаны құру кезінде жіберілген бұзушылықтарды оның өз қызметін жүзеге асыру кезінде жол берілген бұзушылықтарынан ажыратуы керек.

      "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2198 Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заң) 1-бабының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеруді қамтитыны туралы ережесін негізге алу қажет.

      Бұл ретте заңнама бұзушылықтар жоюға келмейтiн болуға тиіс. Мысалы, виза алу қажеттілігі міндетті болған жағдайда заңды тұлға құрған, сондай-ақ заңды тұлғалар қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысатын шетелдіктердің бизнес-көшiп келушiлер ретінде кіруге виза алмауы; коммерциялық емес ұйымның жарғысында оның негізгі мақсаты ретінде кіріс алу немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында жарғылық капиталдың бастапқы мөлшерін "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-І Қазақстан Республикасының Заңының 23-бабының 2-тармағында белгіленген сомадан кем болатын соманы көрсету осындай бұзушылықтар болып табылады.

      Қалыптастырылған жарғылық капиталдың болмауы, құрылатын заңды тұлғаның басшысы етіп шетелдік жеке тұлғаны тағайындауға байланысты шетелдік жұмыс күшін тартуға уәкілетті органның рұқсатының болмауын, салықтық есептілікті ұсынбауын АК-нің 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген заңнаманы бұзушылықтарға жатқызуға болмайды. Осы және соларға ұқсас бұзушылықтар заңды тұлға өз қызметін жүзеге асыру кезінде жол берген бұзушылықтар болып табылады.";

      9) 11-тармақтағы "тартуы" деген сөз "тартуға" деген сөзбен ауыстырылсын;

      10) 12, 13, 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ басшыны - жеке тұлғаны және (немесе) құрылтайшыны (қатысушыны) көрсете отырып, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) оны таратуға (қайта тіркеуді жарамсыз деп тануға) негіз болып табылады.

      Конституцияның 26-бабының 4-тармағына, АК-нің 10-бабына, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) 2-бабына сәйкес құрылтайшы (қатысушы) қабылдаған шешімнің негізінде заңды тұлға құру арқылы жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін осы тұлғаның тиісті түрде ресімделген және білдірілген еркі болуы қажет.

      Іс жүзінде заңды тұлға көбінесе құжаттарды қолдан жасау, жоғалған құжаттарды пайдалану, тіркеу (қайта тіркеу) жүргізілген тұлғаны жаңылыстыру жолымен және осы тұлғаның салық органына не сотқа берген түсіндірмелерімен расталған өзге де мән-жайлар бойынша заңсыз құрылған.

      Тиісінше, мұндай мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасын жоюға келмейтiн сипатта елеулі түрде бұзылуына жол беру арқылы жүргізілген.

      13. Соттарға АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға бір жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған жағдайда заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдай алатыны түсіндірілсін.

      Жоғарыда көрсетілген белгілер жиынтығының болмауы талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады, өйткені салық органдарының өзге де ден қою тәсілдері бар.

      Салық кодексінің 70-бабының 4, 5-тармақтарына сәйкес Салық кодексінің 70-бабының 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша жүргізілген салықтық зерттеп-қарау нәтижесінде тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша салық төлеушінің іс жүзінде болмауы анықталған жағдайда салық органы мұндай салық төлеушіге салық төлеушінің орналасқан жерін (оның болмауын) растау туралы хабарлама жібереді.

      Салық төлеуші талапты орындамаған жағдайда салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады не банктік шоттар болмаған кезде ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығарады.

      Заңды тұлғаны тарату (қайта тіркеуді жарамсыз деп тану) туралы талап қоюмен жүгінген кезде заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша болмауы негізінде сот анықтауға жататын мән-жайлар қатарына: заңды тұлғаның нақты орналасқан жерін анықтау, сондай-ақ салық органының салық төлеушінің орналасқан жерін (болмауын) растау туралы хабарламаны орындамаған деп тану туралы шешімінің болуы және оны салық төлеушіге жіберу фактісін анықтау жатады.

      Заңды тұлғаны тарату (қайта тіркеуді жарамсыз деп тану) туралы талап қою тіркеу (қайта тіркеу) кезінде заңды тұлғамен байланысу, сондай-ақ салықтық бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігін болдырмайтын, заңды тұлғаның мекенжайы туралы анық емес мәліметтерді қасақана бергенін куәландыратын мән-жайлар орын алған кезде де қанағаттандырылуға жатады.

      Мынадай мән-жайлар заңды тұлғаның орналасқан жері туралы мәліметтердің анық еместігін куәландыруы мүмкін:

      құжаттарда көрсетілген мекенжайдың іс жүзінде болмауы;

      үй-жайды жалға алудың жалған шарты ұсынылуы;

      өзге де мән-жайлар.

      Заңды тұлғаның тіркелген (қайта тіркелген) жері бойынша болмауын оның тұрақты жұмыс істейтін органының көрсетілген мекенжай бойынша орналаспаған, жүргізілген салықтық зерттеп-қарау нәтижелерінің теріс болуы, пошта хат-хабары адресаттың болмауына байланысты оны тапсыру мүмкін емес деген белгімен қайтарылғаны туралы деректер куәландырады. 

      14. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық іс бойынша қорытынды шешімнің болмауы заңды тұлғаны тарату (қайта тіркеуді жарамсыз деп тану) туралы талап қоюдан бас тарту үшін сөзсіз негіз бола алмайды.

      Соттар істі қарау кезінде істің нақты мән-жайларын негізге алып, анықталған мән-жайларға байланысты өз түйіндерін қылмыстық іс бойынша қорытынды шешімнің болуымен не болмауымен ғана байланыстырмай, шешім шығаруға тиіс.

      11) 15-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қатысушылар құрамының өзгеруіне байланысты заңды тұлғаны қайта тіркеуге дау айту туралы істер бойынша соттар заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы Заңның 14-бабының ережелерін ескеруге тиіс.";

      төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Істерді қарау кезінде соттар мұндай мәмілелерге сот тәртібімен дау айтылған-айтылмағанын, осы мәмілелерге дау айтылатын-айтылмайтынын немесе заңның тікелей нұсқауына байланысты мәмілелер маңызсыз болып табылатын-табылмайтынын анықтау қажет.

      Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу тіркеуші органның әкімшілік актісі болып табылады, осыған байланысты мұндай қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.";

      12) 16-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану кезінде көрсетілген тұлғаларды ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару осындай есепке қою күнінен не қайта тіркеу күнінен бастап жүргізілетіні Салық кодексінің 85-бабы 4-тармағының 4), 5) тармақшаларында және 6-тармағының 2), 3) тармақшаларында белгіленген.";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осындай өзара есеп айырысулар бойынша КТС, егер салық төлеуші бұрын мұндай шығыстарды камералдық бақылау нәтижелері бойынша өз бетінше алып тастамаса, құжаттық салықтық тексерулер нәтижесі бойынша есепке жазылуы мүмкін. Бұл ретте салықтық тексеру актісі салықтық бұзушылықтың толық сипаттамасы көрсетіле отырып, салық және өзге де заңнаманың тиісті нормасына сілтеме жасала отырып жасалады. Салық төлеушінің контрагентін тарату (қайта тіркеуді жарамсыз деп тану) туралы заңды күшіне енген сот шешімінен басқа, КТС сомаларын есепке жазу үшін негіз ретінде осы тұлғалар арасындағы қаржы-шаруашылық операциялардың жарамсыздығын куәландыратын өзге де мән-жайлар көрсетілуі мүмкін.";

      13) 17, 18, 19, 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Салық кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес мынадай:

      салық органы салықты және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы болатын;

      салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсынуға міндетті, салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салықтық есептілікті кері қайтарып алуға құқылы болатын;

      салық төлеуші (салық агенті) салықты және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы болатын уақыт кезеңі салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі деп танылады.

      Салық кодексінің 48-бабына сәйкес салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды. Талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайтын мына салық төлеушілер:

      жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес қызметті жүзеге асыратын;

      Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес субъектілердің осындай санатына жатқызылған ірі кәсіпкерлік субъектілері;

      Салық кодексінің 30-тарауының шарттарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының резиденттері ерекше болып табылады.

      Құқықтық актілер туралы заңның 11-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес егер нормативтік құқықтық актілерде немесе оларды қолданысқа енгізу туралы актілерде өзгеше көзделмесе, барлық нормативтік құқықтық акті тікелей қолданылады.

      Қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді қолдану үшін қандай да бір қосымша нұсқаулар талап етілмейді.

      Салық төлеушілер мен салық органдары салықтық құқықтық қатынастарға түсе отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті, күші жойылған және қолданысын тоқтатқан заңнама нормалары олар жойылғаннан кейін жасалатын, адамдардың әрекеттеріне қолдануға жатпайды.

      Соттар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық құқықтық қатынастарға қатысушылар ағымдағы салық кезеңінде алдыңғы салық кезеңдеріне қатысты әрекеттер жасаған кезде Салық кодексінің бес жылдық талап қоюдың ескіру мерзімі туралы күші жойылған нормасын қолдануға құқылы емес екенін ескергені жөн, өйткені Салық кодексінің қолданыстағы нормасы бойынша мұндай мерзім, егер Салық кодексінде өзгеше көзделмесе, үш жылды құрайды.

      Салық органдары салық төлеушіге және (немесе) салық агентіне талап қоюдың ескіру мерзімінің шегінен тыс талаптар қоюға құқылы емес. Бұл ретте Салық кодексі өсімпұлды есептеуді талап қоюдың ескіру мерзімімен шектемейді.

      18. Салық органының салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген, есепке жазылған сомасын есепке жазу немесе қайта қарау құқығына қатысты талап қоюдың ескіру мерзімі Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген хабарламалар шығарылған күнге есептеледі.

      Салық кодексінің 48-бабының 9-тармағында талап қоюдың ескіру мерзімі ұзартылатын жағдайлар белгіленген. Аталған баптың 10-тармағында талап қоюдың ескіру мерзімін тоқтата тұру жағдайлары көзделген.

      Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша салықтық тексеру жүргізу кезінде оның тоқтатыла тұруын ескере отырып, талап қоюдың жалпы ескіру мерзімі жеті жылдан аспауға тиіс.

      Көрсетілген мәселелер бойынша тексеруді тоқтата тұрған кезде салық органы "Трансферттік баға белгілеу туралы" 2008 жылғы 5 шілдедегі № 67-IV Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабының талаптарын сақтауға тиіс. Ескіру мерзімінің өтуі сұрау салу жіберілген кезде тоқтатыла тұруы мүмкін, ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:

      мемлекеттің құзыретті органына (ұйымына) жолданған;

      дербестендірілген, тексерілетін салық төлеушіге қатысты жасалған;

      тексеру нысанасына кіретін мәселелер бойынша енгізілген болуға тиіс.

      Соттар сұрау салу жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мұндай сұрау салу жіберілген болып есептелмейтінін ескергені жөн.

      Салық кодексінің 48-бабының 10-тармағына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілген салықтық тексеру аяқталған күннен бастап қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейінгі уақыт кезеңі талап қоюдың ескіру мерзіміне кірмейді.

      Салық органдарының салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген, есепке жазылған сомасын талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде қайта қарау құқығы көрсетілген мерзім сақталған жағдайда олардың Салық кодексінің 145-бабы 3-тармағында көзделген жоспардан тыс салықтық тексерулерді бұрын тексерілген кезең үшін жүргізуге құқылы екенін білдіреді.

      Салық кодексінің 56-бабында салықтық міндеттемені тоқтату негіздерінің түпкілікті тізбесі айқындалған.

      Мемлекеттік кіріс органдары есептеген, есепке жазған және салық төлеушілерге талап қоюдың ескіру мерзімдері шегінде төлеуге ұсынған салықтарды және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлеу туралы салықтық талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі туындаған салықтық міндеттемені тоқтатпайды және салық төлеушіні оны орындаудан босатпайды.

      19. Салық кодексінің 48-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес салық төлеуші (салық агенті) салық және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы уақыт кезеңі салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі болып танылады.

      Салық органының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген, есепке жазылған сомасын есепке жазуға немесе қайта қарау құқығын және салық төлеушінің салық және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жазуды және (немесе) қайтаруды талап ету құқығын бөлу қажет. Мәселен, салық төлеушінің бюджеттен салықты қайтару құқығын іске асыру кезінде салық органы салықтың есептелген сомасын есептемейді және қайта қарамайды, бірақ бюджеттен салықты қайтаруды растайды не растаудан бас тартады.

      Осыған байланысты салық төлеушілердің салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап ету құқығына қатысты талап қоюдың ескіру мерзімін есептеу кезінде салықтық тексеру нәтижелері бойынша шешім, оның ішінде салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылған күнді емес, Салық кодексінің 101-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген салықтық өтінішті немесе Салық кодексінің 431-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген ҚҚС-ның асып кету сомасын қайтару туралы талапты салық органының қабылдау (тіркеу) күнін назарға алған жөн.

      20. Сот АК-нің 179-бабының 2-тармағына сәйкес талап қоюдың ескіру мерзімін сот шешім шығарғанға дейін дауда тарап жасаған мәлімдеме бойынша ғана қолданады.

      Соттар заңның осы нормасы АК-нің 1-бабының 4-тармағына байланысты салық дауларына қолданылмайтынын ескеруге тиіс. Салық заңнамасында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінің сақталуын сот бұл туралы тараптардың арызы бар-жоғына қарамастан тексеруге міндетті.";

      14) 21-тармақта:

      үшінші, төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке және заңды тұлғалардың салық органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау және дара кәсіпкерлердің, шаруа немесе фермер қожалықтарының, заңды тұлғалардың тексеру актілері бойынша хабарламаларға дау айтуы туралы істер бойынша мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында белгіленген мөлшерде алынады.

      Салық кодексінің 616-бабында соттарда мемлекеттік баж төлеуден босату негіздерінің толық тізбесі белгіленген.

      Егер талап қоюшы мемлекеттік бажды бюджеттік сыныптаманың қате кодына төлесе, не толық мөлшерде төлемесе, онда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының төртінші бөлігіне сәйкес судья талап қоюшыға осы кемшіліктерді көрсетеді және оларды түзету үшін мерзім белгілейді.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Аталған норманың 4-тармағында іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мемлекеттік баж сомасын қайтару үшін қажетті салық органына ұсынылуға жататын құжаттардың (салықтық өтініш және соттың заңды күшіне енген шешімі) толық тізбесі қамтылған. Сот мемлекеттік мекемеден мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы атқарушылық парақты жазып бермейді.";

      15) 22-тармақта:

      бірінші, екінші, үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Камералдық бақылау салық органдары тексеру тағайындау және жүргізу рәсімінсіз жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау нысандарының бірі болып табылады.

      Камералдық бақылаудың мақсаты – Салық кодексінің 96-бабына сәйкес салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) салықтық есептілікті ұсыну және (немесе) салықты және бюджетке төлемдерді төлеу арқылы салық төлеушіге анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру.

      Салық органдары бұзушылықтарды салық төлеуші (салық агенті) ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде анықтауы мүмкін.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кез келген жағдайда салық төлеуші мына әрекеттердің бірін жасауға: бұзушылықтарды жоюға, түсініктеме беруге немесе шағым беруге құқылы.";

      16) 23-тармақта:

      бірінші, екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "ӘРПК-нің 135-бабының екінші бөлігіне (тану туралы талап қою) байланысты талап қоюшы бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі де мүмкін, сондықтан камералдық бақылау нәтижелері бойынша орындалған хабарламаға дау айту туралы талап қоюлар соттың қарауына жатады.

      Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаға дау айту туралы талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.";

      тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешімге шағымды (талап қоюды) салық төлеуші оны жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа табыс еткен (алған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде беруі мүмкін.";

      17) 24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Салық кодексінің 19-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына байланысты салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында салық органдары Салық кодексіне сәйкес салықтық міндеттемені орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салықтық берешекті мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алуға міндетті. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері және салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тиісінше, Салық кодексінің 13 және 14-тарауларында көзделген.

      Дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаға, жеке практикамен айналысатын адамға қатысты салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленбеген сомасына өсімпұл есепке жазу ретінде мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің осындай тәсілі ғана қолданылуы мүмкін. Оған салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

      Осы Ережелер дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаның, жеке практикамен айналысатын адамның аталған қызметті жүзеге асыруымен байланысты емес кіріс алуынан қалыптасқан салықтық берешегіне қатысты да қолданылады.

      Бұл ретте Салық кодексінің 117-бабының 3-тармағына байланысты салық органдарының тиісті салықтық кезең үшін салықты төлеу мерзімі басталғаннан кейін салықтың есептелген сомаларын қайта қарауы нәтижесінде пайда болған жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша бересі сомасына өсімпұл есепке жазылмайтынын назарда ұстаған жөн.";

      18) 25-тармақтағы бірінші, екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық кодексінің 116, 120-баптарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуін шектеу мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады.

      Заңда белгіленген тәртіппен өткізілген, билік етуі шектелген мүлікті сауда-саттықта (аукционда) сатып алған кезде сатып алынған мүліктің құнын төлеу жөніндегі міндеттемелерді толық орындаған, бірақ салық органы шешімінің негізінде ауыртпалықтың болуына байланысты меншік құқығын өзіне тіркеуге мүмкіндігі жоқ сатып алушы сотқа сауда-саттықта (аукционда) сатып алынған мүлікті тізімдемеден алып тастау туралы талап қою тәртібімен талап етуге құқылы.";

      19) 26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары Салық кодексінің 121-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен салық төлеуші – заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке, дара кәсіпкерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға қолданылады. Әрбір келесі шара егер алдыңғы шараны қолдану нәтижесінде салықтық берешек өтелмеген кезде қолданылады. Осыған байланысты салық органы салықтық берешекті ақша есебінен өндіріп алу жөнінде тиісті шаралар қабылданғаннан кейін ғана салық төлеушінің билік етуі шектелген мүлікті өткізуге көшуге құқылы.";

      20) 27-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық кодексінің нормаларымен салық төлеушілерден салықтық берешекті соттан тыс тәртіппен өндіріп алу мүмкіндігі толық көлемде қамтамасыз етілген. Сондықтан салық органдарының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша бересіні және өсімпұлды осы тұлғалардан өндіріп алу туралы талап қоюлары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға және шешуге жатпайды.";

      21) 28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Талап қоюшылардың салық органдарының әрекеттері мен актілеріне шағым жасауының барлық кезеңінде сот әкімшілік қалау болған жағдайларда тараптарды татуластыру және дауды салық органының өз бетінше шешу мүмкіндіктерін қарау керек (мысалы, техникалық қателер болған кезде ақпараттық жүйелерге өзгерістер енгізу, камералдық бақылау хабарламалары үшін "орындалған" мәртебесін көрсету және тағы басқа).";

      22) 29-тармақтың төртінші, бесінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "ӘРПК-нің 98-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес арыз иесіне зиян келтіру үшін шағым жасауға жол берілмейді. Салық кодексінің 186-бабының тәртібімен тақырыптық тексеру салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау барысында тағайындалатындықтан, уәкілетті орган тексеру нәтижелері бойынша дау айтылған хабарламада есепке жазылмаған салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың қосымша сомаларын есепке жазу туралы шешім қабылдай алмайды.

      Жоғары тұрған органның (уәкілетті органның) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға берілген шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімі сотта дау айтудың нысанасы бола алмайды, өйткені ол құқықтық салдарға алып келмейді. Салықтық тексерудің нәтижелері туралы хабарлама өзгеріссіз қалдырылған кезде көрсетілген хабарламаға, ал оның бір бөлігінің күші жойылған кезде тексеру нәтижелері туралы хабарламаға берілген шағымды қарау қорытындылары бойынша хабарламаға сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.";

      23) 30, 31, 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Салық кодексінің 148-бабына сәйкес нұсқама салықтық тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.

      Тексеруді тағайындау туралы акт ретінде нұсқама сот дауының нысанасы болуы мүмкін, өйткені ол салық органының билік өкілеттіктерін жүзеге асыруы шеңберінде шығарылады, салық төлеуші (салық агенті) үшін құқықтық салдарға алып келеді.

      Бұл ретте нұсқамаға шағым жасау кезеңінде салық төлеушінің тексерілетін кезеңге қатысты түзететін салықтық есептілікті ұсынуға құқығы жоқ.

      Жоспардан тыс тексерулер Салық кодексінің 145-бабының 3-тармағында және Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 3-тармағында санамаланған негіздер болмаған кезде тағайындалмайды және жүргізілмейді. Мұндай тексерулер жарамсыз, ал оларды тағайындау туралы актілер тексеру жүргізу үшін негіздер болмаған кезде шығарылған, Кәсіпкерлік кодекстің 156-бабы 1-тармағының және 2-тармағы 1) тармақшасының негізінде заңсыз деп танылуға және олардың күші жойылуға жатады.

      31. Салық кодексінің 159-бабы ережелерінің негізінде салықтық тексеру нәтижелері бойынша шешім салық органы салықтық тексеру нәтижелері бойынша шығарған салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама болып табылады, салық төлеуші (салық агенті) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу, аудару жөніндегі міндеттемелердің есепке жазылған сомаларымен, әлеуметтік аударымдарды және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен өсімпұлдарды есептеумен және төлеумен, залалдарды азайтумен, бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұсталған ҚҚС-ның және (немесе) корпоративтік (жеке) табыс салығының асып кету сомаларын қайтарудың расталмауымен келіспеген жағдайда сот тәртібімен хабарламаға ғана шағым жасалуға жатады. Сот дау айтылған сомаларды есепке жазудың заңдылығын салықтық тексеру актісінде жазылған түйіндерді ескере отырып тексереді.

      Егер салық төлеуші салықтық тексеру актісінің жоғарыда келтірілген салдарға әкеп соқпаған, алайда өзінің құқықтары мен міндеттеріне, оның ішінде болашақ салықтық кезеңдерде де әсер ететін түйіндерімен келіспесе, аталған актіге дау айтуы мүмкін. Тексеру актісіне шағым жасау салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне шағым жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаны орындау салық төлеушіні орындалған хабарламаға Салық кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасау құқығынан айырмайды.

      Салықтық тексеру актісінің мазмұны Салық кодексінің 158-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Салық органының салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасын бұзу туралы тұжырымдары заңнама нормаларына сілтеме жасалып, бұзушылықтар туралы куәландыратын дәлелдер негізделіп және мән-жайлар ашылып баяндалуға тиіс.

      ӘРПК-нің 129-бабының үшінші бөлігіне сәйкес салықтық тексеру нәтижелеріне шағым жасау туралы талап қоюды қарау кезінде салық органы салықтық тексеру актісінде жазылған, салық төлеушінің салық және өзге де заңнаманы бұзғанын куәландыратын түйіндер мен негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.

      Салық органының салық сомасын есепке жазуы не кірістерді, шығыстарды және есепке жатқызуды түзетуі Салық кодексінің талаптарына сәйкес тиісті фактілер расталған кезде мүмкін болады.

      32. Салық кодексінің 6-бабында белгіленген салық салудың айқындылығы қағидатына сәйкес Қазақстан Республикасының салық және бюджетке төленетін төлемдері айқын болуға тиіс.

      Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салықтық міндеттемесінің, салық агентінің салықты есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттерінің туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негізі мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.";

      24) 34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Салық кодексінің 4-бабына сәйкес салық салу қағидаттарына салық салудың міндеттілігі, айқындылығы, әділдігі, адалдығы, салық жүйесінің бірлігі және Қазақстан Республикасының салық заңнамасының жариялылығы қағидаттары жатады.

      Салық кодексінің 8-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені орындау жөніндегі әрекеттерді (әрекетсіздікті) жүзеге асырудағы адалдығы көзделеді.

      Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық пайда алу (салықтық үнемдеу) және салықтық төлемдерді азайту мақсатында өзінің заңсыз әрекеттерінен пайда табуына жол берілмейді.

      Салық органының дау айтылатын актіні қабылдауы үшін негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндеті салық органына жүктеледі.

      ӘРПК-нің 128-бабына сәйкес дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді, дәлелдеу нысанасы мен дәлелдемелердің дереккөздерін құқықтық реттеу, сондай-ақ дәлелдемелерді (дәлелдеуді) жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану тәртібі және дәлелдемелер мен дәлелдеу туралы басқа да ережелер ӘРПК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, АПК-нің нормаларында айқындалады.

      ӘРПК-нің 128-бабының ережелері ескеріле отырып, салық төлеушіде салық пайдасы туындауының заңсыздығы дәлелдемелерін сотқа ұсыну бойынша міндет салық органына жүктелген.";

      25) 35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Салық төлеуші салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға не Салық кодексінің 18-тарауының 2-параграфында белгіленген салықтық тексерулер жүргізу тәртібі мен мерзімдерін салық органының бұзушылықтар негізі бойынша тексеру актісіне дау айтқан кезде сот жол берілген бұзушылықтардың сипатын және олардың тексеру нәтижелерінің заңдылығы мен негізділігіне әсерін бағалауды негізге алуы керек. Атап айтқанда, Салық кодексінің 148-бабына сәйкес салықтық тексеру жүргізу үшін негіз болып табылатын нұсқамасыз не кейіннен заңсыз деп танылған нұсқаманың негізінде жүргізілген тексеру нәтижелері заңсыз деп танылуға жатады.

      Егер Кәсіпкерлік кодексінің 146-бабының 1-тармағын бұза отырып, қарсы тексеруді қоспағанда, салықтық тексеруді жүргізуге арналған нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелмеген болса, жоғарыда көрсетілген салдар туындайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады