Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы N 410 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Есболайұлы Мусинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2007 жылғы 22 мамырдағы 
N 410 қаулысымен    
мақұлданды       

      Жоба

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атынан үкіметтері,
      өз мемлекеттерінің экономикасын дамыту, халқының әл-ауқатын және әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру үшін электр энергетикасының зор маңызын ескере отырып,
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру мақсатында,
      ТМД-да адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық кеңістік құруды қалыптастыруға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасы мен электр энергетикасы салаларының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған күш-жігерді біріктірудің объективті қажеттілігіне сүйене отырып,
      мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сыртқы сауда көлемінің өсуіне, электр энергетикасы саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарды пайдалануға ұмтыла отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы жүйелерінің қосарлас жұмысын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 25 қарашадағы шартты басшылыққа ала отырып,
      ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің 2005 жылғы 25 қарашадағы шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын (бұдан әрі - Тұжырымдама) негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығы - электр энергиясын және ілеспе қызметтерді сатып алу-сатуға байланысты, жалпы ережелер мен тиісті шарттардың негізінде әрекет ететін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің субъектілері арасындағы қатынастар жүйесі;
      электр энергиясы - оны өндіру мен тұтынудың бір мезгілділігін сипаттайтын және оның параметрлерін берілген шектерде тұрақты және үздіксіз ұстап тұруды талап ететін тауардың ерекше түрі;
      шаруашылық жүргізуші субъект - мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес электр энергиясын өндіруге, беруге немесе таратуға, сондай-ақ оны сатып алу-сатуға байланысты қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыратын заңды тұлға;
      құзыретті орган - осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарды үйлестіру үшін әрбір Тарап тағайындайтын орган.

  2-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын құруды электр энергетикасы саласындағы мемлекетаралық қатынастарды дамытудың басым бағыты деп санайды.

  3-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығы тең құқықтық, адал бәсекелестік пен өзара пайда қағидаттарына негізделетін Достастыққа қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы біртұтас нарықтық кеңістігін қалыптастыру мақсатында құрылады.

  4-бап

      Тараптар электр энергетикалық жүйелердің қосарлас жұмысының экономикалық, техникалық және технологиялық артықшылықтарын пайдалану негізінде ортақ электр энергетикалық нарық құрудың ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тұтынушыларға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанын мойындайды.

  5-бап

      Тараптар Тұжырымдаманың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құрылатын ортақ электр энергетикалық нарығының нормативтік-құқықтық құжаттарын әзірлеу үшін негіз құраушы құжат болып табылатынына келісті.

  6-бап

      Тараптар электр энергетикасы саласындағы ұлттық заңнаманың үйлесімділігін, сондай-ақ Тұжырымдамаға сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын құруға қажетті басқа да түбегейлі өзгерістерді қамтамасыз етеді.

  7-бап

      Тараптар ТМД-га қатысушы мемлекеттер экономикасының дамушы нарықтың жағдайына біртіндеп бейімделу мүмкіндігін, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі тұтынушыларды электрмен жабдықтауды сенімді қамтамасыз ету және өмірдің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі шаралардың сақталуын қамтамасыз ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын кезең-кезеңмен қалыптастыруды жүзеге асырады.

  8-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығы шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар саласына жатқызылған Тараптар субъектілерінің қызметтеріне қол жетімділігінің кемсітпеушілік шарттарын жасауға жәрдемдеседі.

  9-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру мен дамытуды қамтамасыз ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде бірыңғай ақпараттық кеңістік құруға келісілген шараларды қабылдайды.

  10-бап

      Осы Келісімді іске асыру үшін Тараптар құзыретті органдарды белгілейді, ол туралы осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде ТМД-ның Атқарушы комитетін хабардар етеді.

  11-бап

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 12 ай ішінде ТМД-ның Электр энергетикалық Кеңесінің Атқарушы комитетіне ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын дайындауға және оған кіруге бағытталған өздерінің негізгі іс-шараларының жоспар-кестелерін ұсынады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Электр энергетикалық Кеңесінің Атқарушы комитеті олардың негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастырудың жиынтық жоспар-кестесін дайындайды және оны ТМД-ның Электр энергетикалық Кеңесіне бекітуге ұсынады.

  12-бап

      ТМД-ның ортақ электр энергетикалық нарығын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру үкіметаралық органдардың тарапынан ТМД-ның Электр энергетикалық Кеңесіне жүктеледі.
      ТМД-ның Электр энергетикалық Кеңесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын дайындауға және оған кіруге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспарларын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іске асыру барысына тұрақты мониторинг өткізеді.

  13-бап

      Тараптардың құзыретті органдары ТМД-ның Электр энергетикалық Кеңесін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қозғайтын ұлттық заңнамадағы өзгерістер туралы олар күшіне енген күнінен бастап бір ай ішінде хабардар етеді.

  14-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

  15-бап

      Осы Келісім Тараптардың олар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  16-бап

      Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап, ал заңнамасы оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап ететін мемлекеттер үшін аталған рәсімдердің орындалғандығы туралы хабарлама депозитарийге сақтауға берілген күннен бастап күшіне енеді. Осындай рәсімдерді өткізудің қажеттігі туралы Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап үш ай ішінде депозитарийге хабарлайды.

  17-бап

      Осы Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қосылуы, сондай-ақ мұндай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін үшінші мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Үшінші мемлекеттердің қосылуы, егер Тараптардың бір де бірі тиісті хабарламаны депозитарийге жіберу жолымен үш айдың ішінде осындай қосылуға қарсы шықпаса, күшіне енген болып саналады.

  18-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен ресімделеді. Өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

  19-бап

      Тараптардың әрқайсысы шығатын күнге дейін бір жылдан кешіктірмей бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісім бойынша туындаған барлық міндеттемелерді орындап, осы Келісімнен шыға алады.
      ________ жылғы ____________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
 
        Әзірбайжан Республикасының      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін      

      Армения Республикасының         Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының        Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      Грузия                          Түркіменстан Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының       Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының          Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады