Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 124 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн еткен соң, бірақ 2012.01.30 ерте емес қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының " Дене шынықтыру және спорт туралы " 1999 жылғы 2 желтоқсандағы және " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған:
1) Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі ;
2) білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 шілдедегі N 786 қаулысының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 31, N 420-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894 және 2005 жылғы 28 шілдедегі N 786 қаулыларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1258 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 49, N 522-құжат).
3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 9 қарашадағы
N 1063 қаулысымен
бекітілген
Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда,
дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету
жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының " Дене шынықтыру және спорт туралы " 1999 жылғы 2 желтоқсандағы және " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.
2. Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету саласындағы лицензиялау субъектілері болып табылады, олардың біліктілік деңгейі осы қызмет түріне қойылатын талаптарға сай келеді.
3. Дене шынықтыру-сауықтыру қызметін көрсету деп халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру мен белсенді демалысын қамтамасыз етуге бағытталған дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстарда дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы көрсетілетін қызметтер ұғынылады.
Спорт қызметі деп спорт түрлерін дамытуға, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге және түрлі спорт түрлерінен спортшыларды жарыстарға қатысуға даярлауға бағытталған қызмет ұғынылады.
4. Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияны (бұдан әрі - лицензия) мынадай мемлекеттік органдар (бұдан әрі - лицензиарлар) береді:
1) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті мынадай өтініш берушілерге:
республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестіктерге, одақтарға, қауымдастықтарға (федерацияларға);
жоғары санаттағы спорт құрылыстарында білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғаларға;
2) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдар мынадай өтініш берушілерге:
білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсететін дене шынықтыру-сауықтыру, спорт клубтарына, орталықтарға, секцияларға және басқа да ұйымдарға;
бірінші, екінші және үшінші санаттағы спорт құрылыстарында білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғаларға;
жергілікті қоғамдық бірлестіктерге, одақтарға, қауымдастықтарға (облыстық федерацияларға).
5. Лицензия бас лицензия болып табылады және қолданысы шектеусіз мерзімге беріледі.
6. Лицензия қатаң есептегі құжат болып табылады және мемлекеттік және орыс тілдерінде бір данада ресімделеді.
2. Лицензия алу тәртібі
7. Лицензияны алу үшін жеке және заңды тұлғалар мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызмет түрімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
Қызметін жүзеге асыру үшін жеке меншік немесе жалдамалы спорт құрылыстарын немесе жарақтандырылған үй-жайларды талап етпейтін дене шынықтыру және спорт жөніндегі қоғамдық бірлестіктер, одақтар, қауымдастықтар (спорт түрлері бойынша федерациялар) білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарының 1), 4) және 5) тармақшаларына өтініш берушінің сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынбайды.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.20. N 200 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
8. Лицензияны беру үшін тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
9. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органдардың қорытындыларын алу үшін лицензиар лицензияны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органдарға өтініш берушінің санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласында қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды ұсыну туралы сауал жібереді.
Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органдар лицензиардың сауалының негізінде жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және тиісті лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді.
10. Лицензияны лицензиар өтінішті өтініш берушінің өтініш берілген қызмет түріне қойылатын талаптарға сәйкес келу шартымен тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және береді.
11. Лицензияға лицензиардың басшысы не оған уәкілеттік берілген тұлға қол қояды және лицензиардың мөрімен куәландырады.
12. Өтініш иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне лицензия беру сенімхат негізінде жүргізіледі.
13. Егер лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.
14. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы. Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.
15. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
16. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензия алып қойылғанда;
2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
3) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
4) лицензияланатындардың тізбесінен білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызмет алып тасталса тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.
17. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Лицензияны беруден бас тарту
18. Егер:
1) заңнамалық актілермен субъектілердің осы санаты үшін қызметтің осы түрін жүзеге асыруға тыйым салынған;
2) осы Ереженің 7-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негізде қаралады;
3) қызметтің лицензияланатын түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші заңнамада белгіленген біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
19. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензия беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарылады.
4. Лицензияны есепке алу және бақылау
20. Лицензиар лицензиялау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын лицензиаттың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар лицензиаттан өзінің құзыреті шегінде тиісті құжаттарды ұсынуды талап етуге және бақылау функцияларын орындау үшін қажетті жазбаша немесе ауызша ақпарат алуға құқылы.
21. Лицензиар қайта берілген, ресімделген, тоқтата тұрған, жаңғыртылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтерді қамтитын тізілімді жүргізеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 9 қарашадағы
N 1063 қаулысымен
бекітілген
Ескерту. Талаптарына өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.20. N 200 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда,
дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету
жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары
Білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
1) дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтермен айналысу үшін жарамды жеке меншік немесе жалға беру құқығындағы және тиісті санаттағы спорт құрылысының немесе үй-жайдың;
2) заңды тұлғалар үшін - "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша жоғары кәсіптік немесе орта кәсіптік білімі бар жаттықтырушы-оқытушылар құрамының;
жеке тұлғалар үшін - "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша жоғары немесе орта кәсіптік білімінің немесе "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша жоғары немесе орта кәсіптік білімі бар қызметкермен еңбек шартының;
3) тұрақты білікті медициналық қызмет көрсетудің;
4) дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметпен айналысу үшін санатын көрсете отырып спорт құрылысының немесе үй-жай паспортының;
5) олардың пайдалану сенімділігі бөлігінде дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметпен айналысу үшін жарамды спорт-құрылысының немесе үй-жайдың техникалық тексеру актісінің болуын қамтиды.