Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, ендіру, пайдалану, жөндеу, жаңғырту, пайдалану мерзімдерін ұзарту және кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің
Әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, пайдалану,
жөндеу, жаңғырту, пайдалану мерзімдерін ұзарту және кәдеге
жарату саласындағы ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты Ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - ҰҚШҰ),
2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты Ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастығының негізгі қағидаттары туралы келісімді, сондай-ақ қорғаныс, қауіпсіздік және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша Тараптар арасындағы ҰҚШҰ шеңберінде жасалған басқа да халықаралық шарттарды басшылыққа ала отырып,
Тараптардың қорғаныс қабілеттілігі мен ұлттық қауіпсіздігінің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияларында туындаған және қайта туындаған жағдайларда өзара тиімді әскери-экономикалық ынтымақтастықты нығайта отырып,
Тараптардың әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, пайдалану, жөндеу, жаңғырту, пайдалану және кәдеге жарату мерзімдерін ұзарту жөніндегі барлық кешенді тиімді ұйымдастырудың қажеттілігін ескере отырып,
Тараптардың қарулы күштерін, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарын қару-жарақтар мен әскери техниканың перспективті үлгілерімен қаруландыру және жарақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай мағынасы бар негізгі терминдер қолданылады:
"әскери-экономикалық ынтымақтастық" - әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, жаңғырту, жөндеу, пайдалану мен кәдеге жаратуды әзірлеу, сондай-ақ әскери өндірісті әртараптандыру мен шоғырландыру кезінде ұлттық қорғаныс-өнеркәсіптік кешендерінің өзара іс-қимылымен байланысты мемлекетаралық қатынастардың саласы;
"әскери-экономикалық ынтымақтастықтың қатысушылары" - Тараптардың заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімдерге қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық алған және/немесе әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеушілер және/немесе өндірушілер болып табылатын Тараптардың мемлекеттік органдары, кәсіпорындар, бірлестіктер мен ұйымдар;
"әскери мақсаттағы өнімдер" - қару-жарақтар, әскери техникалар, құжаттама, жұмыстар, қызметтер, зияткерлік қызмет нәтижелері, оның ішінде оларға (зияткерлік меншік) айрықша құқықтар мен әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімдерге жатқызылған кез келген өнімдер;
"уәкілетті органдар" - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әскери-техникалық (әскери-экономикалық) ынтымақтастықты мемлекеттік реттеу мәселелерін жүргізетін Тараптардың мемлекеттік органдары;
әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері - Тараптардың заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығы берілген мемлекеттік органдар және/немесе ұйымдар;
"зияткерлік қызмет нәтижелері" - техникалық және ғылыми-техникалық құжаттамаларда мазмұндалған, материалдық тасығыштарда жазылған, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-құрастырмалық және технологиялық жұмыстарды жүргізу барысында алынған тәжірибелі үлгілерде, өнімдердің макеттерінде мазмұндалған ғылыми, құрастырмалық, техникалық және технологиялық шешімдер;
"зияткерлік меншік" - 1979 жылғы 2 қазандағы өзгерістерімен, Стокгольм қаласында 1967 жылғы 14 шілдеде қол қойылған Зияткерлік меншіктің дүниежүзілік ұйымын құратын Конвенцияның 2-бабында көрсетілген ұғымдар түсініледі;
"ақпарат" - әскери-экономикалық (әскери-техникалық) ынтымақтастық барысында Тараптар арасында жасалған шарттар (келісім-шарттар) мәніне қатысты заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар мен процесстер, олардың орындалуы және/немесе оларды ұсынудың нысандарына қарамастан алынған нәтижелері туралы мәліметтер.
2-бап
Осы Келісім Тараптардың әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, пайдалану, жөндеу, жаңғырту, пайдалану және кәдеге жарату мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ әскери өндірісті әртараптандыру мен шоғырландыру кезіндегі олардың өзара іс-қимыл шарттарын айқындайды.
Осы Келісім өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялары туралы екі жақты үкіметаралық келісімдер шеңберінде жүзеге асырылатын әскери мақсаттағы өнімдерді өндіру үшін қажетті материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды және басқа да материалдық ресурстарды жеткізуге қолданылмайды.
3-бап
Осы Келісімді іске асыру бойынша Тараптардың уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
Армения Республикасынан - Армения Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті;
Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі;
Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасының Өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрлігі;
Ресей Федерациясынан - Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федеративтік қызмет;
Тәжікстан Республикасынан - _____________________________
Өзбекстан Республикасынан -»"Узмахсусимпэкс" мемлекеттік кәсіпорны.
Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы ҰҚШҰ Хатшылығына кідіріссіз хабарлайды.
4-бап
Осы Келісім шеңберінде Тараптар мына бағыттар бойынша ынтымақтасады:
әскери мақсаттағы өнімдердің жаңа үлгілерін жасау (әзірлеу) саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырмалық жұмыстар жүргізу;
қару-жарақтар мен әскери техникаларды өндіру және пайдалану;
қару-жарақтар мен әскери техникаларды жаңғырту және жөндеу;
қару-жарақтар мен әскери техникаларды пайдалану мерзімдерін ұзарту;
өз ресурстары тозған қару-жарақтар мен әскери техникаларды кәдеге жарату (жою);
әскери өндірісті әртараптандыру мен шоғырландыру.
Көрсетілген бағыттар бойынша ынтымақтастық Әскери-экономикалық (әскери-техникалық) ынтымақтастық бағдарламаларын (бұдан әрі - Бағдарлама) әзірлеу және іске асыру жолымен жүзеге асырылады.
5-бап
Бағдарлама бойынша ұсыныстарды дайындау, сондай-ақ оларды әзірлеу мен іске асыруды Тараптардың уәкілетті органдары және/немесе Тараптардың заңнамасына сәйкес әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері жүзеге асыратын болады. Көрсетілген Бағдарламалар жүзеге асырылатын іс-шаралардың тізбесін, оларды қаржыландыру тәртібі мен көздерін, сондай-ақ тапсырыс берушілер мен орындаушылар туралы ақпаратты қамтуы тиіс.
Бағдарламалар екі және бірнеше Тараптардың қатысуымен әзірленуі мүмкін.
Бұл ретте Тараптар Бағдарламаны тұтастай да, олардың ұлттық мүдделеріне жауап беретін сол бөлігінде қаржыландыруы мүмкін.
Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген жұмыстарды жүргізу үшін Бағдарламаға 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттарды өзара қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес жұмыстардың орындалу және есептілікті ұсыну мерзімдерін көрсете отырып, әскери мақсаттағы нақты өнімдерге қатысты мемлекеттік құпияларды (құпияларды) қорғау жөніндегі іс-шаралардың тізбесін қамтиды.
Құпиялық дәрежесі Тараптардың уәкілетті органдары ұсынған мәліметтердің құпиялылықтың барынша белгісі бойынша айқындалады.
Осы Келісім шеңберінде Тараптар мен олардың уәкілетті органдары қажет болған кезде тиісті көпжақты немесе екі жақты келісімдер, ал әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар - осы Келісім бойынша міндеттемелерді бұзбай шарттар (келісім-шарттар) жасауы мүмкін.
6-бап
Осы Келісімге сәйкес әзірленген және іске асырылатын Бағдарламалар шеңберінде өндірілетін әскери мақсаттағы өнімдерді, оның ішінде жиынтықтаушы бұйымдар мен қосалқы бөлшектерді, шикізатты, материалдарды, құралдар мен керек-жарақтарды, оқу және көмекші мүліктерді, техникалық, пайдалану мен нормативтік құжаттарды өзара жеткізу жыл сайын бекітілетін екі жақты тізбе негізінде жүзеге асырылады.
Жеткізуді жүзеге асыратын әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылардың, сондай-ақ жеткізілетін өнімдердің номенклатурасының және көлемдерінің тізімін қамтитын осы баптың бірінші абзацында көрсетілген тізбені жыл сайын Тараптардың уәкілетті органдары келіседі және олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес бекітіледі.
Көрсетілген тізбе бойынша жеткізілетін өнім квоталауға және лицензиялауға жатпайды. Тараптар тізбеде көзделген өнімдерді өз аумақтарында кедендік баждан босатады.
7-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған әскери мақсаттағы өнімдерді үшінші мемлекеттерге, олардың жеке және заңды тұлғаларына, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға мұндай өнімдерді жеткізуші Тараптардың алдын-ала жазбаша келісімінсіз беруге (сатуға) құқығы жоқ.
8-бап
Тараптар өз ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындауға қатысты ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық барысында алынған ақпарат кез келген Тараптың мүддесіне зиян ретінде пайдаланылмауы тиіс.
9-бап
Тараптар әскери мақсаттағы өнім құқық Тарапқа немесе осындай өнімді берген әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушыларға тиесілі зияткерлік қызмет нәтижелерінен тұруы мүмкін екендігін мойындайды.
Осы Келісімді орындау барысында берілген және/немесе алынған зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдалану, құқықтық қорғау және сақтау тәртібі, сондай-ақ Тараптардың құқықтарын бірлескен қызмет процесінде алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне бөлу Тараптар жасаған жекелеген халықаралық шарттармен реттеледі.
Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында берілген немесе алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықты қорғауды Тараптардың заңнамасына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етеді және оларды заңсыз пайдалануға жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдайды.
10-бап
Құпия ақпараттарды құрайтын мәліметтерді өзара беру және қорғау тәртібі 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы шеңберінде Құпия ақпаратты қорғауды өзара қамтамасыз ету туралы келісіммен айқындалады.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін талқылауға және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар және мүдделі Тараптардың уәкілетті органдарының арасында келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
Тараптардың уәкілетті органдарының және/немесе олардың әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері арасында туындауы мүмкін, осы Келісімді іске асыру үшін жүзеге асырылатын әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізумен байланысты барлық даулы мәселелер олар жасаған шарттарда (келісім-шарттарда) көзделген жағдайларда шешіледі.
13-бап
Осы Келісім ҰҚШҰ Хатшылығы бұл туралы ҰҚШҰ Хатшылығы барлық Тараптарға хабарлайтын, Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын растайтын төрт жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім ҰҚШҰ Хатшылығына тиісті жазбаша хабарлама тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім егер Тараптар өзгедей уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолдану мерзімі ішінде қолданылады.
__________ қаласында 200__жылғы "____"________ орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған Тараптарға оның расталған көшірмесін жіберетін ҰҚШҰ Хатшылығында сақталады.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін