Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. 2006 жылғы 7 қарашада Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы
КЕЛІСІМ
(2007 жылғы 21 мамырда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы Өзара қатынастар негіздері және ынтымақтастық туралы 1993 жылғы 14 ақпандағы келісімді негізге ала отырып,
екі мемлекет арасында дипломатиялық паспорттар иелерінің өзара сапарлары тәртібін реттеу ниетін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Дипломатиялық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, сондай-ақ транзитпен өте алады. Бұл ретте олардың болу мерзімі келген кезінен бастап отыз күнге тең болады, бірақ ол бір күнтізбелік жылдың ішінде тоқсан күннен аспауы тиіс.
2-бап
Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің қызметкерлері, сол сияқты дипломатиялық паспорттары бар олардың отбасы мүшелері, екінші Тарап мемлекетінің аумағына, сол елде тіркелген барлық мерзім ішінде, визасыз келуге құқылы.
3-бап
Дипломатиялық паспорттары бар Тараптар мемлекеттері азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуі, кетуі және транзитпен өтуі халықаралық қатынастар үшін ашық, екі мемлекеттің ресми өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.
4-бап
1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында немесе 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді екінші Тарап мемлекетінде иемденбейтін, бір Тарап мемлекетінің азаматтары дипломатиялық паспорттар иелері - осы екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде оның ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
Осы Келісім - дипломатиялық паспорт иесі болып табылатын және келуі»"қолайсыз" деп есептелетін екінші Тараптың кез келген азаматының өз мемлекетінің аумағына келуінен бас тарту немесе оның болу мерзімін қысқарту сияқты әрбір Тараптың құқығын жоққа шығармайды.
5-бап
Тараптар дипломатиялық арналар бойынша дипломатиялық паспорт үлгілерімен алмасады.
Тараптардың әрқайсысы өзінің дипломатиялық паспортына өзгеріс енгізген жағдайда, оларды қолданысқа енгізгенге дейін кем дегенде 60 күн бұрын екінші Тарапқа осы туралы хабарлауға міндетті.
6-бап
Дипломатиялық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында паспортын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, осы туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына хабарлауы тиіс, олар осы адамдарға дипломатиялық паспорттың жоғалғанын немесе бүлінгендігін тіркеуді растайтын құжат береді.
7-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалармен ресімделеді.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде пікір алшақтығы туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешетін болады. Әрбір Тарап осындай келіссөздерге және консультацияларға қатысуына байланысты шығынды дербес түрде көтереді.
9-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын Тараптардың бірі алған күннен бастап екі ай өткенге дейін күшінде қалады.
Астана қаласында 2006 жылы 7 қарашада әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
ҚАЗАҚСТАН ЕГИПЕТ АРАБ
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН