Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi Серiк Нығметұлы Ахметовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметiнiң
2007 жылғы 28 ақпандағы
N 160 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Грузия Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия Республикасының Yкiметi,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап. Сала
1. Тараптар осы Келiсiм негiзiнде және өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастыққа, Тараптар мемлекеттерiнiң арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен, сондай-ақ үшiншi мемлекеттерге немесе үшiншi мемлекеттерден жолаушылар мен жүктердiң екi жақты және транзиттік автокөлiк тасымалдарын дамытуға ықпал етуге және осы мақсат үшiн көрсетiлген тасымалдарды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлей отырып келiстi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тасымалдар халықаралық автомобиль қатынасы үшiн ашылған жолдармен Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағында тiркелген көлiк құралдарымен (оның iшiнде жеңiл көлiк құралдарымен) жүзеге асырылады.
3. Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнiң басқа да халықаралық келiсiмдерден туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
2-бап. Айқындамалар
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мақсаттары үшiн төмендегi терминдер мыналарды бiлдiредi:
"Тасымалдаушы" Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушы немесе жүк тасымалдарын сыйақы үшiн немесе жалға алу бойынша жүзеге асыратын кез келген жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.
"Құрылтайшы мемлекет" тасымалдаушы құрылған Тараптың мемлекеттiк аумағын бiлдiредi.
"Каботаж" Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында орналасқан пункттердiң арасында екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында құрылған тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалдарды бiлдiредi.
"Құзыреттi орган" :
Қазақстан Тарабы үшiн Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiн,
Грузия Тарабы үшiн Грузияның Экономикалық даму министрлiгi, Грузияның Көлiктi реттеу ұлттық комиссиясын бiлдiредi.
Жоғарыда аталған құзыреттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етiлетiн болады.
"Тiркеме" қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында қозғалуға арналған көлiк құралын бiлдiредi.
"Жартылай тiркеме" көлiк құралына оның алдыңғы бөлiгi оған сүйенетiн және оның үстiндегi жүктiң белгiлi бiр бөлiгi көлiк құралына келетiндей болып қосылған тiркеменi бiлдiредi.
"Рұқсат" белгiлi мерзiмге берiлген, оның иесiне Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында жолаушы тасымалдарын (келу және кету) жүзеге асыруға құқық беретiн құжатты бiлдiредi.
"Тiркеу" мемлекеттердiң қолданыстағы ұлттық заңнамаларына сәйкес белгiлi бiр тиiстi құзыреттi органдардың көлiк құралына бiрегейлендiру нөмiрiн беруiн бiлдiредi. Автокөлiк құралдарын құрастырған жағдайда көлiк құралы рұқсат беру немесе одан босату үшiн басым факторды бiлдiредi.
"Тұрақты жолаушылар мен багаж тасымалдары" жолаушыларды отырғызу және түсiру үшiн аялдама пункттерiн, бағыт және тариф бойынша автобустардың қозғалыс кестесiн көрсете отырып, белгiлi бiр тұрақтылықпен және алдын ала белгіленген бағыт бойынша жүзеге асырылатын жолаушы тасымалдарын білдiредi.
"Тұрақты емес жолаушылар мен багаж тасымалдары" оларды жүзеге асыру шарттары әрбiр жеке жағдайда тапсырыс берушi мен тасымалдаушы арасындағы келiсiм бойынша айқындалатын жолаушы тасымалдарын бiлдiредi.
"Көлiк құралы" автокөлiк құралын:
а) жеке алынған немесе көлiк құралдарының құрастырылымын;
в) меншiк, жалға алу түрiнде немесе лизинг келiсiм-шарты бойынша тасымалдаушының иелiгiндегi жолаушылар (жүргiзушiнi қоса алғанда, 9-дан астам жолаушыны тасымалдау үшiн құрастырылған және арналған автобус) және жүк тасымалына арналған;
с) жеңiл автомобильдердi бiлдiредi.
"Транзит" Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында құрылған тасымалдаушы жүзеге асыратын, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы үшiншi елге немесе керi жүрiп өтетiн жүк (тиеусiз және түсiрусiз) және жолаушылар (отырғызбай және түсiрмей) тасымалын бiлдiредi.
"Қауiптi жүк" оған тән қасиеттерге және ерекшелiктерге байланысты тасымалдау, тиеу, түсiру және сақтау кезiнде техникалық құралдардың, жабдықтың, ғимараттар мен құрылыстардың бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауыруына және қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн жүктi бiлдiредi.
3-бап. Жалпы ережелер
1. Тараптар мемлекеттерiнiң көлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде олар басқаратын көлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiктерi болуға тиiс.
2. Осы Келiсiмге сәйкес талап етiлетiн рұқсат және басқа да құжаттар көлiк құралының жүргiзушiсiнде болуы тиiс және өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасы негiзiнде әрекет ететiн құзыреттi органдарын талабы бойынша ұсынылады.
3. Осы Келiсiм негiзiнде жүзеге асырылатын жолаушылар мен жүктердi тасымалдау көлiк құралдары иелерiнiң үшiншi тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн азаматтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруы шартымен жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбiр көлiк құралын алдын ала сақтандыруға мiндеттi.
4. Жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды тасымалдау кезiнде, сондай-ақ жануарларды және тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау кезiнде шекаралық, көлiктiк, санитарлық-карантиндiк, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау және кедендiк ресiмдеудi жүргiзу кезектен тыс жүзеге асырылады.
5. Осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң осы Келiсiмнiң iске асырылуына ықпал ететiн ұлттық заңнамаларының барлық өзгерiстерi туралы ақпаратпен өзара алмасады.
4-бап. Тұрақты жолаушылар мен багаж тасымалдары
1. Тұрақты жолаушылар мен багаж тасымалдары рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Тұрақты жолаушылар мен багаждың транзиттiк тасымалдарына рұқсат талап етiлмейдi.
3. Тұрақты жолаушылар тасымалдарына рұқсаттар, тасымалдаушы өзi тiркелген елдiң құзыреттi органына елдiң қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес құжаттарды және мынадай құжаттарды қоса бере отырып жiберетiн өтiнiм негiзiнде берiледi:
а) тұрақты бағыт схемалары;
в) тұрақты бағыт бойынша автобус(тар) қозғалысының кестелерiн мыналарды көрсете отырып;
b-а) бастапқы, аралық және соңғы аялдама пункттерiн, сондай-ақ автобустардың жүру бағыты бойынша мемлекет шекарасындағы автомобильдiк өткiзу пункттерiн;
b-b) аялдама пункттерi мен Тараптар мемлекеттерiнiң шекаралары арқылы өтетiн автомобильдiк өткiзу пункттерi бойынша автобустардың келетiн, тұратын және жөнелтiлетiн уақыттарын;
b-с) тура бағыттағы тұрақты бағыттың бастапқы пункттен соңғы пунктке дейiнгi ара қашықтығын;
b-d) тасымалдаушы орындайтын рейстердiң мерзiмдiлiгi мен тұрақтылығын;
b-e) тасымалдаушылардың құрылтайшылары мемлекеттерiнiң ұлттық валютасындағы жолаушылар тасымалына арналған тарифтердi.
4. Өтiнiм қанағаттандырылған жағдайда Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы 10 күн мерзiмде екiншi Тараптың құзыреттi органына тиiстi рұқсат беру құжаттарын жiбередi.
5. Егер мұндай рұқсат беру Тараптардың бiрi мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына қайшы келген жағдайда, 10 күн мерзiмде өтiнiм берушiге рұқсат беруден жазбаша нысанда бас тартылуы мүмкiн.
6. Қызмет көрсетуге сұраныс болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда тасымалдаушы өз мемлекетiнiң құзыреттi органына қызметi аяқтағанға дейiн бiр ай бұрын тасымалдарды тоқтату туралы жазбаша түрде хабарлайды.
7. Тасымалдауды жүзеге асырудан бас тартқан тасымалдаушының құрылтайшы мемлекетiнiң құзыреттi органы бiр ай iшiнде екiншi Тараптың құзыреттi органына тиiстi ақпарат бередi.
8. Рұқсат дербес болып табылады және оны басқа тасымалдаушыға немесе үшiншi тарапқа беруге тыйым салынады.
5-бап. Тұрақты емес жолаушылар мен багаж тасымалдары
1. Тұрақты емес жолаушылар мен багаж тасымалдарын жүзеге асыруға осы Келiсiм негiзiнде рұқсат талап етiлмейдi.
Рұқсат, сондай-ақ:
а) жарамсыз жолаушылар көлiк құралын ауыстырған кезде;
b) Тарап мемлекетiнiң аумағына, сондай-ақ басқа мемлекетке iстен шыққан көлiк құралдарын ауыстыру үшiн көлiк құралының бос жүрiс жағдайында, сондай-ақ жөндеуден кейiн керi бағытқа жол жүретiн көлiк құралының бос жүрiсi;
с) Тарап мемлекетiнiң, сондай-ақ кез келген елдiң тиiстi ведомстволары берген экспорттық-тiркеу нөмiрi бар көлiк құралдарының алғашқы бос жүрiсi кезiнде (жаңа және пайдалануда болған) және егер осы жүрiс осы көлiк құралын тiркеу жүргiзiлетiн Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына бағытталса;
d) құтқару немесе қалпына келтiру жұмыстарын орындауға арналған көлiк құралдары үшiн талап етiлмейдi.
2. Тұрақты емес жолаушылар мен багаж тасымалдары бақылау құжаты (жолаушылардың тiзiмi) болған кезде жүзеге асырылуы тиiс.
3. Тұрақты емес жолаушылар мен багаж тасымалдары үдерiсiнде жолаушыларды (бақылау құжатында көрсетiлген жолаушылардан басқа) отырғызуға тыйым салынады.
6-бап. Жүк тасымалдары
Екi жақты немесе транзиттiк қатынастағы, сондай-ақ үшiншi мемлекетке немесе/мемлекеттен жүк тасымалдары рұқсатсыз жүзеге асырылады.
7-бап. Жүк тасымалдарын жүзеге асыру тәртiбi
1. Осы Келiсiмде көзделген жүк тасымалдарын өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат берiлген тасымалдаушылар ғана орындай алады.
2. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлiк құралдарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы тиiс. Жүк автомобильдерiнде немесе автомобиль тартқыштарында Тараптардың тиiстi мемлекеттерiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болған жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа мемлекеттiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы мүмкiн.
8-бап. Салмақ және көлемдер
1. Бiлiкке түсетiн жүктеме мен көлемдi қоса алғандағы көлiк құралының салмағы көлiк құралының ресми тiркелген көрсеткiшiне сәйкес болуы тиiс және қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген шектеулерден аспауы тиiс.
2. Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген салмақтық және/немесе көлемдiк шектеулерден асқан жағдайда, тасымалдаушыда осы Тараптың тиiстi ведомствосы берген арнайы рұқсат немесе ұсыным болуы қажет.
9-бап. Қауiптi жүктердiң тасымалы
Қауiптi жүктердi тасымалдау Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап. Каботаж
Каботажға тыйым салынады.
11-бап. Алымдар мен салықтар
1. Осы Келiсiм негiзiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша тасымалдарды жүзеге асыратын, Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген көлiк құралдары, оның iшiнде жеңiл автомобильдер қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында белгiленген барлық арнайы альбомдар мен баждар сияқты жалпыға бiрдей пайдаланымдағы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшiн төленетiн мыналардан басқа, салықтар мен алымдардан өзара негiзде босатылады:
а) балама ақысыз жолдар болған кезде, ақылы жолдардың инфрақұрылымын пайдаланғаны үшiн алымдар (коммерциялық жолдарды, көпiрлер мен туннельдердi пайдаланғаны үшiн төленетiн баждар);
в) аумағы бойынша тасымал жүзеге асырылатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген көлiк құралдарының салмағы, көлемi немесе жүктемесi шегiнен асқаны үшiн төленетiн алымдар.
2. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн мынадай материалдар кедендiк алымдар мен салықтардан өзара негiзде босатылады:
а) көлiк құралын шығарушының стандартты отын бактарындағы отын;
в) тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде осы көлiк құралын пайдалану үшiн қажеттi мөлшердегi жанар-жағармай материалдары;
c) осы көлiк құралын ағымдағы жөндеуге арналған немесе екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы бұзылған көлiк құралын жөндеу үшiн қажеттi қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар.
3. Құрал-саймандар мен пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер Тарап мемлекетi аумағынан әкетуге жатады. Ауыстырылған қосалқы бөлшектер де әкетуге жатады немесе тиiстi Тараптың кеден органдарының бақылауымен жойылуға тиiс.
12-бап. Юрисдикция
1. Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары және олардың экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезде мыналардан туындайтын мiндеттемелердi сақтауға мiндеттi:
а) олардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық келiсiмдерден;
в) осы келiсiмнен;
с) олар аумағында болатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасынан.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген заңнамалар мен халықаралық шарттар екi мемлекеттiң тасымалдаушыларына ұлты немесе құрылған жерi бойынша кемсiтушiлiктi болдырмау үшiн бiрдей қолданылады.
13-бап. Аралас комиссия
1. Тараптардың құзыреттi органдары Аралас комиссияны мыналарды:
а) осы Келiсiмдi қолдануға және түсiндiруге байланысты ағымдағы мәселелердi шешудi;
в) осы Келiсiмдi орындау қорытындыларын талқылауды және автомобиль тасымалдарын дамыту үшiн ұсыныстар енгiзудi;
с) осы Келiсiмнiң мәтiнiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар дайындауды қамтамасыз ету мақсатында құрады.
2. Аралас комиссия Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органының өтiнiшi бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында кезекпен жиналады.
14-бап. Даулар мен келiспеушiлiктердi шешу
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар консультациялар және келiссөздер жолымен шешiм қабылдайтын болады.
15-бап. Өзгерiстер мен толықтырулар
Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн Тараптардың келiсiмi кезiнде енгiзiледi және осы Келiсiмнiң 16-бабының 1-тармағына сәйкес күшiне енедi.
16-бап. Күшiне енуi және қолданылу мерзiмi
1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың аяқтағаны туралы хабарламалармен алмасқан күнiнен бастап кyшiне енедi.
2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады.
3. Кез келген Тарап кез келген уақытта екiншi Тарапқа осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату туралы хабарлама жiбере алады. Осы жағдайда осы Келiсiмнiң қолданысы, егер көрсетiлген мерзiм iшiнде Тараптардың өзара уағдаластығы негiзiнде хабарлама керi қайтарылып алынбаса, екiншi Тарап хабарламаны алғаннан кейiн 6 (алты) айдан соң тоқтатылады.
4. Осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап 1993 жылғы 1 маусымда Алматы қаласында жасалған "Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Грузия Республикасы Yкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм" өз қолданысын тоқтатады.
2007 жылғы "_____"_________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, грузин және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмдi оқуда айырмашылық болған кезде орыс тiлiндегi мәтiнге басымдық берiледi.
Қазақстан Республикасының Грузия
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн