"Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттаманы Қазақстан Республикасының ратификациялауы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 желтоқсандағы N 1179 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттаманы Қазақстан Республикасының ратификациялауы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі 

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
 
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттаманы Қазақстан Республикасының ратификациялауы туралы

       2000 жылғы 15 қарашадағы Біріккен   Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе   арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттама ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы
ХАТТАМА

       Бас Ассамблеяның 2000 жылғы 15 қарашадағы 55/25 қарарымен қабылданған

      Кіріспе

      Осы Хаттамаға қатысушы-мемлекеттер

      мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелудің алдын-алу және олармен күресу жөнінде шаралар қабылдау үшін ынтымақтастық, ақпарат алмасу және басқа да тиісті шараларды, оның ішінде ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлердегі әлеуметтік-экономикалық шараларды қосқанда, барлығын қамти алатын халықаралық амал қажет деп мәлімдей отырып,
      Ассамблея мүше-мемлекеттерді және Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесін халықаралық көші-қон саласындағы және көші-қонның түпкілікті, әсіресе кедейшілікпен байланысты себептерін жоюға көмектесу және оларға қатысты халықаралық көші-қоннан түсетін пайданы барынша өсіру мақсатында дамытуда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырған және өңіраралық, өңірлік және субөңірлік тетіктерге көші-қон мен дамыту мәселелерін қарастырумен айналысуды жалғастыруды ұсынған Бас Ассамблеяның 1999 жылғы 22 желтоқсандағы 54/212 қарарына сілтеме жасай отырып,
      мигранттарға адамгершілікпен қарауды және олардың құқықтарын толық сақтауды қамтамасыз ету қажеттігіне сенім білдіре отырып,
      басқа халықаралық форумдарда жүргізілетін жұмысқа қарамастан, мигранттарды заңсыз әкелудің барлық жақтары және осымен байланысты мөселелер көтерілетін әмбебап құжаттың болмауын ескере отырып,
      тиісті мемлекеттерге зор залал келтіретін, осы Хаттамада көрсетілген мигранттарды заңсыз әкелу және онымен байланысты қылмыстық әрекеттерге сәйкес ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттерінің айтарлықтай кеңеюіне алаңдаушылық білдіре отырып,
      сондай-ақ, мигранттарды заңсыз әкелу, оған қатысатын мигранттардың өміріне немесе қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіре отырып,
      Ассамблея трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы мәселелерді тегіс қамти алатын халықаралық конвенцияны өңдеу, сонымен қатар мигранттарды заңсыз әкелу, оның ішінде теңіз арқылы тасымалдауға қарсы күрес жөніндегі құжаттарды талқылау үшін үкіметаралық ашық құрамның комитетін құруды қаулы еткен, 1998 жылғы 9 желтоқсандағы 53/111-Бас Ассамблеясының қарарына сілтей отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенциясының мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы халықаралық құжаттармен толықтырылуы, осындай қылмыстар және олармен күрестің алдын-алуға мүмкіндік туғызатынына сенім білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I. Жалпы ережелер

1-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясымен байланыс 

      1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтырады. Оны Конвенция түсіндіре алады.
      2. Егер хаттамада өзгеше көрсетілмесе, Конвенцияның ережелері осы хаттамаға mutatis mutandis қолданылады.
      3. Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстар Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар ретінде қарастырылады.

2-бап
Мақсаты

       Осы Хаттаманың мақсаты мигранттарды заңсыз әкелудің алдын алу және оларға қарсы күрес, сондай-ақ заңсыз әкелінген мигранттардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету кезінде осы мақсаттарға қол жеткізуде Қатысушы-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыру болып табылады.

3-бап
Терминдер

       Осы хаттаманың мақсаттары үшін:
      а) "мигранттарды заңсыз әкелу" тікелей немесе қосымша қандай да бір қаржылық немесе өзге де материалдық пайда алу мақсатында қандай да бір Қатысушы-мемлекетке оның азаматы болып табылмайтын немесе оның аумағында тұрақты тұрмайтын кез келген адамның заңсыз кіруін қамтамасыз етуді білдіреді;
      b) "заңсыз келу" қабылдаушы мемлекетке заңды келуге арналған қажетті талаптарды сақтамай шекарадан өтуді білдіреді;
      с) "келуге/кетуге арналған жалған құжат немесе жеке куәлік":
      і) жалған немесе мемлекет атынан келу/кету құжатын немесе жеке куәлік дайындауға немесе беруге заңды тәртіппен уәкілетті адамдардан басқа кез келген адам немесе мекеме қандай да бір материалдық түрде өзгерткен; немесе
      іі) тиісінше берілмеген немесе жалған деректер ұсыну, сыбайлас жемқорлық немесе мәжбүрлеу немесе қандай да бір өзге заңсыз түрде алынған; немесе
      ііі) заңсыз иесінен басқа адам пайдаланатын кез-келген келу/кету құжатын немесе жеке куәлікті білдіреді;
      d) "кеме" кез-келген түрдегі жүзетін құралдарды, бұған қоса мемлекетке тиесілі немесе олар пайдаланатын және қолданатын, қазіргі кезде тек қана мемлекеттік коммерциялық емес қызметте қолданылатын әскери кемелерді, қосалқы әскери-теңіз кемелерін немесе басқа да кемелерді есептемегенде, су арқылы тасымалдау құралы ретінде қолданылатын немесе қолданылуы мүмкін су араластырмайтын түрдегі кеме және гидроұшақтарды білдіреді.

4-бап
Қолдану аясы

       Осы Хаттама, егер онда өзгеше көрсетілмесе, осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарға және егер осы қылмыстардың трансұлттық сипаты болса және олар ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалса, байланысты алдын алуға, тергеуге және қылмыстық қудалауға, сондай-ақ осындай қылмыстардың объектілеріне айналған адамдардың құқықтарын қорғауға қатысты қолданылады.

5-бап
Мигранттарды қылмыстық қудалау

       Осы Хаттама мигранттарды қылмыстық қудалау үшін қолданылмайды, тек қана олар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектілеріне айналған жағдайда күшінде болады. 

6-бап
Криминализация

       1. Әрбір Қатысушы-мемлекет мынадай әрекеттерді олар қасақана және тікелей және қосымша қаржы немесе өзге де материалдық пайда алу мақсатында жасалғанда қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қажет болатын заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
      а) мигранттарды заңсыз әкелу;
      b) олар мигранттарды заңсыз әкелу үшін жағдайлар жасау мақсатында жасалса:
      і) жалған келу/кету құжаттарын немесе жеке куәлік дайындау;
      іі) осындай құжатты сатып алу немесе пайдалануға беру немесе оған иелік ету;
      с) тиісті мемлекеттің азаматы болып табылмайтын немесе оның аумағында тұрғылықты тұрмайтын қандай да бір адамға осы тармақтың (b) тармақшасында аталған тәсілдерді немесе кез-келген басқа да заңсыз құралдарды пайдалану арқылы онда заңды болуы үшін қажетті талаптарды сақтамай осы мемлекетте болу мүмкіндігін беру.
      2. Әрбір Қатысушы-мемлекет қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қандай заңнамалық және басқа да шаралар талап етілсе, сондай шараларды қабылдайды:
      а) өзінің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын сақтау жағдайында осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау қастандығы;
      b) осы баптың 1(а), (b)(і) немесе (с) тармақтарына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасауда сыбайлас ретінде және өз құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын сақтау жағдайында осы баптың 1(b)(іі) тармақтарына сәйкес осындай деп танылған қылмысты жасауда сыбайлас ретінде қатысу;
      с) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастыру немесе оларға басшылық ету.
      3. Әрбір Қатысушы-мемлекет осы баптың 1(а), (b)(і) және (с) тармақтарына сәйкес осындай деп танылған қылмысты ауырлататын жағдайлар ретінде тану үшін және 2(b) және (с) тармағына сәйкес осындай деп танылған қылмыстардың өз құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын қадағалаудың шарттарында қажет болуы мүмкін заңнамалық және басқа да шаралар қабылдайды:
      а) тиісті мигранттардың өміріне немесе қауіпсіздігіне қауіп төндіретін немесе қауіп төндіруі мүмкін; немесе
      b) осындай мигранттарға адамгершіліксіз қарау немесе намысын түсіруге байланысты, оның ішінде қанау мақсатындағы жағдайларда заңды және басқа да шараларды қабылдайды.
      4. Әрекет оның ішкі заңнамасына сәйкес қылмысты жазалауға жататын болса, осы Хаттамада еш нәрсе Қатысушы-мемлекетке қандай да бір адамға қатысты шаралар қолдануға бөгет болмайды.

II. Мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелу

7-бап
Ынтымақтастық

       Қатысушы-мемлекеттер мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелудің алдын алу және жолын кесу мақсатында халықаралық теңіз құқығына сәйкес мейлінше ықтимал дәрежеде ынтымақтасады.

8-бап
Мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қарсы әрекет ету шаралары 

      1. Қатысушы-мемлекет кеменің оның жалауын алып жүргеніне күдіктенуге саналы негізі болса немесе оның осы мемлекетке тіркелгенін не болмаса еш ұлтқа қатысы жоқтығын не болмаса шетелдік жалауды алып жүрсе де оны көрсетуден бас тартқандығын, шын мәнінде осы Қатысушы-мемлекетке тиесілігін, мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысатынын айтады, осы кеменің мұндай мақсаттарға пайдаланылуының жолын кесуде басқа Қатысушы-мемлекеттерден көмек сұрай алады. Осындай сұрау салынған Қатысушы-мемлекеттер қолда бар құралдар шегінде қаншалықты мүмкін болса, соншалықты мөлшерде көмек береді.
      2. Басқа Қатысушы-мемлекеттің халықаралық құқықтарына сәйкес кеме қатынасы еркіндігін жүзеге асырушы және оның жалауын алып жүрген кеме немесе осындай мемлекетте оның тіркелгені туралы белгілері, мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысы бар деген саналы негізі бар Қатысушы-мемлекет бұл жөнінде жалауы ілінген мемлекетке хабарлап, тіркелгенін растауды сұрай алады, ол расталған жағдайда жалауы ілінген мемлекеттен бұл кемеге қатысты тиісті шаралар қолдануға рұқсат сұрайды. Жалауы ілінген мемлекет сұрау салып отырған мемлекетке:
      а) бұл кемеге кіруге;
      b) бұл кемеге тексеру жүргізуге, және
      с) бұл кеменің мигранттарды заңсыз әкелуге қатысына дәлелдемелер табылған жағдайда жалауы ілінген мемлекет рұқсат еткен тәртіпте осы кемеге, сондай-ақ борттағы адамдар мен жүктерге қатысты тиісті шараларды қолдануға рұқсат бере алады.
      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес кез-келген шараны жүзеге асырған Қатысушы-мемлекет жалауы ілінген мүдделі мемлекетті тексеру нәтижелері туралы тез арада ақпараттандырады.
      4. Қатысушы-мемлекет басқа Қатысушы-мемлекеттен оның осы мемлекетте тіркелгені туралы хабарлаған немесе оның жалауын алып жүрген кеме оған құқығы бар ма екендігін анықтау үшін алынған сұрауға, сондай-ақ осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған рұқсат беру туралы сұрауына шұғыл жауап береді.
      5. Жалауы ілінген мемлекет осы Хаттаманың 7-бабына сәйкес өз рұқсатын онымен және сұрау салған мемлекет арасында келісілуі тиіс шарттармен, оның ішінде жауапкершілік пен қабылдануы тиіс тиімді шаралардың ауқымына қатысты шарттармен қоса жібереді. Қатысушы-мемлекет адамдардың өміріне төнген тікелей қауіп-қатерді жою үшін қажетті немесе тиісті екіжақты немесе көпжақты келісімдерден шығатын шараларды есептемегенде, жалауы ілінген мемлекеттің тура рұқсатынсыз қосымша шаралар қабылдамайды.
      6. Әрбір Қатысушы-мемлекет орган немесе қажет болған жағдайда, көмек көрсетуді, тіркеуді немесе кеменің оның жалауын алып жүру құқығын растау, сондай-ақ тиісті шаралар қабылдауға рұқсат беру туралы сұрау салуларды алатын және осындай сұрау салуларға жауап беретін органдар тағайындайды. Осындай тағайындаулар туралы хабарлама Бас хатшы арқылы барлық Қатысушы-мемлекеттерге тағайындалған сәттен бастап бір ай ішінде жіберіледі.
      7. Кеме мигранттарды теңіз арқылы заңсыз әкелуге қатысы бар және еш ұлтқа тиесілі емес немесе ұлты жоқ кемеге теңестірілуі мүмкін деген саналы күдігі бар Қатысушы-мемлекет кемеге кіріп, оны тексере алады. Егер бұл күдікті растайтын дәлелдемелер табылса, мұндай Қатысушы-мемлекет ішкі және халықаралық құқықтардың тиісті ережелеріне сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

9-бап
Қорғау шаралары

       1. Қатысушы-мемлекет осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес қандай да бір кемеге қатысты шаралар қабылдағанда, ол:
      а) борттағы адамдардың қауіпсіздігін және оларға адамгершілікпен қарауды қамтамасыз етеді;
      b) кеменің немесе оның жүгінің қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндірмеуді тиісті түрде ескереді;
      с) тиісті түрде қажеттілікті ескеріп, жалауы ілінген мемлекеттің немесе кез-келген басқа мүдделі мемлекеттің коммерциялық немесе заңды мүдделеріне залал келтірмеуді тиісті түрде ескереді;
      d) қолда бар мүмкіндіктер шегінде кемеге қатысты қабылданған кез-келген шараның экологиялық қауіпсіздік түсінігіне жауап беруін қамтамасыз етеді.
      2. Егер осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес қабылданған уәждер негізсіз болып шықса, бұл кеме қабылданған шараларды ақтайтын қандай да бір әрекеттерді жасаған жоқ деген шарт бойынша кеме кез-келген келтірілген залал немесе зиян үшін өтемақы алады.
      3. Осы тарауға сәйкес қабылданған немесе жүзеге асырылған кез-келген шара, міндетті түрде:
      а) халықаралық теңіз құқықтарына сәйкес жағалаудағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне және құқықтық өкілеттіктерінің жүзеге асырылуына; немесе
      b) кемемен байланысты әкімшілік, техникалық және әлеуметтік мәселелер бойынша бақылауды және құқықтық өкілеттіктерін жүзеге асыруға жалауы ілінген мемлекеттің құқықтарына кедергі келтірмеу немесе залал тигізбеудің қажеттілігін көрсетеді.
      4. Осы тарауға сәйкес теңізде қабылданатын кез-келген шараны тек қана әскери кемелер немесе әскери ұшу аппараттары не болмаса олардың мемлекеттік қызметте тұратынын анықтауға мүмкіндік және осы мақсатқа уәкілеттік беретін анық сыртқы белгілері бар басқа кемелер немесе ұшу аппараттары жүзеге асырады.

III. Алдын алу, ынтымақтастық және басқа да шаралар

10-бап
Ақпарат

       1. Конвенцияның 27 және 28-баптарына залал келтірмей Қатысушы-мемлекеттер, әсіресе ортақ шекаралары бар немесе мигранттарды заңсыз әкелуді жүзеге асыру бағыттарында орналасқан Қатысушы-мемлекеттер осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін олардың ішкі құқықтары мен әкімшіліктік жүйелеріне сәйкес мынадай мәселелер:
      а) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топ пайдаланатын белгілі немесе сезік тудыратын шығатын және баратын пункттер, сондай-ақ бағыттар, тасушылар және көлік құралдары;
      b) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын немесе сезік тудыратын ұйымдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы деректер және олар пайдаланатын әдістер;
      с) Қатысушы-мемлекет беретін кіру/шығу құжаттары түпнұсқаларының айырмашылық белгілері және жеке куәліктің тиісті түрі және түпқұжаттық немесе кіру/шығу құжаттарының ұрланған бланкілері немесе олардың одан кейін құқыққа сай емес қолданылуы туралы мәлімет;
      d) адамдарды жасыру және тасымалдау құралдары мен әдістері, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау кезінде қолданылатын кіру/шығу құжаттарын және жеке куәліктерді заңға қарсы өзгерту, жасау немесе сатып алу құқықсыз пайдалану және оларды анықтау тәсілдері;
      е) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын-алуға және олармен күресуге бағытталған заң шығару тәжірибесі, сондай-ақ практикасы және шаралар; және
      f) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын-алу, анықтау және тергеу және оларға қатысты қылмыстық қудалау жөніндегі құқық қорғау органдарының мүмкіндігін кеңейту мақсатында олардың қызметіне пайдалы ғылыми-техникалық ақпарат тиісті ақпаратпен алмасады.
      2. Ақпаратты алатын Қатысушы-мемлекет ақпарат беретін Қатысушы-мемлекеттің оны пайдалануға қатысты шектеулер белгілеумен байланысты кез-келген өтінішін орындайды.

11-бап
Шекаралық бақылау шаралары

       1. Қатысушы-мемлекет адамдарының еркін жүріп-тұруына қатысты халықаралық міндеттемелерге залал келтірмей, мигранттарды заңсыз әкелудің алдын-алу және анықтау үшін қаншалықты қажет, соншалықты шекаралық бақылау шараларын белгілейді.
      2. Әрбір Қатысушы-мемлекет осы Хаттаманың 6-бабының 1(а) тармағына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды жасау кезінде коммерциялық тасымалдаушылар пайдаланатын көлік құралдарын барынша пайдалану, алдын алу үшін заңнамалық немесе басқа да тиісті шаралар қабылдайды.
      3. Тиісті жағдайларда және қолданылатын халықаралық конвенция үшін залалсыз осындай шараларға коммерциялық тасымалдаушылар, оның ішінде кез-келген көлік компаниясы немесе иесі немесе кез-келген көлік құралдарының операторлары үшін барлық жолаушылардың кіру/шығу құжаттары бар екендігіне көз жеткізу міндеті қосылады.
      4. Әрбір Қатысушы-мемлекет осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттемелерді бұзғаны үшін санкцияларды қарастыру мақсатында өзінің ішкі заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қабылдайды.
      5. Әрбір Қатысушы-мемлекет өздерінің ішкі заңнамаларына сәйкес осы Хаттамамен осындай деп танылған қылмыстарды жасауға қатысқан адамдардың шығуына рұқсат бермеуге немесе олардың визаларының күшін жоюға жол беретін шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
      6. Қатысушы-мемлекет Конвенцияның 27-бабы үшін залалсыз шекаралық бақылау органдарының арасындағы ынтымақтастықта, оның ішінде тікелей байланыс желілерін салу және қолдау жолымен нығайту мүмкіндігін қарастырады.

12-бап
Құжаттардың сенімділігі және оларды бақылау

      Әрбір Қатысушы-мемлекет қолда бар мүмкіндіктер шегінде:
      а) олар беретін кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің оларды заңсыз пайдалануды және қолдан жасауды немесе заңсыз өзгертуді, нақты көшірмесін алуды немесе беруді едәуір дәрежеде қиындататын сапасын қамтамасыз ету;
      б) осы Қатысушы-мемлекет немесе оның атынан берілген кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің қорғалуы мен сенімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды заңсыз дайындаудың, берудің және пайдаланудың алдын алу үшін талап етілетін шаралар қабылдайды.

13-бап
Құжаттардың заңдылығы мен жарамды болуы

      Қатысушы-мемлекет басқа Қатысушы-мемлекеттің өтініші бойынша, өзінің ішкі заңнамасына сәйкес, белгілі бір мерзім ішінде кіру/шығуға берілген құжаттардың немесе жеке куәліктің оларды осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау мақсатымен пайдаланылды деген күдік болса, берілген немесе оның атынан берілді егер құжаттардың заңдылығы мен жарамды болуын тексеруді жүргізеді.

14-бап
Кадрлар даярлау және техникалық ынтымақтастық

       1. Қатысушы-мемлекеттер осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу және мигранттардың осы Хаттамада белгіленген құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз ету кезінде осындай әрекеттердің объектілері болған оларға адамгершілікпен қарау мәселелері бойынша көші-қон және басқа да тиісті орган қызметкерлерінің мамандандырылған дайындығын қамтамасыз етеді немесе жетілдіреді.
      2. Қатысушы-мемлекеттер бір-бірімен және құзыретті халықаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, басқа да тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен тиісті жағдайларда, өз аумағында кадрлардың тиісті дайындығын қамтамасыз етуде, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу, жолын кесу және түбегейлі жою мақсатында, сондай-ақ осындай әрекеттердің объектілеріне айналған мигранттардың құқығын қорғауда ынтымақтасады. Аталған дайындыққа:
      а) кіру/шығу құжаттарының сенімділігі мен сапасын көтеру;
      b) жасанды кіру/шығу құжаттарын немесе жеке куәлікті табу және анықтау;
      с) осы Хаттаманың 6-бабындағы көрсетілген әрекеттерді жасауға қатысатын белгілі немесе күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтарды табуға қатысы бар қылмыстар туралы, мигранттарды заңсыз әкелуде тасымалдау үшін пайдаланылатын әдістер, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттерді жасау мақсатымен кіру/шығу құжаттарын немесе жеке куәлікті заңсыз пайдалану және мигранттарды заңсыз әкелуде пайдаланылатын жасырудың әдістері туралы жедел ақпараттар жинау;
      d) белгіленген немесе белгіленбеген кіру және шығу бекеттерінде адамдарды заңсыз әкелуді табу ресімдерін жетілдіру; және
      е) мигранттарға адамгершілікпен қарау және осы Хаттамада белгіленген олардың құқықтарын қорғау кіреді.
      3. Тиісті мамандары мен тәжірибесі бар Қатысушы-мемлекеттер осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдар үшін шыққан немесе транзит елдері болып табылатын мемлекеттерге техникалық көмек беру мүмкіндігін қарастырады. Қатысушы-мемлекеттер 6-бапта көрсетілген әрекеттерге қарсы күрес мақсаты үшін көлік құралдары, компьютерлік жүйелер және құжаттарды салыстырып оқуға арналған құрылғылар сияқты қажетті ресурстарды беру үшін барлық күшін салады.

15-бап
Алдын алу бойынша басқа да шаралар

      1.   Әрбір Қатысушы-мемлекет осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттер пайдакүнемдік мақсатта ұйымдасқан қылмыстық топтар жүзеге асыратын және тиісті мигранттар үшін үлкен қауіп төндіретін қылмысты көрсететін жағдайды қоғамның терең түсінуіне бағытталған ақпараттық бағдарламаларды құруды және жетілдіруді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      2. Қатысушы-мемлекеттер Конвенцияның 31-бабына сәйкес әлеуетті мигранттар ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрбаны болуының алдын алу мақсатында қоғамдық ақпарат саласында ынтымақтасады.
      3. Әрбір Қатысушы-мемлекет бағдарламаларды әзірлеуге және ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейде даму саласындағы ынтымақтастыққа көмек көрсетеді немесе тиісті жағдайларда көші-қонның әлеуметтік-экономикалық шынайылығын ескере отырып және қайыршылық және дамудың төмен деңгейі сияқты әлеуметтік-экономикалық себептерге қарсы күресу мақсатында қолайсыз экономикалық және әлеуметтік жағдайдағы аудандарға ерекше көңіл бөле отырып, осындай бағдарламалар мен ынтымақтастықты жетілдіреді.

16-бап
Қорғау және көмек көрсету шаралары

      1.   Осы Хаттаманы жүзеге асыру мақсатында әрбір Қатысушы-мемлекет халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелеріне сәйкес, оның ішінде егер бұл қажет болса, осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдардың құқықтарын сақтау және қорғау, өмір сүру құқығы және қинау немесе басқа да мейірімсіз, адамгершіліксіз немесе намысын қорлау түрінде қарым-қатынас жасау немесе жазалау құқығына қатысты құқықтар халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларымен қалай көзделгені үшін заң шығару саласында барлық тиісті шараларды қабылдайды.
      2. Әрбір Қатысушы-мемлекет мигранттар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған себеп бойынша жеке адамдардың немесе топтардың тарапынан тартылуы мүмкін зорлық-зомбылықтан оларды тиісінше қорғау ұсыну үшін тиісті шаралар қабылдайды.
      3. Әрбір Қатысушы-мемлекет мигранттар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған себеп бойынша өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнгендерге тиісті көмек көрсетеді.
      4. Осы баптың ережелерін қолданған кезде Қатысушы-мемлекеттер әйелдер мен балалардың қажеттеріне ерекше назар аударады.
      5. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған қандай да бір адамды ұстаған жағдайда, әрбір Қатысушы-мемлекет консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясын, егер оны қолдануға болса, ол бойынша өз міндеттемелерін, оның ішінде консулдық лауазымды адамдар жіберетін және осындай лауазымды адамдармен қатынас жасау хабарларына қатысты ережелер туралы бұл адамды тез арада хабардар ету міндеттемесін орындайды.

17-бап
Келісімдер мен келісулер

       Қатысушы-мемлекеттер:
      а) осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күресу жөнінде мейлінше тиісті және тиімді шаралар қабылдауға, немесе
      b) олардың арасындағы қарым-қатынаста осы Хаттаманың ережелерін қолданудың дамуына бағытталған екі жақты немесе аумақтық келісімдерді немесе жедел келісулерді немесе өзара түсіністіктер жасау мүмкіндіктерін қарастырады.

18-бап
Заңсыз әкелінген мигранттарды қайтару

      1.   Әрбір Қатысушы-мемлекет осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және қайтару кезінде оның азаматы болып табылатын немесе оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар адамды негізсіз немесе жөнсіз ұстауларсыз қайтаруға және қабылдауға көмек көрсетеді.
      2. Әрбір Қатысушы-мемлекет өзінің ішкі заңнамасына сәйкес осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және қабылдаушы мемлекетке кіру кезінде оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы болған адамды қайтару және қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
      3. Қабылдаушы Қатысушы-мемлекеттің өтініші бойынша сұрау салынып отырған Қатысушы-мемлекет негізсіз немесе жөнсіз ұстауларсыз осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісі болып табылатын адамды оның азаматы болып табылатындығын немесе ол оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар ма екендігін тексереді.
      4. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған және тиісті құжаттары жоқ адамды қайтаруға көмек көрсету мақсатында осындай адам азаматы болып табылатын немесе осындай адам оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар Қатысушы-мемлекет қабылдаушы Қатысушы-мемлекеттің өтініші бойынша осы адамның оның аумағына қайтару үшін қандай құжаттар қажет болса, сондай кіру/шығу немесе басқа да рұқсат беру құжаттарын беруге келіседі.
      5. Осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған қандай да бір адамды қайтаруға қатысы бар әрбір Қатысушы-мемлекет бұл адамның намысын құрметтеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің міндетті есепке алынуында және мұндай қайтаруды реттеу түрінде жүзеге асыру үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
      6. Қатысушы-мемлекеттер осы бапты жүзеге асыру мәселелері бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса алады.
      7. Осы бап қабылдаушы Қатысушы-мемлекеттің ішкі заңнамасының кез-келген ережесінің күшімен осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдарға берілген қандай да бір құқыққа залал келтірмейді.
      8. Осы бап кез-келген басқа қолданылатын шарт, мейлі бұл екі жақты немесе көп жақты болсын немесе осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналған адамдарды қайтару мәселелерін толық және ішінара реттейтін кез-келген басқа қолданылатын жедел келісім немесе келісулер бойынша алынған міндеттерді қозғамайды.

IV. Қорытынды ережелер

19-бап
Болдырмау ережесі

       1.   Осы хаттамадағы ешбір ереже халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтары саласындағы халықаралық құқыққа және ішінара, бұл қолданылатын жағдайда, босқындар мәртебесіне қатысы бар 1951 жылғы Конвенция мен 1967 жылғы Хаттамаға және оларда бекітілген шығарып жібермеу қағидатына сәйкес мемлекеттер мен жекелеген адамдардың құқықтарын, міндеттемелерін және жауапкершілігін қозғамайды.
      2. Осы Хаттамада көзделген шаралар адамдарға қатысты олар осы Хаттаманың 6-бабында көрсетілген әрекеттердің объектісіне айналғандағы негізде шеттету болып табылмайтындай етіп түсіндіріледі және қолданылады. Бұл шараларды түсіндіру мен қолдану халықаралық болып танылған шеттетпеу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.

20-бап
Дауларды реттеу

       1. Қатысушы-мемлекеттер осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дауларды келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге тырысады.
      2. Екі немесе одан көп Қатысушы-мемлекеттер арасындағы белгілі бір уақыт кезеңінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге келмейтін, осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез-келген дау осы Қатысушы-мемлекеттердің біреуінің өтініші бойынша арбитраждік қарауға жіберіледі. Егер де арбитраждік туралы өтініш берген күннен бастап алты ай ішінде бұл Қатысушы-мемлекеттер ұйымдастыру туралы келісімге келмесе, Қатысушы-мемлекеттердің кез келгені Сот мәртебесіне сәйкес өтініш жасай отырып, дауды Халықаралық Сотқа бере алады.
      3. Әрбір Қатысушы-мемлекет осы Хаттамаға қол қою, оны бекіту, қабылдау немесе бекіту кезінде немесе оған қосылу кезінде өзінің осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысты еместігін хабарлай алады. Басқа Қатысушы-мемлекеттер мұндай қосымша түсінік берген кез-келген Қатысушы-мемлекетке қатысты осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысты болмайды.
      4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес қосымша түсінік берген кез-келген Қатысушы-мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл қосымша түсінікті кез келген уақытта алып тастай алады.

21-бап
Қол қою, бекіту, қабылдау, бекіту және қосылу

      1. Осы Хаттама 2000 жылғы 12-15 желтоқсан аралығында Палериода, Италия, содан соң Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде 2002 жылғы 12 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттер қол қою үшін ашық.
      2. Осы Хаттама сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттамаға мұндай ұйымның кемінде бір мүше-мемлекеті қол қойған жағдайда экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық.
      3. Осы Хаттама ратификациялауға, қол қоюға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау бекіту туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымы егер де мүше-мемлекеттердің кемінде біреуі дәл осылай жасаған болса, өзінің бекіту туралы құжатын сақтауға тапсырады. Бұл ратификациялау грамотасында немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатта мұндай ұйым осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы хабарлайды. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабар береді.
      4. Осы Хаттамаға Қатысушы болып табылатын мүше-мемлекеттердің кемінде біреуі мүше болса, бұл Хаттама кез келген мемлекеттің немесе экономикалық ықпалдастықтың кез келген аймақтық ұйымының қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Қосылу кезінде экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы хабарлайды. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабар береді.

22-бап
Күшіне ену

       1. Осы Хаттама қырқыншы ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді, бірақ Конвенция күшіне енгенге дейін күшіне енбейді. Осы тармақтың мақсатында экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымы сақтауға тапсырған кез келген мұндай грамота немесе құжат мұндай ұйымының мүше-мемлекеттері сақтауға тапсырған грамоталарға немесе құжаттарға қосымшалар ретінде қарастырылмайды.
      2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін және оған қосылатын әрбір мемлекет немесе экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымы үшін қырқыншы ратификациялау грамотасын немесе осындай іс-қимыл туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін осы Хаттама мұндай мемлекет немесе ұйым тиісті грамотаны немесе құжатты сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні немесе оның кешіректеу күшіне енуіне байланысты осы баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.

23-бап
Түзетулер

      1. Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң осы Хаттамаға Қатысушы-мемлекет түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдай алады. Біріккен Ұлттар Ұйымының осы ұсынысты қарастыру және ол бойынша шешім қабылдау мақсатында ұсынылып отырған түзетуді одан әрі Қатысушы-мемлекеттерге және Конвенцияға қатысушылардың конференциясына жібереді.
      Қатысушылар Конференциясына қатысатын осы Хаттамаға Қатысушы-мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты пәтуәға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салады. Егер де пәтуәға қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігер жұмсалынған болса және келісімге келмеген жағдайда, ақырғы шара ретінде түзетуді қабылдау үшін Қатысушылар Конференциясының отырысында дауыс беруге қатысушы осы Хаттамаға Қатысушы-мемлекеттер даусының үштен екісінен астамы талап етіледі.
      2. Экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымдары өз құзыреті саласына кіретін мәселелер бойынша өзінің дауыс беру құқығын осы Хаттамаға Қатысушылар болып табылатын олардың мүше-мемлекеттері санына тең келетін дауыстар санын иелене отырып, осы бапқа сәйкес жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар егер де олардың мүше-мемлекеттері өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асыратын болса немесе керісінше болса, өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы-мемлекеттердің ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады.
      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы-мемлекетке қатысты ол ратификациялау грамотасын немесе мұндай түзетуді қабылдау немесе бекіту туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсан күн өткен соң күшіне енеді.
      5. Түзету күшіне енгеннен кейін онымен байланысты болуға келісім берген Қатысушы-мемлекеттер үшін міндетті болады. Басқа Қатысушы-мемлекеттер осы Хаттаманың ережелерімен және бұған дейін бекітілген, қабылданған немесе бекітілген кез келген түзетулермен байланысты болып қала береді.

24-бап
Күшін жою

       1.   Қатысушы-мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Мұндай күшін жою Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
      2. Экономикалық ықпалдастықтың аймақтық ұйымы оған мүше-мемлекеттердің барлығы осы Хаттаманың күшін жойған кезде осы Хаттамаға қатысушы бола алмайды.

25-бап
Депозитарий және тілдер

       1.   Осы Хаттаманың депозитарийі болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындалады.
      2. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тіліндегі мәтіндеріне теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Хаттаманың түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін төменде қол қойған өз үкіметтері тиісті түрде уәкілдік берген өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттамасының мәтіні аудармасының дұрыстығын куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігі Штабының
      Халықаралық ынтымақтастық
      басқармасы бастығының орынбасары
      полиция капитаны

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады