Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 қарашадағы N 1104 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. 2007 жылғы 29 наурызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық
паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім

      Бұдан әрі»"Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекеттің достық қатынастарын нығайтуға ұмтылуды назарға ала отырып,
      Қазақстан Республикасы азаматтарының және Польша Республикасы азаматтарының, Тараптар мемлекеттерінің дипломатиялық паспорттар иелерінің тиісті елдерге өзара сапарларына ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар берген жарамды дипломатиялық паспорты бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматы Тараптар мемлекеттері шекарасынан өтудің заңды түрде белгіленген кез келген пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады.
      Көрсетілген паспорты бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматы алғаш келген күннен бастап бір жүз сексен (180) күн кезеңі ішінде тоқсан (90) күнге дейінгі мерзімде екінші Тарап мемлекетінің аумағында визасыз болуға құқылы.

2-бап

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдікке, консулдық мекемеге немесе халықаралық ұйымға жұмысқа тағайындалған, Тараптардың бірі берген жарамды дипломатиялық паспорты бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүріп-тұра алады және бұл ретте келген күнінен бастап тоқсан (90) күн ішінде оның ресми болу кезеңіне дипломатиялық виза алуға тиіс.

3-бап

      Осы Келісімде көзделген ережелер, сондай-ақ өткен бапта көрсетілген, дипломатиялық паспорты бар адамдардың және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы болуы қолайсыз деп санайтын екінші Тарап мемлекетінің кез келген азаматының өз мемлекетінің аумағына келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

5-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматы өзінің дипломатиялық паспортын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда ол бұл туралы өзі жүрген мемлекеттің құзыретті органдарына олар қажетті шаралар қолдануы үшін тез арада хабарлауға міндетті. Бұл ретте осы азамат мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған мемлекеттік шекараны кесіп өтуге мүмкіндік беретін жаңа жол жүру құжатын береді және бұл туралы келген мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлайды.

6-бап

      Осы Келісімнің талаптары үшін әрбір Тарап осы Келісімге қол қойылғаннан кейін отыз (30) күн ішінде осындай құжаттарды егжей-тегжейлі сипаттауды қоса алғанда, жарамды дипломатиялық паспорттардың үлгілерін екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберуі тиіс.
      Әрбір Тарап, сондай-ақ жаңа және өзгерген паспорттардың үлгілерін, осындай құжаттарды егжей-тегжейлі сипаттауды қоса алғанда, оларды қолданысқа енгізгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмейтін мерзімде дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жіберуі тиіс.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және жұртшылық денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша тоқтата тұру, ішінара немесе толық тоқтату құқығын сақтайды. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру, тоқтата тұрудың күшін жою туралы шешім олар күшіне енгенге дейін кемінде жеті (7) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жеткізілуге тиіс.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын толық не ішінара өзгерістер немесе толықтырулар енгізуге дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде бастамашы бола алады.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану кезінде туындайтын кез келген даулар немесе келіспеушіліктер кез келген үшінші тараптың немесе халықаралық трибуналдың араласуынсыз Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешілуі тиіс.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оны дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарландыру жолымен Тараптардың кез келгені тоқтатуы мүмкін. Мұндай жағдайда Келісім оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Осыны куәландыру үшін өз Үкіметінен тиісті түрде уәкілеттік алған төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      2007 жылғы»29 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, поляк, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының       Польша Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады