Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасының арасындағы Анталия аймағы Кемер болысында орналасқан меншікті Қазақстан Республикасына пайдалануға беру туралы хаттаманы бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы N 1046 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 1993 жылғы 13 желтоқсанда Анкарада жасалған Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасының арасындағы Анталия аймағы Кемер болысында орналасқан меншікті Қазақстан Республикасына пайдалануға беру туралы хаттама бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы Анталия аймағы Кемер болысында орналасқан меншіктің Қазақстан Республикасына пайдалануға беру туралы хаттама

(2007 жылғы 19 қарашада күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы қалыптасқан байланыстарды, достық және туысқандықты одан әрі дамыту мақсатымен төмендегілер жайында келісті:

1-бап

      Осы Хаттама Анталия аймағы Кемер болысы Бельдиби ауылы аумағындағы ауданы 67256 м2 болатын ормандық жердің Қазақстан Республикасының пайдалануына берілуіне байланысты ережелерді қамтиды.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.11 № 65-V Заңымен.

2-бап

      Қазақстан тарапына пайдалануға берілетін аталған жердің ауданы 22302 м2 болатын бөлігі тек денсаулық сақтау және демалыс мақсаттарында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы бұл мақсаттарға сәйкес болу шартымен пайдалануға берілген осы бөлікті Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен мемлекеттік мекемелерінің қолдануына ұсынады.
      Жердің ауданы 44954 м2 болатын өзге бөлігін 2010 жылғы 31 желтоқсанға дейін ақысыз және 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм мақсатында пайдалануға болады. Аталған жердің 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм мақсатында пайдаланылуына қатысты салық, алым және басқа міндетті төлемдердің төленуі Түркия Республикасының заңдарында және басқа тиісті заңнамасында көрсетілген негіздер шеңберінде іске асырылады.
      Туризм мақсатында пайдалану үшін бөлінген ауданы 44954 м2 болатын аталған бөлікті Қазақстан тарапынан үшінші тұлғаларға туризм мақсатында пайдалану үшін беруге болады.
      Берілген аудан аумағы ішінде әртүрлі шығынның Қазақстан Республикасы тарапынан төленуі және Түркия Республикасы заңдарына және басқа тиісті заңнамасының ережелеріне сәйкес болуы шартымен келісілген жоба шеңберінде құрылыс жүргізіледі.
      Қазақстан тарапы туризм мақсатындағы сауда қызметінде пайдалану үшін бөлінген аудандарға байланысты 2001 жылғы 16 ақпан - 2010 жылғы 31 желтоқсан аралығында жиналған көгалдандыру құнын, орман шаруашылығы жұмыскерлерін қолдау түсімін, көгалдандыру және эрозия бақылау түсімін, жер рұқсат құнын, жалпы жылдық түсім үлесі мен салық, алым және басқа міндетті шығындарды төлеудің орнына түрік тарапына мемлекеттік ғимараттар салу үшін Ақтау қаласында 7000 м2 және Алматы қаласында 1500 - 2000 м2 мөлшерінде екі учаскені 49 жылға бөледі.
      Бөлу рәсімдері осы Хаттаманың күшіне енуінен бастап бір жыл ішінде аяқталады.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.11 № 65-V Заңымен.

3-бап
Пайдалану мерзімі

      Бұл хаттамада аты аталған меншік Қазақстан Республикасына 49 жылдық мерзімге тегін беріледі.
      Пайдалану мерзімі, хаттаманың күшіне енген күннен басталады.
      Жалдауға берілген меншік үстіндегі барлық мекен-жайымен жалдау мерзімі біткен соң Түрік Республикасына тегін қайтарылады.
      Мерзімі аяқталғанда беру дәл осы мерзімге жаңартылады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.11 № 65-V Заңымен.

  4-бап
Жауапкершілік

      Жалдаушы, берілген жердегі табиғатқа келтірілген барлық зияндан жауапты болады.

  5-бап
Келіспеушілікті реттеу

      Келіспеушіліктер екі жақпен келісіліп шешіледі.

6-бап

      Бөлінген жердегі ғимараттар дипломатиялық мақсатта пайдаланылмаған жағдайда, 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді қолданбайды.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.11 № 65-V Заңымен.

  7-бап
Күшіне ену

      Хаттама екі мемлекеттің заңдарына сәйкес бекітілуі тиіс және бекітілгені туралы жазбалы хабар алмасуы күнінен күшіне енеді.

  8-бап

      Анкара қаласында 1993 жылғы 13 желтоқсанда қазақ және түрік тілдерінде жасалды әрі екі тексттің күші бірдей. Келісуші тараптар хаттаманың бір данасын өзінде сақтайды.

    Қазақстан Республикасы                Түрік Республикасы
      Үкіметінің атынан                    Үкіметінің атынан

             РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Хаттаманың түрік тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады