Иран Ислам Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін жобалаудағы және салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы N 1140 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Иран Ислам Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі арасындағы Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін жобалаудағы және салудағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Иран Ислам Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі арасындағы Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін жобалаудағы және салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 28 қарашадағы
N 1140 қаулысымен  
мақұлданған   

Жоба

Иран Ислам Республикасының Үкіметі, Қазақстан
Республикасының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі арасындағы
Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) -
Горган (Иран) темір жол желісін жобалаудағы және салудағы
ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Иран Ислам Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі,
      2007 жылғы 16 қазандағы Иран Ислам Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президентінің және Түрікменстан Президентінің Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін салудағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларациясын басшылыққа алып,
      жолаушылар мен жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірдің темір жол көлігі инфрақұрылымын дамытуға ұмтыла отырып,
      өңірлік темір жол көлігі желісін дамыту өз мемлекеттерінің өңірлік және халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде маңызды рөл атқаратындығына сенімді бола отырып,
      экономикалық, атап айтқанда көлік-коммуникация саласындағы ірі жобаларды іске асыру үшін қажетті ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар осы Келісімге, темір жолдарды салуда жалпыға бірдей қабылданған және өзара келісілген нормалар мен ережелерге сәйкес Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін жобалау және салу жөніндегі бірлескен жобаны (бұдан әрі - жоба) әзірлейді және іске асырады.

  2-бап

      Тараптар жобаны әзірлеу және іске асыру мақсатында Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) темір жол желісін (бұдан әрі - темір жол желісі) жобалау және салу мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесін құрады.
      Үйлестіру кеңесінің құрамына жобаға қатысатын құзыретті мемлекеттік органдардың және атқарушы ұйымдардың бірінші басшылары не олардың орынбасарлары, сондай-ақ Тараптардың басқа да өкілдері кіреді.
      Әрбір Тарап Үйлестіру кеңесінің саны ______ адамнан аспайтын ұлттық бөлігін дербес бекітеді және бұл туралы осы Келісімнің басқа Тараптарына дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

  3-бап

      Үйлестіру кеңесінің міндеттеріне мыналар кіреді:
       темір   жол желісі үшін Тараптардың мемлекеттік шекараларындағы түйісу   нүктелерін анықтау;
      темір жол желісі арқылы жүк тасымалдарының болжамды көлемін және жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін қажетті басқа да шарттарды анықтау;
       темір   жол желісінің жобалау-сметалық құжаттамасын келісу, сондай-ақ жобалау мен салу барысында туындайтын басқа да мәселелерді шешу.

  4-бап

      Үйлестіру кеңесі жоба аяқталғанға дейін жұмыс істейді.
      Үйлестіру кеңесінің отырыстары кезекпен әрбір Тарап мемлекетінің аумағында қажеттілігіне қарай, Үйлестіру кеңесінің ұлттық бөліктері басшыларының арасындағы келісім бойынша өткізіледі. Отырыстарды ұйымдастыруды қабылдаушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
      Ұлттық бөліктердің отырыстарға қатысу жөніндегі шығыстарын қаржыландыруды жіберуші Тарап көтереді.
      Әрбір отырыстың қорытындылары бойынша Үйлестіру кеңесінің шешімі Үйлестіру кеңесінің ұлттық бөліктерінің басшылары деңгейінде тиісті хаттамаға қол қою жолымен қабылданады.
      Жобаға қатысатын құзыретті органдар мен атқарушы ұйымдар Үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау үшін барлық қажетті шараларды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

  5-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай құзыретті мемлекеттік органдарды айқындайды:
      Иран Тарапынан - __________________________________;
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
      Түрікменстан Тарапынан - Түрікменстан Темір жол көлігі министрлігі.
      Құзыретті мемлекеттік органдардың ауысқаны немесе олардың ресми атауының өзгергені туралы Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді және Үйлестіру кеңесінің құрамында тиісті өкілеттіктің құқықтық мирасқорлығын қамтамасыз етеді.

  6-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағы шегінде темір жол желісінің учаскесін салу, сондай-ақ жобаға қатысатын ұйымдарды анықтау жөніндегі шараларды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес дербес қабылдайды.

  7-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында темір жол желісінің техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуді, жобалауды және салуды қаржыландыруды өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.

  8-бап

      Тараптар темір жол желісінің учаскелерін өз мемлекеттерінің аумағында бір уақытта, 2011 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау жөнінде шаралар қабылдайды.

  9-бап

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

  10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты дауларды Тараптар консультациялар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.

  11-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және темір жол желісін салу аяқталғанға дейін қолданылады.
       2007 жылғы "___"______ қаласында үш түпнұсқа данада, әрқайсысы парсы, қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей заң күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Иран Ислам             Қазақстан         Түрікменстан
    Республикасының        Республикасының     Үкіметі үшін
     Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады