Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғары Комиссарының басқармасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 қарашадағы N 1082 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Хозеұлы Қазыхановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 14 қарашадағы
N 1032 қаулысымен  
мақұлданған    

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен
Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы
Комиссарының басқармасы арасындағы Ынтымақтастық туралы
келісім

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1949 жылғы 3 желтоқсандағы 319 (IV) Қарарымен құрылғандығын ескере отырып;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1950 жылғы 14 желтоқсандағы 428 (V) Қарарымен бекітілген Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының Жарғысында, атап айтқанда, Жоғарғы Комиссар Бас Ассамблеяның басшылығымен іс-қимыл жасай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Жарғының қолданысына жататын босқындарды халықаралық қорғау жөніндегі міндеттерді өзіне қабылдайтындығы және үкіметтерге жәрдем көрсету арқылы босқындар проблемасын тұрақты түрде шешуді іздестіру және тиісті үкіметтердің келісімімен жеке ұйымдарға осындай босқындарды ерікті түрде репатриациялауды немесе жаңа елдерде оларды ассимиляциялауды жеңілдету көзделгендігін ескере отырып;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес Бас Ассамблея құрған Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы көмекші орган ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының ажырамас бөлігі болып табылатындығын, оның мәртебесі, артықшылықтары мен иммунитеттері Бас Ассамблея 1946 жылғы 13 ақпанда қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясымен реттелетіндігін ескере отырып;
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы Жарғысының 16-бабында Жоғарғы Комиссар қажет болған жағдайда босқындар жүрген елдер үкіметтеріне, сол елдерге өкілдер тағайындауға кеңес беретіндігі және осындай қажеттілікті танитын кез келген елде, сол елдің үкіметінің мақұлдауымен өкіл тағайындалуы мүмкін екендігі көзделгендігін ескере отырып;
      БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенциясы негізіндегі Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін реттейтін 1992 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы келісімді және БҰҰ жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасына қолданатындығын ескере отырып;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы осы Басқарманың мандаты шеңберінде елде өкілдік ету шарттарын айқындауды ниет еткендігін ескере отырып;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы достық ынтымақтастық рухында төмендегілер туралы келісті:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар қолданылады:
      а)»"БҰҰ БЖКБ" Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасын білдіреді;
      b) "Жоғарғы Комиссар" Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарын немесе Жоғарғы Комиссар өз атынан өкілеттігін берген лауазымды адамдарды білдіреді;
      с) "Үкімет" Қазақстан Республикасының Үкіметін білдіреді;
      d) "Қабылдайтын ел" немесе "ел" Қазақстан Республикасын білдіреді;
      е) "Тараптар" Үкіметті және БҰҰ БЖКБ білдіреді;
      f) "Негізгі Конвенция" 1946 жылғы 13 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясын білдіреді;
      g) "БҰҰ БЖКБ Өкілдігі" елде БҰҰ БЖКБ орналасатын немесе пайдаланатын барлық кеңселерді, үй-жайларды, жабдықтарды және құрылыстарды білдіреді;
      h) "БҰҰ БЖКБ өкілі" келген елде БҰҰ БЖКБ өкілдігін басқаратын БҰҰ БЖКБ-ның ресми адамын білдіреді;
      і) "БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдары" Бас Ассамблеяның 76 (1) Қарарына сәйкес сағат бойынша төленетін шарттармен жергілікті жерде жалданатын адамдарды қоспағанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының персоналы туралы Регламентке және Ережелерге сәйкес жалданған БҰҰ БЖКБ-ның барлық қызметкерлерін білдіреді;
       j)   "Іссапарда жүрген сарапшылар" БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдарынан немесе БҰҰ БЖКБ атынан қызметтер көрсететін адамдардан басқа, БҰҰ БЖКБ істері бойынша іссапарда жүрген адамдарды білдіреді;
      k) "БҰҰ БЖКБ атынан қызметтер көрсететін адамдар" келген елдің азаматтарынан басқа, өзінің бағдарламаларын жүзеге асыру үшін немесе орындауға жәрдем көрсету үшін БҰҰ БЖКБ жалдайтын жеке және заңды тұлғаларды және олардың қызметкерлерін білдіреді;
      1) "БҰҰ БЖКБ-ның персоналы" БҰҰ БЖКБ лауазымды адамдарын, іссапарда жүрген сарапшыларды және БҰҰ БЖКБ атынан қызметтер көрсететін адамдарды білдіреді.

  2-бап
Осы Келісімнің мақсаты

      Осы Келісім БҰҰ БЖКБ өзінің мандаты шеңберінде Үкіметпен ықпалдасатын, елде өкілдігін ашатын және қабылдаушы елде босқындар мен басқа да адамдарға өзінің құзыретіне жататын халықаралық қорғауға алу мен гуманитарлық көмек көрсету жөнінде өзінің функцияларын жүзеге асыратын негізгі шарттарды қамтиды.

  3-бап
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ БЖКБ
арасындағы ынтымақтастық

      1. Үкімет пен БҰҰ БЖКБ арасындағы БҰҰ БЖКБ құзыретіне жататын босқындарды және басқа да адамдарды халықаралық қорғау және оларға гуманитарлық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық БҰҰ БЖКБ Жарғысының, Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары қабылдаған басқа да тиісті шешімдердің және БҰҰ БЖКБ жөніндегі қарарлардың, 1951 жылғы 28 шілдедегі БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы конвенциясының 35-бабының және 1967 жылғы 4 қазандағы Босқындар мәртебесіне қатысты хаттаманың 2-бабының негізінде жүзеге асырылады.
      2. БҰҰ БЖКБ құзыретіне жататын босқындардың және басқа да адамдардың мүдделері үшін жобаларды әзірлеген және қайта қараған кезде БҰҰ БЖКБ өкілдігі Үкіметпен кеңеседі және ынтымақтасады.
      3. Босқындарға қаражатты, материалдық-техникалық ресурстарды беруге және қызмет көрсетуге немесе басқа да көмек көрсетуге қатысты Үкімет пен Жоғарғы Комиссардың міндеттемелерін қоса алғанда, Үкімет жүзеге асыратын БҰҰ БЖКБ қаржыландыратын кез келген жобаларға арналған талаптар Үкімет пен БҰҰ БЖКБ қол қоятын жобалар бойынша келісімдерде белгіленеді.
      4. Үкімет БҰҰ БЖКБ құзыретіне жататын босқындарға және басқа да адамдарға, сондай-ақ жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін қадағалау мақсатында БҰҰ БЖКБ-ның жобаларын жүзеге асыру орындарына БҰҰ БЖКБ-ның кез келген уақытта кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасайды.

  4-бап
БҰҰ БЖКБ өкілдігі

      1. Үкімет БҰҰ БЖКБ құзыретіне жататын босқындарды және басқа да адамдарды халықаралық қорғауға алу және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі функцияларын жүзеге асыру мақсатында елде БҰҰ БЖКБ өкілдігін немесе өкілдіктерін құруды құптайды.
      2. БҰҰ БЖКБ Үкіметтің келісімімен елде өкілдіктің өңірлік/аймақтық функциясын орындауды БҰҰ БЖКБ өкілдігіне тапсыра алады.
      3. БҰҰ БЖКБ өкілдігі БҰҰ БЖКБ мен елде жұмыс істейтін басқа да үкіметтік немесе үкіметтік емес ұйымдардың арасында қарым-қатынасты орнату мен қолдауды қоса алғанда, оның құзыретіне жататын босқындар мен басқа да адамдарға қатысты өзінің мандатына сәйкес Жоғарғы Комиссар ұйғарған функцияларды жүзеге асырады.

  5-бап
БҰҰ БЖКБ-ның қызметкерлері

      1.   БҰҰ БЖКБ халықаралық қорғауға алу мен гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі функцияларын жүзеге асыру үшін қажет деп санайтын лауазымды адамдарды немесе басқа да қызметкерлерді БҰҰ БЖКБ елдегі өкілдігіне тағайындай алады.
      2. Үкімет БҰҰ БЖКБ Өкілдігіне тағайындалатын лауазымды адамдар мен басқа да қызметкерлердің саны мен санаты бойынша хабардар етіледі.
      3. БҰҰ БЖКБ:
      а) халықаралық қорғауға алу және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі бағдарламаларды қайта қарауға, дайындауға, мониторингке және бағалауға;
      b) БҰҰ БЖКБ-ге берілетін қаражатты, құрал-жабдықтарды және басқа да материалдарды жеткізуге, алуға, бөлуге немесе пайдалануға;
      с) босқындар проблемаларын тұрақты түрде шешу жолдарын іздестіруге;
      d) осы Келісімнің орындалуына қатысы бар кез келген басқа да мәселелерге байланысты босқындар проблемаларымен айналысатын Үкіметтің тиісті лауазымды адамдарымен немесе үшінші тараптармен консультациялар жүргізу және ынтымақтастық үшін елге сапармен лауазымды адамдарын жібере алады.

  6-бап
БҰҰ БЖКБ гуманитарлық бағдарламаларын
орындауға арналған талаптар

      1. БҰҰ БЖКБ келісімі бойынша Үкімет осы Келісім шеңберінде жүргізілетін операциялар мен жобаларды жүзеге асыруда оларға кедергі келтіріп қалуы мүмкін ережелер мен басқа да заңи нормалардан БҰҰ БЖКБ лауазымды адамдарын, іссапарда жүрген сарапшыларды және БҰҰ БЖКБ атынан қызмет көрсететін адамдарды босату үшін қажет болуы мүмкін барлық шараларды қабылдайды және елдегі босқындарға арналған БҰҰ БЖКБ гуманитарлық бағдарламаларын жедел әрі тиімді орындау үшін қажет болуы мүмкін тиісті шараларды қолдануына мүмкіндік береді. Мұндай шаралар осы Келісімнің 9-бабына сәйкес байланыс құралдарымен қамтамасыз етуді, әуе қатынасына арналған құқықты беруді және әуе кемесін қондырғаны үшін алымдарды және төтенше жағдайларда көмек беруді, босқындарды және/немесе БҰҰ БЖКБ-ның персоналын тасымалдауға байланысты Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес өндіріліп алынатын алымдардан босатуды қамтиды.
      2. БҰҰ БЖКБ келісімі бойынша Үкімет өкілдікке арналған тиісті ғимаратты іріктеуде БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдарына жәрдем көрсетеді.
      3. Үкімет БҰҰ БЖКБ өкілдігіне барлық жағдайларда қажетті коммуналдық қызметтерді ұсынуды және мұндай қызметтер әділетті шарттармен берілуін қамтамасыз етеді.
      4. Қажет болған жағдайда Үкімет БҰҰ БЖКБ-ның үй-жайлары мен оның персоналын қауіпсіздігін және қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды.

  7-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер

      1. Үкімет БҰҰ БЖКБ-ге, оның мүлкіне, қаражаты мен активтеріне, сондай-ақ оның лауазымды адамдары мен іссапарда жүрген сарапшыларына 1946 жылғы 13 ақпандағы БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның тиісті ережелерін қолданады. Үкімет осы Келісімнің нормаларына сәйкес БҰҰ БЖКБ-ге және оның қызметкерлеріне халықаралық қорғауға алу және гуманитарлық көмек көрсету саласында БЖКБ өзінің функцияларын тиімді орындауы үшін қажет болуы мүмкін қосымша артықшылықтар мен иммунитеттерді береді.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен Үкімет, атап айтқанда, осы Келісімнің 8-15-баптарында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді, құқықтар мен шарттарды БҰҰ БЖКБ-ге береді.

  8-бап
БҰҰ БЖКБ үй-жайы, мүлкі, қорлары мен активтері

      1. БҰҰ БЖКБ, оның мүлкі, қорлары мен активтері қайда болсын және олар кімнің басқаруында болсын соттың араласуының кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады, бұған БҰҰ БЖКБ өзінің иммунитетінен тікелей бас тартатын жағдайлар қосылмайды. Мұндай бас тарту қандай да бір орындау шараларына қолданылмайтындығы көзделеді.
      2. БҰҰ БЖКБ үй-жайларына қол сұғылмайды. БҰҰ БЖКБ мүлкі, қорлары мен активтері қайда болсын және олар кімнің басқаруында болсын, тінткіленуге, тексерілуге, тәркіленуге, экспроприациялауға және орындаушылық, әкімшілік, сот немесе заңнамалық іс-әрекет арқылы араласудың кез келген басқа да нысанына жатпайды.
      3. БҰҰ БЖКБ мұрағаттарына және тұтас алғанда оған тиесілі немесе оның қарауындағы барлық құжаттарға қол сұғылмайды.
      4. БҰҰ БЖКБ-нің қорлары, активтері, түсімдері және басқа да меншігі:
      а) БҰҰ БЖКБ коммуналдық қызметтерді төлеуден босатуды талап етпейтін жағдайда, тікелей салық салудың кез келген нысанынан;
      b) БҰҰ БЖКБ қызмет бабында пайдаланатын бұйымдарды әкелу немесе әкету кезінде кедендік баждардан, тыйым салулардан және шектеулерден босатылады, бұған осындай алып тастауларға сәйкес әкелінетін заттарды Үкіметпен келісілген шарттармен болмаса, елде сатылмайтын жағдайлар қосылмайды;
      с) жеке басылымдарын әкелген және әкеткен кезде кедендік баждардан, тыйым салулардан және шектеулерден босатылады.
      5. Жылжымалы және жылжымайтын мүліктің құнына кіретін және төленуі тиіс бағаның бір бөлігі болып табылатын акциздік алымдар мен салықтардан (мәселен қосылған құн салығы сияқты) босатуды БҰҰ БЖКБ жалпы ереже сияқты талап етпейді, дегенмен қызмет бабындағы мақсаттарда БҰҰ БЖКБ осындай алымдар мен салықтар есептелетін жеке меншік маңызды сатып алулар жүргізген жағдайларда, Үкімет мүмкіндігіне қарай алымдар мен салықтар сомасының ремиссиясы немесе қайтарылуы үшін қажетті әкімшілік шаралар қабылдайды.
      6. Босқындарға гуманитарлық көмек көрсету кезінде БҰҰ БЖКБ немесе оның атынан іс-қимыл жасауға уәкілеттік берген ұлттық немесе халықаралық ұйымдар әкелетін, әкететін кез келген материалдар, сондай-ақ аталған сатып алулар БҰҰ БЖКБ қорларының көмегімен жүргізілсе, барлық кедендік баждардан, тыйым салулар мен шектеулерден босатылады.
      7. БҰҰ БЖКБ-ге қаржылық бақылаудың қандай да бір шаралары, ережелер немесе шектеулер қолданылмайды және ол емін-еркін түрде:
      а) айырбасталатын валютаны уәкілетті коммерциялық мекемелерден сатып ала алады, иемденеді және пайдаланады, шетелдік валютада есепшоты болады және қорларды, бағалы қағаздарды және алтынды уәкілетті мекемелер арқылы сатып ала алады, иемденеді және пайдаланады;
      b) кез келген басқа елден қорларды, бағалы қағаздарды, шетелдік валютаны және алтынды әкеле алады, қабылдаушы елде оларды пайдалана алады немесе оларды басқа елдерге аудара алады.
      8. БҰҰ БЖКБ валютаның анағұрлым қолайлы айырбастау курсын пайдаланады.

  9-бап
Байланыс құралдары

      1. БҰҰ БЖКБ өзінің ресми байланыс құралдары үшін почталық жөнелтімдерге, жеделхаттарға, фотожеделхаттарға, телефон және телеграф байланысына, телекстерге және басқа да байланыс құралдарына қатысты, сондай-ақ баспасөз бен радиоға арналған ақпарат тарифтеріне қатысты Үкімет кез келген басқа Үкіметке, оның дипломатиялық өкілдіктерін қоса алғанда, немесе басқа да халықаралық ұйымдарға беретіннен қолайлылығы кем емес режимді пайдаланады.
      2. Үкімет БҰҰ БЖКБ-нің ресми байланысы мен хат-хабарларына қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етеді және оның хабарлары мен хаттарына қандай да бір цензураны қолданбайды. Мұндай қол сұғылмаушылық басылымдарға, суреттерге, слайдтарға, фильмдерге және дыбыс жазбаларға қолданылады, бұл ретте аталған тізбе мұнымен шектелмейді.
      3. БҰҰ БЖКБ шифр пайдалануға, курьер немесе вализ арқылы хат-хабарларды және басқа да материалдарды жөнелтуге және алуға құқылы, оларға дипломатиялық курьерлер мен вализдер сияқты артықшылықтар мен иммунитеттер қолданылады.
      4. Үкімет Халықаралық Электробайланыс Одағының қазіргі уақытта күшінде тұрған ережелері мен нормаларына сәйкес құзыретті ұлттық билік орындары бөлген немесе үйлестірген жиіліктердегі спутникті байланыстың жүйелерін қоса алғанда, БҰҰ БЖКБ-ге өзінің радиосы мен басқа да телекоммуникациялық жабдықтарын тиімді пайдалану мүмкіндігін беруге жәрдемдеседі.

  10-бап
БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдары

      1. БҰҰ БЖКБ өкілі, оның орынбасары және басқа да аға лауазымды адамдар осы Келісімнің негізінде елде болатын уақытында өздеріне, өздерінің жұбайларына және өздерінің асырауындағы туысқандарына қатысты халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттерге берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді, жеңілдіктер мен жағдайларды пайдаланады. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі олардың есімдерін дипломатиялық тізімге енгізеді.
      2. БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдары елде болған уақытында 1946 жылғы 13 ақпандағы БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға сәйкес жеңілдіктерді, артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады, олар сол сияқты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы 1992 жылғы 5 қазандағы Келісімде ескерілген болатын.
      3. Осыған қосымша БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдары елде болған уақытында төмендегідей жеңілдіктерді, артықшылықтарды және иммунитеттерді:
      а) қамауға алу мен ұсталудан иммунитетті;
      b) олардың қызметтік қол жүктері тексерілуден және қамаудан иммунитетті;
      с) ел шегінде шетелдік валютаны, шетел валютасындағы есепшоттарды және жылжымалы меншікті иемденуге немесе пайдалануға ерікті, сондай-ақ БҰҰ БЖКБ-мен еңбек қатынастары тоқтатылғаннан кейін олар иемденудің заңдылығын дәлелдесе, өз қаражатын қабылдаушы елден әкетуге құқықты пайдаланады.

  11-бап
Жергілікті жерде жұмысқа қабылданған қызметкерлер

      1. Сағаттық төлем төлеу шарттарымен БҰҰ БЖКБ-ге қызмет көрсету үшін елде қызметке жалданған адамдар өздері айтқан немесе жазған сөздеріне қатысты, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сот-іс жүргізу иммунитетін пайдаланады.
      2. Елдің азаматтары қатарынан адамдарды жұмысқа жалдау шарттары Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарларымен, қағидаларымен және ережелерімен реттеледі.

  12-бап
Іссапарда жүрген сарапшылар

      1. БҰҰ БЖКБ істері бойынша іссапарда жүрген сарапшыларға олардың өз функцияларын тәуелсіз орындауы үшін қажетті жағдайлар, артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі. Атап айтқанда оларға:
      а) қамауға алу мен ұсталу иммунитеті;
      b) олар айтқан немесе жазған сөздеріне немесе қызметтік міндеттерін орындау кезінде олар жасаған іс-әрекетке қатысты кез келген соттық қудалаудан иммунитет беріледі; осы иммунитет олардың БҰҰ БЖКБ істері бойынша іссапарлары аяқталғанына қарамастан, күшінде болуын жалғастырады;
      с) барлық құжаттары мен материалдарына қол сұғылмаушылық;
      d) ресми байланыс мақсаттары үшін шифрларды пайдалануға және курьер немесе вализ арқылы материалдар мен хат-хабарларды алу құқығы;
      е) уақытша қызметтік іссапарларда жүрген шет мемлекеттердің өкілдеріне берілетіні сияқты валюталық шектеулерге немесе айырбастау бойынша шектеулерге қатысты ұқсас талаптар;
      f) олардың жеке қол жүгіне қатысты тексеруден және тәркілеуден иммунитетті қоса алғанда, дипломатиялық өкілдерге берілетіні сияқты ұқсас иммунитеттер мен шарттар беріледі.

  13-бап
БҰҰ БЖКБ атынан қызметтер көрсететін адамдар

      1. Егер Тараптардың арасында өзгеше уағдаластық болмаса, елде жұмысқа қабылданған қабылдаушы елдің азаматтарын қоспағанда, Үкімет БҰҰ БЖКБ атынан қызмет көрсететін барлық адамдарға Негізгі Конвенцияның V бабының 18-бөлімінде көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттерді береді. Бұдан басқа оларға:
      а) өздерінің функциясын тиімді орындауы үшін қажетті бұрыштамаларды немесе рұқсаттарды кідіріссіз ресімдеу және тегін алу;
      b) елдің аумағы бойынша еркін жүріп тұру, БҰҰ БЖКБ гуманитарлық бағдарламаларын орындау үшін қажетті шекте елдің аумағына келу және одан кету құқығы беріледі.

  14-бап
Хабарлама

      1. БҰҰ БЖКБ Үкіметке БҰҰ БЖКБ лауазымды адамдарының, БҰҰ БЖКБ істері бойынша іссапарда жүрген сарапшылардың және оның атынан қызмет көрсететін басқа да адамдардың аты-жөнін, сондай-ақ осындай адамдардың мәртебесінің өзгергендігі туралы хабарлап отырады.
      2. БҰҰ БЖКБ-ның лауазымды адамдарына, іссапарда жүрген сарапшыларға және БҰҰ БЖКБ атынан қызмет көрсететін басқа да адамдарға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жеке басының арнайы куәлігін береді, онда осы Келісімге сәйкес олардың мәртебесі көрсетіледі.

  15-бап
БҰҰ БЖКБ персоналына қарсы қылмыс

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес оның аумағында келесі іс-әрекеттер қылмыс ретінде белгіленеді, ол үшін олардың ауырлығы назарға алына отырып, қажетті жазалар көзделген, олар:
      а) кісі өлтіру, адамдарды ұрлау немесе адамға немесе БҰҰ БЖКБ персоналының кез келгенінің бостандығына қастандық жасау;
      b) қызметтік үй-жайға, жеке тұрғын үйге немесе БҰҰ БЖКБ персоналының кез келгенінің көлік құралына күш көрсетіп шабуыл жасау, мұның өзі осы адамның еркіндігіне қауіп туғызуы мүмкін;
      с) жеке немесе заңды тұлғаны мұндай да бір іс-қимылды жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу мақсатында күш көрсетіп шабуыл жасау қаупін тұтыну;
      d) осындай шабуыл жасау әрекеті;
      е) кез келген осындай шабуылдың қатысушысы болып табылатын іс-әрекет немесе осындай шабуыл жасау әрекеті немесе осындай шабуыл жасауды ұйымдастыру немесе басқаларға бұйрық беру.
      2. Егер қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында жасалса және күдікті БҰҰ БЖКБ персоналының мүшесі болып табылмаса оның мемлекетінің аумағында жүрсе осы баптың 1-тармағында көрсетілген қылмыстар үстінен құқықтық өкілеттік іске асырылады, бұған осындай адамды қылмыскердің азаматтық алған еліне, егер оның азаматтығы жоқ болса, тұрақты тұратын еліне немесе құрбандықтың азаматтық алған еліне жіберілетін жағдайлар қосылмайды.

  16-бап
Иммунитеттен бас тарту

      БҰҰ БЖКБ-ның персоналына артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке мүдделері үшін емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының және БҰҰ БЖКБ мүдделерін көздеп беріледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы, оның пікірі бойынша, иммунитет сот әділдігінің іске асуына кедергі келтіретін болса және одан БҰҰ мен БЖКБ мүдделеріне нұқсан келтірместен бас тарту мүмкін жағдайларда БҰҰ БЖКБ-ның кез келген персоналы иммунитетінен бас тарта алады.

  17-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге, талдауға және қолдануға қатысты немесе келіссөздер немесе қандай да бір басқа да келісім түрі жүргізілмеген кез келген басқа да қосымша Келісімге қатысты Үкімет пен БҰҰ БЖКБ арасындағы кез келген келіспеушілік кез келген Тараптың талап етуі бойынша төрелік сотта қаралуға тиіс. Тараптардың әрқайсысы бір төрешіден тағайындайды, олар төраға ретінде үшінші адамды сайлайды. Егер төрелік сотқа сұрау салынған күннен бастап 30 күн ішінде Тараптардың бірі төрешісін тағайындамаса немесе егер төрешілер тағайындалған күннен бастап 15 күн ішінде төрағалық етуші төреші тағайындалмаса, Тараптардың кез келгені төрешіні тағайындау өтінішімен Халықаралық Соттың Төрағасына жүгінуге құқылы. Төрешілердің барлық шешімі олардың екеуінің дауысымен қабылданады. Төрелік сотта іс жүргізуді төрешілер белгілейді және төрелік сотқа байланысты барлық шығыстарды осы шығыстарды төрешілердің бағалауына сәйкес екі Тарап көтереді. Төрелік соттың шешімінде осы шешімнің негізіне алынған себептер баяндалады және Тараптар оны осы мәселе бойынша түпкілікті шешім ретінде қабылдайды.

  18-бап
Жалпы ережелер

      1. Осы Келісім БҰҰ БЖКБ Үкіметтің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.
      3. Осы Келісім БҰҰ БЖКБ босқындарға қатысты өзінің халықаралық мандатын тиімді әрі толық түрде жүзеге асыруға, сондай-ақ елдегі өзінің гуманитарлық мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі мақсатты негізге ала отырып түсіндіріледі.
      4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізіледі, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.
      _______ ___________________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының          БҰҰ-ның Босқындар істері
      Үкіметі үшін                   жөніндегі Жоғарғы Комиссарының
                                             басқармасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады