"Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қарашадағы N 1025 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.03.06. N 258 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты
ратификациялау туралы

      2003 жылғы 13 қарашада Сеул қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі»"Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы,
      қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету арқылы қылмыстардың алдын алуда, оларды тергеуде, сот тәртібімен қудалауда екі елдің ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға ниет білдіре отырып,
      мына төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Қолданылу аясы

      1 . Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек береді.
      2. Осы Шарттың мақсатында қылмыстық істер сұрау салған Тараптың құзыретті органдарының заңдық құзыретіне кіретін болса, құқықтық көмек туралы сұрау салуды беру кезінде жаза көзделетін кез келген қылмысқа қатысты тергеуді, қылмыстық қудалауды немесе басқа іс жүргізу әрекеттерін білдіреді.
      3. Қылмыстық істер салық, кеден заңнамаларының, сондай-ақ валюталық реттеу және басқа қаржы мәселелері саласындағы заңнаманың бұзылуына байланысты, бірақ оларға қатысы бар азаматтық сот талқылауына байланысты емес істерді де қамтиды.
      4. Құқықтық көмек:
      (а) адамдардан айғақтар мен арыздар қабылдауды;
      (b) ақпараттарды, құжаттарды, жазба хаттарды, заттай дәлелдемелерді беруді;
      (с) жеке басын және заттарды анықтауды;
      (d) құжаттарды тапсыруды;
      (е) іздеу және заттарды тәркілеу бойынша сұрау салуларды орындауды;
      (f) сұрау салынған Тарапта айғақтар беру және қылмыстық тергеуге, айыптауға немесе сот талқылауына көмек көрсету үшін адамдарға жағдайлар жасауды;
      (g) ұстауды, айыппұл салуды және қылмыстық қызметтен алынған кірістер мен қаражаттарды тәркілеуді; және
      (һ) осы Шарттың мақсатымен байланысты сұрау салынған Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көмектерді қамтиды.
      5. Осы Шартқа сәйкес берілетін құқықтық көмек:
      (а) адамдарды ұстап беруді, қамауға алуды және ұстауды;
      (b) сұрау салынған Тараптың заңнамасында және осы Шартта көзделгеннен басқа, сұрау салған Тарапта қылмыстық істер бойынша шығарылған үкімдердің орындалуын;
      (с) қамаудағы адамдарды үкімді орындау үшін этаппен айдауды;
      (е) қылмыстық істерді беруді қамтымайды.

2-бап
Басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтық көмек

      Осы Шарт Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

3-бап
Орталық құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Шарттың мақсатында сұрау салуларды жолдау және қабылдау үшін жауапты орталық құзыретті орган ретінде адамды не органды тағайындайды.
      2. Мына адамдар немесе органдар осы Шартқа сәйкес сол кезде орталық құзыретті органдар болып тағайындалады:
      (а) Корея Республикасы үшін орталық құзыретті органы - Әділет министрлігі немесе Министр тағайындаған лауазымды адам болып табылады;
      (b) Қазақстан Республикасы үшін орталық құзыретті орган - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы немесе осы адаммен тағайындаған лауазымды адам болып табылады.
      3. Әрбір Тарап өзінің орталық құзыретті органының кез келген өзгерістері туралы басқа Тарапты хабардар етеді.
      4. Орталық құзыретті органдар бір-бірімен әдетте тікелей не дипломатиялық арналар бойынша қатынасып тұрады.

4-бап
Сұрау салулардың нысаны

      1. Сұрау салынған Тарап шұғыл жағдайда сұрау салудың басқа нысанына келіскенін қоспағанда, сұрау салулар жазбаша түрде жолданады. Осындай жағдайлар туындаған кезде, егер тек сұрау салынған Тарап өзге бірдеңеге келіспесе, сұрау салу 20 күн ішінде жазбаша нысанда расталуға тиіс.
      2. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу:
      (а) сұрау салудың мақсатын және құқықтық көмектің сипатын көрсетуді;
      (b) сұрау салудың бастамашысы болып табылатын адамның, агенттіктің немесе органның атауын;
      (с) іске қатысты фактілерді, қолданылуы мүмкін заңдарды және жаза шараларын көрсете отырып, қылмыстық істің мән-жайларын сипаттауды;
      (d) тергеудің немесе сот талқылауының ағымдағы жай-күйін көрсетуді;
      (е) сұрау салудың қажетті деп саналатын орындалу мерзімін көрсетуді қамтиды.
      3. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салулар мүмкіндігіне қарай:
      (а) қылмыстық іске қатысты субъект болып табылатын немесе ақпараты бар адамның бірдейлендірілген деректерін, азаматтығын және тұрған жерін;
      (b) осы Шарттың 10-бабына сәйкес сұрау салу жолданған жағдайда:
      (i) сұрау салған Тарап мүмкіндік болған жерде осы адамдарға қойғысы келетін кез келген сұрақтарды қоса алғанда, адамдарға қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесін;
      (іі) сұрау салуда көрсетілетін кез келген құжаттарды, жазбахаттарды немесе заттай дәлелдемелерді сипаттауды және қажет жағдайда тиісті адамды сипаттауды;
      (с) осы Шарттың 11 немесе 12-баптарына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған жағдайда адам сұрау салған Тараптың аумағына келген кезде рұқсат етуге және шығындарға қатысты ақпаратты;
      (d) осы Шарттың 15 немесе 16-баптарына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған жағдайда іздестірілетін құжаттарды және олардың болуы мүмкін жерін сипаттауды;
      (е) осы Шарттың 16-бабына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған жағдайда:
      (і) қылмыстан алынған кірістер олардың заңдық құзыретіне кіруі мүмкін екендігі туралы сұрау салған Тараптың негіздерінің расталуын, және
      (іі) егер мұндай бар болса, мәжбүрлеу тәртібімен орындау туралы сот шешімі және осы шешімге қатысты тиісті өтінішті;
      (f) қылмыстан алынған кірістерді іздестіруге немесе олардың табылуына байланысты құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған жағдайда осы Шарттың 16-бабының 4-тармағына сәйкес талаптардың сақталу қажеттігін көрсетуді;
      (g) кез келген ақпарат, айғақтар, құжаттар немесе заттар берілуге тиіс тәртіптің егжей-тегжейін және нысандарын қоса алғанда, сұрау салған Тарапқа орындалуы қажет ерекше талаптар немесе рәсімдер туралы сұрау салуды;
      (һ) егер мұндайлар бар болса, себептерді баяндай отырып, сұрау салған Тараптың тілектері бойынша сұрау салудың құпиялығына қатысты өтінішті;
      (і) егер сұрау салған Тараптың лауазымды адамы сұрау салынған Тарапқа сұрау салуға байланысты баруға ниетті болса, оның сапарының мақсатына қатысты ақпаратты, сапардың көзделетін мерзімдері мен іссапар құжаттарын;
      (j) сұрау салуды орындау үшін қажетті болып табылатын басқа қосалқы ақпаратты, айғақты немесе құжаттарды қамтиды.
      4. Осы Шартқа сәйкес сұрау салу, барлық қажетті құжаттар сұрау салған Тараптың тілінде және сұрау салынған Тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен бірге жолдануға тиіс.
      5. Егер сұрау салынған Тарап сұрау салуда берілген ақпарат сұрау салуды орындау үшін жеткіліксіз деп санаса, осы Шартқа сәйкес ол қосымша ақпаратты сұратып алуына болады.

5-бап
Көмек көрсетуден бас тарту немесе кейінге қалдыру

      1. Сұрау салынған Тараптың пікірі бойынша, егер:
      (а) сұрау салу саяси немесе әскери сипаты бар қылмысқа қатысты болса және жалпы қылмыстық қылмыс болып табылмаса;
      (b) сұрау салу адамды сұрау салынған Тарапта сотталған, ақталған қылмысы үшін қылмыстық қудалауға қатысты болса;
      (с) құқықтық көмек туралы сұрау салу діни, жыныстық, нәсілдік, ұлттық, саяси қатыстылығы салдарынан адамды қудалау немесе жазалау мақсатында жолданған немесе сұрау салуды орындау осы кез келген себептер бойынша адамға зиян келтіреді деп ойлауға елеулі негіздер бар болса;
      (d) сұрау салу сұрау салынған Тараптың азаматтарының қауіпсіздігін қоса алғанда, мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса;
      (е) сұрау салу, егер осы қылмыс сұрау салынған Тараптың заңдық құзыретінде жасалған болса, қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты одан әрі қылмыстық жауаптылыққа тартыла алмайтын адамның қылмысына қатысты болса; немесе
      (f) сұрау салу, егер олар сұрау салынған Тараптың заңдық құзыретінде жасалған болса, қылмыс болып табылмайтын әрекеттері үшін адам қылмыстық қудалауға немесе жазаға тартуға қатысты болса, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
      2. Егер сұрау салу бойынша сұрау салынған Тарапта қосымша тергеу немесе сот талқылауы талап етілсе, сұрау салынған Тарап құқықтық көмекті кейінге қалдыруы мүмкін.
      3. Осы бапқа сәйкес көмектен бас тартқанға немесе кейінге қалдырғанға дейін сұрау салынған Тарап орталық құзыретті органы арқылы:
      (а) сұрау салған Тарапқа бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы барынша қысқа мерзім ішінде хабарлайды;
      (b) сұрау салуды орындау үшін қажетті шарттар мен мерзімдерді айқындау мақсатында сұрау салған Тараппен консультация жүргізеді.
      4. Егер сұрау салған Тарап осы баптың 3(b)-тармағында көрсетілген шарттар мен мерзімдерді сақтау кезінде сұрау салуды орындауға келіссе, онда ол осы шарттарды орындауға тиіс.

6-бап
Сұрау салуларды орындау

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салуларды сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес және сұрау салған Тарап талап ететін тәртіппен заңнамасында бұл қаншалықты рұқсат етілетіндей, сұрау салынған Тараптың орталық құзыретті органдары шұғыл орындауға тиіс.
      2. Егер іс сол Тарапта қылмыстық немесе азаматтық істер бойынша сот талқылауы үшін қажет болса, сұрау салынған Тарап сұрау салынған материалды жолдауды кейінге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда, сұрау салынған Тарап сұрау салу бойынша құжаттардың куәландырылған көшірмесін беруі мүмкін.
      3. Сұрау салынған Тарапқа белгілі болған және сұрау салуды орындау мерзіміне айтарлықтай әсер ететін мән-жайлар туралы сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.

7-бап
Сұрау салынған Тарапқа материалдарды қайтару

      Осы Шартқа сәйкес сұрау салуға қатысты қылмыстың іс бойынша материалдарды пайдаланудың одан әрі қажеті болмаса, сұрау салған Тарап сұрау салынған Тараптың талабы бойынша оларды қайтарады.

8-бал
Ақпараттарды пайдалану жөніндегі құпиялылық және шектеу

      1. Сұрау салынған Тарап сұрау салу келіп түскен жағдайда сұрау салу мен оның материалдарының мазмұнының, сондай-ақ сұрау салуға сәйкес жасалған кез келген әрекеттердің құпиялығын сақтау үшін барлық күш-жігерін қолдануға тиіс. Егер сұрау салу құпиялылық бұзылмай жасалуы мүмкін болмаса, сұрау салынған Тарап бұл туралы сұрау салған Тарапқа сұрау салу орындалғанға дейін хабарлауға тиіс және сұрау салған Тарап осындай мән-жайларда сұрау салудың орындалу қажеттігін айқындайды.
      2. Сұрау салған Тарап сұрау салуға жауап келіп түскен жағдайда сұрау салынған Тараптан алынған ақпараттың құпиялылығын сақтау үшін барлық күш-жігерін пайдалануға тиіс.
      3. Сұрау салған Тарап ақпараттардың тарап кетпеуіне және оның тиісті рұқсатсыз пайдаланылуына жол бермеу үшін барлық күш-жігерін пайдалануға тиіс.
      4. Сұрау салған Тарап ақпаратты немесе алынған дәлелдемелерді сұрау салынған Тараптың алдын-ала келісімінсіз, сұрау салуда көрсетілмеген басқа мақсат үшін пайдаланбауға тиіс.

9-бап
Құжаттарды тапсыру

      1. Сұрау салынған Тарап қылмыстық іске қатысы бар құжаттарды тапсыру туралы сұрау салуды өз заңнамасы шеңберінде орындайды.
      2. Сұрау салған Тарапқа куә айғақтарын беру үшін адамның келуі жөніндегі шақыру қағазын тапсыру туралы сұрау салу сұрау салынған Тарапқа жоспарланған келуге дейін 45 күн ішінде тапсырылуға тиіс. Шұғыл жағдайларда сұрау салған Тарап бұл талапты сақтамауы мүмкін.
      3. Сұрау салынған Тарап құжаттардың тапсырылғандығы туралы растауды сұрау салған Тарапқа жолдауға тиіс. Егер тапсыруды іске асыру мүмкін болмаса, бұл жағдайда сұрау салған Тарап себептері туралы тиісті түрде хабардар етілуге тиіс.
      4. Айғақ беру үшін келуден бас тартқан адамға сұрау салған немесе сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес айыппұл санкциялары немесе мәжбүрлеп әсер ету шаралары қолданылмауға тиіс.

10-бап
Куә айғақтарын, өтініштерді және дәлелдемелерді алу

      1. Сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапқа беру үшін өз заңнамасы шеңберінде және сұрау салу негізінде куә айғақтарын қабылдауға немесе өзге тәсілмен адамдардан өтініштерді немесе олардан дәлелдемелер ұсынуды талап етуге тиіс.
      2. Сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде сұрау салуда көрсетілген адамдардың қатысуына рұқсат етеді және мұндай адамдардың айғақтар беріп тұрған адамға сұрақ қоюына жол берілуі мүмкін. Егер бұлайша тікелей сұрақ қоюға рұқсат етілмесе, бұл адамдардың айғақтар беруші адамдарға қойылатын сұрақтарды қоюына рұқсат етіледі.
      3. Осы бапқа сәйкес сұрау салынған Тарап айғақтарын қабылдауға тиісті адам, егер:
      (а) егер осыған ұқсас қылмыстық іс сұрау салған Тарапта тергелсе, сұрау салынған Тараптың заңнамасы осы адамның айғақ беруден бас тартуына жол берсе немесе оны талап етсе;
      (b) сұрау салған Тараптың заңнамасы сұрау салынған Тарапта қылмыстық істі тергеу кезінде осы адамның айғақтар беруден бас тартуына жол берсе немесе талап етсе, оларды беруден бас тарта алады.
      4. Егер сұрау салынған Тарапта кез келген адам сұрау салған Тараптың заңнамасына сәйкес айғақ беруден жалтару құқықтары немесе міндеттемелердің бар екендігі туралы сендірсе, сұрау салған Тараптың орталық құзыретті органы сұрау салу бойынша сұрау салынған Тараптың орталық құзыретті органына осындай құқықтың бар екендігіне қатысты растауды береді. Басқа айғақтар болмағанда, мұндай растау жеткілікті деп есептеледі.
      5. Осы баптың мақсаты үшін айғақтар алуға құжаттарды немесе басқа заттарды қоса тіркеу кіреді.

11-бап
Куә айғақтарын беру үшін қамаудағы адамды беру

      1. Сұрау салынған Тараптың аумағында қамаудағы адам сұрау салған Тараптың сұрау салуы бойынша қылмыстық іс жөнінде айғақтар беру үшін уақытша осы Тарапқа берілуі мүмкін. Осы баптың мақсатында қамаудағы адам деп бас бостандығынан айырылу орындарында отырмаған, бірақ қылмыс жасағаны үшін үкім шығарылған және осы үкім ақша өндіріп алумен байланысты болмайтын адам да түсініледі.
      2. Сұрау салынған Тарап қамаудағы адамды, егер:
      (а) адам осындай беруге келісім берсе; және
      (b) сұрау салған Тарап берілетін адамның қамауда ұсталуына немесе қауіпсіздігіне қатысты сұрау салынған Тарап көздеген барлық жағдайларды сақтауға келіссе ғана сұрау салған Тарапқа беруге тиіс.
      3. Егер сұрау салынған Тарап тапсырылған адамды қамауда ұстаудың қажеттілігі жоқ екендігі туралы сұрау салған Тарапқа хабарласа, онда қамауда отырған адам босатылуға тиіс.
      4. Осы бапқа сәйкес сұрау салу бойынша берілген адам, енді оның қатысуы қажет болмағанда, жауап бергеннен кейін немесе одан бұрын қысқа мерзім ішінде не одан ерте уақытта сұрау салған Тараппен келісілген шарттарға сәйкес сұрау салған Тарапқа қайтарылуға тиіс.
      5. Сұрау салған Тарапта қамауда отырған адамның уақыты сұрау салған Тарап тағайындаған жазаны өтеудің жалпы мерзіміне кіреді.

12-бап
Басқа адамдардың айғақтар беру және тергеуге
көмек көрсету мүмкіндігі

      1. Сұрау салған Тарап адамды (осы Шарттың 11-бабы қолданылатын адам болып табылмайтын) куә айғақтарын беруге немесе қылмыстық іске көмек көрсетуге шақыруда сұрау салынған Тараптан көмек сұрай алады. Мұндай адам барлық төлемдер мен төленетін шығыстар туралы хабардар болуға тиіс.
      2. Сұрау салынған Тарап адамның жауабы туралы сұрау салған Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.

13-бап
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Егер осы баптың 2 тармағына және осы Шарттың 11 немесе 12-баптарына сәйкес адам сұрау салған Тараптың аумағында сұрау салуға байланысты сұрау салу мақсатында сұрау салған Тарапта қалуға тиісті мерзімі ішінде:
      (а) егер адам сұрау салынған Тараптан кетуіне ықпал еткен кез келген әрекетке қатысты сұрау салған Тарапта болмаса, ол кез келген қылмыстық бұзушылық үшін сұрау салған Тарапта қамауға алынбайды, айыпталмайды немесе жазаға тартылмайды немесе оның қатысуы тиісті емес кез келген азаматтық сот талқылауына тартылмайды; және
      (b) адам өзінің келісімінсіз кез келген қылмыстық процесте айғақтар беруге немесе сұрау салуға қатысы жоқ басқа қылмыстық істер бойынша кез келген қылмыстық тергеуге көмек көрсетуге тиісті емес.
      2. Егер адам сұрау салған Тарапты тастап кетуіне мүмкіндігі бар бола тұра, оның енді болуы бұдан былай қажет емес екендігі туралы ресми түрде хабарлама алғаннан бастап 15 күн ішінде оны тастап кетпесе немесе кетіп қалып оған қайтып оралса, осы баптың 1-тармағы қолданылмайды.
      3. Осы Шарттың 11 және 12-баптарына сәйкес айғақтар беруге келіспеген адам сұрау салған немесе сұрау салынған Тарапта осы себептер бойынша айыппұл санкциясына немесе мәжбүрлеп әсер ету шараларына тартылуға жатпайды.
      4. Осы Шарттың 11 және 12-баптарына сәйкес куә айғақтарын беруге келіскен адам жалған куә болуды немесе сотты сыйламауды қоспағанда, өзінің айғақтары негізінде қылмыстық қудалауға тартылмайды.

14-бап
Ақпараттарды беру

      1. Сұрау салынған Тарап жұртшылық үшін қолжетімді болып табылатын құжаттардың және жазба хаттардың көшірмелерін береді. Сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес өздерінің құқық қорғау және сот органдарына беретін тәртіп пен шарттарда кез келген басқа құжаттардың немесе жазба хаттардың көшірмелерін беруі мүмкін.

15-бап
Тінту және алып қою

      1. Сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес сұрау салған Тарапқа мүлікті тінтуге, алып қоюға және жолдауға қатысты қылмыстық іс бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды орындайды.
      2. Сұрау салынған Тарап мүлікті тінту туралы, алып қоюдың және алынған мүлікті кейіннен сақтаудың орны мен мән-жайлары туралы сұрау салуды орындау нәтижелеріне қатысты ақпарат береді.
      3. Сұрау салған Тарапқа жолданған кез келген тәркіленген мүлікке қатысты сұрау салынған Тарап ұсынған барлық талаптарды сұрау салған Тарап сақтауға тиіс.

16-бап
Қылмыстық қызметтен алынған кірістер

      1. Сұрау салынған Тарап сұрау салу бойынша қылмыстық қызметтен алынған қандай да болмасын кірістердің бар-жоғын өзінің заңдық құзыретіне сәйкес анықтауға ұмтылатын болады және мұндай тергеу нәтижелері туралы сұрау салған Тарапқа хабарлайтын болады. Осы Шарттың мақсаттарында қылмыстық қызметтің кірістері» деп қылмыс жасау нәтижесінде оның тікелей не жанама алынғандығы сотта анықталған немесе сезіктелген немесе оны жасау үшін қолданылған кез келген меншік түсініледі, сондай-ақ оған қылмысты жасау немесе оның жасалуына септігін тигізу үшін қолданылатын меншік те кіреді.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес, қылмыстық қызметтен алынған кірістер табылса, сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес мұндай кірістерді алып қою немесе тәркілеу үшін шаралар қолданады.
      3. Осы бапты қолдану кезінде адал үшінші адамдардың құқықтары сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес сақталуға тиіс.
      4. Егер жекелеген жағдайларда өзгеше келісілмесе, сұрау салынған Тарап қылмыстық қызметтен түскен тәркіленген кез келген кірістерді сақтауға тиіс.

17-бап
Түпнұсқаны куәландыру және анықтау

      1. Осы баптың 2-тармағын қоспағанда, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу сұрау салуға берілген жауапта қоса тіркелетін құжаттардың, құжаттардың немесе материалдардың ешқандай түпнұсқалық нысанын анықтауды талап етуге тиіс емес.
      2. Жекелеген жағдайларда сұрау салынған немесе сұрау салған Тараптар құжаттардың немесе материалдардың осы баптың 3-тармағында көзделген тәсілдермен міндетті түрде куәландырылғандығын сұрай алады.
      3. Осы Шарттың мақсаттарында құжаттар мен материалдар, егер:
      (a) олар құжат жолдаушы Тараптың судьясы немесе басқа лауазымды адамы қол қойғанын немесе куәландырылғанын білдірсе; және
      (b) олар құжат жолдаушы Тараптың ресми мөрімен және Тарап Министрінің, Бас Прокурорының немесе Үкіметінің лауазымды адамының қолымен бекітілгенін білдірсе, куәландырылады.

18-бап
Қосымша көмек

      Әрбір Тараптың орталық құзыретті органдары осы Шарттың мақсатына және екі Тараптың заңнамасына сәйкес бір-біріне қосымша көмек көрсете алады.

19-бап
Өкілдік ету және шығыстар

      1. Егер осы Шартта өзгеше ескертілмесе, сұрау салынған Тарап көмек туралы сұрау салуға сәйкес қылмыстық істер бойынша кез келген сот тыңдауында сұрау салған Тараптың өкілдік етуі үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырады және өзге түрде сұрау салған Тараптың мүддесін білдіретін болады.
      2. Көмек туралы сұрау салуды орындау бойынша шығыстарды, сұрау салған Тарап төлейтін:
      (а) сұрау салынған Тараптың аумағында және аумағынан кез келген адамды беруге байланысты шығыстарды және адамды орналастыруға байланысты шығыстарды және осы Шарттың 9, 11 және 12-баптарында көзделген сұрау салуға сәйкес оның сұрау салған Тараптың аумағында болған уақытындағы бұл адамға төленетін кез келген басқа да төлемдерді, тәуліктік немесе басқа шығыстарды;
      (b) қамауға алынғандарды беруге және күзетуге немесе оларға офицерлердің еріп жүруіне байланысты шығыстарды;
      (с) сарапшыларға төленетін және құжаттарды аударуға байланысты шығыстарды;
      (d) Сұрау салынған Тараптың талабы бойынша сұрау салуды орындау кезіндегі ерекше шығыстарды қоспағанда, сұрау салынған Тарап төлейді.

20-бап
Консультациялар

      Тараптар осы Шартты түсіндіруге, қолдануға немесе орындауға немесе жекелеген жағдайлардағы кез келген проблемаларға қатысты кез келген сұрау салу бойынша консультациялар жүргізетін болады.

21-бап
Шарттың күшіне енуі және оның қолданысының тоқталуы

      1. Осы Шарт бекітуге жатады және бекіту грамоталарымен алмасқаннан кейін күшіне енеді.
      2. Шарт күшіне енген күнге дейін және одан кейін жасалған актілер мен әрекеттерге байланысты сұрау салуларға қатысты қолданылады.
      3. Кез келген Тарап басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жолдау жолымен кез келген уақытта осы Шарттың қолданысын тоқтатуы мүмкін. Шарт осындай хабарламаны алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады. Осы Бапқа сәйкес осы Шарттың қолданылуының тоқтатылуы туралы хабарлама түскен жағдайда тоқтатылуға дейін, егер сұрау салынған Тарап өзі сұрау салуды қайта сұрамаса, осы Шарт өз күшінде қалса да алынған кез келген құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу орындалуға тиіс.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төмендегі қол қоюшылар тиісінше Үкіметтердің тиісті түрде уәкілеттік берілген адамдары осы Шартқа қол қойды.
      Сеул қаласында 2003 жылғы 13 қарашада, екі түпнұсқалық данада, әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы            Корея Республикасы
      үшін                              үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады