Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ
:
1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағына террористік, сепаратистік және экстремистік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың кіру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағына
террористік, сепаратистік және экстремистік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың кіру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы тиімді күресті қамтамасыз ету мақсатында,
Тараптар мемлекеттерінің аумағына террористік, сепаратистік және экстремистік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың кіруі Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретінін түсіне отырып,
2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы келісім ережелерін басшылыққа ала отырып,
терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күреске бағытталған тиімді шараларды қабылдауда өзара мүдделіліктен шыға отырып,
ұлттық заңнаманы және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаты үшін онда қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
"бұзушылар" - 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясында анықталғандағыдай терроризм, сепаратизм және экстремизм іс-әрекеттерін жасағаны үшін немесе жасағанына сезік тудыруы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдары халықаралық іздеу жариялаған адамдар;
"кіру арналары" - бұзушылардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына заңды және заңсыз кіру жолдары.
Кіру арналарын анықтау және жабу жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында Тараптар ынтымақтасады және өз қызметін үйлестіреді, Тараптар мемлекеттері мемлекеттік органдарының, қоғамдық және өзге де ұйымдарының, азаматтарының күш-жігерін біріктіреді, сондай-ақ көрсетілген мақсаттағы бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдаланады.
Тараптар осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін 30 күннің ішінде депозитарийді осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары кіру арналарын анықтау және жабу саласында мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
кіру арналарын анықтау және жабу саласында келісілген тәсілдерді әзірлеу;
кіру арналарын анықтау, оларға бақылау қою және (немесе) олардың жолын кесу;
Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіру үшін бұзушылар пайдаланатын тәсілдерді анықтау;
бұзушыларды анықтау, оларды ұстау бойынша келісілген шараларды жүзеге асыру;
кіру арналарын анықтау және жабу жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу кезінде үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау;
кіру арналарын анықтау және жабу бойынша бірлескен жоспарларды әзірлеу және іске асыру;
кіру арналарын анықтау және жабу мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру;
кіру арналарын анықтау және жабу мәселелері бойынша мамандар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
кіру арналарын анықтау және жабу проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;
кіру арналарын анықтау және жабу мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдар мен халықаралық форумдарға қатысу үшін ұстанымдарды келісу.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімнің 4-бабында атап көрсетілген мынадай нысандарда негізгі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
мыналарға:
- кіру арналарын анықтау және жолын кесу бойынша келісілген жедел іздестіру іс-шараларын өткізуге;
- бұзушыларды іздеуге және ұстауға;
- өзара мүдделілік тудыратын өзге іс-шараларды жүргізуге жәрдем көрсету туралы сұранымдарды (бұдан әрі - сұранымдар) орындау;
ақпарат алмасу:
- Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында терроризм, сепаратизм және экстремизмді жасау үшін кіру арналарын пайдалану туралы;
- кіру арналарын пайдалануға қатыстылығына сезік тудыратын адамдар және ұйымдар туралы;
- бұзушылардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіру арналарын пайдалануымен байланысты нақты фактілер және оқиғалар туралы;
- кіру арналарын пайдаланатын жекелеген адамдар мен қылмыстық топтар арасында орын алған немесе болжалды байланыстар туралы;
- ұйымдар мен жекелеген адамдардың кіру арналарын пайдалану
жөніндегі қызметінің нысандары мен әдістері туралы;
- бұзушылар пайдаланатын кіру арналары туралы;
- кіру арналарын қаржыландыру көздері туралы;
- кіру арналарын анықтау және жабу нысандары мен әдістері туралы ақпарат алмасу туралы сұрау салуларды орындау;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы
құрылымының деректер банкіне кіру арналарын анықтау және жабу
мәселелері бойынша ақпарат жіберу;
Тараптар мемлекеттерінің шекараларынан кесіп өтуге құқық беретін құжаттар үлгілерімен алмасу және Тараптар мемлекеттерінің аумақтарына кіруге, онда болуға және шығуға арналған құжаттарға қойылатын нысандар мен талаптардың өзгеруі туралы ақпарат беру;
жұмыс тәжірибесімен алмасу, соның ішінде кеңестер, конференциялар және семинарлар өткізу жолымен;
кіру арналарын анықтау және жабу мәселелері жөніндегі заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдермен, материалдармен алмасу.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы нысандарын белгілеуі мүмкін.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимыл осы Келісім шеңберінде сұрау салу негізінде, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің бірінің құзыретті органының бастамасы бойынша хабардар ету жолымен екі жақты және көп жақты форматта жүзеге асырылады.
Сұрау салу немесе ақпарат жазбаша нысанда жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу немесе ақпарат ауызша берілуі мүмкін, бірақ олар қажет болған кезде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып, жетпіс екі сағаттан кешіктірмей жазбаша түрде қайталануы тиіс.
Сұрау салудың немесе ақпараттың не олардың мазмұнының түпнұсқалылығына күдік туындаған жағдайда көрсетілген құжаттарды қосымша растауға немесе түсіндіруге сұрау салынуы мүмкін.
Сұрау салу мыналарды қамтуы тиіс:
сұрау салушы және сұрау салынатын құзыретті органның атауы;
сұрау салудың мақсаты мен негіздемесі;
сұрау салынатын жәрдем мазмұнының сипаттамасы;
сұрау салудың уақтылы және тиісті орындалуы үшін пайдалы болуы мүмкін басқа да ақпарат;
егер бұл қажет болса оның жабықтығының дәрежесін көрсету. Жазбаша нысанда берілген сұрау салуға немесе ақпаратқа жіберуші құзыретті органның басшысы және (немесе) оның орынбасарлары қол қояды немесе осы құзыретті органның елтаңбалық мөрімен куәландырылады.
Сұрау салынатын құзыретті орган сұрау салудың жылдам және мүмкіндігінше неғұрлым толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және оның келіп түскен күнінен бастап отыз тәуліктен аспайтын мерзімде оны қараудың нәтижелері туралы сұрау салушы құзыретті органды хабардар етеді.
Сұрау салудың орындалуына кедергі келтіретін немесе оны орындауды елеулі түрде кідіртетін жағдайлар туралы сұрау салушы құзыретті орган дереу хабардар етіледі.
Егер сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын құзыретті органның құзыретіне кірмесе, онда ол сұрау салуды өз мемлекетінің оны орындауға құзыреті бар басқа құзыретті органына береді және сұрау салушы құзыретті органды осы туралы дереу хабардар етеді.
Сұрау салынатын құзыретті орган өзінің пікірі бойынша сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерге сұрау салуы мүмкін.
Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады. Егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекеті заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмесе, сұрау салушы құзыретті органның өтініші бойынша сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылуы мүмкін.
Сұрау салынатын құзыретті орган, егер бұл оның Тарабы мемлекетінің заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы құзыретті органның өкілдеріне сұрау салуды орындау кезінде өз мемлекетінің аумағында болуға рұқсат бере алады.
Егер сұрау салынатын құзыретті орган сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да мәнді мүдделеріне залал келтіруі мүмкін немесе сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса оны орындау кейінге қалдырылуы мүмкін немесе оны орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
Егер осы баптың 6 немесе 7-абзацтарына сәйкес сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылса немесе оның орындалуы кейінге қалдырылса, бұл туралы сұрау салушы құзыретті орган жазбаша нысанда хабардар етіледі.
Егер алынған ақпарат пен құжаттар жабық сипатта болса немесе беруші Тарап оларды жария етуді қажет емес деп санаса, әрбір Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Ақпарат пен құжаттардың жабықтық дәрежесін беруші Тарап белгілейді.
Осы Келісімнің негізінде алынған ақпарат немесе сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз, оларға тиісінше сұрау салынған немесе ұсынылғаннан басқа, өзге мақсаттарға пайдаланылмайды.
Осы Келісімнің негізінде бір Тарап екінші Тараптан алған ақпарат пен құжаттар оларды ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа беруге жатпайды.
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды дербес өтейді.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың нәтижелерін талдау және бағалау, сондай-ақ оны жетілдіру жолдарын әзірлеу мақсатында Тараптар консультациялар мен кеңестер өткізуі мүмкін.
Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелерді консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланады.
Осы Келісім Тараптардың келісімімен хаттама жасау арқылы осы Келісімнің 15-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және депозитарий Тараптардың осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысандағы төртінші хабарламаны алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Осы Келісімге қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмелерін жіберетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
Депозитарий Тараптан оның осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы хабарлама алған күннен бастап он бес күн ішінде бұл туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушылар болып табылатын мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін депозитарий оның қосылуы туралы құжатты алған күнінен бастап отызыншы күні осы Келісім күшіне енеді.
Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына оның мемлекеті қатысушы болып тұрған кез келген Тарапқа қатысты күшінде қалады.
2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай қаласында, орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін