Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Бурабай" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Президенті
Жарлық "Бурабай" арнайы экономикалық аймағын құру туралы
"Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес және Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2017 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі кезеңге "Бурабай" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған АЭА туралы ереже бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі АЭА-ның қызметін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы " "
N Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
"Бурабай" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже 1. Жалпы ережелер
1. "Бурабай" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Ақмола облысы Щучье ауданының аумағында орналасқан.
АЭА аумағы 370 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. АЭА:
1) келетін қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттілігін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігін және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды құру;
2) экологиялық таза көлікті, оның ішінде демалудың барлық объектілеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында шағын авиацияны пайдалану үшін база құру;
3) туристерге қызмет көрсету үшін бірыңғай ақпараттық база құру;
4) қолайлы инвестициялық ахуал жасау, әлеуметтік проблемаларды шешу;
5) инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында құрылады.
АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен , осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
3. АЭА аумағындағы қызметтің басымды түрлері мыналар болып табылады:
1) мәдени-танымдық, сауықтыру, экологиялық, іскерлік, спорттық және туризмнің басқа да түрлерін ұйымдастыру және дамыту;
2) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, оның ішінде, сауықтыру, ойын-сауық, тамақтандыруды ұйымдастыру, көліктік, қонақ үй, экскурсиялық, ақпараттық қызметтерді көрсету саласындағы әр түрлі туристік қызметтерді көрсету;
3) әр түрлі, оның ішінде ұлттық тақырып бойынша кәдесый өнімін дайындау және шығару жөніндегі шағын өндірістерді ұйымдастыру.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасында қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2. АЭА-ны басқару
4. АЭА-ны басқару "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. АЭА аумағында салық салу
5. АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Кедендік реттеу
6. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі әрекет ететін Қазақстан Республикасы кеден аумағының бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады.
7. АЭА-ның аумағында еркін кеден аумағының кедендік режиміне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, АЭА-ны құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті тауарларды орналастыруға жол беріледі.
8. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу мен бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
АЭА-ның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі:
1) АЭА-ның аумағында тұрғызылатын объектілерді салуды қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар, тетіктер, автокөліктің алуан түрлері және жабдықтар;
2) АЭА-ның аумағында барлық объектілердің қызметтер сервисін қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар мен жабдықтар, көлік құралдары, тауарлар мен материалдар.
АЭА-ның аумағында еркін кеден аумағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен, тетіктермен және жабдықтармен:
1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;
2) құрылыс процесінде ұтымды орналастыру және тұтыну мақсатында құрылыстардың бөлінген учаскелері шегінде тауарларды тасымалдауға (легін бөлшектеу, сұрыптау, тиеу, түсіру, қайта тиеу) дайындау және тауарлар мен көлік құралдарын орнынан ауыстыру (кеден органының рұқсатымен);
3) ғимараттар, құрылыстар және құрылымдар салу кезінде құрылыс өндірісі технологиясының талаптарын орындау;
4) табиғи ресурстарды сақтау және қорғау жөніндегі операцияларды жасауға жол беріледі.
5. Қоршаған ортаны қорғау
9. АЭА-да қызметті жүзеге асыру өмір сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің балансы негізінде тұрақты дамуға көшу және қоршаған ортаны қорғау үшін жағдай жасау арқылы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануға негізделген.
6. АЭА аумағында шетелдіктердің болу тәртібі
10. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транизиті мен болу тәртібі қолданылады.
7. Қорытынды ережелер
11. АЭА-ны мерзімінен бұрын тарату "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Осы Ережеде реттелмеген АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.