Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы хаттаманың жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге
агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған
жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы
хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - Ұйым) мүше мемлекеттер,
Тараптардың біріне оған қарсы агрессия жасалған жағдайда қажетті көмек беру туралы 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабына сәйкес өз міндеттемелерін растай отырып,
әскери-техникалық көмекті осындай көмектің маңызды құрамдастарының бірі деп қарай отырып және оны жүзеге асыру тетігін пысықтау қажеттілігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін төменде аталған терминдер мынаны білдіреді:
әскери-техникалық көмек (бұдан әрі - Көмек) - көрсетілген Тарапқа қарсы агрессия актісін жасау қатері туындаған жағдайда немесе Тарап БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзінің жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын қолданғанда немесе Тарап терроризм актісінің немесе егемендікке және аумақтық тұтастыққа басқа да қатерлердің объектісіне айналғанда Тарап (Тараптар) Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін ұстау және қалпына келтіру мақсатында өтеусіз немесе өзге де жеңілдік негізде әскери мақсаттағы өнімді ұсыну;
әскери мақсаттағы өнім - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, қызмет көрсетулер, зияткерлік іс-қимыл нәтижелері, соның ішінде оларға ерекше құқықтар (зияткерлік меншік) және әскери-техникалық саладағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамасына, нормативтік құқықтық актілерімен әскери мақсаттағы өнімге жататын кез келген басқа да өнім;
уәкілетті орган - осы Хаттаманың 4-бабына сәйкес жауапкершілік жүктелген Тараптардың ұлттық заңнамасымен белгіленген мемлекеттік басқару органы;
әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік органдар және/немесе Тараптардың ұйымдары;
хабарлама - жеткізуші Тараптың уәкілетті органы алушы Тараптың уәкілетті органын және Ұйымның Бас хатшысын (бұдан әрі - Бас хатшы) өзінің әскери-техникалық көмек көрсету мүмкіндіктері мен шарттары туралы хабардар ететін құжат.
I. Жалпы ережелер
2-бап
Осы Хаттама мынадай жағдайлар (ахуалдар) үшін Көмек көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды:
агрессияға алдын ала анықталған даярлық, халықаралық терроризмнің ірі көлемді актілерін жоспарлау және бір немесе бірнеше Тараптың қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына басқа да сыртқы қатерлердің (бұдан әрі - агрессия қатері жағдайы) байқалу мүмкіндіктері кезінде;
агрессия, халықаралық терроризмнің ірі көлемді актілері жасалған және бір немесе бірнеше Тараптың қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына басқа да сыртқы қатер байқалған кезде.
3-бап
Көмек көрсету туралы өтінішті Тараптың (Тараптардың) Басшысы басқа Тараптардың Басшыларына жолдайды, ол туралы Бас хатшы хабардар етіледі. Өтініште әскери мақсаттағы өнімнің қажетті номенклатурасы, Көмек көрсету көлемі мен мерзімдері көрсетіледі.
4-бап
Әскери мақсаттағы өнім номенклатурасына, оның көлеміне, жеткізілімдерді практикалық жүзеге асыру шарттары мен, мерзімдеріне қатысты барлық мәселелерді келісу үшін жауапкершілік Тараптардың уәкілетті органдарына жүктеледі.
Әрбір Тарап Бас хатшыны осы Хаттаманың мақсаттары үшін тағайындалған уәкілетті орган туралы хабардар етеді, сондай-ақ ол өзгерген жағдайда дереу хабарлайды.
Бас хатшы Тараптарды басқа Тараптардың уәкілетті органдары туралы бірден хабардар етеді, сондай-ақ олар өзгерген жағдайларда хабарлап қояды.
5-бап
Ұйымның біріккен штабы:
Ұйымның Қорғаныс министрлері кеңесінің тапсырмалары негізінде Көмек көрсету жөніндегі Тараптар Басшыларының шешімдерін немесе Көмек көрсетудің әрбір нақты жағдайы бойынша Тараптардың уәкілетті органдары басшыларының өтініштерін іске асыру жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады;
практикалық оқу-жаттығулар мен жаттығулар барысында Көмек көрсету тетігін пысықтауды ұйымдастырады;
осы Хаттаманы іске асыру үшін қажетті қалыптасқан құжаттардың үлгілерін алдын ала әзірлейді және қажет болған жағдайда Тараптардың уәкілетті органдарымен келіседі.
II. Көмек көрсету тәртібі
6-бап
Осы Хаттама шеңберінде Көмек көрсету жөніндегі шешімдерді дайындау және іске асырудың мемлекетішілік тетігін Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әрбір Тарап айқындайды және ресімдейді, ол туралы Бас хатшы хабардар етіледі.
7-бап
Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі кез келген Тарапқа қарсы агрессия актісін жасау қатері ретінде бағалайтын ахуал туындаған жағдайда Тараптар олардың ұлттық заңнамасына сәйкес көмек береді.
Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасын даярлауды Бас хатшы жүзеге асырады. Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін келісу және оған қол қою жұмыс тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Жедел жағдайларда Көмек көрсету туралы шешімді әрбір Тарап дербес қабылдай алады және Тараптың (Тараптардың) Көмек көрсету туралы өтініші негізінде оның заңнамасына сәйкес іске асыра алады.
8-бап
Жеткізуші Тараптардың уәкілетті органдары әскери мақсаттағы өнім номенклатурасын, көлемін, мерзімін және жеткізу кезектілігін, сондай-ақ Көмек берілетін жағдайларын көрсетумен алушы Тараптың (алушы Тараптардың) қажеттілігін қанағаттандыру жөніндегі ұсыныстарын қалыптастырады және ол туралы алушы Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді.
9-бап
Көмек көрсету мәселелерін келісуден кейін уәкілетті органдар және/немесе әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері осы Көмекті көрсетуге тиісті келісім шарттар (шарттар) жасасады.
10-бап
Әскери мақсаттағы өнім номенклатурасына, Көмек көрсету көлеміне және шарттарына қатысты мәселелерді алушы Тараптардың уәкілетті органдары жеткізуші Тараптардың уәкілетті органдарымен алдын ала келісуі мүмкін.
11-бап
Агрессия актісі жасалған жағдайда, оған қатысты ол жүзеге асырылған Тарап (Тараптар) өтініш жасаған кезде әрбір Тарап Көмек көрсету жөніндегі шешімді дербес қабылдайды және алушы Тараптың уәкілетті органдарымен келісілген көлемде, шарттарда және тәртіпте олардың ішкі заңнамасына сәйкес іске асырады. Бұл ретте Көмек көрсету жөнінде шешім қабылдаған Тараптар Бас хатшыны алдағы іс-қимылдардың мақсаты мен мазмұны туралы хабардар етеді.
III. Көмек көрсету шарттары
12-бап
Көмек көрсетудің қаржы-экономикалық және басқа да шарттары, өтеусізді қоса алғанда, Тараптардың бар мүмкіндіктеріне сүйене отырып, әрбір нақты жағдайда айқындалады.
13-бап
Көмек ретінде бөлінетін әскери мақсаттағы өнім жеткізуші Тараптың шарттары бойынша шығыс материалдарын (оқ-дәрілерді, қосалқы бөлшектерді, жанар-жағармай материалдарын, мүлікті), сондай-ақ ұрыс іс-қимылдарын жүргізу барысында жойылған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін қоспағанда, оларға келісім шарттағы (шарттағы) уағдаластық шарттарындағы өтеммен қайтаруға жатады.
14-бап
Көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнім транзиті жүзеге асырылатын аумағы бойынша Тараптар 2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы Келісім шарттарында оны басымдылық негізде қамтамасыз етеді.
Осы Хаттамаға қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер аумағы бойынша әскери мақсаттағы өнім транзиті алушы Тарап (алушы Тараптар) немесе жеткізуші Тарап (жеткізуші Тараптар) осындай мемлекеттермен жасасқан тиісті шарттарда көзделетін тәртіппен жүзеге асырады. Тараптар осы үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру үшін күш салады.
15-бап
Әуе кеңістігінде Көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнімді жеткізу жүзеге асырылатын Тараптар әуе кемелерінің транзиттік ұшып өтуін қамтамасыз етеді. Әуе кеңістігінде транзит жүзеге асырылатын Тарап әуе кемелерін тексеру үшін қондыруды жүзеге асыруды талап еткен жағдайда, оған байланысты шығыстарды тексеру жүргізетін Тарап өтейді.
16-бап
Алушы Тарап өз аумағында Көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауды жүзеге асыратын Тараптардың әуе кемелерін өтеусіз аэронавигациялық қамтамасыз етуді, сондай-ақ оны теміржол, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен орнын ауыстыруды жүзеге асырады.
Жеткізуші Тараптың әуе кемелерін, теміржол, автомобиль және басқа да көлік түрлерін қабылдауды, әуе айлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді алушы Тарап өзінің әуе айлақтарында, теміржол станцияларында, автомобиль тұрақтарында және порттарында өтеусіз негізде ұйымдастырады.
17-бап
Жеткізуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз шет мемлекеттерге, жеке және заңды тұлғаларға немесе халықаралық ұйымдарға Көмек ретінде жеткізілген әскери мақсаттағы өнімді алушы Тараптың сатуға немесе беруге құқығы жоқ.
18-бап
Жеткізуші Тарап 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы Келісім шеңберінде жеткізілетін Әскери мақсаттағы өнімді мақсатты пайдалану үшін бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамаға сәйкес Көмек ретінде берілген әскери мақсаттағы өнімді мақсатты пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
IV. Қорытынды ережелер
19-бап
Осы Хаттаманың ережелері Тараптардың олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне қайшы келмейді.
20-бап
Осы Хаттама Ұйым Хатшылығы оған қол қойған Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы төртінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Ұқсас мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
21-бап
Осы Хаттама 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың күші уақытында қолданылады.
22-бап
Осы Хаттамаға осы Хаттаманың 20-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
23-бап
Осы Хаттаманы қолдануға және талқылауға байланысты даулы мәселелер консультациялар және мүдделі Тараптардың келіссөздері жолымен шешіледі.
24-бап
Әрбір Тарап Хаттаманың күші уақытында туындайтын қаржы және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей Бас хатшыға ол туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Хаттамадан шыға алады.
200__"____"_______________ _________________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін