Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасында Стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 қазандағы N 910 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. 2007 жылғы 28 мамырда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасында Стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасында Стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

     (2008 жылғы 8 қаңтарда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі,
      экономикадағы және сауда қатынастарындағы техникалық кедергілерді жою мақсатында,
      стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу жөніндегі мәселелердің халықаралық маңыздылығын және сауда-экономикалық әрі техникалық ынтымақтастықтың табысты болуы үшін олардың шешілу маңыздылығын атап өте отырып,
      тұтынушылардың құқықтарын қорғау және өзара жеткізілетін өнімнің қауіпсіздігін растауды қамтамасыз ету мақсатында стандарттауды, метрологияны, сертификаттауды және аккредиттеуді дамытудағы өзара мүдделілікті ескере отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде екі мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтірместен, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын басшылыққа алады.

  2-бап

      Тараптар стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы ынтымақтастықты:
      қолданыстағы ұлттық стандарттау жүйелерін үйлестіру, халықаралық ұқсас жүйелердің талаптарымен өлшем бірлігін, сертификаттауды және аккредиттеуді қамтамасыз ету;
      стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы нормативтік және ақпараттық материалдар, оның ішінде көрсетілген бағыттардағы өнімдер мен қызметтерге арналған халықаралық және ұлттық стандарттар алмасу;
      өзара жеткізілетін өнімдерге және оның сертификаттау рәсімдеріне нормативтік құжаттарды үйлестіру жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу;
      заттар мен материалдардың құрамы мен ерекшеліктерінің стандарттық үлгілерін, заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары мен ерекшеліктері туралы стандарттық анықтамалық деректерді, мемлекеттік сынаулар, салыстырып тексеру, калибрлеу және өлшеу құралдарын метрологиялық аттестаттаудың нәтижелерін, өзара жеткізілетін өнімге сынау хаттамаларын, сәйкестік сертификаттарын және сәйкестік белгілерін, сондай-ақ өзара келісілген шарттарда өлшеу, сынау, салыстырып тексеру және калибрлеу зертханалары мен сертификаттау жөніндегі органдарды аккредиттеуді тану;
      стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу мәселелері жөнінде өзара консультациялар;
      стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу мәселелері жөнінде бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу жолымен дамытады және нығайтады.

  3-бап

      Бір Тараптың стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу жөніндегі нормативтік құжаттарын, егер олар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген ережеден өзгеше ережелерді қамтымаса оларды екінші Тарап қолдануы мүмкін.

  4-бап

      Тараптар кадрларды даярлауда және біліктілігін арттыруда, мамандар алмасуда, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар арасында тікелей байланыстар орнатуда өзара іс-қимыл жасайды және осы өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

  5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөнінде:
      Қазақстан Республикасында - Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті;
      Түрікменстанда -»"Түркменстандартлары" бас мемлекеттік қызметі уәкілетті мемлекеттік органдар болып табылады.
      Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптарға дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабарланады.

  6-бап

      Осы Келісімнің 2-бабында көзделген бағыттардағы ынтымақтастық бірлескен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады.
      Тараптар қажет болған кезде осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін бірлескен жұмыс топтарын құратын болады.

  7-бап

      Тараптар қажет болған кезде бір-біріне стандарттарды және басқа да нормативтік құжаттарды әзірлеу және қолдану мәселелері жөнінде ұйымдастырушылық, әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.

  8-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін олар орындау барысында туындайтын шығыстарды олар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

  9-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген жұмыстар туралы, егер жіберуші Тарап олардың құпиялылығын ескертсе, қол жеткізілген ғылыми-техникалық нәтижелер туралы алынатын құжаттамалардың, ақпараттардың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      Ынтымақтастық барысында Тараптардың бірінен алынған құжаттама мен ғылыми-техникалық ақпарат осы құжаттаманы және ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келісімімен ғана үшінші Тарапқа берілуі мүмкін.
      Келіссөздер туралы ақпарат және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың бірлесіп алынған нәтижелері Тараптардың өзара келісімі бойынша жариялануы мүмкін.

  10-бап

      Осы келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  11-бап

      Осы Келісімнің Ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

  12-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

  13-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісімнің қолданысы, егер Тараптардың ешқайсысы тиісті кезең өткенге дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабарламаса келесі бес жыл кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

      2007 жылғы 28 мамырда»Астана қаласында екі түпнұсқа данада, қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсаттары үшін орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

       Қазақстан Республикасының            Түрікменстанның
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

   Индустрия және сауда министрлігі        "Түрікменстандартлары"
                                         бас мемлекеттік қызметінің
                                                   бастығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады