Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2006 жылғы 15 желтоқсанда Ұлан-Батор қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолия Үкіметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолия Үкіметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолия Үкіметі,
1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолия Үкіметі арасындағы Достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,
осы Келісімнің үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғамайтындығын ескере, Тараптардың қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ұмтылысын дәлелдей отырып,
тең құқылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген қорғаныс саласындағы тиімді, дәйекті және мақсатқа бағытталған ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар арасында әскери саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар мыналар болып табылады:
қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
монғол Тарабынан - Монғолия Қорғаныс министрлігі.
Тараптар әскери қызметтің мынадай салаларында ынтымақтасады:
1) кадрларды даярлау;
2) халықаралық бітімгершілік қызмет;
3) әскери-ғылыми қызмет және әскери тарих;
4) тылдық қамтамасыз ету, менеджмент, мүлікті өндіру және олармен қамтамасыз ету;
5) әскери медицина;
6) әскери-техникалық қызмет;
7) сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шаралар;
8) өзара мүддені білдіретін басқа да бағыттар.
1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) әскери делегациялардың өзара сапарлары;
2) әскери мамандармен және сарапшылармен өзара алмасу;
3) әскери оқу орындары арасында байланыс орнату, оқытушылармен, курсанттармен және тәрбиеленушілермен алмасу, оқуды жетілдіруге бағытталған ақпаратпен және тәжірибемен алмасу;
4) бірлескен оқу-жаттығуларды, семинарларды, симпозиумдар мен конференцияларды ұйымдастыру;
5) бір Тарап ұйымдастыратын халықаралық сипаттағы спорттық, мәдени және басқа іс-шараларына екінші Тараптың қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
6) өзара келісім бойынша басқа да нысандар.
2. Тараптар осы Келісімді іске асыруға бағытталған шараларды қабылдайды және оның орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
5-бап
Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспары
1. Осы Келісімнің негізінде уәкілетті органдар екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарын әзірлейді.
2. Уәкілетті органдар ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарының жобасына енгізу үшін ұсыныстармен алмасады.
3. Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспары іс-шаралардың атауын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімі мен орнын, адамдар санын және іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты басқа мәселелерді қамтиды.
4. Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарына жоспарды іске асыратын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейін Тараптардың уәкілетті органдарының өкілдері қол қояды.
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды өз бетінше көтереді.
1. Тараптар әскери ынтымақтастық және жүзеге асырылатын іс-шаралар барысында алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге міндеттенеді. Ынтымақтастық процесінде берілетін және алынатын ақпарат басқа Тарапқа залал келтіре отырып пайдаланылмайды.
2. Осы Келісімді іске асыру процесінде Тараптардың бірі алған ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге және жұртшылыққа жария етуге мұндай ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
8-бап
Басқа халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелер
Осы Келісім олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды, сондай-ақ басқа мемлекеттердің мүдделеріне, аумақтарының қауіпсіздігіне және қолсұғылмаушылығына қарсы қолданылмайды.
9-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Даулар мен келіспеушіліктерді шешу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.
11-бап
Келісімнің қолданылу мерзімі
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің қолданылуы егер Тараптардың ешқайсысы тиісті бір жыл мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жібермесе, келесі жылдық мерзімдерге өздігінен ұзартылады.
2006 жылғы "__"__________ __________, 15 желтоқсанда Ұлан-Батор қаласында әрқайсысы қазақ, монғол және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Монғолия Үкіметі үшін
Үкіметі үшін