"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі N 348 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер- Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізілсін:
      1. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 2-3, 25-құжат; 2001 ж., N 20, 258-құжат; 2002 ж., N 5, 50-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат; N 13, 74-құжат; 2005 ж., N 17-18, 73-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 24, 148-құжат):
      3-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-2) мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік ұйымның құрылымдық бөлімшелері мен лауазымды адамдары арасындағы іс-әрекет реттілігін, өзара іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      1-3) мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет көрсетудің сан, сапа және қол жетімділік көрсеткіштерінің нормативтік маңызын, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібін әрі жеке және заңды тұлғалардың белгіленген сан мен сападағы мемлекеттік қызметтерді алуға арналған құқығын қамтамасыз ететін, орындалуы міндетті өзге де нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;".
      2. "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 20, 379-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат):
      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 2-2, 2-3, 2-4, 2-5-тармақтармен толықтырылсын:
      "2-2. Мемлекеттік қызметтер деп жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет атынан және тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын қызмет ұғынылады.
      2-3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет көрсетулердің сан, сапа және қол жетімділік көрсеткіштерінің нормативтік маңызын, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібін әрі жеке және заңды тұлғалардың белгіленген сан мен сападағы мемлекеттік қызмет көрсетулерді алуға арналған құқығын қамтамасыз ететін, орындалуы міндетті өзге де нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.
      2-4. Мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік ұйымның құрылымдық бөлімшелері мен лауазымды адамдары арасындағы іс-әрекет реттілігін, өзара іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды айқындайтын»нормативтік құқықтық акт.
      2-5. Мемлекеттік қызметтер тізілімі - олардың ұсынылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдарды көрсете отырып, республикалық және жергілікті деңгейде көрсетілетін, біртектес қызметтердің топтары мен кіші топтарын қамтитын мемлекеттік қызмет тізбесі.";
      2) 3-бап 11) тармақшадағы»"принциптеріне негізделеді" деген сөздердің алдынан ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
      "12) мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы";
      3) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
      "9-1-бап. Регламенттер мен стандарттар
      1. Мемлекеттік орган өзінің қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды.
      2. Мемлекеттік орган ішкі қызметі мен мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламентін қабылдайды.
      Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламенті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін әрбір мемлекеттік қызмет бойынша қабылданады.
      3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламенті, мемлекеттік органның регламенті Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен бекітілетін үлгі стандарттар мен регламенттер негізінде әзірленеді.
      Заңнамада белгіленген жағдайда мемлекеттік органдар мемлекеттік функцияларды орындау регламентін және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл регламентін қабылдайды.";
      4) 13-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен
толықтырылсын:
      "Қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.";
      5) мынадай мазмұндағы 15-1 және 15-2-баптармен толықтырылсын:
      "15-1-бап. Мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру
      1. Мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік органдар, мемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс шарттарына сәйкес қызметтерді ұсынатын жеке және заңды тұлғалар көрсетеді.
      2. Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызмет мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламентінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қызметтер тізілімін бекітеді.
      4. Мемлекеттік қызмет көрсету субъектілері көрсету үшін мемлекеттік ұйымдардан қосымша алу қажет болатын қызметтерді ұсыну кезінде, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалардан оны талап етпестен қажетті ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.
      15-2-бап. Мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтерді ұсынуы
      1. Жеке мен заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсыну үшін
мемлекеттік органдар веб-сайттар құрады.
      2. Мемлекеттік органдардың веб-сайттары мыналарды қамтуға тиіс:
      1) мемлекеттік органның қызметі туралы жалпы ақпарат;
      2) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері мен оның
ведомстволық бағынысты ұйымдарының тізбесі, сондай-ақ олардың
басшылары туралы мәліметтер;
      3) аумақтық органдардың (олар болған кезде) тізбесі, олардың міндеттері мен функциялары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер;
      4) мемлекеттік органның қарамағындағы тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбесі;
      5) азаматтар мен ұйымдарға ұсынылатын жалпыға қол жетімді
электрондық ақпараттық ресурстар мен электрондық қызметтердің тізбесі;
      6) мемлекеттік орган қабылдаған және қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілер;
      7) заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік орган қарауға қабылдайтын өтініш құжаттарының нысандары;
      8) ашық конкурстар, аукциондар, тендерлер, сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтер және оларды өткізу шарттары, сондай-ақ оларға заңды және жеке тұлғалардың қатысу шарттары;
      9) мемлекеттік органда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы ақпарат, азаматтарды қабылдау кестесі, өтініштерге шолулар, оларды қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпарат;
      10) азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру тәртібі, мемлекеттік органның бос лауазымдары туралы мәліметтер, мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары. Мемлекеттік органдағы бос лауазымға орналасуға қатысты ақпарат алуға болатын телефон нөмірлері;
      11) мемлекеттік органдар басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөз сөйлеулері мен мәлімдемелерінің мәтіндері;
      12) "Сұрақ-жауап" сервисінің болуы;
      13) азаматтардың интерактивті сауалдары;
      14) жаңалықтар легі;
      15) мемлекеттік органның құзыретіне қатысты бөлігінде саланың даму жай-күйі мен серпінін сипаттайтын статистикалық деректер мен көрсеткіштер;
      16) мемлекеттік органның қызметі туралы талдамалық баяндамалар мен ақпараттық сипаттағы шолулар;
      17) мемлекеттік органның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының почталық мекен-жайлары, электрондық почта мекен-жайлары, анықтама қызметтерінің телефондары;
      18) өзге де тараулар.
      3. Мемлекеттік органның веб-сайтында жаңалықтар легін өзекті ету күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге де бөлімдерді өзекті ету қажеттілігіне қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      4. Ақпарат веб-сайтқа осы Заңның 13-бабы 4-тармағының талаптары ескеріле отырып орналастырылады.
      5. Мемлекеттік органдардың интерактивті және транзакциялық
қызметтерді ұсынуы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы
заңнамасына сәйкес "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге
асырылады.".
      2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады