Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының аумағында Еуразиялық экономикалық
қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің болу жағдайлары туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы арасындағы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының аумағында Еуразиялық
экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің болу жағдайлары туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы арасындағы келісімді ратификациялау туралы
2002 жылғы 25 қаңтарда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының аумағында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің болу жағдайлары туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы арасындағы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының аумағында Еуразиялық экономикалық
қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің болу жағдайлары туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық
қоғамдастығы арасындағы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы,
халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастығын құру жөніндегі Шартты және 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасы аумағында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің қызметі үшін тиісті жағдайлар жасау мақсатында,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінің орналасқан жері Алматы қаласы болып табылатынын назарға ала отырып.
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мақсаттары үшін:
"ЕурАзЭҚ" немесе»Қоғамдастық» - Еуразиялық экономикалық қоғамдастық;
"Интеграциялық Комитет" - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті;
"Бас хатшы" - ЕурАзЭҚ (Мемкеңесаралық) Мемлекетаралық Кеңесі тағайындайтын Қоғамдастықтың жоғары әкімшілік лауазымды тұлғасы;
"Бас хатшының орынбасары" - осы мемлекет квотаға бекітуі негізінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің ұсынуына сәйкес Интеграциялық Комитеті Бас хатшының орынбасары қызметіне бекітетін лауазымды тұлға;
"лауазымды тұлғалар" - тізбесін Мемлекетаралық Кеңес белгілейтін әрбір мүше мемлекет үшін бекітілетін лауазымдар квоталарына сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ұсынуы бойынша Интеграциялық Комитет бекітетін тұлғалар;
"қызметкерлер" - ЕурАзЭҚ органдарында, техникалық және қызмет көрсетушілерді қоспағанда, олармен жасасқан еңбек шарттары (келісім-шарттар) негізінде мамандар ретінде жұмыс істейтін адамдар;
"Құзыретті органдар" - Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
"Интеграциялық Комитеттің үй-жайлары" - ЕурАзЭҚ-тың ресми мақсаттарына, Қоғамдастықтың Бас хатшысы мен лауазымды адамдары тұру үшін пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бөліктері (олардың меншікті құқы кімге жататынына қарамастан), сондай-ақ осы ғимараттар немесе ғимараттардың бөліктері орналасқан жер телімдері;
"Интеграциялық Комитеттің мүлкі" - Интеграциялық Комитетке жататын немесе оның иелігіндегі және олар өздерінің ресми функцияларын орындау кезінде басқаруында болатын және басқа да активтерді қоса алғанда барлық мүліктер;
"Интеграциялық Комитеттің мұрағаты" - Интеграциялық Комитетке жататын немесе оның иелігіндегі болатын құжаттар, хат-хабарлар және басқа да құжаттар.
2-бап
Интеграциялық Комитет Қазақстан Республикасының аумағындағы коммерциялық қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ заңды тұлға болып табылады және ішінара мыналарға:
шарттар жасасуға;
жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін сатып алуға және оларды басқаруға;
кез келген валютадағы банктік шоттарды ашуға және жүргізуге;
Қазақстан Республикасының шегінде немесе Қазақстан Республикасынан шетелдік мемлекетке және керісінше өзінің ақша қаражатын аударуға;
сотта іс қозғауға және соттық іс қарауларға қатысуға құқылы.
Осы бапта көзделген құқықтарды Интеграциялық Комитеттің атынан Бас хатшы немесе ол жоқ кезеңде осындай құқық берілген Бас хатшының орынбасары жүзеге асырады.
3-бап
Қазақстан Республикасы Интеграциялық Комитетке олардың өз функцияларын жүзеге асыруы үшін қажетті үй-жай береді.
Интеграциялық Комитетке берілген үй-жайларды иелену мен пайдалану тәртібі және шарттары тиісті өкімет орындары мен Интеграциялық Комитет арасындағы жеке шарттармен белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Интеграциялық Комитетке қызмет бабындағы пәтерлердің қажетті санын Интеграциялық Комитет Хатшылығының Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын лауазымды адамдары (квоталық қызметкерлер) үшін бөледі.
4-бап
Интеграциялық Комитеттің үй-жайларына және оның мүлкіне қол сұғылмайды.
Құзыретті органдар өкілдері Бас хатшының немесе ол болмаған жағдайда, оның орынбасарының келісімінсіз және олар мақұлдаған шарттарсыз Интеграциялық Комитеттің үй-жайларына кіре алмайды.
Құзыретті органдар шешімі бойынша Интеграциялық Комитеттің үй-жайларында кез келген іс-әрекетті орындау Бас хатшының немесе оның орынбасарының келісімімен ғана орын алуы мүмкін.
Интеграциялық Комитеттің үй-жайлары Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қудаланатын немесе шетелдік мемлекетке берілуі тиіс адамдар үшін баспана қызметін атқара алмайды.
Интеграциялық Комитеттің үй-жайларына қол сұқпаушылық оларды ЕурАзЭҚ функцияларына немесе міндеттеріне сыйыспайтын немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделеріне нұқсан келтіретін мақсаттарға пайдалануға құқық бермейді.
5-бап
Қазақстан Республикасының кез келген басып кіруден немесе нұқсан келтіруден Интеграциялық Комитеттің үй-жайларын қорғау үшін тиісті шаралар қабылдайды. Интеграциялық Комитеттің үй-жайларын күзету жөніндегі шығыстар Интеграциялық Комитеттің қаражаты есебінен жүргізіледі.
6-бап
Интеграциялық Комитет өзінің функцияларын орындау үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында өз үй-жайлары шегінде қолданатын ішкі тәртіп ережелерін орнатуға құқылы.
7-бап
Интеграциялық Комитет өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік билігінің құзыретті органдарымен алдын ала келіспей-ақ өздері орналасқан орны бойынша қеңестер немесе басқа да іс-шаралар өткізуге құқылы.
8-бап
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Интеграциялық Комитеттің мүлкі тінтуден, реквизициялаудан, экспроприяциялаудан, тәркілеуден немесе соттық араласудың өзге де нысандарынан иммунитетті пайдаланады, оған мынадай жағдайлар:
а) Интеграциялық Комитетке, оның лауазымды адамына немесе қызметкеріне тиесілі немесе Интеграциялық Комитеттің атынан пайдаланылатын көлік құралы арқылы болған оқиғаға байланысты зиянды өтеу туралы, егер бұл зиян сақтандыру төлемі есебінен өтелмесе Интеграциялық Комитетке, оның лауазымды адамына немесе қызметкеріне қойылатын азаматтық талаптар;
ә) Интеграциялық Комитеттің, оның лауазымды адамының немесе қызметкерінің әрекеті немесе әрікетсіздігі арқылы азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы Интеграциялық Комитетке, оның лауазымды адамына немесе қызметкеріне қойылатын азаматтық талап қосылмайды.
9-бап
Интеграциялық Комитет қызмет көрсетудің (қызметтердің) нақты түрлері үшін төлем болып табылатындарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында алынатын тікелей салықтар мен алымдардан, баждардан және басқа да төлемдерден босатылады.
Интеграциялық Комитеттің ресми пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүлік Қазақстан Республикасында кедендік баждар, салықтар және осыған байланысты алымдар салудан босатылады, бұған осыған арналған белгілі орындардан тыс сақтау, кедендік ресімдеу немесе тиісті кедендік органның халықаралық ұйымдар үшін көзделген тәртіппен қызмет көрсетудің осындай түрінің жұмыстан тыс уақыты үшін алынатын алымдар қосылмайды.
10-бап
Интеграциялық Комитеттің мұрағаттары қол сұғылмайды. Интеграциялық Комитеттің хабарлары мен қатынас қағаздары цензуралауға жатпайды. Бұл иммунитет Интеграциялық Комитет пен оның лауазымды адамдары алған немесе жөнелткен баспа, фотосурет, аудиокөрілім өнімдеріне және берілу тәсіліне қарамастан, басқа да ақпарат нысандарға қолданылады.
11-бап
Интеграциялық Комитет өз ғимараттарына жалау, эмблема немесе ЕурАзЭҚ-тың басқа рәміздерін орналастырады, сондай-ақ Қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің туларын іле алады.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.
13-бап
Интеграциялық Комитет Қазақстан Республикасының аумағында қызметін тоқтатқан жағдайда, Қазақстан Республикасында қатысушысы Интеграциялық Комитет болып табылатын барлық мүліктік және мүліктік емес қатынастарды реттегеннен соң осы Келісім күшін жояды.
14-бап
Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан Республикасының орындалғаны туралы жазбаша хабарлама, депозитарий болып табылатын Интеграциялық Комитетке тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
2002 жылғы "25" қаңтарда Алматы қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық
Үкіметі үшін қоғамдастығы үшін