"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 қазандағы N 907 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақтан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары
жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың
Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы
келісімді ратификациялау туралы

      2007 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі
кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан
Республикасының аумағында болуы шарттары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығын құру туралы Алматы Актісінің және Қазақстан Республикасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы болатын ел ретінде белгілейтін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы туралы келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында,
      Қазақстан Республикасының аумағында өздерінің функцияларын тиісінше орындау мақсатында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Жалпы ережелер

      1. Осы Келісім Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының Қазақстан Республикасында болуына қатысты мәселелерді реттейді.
      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілетін анықтамалар мыналарды білдіреді:
      (а)»"Үкімет" - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      (b)»"Кеңес" - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес;
      (с)»"Хатшылық" - Кеңес Хатшылығы;
      (d)»"Кеңестің штаб-пәтері" - Үкімет Кеңеске беретін Хатшылықтың үй-жайлары (меншік құқығы кімге тиесілі екеніне қарамастан, осы ғимаратқа немесе ғимараттың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғанда, қабылдаушы тараптағы ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі);
      (е) "мүше мемлекет" - Кеңеске мүше мемлекет;
      (f)»"жіберуші мемлекет" - Хатшылықта жұмыс істеу үшін өз азаматтарын жіберетін мүше мемлекет;
      (g) "Төраға" - Кеңесте төрағалық ететін мүше мемлекет;
      (h) "қабылдаушы тарап" - Қазақстан Республикасы;
      (і) "атқарушы директор" - Кеңестің атқарушы директоры;
      (j)»"кәсіби персонал мүшелері" - мүше мемлекеттер Хатшылыққа іссапарға жіберетін Хатшылықтың кәсіби персоналының мүшелері;
      (k)»"отбасы мүшелері" - атқарушы директормен, атқарушы директордың орынбасарымен және Хатшылықтың кәсіби персоналы мүшелерімен тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы және 18 жасқа дейінгі балалары).

2-бап
Хатшылықтың құқықтық қабілеті

      Хатшылық заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда мыналарды жүзеге асырады:
      1. Шарттар жасасады, құқықтарды иемденеді және солар бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайды.
      2. Өзінің ресми мақсаттары үшін толық атауы бар мөрі және дербес мекеменің басқа да қажетті деректемелері болады.
      3. Жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді иемденеді, сатып алады, жалға алады, иеліктен шығарады, сондай-ақ басқарады және оларға билік жүргізеді.
      4. Банктік шоттар ашады және қаржылық операциялар жасайды.
      5. Соттарда қуынушы немесе жауапкер ретінде шыға алады.
      6. Осы бапта көзделген құқықтарды Хатшылықтың атынан атқарушы директор немесе ол болмаған кезеңде атқарушы директордың орынбасары жүзеге асырады.

3-бап
Хатшылықтың артықшылықтары мен иммунитеттері

      1. Хатшылықтың үй-жайлары мен көлік құралдары, сондай-ақ ресми хат-хабарларын қоса алғанда, оның мұрағаты мен құжаттары қандай да бір жағдайда болсын тінту, реквизициялау, тәркілеу, тыйым салу және орындаушылық іс-қимыл қолдану объектісі бола алмайды.
      2. Хатшылықтың үй-жайларын кез келген басып кіруден, оған нұқсан келтіруден немесе заңсыз еніп кетуден қорғау үшін қабылдаушы тарапқа барлық қажетті шараларды қолдану жөнінде арнайы міндет жүктеледі.
      3. Хатшылық, оның активтері, кірістері және басқа да меншігі:
      і. Коммуналдық қызметтер үшін төлем болып табылатындарды қоспағанда, қабылдаушы тарап аумағында өндірілініп алынатын барлық тікелей салықтар мен алымдардан, қосылған құн салығынан (ҚҚС) (оның ішінде қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қайтарым нысанындағы) босатылады.
      іі. Хатшылық қызмет бабында пайдалануға арналған заттарды әкелген және әкеткен кезде кедендік төлемдерден, баждан және алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады. Ортақ ережелерден алу үшін әкелінетін заттар Үкіметпен келісілген шарттарда болмаса, қабылдаушы тарапта сатылмайды.
      ііі. Меншікті баспа өнімдерін әкелген және әкеткен кезде олар кедендік төлемдерден, баждан және алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады.
      4. Хатшылық:
      і. Өзінің ресми байланыс құралдары үшін қабылдаушы тарап шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына беретіннен кем емес қолайлы жағдайларды пайдаланады.
      іі. Ақпаратты берудің құпиялылығын қамтамасыз ететін байланыстың шифрлық, курьерлік және басқа да түрлерін пайдалануға, курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабарларды алуға немесе жөнелтуге құқылы, олар дипломатиялық курьерлер мен вализдер сияқты тап сондай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Бұл ретте ресми хат-хабарларды құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге түсіп тұратындай сыртқы белгілері болуы тиіс және олар ресми пайдалануға арналған дипломатиялық құжаттар мен заттардан ғана тұруы мүмкін.
      ііі. Хатшылық орналасқан үй-жайларда және ресми мақсаттар үшін пайдаланылатын көлік құралдарында Кеңестің жалауы мен эмблемасын орналастыруға құқылы.
       iv. Кеңестің мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес баспа өнімін шығаруға және таратуға құқылы.
      5. Атқарушы директордың ұсынысы бойынша Аға лауазымды тұлғалар комитеті иммунитеттен бас тарту туралы шешім қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, Хатшылықтың үй-жайлары, мүлкі және активтері әкімшілік немесе соттың араласуының кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.
      6. Қабылдаушы тарап өкіметінің тиісті жергілікті органдарының өкілдері атқарушы директор немесе ол болмаған кезде атқарушы директор орынбасарының келісімімен және ол мақұлдаған шарттармен болмаса, Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.
      7. Форс-мажорлық жағдаяттар кезінде ғана, онда да атқарушы директордың немесе ол болмаған кезде атқарушы директор орынбасарының келісімімен ғана кіретін кезден басқа, қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.
      8. Хатшылықтың үй-жайлары мен көлік құралдары мүше мемлекеттің кез келгенінің заңдары бойынша қуғындалып жүрген немесе мүше мемлекеттердің кез келгеніне не үшінші тарапқа берілуге тиіс адамдар үшін баспана қызметін атқармайды.
      9. Хатшылықтың үй-жайлары мен көліктік құралдары Кеңестің мақсаттары мен қағидаттарымен сыйыспайтын немесе мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіретін мақсаттарда пайдаланылмайды.

4-бап
Кеңестің штаб-пәтері

      1. Қабылдаушы тарап Кеңестің Штаб-пәтерін орналастыру үшін үй-жайды жалға алу төлемін өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
      2. Кейіннен қабылдаушы тарап Алматыда немесе Астанада Кеңестің штаб-пәтерінің жаңа ғимаратын салуы мүмкін.

5-бап
Хатшылықтың және қабылдаушы тараптың уәкілетті
мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы

      1. Атқарушы директордың немесе ол болмаған кезеңде атқарушы директор орынбасарының өтініші бойынша қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары қабылдаушы тарап шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына беретіннен қолайлылығы кем емес шарттармен Хатшылыққа қажетті коммуналдық қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін болады.
      2. Мұндай қызметтерді қабылдаушы Тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары көрсететін немесе осындай қызметтердің бағасын олар бақылайтын жағдайларда, осындай қызметтерге арналған тарифтер дипломатиялық миссияларға қатысты қолданылатын тарифтерден аспауы тиіс.
      3. Осындай қызметтерді көрсету толық немесе ішінара үзілістерге әкеп соғатын форс-мажорлық жағдаяттар кезінде Хатшылық өзінің функцияларын орындау мақсатында қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары дипломатиялық миссияларға беретін басымдықты пайдаланады.
      4. Қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өтініші бойынша Хатшылық қабылдаушы тараптың тиісті коммуналдық қызметтерінің уәкілетті өкілдері тиісті түрде Хатшылықтың қызметіне кедергі келтірмейтін шарттармен қажетті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік алуы үшін қажетті шаралар қабылдайды.
      5. Хатшылық сот төрелігінің тиісінше жүргізілуін қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарының нұсқамаларын орындау, сондай-ақ осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге және жеңілдіктерге байланысты кез келген қиянат жасаушылықтың алдын алу мақсатында қабылдаушы тарап өкіметінің тиісті органдарымен ынтымақтасады.

6-бап
Атқарушы директордың, атқарушы директор
орынбасарының және кәсіби персонал мүшелерінің
артықшылықтары мен иммунитеттері

      1. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері қандай да бір мүше мемлекет және/немесе үкімет, ұйым немесе жеке адам тарапынан жасалатын ықпалдан   тәуелсіз және азат болуы тиіс. Осыған байланысты олардан нұсқаулықтар алмауы тиіс.
      2. Қабылдаушы тарап атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері функцияларының халықаралық сипатын мүлтіксіз құрмет тұтуға және қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал жасамауға міндеттенеді.
      3. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері қабылдаушы тараптың аумағында:
      і. Өздері айтқан немесе жазған сөздері үшін және атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері ретінде өздері жасаған барлық іс-қимылдары үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, бұларға мыналар жатпайды:
      а. Хатшылыққа немесе атқарушы директорға, атқарушы директордың орынбасарына және кәсіби персонал мүшелеріне тиесілі көлік құралдарынан не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған жол-көлік оқиғаларына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.
      b. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері тарапынан болған іс-әрекеттен не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған өлімге немесе дене жарақатына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.
      іі. Жалақыға және өзге де сыйақыларға салынатын салықтардан босатылады.
      ііі. Қабылдаушы тараптың мемлекеттік міндеттіліктерінен босатылады.
      iv. Отбасы мүшелерімен бірге көшіп келу жөніндегі шектеулерден және шетелдіктер ретінде тіркелуден босатылады.
      v. Валюталық операциялар саласында қабылдаушы тараптың аумағында дипломаттық агенттерге берілетін тап сондай артықшылықтарды пайдаланады.
      vi. Отбасы мүшелерімен бірге халықаралық дағдарыстар кезінде дипломаттық агенттер пайдаланатын отанына оралу жөніндегі тап сондай жеңілдіктерді пайдаланады.
      vіі. Қызметке алғашқы тұрған және миссиясының тоқтатылуына байланысты қабылдаушы тараптан кеткен кезінде қызмет көрсетудің нақты түріне төлем болып табылатындарды қоспағанда, қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес, олардың жеке пайдалануына арналған автокөлік құралын қоса алғанда, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеместен, мүлікті әкелуге/әкетуге құқығы бар.
      vііі. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері ғылыми, зияткерлік немесе білім беру қызметін қоспағанда, жеке пайдасы немесе өзге адамдардың пайдасы мақсатында кәсіби немесе коммерциялық қызметпен айналыспауға тиіс.
      4. Осы баптың 3-тармағы і, іі, ііі, v, vі және vіі тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын атқарушы директорға, атқарушы директордың орынбасарына және кәсіби персонал мүшелеріне қолданылмайды.
      5. Осы баптың 3-тармағында бекітілген артықшылықтармен және иммунитеттермен қатар атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттерге және олардың отбасы мүшелеріне берілетін басқа да артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Бұл ретте, егер осы бапта көрсетілген адамдар, қабылдаушы тараптың азаматтары болып табылса, онда олар осы бапта көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттерді қабылдаушы тараптың аумағында өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде ғана пайдаланады.
      6. Атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарының және кәсіби персонал мүшелерінің қызметтік автокөлік құралдарын қоса алғанда, Хатшылықтың автокөлік құралдарын жіберуші мемлекеттер тиісті түрде сақтандыруға тиіс. Атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарының, кәсіби персонал мүшелерінің және олардың отбасы мүшелерінің жеке автокөлік құралдарында оларды иемденушілер тиісті түрде сақтандыруға тиіс.
      7. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары, кәсіби персонал мүшелері және олардың отбасы мүшелері осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді тағайындалған орнына бара жатқан кезде қабылдаушы тараптың аумағына олар келген сәттен бастап немесе егер олар осы аумақта жүріп жатса, атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері өздерінің міндеттерін орындауға кіріскен сәттен бастап пайдаланады.
      8. Атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарының және кәсіби персонал мүшелерінің функциялары тоқтатылған кезде олардың артықшылықтары мен иммунитеттері, сондай-ақ қабылдаушы тараптың азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері, тиісінше атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал мүшелері қабылдаушы тарапты тастап шыққан сәттен бастап немесе олар өздері атқаратын қызметті тоқтатқаннан кейін 1 ай өткен соң тоқтатылады.
      9. Атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары немесе кәсіби персонал мүшесі қайтыс болған жағдайда, отбасы мүшелері өздеріне берілген иммунитеттер мен артықшылықтарды қабылдаушы тарапты тастап шыққан сәтке дейін, бірақ бұл атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары немесе кәсіби персонал мүшесі қайтыс болған күннен бастап 2 айдан асырмай пайдалануды жалғастырады.
      10. Атқарушы директорға, атқарушы директордың орынбасарына және кәсіби персонал мүшелеріне артықшылықтар мен иммунитеттер аталған адамдардың жеке пайдасы үшін емес, Кеңестің мүдделері үшін өздерінің ресми функцияларын тиімді, тәуелсіз түрде орындауы үшін беріледі.
      11. Иммунитеттен бас тарту.
      і. Атқарушы директорға және атқарушы директордың орынбасарына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің ұсынысы бойынша мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлеріне тиесілі.
      іі. Хатшылықтың кәсіби персонал мүшелеріне қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің келісімімен атқарушы директорға тиесілі.
      ііі. Иммунитеттен бас тарту құқығы анық білдірілуі тиіс.
      12. Осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары, кәсіби персонал мүшелері және отбасы мүшелері қабылдаушы тараптың заңнамасын құрметтеуге міндетті. Олар сондай-ақ қабылдаушы тараптың ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      13. Атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарының және кәсіби персонал мүшелерінің:
      і. Олардың қызметті атқаруына арналған шақыру хаты болған кезде немесе қызметтік іссапарлар кезінде жеделдетілген тәртіппен және ақысыз негізде визаларды ресімдеуге;
      іі. Бұл Кеңестің іс-шаралары үшін қажет болған жағдайда және егер бұл қабылдаушы тараптың заңнамасы ережелеріне сәйкес келетін болса, оның аумағында еркін жүріп-тұруға құқығы бар.
      14. Хатшылық өз персоналы мүшелерінің тегі мен санатын және олардың мәртебесінің кез келген өзгерісі туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Үкіметке хабарлайды.
      15. Аккредиттеу карточкалары.
      і. Хатшылықтың ресми өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз Үкіметінің атынан атқарушы директорға, атқарушы директордың орынбасарына, кәсіби персонал мүшелеріне және олардың отбасы мүшелеріне тиісті аккредиттеу карточкаларын береді.
      іі. Үкіметтің уәкілетті лауазымды тұлғасының талап етуі бойынша осы тармақтың і тармақшасында көрсетілген адамдар өздерінің аккредиттеу карточкаларын көрсетуге тиіс.
      ііі. Атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарының және кәсіби персонал мүшелерінің өкілеттік мерзімі өткен соң немесе оларды басқа қызметтерге/лауазымдарға ауыстырған кезде Хатшылық барлық тиісті аккредиттеу карточкаларының Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Үкіметке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етеді.

7-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім:
      і. Қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
      іі. Қазақстан Республикасы ратификациялауға тиіс және Хатшылық ратификациялау туралы құралды алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағының іі тармақшасында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
      2007 жылғы 26 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Хатшылық осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.

       Қазақстан Республикасының       Азиядағы өзара іс-қимыл
           Үкіметі үшін            және сенім шаралары жөніндегі
                                      кеңестің Хатшылығы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады