Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттамаға қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 қыркүйектегі N 802 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 1966 жылғы 19 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттамаға қол қою жөніндегі ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТІГЕ
ФАКУЛЬТАТИВТІК ХАТТАМА

       Осы Хаттамаға қатысатын мемлекеттер ,
      Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пактінің (бұдан әрі - Пакт деп аталатын) мақсаттарына алдағы уақытта қол жеткізу және оның қаулыларын жүзеге асыру үшін өздерінің Пактіде баяндалған қайсыбір құқықтарының бұзылуының құрбаны болып табылатындығына сендіретін жекелеген адамдардың хабарламаларын, осы Хаттамада көзделгеніндей, қабылдау мен қарау мүмкіндігін Пактінің IV бөлімінің негізінде құрылған Адам құқықтары жөніндегі комитетке (бұдан әрі - Комитет деп аталатын) беру орынды болатынын  назарға ала отырып ,
       төмендегілер туралы келісті :

1-бап

      Осы Хаттаманың қатысушысы болатын Пактіге қатысушы мемлекет - Пактіде баяндалған қайсыбір құқықтарын осы қатысушы мемлекеттің бұзуының құрбаны болып табылатындығына сендіретін, оған тиесілі заңды тұлғалардың хабарламаларын Комитеттің қабылдау және қарау құзіретін таниды. Комитет, осы Хаттаманың қатысушысы болып табылмайтын, Пактіге қатысушы мемлекетке қатысты болса, ондай бірде-бір хабарламаны қабылдамайды.

2-бап

      Пактіде санамаланған құқықтарының қайсыбірі бұзылды деп сендіретін және де құқықтық қорғаудың қолда бар барлық ішкі құралдарын тауысқан адамдар 1-баптың ережелерін сақтаған жағдайда, Комитеттің қарауына жазбаша хабарлама тапсыра алады.

3-бап

      Комитет осы Хаттамаға сәйкес ұсынылған, иесі көрсетілмеген немесе оның пікірінше, осындай хабарлама беру құқығын теріс пайдалану болып табылатын немесе Пактінің ережелеріне сай келмейтін кез келген хабарламаны қабылдауға болмайды деп тани алады.

4-бап

      1. 3-баптың ережелері сақталған жағдайда Комитет оған осы Хаттамаға сәйкес тапсырылған Пактінің қайсыбір ережелері бұзылды деп сендіретін кез келген хабарламаны осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттің назарына жеткізеді.
      2. Хабарламаны алған мемлекет алты ай ішінде Комитетке осы мәселені және осы мемлекет қабылдауы мүмкін кез келген шараларды, егер ондайлар орын алған болса, түсіндіретін жазбаша түсініктемені немесе өтінішті тапсырады.

5-бап

      1. Комитет оған жекелеген адам және мүдделі қатысушы мемлекет ұсынған барлық жазбаша деректерді ескере отырып, осы Хаттамаға сәйкес алынған хабарламаларды қарайды.
      2. Комитет:
      а) осы мәселе халықаралық талқылаудың немесе реттеудің басқа рәсіміне сәйкес қаралмайтындығына;
      б) осы адамның құқықтық қорғаудың барлық қол жетімді ішкі құралдарын тауысқанына көз жеткізгенге дейін адамдардан келіп түскен қандай да бір хабарламаларды қарамайды. Бұл ереже осындай құралдарды қолдану орынсыз созылып кеткен жағдайларда қолданылмайды.
      3. Осы Хаттамада көзделген хабарламаларды қарау кезінде Комитет жабық отырыс өткізеді.
      4. Комитет өз ұйғарымдарын тиісті қатысушы мемлекетке және адамға хабарлайды.

6-бап

      Комитет Пактінің 45-бабында көзделген өзінің жыл сайынғы баяндамасына осы Хаттамаға сәйкес өз қызметі туралы қысқаша есеп енгізеді.

7-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1960 жылғы 14 желтоқсанда қабылдаған 1514 (XV) қарарының мақсаттарына қол жеткізгенге дейін, Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларацияға қатысты осы Хаттаманың ережелері бұл халықтарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерінің басқа да халықаралық конвенцияларымен және құжаттарымен берілген петиция беру құқығын қандай да бір түрде шектемейді.

8-бап

      1. Осы Хаттама Пактіге қол қойған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.
      2. Осы Хаттаманы Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің ратификациялауы тиіс. Ратификациялау грамотасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының сақтауына беріледі.
      3. Осы Хаттама Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      4. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысында қосылу туралы құжатты депоненттеу арқылы жүзеге асырылады.
      5. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттамаға барлық қол қоюшыларға немесе оған қосылушы мемлекеттерге әрбір ратификациялау грамотасының немесе қосылу туралы құжаттың депоненттелгені туралы хабарлайды.

9-бап

      1. Пакті күшіне енген жағдайда осы Хаттама оныншы ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы құжат Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысында депоненттелген күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.
      2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет үшін оныншы ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы құжат депоненттелгеннен кейін осы Хаттама оның жеке ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы құжаты депоненттелген күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.

10-бап

      Осы Хаттаманың қаулылары қандай да болсын шектеусіз немесе алып тастаусыз федеративтік мемлекеттердің барлық бөліктерінде қолданылады.

11-бап

      1. Осы Хаттамаға қатысушы кез келген мемлекет түзетулер ұсына алады және оларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тапсыра алады. Бас хатшы бұдан соң, ұсынылған кез келген түзетулерді, осы ұсынысты қарау және ол бойынша дауысқа салуды өткізу мақсатында қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақыруға олардың қалай қарайтындығын өзіне хабарлауды өтіне отырып, осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттерге жөнелтеді. Егер мұндай конференцияны шақыруды қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі жақтаса, Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында осы конференцияны шақырады. Осы конференцияға және дауыс беруге қатысатын және келген қатысушы мемлекеттердің көпшілігі қабылдаған кез келген түзету Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекітуіне ұсынылады.
      2. Түзетулер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткеннен кейін және осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттердің конституциялық рәсімдеріне сәйкес үштен екі көпшілігі қабылдағаннан кейін күшіне енеді.
      3. Түзетулер күшіне енген кезде, олар оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін міндетті болып табылады, ал басқа қатысушы мемлекеттер үшін осы Хаттаманың қаулылары және олар қабылдаған кез келген бұрынғы түзетулер міндетті болып қалады.

12-бап

      1. Әрбір қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының атына жазбаша хабарлама жіберу жолымен кез келген уақытта осы Хаттаманың күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшы әлгі хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.
      2. Күшін жою - күшін жою күшіне енетін күнге дейін 2-бапқа сәйкес ұсынылған кез келген хабарламаға осы Хаттаманың ережелерін қолдануды жалғастыруға кедергі келтірмейді.

13-бап

      Осы Хаттаманың 8-бабының 5-тармағына сәйкес жасалған хабарламаларға қарамастан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пактінің 48-бабының 1-тармағында айтылғандар туралы барлық мемлекеттерге хабарлайды, олар:
      а) 8-бапқа сәйкес қол қоюлар, ратификациялар және қосылулар;
      b) 9-бапқа сәйкес осы Хаттаманың күшіне енген күні және 11-бапқа сәйкес кез келген түзетулердің күшіне енген күні;
      с) 12-бапқа сәйкес күшін жоюлар.

14-бап

      1. Ағылшын, испан, қытай, орыс және француз мәтіндерінің заңдық құқы бірдей осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатында сақталуға тапсырылуы тиіс.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін Пактінің 48-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге жібереді.
      Осыны куәландыру үшін тиісті үкіметтерден қажетті түрде уәкілеттік алған төменде қол қоюшылар, қол қою үшін Нью-Йоркте бір мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылғы он тоғызыншы желтоқсанда ашылған осы Хаттамаға қол қойды.

Осымен 1966 жылғы 19 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында қол қойылған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманың мемлекеттік тілдегі аудармасының дәлме-дәлдігін куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Мемлекеттік тіл және құқықтық
      сараптама басқармасының бастығы

       Ескерту. Ағылшын тілдегі мәтіні қоса беріліп отыр

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады