"Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1377 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Тауар биржалары туралы

      Осы Заң тауар биржалары жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық және құқықтық негіздері мен биржалық сауданы жүзеге асыруды, оның ашық және тиімді жұмыс істеуін, биржалық сауданы қатысушылардың құқықтарын және олардың арасындағы адал бәсекелестікті қорғау мақсатында тауар биржаларының қызметін реттеу және бақылау тәртібін белгілейді.

1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) биржалық опцион - шарты биржада айрықша сатылатын тауар биржасымен стандартталған, оған сәйкес бір тарап (биржалық опционның сатушысы) екінші тарапқа (биржалық опционды сатып алушы) болашақта келісілген шарттарда базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын өндірістік қаржылық құрал;
      2) биржалық сауда - тауар биржасында сауда-саттықты, оның ішінде электрондық сауда-саттықты жүргізу, мәмілелерді тіркеу және ресімдеу жолымен жүзеге асырылатын биржалық тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      3) биржалық саудаға қатысушылар - биржалық сауданың белгіленген ережесі бойынша тауар биржасында өзара әрекет ететін клиенттер, брокерлер және дилерлер;
      4) биржалық сауда ережесі - уәкілетті орган белгілеген биржалық сауда үлгілік ережелерінің негізінде әзірленген әрбір биржалық ұйымның биржалық сауданы жүргізуінің тәртібін белгілейтін құжат;
      5) биржалық сауда-саттық - биржалық тауарлар бойынша мәмілелер жасауға бағытталған биржалық сауда ережелері шеңберінде жүргізілетін процесс;
      6) биржалық тауар - айналымнан алынып тасталмаған және айналымда шектелмеген тауар, оның ішінде жедел келісім-шарт, жылжымайтын мүлікті және зияткерлік меншік объектілерін қоспағанда тауар биржасы биржалық саудаға жіберген тауар;
      7) биржалық тауарларға баға белгілеу - тауар биржасында белгілі бір уақытта жеке алынған осы биржалық тауарға сұраныстың және (немесе) ұсыныстың бағасы;
      8) биржалық төрелік сот - биржалық мәмілелермен байланысты нақты дауларды шешу үшін тиісті биржада тұрақты әрекет ететін төрелік сот;
      9) биржалық тауарлар тізбесі және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшері - тауар биржалары арқылы ғана өткізілуге арналған нақты тауар тізбесін және ұсынылатын мөлшерін құрайтын, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілетін құжат;
      10) брокер - акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде ұйымдасқан, заңнамалық актілерге сәйкес лицензиясы бар тауарлық биржаларда клиенттің тапсырмасы бойынша, клиенттің есебінен және мүдделерінде, тауармен мәмілелер жасасушы тұлға;
      11) дилер - акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде ұйымдасқан, заңнамалық актілерге сәйкес лицензиясы бар, өз есебінен және өз мүддесінде тауарлық биржаларда мәмілелер жасасушы тұлға;
      12) бұйрық - нақты биржалық тауарларға қатысты тауар биржасында белгілі бір әрекетті жүзеге асыруын көрсете отырып, клиент брокер және (немесе) диллерге ұсынатын құжат;
      13) жедел келісім-шарт - орындау мерзімі ұзартылған биржалық тауарды шартсыз немесе шартты сатып алу-сатуға арналған келісім шарт, оларға: фьючерс, опцион жатады;
      14) клиент - брокердің және (немесе) дилердің тауар биржасымен мәмілелер жасау үшін пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      15) клирингтік орталық - тауар биржасында жасалатын мәмілелер бойынша биржалық сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алуды жүргізу арқылы клирингті жүзеге асыратын тауар биржасының мамандандырылған ұйымы немесе бөлімшесі;
      16) клиринг - тауар биржаларында биржа саудасына қатысушылары арасында келісімдер бойынша есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен міндеттемелерінің есебі;
      17) опциялық келісім-шарт - сыйақының орнына сатып алушыға белгілі бір уақыт кезеңінің ішінде немесе белгілі бір күнге (опцион мерзімі аяқталған күнге) опцион сатушысынан орындау бағасы бойынша қаржы активін сатып алуға немесе сатуға құқық (міндеттемесіз) беретін келісім-шарт;
      18) опциялық мәміле - объектісі опциялық келісім-шарт болып табылатын биржалық мәміле;
      19) спот - тауар - шұғыл жеткізілетін немесе алдағы уақытта жеткізілетін қоймада тұрған тауар;
      20) тауар биржасының мүшесі - тауар биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіпте тауар биржасының кірістерін қалыптастыруға оның басшысының атынан қатысатын брокер және (немесе) дилер;
      21) тауар биржасының сауда жүйесі - тауар биржасында пайдаланатын, биржалық тауарлар мен сауда-саттыққа қатысушыларының арасында мәміле жасаумен бірге, сауда-саттық жүзеге асырылатын материалдық-техникалық құралдардың, бағдарламалық өнімдердің, тауар биржасының ішкі құжаттарының және өзге де қажетті активтер мен рәсімдер кешені;
      22) тауар биржасының ішкі құжаттары - тауар биржасына қатысушылардың қызметін, тауар биржасының, оның органдарының, құрылымдық бөлімшелердің жұмысын, қызмет көрсету, оларды төлеудің тәртібі мен мөлшерінің шарттары мен тәртібін реттейтін құжаттар;
      23) уәкілетті орган - сауда қызметінің саласында мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      24) фьючерстік мәміле - сауда-саттыққа қатысушылардың өзіне мәміле жасалған сәтте белгіленген баға бойынша биржалық тауардың белгілі бір санын болашақта белгілі бір кезеңде жеткізуге (қабылдауға) міндеттеме қабылдай отырып, тауар биржасында стандартты келісім-шартпен жасалатын есепке алуы клирингтік орталық арқылы жүргізілетін кепіл төлей отырып жасалатын операция түрі;
      25) фьючерстік контракт - тауарды болашақта, контракт жасасқан күнде белгіленген бағамен және мөлшерде, контракта көрсетілген күні жеткізу немесе қабылдау.

       2-бап. Тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының
               заңнамасы

      1. Тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартпен осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      3-бап.   Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) тауар биржаларының қызметі аясында біртұтас мемлекеттік саясатты әзірлейді;
      2) тауар биржаларының қызметін дамыту саласында бағдарламаларды бекітеді;
      3) тауар биржасы, брокерлер және дилерлер қызметін лицензиялау жөніндегі ережені және біліктілік талаптарын бекітеді;
      4) биржалық тауарлар Тізбесін және ұйымдардың мемлекеттік сатып алу шеңберінде тауар биржалары арқылы өткізілетін ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін бекітеді;
      5) уәкілетті органның ұсынысы бойынша биржалық тауарлар Тізбесін және тауар биржалары арқылы ғана өткізілетін ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін бекітеді;
      6) мемлекеттік сатып алу саласындағы құзыретті органмен енгізілген, тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудың Ережесін бекітеді.

      4-бап Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) тауар биржаларын дамыту саласында бағдарламалық құжаттар әзірлейді;
      2) тауар биржаларын реттеу аясында нормативтік құқықтық актілер әзірлейді және қабылдайды;
      3) тауар биржалары арқылы ғана өткізілуге арналған нақты тауар тізбесін және ұсынылатын ең аз мөлшерін құрауға ұсыныстар әзірлейді, сондай-ақ тізбеден биржалық тауарларды алып тастайды;
      4) биржалық тауарлар тізбесін және мемлекеттік сатып алу шеңберінде тауар биржалары арқылы өткізілетін ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін қалыптастыру және бекіту жөнінде ұсыныс енгізеді;
      5) тауар биржаларының қызметін талдауды жүргізеді;
      6) коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда тауар биржаларының қызметі және биржалық сауда мәселелері жөніндегі ақпаратты жариялайды;
      7) шетелдік тауар биржаларымен тәжірибе алмасу, мамандарды даярлауды ұйымдастыру және өзара мүдделілік танытатын басқа мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;
      8) тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды бақылауды жүзеге асырады;
      9) тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық туралы өкім береді, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарастырады;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар биржаларының қызметін тексеруді жүзеге асырады;
      11) тауар биржасының және оның мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылыққа байланысты өтініштерін қарастырады;
      12) тауар биржаларының үлгі ережесін бекітеді;
      13) тексерулерге қатысуға бақылау функцияларына ие тиісті мемлекеттік органдардың мамандарын тартады;
      14) өз өкілінің тауар биржасының жұмысына, оның ішінде биржалық сауда-саттыққа қатысуын ресми рұқсат береді;
      15) тауар биржаларының, брокерлердің және дилерлердің қызметін лицензиялайды.

      5-бап Тауар биржалары арқылы ғана өткізілуге арналған
                тауар тізбесін және ұсынылатын ең аз мөлшеріне
               тауарларды қосу және алып тастау шарттары

      Мемлекеттің экономикалық қызығушылығы негізінде, тауар биржалары арқылы ғана өткізілуге арналған тауарлар тізбесі құралады.

      6-бап Тауар биржаларының, брокердің және дилердің
               қызметін лицензиялау

      Тауар биржаларының, брокердің және дилердің қызметін лицензиялау тәртібі Қазақстан Республикасы лицензиялау туралы заңнамаларымен белгіленеді.

3-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫН ҚҰРУ

       7-бап.   Тауар биржасы

      1. Тауар биржасы сауда-саттықтарды оларды өз сауда жүйесінде пайдалана отырып тікелей жүргізу арқылы ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлға болып табылады.
      Тауар биржасы биржалық сауданың белгіленген ережесі бойынша сауда-саттықты жүргізуді қамтамасыз етеді.
      Тауар биржасы өз қызметін уәкілетті орган берген лицензиялар негізінде жүзеге асырады.
      2. Тауар биржасы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға мәртебесіне ие болады. "Тауар биржасы" деген сөз тауар биржасының заңды атауында міндетті болуы тиіс.
      3. Тауар биржасының, басқару органдарының жарғылық капиталын қалыптастыру, сондай-ақ қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы акционерлік қоғамдары туралы заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

       8-бап Тауар биржасының жарғысы

      1. Тауар биржасының жарғысы Қазақстан Республикасы акционерлік қоғамдары туралы заңнамаларында көзделген тәртіпте әзірленеді және бекітіледі.
      2. Тауар биржасының жарғысында тауар биржасының мамандануы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

       9-бап Тауар биржасындағы дауларды шешу

       1. Биржалық мәмілелермен байланысты дауларды шешу үшін тауар биржасы әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін отыз күнтізбелік күн ішінде тұрақты әрекет ететін биржалық төрелік сот құрады.
      2. Биржалық төрелік сот құрамына кемінде үш жеке тұлға кіруі және мүшелердің тақ саны қағидаты бойынша құрастырылуы тиіс.
      3. Биржалық төрелік сот мүшелерінің кемінде елу пайызын заңды білімі бар және тиісті брокердің немесе дилердің және тауар биржасының қызметкерлері болып табылмайтын жеке тұлғалар құрауы тиіс.
      4. Биржалық төрелік шешімі тауар биржасының мүшелері үшін міндетті болып табылады және сотта өзгертілуі мүмкін.

       10-бап Тауар биржаларының сыныптамасы

      Мамандануы бойынша тауар биржалары:
      1) әмбебап тауар биржалары, биржа саудасына әр-түрлі тауарларды қабылдайды;
      2) арнайы тауар биржалары, биржа саудасына бір тектес тауарларды қабылдайды.

       11-бап Биржалық сауда үлгі ережесі

       1. Биржалық сауда үлгі ережесі тауар биржасының сауда жүйесіне айналымға жіберілген тауарлармен мәмілелер жасау кезінде тауар биржасы мүшелерінің қатынастары тәртібін белгілейді.
      2. Биржалық сауда үлгі ережесін уәкілетті орган бекіткен.
      3. Тауар саудасының үлгі ережесі мыналарды:
      1) тауар биржасына мүшелікке кіру шарты мен тәртібін, тауар биржасына мүшелікті тоқтатып қою және тоқтату шарты мен тәртібін;
      2) тауар биржасына мүшелеріне қойылатын талаптарды, мүшеге қабылдау тәртібі, мүшелікті тоқтату және жою, сондай-ақ тауар биржасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
      3) биржалық сауда-саттықтарды жүргізу тәртібін;
      4) биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша тауарлармен өзара есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібін;
      5) тауар биржасындағы сауда-саттықтарды тоқтатып қою және жаңартудың шарты мен тәртібін;
      6) биржалық төрелік сот қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ биржалық тауарлармен мәмілелерді жүзеге асыру процесінде туындайтын даулар мен қайшылықтарды шешу тетіктерін;
      7) биржалық сауда бойынша құжаттарды қабылдау (бекіту) тәртібін;
      8) тауар биржаларында келісім есебін және тіркеу жүргізу тәртібін.

       12-бап Тауар биржасының мүшелері

      1. Тауар биржасының мүшелері кемінде үш брокер және (немесе) дилер болып табылады.
      2. Тауар биржасына мүшелік осы Заңға сәйкес биржалық сауда-саттықтарға қатысуға құқық береді.
      3. Тауар биржасының мүшелері осы мүшелер үшін биржа саудасының ережесінде жол берілетін биржалық мәмілелердің осы түрлері бойынша сауда-саттықтарға қатысуға құқылы.

       13-бап.   Тауар биржасының қызметкерлері

      1. Тауар биржаларының қызметкерлері тауар биржасында, еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын заңды тұлғалар болып табылады.
      2. Тауар биржасының қызметшілеріне биржалық мәмілелерге қатысуға, сондай-ақ қызметтік ақпаратты өз мүдделерінде пайдалануға тыйым салынады.

4-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

       14-бап Тауар биржасының қызметі

      1. Тауар биржасының негізгі қызмет түрі биржалық сауда-саттықты, оның ішінде қазіргі заманғы коммуникацияларды пайдалана отырып ұйымдастыру және жүргізу болып табылады.
      2. Тауар биржасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) спот-тауарлармен сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу;
      2) мерзімдік келісім-шарттармен (фьючерспен, форвардпен және опционмен) сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу;
      3) спот-тауарлар мәмілелерін, сондай-ақ тауар биржаларында жасалған спот-тауарлары мәмілелерін тіркеу;
      4) биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысуларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      5) тауарға тауар биржасындағы сауда нәтижесінде тауардың биржа бағасын анықтайды;
      6) уәкілетті орган бекіткен биржа сауда Ережесінің үлгісі негізінде биржа саудасының Ережесін шығарады және бекітеді;
      7) биржалық тауардың сапасына сараптама жасау;
      8) ұйымдық, консультациялық, ақпараттық, әдістемелік және өзге де қызметтерді көрсету;
      9) биржалық тауарлар нарығына талдамалық зерттеулер жүргізу;
      10) биржалық қызмет туралы ақпаратқа жататын баспа өнімін шығару;
      11) биржалық тауар нарығының қатысушыларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу курстарын ұйымдастыру;
      12) тауар биржасының сауда-саттық жүйесін пайдалану;
      13) тауар биржасына қатысушылар арасындағы дауларды шешу.
      3. Тауар биржасы биржалық сауданы ұйымдастырумен тікелей байланысты емес сауда және өзге қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
      4. Тауар биржасы өз атынан осы Заңмен және өзге де Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен оған берілген құқықтар шегінде шетелдік заңды және жеке тұлғалармен ынтымақтастық туралы келісімдер, оның ішінде бұл тауарларды биржалық сауда-саттыққа қою құқығынсыз тауар биржасының қызметін жүзеге асыруға арналған тауарлардың импорты туралы келісімдер жасасуға құқылы.

       15-бап Тауар биржасының кірістері

      1. Тауар биржасының кірістері тауар биржасы мүшелерінің кіру және жыл сайынғы жарналары, биржалық мүлікті пайдаланғаны, ақша қаражаттарын тіркеу және ресімдеу үшін биржалық мәмілелерден ақшалай қаражат, басқа да түсімдер есебіне құрылады.
      2. Тауар биржасы мыналарды белгілеуге құқылы:
      1) биржалық саудаға қатысушылардың кепілдік жарналар мөлшерлері мен енгізу тәртібін;
      2) биржалық сауданың ережелеріне сәйкес саудаға қатысу үшін төлемдердің мөлшерін;
      3) бір сауда күні шеңберінде нақты биржалық тауарға бағалардың деңгейлері мен шектерін белгілеуге құқылы.
      3. Тауар биржасына биржалық мәмілелердегі делдалдық үшін брокерден және дилерден алынатын сыйлықақы мөлшерін белгілеуге тыйым салынады.
      4. Биржалық сауда-саттыққа қатысушылардан алынатын төлемдер мөлшері биржалық саудаға кез келген қатысушының танысуы үшін қол жетімді болуы тиіс.

       16-бап. Биржалық мәміле

       1. Қазақстан Республикасының тауар биржасының шеңберіндегі заңнамасына сәйкес ол жүргізген сауда-саттыққа қатысушылардың биржада жасалатын биржадағы айналымға жіберілген мүлігі мәні болатын мәміле биржалық мәміле болып табылады.
      2. Тауар биржасында жасалған, бірақ осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес емес мәмілелер биржалық болып табылмайды. Мұндай мәмілелерге тауар биржасының кепілдігі қолданылмайды. Тауар биржасы осы тауар биржасына биржалық емес мәмілелер жасайтын тауар биржасының қатысушыларына санкциялар қолдануға құқылы.
      3. Биржалық мәмілелер тауар биржасының атынан және есебінен жасалмайды.

       17-бап. Биржалық мәмілелердің түрлері
      
      Тауар биржасында:
      1) спот-тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара берумен мәмілелер;
      2) фьючерлік мәмілелер;
      3) опциондық мәмілелер;
      4) қоймалық құжаттарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара берумен мәмілелер;

       18-бап. Фьючерлік және опциондық мәмілелер жасау
              кезіндегі биржалық саудадағы кепілдемелер

      1. Тауар биржасы онда жасалатын фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатыңда клирингтік орталықтарды құру міндетті.
      2. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелерді жасауға брокер және (немесе) дилер ғана құқығы бар.
      3. Фьючерстік және опциондық мәмілелер бойынша міндеттердің орындалуына кепілдік беру мақсатында қатысушылар тауар биржасының ішкі құжаттарына сәйкес кепіл енгізеді.
      4. Фьючерстік және опциондық мәмілелер сауданың автоматтандырылып жүргізілуін, клирингтің жүргізілуін, белгілеу өзгерістерінің серпінін қамтамасыз ететін бағдарламалық құралдардың арнайы кешені болған кезде ғана жасалуы мүмкін.
      5. Клирингтік орталықтар биржалық делдалдар ұйымның тауар биржаларынан тәуелсіз де, тауар биржасының құрамындағы клирингтік орталық - арнайы ұйымдық құрылымдық бөлімше сияқты да құрылуы мүмкін.
      6. Клирингтік орталықтар:
      1) фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуына және бұл мәмілелер бойынша міндеттемелердің толық немесе ішінара орындалмау нәтижесінде пайда болған зиянды өтеуге, сондай-ақ бұл мәмілелердің қатысушыларының басқа да қаржылық міндеттемелерін айқындауға кепілдік беретін жарналардың түрлерін, мөлшерлері мен алыну тәртібін белгілеуге;
      2) фьючерстік және опциондық мәмілелерге кепілдік беру үшін белгіленген тәртіпте шаралар қабылдауға;
      3) тауар мәмілелер жасасу нәтижесінде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен міндеттемелерінің есебін жүргізеді.
      7. Тауар биржасы жасалатын биржалық фьючерстік және опциондық мәмілелерге кепілдік беру мақсатында клиринг орталығының қатысуымен кепілдік және өзге де қорларды қүруға қүқылы.

       19-бап. Биржалық баға

      1. Тауарға биржалық баға биржалық тауардың бағасын айқындау нәтижесінде құралады.
      2. Тауар биржалары биржалық тауарларға айқындалған баға белгілеуді жариялауға және жеті сайын баспалық және электрондық бүқаралық ақпарат құралдарына жариялауға міндетті.

5-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНДАҒЫ БРОКЕРЛІК ЖӘНЕ ДИЛЕРЛІК ҚЫЗМЕТ

       20-бап. Брокердің және дилердің кәсіби біліктілігін
               растау туралы куәлік

      1. Брокердің және дилердің қызметшісінің кәсіби біліктілігін растау туралы куәлікті уәкілетті орган береді.
      2. Куәлік иелері үш жылда бір рет уәкілетті органда аттестациядан өтуге міндетті.
      3. Брокердің және дилердің қызметкерлеріне кәсіби біліктілігін растау туралы куәлікті беру, сондай-ақ аттестациялау тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган белгілейді.

       21-бап Брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге
             асыру тәртібі

      1. Тауар биржасындағы брокерлік және дилерлік қызмет уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
      2. Брокер және дилер биржалық тауарлармен биржалық мәмілелерді жасасуға осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен, уәкілетті органның бұйрықтарымен, тауар биржасының ішкі құжаттарымен белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
      3. Брокермен және дилермен және оның клиенттерімен қарым-қатынас Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен белгіленген тапсырманың немесе комиссия шартының нормалары қолданылатын брокерлік және (немесе) дилерлік қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде туындайды.

       22-бап. Брокердің және дилердің мәмілелер жасасуы

      1. Брокер және дилер клиенттің бұйрығына сәйкес тек қана тауар биржасында биржалық тауарлармен мәмілелер жасайды. Клиенттер бұйрықтарының түрлері, олардың мазмұны мен ресімделуін уәкілетті орган және тауар биржасының ішкі құжаттары белгілейді.
      2. Клиент бұйрығын орындауды осы бұйрықта көрсетілген мәмілелер жасау шарттарын сақтай отырып брокер және дилер жүзеге асырады. Егер мәміле жасау кезінде мәміленің шарттарын өзгерту қажеттілігі туындайтын болса, брокер және дилер өз әрекеттерін клиентпен келісуі тиіс.
      Мүдделер қайшылықтары туындаған жағдайда брокер және дилер клиент мүдделерінің өз мүдделерінен артықшылықтарына сүйене отырып мәміле жасауға міндетті.

       23-бап Тауар биржаларында брокердің немесе дилердің
              және олардың клиенттері арасындағы
              қарым-қатынастар

      Тауар биржасы, өз өкілеттіктері шегінде брокердің және дилердің және олардың клиенттерінің қатынастарын реттейді, белгіленген тәртіпте биржа саудасының ережелерін бұзушыларға тиісті шараларды қолданады.

       24-бап. Брокерге және дилерге қойылатын талаптар

      1. Брокердің және дилердің ішкі құжаттары тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ететін және оларды қатысушы, оның өкілдері немесе үшінші тұлғалар өз мүдделерінде пайдалануына жол бермейтін шарттардан тұруы тиіс.
      2. Брокер және дилер әрбір клиент бойынша жеке-жеке жасалған биржалық мәмілелерді есепке алуды жүргізуі және осы мәмілелер туралы мәліметті мәміле жасалған күннен бастап бес жыл ішінде сақтауға міндетті.

       25-бап. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия

      Коммерциялық құпия мыналарды:
      1) биржалық сауда-саттыққа қатысушылар ретінде тіркелген заңды және жеке тұлғалар туралы мәліметті;
      2) тауар биржасында жасалған мәмілелер туралы мәліметті қамтиды.
      2. Брокер және дилер тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға және табиғи баға белгілеуді бұзу мен бағалы тауар нарығының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге жол беруге құқылы емес.
      3. Өзінің қызметтік ережесіне аталған ақпаратқа енуге мүмкіндігі бар тұлға коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие тұлға болып табылады.

       26-бап.   Коммерциялық құпияны ашу

      1. Тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер осы баптың 2 және 3-тармақтарымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, жариялауға жатпайды.
      2. Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде оның құқығына қатысты биржа сауда-саттығына қатысушыға берілуі мүмкін.
      3. Тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер:
      1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олардағы қылмыстық істерді жүргізу бойынша;
      2) соттарға: айқындау, қаулы негізінде олардың өндірісіндегі істер бойынша;
      3) прокуратура органдарына: олардың қарауындағы материалдар бойынша олардың құзыреті шегіндегі тексеру ісі туралы қаулы негізінде;
      4) атқарушы өндіріс органдарына: орындалуға қатысты мәселелер бойынша сот орындаушысының және санкция берген прокурордың қаулысы негізінде атқарушылық өндірісі бойынша;
      5) салық органдарына: тексерілетін тұлғаға салық салумен байланысты мәселелер бойынша;
      6) нотариустарға: олардың өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша;
      7) шетелдік консульдық мекемелерге: олардың өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша;
      8) монополияға қарсы органға: монополияға қарсы заңнаманы сақтаумен байланысты мәселелер бойынша;
      9) уәкілетті органға: оның сұрау салуы бойынша берілуі тиіс.

6-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫ ҚЫЗМЕТІН ТЕКСЕРУ

       27-бап.   Тауар биржасының қызметін тексеру

      1. Тауар биржасы қызметін тексеру осы Заңмен және өзге де Қазақстан Республикасы заңдармен жүзеге асады.
      2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын тауар биржасының қызметін тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкін.
      3. Тауар биржасының қызметін жоспарлы тексеруді уәкілетті мемлекеттік орган жылына бір реттен жиі жүргізбейді.
      Жыл сайын уәкілетті органның басшысы бекітетін уәкілетті органның жұмыс жоспары жоспарлы тексеру жүргізуге негіз болып табылады. Жоспарда тексерулер жүргізілетін тауар биржаларының тізбесі және оларды жүргізу кезеңі қамтылуға тиіс.
      4. Уәкілетті органның тауар биржасының қызметін жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мыналар негіз болады:
      1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жолданымдарында жазылған расталған фактілер;
      2) мемлекеттік органдардың ақпараты;
      3) құқық қорғау органдарының хабарламалары;
      4) бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары.
      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген негіздер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, уәкілетті орган:
      1) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылық фактілеріне тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды;
      2) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылық фактілеріне тексеру жүргізуден бас тартады.

       28-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру жүргізудің
              тәртібі

      1. Тауар биржасының қызметін тексеру уәкілетті орган тексеру тағайындау туралы акті қабылдағаннан кейін жүргізіледі. Уәкілетті органның тексеру тағайындау туралы актісінде келесілер болуы тиіс:
      1) уәкілетті органның атауы, тексеру тағайындау жөнінде өкілеттігі бар адамның тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы мен оның қолы;
      2) тексерулер тағайындау туралы актінің шығарылған күні мен уәкілетті органның журналы бойынша тіркеу нөмірі;
      3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның тегі және әкесінің аты;
      4) тауар биржасының атауы, тұрған жері және салық төлеуші тіркеу нөмірі;
      5) тексеру түрі;
      6) тексеру мәселесі;
      7) тексеру басталу және аяқталу мерзімі;
      8) тексеру тағайындаудың негіздемесі;
      9) тауар биржасының құжаттарын белгілі бір уақыт мерзімде зерделеу қажет болған жағдайда тексерілетін кезеңі;
      10) тауар биржасының қызметіне тексеру жүргізудің негізгі міндеттері мен мақсаттары көрсетілген тексеру бағдарламасы, тауар биржасының қызметін тексеру барысында анықталуға тиісті мәселелер тізбесі мен жағдаяттар аясы қамтылуға тиіс.
      2. Тексеру тағайындау туралы актісіне уәкілетті органның басшы қол қояды және ол уәкілетті органның мөрімен расталады.
      3. Тексеру тағайындау туралы акті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда міндетті түрде тіркеледі.
      4. Тауар биржасының қызметіне тексеру жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды тұлғасы тауар биржасы басшысына немесе оны ауыстырушыға:
      1) құқықтық статистика жөніндегі органда тіркеу туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні;
      2) қызметтік куәлігін;
      3) мемлекеттік органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын.
      5. Тексеру тағайындау туралы актісін және қызметтік куәлікті көрсеткен кезде тауар биржасының басшысы уәкілетті органның лауазымды адамын өздеріне тиесілі аумаққа немесе үй-жайға жіберуге және тексерілетін тауар биржасы лауазымды адамдарынан, басшылары мен басқа да қызметкерлерінен тексеру жүргізу үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды сұрату және оларды алу мен тексеру барысында пайда болатын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсіндірмелер алу мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.
      6. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамы және тексерілетін тауар биржасының уәкілетті адамы қол қояды.
      Тексерілетін тауар биржасының уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеру жүргізбеуге негіз болып табылмайды.
      7. Тауар биржасының қызметіне тексеру жүргізу мерзімі алда тұрған жұмыстардың және қойылған міндеттердің көлемін ескере отырып белгіленеді, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
      Мән-жайларды қосымша тексеру қажет болған жағдайда, тексеру мерзімі уәкілетті органның шешімімен күнтізбелік отыз күнге ұзартылуы мүмкін.
      Тауар биржасының қызметін тексеру мерзімін ұзартуды тексеру жүргізетін уәкілетті органның басшысы жүргізеді.
      8. Тексеру тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы жасаумен аяқталады.
      Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға тауар биржасының қызметін тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам және тексерілетін тауар биржасының басшысы немесе оны ауыстыратын адам қол қояды.
      9. Тексерілетін тауар биржасының басшы немесе оны ауыстыратын адам ерекше пікірлерін жазбаша түрде білдіруге құқылы, ол тексеру қорытындысы туралы анықтамаға қоса беріледі.
      10. Тексерілетін тауар биржасы басшысы немесе оны ауыстыратын адам тексеру қорытындылары туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, тауар биржасының қызметін тексеруді жүзеге асыратын лауазымды тұлға тексеру қорытындысы туралы анықтамаға тиісті жазба енгізеді.
      11. Тексеру қорытындылары туралы анықтаманың екінші данасы тауар биржасының қызметін тексеру аяқталған соң қол қойғызып алу арқылы тауар биржасы басшысына немесе оны ауыстыратын адамға, ал олар болмаған жағдайда - тексерілетін тауар биржасы кеңсесіне, анықтаманы қабылдап алған тауар биржасы қызметкерінің тегін және лауазымын көрсете отырып, қол қойғызу арқылы тапсырылады. Тексеру қорытындылары туралы анықтаманы беру не кеңсеге тапсыру мүмкін болмаған жағдайда тексеру қорытындылары туралы анықтама тауар биржасына почта арқылы тапсырылғандығы хабарланатын тапсырыс хатпен жіберіледі.
      12. Тауар биржасының қызметін тексерудің нәтижелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

       29-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру
              нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі

      Уәкілетті орган тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелері бойынша:
      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіздердің жоқтығы туралы қорытынды жасайды;
      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
      3) жеке тұлғаларға брокерлер және (немесе) дилерлер ретінде жұмыс жасау үшін кәсіби біліктілігін растау туралы куәлігінің әрекетін тоқтатады;
      4) тауар биржасына Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылықтардың анықталған фактілерін жою туралы нұсқама шығарады;
      5) материалдарды қылмыстық іс қозғау туралы мәселені қарау үшін құқық қорғау органдарына береді;
      6) материалдарды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін өзге де мемлекеттік органдарға береді.

       30-бап. Уәкілетті органның ұйғарымдары

      Уәкілетті органның ұйғарымдарын тауар биржалары шешімдерде (ұйғарымдарда) көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей орындайды.

7-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       31-бап.   Тауар биржасын қайта ұйымдастыру және тарату

      Тауар биржасын қайта ұйымдастыру (бірігу, қосылу, бөліну, бөлініп шығу, қайта ұйымдастыру) және тарату Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

       32-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған тауар биржалары құрылтайшылық құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге және қоғамның жарғылық капиталының мөлшерін осы Заң қолданысқа енгізілген күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдары туралы заңнамаларға сәйкес келтіруге не қоғамды қайта ұйымдастыруға немесе оны таратуға міндетті.
      2010 жылдың 1 қаңтарына дейін осы Заңға сәйкес келтіруі тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда тауар биржасы мерзім белгіленген күннен бастап 6 айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратуды жүргізуі тиіс.

       33-бап.   Осы Заңның қолданысқа енуінің тәртібі

      1. Осы Заң 2008 жылғы 1 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жарияланады.
      2. "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 7 сәуірдегі Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 26-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 11, 143-құжат; 2003 ж., N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады